ТҰРМЫС - САЛТ ЖЫРЛАРЫ. Тұрмыс-салт жырларының басты түрлері


ТҰРМЫС - САЛТ ЖЫРЛАРЫ
Тұрмыс-салт жырларында халықтың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, негізгі шаруашылық кәсібі, түрлі әдет-ғұрпы, салт-санасы кең суреттеледі.
Тұрмыс-салт жырларының басты түрлері:
1. Еңбек және шаруашылық кәсібіне байланысты туған өлең - жырлар.
2. Әдет-ғұрыпқа байланысты туған өлең-жырлар.
Еңбек және шаруашылық кәсібіне байланысты туған өлең-жырларға жататындар - төрт түлік мал және басқа жануарлар туралы, аңшылық туралы өлеңдер мен наурыз жыры.
Әдет-ғұрыпқа, салтқа байланысты туған өлең-жырларға жататындар - той бастар, жар-жар, сыңсу, беташар, қоштасу, көңіл айтуы, естірту, жоқтау.
Еңбек және шаруашылық кәсібіне байланысты туған өлең - жырлар
Адам баласының алға басуы, ой - санасының өсуі қоғамның экономикалық, тіршілік жағдайларына байланысты.
Халықтың рухани мәдениеті, соның ішінде ауыз әдебиеті - қоғамның экономикалық тіршілігінің көрінісі. Фольклорлық шығармалардың көпшілігінде негізінен адамдардың еңбегі сөз болады. Еңбек және шаруашылық кәсібіне байланысты өлең-жырлар да халықтың сол дәуірдегі тіршілік, кәсіп процесінде туып, дамыды және өзі де соның ілгерілеуі үшін ықпал етті. Сонымен қатар оларда өз дәуірінің дүниетанымы мен ой - санасының да елесі бар.
Тұрмыс-салт жырларының еңбек пен шаруашылық кәсібіне байланысты түрі көбіне төрт түлік малға арналған.
Төрт түлік мал туралы өлең - жырлар.
Төрт түлік мал - қазақ халқының күн көрісінің, шаруашылығының негізгі саласы. Ол - сауса сүт, сойса ет, кисе киім, мінсе көлік. Сондықтан халық малды аса қадірлеп, оны барынша бейнелеп отырған. Төрт түлік мал туралы өлең-жырлардан сонау ескі заманның елесін көреміз. Ол көзде адам табиғат сырын түсінбей, сыртқы бір «құдіретті күштерге» табынып, жалбарынған. Өзі сырын ұқпаған табиғат құбылыстарының барлығының иесі, тәңірі бар деп түсінген.
Олар күнге, жерге, аруаққа сыйынып, құлшылық етіп бас ұрған, солар арқылы еңбегін жеңілдетіп, молшылыққа жетпек болған. Хайуанаттардың әрқайсысының иесі бар деп білуі де сондықтан. Қой атасы - Шопан ата, түйе атасы - Ойсыл қара, жылқы атасы - Жылқышы ата (кейде Қамбар ата деп те айтылады), сиыр атасы - Зеңгі баба деп, әрқайсысына жекелей ат қойған. Солардан медет тілеген. Шопан атадан: «Тегене құйрық қошқарды, малды берсең, қойды бер», Жылқышы атадан: «Айғыр берсең, байсалды, үйірі толған байталды, өңкей мама бие бер, сауған сайын иіген», Зеңгі бабадан: «Сиыр берсең, сүтті бер өңкей мама», Ойсыл қарадан: «Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан, Төрт аяғын тең басқан» түлік беруді тілейді.
Әр түліктің әрқайсысының иелері болуы - төрт түлік мал туралы айтылатын бұл өлең-жырлардың алғашқы нұсқалары сонау ерте заманда шыққанын дәлелдейді.
Халық өлең-жырларында малдың өсіп-өрбуі сол иелерінің шарапатына байланысты деумен қатар, «Мал баққанға бітеді» деген даналық ой айтады. Сиыр «қалың құрақ нуға», жылқы «бетегелі белге», түйе «жалмаң құлақ сорға» бітеді. Жайылымы, күтімі, бағып-қағуы дұрыс болған жерде ғана мал өседі, мол өнім береді. Халық өзінің бай тәжірибесінен осындай түйін, қорытынды жасайды, кейінгі ұрпаққа оны үлгі-өнеге ретінде қалдырады.
«Түйе, түйе, түйелер» деген өлеңде:
Еніп кеттім еңіске, Жусанын мен қойға бердім,
Қойным толды жеміске, Қой маған қошақанын берді . . .
Жемісімді жерге бердім, Суын қара сиырға бердім,
Жер жусанын берді. Қара сиыр сүтін берді . . . -
деп, игілік көзі еңбекте екенін тамаша айтып берген. Жердің жусаны, қойдың қошақаны, қара сиырдың сүті - осының бәрі адам еңбегінің жемісі. Демек, тұрмыс-салт жырларында халық жасампаз еңбекті дәріптеген. Тек төрт түлік иелеріне сыйынып, қол қусырып отыра бермеген, береке еңбекпен келетінін білген.
Халық төрт түлік туралы өлең-жырларда әр түліктің қасиетін, адамға берер молшылығын дөп басып айтқан. Тегене құйрық қойды халық еті мен жүні, жылқыны сүті мен күші, «найза ұстаған ерге» қанат болғаны үшін, «екі өркеші баладай» аруана-түйені жүні, сүті, ұзақ сапарға төзімділігі, «желіні бар қазандай» сиырды сүті, егізді «қос жегуге жараған» күші үшін бағалаған.
Халық өзінің ең асылын малға балаған. Баласын жақсы көргенде «ботам», «қозым», «құлыным» деп аймалаған. Көзі мөлдіреген аруды «бота көз» деп сипаттаған. Малмен көзін ашқан адамға бұл бейнелі сөз сұлулықтың ерекше белгісіндей танылады.
Ал осы «бота көз» деген бейнелі сөз мал шаруашылығымен еш байланысы жоқ ел үшін мүлде оғаш көрінер еді. Неге десеңіз, өмір тіршілігінде, түйенің еш мәні жоқ ел адамына ботаның өзі де, оның мөлдіреген қарақат көзі де көркем бейнені елестете алмайды, сөзімін де селт еткізбейді.
Адамның мал бағудағы кейбір өрескел істерін шеней де көрсеткен ауыз әдебиетінің нұсқалары бар. Мал мен адамның айтысы малды дұрыс бағып-күтпейтіндерді сынау мақсатымен шығарылған өлеңдер екені сөзсіз. «Малдың баласын сүюі» деген жырлар - мал үшін емес, адам үшін, адамның малды бағалай білуі үшін айтылатын сөз.
Халықтың тамаша бейнелерді жақсы деген жануарлардың айна-ласынан іздеуінің екі себебі бар. Біріншіден, ғасырлар бойы қазақ халқының өмірінде мал шаруашылығының мәні зор болды да, ол адамның ой-санасына мықты әсерін тигізді. Екіншіден, малдың, қай түрі болсын, көпке белгілі. Демек, белгісіз бір нәрсені белгілі жануарларға теңеу, салыстыру, балау арқылы таныстыру ұтымды болды.
Қазақтың ауыз әдебиетін, жазба әдебиетін алсақ та «жігіттің жампозы» не «жігіттің нары» деген метафораны кездестіреміз. Ал, жігітті - «өгіз», баланы - «бұзауым, торпағым», - деп аялау, мадақтау еш уақытта да айтылмайды. Мұның себебі қой мен түйеге қарағанда қазақ халқы сиырды кейінірек малданған болса керек, екіншіден, көшпелі өмірде сиырдың мәні нақ әлгі үш түліктей болған емес. Сондықтан да ауыз әдебиетінің ескі нұсқаларында сиырға, оның теліне байланысты атаулар өте аз, ол тек соңғы көздегі ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларында ғана кездеседі.
Адам - табиғат перзенті. Табиғаттан тыс адам өмір сұре алмайды. Сол табиғаттың жанды көрінісінің бірі - Төрт түлік мал. Оны халық әр заманда ардақтаған, бағалаған. Бүгінгі өмір тіршілігімізде де малдың орны ерекше.
Аңшылық туралы өлең - жырлар.
Еңбек және шаруашылық кәсібімен байланысты өлең-жырлардың және бір түрі - аңшылық туралы жырлар.
Аңшылық әуел баста күн көріс көзі, тіршілік үшін керекті кәсіптің бір түрі болған. Кейін ол тек күн көріс көзі ғана болмай, саят, көңіл көтеру, ермек, мергендік өнеріне де айналған.
Бүкіл өмірін аңшылықпен өткізген адамдар қазақта аз емес.
«Қару жисаң - мылтық жи, жаяу жүрсең - таяғың, қарның ашса - тамағың» деген мәтел де осыны дәлелдейді.
Аң, құс, әр түрлі жануарлар туралы аңыз ауыз әдебиетінде көп кездеседі. Өзінің мергендігімен, батырлығымен талай аңды тайдай тулатып, өзгеге олжа салған аңшыны ақындар асқақтата, мадақтай жырлап, оны кейінгілерге үлгі етеді.
Ұяда сұңқар түлетіп, Азулы да бөрі атқан.
Қиядан сұңқар тілеткен Есіктен қабан ақыртқан
Қиядан барып теке атқан, Төріне сұңқар шақыртқан,
Бас бармақтай бөдене, Арыстан деген аң болар,
Басынан байлап көзге атқан. Асауын ұстап байлаған.
деп, аңшыларды ақындар ерекше мадақтайды.
«Қамбар батыр» жырында «тоқсан үйлі тобыр мен алпыс үйлі арғынды» құс етімен асыраған Қамбардың аңшылығын да сүйсіне жырлайды. Аңшылармен қатар, оның серігі әр түрлі қыран құстарды да жыр етті. «Арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «құландай ащы дауысты», «құлжадай айбар мүйізді», «кер маралдай керілген», «тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған», «аққуға аспандағы ән қосамын» т. б. сияқты көптеген көркем сөздерді аңшылық өмірден алып қолданады.
Түлкінің жүгірісін қыран байқар,
Ойласаң, сөзің емес маған айтар.
Қанды көз, май жеп алғыш ақ иықпын,
Сен түгіл қасқыр көрсем, бір-ақ шайнар . . . -
деген жолдардан аңшылық кәсібін елдің қаншалықты сүйгендігін және ол халықтың бейнелі көркем ойына қаншалықты әсер еткендігін айқын көруге болады.
Қыран құсты дәріптеген үлкен-үлкен өлең-жырлар да бар. Мұнда қыран құстарды халық барлық жағынан алып суреттейді.
«Көкжендет» туралы өлеңнің бір жерінде:
Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы,
Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы.
Алпыс қаз, тоқсан үйрек бір күнде алған,
Көріп пе ең Көкжендеттей қыран шәулі, -
деп, оның алғырлығын суреттесе, екінші бір жерінде:
Көкжендет, қанды балақ шіркін, кәрі,
Болар ма Көкжендеттей құстың бәрі!
Ауылды құс етімен кәні қылушы ең
Шіркіннің не қылайын, өтті зары!-
деп, ол құс тек иесінің ғана емес, ауыл-аймақтың ырысы екенін аңғартады.
Ауыз әдебиетінде қыран құстармен қатар киік, құлан, ақбөкен, қоңыр қаз, аққу да көп жырланады. Бұлардың жырлануы, әрине, таң қаларлық нәрсе емес. Өйткені қыран құс аң ұстар құралы болса, аң мен құс - іздеген кәсібінің өзі.
Аңшылық туралы өлең-жырларда, әсіресе аққу мен ақбөкен ерекше бір сөзіммен жырланады. Мұның себебі, бұлар - сұлулықтың, әдеміліктің символы. Сұлудың көзінің қаралығын ақбөкеннің көзіне теңеу, атты «бөкен қабақ», «бөкен желіс» деп суреттеу қазақ әдебиетінде жиі кездеседі.
Аққу құс халық ақындарының сүйгеніне деген тереңдегі нәзік сөзімін білдіру үшін сүйгенін теңейтін не балайтын ең асылы боп есептеледі.
Қалқатай отыр ма екен, жатыр ма екен,
Аққудай көл шайқаған аппақ болып, -
деген өлеңдер халықтың аққуды аса бағалайтындығын көрсетеді. Сонымен қатар аққу, ақбөкендерді сұлулық символы етіп алушылық - қазақ ақындарының әдемілік, сұлулықты таңдай білгендігін де дәлелдейді.
Аңшылықтың бір түрі - мергеншілік. Қазақ құс салып, ит жүгіртумен қатар, мергеншілікпен, яғни садақ тартып, мылтық атып та аңшылық жасайтын болған. Ескі көздегі садақ, кейінгі көзде мылтық - мергендік халықтың ерекше сүйген өнерінің бірі.
Бес жасыңа келгенде,
Жас шыбықтан жай тарттың
Жалғыз шиден оқ аттың,
Кәне, шыққан мүйізің?. .
Немесе:
Құралай көрсе, көзге атқан,
Құланды көрсе, белге атқан,
Оң келгенін оң атқан,
Сол келгеніне сол атқан,
Солақай тартса құлатқан, -
деп келетін жырлардан қазақ халқының балаларды жастайынан мергендікке баулып, мергендікті мейлінше бағалағанын көреміз. Халық аңшылық-мергендікті, бір жағынан, күн көріс көзі деп білсе, екіншіден, үлкен өнер таныған. Аңшы-мерген жігіттерді мадақтаған, көпке үлгі-өнеге еткен. Көп ертегілердің аттары: «Құламерген», «Жоямерген» боп келуінің өзі де мергендіктің ер үшін де, ел үшін де керектігін жақсы түсінгендіктен екені даусыз. «Құламерген» ертегісінде жеті басты жалмауыздың кәріне ұшыраған әкесін Жоямерген атқыштығымен ғана құтқарады.
Балаға сонда кемпір жалт қарады,
Маңдайда жалғыз көзден қалды басып . . .
«Құламерген» ертегісінің негізгі идеялық бір мақсаты осы мергендікті үлгі етуде жатыр. Әкесінің де, Жоямергеннің өзінің де бақытқа қолы жетуі - мергендіктің арқасы, Жоямерген жалмауыз кемпірді мергендігімен ғана өлтіреді.
Наурыз жыры
Ескіден келе жатқан ауыз әдебиетінің бір үлгісі - наурыз кезінде айтылатын өлеңдер. Бұлар қысқа да, көлемді де бола береді. Оны наурыз жыры деп атайды. Наурыз жыры, негізінде әдет-ғұрып, салт жырларына жатады. Өйткені мұның еңбекпен, кәсіппен, салтпен байланысты жағы бар. Ал, өзінің шығу тегіне қарағанда ол еңбек, кәсіп жырына жақын. Қазақтың ескі дәстүрінде, көне заманғы күн тізбеде наурыз, қазіргі наурыздың 22-і (ескі стильде 9-март) күн мен түннің теңелген шағы, жаңа жылдың басы боп есептеліп, ол күн мерекеленіп еткізілетін болған. Оны кәрі-жасы «құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай, жамырасып ебіскен ұлыстың ұлы күні» деп те атаған. Бұл күн қыс қысылған көшпелі шаруашылықтың ендігі жерде арқа-басы кеңейіп, күн жылы, жер қараға жетеміндеп үміт артатын қуанышты мерекесі ретінде де тойланады. Қыстай боранмен, суықпен алысып, көкке кез тігіп, қалт-құлт етіп отырған елдің күн жылы шырай беріп, наурыз туып, көктем келгендегі қуанышында шек болмаған. Көшпелі елді қыс мойыны ұзап, «күрек ашып» (қарды күреп, астындағы шөбін ашып) малға шеп тауып беру азабынан, жұттың қаупінен құтқаратын көктем, жаңа жыл басы - наурыз күні халықты қуанышқа белейді, шаруаның үміт жұлдызы сияқты болып көрінеді. Сонымен, наурыз күні - қазақ елінің үлкен мерекесі, ол халықтың шаруашылық жайындағы тілегімен байланысты туған.
Бұл тәрізді жаз бен қыстың шекарасындағы айларды не жаздың бастапқы айын мейрамдау жалғыз қазақ елінде ғана емес, ескі грек елінен бастап, әр елде де бар. Олардың мезгілдері әр басқа болса да, мазмұны ұқсас. Бәрінікі де жаз айын қуанышпен қарсы алу, жазғы еңбектің жемісті, нәтижелі болуын тілеу.
Наурыз күнін қазақ елі ете жоғары санаған. Наурыз күні бірде-бір адам жұмыс істемеген. Ол күні жұмыс істесе, басы қалтылдақ болады-мыс деген аңыз бар. «Құл құтылар құрықтан, күң құтылар сырықтан» дейді. Ол күндері басында билігі жоқ құл мен күңге дейін байдың жұмысынан босатылуы, наурызды жалпы ел болып қадірлейтіндігін көрсетеді. Қазақ елінің өміріндегі әр түрлі мейрамдар да, нақ наурыз айындай ардақталынбаған.
Сөйтіп, наурыз күнінің ерекше бағалануы халықтың еңбекті, шаруашылықты қастерлеуінде жатыр. Мысалы:
Ұлыс күні қазан толса, Ұлыс оң болсын
Ол жылы ақ мол болар. Ақ мол болсың!
Ұлы кісіден бата алсаң. Қайда барсаң, жол болсын!
Сонда олжалы жол болар . . . Ұлыс оң болсын!
Төрт түлік ақты болсын, Пәле-жала жерге енсін!. . -
Ұлыс береке берсін,
деген жолдардан-ақ Наурыз күнін халықтың қалай құрметтегені айқын байқалады.
Ұлыс күніндегі жырлардың көпшілігі ескі діни ұғыммен, толып жатқан «иелермен» байланысты боп отырады. Бұл иелер (мифтердің өзі) адам тіршілігін жеңілдетуді армандаумен байланысты туған.
Ескі діни ұғыммен байланысты «бұлт шақыру», «күн жайлату», «жылан, бүйі, қара құрттарды арбау» сияқты өлең-жырлар, бақсы сарыны - бәрі де әр түрлі стихиялық күштерге сөз арқылы әсер ету тілегінен туғандығы талассыз. Ол көздегі әр түрлі тәңір иелерінің өзі де күйінетін, сүйінетін кәдімгі адам бейнесінде суреттеледі. Олар негізінде екі түрлі. Бірі - жақсылық иелері, екіншісі - жауыздық, зұлымдық иелері. Ауыз әдебиетіндегі «бұлт шақыру», «жылан арбау» сияқты жырлар арғы төркінінде елді дінге бағындыру үшін туған шығармалар емес, жақсылық иелерінің «көңілін аулай» отырып, жамандық иелеріне әсер ету, сөйтіп, жауыздық күшке көлденең тұру мақсатымен байланысты туған. Өлең-жырлар. Бертін келе олар бастапқы сипатын өзгертіп, әдет-ғұрып, салт жырларына айналған.
Әдет-ғұрыпқа байланысты туған өлең-жырлар
Қазақ халқының әріден келе жатқан өзіндік ойын-сауығы, дәстүрі, ғұрпы, салты бар. Бұлар бір күннің не бір жылдың ғана нәтижесі емес, талай ғасыр жемісі. Қай елде болсын, адам өмірінің үш кезеңі - туу, үйлену, өлу - ауыз әдебиетінен кең орын алады. Адам өмірінің осы айтылған әр бунағына сәйкес халықтың әр түрлі салты, ғұрпы, әр елдің өзіне тән дәстүрі бар. Басқа халықтарда бұлар ән, би, өлең-тақпақ тағы басқа өнер арқылы көрінсе, қазақта әдет-ғұрып, салт кәбіне ән, өлең-жыр арқылы бейнеленеді.
Қазақ елінің тұрмысында шілдехана ойынынан бастап, ойын-тойдың бәрі де ән, өлеңмен етеді. Адам өлгенде де ұзақ өлең-жырмен жоқтау айтады.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай өлең-сөлең, -
деп Абай біліп айтқан.
Салт жырларының бір түрі - шілдехана өлеңдері. Бұл - бала туған күні айтылады. Негізгі мазмұны - дүниеге келген жаңа адамды құттықтау. Оның бақытты болуына, ер жетіп, елге керекті азамат болуына тілекТөстік білдіру. Шілдеханада кейде айтысып қалушылық та болады. Әсіресе оның салтқа айналған бір жағы - түн күзету. Жаңа туған нәресте мен жас босанған ананы алғашқы түні арбар ш і л д е л і к пен м а р т у тәрізді рақымсыз жаманат «иелерінен» ән, өлең құдіреті арқылы қорғап қалмақ болады.
Той бастар
Бұл өлең той көзінде жырланады. «Той тондынікі, ас аттынікі» деген мәтел тойдың әлеуметтік орнын көрсетеді. Әйтсе де тойға тонсыз, атсыздардың да қатысуына тыйым салынбайды. Той бастар ұзатылатын қызға байланысты айтылады.
Қазақтың қыз ұзататын тойы той иесінің әл-ауқатына қарай жұрттың жиналуы жағынан болсын бірдей болып келмейді. Ол - табиғи нәрсе. Бірақ тойдың көпшілігіне тән, салтқа айналған бір әдет той асы, қонақ асы біткеннен кейін әр түрлі қызықтар (ат шабу, палуанға түсу т. б. ) көрсету үшін, ең әуелі тойдың ойыны басталатындығын хабарлау керек. Тойға келушілер қызық үшін келеді. «Тойға барсаң, тойып бар, жұмысыңды қойып бар» деген мәтел де осыдан шыққан болуға тиіс. Сол қызықтың әуелгі беташары - той бастар жыры. Атының өзі де тойды бастаудан шыққанын көрсетіп тұр.
Тойды:
Әдетім той бастайтын әуел баста,
Сұлу сөз жарасады қарындасқа.
Шабытым көкірегіме жел берген соң,
Бұл тойды кім бастайды бізден басқа, -
деп, «ала құйын желі бар» ақын жігіт бастайды.
Той бастардың негізгі мазмұны - тойдың салтын дәріптеу, той иесі қызды мақтау, той жасаушылардың жақсы тілеуіне үн қосу.
Құтты болсын тойыңыз, той иесі,
Той есесін тәңірім толтырады . . .
Құтты болсын айтамыз тойыңызға,
Той иесі, тойыңыз тойға ұлассын!. .
Той бастар жырының түрлері көп. Бірақ айтайын деген пікірі осы үзіндіден алшақ кетпейді. Той бастар жырының көбі-ақ бата берумен, жақсы тілекпен аяқталады. Қыздың ұзатылып барған жерінде бақытты болуына, бейнет көрмей өмір сұруіне елдің тілекТөстігін білдіреді.
Той бастар жырында кір жуып, кіндік кескен жерін, ел-жұртын, алтын ұясын тастап кету қызға да, әлпештеп өсірген өз баласын басқаға беріп жіберу ата-ана мен ағайын-туысқанға да оңай еместігі былай өрнектелген:
Егіліп сен жылайсың: «Елім-ай!»- деп.
«Құрбылас, ойнап-күлген теңім-ай!» - деп.
Елжіреп жүрек, бауыры шешең жылар:
«Ашыған тар құрсағым, белім-ай!»- деп,
Үстінде тесегінің әкең жылар:
«Алланың ақ бүйрығы осылай!»- деп.
Сонымен қатар той бастар жырында ұзатылып бара жатқан қызға: «Жарқыным, кетемін деп кеп қайғырма. Бұрынғы қалған жолы ата-анадан», «Шырағым, жыласаң да қуанарсың, Ақша отау шетке тіксе қуанарсың»- деп, жұбату айтады.
Ол жырлардан біз елдің өткендегі салтын, әдет-ғұрпын танып, білеміз.
Кеңестік өміріміздің жаңа дәстүріне орай той бастар жырының мазмұны да жаңарды. Халықтың ғасырлар бойы жасаған бұл салт жыры бүгінгі шат-шадыман заманымызда отау құрған жас жұбайлардың үйлену тойында айтылады. Жаңарған той бастар жырында тойға жиналған көпті думанды қызыққа шақырады. Той бастаушы:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz