Қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   

Қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр

(1930-1970 жж. )

Бейнелеу, сәндік-қолданбалы және сәулет өнері

Кіріспе

Әлемдік кеңістік аясындағы қазіргі жаһандану үрдісі мен рухани-мәдени сұхбаттастықтың нығая түсуі өнердің, діннің, ғылымның, саясат пен экономиканың өзара байланысы мен дамуын қамтамасыз етудің шарттарының бірі болып отыр. Осы тұста ұлттық мәдениетіміздің маңызды буындарының бірі болып саналатын бейнелеу өнерінің бір саласы кескіндеме өнерінде тұрақтанған тұрмыстық жанр - руханияттық үдерістер аясындағы көркемдік танымның нұсқасы. Сондықтан қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың тарихи қалыптасу бағдарларын өнертанулық тұрғыдан саралау маңызды іс деп айта аламыз.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты Қазақстан бейнелеу өнерінің бұрын зерттелмеген құбылыстары өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Тұрмыстық жанрдың пайда болуы мен дамуы қазақ кескіндеме өнері мектебі қалыптасуының ажырамас бір бөлігі екені сөзсіз. Қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр алғашқы пайда болған кезеңінен бастап өзіндік халықтық, ұлттық сипатымен айқындалады. 1930-1970 жылдар аралығында Еуропа және орыс көркем мектептерінің ықпалы негізінде дамыған қазақ кәсіби кескіндеме өнері өзіндік ұлттық бет-бейнесін жоғалтпай, қайта оны бірлікте дамытып отырды. Осындай өнердегі үлкен жауапкершілік жүктелген қылқалам шеберлеріміздің көркем туындыларында негізінен бүкіл қазақ халқының маңызды ұлттық дүниетанымы мен философиялық көзқарасы жинақталып, бейнеленеді. Бүгінгі күндегі көзқараспен айтқанда, мұның өзі сол кездегі кеңес заманының өнерге қойған қатаң талаптары шегіндегі үлкен құбылыс болды. Сонымен бірге осы уақыт аралығында тағдырдың әртүрлі себептерімен елімізге келген түрлі ұлт өкілдерінен шыққан суретшілердің шығармашылықтары да қазақ кескіндеме өнерінің дамуына өзіндік үлес қосты. Сондықтан бүгінгі таңда ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту мақсатында өнеріміздің рухани даму сатыларын жіті бағамдап, кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың қалыптасуы мен даму ерекшеліктерінің тарихи дәстүрлері мен кезеңдерін зерделеу - заманның шынайы талабы болып табылады.

Тұрмыстық жанрдың өткенін қайта таразылау, эволюциялық өрлеу кезеңдері мен оның адамзаттық рухани таным жетістіктерімен байланыстылығын айқындау, оның қоғамдағы эстетикалық, танымдық, тәрбиелік, реттеушілік қызметтерімен астасып жатыр.

Ғылыми тақырып нысанының өзектілігін туындатқан қазақ кескіндемесіндегі тұрмыстық жанрдың дамуының негізгі кезеңдері мен тенденцияларының ерекшеліктерін зерттеу бүгінігі күнге дейін кешенді және жүйелі түрде қарастырылмаған. Сондықтан Қазақстан өнертану ғылымында зерттеу жұмысы тұрмыстық жанрдың қазақ кескіндеме мектебінің дамуы мен қалыптасуындағы маңызды рөлін айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы бейнелеу және кескіндеме өнерінің қалыптасуы мен дамуын, теориялық мәселелерін өнертану тұрғысынан Г. Сарықұлова, И. Рыбакова, М. Габитова, Б. Веймарн, Е. Вандровская, Л. Плахотная, Л. Варшавская, Р. Көпбосынова сынды және т. б еліміздің көптеген өнертанушыларының еңбектерінде алғаш қазақ кескіндеме өнерінің бастапқы кезеңінің қалыптасуы мен дамуының көркем тәжірибелік нәтижелері жинақталып, жүйеленген болатын. Тұрмыстық жанр мәселелеріне қатысты Г. Сарықұлова, И. Рыбакова, М. Габитова, Р. Көпбосынова авторлары бірлестігінің «Очерки истории изобразительного искусства Казахстана», Г. Сарықұлованың «Искусство Казахской ССР» мақалалары көлемінде көтеріледі.

Сонымен қатар cуретшілердің жеке шығармашылықтарын және оның жеке тұлғалық танымын тұтастай зерттеген: Е. Микульская - Ә. Қастеевтің, Е. Вандровская - Қ. Телжановтың, И. Рыбакова - А. Черкасскийдің, Р. Көпбосынова - Ғ. Баянның, Р. Сахидің, А. Сарыкулова - С. Айтбаевтың, Н. А. Полонская - М. Кенбаевтың, Ж. Елшібеков - А. Ғалымбаеваның, Д. Шарипова - Ә. Қастеевтің, А. Синенький - Ә. Ысмайылов аталған еңбектері мен альбомдық жинақтарда шеберлердің жеке шығармашылықтары мен ондағы тұрмыстық жанр мәселелері бойынша жазылған туындыларға жалпы түсінік беріледі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ бейнелеу өнерінің маңызын жаңа көзқарас арқылы пайымдау жетекші өнертанушыларымыздың ішінде Р. Ерғалиеваның «Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана», «Феномен степи в живописи» атты іргелі ғылыми жұмыстары басты көрсеткіш болды. Сол сияқты Б. Барманкулованың «Пространство степи в пространстве искусства Казахстана» атты мақаласы, Д. Шарипованың «Очерки казахского изобразительного искусства. Период становления (1930 - 50-е годы) », А. Юсупованың «Живопись Казахстана 1980-1990-х гг. : пути и поиски. », Ә. Ғалымжанованың «Свобода художественого творчества как феномен культуры», Б. Байжігітовтың «Бейнелеу өнерінің теориялық мәселелері» атты түбегейлі еңбектерінде және т. б көптеген отандық өнертанушыларымыздың зерттеу жұмыстарында қазіргі заманғы қазақ кескіндеме өнерінің негізгі сипаты анық көрсетіледі.

Сонымен бірге, Р. Ерғалиева, Х. Труспекова, Д. Шарипова, Е. Малиновская, А. Юсупова, О. Батурина, А. Жадайбаев, С. Көбжанова, Р. Карғабекова, З. Ыдырыс сынды авторлар бірлестігі ХХ ғасырдағы Қазақстандағы бейнелеу өнерінің ерекшеліктері туралы «Қазақстан бейнелеу өнерінің шеберлері» атты жинақтарда өзіндік идеяларын ұсынып, ондағы тұрмыстық жанр жөнінде де пікірлері ұсынылған.

Бүгінгі күнде өнертану саласында жанр мәселелерін көтерген зерттеу жұмыстардың қатарына қазақ кескіндеме өнеріндегі пейзаж жанры жайлы О. Батуринаның «Пейзажная живопись Казахстана», портрет жанры туралы Ә. Жадайбаевтың «Портретная живопись Казахстана» атты ғылыми еңбектерін жатқызамыз.

Сол сияқты мәдениеттану және философия ғылымдары тұрғысынан зерттеген Қ. Нұрланова, Н. Шаханова , Г. Шалабаева, К. Молтабарова, Б. Нуржанов, М. Хасанов, Қ. Халықов тәрізді ғалымдарымыз көркемдік таным аясында өзіндік ұстанымдарын айқын білдірген болатын.

Ресейдің кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр хақында И. Карасик , К. Духанин, Ф. Егоров, Б. Лукинов, К. Седов, Я. Чарнецкий, С. Даниэль , А. М. Кантор және т. б көптеген өнертанушылар өз еңбектерін арнаған. Сонымен бірге өзбек өнертанушысы Н. Ахмедованың ХХ ғасырдағы Орта Азия кескіндемесі жайындағы «Живопись Центральной Азии ХХ века: традиции, самобытность, диалог» атты еңбегі келелі зерттеу жұмыстардың бірі болып табылады.

Ғасырдан-ғасырға ұласып, тұрмыс-тіршілігі, көркем өнері қолөнермен байланысты болған, оюмен ойын білдірген өнерінің күрделі философиялық жүйесі бар халқымыздың дүниетанымдық категориялары тұрғысынан сол кездегі өнердің жаңа түрі - кескіндеме өнері белгілі бір қиындықтар туғызып жатса да, қылқалам шеберлеріміз бұл өнердің жаңа түрін тез арада игеріп және онымен қоса өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар ұлттық мектеп қалыптастырды деуге толық негіз бар. Қазақстанның кескіндеме өнерінің қалыптасуы мен дамуындағы басты екі факторды былайша ажыратып алуға болады: 1. Экзогенді - сыртқы: орыс реалистік мектебінің тікелей әсері, әлемдік бейнелеу өнерінің жанама ықпалы т. б. Мұнда әлеуметтік, саяси, идеологиялық, тарихи факторлар да басты рөл атқарады. 2. Эндогенді - ішкі: тарихи қалыптасқан дағдылар, байырғы нышандар, ұлттық бейімделушілік пен талант т. б. Бұл психологиялық, ділдік, ішкі сана-сезімнің қуаты арқылы жүзеге асып отырады.

Осындай ықпалдардың бірлігі нәтижесінде кескіндеме өнерінің дамуы мен қалыптасуы қарқынды түрде жүргізілді. Себебі біз назарға алып отырған басты буын генезисі бір ғасыр көлемінда жүзеге асқан. Ол кескіндеме өнері үшін онша үлкен мерзім емес. Осы өнер саласы батыстық елдерде жүздеген жылдар бойы тәжірибе алаңында шыңдалып шыққандығын негізге ала отырып, қазақ кескіндемесіндегі осы жанрдың негізгі даму бағыттары мен үрдістерін сараптадық. Сырттан келген ресейлік суретшілердің көш басында тұрған әуесқой Н. Хлудов шығармашылығы экзогендік фактордың көріністерінің бірі. Тарихи деректер бойынша Н. Хлудовтың 62 жыл өмірін қазақ жерінде өткізіп, бейнелеу өнерінің алғаш студиясын ұйымдастырып, онда қазақ бейнелеу өнерінің тұңғыш суретшілерінің кәсіби шеберлігін қалыптастыруға ықпал еткендігі белгілі. Бірақ бейнелеу өнеріндегі сыни көзқарастарға назар аударсақ, Н. Хлудов шығармашылығын алғаш сараптаған А. Байтұрсынұлының, кейіннен Б. Байжігітовтың оған деген ескертпелерінің дәйекті екендігін де атап өтуімізге болады.

Сонымен қатар бұл салада Қазақстанға 1920-1930 жылдар аралығында Ресей жерінен келген В. Каптерев, С. Богданов, Ю. Зайцев, Л. Литвиненко, М. Гайдукевич, Н. Крутильников, Ф. Болкоев сынды суретшілердің өзіндік әсері болғандығы анық. Олар сол кездегі қазақ жерінде кеңестік уақыт талабына сай болып жатқан өзгерістерді өздерінің шығармаларында белгілеп кетеді.

Кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың қалыптасуы мен дамуының алғышарттарын таразылау үшін оған әсер еткен сыртқы факторлардың бірі - еліміздегі саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік өзгерістерге шолу жасай отырып, осы ықпалдастықтың айқын мысалдарын атап өтуіміз қажет. 1930-1940 жылдары - социалистік индустрияландырудың өркендей түсуі, ірі өндіріс орындары мен ауыл шарушылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар мен фабрикалардың салынуы, жеңіл өнеркәсіптің дами бастауы, ғылым мен өнердің бір жақты болса да дамуы, сауатсыздықты жоюдың жалғаса түсуі, темір жолдардың салынуы т. б. өзгерістер қазақ суретшілерінің тұрмыстық жанрдағы тақырып аясын кеңейтті. Осындай республикамыздың жас индустриалды орталықтарына арналған тақырыптар Ю. Зайцевтің диптих түрінде кескінделген «Балқаштағы түнгі құрылыс» (1935) және «Балқаштағы құрылыс» (1936), Н. Крутильниковтың «Балқаш стахановшылары» (1940), Қ. Қожықовтың «Риддер көрінісі» (1936), «Шымкент зауыты» (1937), «Түрксіб құрылысы» (1937), Ә. Қастеевтің «Түрксіб» (1932), Ә. Ысмайыловтың «Балқаш. Құрылыстағы жастар бригадасы» (1938) атты туындыларында баяндалады.

Экзогенді факторларға, яғни сыртқы ықпалдарға қарамастан, қазақ кәсіби суретшілеріміздің шығармашылықтарында негізінен эндогенді фактор, яғни халықтық ішкі сана-сезім қуаты, дәстүрлі дағдылар, ұлттық дүниетаным басты орында тұрды. Өйткені сол кездегі суретшілердің шыққан түп тамырлары нағыз халық ортасы болып табылған және олар сол ортадан әлі де қол үзе қоймаған еді. Осы кезде қазақ бейнелеу өнерінде халық арасынан талантымен көзге түсіп алға шыққан және әрқайсысы өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленген ұлттық қылқалам шеберлерінің шағын ортасы қалыптасады.

Бұл өнер рухындағы ортаның негізін қалаған - Ә. Қастеев, Қ. Қожықов, Ә. Ысмайыловтар өздерінің халықтық сипаттағы туындыларымен көрерменге кеңінен танылған болатын. Сонымен бірге осы уақыт өнерінде есімдері ауызға көп іліге қоймаған А. Ташбаев, Б. Сәрсенбаев сынды суретшілерді атап өтуіміз керек.

Бұлардың ішінде өзінің аса дарындылығымен көзге түскен Қ. Қожықов шығармашылығы нағыз халық шаруашылығы өмірі мен өнерінен терең түсінік береді. Шебердің композицияларындағы қолданған өзіне ғана тән декоративтік әдіс-тәсілі, түстік түзілімінің халықтық сипаты мен сол кездегі қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістер шындығын өткір қабылдап, өзінің қайталанбас туындыларында көрсете білуі оны нағыз халық суретшісі деңгейіне көтереді. Аталған қылқалам шеберлерінің шығармашылықтарындағы сол кездегі көркемөнер тізбегіндегі ұлттық дәстүр мен ұлттық мінез-құлық сипаты, оларды өз халқының сана сезімі мен дүниетанымының тікелей насихатшылары ретінде танытады.

Қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр аясында Ә. Қастеев шығармашылығы өзінің халықтық этномәдени сипатымен, ондағы ұлттық дүниетаным тәлім-тәрбиесі тұрғысынан болашақ ұрпаққа құнды мұралар қалдырған. Жалпы шебердің туындыларының ауқымдылығы мен шығармашылық ой ағымының кеңдігіне байланысты еліміздегі өнертанушы ғалымдар мен зерттеушілер арасында бүгінгі күнге дейін жалғасын тапқан танымдық дискурс алаңы қалыптасқаны белгілі.

Белгілі өнертанушы Р. Ерғалиеваның айтуынша: «Қ. Қожықов туындылары мен Ә. Қастеев, Ә. Ысмайылов шығармаларының өзіндік ерекше қасиеттерінің айқындалуы, тұтастай алғанда, бүкіл келер шақтағы қазақ бейнелеу өнерінің негізгі пішінін қалыптастыру сапасын анықтайды . . . Қазақ суретшілерінің әрқырлы кескіндемелік туындыларындағы рәсімдік, салт-дәстүрлік ой-идеяларын кіріктіру ұмтылыстары көркем сөзде, ырғақта, әдет-ғұрыптарда, дәстүрлі ұлттық ойындарда, халық ауыз әдебиетінде мәнерленуі табылған тұрақты дәстүрлі стереотиптік дүниетанымға айналады» [1, 10 б. ] . Мәселен, Ә. Қастеевтің «Киіз үйдің ішкі көрінісі» (1934) атты туындысында суретші сырттай бақылаушы ретінде қалмайды. Үй ішіндегі бұйымдармен және адам тұлғалары үлкен үйлесімдікте шешілген деп түсіндірген өнертанушы-философ Б. Байжігітов те оның ұлттық қолтаңбасын орынды байыптайды [2, Б. 96-97] .

Шебердің туындыларында қарапайым еңбек адамдары, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен алаңсыз бір сарындағы қалыптасқан бақытты өмір жайындағы көріністер анық айшықталады. Шығармаларында бүгінгі күннің қаталдығы мен шым-шытырық қайшылықтары жоқ. Ондағының бәрі меймандос, жайбарақат кейіпте беріледі. Суретші сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы мен туған өлкесінің бейнесіне сол уақыттағы социалистік қоғамның ықпалымен енген өзгерістерді бейнелейді. Жалпы алғанда, осы кезеңнің қылқалам шеберлеріне ұлттық мектептің негізін қалаушылары ретінде үлкен саяси салмақ түскені де рас. Өйткені олардың алдарында, біріншіден, өнердегі өз орнын табу міндеті тұрды, яғни, ол қазақ халқының ұлттық дүниетанымын, дәстүрлі сана-сезімін бейнелеу арқылы, оның қайталанбастығын айқындау болса, екіншіден, социалистік қоғамның, сол кездегі өнердің өзіне қойылған «социалистік реализм» әдістерінің қатаң талаптарын орындау үлкен сын болды. Ә. Қастеев өзінің шығармашылығында осы екі міндетті еш ауыртпалықсыз орындап өзінің қайталанбас халықтық арнадағы қолтаңбасын таба білді.

Қылқалам шеберінің шығармашылығы хақында өнертанушы Д. Шарипова: «Ә. Қастеев қазақ кескіндеме өнерінің майталманы болғанда да, өзінің терең тамырлы өнеріне негізделген көркемдік ойлау логикасының халықтық қасиетін сақтайды» деп атап өтеді [3, 9 б. ] .

Қылқалам шеберінің алғашқы шығармаларынан бастап-ақ туған жер табиғаты мен қарапайым халық өмірінің көріністері жайлы сүйіспеншілікпен асықпай, толыққанды баяндау сипаты өмірінің соңғы күніне дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.

Ә. Ысмайыловты қазақ кескіндемесіндегі тұңғыш кәсіби суретшілердің ішіндегі романтикалық тақырыптардың алғашқы қарлығашы десе де болады. Қылқалам шебері жайлы өнертанушы Қ. Болатбаев: «Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов көлемдік көркем туынды жазуда дәуір мен дәстүрге, түр мен мазмұнға толы тұжырымды ойларын ортаға сала білді» [4, 87 б. ] - деп баға береді. Суретші шығармашылығының негізі лирикалық-романтикалық сарындағы табиғат көрінісі мен халық эпостары тақырыптары аясын қамтиды. Халық өмірі мен дәстүрінің түп тамырынан нәр алған шебердің шығармашылығында орын алған халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері мен халқымыздың әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары мен мереке-мейрамдары ғасырдан-ғасырға сабақтасқан ұлт дәстүрлерінің философиялық және дүниетанымдық маңызын көркемдік таным тұрғысынан ашып көрсетеді.

Еліміздегі ұлы үдерістерден, әрине, қазақ кескіндеме өнері ешбір шет қалған емес. Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздің өнеріндегі ортақ тақырып - майдангерлер ерлігі мен отансүйгіштігі, жеңіс жолындағы халқымыздың тылдағы тынбай жасаған ерен еңбегі туралы болды. Суретшілердің шығармашылығындағы үлкен орын алған майдан тақырыбы жайлы туындылар төңірегінде өнертанушы И. Рыбакова М. Лизогубтың «Майдангерлерге сыйлық» (1942) «Тыл майданға», «Жаңа отбасында» (1945), Л. Леонтьевтің «Майданға аттандыру» (1956), Б. Урманченің «Жеңіспен оралыңдар», О. Кужеленконың «Алматы соғыс күндері», «Майдангер әңгімесі» атты туындыларында ел басына түскен ауыр жылдар тыныс-тіршілігі бейнесін үлкен сезіммен бейнелейтінін атап өтеді. Сол сияқты суретшілердің қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін өз пайымдауындарынан өткізіп бейнелеген туындыларында қазақ халқының дарқандығы мен меймандостығы, олардың тұрмысындағы қарапайым көріністер жылылыққа толы. Айта кететін болсақ, ол Л. Леонтьевтің «Колхоз базары» (1940), М. Лизогубтың «Ертегі» (1958), «Халық шебері» (1961), А. Черкасскийдің «Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісова» (1955) атты туындылары қазақ халқына деген алғыс сезімінен туындаған шығармалар болып табылады.

Бұл тараушада Қазақстандағы тұрмыстық жанрдың қалыптасуындағы алғашқы қылқалам шеберлерінің шығармашылығын таразылап, олардың өз алдына бір кәсіби мектеп болып өркендей түсуі үшін әсер еткен ықпалдарды сыртқы және ішкі факторларға ажыратып көрсеттік. Сол кезеңдегі мәдени-әлеуметтік өмір шындығының суретшілер назарынан тыс қалмауы, ұлттық болмыс нақыштарының да айшықталуы, кеңес заманындағы идеологиялық талаптардың да орындалуын өнер иелерінің туындылары арқылы дәйектеп көрсеттік.

«Суретшілердің тұрмыстық жанр саласындағы туындыларының көркемдік бейнелеу тілі мен мазмұндық ерекшеліктері» 1930-1940 жылдар аралығындағы күнделікті өмірді көркемдік түрде нақыштайтын кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың ықпалымен бейнелеу өнерінің өзіндік көркемдік бейнелеу тілі қалыптасқандығын негізге ала отырып, осы кезеңдегі қылқалам шеберлерінің туындылары қарастырылды. Көркемдік бейнелеу тілі жайлы айтатын болсақ, ол әрине, бірінше кезекте ұлттық көркемдік таным жүйесі. Бұл жүйенің негізгі насихатшылары өз кезегінде кәсіби кескіндеменің ең бастауында тұрған суретшілерімізден бастап, яғни, Ә. Қастеев, Қ. Қожықов, Ә. Ысмайылов сынды қылқалам шеберлеріміз бен бүгінгі күндегі өнер иелерінің шығармашылығына дейін өз жалғасын тауып жатыр.

Алайда олардың ізденіс жолдары тегіс, бір сарынды болды деп айта алмаймыз, өнер иелері не бір қиындықтарды басынан кешіріп, оларды жеңе отырып, ұлттық мектеп келбетін қалыптастырды. Ұлттық мектептің бастапқы жылдарында туындаған кейбір мәселелер жайында өнертанушы А. Юсупованың тұжырымдауынша: «1920-1930 жылдар аралығында кезеңінің өнеріндегі туындаған күрделіліктер, сол кездегі тарихи уақыттың күрт өзгеруіне байланысты, ол қазақ кескіндеме өнерінде қазіргі кезге дейін сақталған ұлттың рухани алғашарттары жүйесінің трансформацияға ұшырауы мен көпқырлы екіұдайлық болып табылады . . . Орыс реалистік өнерінің дәстүрлері арқылы Қазақстан кескіндемесі әлемдік көркемдік мектептер тәжірибесімен таныса алатын болды. Бір жағынан, реалистік әдіс суретшілерді ұлттық, азиаттық менталитетіне тән астарлы көркемдік «өзіндік сөз» қолдану мен философиялық-пайымдаушылық ойлау түрінен алып кетіп отырды» [5, 7 б. ] .

Кеңес заманының өнерге қойған талабы бойынша, «пішіні ұлттық, мазмұны социалистік» деп аталған құбылыс шеңберінде ұлттық кескіндемешілеріміз халықтың рухани дәстүрлерін, ондағы рәсімдер, әдет-ғұрыптар мен салт-жоралардың дүниетанымдық маңызын барынша сюжетке салып бейнелей білді. Яғни, нақты тұрмыстық жанр көлемінде уақыт пен кеңістік аумағындағы халық өмірінің күнделікті тіршілігі мен оның ғасырлар бойы жинаған әр қырлы тәжірибесін тұтастай қамтып, осы мәселелердің астарлы мағынасы мен түйткілді тұстарын да белгілі бір деңгейде көркемдік таным құралдарымен ашып көрсетуге тырысты. Олай болса тұрмыстың кең ауқымды, әр салалы екендігіне байланысты, оны бейнелеу сәтінде де сан алуан образдар мен оқиғалардың көрініс табатындығына сай тұрмыстық жанрда нақышталған туындыларды жинақтай отыра, біз ұлттық және елімізге келген суретшілердің өзіндік көркемдік тіл ерекшелігіне әсер еткен тақырыптар мазмұны аясын шартты түрде былайша жіктеп, топтастырып көрсеттік:

- ұлттық және халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің сәттері;

- қоғам мен адам мәнін ашып көрсету;

- идеологиялық және оның әртүрлі мазмұндағы көріністері.

Осы тараушада өнер иелерінің шығармашылығында өмір шындығымен тікелей астасып жатқан тұрмыстық жанрдың аясында, шеберлеріміздің бейнелеу көркемдік тіл ерекшелігінің қалыптасуына ықпал жасаған факторларды зерделеп өттік. Ондағы халықтық мінез-құлық және ұлттық түстік ерекшеліктерін, сол кездегі уақыт талабындағы социалистік реалистік тіл шеңберінде өзіндік ұлттық ішкі мазмұны мен сыртқы формасын анықтаған кескіндеме өнеріндегі бейнелеу көркемдік тілінің қалыптасуында тұрмыстық жанр аясындағы еңбек еткен суретшілердің де үлесі болғанын пайымдадық.

Бұл тарауда Қазақстандық кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың қалыптасуының негізгі алғышарттары талданып, бастапқы кезендерін 1930-1940 жылдар бойынша жіктеп алып, сол уақыттағы суретшілердің шығармаларынан мысалдар келтіре отырып дәйектедік. Әрбір суретшінің шығармашылығындағы тұрмыстық жанр төңірегінде жазылған туындыларының тақырыптық мазмұнын, сюжетін, құрылымын, түстік және т. б. ерекшеліктерін кешенді түрде жеке-жеке талдап көрсеттік. Және сол арқылы суретшілер шығармашылығының халықтық, дәстүрлі, ұлттық, дүниетанымдық, қоғамдық-әлеуметтік сипаттары мен шығармашылықтарында қалыптасқан көркемдік бейнелеу тілінің өзіндік көрінісін айқындадық.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Суретшілердің жанр саласындағы туындыларының көркемдік бейнелеу тілі мен мазмұндық ерекшеліктері
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кескіндеме және мүсін өнеріндегі Әйтеке би бейнесі
Тау бөктерінде
Қазақстан бейнелеу өнерінің даму тарихы
Бейнелеу өнері сабақтарында оқушыларды тарихи композиция құрастыруға үйрету (көшпенділер)
Орта мектеп оқушыларына бейнелеу өнері пәнінде пейзаж жанры туралы және оның салу тәсілдерін үйрету
Бейнелеу өнерінің теориясы
Пейзаждың суретін салу әдісі
Шығармаларын анималистік жанрға арнаған суретшілер
Қазақ күресінің түрлері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz