ХХ ғ. басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және әдебиет



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 19 бет
Таңдаулыға:   
Реферат
Тақырыбы: ХХ ғ. басындағы тарихи-әлеуметтік
жағдай және әдебиет

Жоспар:

І. Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім.
1. Қазақ зиялылары ұлт қамы жолында.
2. Ұлттық баспасөздің пайда болуы.
3. 1916 жыл оқиғаларына арналған өлең-жырлар.

ІІІ. Қорытынды.
ІV. Пайдаланған әдебиеттер.

Кіріспе

ХХ ғасырдың басы - қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше ұлттық сананың ең өнімді саласы - әдебиеттің, қоғамдық сананың көрсеткіші баспасөздің бұл кезеңде күрт алға басуы - табиғи заңдылық. Бұл тұста Абайдың нақты жалғасы іспетті Шәкәрім мен дүниеге Абайдан кейін келсе де, еңбегі ерте жарық көрген Мәшһүр Жүсіп шығармашылығы өзінің кемел шағына жетіп, шырқау биігіне көтерілсе, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Бернияз т.б. тәрізді алыптар әдебиет айдынында бой көрсетіп, биік көркемдік сипаттағы дүниелерін жариялай бастады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімді үйренуге үндеу - ХХ ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы қазақ азаматтарын елді ояту, азаттыққа қол жеткізу мақсатына жетеледі. Оқыған зиялылар арасынан ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры таныла бастады. Сол көш бастаушылардың алдыңғы қатарында қазақ ақын-жазушылары да болғаны талассыз шындық.
Патшалық Ресейдің отарлық езгісінде қиын да күрделі өмір сүрген қазақ халқының әлеуметтік тұрмысы ХХ ғасыр басында тіптен қиындап кетті. Ұланғайыр өлкені сүлікше сорған Ресей билеушілері обыр құлқынның қамы үшін тізгінді неғұрлым қыса ұстап, тежеп отыруды оңтайлы көріп, саяси-әкімшілік қысымды күшейте түсті. Бірақ қашанда әрбір нәрсенің екі жағы болатыны секілді өмір өз заңдылығымен алға дамып, Россияға бодан болудың да екі жақты әсері болды. Оны ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Бірі зорлық-зомбылық, езіп-қанау болса, екінші жағы Қазақстанға көз алартушылар сиреді, мардымсыз болса да өндіріс орындары ашылды, қазақ жұртына батыстық ілімнің жарығы шашырап, ағарту ісі жандана бастады. Тарихи дамудың сол бір кезеңінде бұған негізде бар болатын. Себебі замана ағысын аңдаған, жеткілікті дәрежеде білімі бар азаматтар ел арасында көптеп кездесетін.

1. Қазақ зиялылары ұлт қамы жолында

ХХ ғасырдың бас кезіндегі мәдени-әлеуметтік дамудың бір көрінісін қазақша кітаптардың көптеп шығып, ел арасына кеңінен тарауы аңғартса керек. Қазақ кітаптарының даму тарихына арналған еңбектерде ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының сапалық жағынан да, сандық жағынан да күрт өсуі дәлелді айтылған. Мәселен, зерттеуші Ә.Жиреншин 400 кітап атауымен, 180 басылымды атаса, Ү.Суханбердина, Д.Сейфуллиналар 480 кітап атауымен 720 басылымды көрсетеді. Ал татар ғалымы А.Каримуллин 1917 жылды қоса есептегенде қазақ тілінде 509 басылым 2 млн. 201 мың 105 дана болып таратылды деген пікір айтады. ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің білгірі, ғалым Б.Кенжебаевтың дерегі бойынша 1900-1917 жылдар аралығында 200 кітап жарық көрген. Бейсекең негізінен әдеби шығармашылыққа жақындау кітаптарды көрсеткен болуы керек.
Қоғамдық өмірдің және әлеуметтік дамудың айнасы баспасөз десек, аталмыш кезеңде оянған сананы алға жетелеген көрнекті басылымдар мәдениет рухын септі. Отаршыл әкімшіліктің "Түркістан уалаяты", "Дала уалаяты" секілді қазақ тілінде шығарған ресми газеттерімен бірге жаңа сипаттағы еркін басылымдар дүниеге келді. "Серке" (1907), "Қазақстан" (1911-13), "Ешім даласы" (1913) газеттері, "Айқап" (1911-1915) журналы және жалпы ұлттық қоғамдық-саяси һәм көп тиражбен тараған "Қазақ" (1913-1918) газеті қазақ ұлтының саяси-әлеуметтік ой-санасына түрткі салып, замананың көкейтесті мәселелерін қозғады. Отарлық саясаттың езгісінде отырған қазақ халқының бостандығы мен азаттығын аңсап, ел-жұртын ғылымы мен білімі өркендеген халықтар санатында көруді қалады.
Қазақ зиялыларының ағартушылық, демократтық бағыттағы күрескерлік идеяларын өрістете түсуіне 1905-1907 жылғы орыс революциясының да әсері болмай қойған жоқ. Патша әкімшілігінің революциялық дүмпуден кейін шарасыздықтан бұратана халыққа кейбір еркіндіктер беруі себепті (1905 жылғы 17 октябрь манифесі) қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларының үгіт-насихаттық, әдеби-шығармашылық қызметтеріне жол ашылып, азда болса мүмкіндік туды. Бұл ең алдымен, қазақ даласындағы европалық дәрежедегі білімі бар зиялылардың сан жағынан алғанда Орта Азияны мекендеген халықтар ішінде біршама жоғары тұрғандығынан еді. Бұл туралы тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев "Қазақтың жоғары және аяқталмаған жоғары білімділері 200-ден астам (Ә.Бөкейханов, Ж.Досмұхамбетов, Х.Досмұхамбетов, Ш.Лапин, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, Б.Қаратаев т.б.), ал мектептерді, училищелерді, мұғалімдер семинариясын бітіргендер (А.Байтұрсынов, Ә.Жангелдин, А.Асылбеков, М.Жұмабаев, К.Төгісов, т.б.) 1000-ға таяу болды" дегенді айтады.
ХХ ғасыр бас кезіндегі жазба әдебиет - ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі дәстүрлерді дамытумен бірге өзіндік өрнегін де тапқан әдебиет. Мұнда, әсіресе, өмір шындығын, замана өзгерісін, әлеуметтік тұрмысты нақты да шынайы бейнелеуге ұмтылу көзге айқын шалынады. Дегенмен де бұл тұстағы әдебиетте ақын-жазушылардың қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды суреттеудегі, өмір шындығын танудағы, өз мақсат-мүдделерін түсіндірудегі даралығына, әркімнің дарын-талантына, білік-танымына сай әркелкілік те болды. Мұндай әр-алуандықтың болуы заңды да еді. Ақын-жазушылардың өскен ортасы, шығармашылық мектебі, білім дәрежесіне орай әртүрлі бағыт-бағдарлар, ағымдар дүниеге келіп, олар сол бағыт арқылы қалыптасқан көзқарастарын шығармашылығы арқылы танытуға, халыққа жеткізуге тырысты.
Осы тұрғыдан алғанда діни-ағартушы, ағартушы-демократтық, ұлт-азатшыл әдебиет өкілдері ХХ ғасырдың, яғни ояну дәуірінің негізгі идеясына айналған халықты "оятуға" әр қырынан келіп, өздері дұрыс деп таныған мақсат тұрғысынан көтергені белгілі. Жаңа ғасыр басындағы қоғамдық-саяси өзгерістер алға тартқан көп мәселелерді шешуде өзіндік бағдар ұстанғанмен, олар қазақтың өзіне ғана тән ұлттық мәселелерде - оқу-ағартуға шақыруда, әйел теңдігін көтеруде, кертартпа мінез-құлықтарды сынауда, оларды түзеуге ұмтылуда бірлік таныта білді. Ал азаттық, тәуелсіздік тәрізді күрделі проблемаларға байланысты ізденістер оларды көркемдік дәрежесі биік деңгейдегі туындылар жасауға ұмтылдырды, соны соқпақтарға жетеледі. Сондықтан да бұл кезеңде әртүрлі пікір қайшылықтары, артық-кем түсіп жатқан тұстардың болғанын жасыра алмаймыз.
Қазақ зиялыларының алғашқы топтасуы жалпы Россияда қалыптаса бастаған әр түрлі саяси партиялардың патшалық басқару жүйесіне қарсы күрес жолындағы бағдарламаларымен танысу әсерінен және өз халқын отарлық бұғауынан құтқарудың жолы тек саяси күресте жатыр деп тануынан еді. Қазақ зиялыларының алғашқы баспа жүзін көрген бағдарламалы ой-пікірлер жиынтығы - жоғарыда аталып өткен Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 1500 адамның қолы қойылып, Петербургке жіберілген әйгілі Қарқаралы талабы. "Бүкіл елдік наразылықтың қазақ қоғамына бұдан бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция да, ал оны жазған азаттық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш ұлттық интеллигенция өкілдері еді" (М.Қойгелдиев).
Алғаш рет 1905 жылдың 4 қазанында "Сын Отечества" басылымының 173 санында жарық көрген бұл петиция қазақ халқының саяси-әлеуметтік өміріндегі үлкен уақиға болды. Қазақ халқының ұлттық санасының оянуына тегеурінді серпін берген бұл талап-тілек туралы М.Әуезов: "1905 жылы Қарқаралыда Ахаң мен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік өкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петицияда аталған үлкен сөздер бірінші, жер мәселесі, ...екінші қазақ жұртына земство беруді сұраған, ...үшінші қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. ...Ол күндегі қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған"5, деп жазды.
Қaзақ зиялыларының осы бір кезеңдегі іргелі ісін көрнекті саяси қайраткер Т.Рысқұлов былайша бағалады: "Революция 1905 г. дает большой толчек оживлению мысли среди восточных народностей, в том числе и среди казахов. В связи с манифестом 1905 года устраивается среди казахов митинги и пишутся петиции на тему о религии и земле... Среди казахского населения и казахской интеллигенции еще не было политических партии, а отдельные группы общественных деятелей в той или иной степени примыкали и сочувствовали некоторым политическим партиям, существовавшим тогда в России".
Жоғарыдағы пікірлердің ортақтығы - қазақ зиялыларының тұңғыш бас қосқан Қоянды жәрмеңкесі қазақ халқының саяси өміріндегі алғашқы күреске шығудың жоспарлы келісімін бекіткен жиын болғандығының дәлелі. Шет елдегі қазақ тарихын зерттеуші ғалымдар бұл жиынды қазақ зиялыларының өзіндік партия құрған алғашқы жасырын (подпольный) съезі деп бағалайды. Мәселен түркиялық қазақ тарихшысы Хасен Оралтайдың 1973 жылы жарық көрген "Алаш" - Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны деген еңбегінде коммунистік идеологияның ықпалынан тыс, тарихи деректер мен орынды ой-пікірлер молынан кездеседі. Қазақ тарихының аталмыш кезеңіне қатысты тарихшы мынадай мәліметтер келтіреді: "...қазақ түріктері зиялыларының бір тобы 1905 жылы жасырын түрде саяси партия ұйымдастырды. ...1905 жылы ұйымдастырылған жасырын "Алаш" партиясы өз қызметін 1917 жылдың көктеміне дейін жасырын түрде жалғастырып келді. Партия қызметі жасырын жүргізілгендіктен, Алаш партиясының тарихқа белгілі тұңғыш (құрылтай) съезі 1905 жылы маусым айында 14500 қазақ түркісінің қатысуымен Қарқаралыда өткізілді. Бірақ ресми түрде Алаш партиясының съезі болып есептелінбейді. Солай болғанмен де, 1905 жылғы съезд Алаш партиясының съезі екендігіне күмән жоқ. Ӛйткені 1905 жылы съезд ұйымдастырушылар, оны басқарушылар және онда шығып сөйлегендердің бәрі Алаш партиясының мүшесі еді. Бұл съезге Алаш партиясының лидері Әлихан Бөкейханұлының өзі қатысты".
Қaзақ зиялылары қазақ баспасөзінің қос жұлдызы "Айқап" пен "Қазақтың" жарық көруіне дейін қажымай, талмай еңбек етті. Бұл екі басылым өз кезегінде қазақ оқығандарының бағыт-бағдарын айқындаған, идеялық-саяси көзқарастарын танытқан ұйым болды.

2. Ұлттық баспасөздің пайда болуы
ХХ ғасыр басында саяси күреске шыққан қазақ зиялылары әлеуметтік құрамы жағынан біркелкі еместін. Онда төменгі және орта деңгейдегі топтардың өкілдерімен қатар ірі ақсүйек тұқымдары да болды. Алғашқы кезде жалпыұлттық ұрандар жетегінде бұлар біртұтас күш ретінде күреске шықты. Қазақ зиялыларын біріктірген отаршылдыққа деген өшпенділік болатын. Сондықтан да "Алашская интеллигенция по всей природе была плоть от плоти, кровь от крови байства"14 деген қарадүрсіндеу тұжырымның терістігінде күмән жоқ.
Бағыт айқындылығын, мақсат бірлігін ұғынысқан қазақ оқығандары бас біріктірген соң, өз ой-пікірлерін халыққа жеткізер басылым болуын қалау табиғи нәрсе еді. Сондықтан да олар 1905 жылғы патша әкімшілігі жібіген жылымық кезеңді баспа ісіне еркіндік алуға пайдаланып қалуға ұмтылды. Сондай бір дерек "Семипалатинский листок" газетінің 1906 жылғы 5 июльдегі санында кездеседі. Онда былай деп жазылған еді: "17 октябрь қарсаңында және кейін де Бөкейханов қырғыз тілінде газет шығармақ болып қырға кетті, ол қазақ халқы үшін алдағы болар сайлау мен қойылар істер жайлы өзінің жерлестерімен ақылдаспақ".
Қазақ зиялылары алғашқы саяси күреске де баспасөз арқылы осы 1905 жылдары шыға бастады. Олар ұлттық басылымдары жоқ болғандықтан, алдымен "Ульфат", "Пікір", "Уақыт", "Шора", т.б. татар журналдарында, "Смена", "Омич", "Голос степи", т.б. орыс газеттерінде көріне бастады. 1906 жылы кадет партиясының сьезіне қатысуға Петербургке келген қазақ оқығандары осындағы қазақ зиялыларымен келісе отырып, қазақ баспасөз орталығын ашуға ұйғарды.
Сөйтіп, 1907 жылы наурыздың 28 күні Мемлекеттік Думаның депутаты, мұсылмандар партиясы жетекшілерінің бірі Шаһмардан Қощығұловтың қолдауымен, Әбдірашид Ибрагимовтың басқаруымен "Серке" атты қазақтың төл демократиялық газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл газеттің шығарылуына А.Байтұрсыновтың үзеңгілес інісі Міржақып Дулатов барынша ат салысып, өзінің "Жастарға" өлеңін, "Біздің мақсатымыз" мақаласын жариялады. "Серкенің" 2- саны жарық көрмей жатып, жабылып қалды. Оның басты себебі "Біздің мақсатымыз" атты мақала деп есептейді зерттеушілер. Бар болғаны бір-ақ саны жарыққа шыққанымен, "Серке" қазақтың бейресми, саяси бағыттағы демократиялық баспасөзінің тұңғыш бастау көзі ретінде тарихтан өз орнын алды.
Дәл осы тұста (март, 1907) Троицк қаласында "Қырғыз газеті" шықты. Оны бастырушылар Ж.Андреев, И.Иманбаев, шығарушысы Х.Шумов Сосновский болды. Бұл да бір санынан кейін шығарылуын тоқтатты. Бұдан соң оқыған қазақ жастары "Дала" газетін (Томскіде) шығаруға әрекеттенді. Бірақ, қазақ зиялыларының алғашқы әрекеттерінің көбі сәтсіздікке ұрынып отырды. Мұның өзі патша әкімшілігінің жалпы бұратана халықтар мәдениеті, олардың өркендеуі деген мәселеге тек отаршылықтың озбыр саясаты тұрғысынан қарағандығының дәлелі болса керек. Себебі, бұл кезде жалғыз қазақ халқы емес, Россияға бағынышты өзге де мұсылман елдері де осы тұрғыдан зардап шегуде болатын. Бұған нақты дәлелдерді өзге ұлттар баспасөзі тарихын зерттеген еңбектерден кездестіруге болады. Мәселен, татар тілінде газет шығару мәселесін татар зиялылары 1808 жылдан бастап патша әкімшілігі алдына қойып келе жатқанымен, алғашқы татар тіліндегі газет 1905 жылғы революцияның тұсында ғана жарық көрді.
Жалпы ұлт аймақтарының баспасөз ісінің дамуына тек әкімшілік орындары ғана емес, орыс зиялыларының миссионерлік идеяны көздеушілері де қарсылық көрсетіп келді. Мысалы, "Дала уалаяты" газеті "Акмолинские ведомости" газетіне қосымша ретінде алғаш қазақ тілінде жарық көргенде, миссионер Н.И.Ильминский оған ашық қарсылық білдірген. Оның қасиетті синод обер-прокурор К.П.Победоносцевқа (1827-1907) жазған хатында (16 декабрь, 1889) ол қарсылығын былай дәлелдейді: "Об особом "Прибавлении" к "Акмолинским ведомостям" я давно писал Г.А.Колпаковскому, что эту газету надо ограничить официальную лишь частью, а неофициальную часть лучше бы прекратить, ибо при не умелых и необразованных переводах (в доказательство чего я привел ясные примеры), требующих бдительного наблюдения и опытного руководства, рискованно отваживаться на помещение трудных научных и политических статьей... Если нынешний степной генерал-губернатор более чем его предшественник удосужится следить за киргизской газетой, он быть может, благоустроит ее направление или ограничит ее содержание".
Қазақ журналистикасы тарихындағы толыққанды басылым болып табылатын, ұлтының бостандығы жолында табанды күрес жүргізген саяси орган ретінде танылған баспасөз 1911 жылы дүниеге келді. 1911 жылдың 11 қаңтарында Троицк қаласында қазақтың тұңғыш ұлттық журналы "Айқап" жарыққа шықса, көп ұзамай, алдымен Бөкей ордасында, 5-санынан бастап Орал қаласында шыға бастаған "Қазақстан" газеті қазақ оқырмандарының қолына тиді (16 март). "Қазақстан" газетінің 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жылдың шілдесіне дейін 18 саны жарық көрді. Газеттің шығуына тікелей септігін тигізіп, оның шығарушысы ретінде танылған Шәңгерей Бөкеев, редакторы ақын, аудармашы, журналист Елеусіз Бурин болды. Газет ісіне Орда қаласында жасырын кәсіпшілік одақ құрған қазақ зиялыларының көрнектілері, ақын-жазушылар араласты. Олар - Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қарашев, Сейітқали Меңдешев, Мәжит Шомбалов, т.б. Одақтың көздеген мақсаттарының бірі елден қаржы жинап, жиналған қаржыға баспахана сатып алу болатын. Олар бұл талаптарына "Қазақстан" газетін шығару арқылы жетті. Алты бетті, шағын форматты болып шыққан "Қазақстан" елді береке-бірлікке, оқу-ағартуға, кәсіп-тірлікке шақыруға біраз еңбек сіңірді.
"Қазақстан" газетінің ерекшелігі, - деп жазды зерттеуші Қ.Бекхожин - ол патшаның отаршылдық әкімшілігінің ресми органы болмағандығында". Сондықтан да оның беттерінде қазақ халқына қатысты, оны көркейту жолын зерделеген өзекті мәселелер көтеріліп, халықты оятар ойлы ұсыныстар айтылды. Мәселен газет қазаққа арнайы баспасөздің не үшін қажеттілігінің өзінің бірінші санында-ақ сөз етті. "Газет деген не зат?" (авторы Ғұмар Қарашев) деген мақалада: "Жақсылық болса жұрт болып мақтайды, жамандық болса жұрт болып жамандайды, сөйтіп, газет арқылы жақсылық бірте-бірте өсе береді, жамандық өше береді", - деп, тасқа басылған сөздің күшін жоймас әсерлілігі мен артықшылығын аңғартты. Сонымен қатар, газет бетінде шаруашылыққа, тұрмысқа байланысты және оларды өркендету, өзгерту жайлы материалдар жиі жарияланып, нақты ұсыныстар, ақыл-кеңестер беріліп отырды. Бұған 1-санындағы "Хал-жайымыз", 2-санындағы "Еңбек етсең емерсің" (Бас мақала), "Тіршілік тартысы", 11-санындағы "Халықты ояту үшін не керек?" (авторы Ғабдолла Көпжасаров), "Енді қалай тұрмақ керек?" (бас мақала), 1914 жылғы 4 санында "Азаматтарға бір-екі ауыз сөз" (Б.Қаратаев) атты мақалалар мен хаттар айғақ.
"Қазақстанның" өркениетті бағыт ұстануы патша әкімшілігіне ұнамағанын небәрі шығып тұрған екі жылдық уақыт ішінде екі рет жауып, қайта-қайта шүйілуінен аңғару қиын емес. Алғаш рет 1911 жылғы 4-санынан кейін жабылып, қайта шықса, 1913 жылы 18-санынан саяси әлпетін нақты байқатқан газетті ақыры жауап тынды. "Қазақстан" тек қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарда ғана емес, әдеби, мәдени мәселелерді жазғанда да басты мәселе ретінде күш біріктіру, бір арнада бас қосу, сөйтіп барып, ел басына түскен ауыртпалықты сейілтуге үндеді. "Қазақстан" өзінің 1911 жылғы 3-санында жариялаған "Әдебиет таңы" атты мақалада әдебиет жайлы сөз қозғап, оның ішінде, Абай творчествосына назар аударумен қатар, цензураны шошындырмай тұрмас пікірлерді сөз арасына қыстырып жіберді. "Россияның ішінде әр облыста таралып жатқан қазақ халқы бір жерге ақылы қосыла алмай жүрген заманды артымызға тастап, енді матбуғат (баспа Ӛ.Ә.) арқылы сөйлесіп, пікірін, майданға салып, иттифактың астына жиналып, бір тілекте болса ғана жұрт қатарына қосыла алады. Ел билеген азамат, ғылым жолындағы талапкерлер әрқайсысы өз пайдасын ғана ойламай, халық мүддесін жоғары санаса, біз де тез заманда кім екенімізді жұртқа танытармыз" деген пікірдің мағынасы әріде жатқаны аян.
Жалпы алғанда, "Қазақстан" газетінің көкейкесті арманы оның атынан да көрініп тұрғандай. Бұл туралы зерттеуші Х.Бекхожин: "Газеттің "Қазақстан" деп аталуында мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялық республика орнату идеясын аңғартады" деп тұжырымдайды. Аз уақыт шықса да баспасөз ісіндегі көш бастаушы ретінде танылған бұл басылым болашақтағы шынайы газеттің шығар күнін жақындата түсті.
1907 жылдан бастап қазақ даласын шарлаған төл баспасөз ашу идеясы бірте-бірте жеңіске жетіп, шындыққа айнала бастады. Алғашқы әрекеттердің сәтсіздікке ұшырауы, күрескер-зиялыларды мойытудың орнына қарай түскендей. Мұның өзі олардың күрескерлік белсенділіктерінің белгісі еді. Осынау идея тұтастығы мен берік бірлікті күрес нәтижесінде қазақ тарихында елеулі еңбек атқарып, ұзақ ғұмыр сүрген қазақ баспасөзінің қос жарық жұлдызы - "Айқап" пен "Қазақ" дүниеге келді. Ғылыми айналымда "Айқап" туралы бір-қыдыру зерттеулер дүниеге келгенімен, "Қазақ" газеті ұзақ жылдар бойы көзден таса қалып, зерттеу былай тұрсын, аты аталмай қалды. Оның себептерін біз жоғарыда айтып өттік.
"Айқап" журналы 1911 жылдың январынан 1915 жылдың авгусына дейін Троицк қаласында шығып тұрды. Оның барлығы 83 саны жарық көрді. Редакторы - көрнекті ағартушы-демократ Мұхаметжан Сералин. Ол түрікшілдікті жақтаған топ жағында тізгін ұстады.
"Айқап" бетіндегі түрікшілдермен болған түрлі айтыстар, батысшылдық топтың өз басылымын ұйымдастыруға итермеледі. Және мұның қажеттілігінің екінші бір себебі, "Айқап" журналының өз мүмкіндігінен туындайтын "жартайлық шабандылығында", сондықтан да өмірдегі өзгерістерге ілесе алмай қалып жатуында болса керек. "Қазақ" осы олқылықтардың орнын толтырудағы жаңа бір қадам болуы тиісті еді. Сондықтан да, "батысшылдар" идеялық-саяси бағыттарының мақсат-мәнін халыққа толық жеткізу үшін халықтың "көз-құлағына" айналар, шын мәніндегі газетаны шығаруды мақсат тұтты.
Жалпы "Қазақ" жарық көрген 1913 жыл қазақ ұлттық баспасөзі үшін жаңа бір өрлеу жылы десе де болады. "Қазақстан" газеті қайта шыға бастаса, 1913 жылдың сентябрь айынан Петропавл қаласында екі тілде (қазақ, татар) "Ешім даласы" газеті бір жыл шамасы шығып тұрды. Бұл газет шағын көлемде, жетісіне үш рет "Ишимский край" газетінің баспаханасында басылып тұрды.
Яғни 1913 жылы қазақ оқырмандарына 4 басылым ой тастады: "Айқап", "Қазақстан", "Қазақ", "Ешім даласы". Бұлардың ішінде беделдісі де, мол тираждысы да "Қазақ". Бұл газет қазақ зиялыларының 1905 жылдан басталған күресіне адалдығын сақтаған, қазақ халқының ұлттық тұтастығын, ел мен жер бірлігін жақтаған, сол арқылы бостандық жолындағы күрестен айнымаған басылым болды. Яғни бұл басылымның төңірегіндегі зиялы қауым таптық мүддені емес, жалпыұлттық, жалпы демократиялық мақсаттарды жүзеге асыруға күш салды. Сондықтан да "Қазақ" алғашқы бейресми, жалпыұлттық саяси газет болып табылады.
Қазақ халқының қоғамдық өмірінде, даму тарихында ерекше роль атқарған "Қазақ" газеті 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласында "Каримов, Хусаиновтар баспаханасынан" шықты. Жоғарыда аталғандай, газет саяси орган болуымен қатар, қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнері, журналистикасының дамуындағы үлкен ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері туралы ақпарат
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуы
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (тақырыптық, жанрлық және көркемдік)
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай мен оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері
Б.КЕНЖЕБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері
Араш әдебиетінің негізгі идеялары
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Міржақыптың Қазақ Алашбайұғлы бүркеншік есімі
Сыр бойындағы ақындық мектеп және ақындық орта дәстүрі
Пәндер