Тілім деп соққан жүрегі


Тілім деп соққан жүрегі
1. Ғылым жолында
Ұл бала дүниеге келді. Өмірлі болсын, өмірі ұзақ болсын деген ізгі ниетпен ата-анасы оған Өмірзақ деп ат қойды. Сол бала ұлы бабаларымыз Арыстанбабтың, Ахмет Яссауидің, әл-Фарабидің табандары тиген қасиетті Отырар, Түркістан топырағына аунап өсті. Ежелгі сақтардың, одан кейінгі қаншама түркі тайпаларының құтты мекені болған Сырдария суына да шомылып, соның дәмін татып ержетті. Әкесі Айтбай Белгібайұлы жәй адам емес еді. Бүкіл төңірегіне, ел-жұртына аты жайылған атақты ақын, жыршы болатын. Анасы Жұмагүл Нарымбетқызы да ауыл өнерпаздарының алды, тамаша әнші, суырып салмалық өнері де бар жан еді. Бірде отбасылық отырыста жұбайы Айтбаймен айтыса кетіп, оны жеңіп шығыпты деген қызықты әңгіме де бар.
Айтбай ақын баласын жанынан тастамай, жастайынан ән-күй тыңдатып, өлең-жырға үйір қылып, өнерге баулып өсірді. Өмірзақ бала жасөспірім шағынан-ақ домбыра шертіп, ән айтып машықтанды. Сөйтіп жүргенде бойына ана сүтімен сіңген әншілік, домбырашылық өнерінің көзі ашылды. Келе-келе қоршаған ортасын қайран қалдырып күміс көмей әнші, шебер күйші-домбырашы болып шықты. Жайраңдаған жастық шағында неше түрлі думанды отырыстардың жуан ортасында жүрді. Домбыра оның етене жақын сырласына, қолынан түспес жан серігіне айналды. Кейінірек оның:
“Бұлағы ақтарылып ән мен күйдің,
Тарқаушы ек қимастықпен таңда зорға”,
немесе
“Білмеймін домбырасыз өткен күнді,
Тілдеспей қос ішекпен кеткен күнді”,
деп жазуы жайдан-жай емес. Бұл жолдардан оның ақындық машығы да айқын аңғарылады.
Егер ол осы жолмен жүре берген болса, арнаулы дайындықтан өтсе, оның белгілі өнер қайраткері болып шығуы әбден мүмкін еді. Бірақ ол бойына туа біткен табиғи дарынын отбасы мен дос-жарандарының игілігіне қалдырып, тіпті басқа жолға - ғылым жолына түсіп кетті. Сөз өнеріне, тіл өнеріне деген іңкәрлік оны 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келді.
Біздің алғашқы жолығып, танысуымыз міне сол кезде, сол факультетте басталған еді. Содан бергі оның бүкіл өмірі менің көз алдымда өтіп келеді. Келісті де келбетті жас жігіттің жаныңды жадыратар әсем әні мен күмбірлете тартқан күйі, қашан көрсең де бір қалыпты сабырлы, сырбаз мінезі сол кездің өзінде-ақ төңірегіндегі құрбы- құрдастарың өзін тәнті етуші еді. Оның тілге, көркем әдебиетке, жазу өнеріне деген қарым-қабілеті, көкірек көзі ерте оянды. Осыны байқап қалған қаламгер-журналистер, дәлірек айтсақ қазақ баспасөзінің көрнекті қайраткері Абай Бейсенбаев ағамыз оны газет қызметіне тартты. Оның оқуды бітірмей жатып-ақ “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетіне әдеби қызметкер болып орналасуы соның ықпалымен болды. Қалыптасқан өзіндік дәстүрі, үлкен журналистік мектебі бар аға газетте үш жарым жылдай еңбек еткен ол газет жанрларын тәп-тәуір игеріп алды. Әдебиет, өнер, ғылым, білім мәселелеріне арналған көптеген мақала, рецензиялар жазып, қаламын ұштады. Оның кейінірек жазған қыруар еңбектерінің тіл, стиль шеберлігі осының игі әсері екендігі даусыз. Бірақ жазу ісіне төселіп-ақ қалған жас қаламгерді бұрыннан оның көкейінде жүрген ғылым әлемі өзіне еріксіз тарта берді. Сөйтіп ол 1962 жылы Ғылым Академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысты.
60-70-ші жылдар халқымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов негізін қалап, болашақ бағыттарын белгілеп берген тіл білімінің кәдімгідей есейіп, еңсе көтеріп, елеулі биіктерге көтерілген кезі еді. Бұл салада Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, М. Балақаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Т. Сауранбаев, Р. Сыздықова, Ә. Қайдаров, Ш. Сарыбаев сияқты ірі тұлғалар жемісті еңбек етті. Көптеген мазмұнды мақалалар, іргелі зерттеулер, құнды оқулықтар дүниеге келіп жатты. Өмірзақ міне осындай өте білімді, білікті ортаға келіп қосылды. Адамды орта қалыптастырады деген сөз бар ғой. Жас зерттеушінің ойына ой, біліміне білім қосылды. Жаңа ортаға сіңісе, іздене жүріп ол қызмет бабында да ілгерілей берді. Алғашқы қызметінен кейін ол институтта аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеді.
Ол өзінің алғашқы зерттеулерін аударма мәселелеріне арнады. Оның бұл тақырыпқа баруы жайдан-жай емес-ті. Өйткені ол кезде біздің әдебиетімізде аударма ісі едәуір өріс алған еді. XІX ғасырдағы орыс классикасы, Батыс әдебиетінің ең озық үлгілері қазақша сөйледі. М. Горький бастаған, М. Шолохов, К. Федин, А. Толстой, А. Фадеев, Л. Леонов т. б. негізін құраған кеңестік орыс әдебиетінің ең таңдаулы шығармалары қазақ тіліне сәтті аударылып жатты. Бізде Ғалым Ахметов, Хасен Өзденбаев, Омарғали Оспанов, Әбен Сатыбалдиев, Әбілмәжін Жұмабаев, Жұмағали Ысмағұлов, Нұрғазы Шәкеев сияқты аса қабілетті, дарынды аудармашылар тобы қалыптасты. Енді біздің сыншыларымыз бен зерттеушілеріміздің алдында солардың оң тәжірибелерін жинақтау, аударма теориясын қалыптастыру, соның негізінде біздегі аударма ісінің жай-күйін талдап таразылау міндеті тұрды. Жазушылар Одағының съездері мен пленумдарында осы мәселеге арналған баяндамалар жасалып, газет- журнал беттерінде салмақты да салиқалы мақалалар жариялана бастады. Міне сол тұста жас зерттеуші Ө. Айтбайұлының осы мәселеге белсене араласып, ат салысуы құптарлық іс болды. Ол өзінің осы саладағы зерттеулерін тіл білімінің фразеология саласына жататын тіл мүмкіншіліктері мен байлығын, әсіресе қанатты сөздерді, тұрақты тіркестерді, фразеологизмдерді аударма өнерінде пайдалану мәселелерімен ұштастыра жүргізді. Кеңес әдебиетінің классигі атанған М. Горький шығармаларын қазақ тіліне аудару тәжірибесіне білікті талдау жасады. “Фома Гордеев” романының аудармасы” жөнінде арнайы зерттеу еңбек жазды. “М. Горький шығармаларындағы фразеологизмдердің қазақ тілінде берілу жолдары” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Көп ұзамай-ақ ол “Аудармадағы фразеологиялық құбылыс” атты көлемді монографияға ұласты. Сосын ол “Некоторые вопросы теории и практики перевода в Казахстане”, “К. Жубанов и некоторые вопросы теории перевода”, “Тіл және аударма”, “Мақал-мәтелдерді аударудың кейбір мәселелері” атты аса құнды, бағалы еңбектерді дүниеге әкелді. Ғылыми ортада ол еңбектер жоғары бағаланып, әдебиетімізде енді туып келе жатқан аударма теориясының негізін қалаған дүниелер қатарына қосылды.
Өмірзақтың бұдан кейінгі көп зерттеп, көп еңбек сіңірген саласы терминология болды. Термин сөздер тілді байытудың, оның өрісін кеңейтудің маңызды бір көзі екендігі белгілі. Сондықтан ол термин табиғатын анықтауға, оның қазақ тілінде қалыптасу, даму, тұрақтану заңдылықтарына айрықша көңіл бөлді. Қазақ тіліндегі термин сөздерді реттеу, жүйелеу ісімен де тұрақты айналысты. Олардың өзіндік ерекше белгілеріне терминдердің қысқалық, нақтылық, дәлдік, бір мағыналылық, танымдық-ақпараттық қасиеттерін жатқызды. Осының бәрі оның 1988 жылы жарық көрген “Қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуы” атты көлемді еңбегінде, осы тақырып бойынша қорғаған докторлық диссертациясында, 1997 жылы басылып шыққан “Қазақ сөзі” атты іргелі зерттеуінде кеңінен баяндалды. Әсіресе, соңғы еңбегінде ол қазақ тілінде термин түзу мәселелеріне, оның негізгі принциптері мен кезеңдеріне және қазіргі жәй-күйіне жан-жақты тоқталады. Өмірзақ термин жасау мәселесінде негізінен қазақ тілінің сөз байлығын, оның өз мүмкіншіліктерін барынша пайдалану бағытын ұстанады. Тіліміздің өз мүмкіншілігі таусылған тұста ол интернационалдық терминдерді қабылдау қажеттігіне назар аударады. Тілді термин арқылы байыту ісінде аударма өнерінің маңыздылығын атап көрсете отырып, зерттеуші өз ойын көркем әдебиет пен ғылыми әдебиеттен, баспасөзден, сондай-ақ саяси, философиялық, әлеуметтік, техникалық әдебиетерден алынған көптеген мысалдармен дәлелдейді.
Өмірзақ Айтбайұлының “Қазақ сөзі” еңбегінің аудармашылар мен тіл мамандары, журналистер мен оқытушылар үшін үлкен практикалық маңызы бар дүние екендігін айта кеткен жөн. Зерттеуші кітабының соңында жаңаша қолданысқа түскен сөздер мен терминдердің, интернационалдық сөздер мен қазақ сөздерінің бірігуі арқылы жасалған терминдердің, сол күйінде алынған интернационалдық терминдердің және екі сөздің бірігуі арқылы жасалған терминдердің көлемді тізімін берген. Бұл, сөз жоқ, аудармашылар мен терминдерді пайдаланушылар үшін аса құнды көмекші құрал.
Өмірзақ Айтбайұлы 1978 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, жауапты хатшысы, жиырма жылға жуық Тіл білімі институтының Терминология және аударма теориясы бөлімінің меңгерушісі болды. Ұзақ жылдар бойы осы қызметтерді атқара жүріп, ол терминдерді ала-құлалықтан арылтып, белгілі бір жүйеге түсіру, оларды ғылыми тұрғыдан реттеу, қолданысқа ендіру саласында жемісті еңбек етті. Ол басқарған бөлім қызметкерлері 1980 жылға дейінгі екі тілде шыққан терминологиялық сөздіктердің бәрін жиыстырып, жинақтап, алфавиттік тәртіпке келтіріп, терминдердің 500 мыңға жуық картотекалық қорын жасап шықты. Бұл түркі әлемінде тұңғыш жасалған термин сөздердің ең бай қоры ретінде қолданысқа енді. Ол қор ғылымның ірі бес саласын: қоғамдық ғылымдарды, биология, физика-математика ғылымдарын, жер туралы ғылым мен техника ғылымдары салаларын қамтыды. Міне осы қор аталған ғылым салалары бойынша болашақта түзілетін әртүрлі сөздіктердің негізін қалады. Бөлім қызметкерлері қазіргі сұраныстарға сай аса қажет болып отырған “Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің” екі томдығын түзіп шықты. Өмірзақ осы сөздікті жасаушылардың бірі, жетекшісі әрі сөздік жобасының жауапты редакторы болды.
90-шы жылдары Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен және тікелей қатысуымен “Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері”, “Сөз өнері”, “Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері”, “Термин және олардың аудармалары” атты ұжымдық кітаптар жарық көрді. Бөлім меңгерушісі ретінде ол “Қазақ терминологиясының жасалу көздері”, “Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы”, “Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері” деп аталатын аса күрделі ғылыми зерттеулерге жетекшілік етті.
Өмекеңнің бұлардан басқа ықыласпен зерттеп, сүйсіне жазған дүниелері тіл өнері, тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, көркем әдебиеттің тілдік табиғаты жайындағы еңбектері. Оларға арнайы тоқталып жатпас үшін оның осы мәселелерге арналған “Өнер алды қызыл тіл”, “Тіл шеберлігі хақында”, “Сөйлеу мәдениеті”, “Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері”, “Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін”, “Ана тілі - дана тіл”, “Көркем әдебиетке - көркем тіл”, “Эпос өрнектері”, “Шал ақын өлеңдерінің тілдік ерекшеліктері” атты еңбектерін атап өтсек те жеткілікті. Ол өзінің 45 жылдық ғылыми жолында 450-ден астам ғылыми еңбектер жазған екен. Солардың басым көпшілігі тіл білімінің фразеология, стилистика, лексикология, терминология, ономастика, диалектология деп аталатын негізгі салаларына арналған.
Ғалым өзінің барлық осы мәселелер жөніндегі көп жылдық зерттеулері мен ізденістерін тұжырымдай келе, 1992 жылы “Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл диссертация оның тіл білімі мен ғылымының барлық өзекті мәселелері бойынша ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ой-пікірлерінің жиынтығы болып шықты. Ғылыми қауым бұл еңбекті өте жоғары бағалады. 1994 жылы ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды, 2003 жылы Ғылым академиясының академигі болып бекітілді.
Сөйтіп, жастық шақтағы сағымды арман жүзеге асты, алға қойылған мақсат-мұрат орындалды. Республика ғалымдары Өмірзақ Айтбайұлының тіл білімі саласындағы сүбелі еңбектерін қазақ тіл білімі мен ғылымына қосылған үлкен үлес ретінде мойындады.
2. Тіл майданында
Тек таза ғылыммен ғана айналысып, басқада менің шаруам жоқ деп жүретін ғалымдар бар да, қоғамдық өмірге белсене араласып, оның кейбір өзекті мәселелерін шешуге барынша атсалысып отыратын ғалымдар бар. Өмірзақ Айтбайұлы ғалымдардың міне осы соңғы тобына жатады. Ол сонау Тіл білімі институтына барған жылдардан бастап-ақ қазақ тілінің тағдыры, оның сол кездегі жай-күйі, қауіпті болашағы туралы көп ойланып, толғанумен жүрді. Оның бұлайша тебіренуі жайдан-жай емес-ті. Әбден күшіне мініп, кемел шағына жеткен кеңес өкіметі енді бізде бір ғана халық-совет халқы болуы керек, бір ғана тіл - орыс тілі үстемдік құруы керек деген бағыт ұстады. Мұны ашықтан-ашық айтпаса да бүкіл мемлекеттік саясат, барлық әлеуметтік салалардағы, ғылым мен білімдегі, жас ұрпақты тәрбиелеудегі күллі іс-әрекеттер осыған бағытталды. Мұның түп-төркіні Одақ құрамындағы халықтарды өзінің ана тілінен, ділінен, ұлттық ерекшеліктерінен айыру деген сөз еді. Осының нәтижесінде ұлт тілдерінің қолдану аясы тарыла берді. Ұлттық бала бақшалары мен мектептер бірте-бірте жабылып, жоғары және арнаулы оқу орындарындағы сабақтар негізінен орыс тілінде жүріп жатты. Мұның уытты зардабын ең алдымен аз санды халықтар көрді. Олардың тілдері түгел орыстанып, тіпті балаларының аттарын да орысша қою ғұрпы басталды. Бұл әсіресе Сібір, Алтай, Орталық Ресей халықтарында айқын аңғарылды. Мұндай жағдай одақтас республикалар халықтарын да қатты ойландырды. Бүкіл КСРО аумағында тілді қорғау, ана тілі үшін күрес қозғалысы басталды. Халқының үштен екісі орыс тілді ұлттар мен ұлыстардан тұратын біздің республика үшін бұл қозғалыс айрықша маңызды болды. 90-шы жылдардың екінші жартысында бұл қозғалыс біздің елімізде де кең өріс алды. Ең алдымен мұны жергілікті халық қолдады, зиялы қауым бұған белсене кірісіп кетті. Ұлттық баспасөз бен басқа да ақпарат құралдары бұл қозғалысқа үлкен қолдау көрсетті. Міне сол жылдары, дәлірек айтсақ, 1988 жылы, Өмекең “Ана тілі” атты әйгілі өлеңін жазды. Толғана отырып, оған арнаулы ән де шығарды. Бүкіл тіл жанашырлары құптап қарсы алған сол өлеңде мынандай шумақтар бар:
Ана тілі, ана сүтім, арым менің,
Баяным, бақ дәулетім, барым менің.
Өзіңменен рухым көтеріліп,
Өзіңменен атады таңым менің.
Ана тілі шырқап салар әнім менің,
Сәулетім, сая бағым, сәнім менің.
Өзіңменен кеудемде көктем гүлдеп,
Өзіңменен ашылар мәнім менің.
Елдігім, есендігім, ерендігім,
Ақыл-ой, арда сезім, тереңдігім.
Сеніменен аспаным арайланып,
Сеніменен нұрланар келер күнім . . .
Сен менің күш-қуатым өмірдегі,
Тірлікте сенсіз қиын көрінбегім.
Сен барда ұрпақ тірі, өшпес үнім,
Сен өлсең, бар қазақтың көмілгені.
Осы жолдарды ана тілінің тағдырын өз тағдырым деп түсінген саналы азаматтың жан сыры, жүрек тебіренісі, өмірлік кредосы демеуге бола ма!
Өмірзақтың тіл тағдыры жолындағы күресі 70-ші жылдардың бас кезінде-ақ басталған еді. Сол жылдары біздің республикамызда 800-ге тарта қазақ мектептері жабылып қалған-ды. Бұл құбылыс әсіресе өндірісті қалаларда, облыс орталықтарында, Алматыда көбірек байқалды. Басқаны былай қойғанда, бүкіл Алматыда ауыл балаларына арналған екі-үш мектеп-интернаттан басқа жалғыз-ақ №12 қазақ орта мектебі болды. Оның өзі де шалғайда, қаланың шет жағында еді. Балаларын соған қаланың әр тұсынан тасу ата-аналарға өте қиынға түсті. Мектепті қаланың орталығына қарай көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осыған байланысты сол мектептің ата-аналар комитеті осы мәселені тиісті орындарға қойып шешу үшін арнаулы комиссия құрды. Оның құрамына балалары мен інілері осы мектепте оқитын Өмірзақ Айтбаев, Сейітпек Нұрқанов, Саламат Шалабаев және т. б. біраз азаматтар кірді. Сонымен бірге бұл топ қазақ мектебіне балалар дайындау үшін қаланың әр ауданынан кемінде бір-екі балалар бақшасын ашу мәселесін де көтерді. Қала басшыларына тынымсыз жорық басталды. Олар аудандық, қалалық, облыстық партия комитеттері мен атқару комитеттеріне, оқу бөлімдеріне барумен болды. Бірақ олар ештеңе шешпеді, шешкісі де келмеді, өйткені бұл жоғарыдан жүргізіліп отырған үлкен саясатқа қарсы келу деген сөз еді. Амалдары таусылған комиссия мүшелері енді Орталық Комитетке хат жазды. Одан да ештеңе шықпады. Баласы әкесіне, әкесі атасына қарайдының кері келді. Енді олар өз араларынан және бүкіл ата-аналар атынан КОКП мүшесі Саламат Шалабаевты Мәскеуге, КОКП Орталық комитетіне жіберді. Ол кездегі КОКП Орталық комитетінің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы Ильичев болатын. Ол жігіт қояр да қоймай жүріп сол Ильичевтің көмекшісінің қабылдауында болды. Апарған хатын оқытып, мән-жайды ауызша түсіндіріп берді. Ол Ғылым және білім бөлімінің Қазақстан мен Орта Азия республикалары бойынша инспекторына мәселені шешу қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Анау Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі идеология мәселелері жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдинге телефон соқты, мәселені ушықтырмай шешу қажеттігін ескертті. Хатшы бұрыннан да өзіне сұранып жүрген комиссия мүшелерін амалсыз қабылдады. Ұзаққа созылған ауыр әңгімеден кейін ол бұл кездесуіміз аяқсыз қалмас, мүмкіндігінше шара қолданармыз, обкомға тапсырма берерміз деп келушілерді шығарып салды.
Арада біраз уақыт өткенде мәселе Алматы обкомының бюросында қаралды. Бірақ комиссия мүшелері оған шақырылмады. Оларға тек мәселе принципінде шешілді, тиісті орындарға тапсырма берілді деп хабарланды. Әйтеуір сең қозғалғандай болды. Көп жүріс, көп әуре-сарсаңнан кейін 12-ші мектеп орталыққа жақындатылып, Фурманов-Комсомол көшелерінің қиылысына көшірілді. Содан кейін қазіргі тұрған жеріне - Әйтеке би-Пушкин көшелерінің қиылысына барып орнықты. Әрі қарай жұмыс жүргізу үшін комиссия мүшелері аудан-ауданға бөлінді. Бірнеше жылдан кейін Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданында 204-ші қазақ балалар бақшасы ашылды. Реті келгенде айта кетуге болар, сол бақшада менің ортаншы ұлым мен одан кейінгі қызым тәрбиеленіп мектепке барды. Осылайша әр ауданда бірді-екілі балалар бақшасы пайда болды. Қаланың батыс жағындағы шағын аудандарда бала бақшасының ашылуына ақын Шона Смаханұлы басқарған топ та елеулі еңбек етті.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz