Дулат ТҰРАНТЕГІ


“Туажат”
романы хақында бірер сөз
Дулат ТҰРАНТЕГІ
Өресі биік боп кеткен деп саналынатын, алдыңғы қатарлы елдердің санатынан көрінеміз деген ниет қай саланы болса да қамтыған кез. Жаңалыққа жеріктік хәл өнер мен әдебиетті де айналып өтпепті. Адамдар арасында сусамырлық дерт белең алып тұрғанымен кітапқа деген шөліркеулік басыла түскен. Бүгінгі үдере жайылып келе жатқан әлемдік жаһандану үрдісінің бір көрінісі - “тұтынушылық қоғамның” мәдениетінің талабы бойынша адамдар енді эстетикалық ләззәт пен әсерленуді интеллектуальдық көп күш жұмсамай-ақ (кітап оқуға бой ұрмай-ақ) алуына болады дейтін көзқарастан туындаған. Бұл “көпшілік, тобыр” мәдениетін жақтайтындардың мүддесі екені белгілі.
Ал, адамдардың эстетикалық әсер алу қажеттілігі басқа тараптан - ғаламтор мен теле арналардан бейне таспалар мен музыка үстемдігі арқылы толықтыруға болады делінуде. (Бұл пікірдің басты идеологі - америкада тұратын сыншы Лесли Фидлер деген, кітаптың заманы өтіп барады дегенді айтқан да осы) . Электрондық ақпарат жүйесі адамзат дамуында зор ілгерілеушілік тудырғаны рас. Және де бұл ағынның қазір қол жеткізгендері де аз емес. Бірақ, әйтсе де, кітаптан жерінушілік - ойсыздыққа, тіл жұтаңдығына жетелейді. Зиялы қауым мен шығармашылық өкілдері мұны сезінбей отырған жоқ. Оның айқын көрінісі - соңғы кездері жарық көріп жатқан шығармалардан байқалады. Тәуелсіздіктің басты жетістігі - “буулы тіл” босап, ой еркіндігі қанат қағып, “сөз түзелді”. Инженерлік-техникалық өреде шоқтығы артып инновациялық пен Ноу Хау тұрса, біздің жазушыларымыз да бұл үрдістен қалыс қалмай, заман ағымымен қапталдаса тебініп, шеберлік қиялын шарықтатар қиял құсын ұстауға ау құруда. Кітапқа қайта оралудың басты шарты - жақсы кітап жазу!
Сондай баптауы келіскен арман - құстың бірі Жазушы Асқар Алтайдың романы “Туажат” дер едік. Бірден айтайық: қазіргі тілмен әдіптегенде эксклюзив! Ешкімге ұқсамайтын, тіпті классикалық үлгінің өзін елей қоймайтын бөлек дүние. ”Жұлдыз” журналының биылғы, яғни 2012 жылдың 1-санында жарияланған. Редакцияның өзі оған роман-модерн деп жанрлық айдар таққан. Автордың өзі “тамұқа түскен сәуле” - деп, қосымшаат беріпті. Модерн біздің елде сонау алпысыншы жылдардың екінші жартысында (ал Еуропада өткен ғасырдың бас кезінде өріс алған бағыт) көрініс бере бастаған:
Оның бір мысалы Асқар Сүлейменовтың “Бесін“ повесінің мәтіні мен стилінде көрініс тауып, содан біраз қаңтарылып қалған еді, кейін заман ағымына орай қайтадан пост модернизм болып шығармашыл қауым ортасында өріс ала бастады.
А. Алтайдың мына шағын романы бұрынғы кез болса, - шектен шыққан субьективтік стиль деп күсталанар еді.
Шындығында да бұл кітаптың жазылуы, құрылым-композициясы, оқиғаны өрбітуі ерекше дүние.
Бас кейіпкер - Байбураның өмірге келуінің өзі кітап тақырыбы айтып тұрғандай «Туажат», оның мына дүниеге қажетсіз, өгей екенін бетіне қарғыс таңбасындай басып тұр. Оқушыны романның ұзын-ырға уақиғасымен тез әрі қысқаша таныстырып өткен жөн шығар деп едім. Бірақ сонау алыс қалған жылдарда бозбалалар топ-тобымен киноға барып, фильм аяқталғанда көшеде келе жатып таласа тармаса ойға түйгендерін, картинаның оқиғаларын қайталап айтып, талдап жататын. Сол әдетпен мына романға шолу жасауды ойға алғанда бұл істің оп-оңай емес екенін аңғардым. Айтпақшы, кинофильм қайдан ойға түсті? Бақсам, бұл кітап дап-дайын кинофильм екен. Кітап оқығандай емес, уақиғасы шым-шытырық, нағыз триллер, боевик көріп отырғандай әсерде қалады екенсің.
Сөйтіп, бәрі де сонау 86-ның желтоқсанындағы қанды қырғынынан басталыпты. Мұздай қаруланған әскерилерден қансоқта болып жүріп әрең құтылған студент Байбура ауылға кеп бас сауғалайды. Дене бітімі батыр текті жас жігіт әкесінен көргенін жасап, аңшылықпен айналысады.
Бұл жолы он жеті жасар жас жігіт қызық қуып, желігіп шыққан жоқ. Дала бөрілері нағашысының жалғыз атын жем қылып кетіпті. Әбден қанына қарайып алған аңшы жігіт мото шанасына мініп, Қарасеңгір мен Сарытаудың арасындағы мидай жазықта қандыауыз бөрілерді қуып келеді. Әбден әккі болып алған тайыншадай арлан мен ақшулан қаншық.
Бұлар күні-түні талмай жортатын жүріске шыдас беретін аң атаулының сырттаны екен. Қуғын күшейе түскен. Аңшы жігіт бұл жолы мылтығын әдейі алмай шыққан. Дәрі мен қару исін алыстан сезетін тағылар маңайлатпай безіп кетер дегені. Ашуға мінген қуғыншы “теріңді тірідей сыпырармын” деп кектенген. Әуел арланды мотошананың қалқанымен қағып, омыртқасын үзіп жіберді. Онан соң қаншық қасқыр олай-былай көп бұлаңдатып әбден сілікпесін шығарды. Арланға қарағанда әлде қайда әдісқой, жылдам да жүзіктің көзінен өткендей сүйрік те сұлу. Бұлар сүт пісірім уақыт арпалысып, бұлаң-бұлаң қақпақыл ойнады. Бір кезде ашуға мінген қаншық шананың үстіндегі аңшыға секіріп, опыр-топыр жерге алып түсті. Арпалыс үстінде Байбура қолғабын қасқырдың көмейіне нығарлап тыққыштап, екінші қолымен капрон арқанын босатып алып бөрінің аяқтарын шандып тастады.
Ызаға бой алдырған аңшы жігіт саптама етігінің қонышынан білектей селебесін суырып алып, қаншық қасқырдың терісін әп-сәтте сыпырып алды. Бұл көріністерді мұншалықты тәптіштеп жатудың үлкен мәні бар.
Мәтінге назар аударалық: “ . . . бас терісі мен тізеден төмен терісін, қызыл шақа бұтына қысқан құйрығын ғана өзіне қалдырып босатып жіберді . . . Қатты аязда тоңазыған қызыл шақа тәнінен көтерілген аппақ бу өзімен бірге ерді. Бөрі шалма лақтырым жерге дейін буы бұрқырап, сенделіп барды да, сылқ құлап түсті.
. . . Шаңыт дүниені дір еткізгендей болып, кенет қаншық бөрінің үстінен көтерілген будан бөлініп, Байбураға қарай ақ қардың бетін сәулелі нұрмен шомылдырып, беймәлім боз сағым ақты. Түз тағысындай тегеурінді, темір жүректі Байбураның қолқа-жүрегі алмас құйып жібергендей суып сала берді. Қарақшыдай қалқиып қатты да қалды. Қимылдауға дәрмен жоқ. Ал сағым болса, бұған құрық бойы жақын келіп, шеңберлеп айналды . . . Байбура бұл сұмдыққа бір “пәлеге ұшырадым ба” деп әрі шошына, әрі таң қала қарап қалған . . . Өзінің шеңберлей қоршаған сағымды сәуле тұтқынында қалып, сиқырлы бөрі сұлба арбап алғанын білді. Қара қарға тағы қарқ етіп, шылбыр үзім жатқан бөрінің көзін шоқи бастағанда ғана сағым сұлба оқыс толқып кетті де, дереу жиырыла жиналды. Әп-сәтте құлаштай бөрісұлба сағымға айналып, жансыз жатқан жалаңаш тәні үстінде қалықтай жүзіп барғаны . . . бірер мәрте айнала жүзіп, кенет Ақжалдың құба жазығын кеулей ұша жөнелді. Алған беті Алтай биіктеріне қарай ұзай беріп, шарбыдай жұқа, мұнардай ақкіреуке дүниеге сіңіп кетті . . . ”
Бір кезде бүкіл аспан тұтасып, ала сапыран Тесікұяның дүлей дауылы басталып кетті. Байбура аққұйын боранмен алысып, көп қиындықтар кешіп Төребейітке жетіп, соны паналады. Талықсып ұйықтап кеткен жігітке таң алдында түстей болып ақсәуле бейіт күмбезіндегі кішкене тесіктен саулап құйылып, бөрі кейпіне еніп, мұны сыртқа бастап алып жүрді. Осыдан кейін романның өн бойында кейіпкердің қысылған, тығырықтан жол таппаған, енді қайтем деген шарасыз шақтарында көктен, алыс ғарыштан түсіп, жол көрсетіп аман алып шығып жүреді. Байбура оны шақырмайды, бөрі ана өзі келіп, қамқор пейілін ақ сәуле болып бұған беймәлім жағдайлардан түсіне еніп, хабардар етіп жүреді. Бұл бір ғажап құбылыс. Қисын бойынша өзі қуып ұстап алып, тірідей терісін сыпырып алған қасқыр кектеніп қалса керек еді. Бірақ бұл олай емес. Өйткені бұл өлген жәй бір қасқыр. Ал одан бу боп ұшып ақ сағымға айналған жалпы қасқыр атаулының жиынтық, баяғы . . . баяғы Бөрі Ана кейпі екенін сезіп біз кейіпкеріміз құсап шошына түршігіп қаламыз. Бәлкім, адамдар мен қатар тіршілік ететін параллель дүние деген осы болар. Бәлкім суға кетіп бара жатқан адамдарды құтқарып жататын дельфиндердегі түйсікпен мына құбылыстың арасында байланыс бар ма екен? Жо-жоқ, дельфиндердікі құтқару түсігі ғана. Кие емес!
Романдағы сондай оқиғаның бірі - желтоқсандағы қым-қуыт топалаң кезінде көз жазып қалған сүйіктісі Алқабегім ару қыздың аянышты да қасіретке толы тағдырын көз алдына ақсәуле - Бөрі Ананың ап-айқын ғып елестетіп берген әрекеті.
Солдаттардың соққысына жығылып, қорлық күй кешіп, зорлыққа ұшырап, масқара болып, түрмеге түсуі, зорлықшылардан бойына пінә болған баланы қинала дүниеге әкеліп, оны шата неме деп жек көріп кеткені, міне енді сол ұлдың жиырма жасқа толып, студент болып оқуда жүргенінен де хабар берген сол бөрі ана рухы.
Парапсихологиялық құбылыс па, бұдан 30-40 жыл бұрын осылай жазылғанды спириалистік ауытқу деп ағаш атқа теріс мінгізіп қояр еді. Франс Кафканың қоңызға айналып кетіп, өзі бірақ адамша ойлауы субмодерннің көрінісі, бірақ қиял жемісі. Ал, мына кітап ғалымдар әлі жұмбағын шеше алмай келе жатқан табиғи тылсым. Кітапқа қайта үңілейік . . . Одан кейін Байбура әскерге алынып, Ауғанстаннан бір-ақ шығады. Жан берісіп жан алысқан, толарсақтан қан кешкен қиян кескі соғыс . . . Сан рет . . . ажалмен бетпе-бет кездесіп, батырлығымен ерекшеленген. Қарулас жолдастарына сенімді тірек болып, оларды қиын шақтарда қорғап қалған тұстары көп болды. Тікұшақтары зақымданып, биік таудың басында қалған бұларды қарасы көп дұшпандар қолға түсірердей қауіп төнгенде жаралы командирін арқалап биік құздан арқанмен саумалап түсіріп құтылып кеткен. Бір шайқаста снаряд жарылысынан естен танып қалғанда қолға түскен. Пәкістан - Ауған шекарасындағы Бадабер тұтқындар лагері . . . ондағы жан түршігерлік қатыгездік . . . тірі адамды көкпар ғып тартқан көріністер . . . жаннан безген көзсіз батырлық . . . қашып шығу, Кавказ жері . . . мұнда да майдан, қантөгіс . . . Бәрі де реалды дүние. Мұны соғысқа аттандырған Кеңес үкіметі біздерде тұтқын деген болмайды деп, жоғалып кеткен Байбураны өлді деп мырыш табытқа салып ауылына әкеліп әскерилер жерлеп кетеді. Енді міне 20 жылдан астам уақыт өткенде басқа бір фамилияны иемденіп, өз қабірі мен бұл жоқта қазасын естіп шыдай алмай дүниеден өткен әкесінің моласының басында тұр. Бұл енді ешкім де емес. Туған жері де, аты-жөні де жоқ, жат адам. Туажат. Айтпақшы, бұл дүние есігін енді ашып ана мейірімін нәресте сезім - түйсігімен енді сезер шақта жер-дүниені сұрапыл дауыл орап, Қалқұтты өзені бойында жападан жалғыз тігулі тұрған киіз үйді көтеріп кетеді. Үймен бірге қазан-ошақ, барлық мүлік-мүкәммалы, құндақтаулы бала бесігімен құйын үйіріп аспанға ұшқан. Тәңірінің өзі сезігін оятты ма бесікте жатқан сәби тұншыға демігіп, көзін бір ашқанында өзінен әлдеқайда жоғары жақта анасы құйын үйіріп алыстап көтеріліп бара жатқанын көрді. Содан екі күндей аспанда биік қарағайдың бұтағына ілініп қалған бесіктегі баланы ақшәулі қыран құс қоябасын аузына құсып асырайды. Сәби жүрегі жерге құлап түссе, қыңсылап жүрген ши бөрілерге жем болатынын сезді ме, бар үмітін көкте қалықтап жүрген қыраннан күткендей телміре қараған. Төртінші күн дегенде әбден есі шыққан әкесі атпен шапқылап құйын кеткен жақты шарлап жүріп зорға тапқан. Шығарманың темірқазығындай болып тұрған осы көріністерге де шүбә келтіре алмайсыз. Ағымдағы ақпараттан осы күндері төрткүл дүниеде болып жатқан сұрапыл дауылдар, небір жойқын тасқындар, Америкадағы торнадалар сияқты табиғат катаклизмаларын қайда қоясыз. ? Романда суреттеліп жатқан Алтай маңы, Жоңғар қақпасы бұрыннан сұрапыл желдің өтінде тұр. Халық мұны Ебі дейді. Ебінің желі. Көне замандардың өзінде хатқа түскен. Тарихтың атасы Геродоттан да бұрын бұл аймақта болып, көрген білгенін жазған Пронекс шахарынан шыққан саяхатшы Аристай мұндағы қатты жел туралы “Тарих” атты кітабында қызықты дерек қалдырыпты. “Сайхан желі” деп атайды екен. Керуендерді түк қоймай ұшырып әкетеді, сол үшін болса керек, оны тағы да “ақырзаман желі” деп те атапты. Бұл жел құтырынғанда Алакөл теңізше тулап, жағалауынан тасып шығып кетеді екен. Сол себепті саяхатшы осы жеткен жерінен әрі өте алмай кері қайтыпты. Осы жағдайларды ойға ала отырып, А. Алтайдың кітабындағы қарақұйынның тым қисынсыз емес екендігіне көз жетізе бастаймыз.
Байбура анасыз өсті. Ауылда ер жеткен қазақтың қара домалақ бір баласы еді, бірақ мұны тағдыр қатты тәлкек етті.
Соның бәрін бастан кешіп, көп жылдан соң ауылға келгені осы еді, Алматыда алғаш жолығып бірге болған сыныптас досы Болат заң орындары өкілдерін бастап әкеліп ұстатып отыр. Айтпақшы, аңға шығып жүргенде ұстап алған қасқырдың терісін тірідей сыпырып алуды бастаған да, үйреткен де сол. Міне, енді Байбураны тұтқындауға келген кездегі сөз қағыстыруды еске алып көрелік. , , Полция капитаны:
- Болат досыңа рахмет айт, КНБ-шниктердің қолына түскен жоқсың, мен кез болдым.
- Бәрібір емес пе ? - деді бұл.
- Қателесесің, олар сені баяғыда-ақ “террорист” деп жариялап қойған. Ал, мен үшін сен жай қылмыскерсің.
- Иә, қандай?
- Өзіңнің орныңа өзгенің сүйегін салғызып, әскери борышыңнан қашқан дизертирсің.
- Ауғандықтар ақталғаны қашан - деді Байбура.
- Ақтап жүрген орыстар . . . Ресей ғой. Ал біз ақтаған емеспіз . . .
- . . . үндемей қалдың ғой.
- Не деймін?. . Мен өз борышымды артығымен өтегем . . . »
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz