Ұлттық қауіпсіздік ұғымы, түсінігі, ерекшеліктері


Мазмұны
Кіріспе
Қазіргі әлемдік саясат ғаламдану процесінің қарқынды жүруімен, геосаяси ахуалдың күрделенуімен, тарихи-саяси қайшылықтармен, экономикалық дағдарыстармен, терроризм мен экстремизмнің кең таралуы сияқты халықаралық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлердің көбеюімен ерекшеленіп отыр. Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тыныс-тіршілігі мен тұрақты дамуы, ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияларын жүзеге асыруы осындай проблемаларды үнемі ескеріп отыруды талап етеді. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Ұлттық мүдделерді жүзеге асырылмаса, ұлттық қауіпсіздік қамтамасыз етілмесе кез-келген мемлекет жойылып кетері сөзсіз. «Мәңгілік ел» боламыз десек, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ұлттық қауіпсіздік - елдің дамуына аса қажет стратегиялық шарт. Осыған байланысты, саясаттанушы мамандардың ұлттық қауіпсіздік саласы туралы жан-жақты білімі болуы қажет:
- ұлттық қауіпсіздіктің теориялық негіздерін, оның негізгі түрлерін білуі тиіс;
- әлемдік жалпыадамзаттық қауіпсіздік проблемалары туралы кешенді білім (экологиялық, демографиялық, ядролық қауіпсіздік, экономикалық, ақпараттық, соғыс және бейбітшілік мәселелері т. б. ) ;
- ғаламдық қауіпсіздік және ондағы Қазақстанның алатын орны мен рөлін;
- Қазақстан Республикасының геосаяси және геостратегиялық жағдайының ерекшеліктерін;
- әлемдегі әскери-саяси жағдайдың өзгеруі мен Қазақстанның әскери қауіпсіздігінің жай-жапсарын;
- ғаламдық, аймақтық және ұжымдық қаіпсіздікті құру мен нығайтудың жүйелерін;
- экономикалық қауіпсіздіктің ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасының геоэкономикалық мүдделерін, экономикалық саясаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін;
- Қазақстан мүше интеграциялық бірлестіктердің проблемаларын;
- ақпараттық қауіпсіздік пен Қазақстанның ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы саясатын;
- көпұлтты Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардағы тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін;
- Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігі мен экологиялық проблемалары туралы;
- еліміздің демографиялық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлер жайлы;
- халықаралық терроризммен күрес, экстемизмнің алдын алу мен оған қарсы күрес салаларындағы Қазақстанның рөлі т. б. мәселелерді білуі тиіс.
Жоғарыда айтылғандар ескеріле отырып, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі» пәнінің ауқымында жеке тұлға, қоғам және мемлекет мүдделерінің қорғалуы, Қазақстанның ұлттық мүдделері мен ұлттық қауіпсіздігінің ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қамтамасыз етудің заңдылықтары мен ұстанымдары кешенді қарастырылады. Қазақстандық саяси ғылымның конфликтология саласы бойынша белді маман, профессор Г. Ө. Насимова атап көрсеткендей, қауіпсіздік бөлінбейтін біртұтас ұғым. Бұл - қауіпсіздікке қатысты барлық мәселелер кешенді түрде шешілуі керек дегенді білдіреді. Яғни, ұлттық қауіпсіздікті - мемлекеттіктен, аймақтықты - континенттіктен, континенттікті - жаһандықтан бөлуге болмайды. Бұл, ең алдымен, әлем біртұтас және шоғырлану оның субъектілерінің дамуының басты бағыты болып келеді және қауіпсіздіктің барлық мәселелері өзара тығыз байланысқан, олардың біреуін шешу басқасының алдын ала шешілуін талап етеді. Оқу құралында қарастырылатын ұлттық қауіпсіздік мәселелері көп қырлы және кешенді екенінің дәлелі - бұл мәселені саясаттанумен қатар, философия, әлеуметтану, құқықтану, экономика, әскери ғылым салалары қызу қарастырады. Ұлттық қауіпсіздік ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен үнемі өзгеріс пен даму үстінде болатын динамикалы құбылыс болғандықтан, әрдайым зерттеушілердің назарында, сондықтан бұл тақырып өзінің өзектілігі мен маңыздылығын ешқашан жоғалтпайды.
Оқу құралының мақсаты - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары мен қағидаларын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін ықтимал және шынтуайт қатерлерді, ішкі және сыртқы факторларды жүйелі түрде мазмұндап, аталған мәселелер туралы кешенді білім қалыптастыру. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мемлекеттік және қоғамдық дамуға тікелей ықпалы бар, сондықтан, оқу құралында қауіпсіздікке байланысты мәселелер ғылыми-теориялық және тәжірибелік маңыздылығымен анықталады. Кез келген мемлекет пен қоғамның қарқынды қызмет етуі олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенде ғана мүмкін болмақ. Ұлттық қауіпсіздік - жеке тұлғаның, мемлекет пен қоғамның тіршілік етуінің, қалыпты дамуының маңызды шарты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы егеменді даму жылдарында қалыптасқан, барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың бірі деп тұжырымдады. « Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ел халқына арнаған жолдауында Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық» деп, «Қазақстан-2030» Стратегиясының негізгі қорытындыларын жасады және ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін санамалап тұжырымдап берді.
Қазақстан билігі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған түрлі идеялар ұсынып, тиісті саяси шешімдер қабылдап, нақты қадамдар жасауда. Мысалы, Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдануы, ТМД аясында Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымын, Азия ауқымында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы бастаманы іске асыруы, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға атсалысуы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Ислам конференциясы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі, Нью-Йорк (АҚШ) және Сеул (Оңтүстік Корея) қалаларында өткен Жаһандық антиядролық форумдарға қатысуы, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеруге қатысты тың идеялар ұсынуы сияқты саяси процестердің барлығы Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Көреген стратег-саясаткер ретінде Елбасымыз қазіргі таңдағы ұлттық қауіпсіздіктің қатерлеріне төтеп бердуен гөрі оны алдын-алу аса маңызды екенін терең түсінеді. Қауіпсіздік саласындағы басты өзгеріс орын алып отырған тәуекел мен дабылдардардың қауіп-қатерлерге айналуы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейтуді байқатады. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету - жаһандық жаңа шынайылықтарға жедел бейімделуді және ішкі саяси тұрақтылықты күшейту негізгі басымдық ретінде алынуы міндет.
Түйіндеп айтар болсақ, ежелгі заманнан бері мемлекеттің тəуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігі бір-бірінен ажырағызыз құндылықтар, бұл екеуі қай кезеңде болмасын өте маңызды. Бүгінгі таңда әлемдік қауіпсіздікті де, ұлттық қауіпсіздікті де қамтамасыз ету жүйелері түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Қарулы қақтығыстың жаңа түрлері мен мемлекеттер арасындағы байланыстың өсуі жаңашыл іс-əрекеттерді ойластырып, қауіпсіздік туралы тұжырымдаманың өзін қайта қарастыруға итермелеуде. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та болған террористік шабуылдар мен одан кейінгі халықаралық терроризмнің күшеюі, экстремизмнің өршуі мен сепаратистік қозғалыстар мұны айрықша көрсетіп берді. Өткен онжылдықта əлемдегі қауіпсіздік жағдайы айтарлықтай өзгерді. Өткен ғасырдағы дәстүрлі кең ауқымды әскери-саяси теке-тірестер артта қалып, олардың орын жаңа локальды сипаттағы қауіп-қатерлер басты. Бұл қауіпсіздік, шиеленіс жəне бейбітшіліктің астарында жатқан идеяларды жаңаша қарастыруды қажетсінеді.
§ 1. Ұлттық қауіпсіздік ұғымы, түсінігі, ерекшеліктері.
Ұлттық қауіпсіздік ұғымы туралы дәстүрлі көзқарас бойынша ең алдымен, мемлекетті түрлі қауіп-қатерлерден аман сақтау, тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау, территориялық тұтастығын қорғау, саяси тұрақтылыққа, конституциялық құрылысқа, ұлттық мүддеге төнетін шынайы және ықтимал қаупі бар факторларға дер кезінде жауап бере білу сияқты іс-әрекеттер кешенін қамтиды. Әлемдік ауқымдағы ұлттық қауіпсіздің саласындағы зерттеулерге жасалған талдау көрсеткендей, «қауіпсіздік» категориясының мәні мен мазмұнын ашуға бағытталған ізденістердің көпғасырлық тарихы бар. Ежелгі дәуірдегі адамдар қауіпсіздік ұғымын жеке өмірлеріне ғана қатысты қолданған, өмір сүруге кесірін тигізетін зұлымдықтар мен бәле-жаланың болмауын қауіпсіздік деп есептеген. Бұл бағытта түрлі ырымдар, тиымдар, бойтұмарлар, ішірткілер, дұғалар, табулар, салт-дәстүрлер туындаған. Яғни, қауіпсіздік адамды қоршаған ортамен тығыз байланысты ұғым саналды, жеке тұлға мен оның отбасы мен ру-тайпасына, қауымдық ортасына қауіпті жағдайлардың болмауымен түсіндірілді.
Мысалы, антикалық грек ойшылы Платон «Мемлекет» атты еңбегінде «қауіпсіздік» ұғымын дәл осындай мағынада түсіндіріп, оны «көмек беру», «құтқару» деген өзара байланысты іс-әрекеттермен қатар қолданған1. Платон бойынша, мемлекет әскерилерге ерекше назар аударуы тиіс, өйткені әскер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ал әскер болса, мемлекет қауіпсіздігінен басқа ештемеге басын қатырмауы керек. Халық әскерді сақадай сай етіп ұстауға көмектеседі, ал әскер халықты жаудан құтқарады.
Ағылшын ғалымы Роберт Гроссетесттің 1190 жылғы сөздігіне сүйенсек, орта ғасырларда «қауіпсіздік» деп адам қауіптің кез-келген түрінен өзін қорғалғанмын деп сезініп, жан-дүниесінің жайлы болуын түсінген.
Алайда, XVII ғ. дейін Еуропа халқының лексиконына «қауіпсіздік» арнайы термин ретінде ене қойған жоқ, бұл ұғым ауызекі тілде де өте сирек қолданылған. Бұл ұғым батыс еуроплық ғылыми ортада XVII-XVIII ғғ. бастап Т. Гоббс, Д. Локк, Ж. Ж. Руссо, Б. Спиноза және т. б. ойшылдардың «физикалық және моральдық қауіп-қатердің болмауынан адамдардың бойында қалыптасатын қаперсіздік, тыныштық сезімі» дейтін философиялық тұжырымдамалары арқасында кеңінен тарала бастады. Мысалы, Т. Гоббс өз еңбектерінде адамның бір-біріне қатыгездігін «Адам - адамға қасқыр» деп көрсетеді. Адам өз қауіпсіздігі үшін ұрысуға да, соғысуға да дайын тұрады. Т. Гоббс «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты мақсаты» деген. Бейбіт өмірге қол жеткізу үшін адамдар қоғамдық келісім жасайды, соның арқасында мемлекет пайда болады.
Джон Локктың ойынша, қоғамдық келісім қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Ал, Жан-Жак Руссо жеке тұлғаның қауіпсіздігін қоғамдық құрылымдармен байланыстырады. Ш. Л. Монтескье бостандықтың жеке азаматтарға қатысты өлшемі қауіпсіздікпен нақтыланатын, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заңдар мен сот институты ерекше орын алатынын атап көрсеткен.
Осы кезеңнен бастап «қауіпсіздік» ұғымын ғылыми негіздеуге алғашқы талпыныстар жасала бастады. Олардың қатарында неміс ғалымы Йозеф фон Зонненфельстің «Grundsätze der Polizei-Handlungs und Finanzwissenschaft» (Полиция мен қаржының қызмет ету принциптері) атты еңбегінде тұжырымдалған «қауіпсіздік - ешкімнің ештемеден қауіптенбей қаннен-қаперсіз өмір сүруі» деген түсіндірмесі де болды2. Яғни, оның ойынша, жеке адам өзінің өмірін қауіпсіз сезінсе ол - жеке қауіпсіздік, ал бүкіл мемлекет ештемеден қауіптенбей тұрмыс-тіршілік жасаса, ол - қоғамдық, ұлттық қауіпсіздік болып табылады.
Мұндай теориялық ұстаным бойынша, ұлттық қауіпсіздік - бөтен адамдар мен шет мемлекеттер тарапынан болатын, немесе табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардан туындайтын қауіп-қатерлер жағдайында мемлекеттің қолданатын сақтық шаралары мен атқаратын іс-әрекеттері, басшылыққа алатын қауіпсіздік нұсқаулықтары деген ұғымды білдіреді. Н. Карамзин бұл тұрғыда «Адам болсын, ел болсын, өзінің жеке қауіпсіздігін сақтауы тиіс, бұл саясаттағы ең жоғарғы заң» деп жазған3. Орыс тілінде де, қазақ тілінде де бұл ұғым екі ойды білдіретін антиномиядан тұрады: орысша -«без+опасность», қазақша болса «қауіп+сіздік». Яғни, қауіптің болмауы, қауіпті жоққа шығару дейтін ойды білдіреді4.
Алайда, «қауіпсіздік» ұғымының бастауы тарих тұңғығынан басталатынына қарамастан, ғылыми ортада бұл ұғымның нақты бір анықтамасы жоқ, түрлі ғалымдар оның мәні мен мазмұнын анықтауда өзіндік зерттеу әдістерін қолданып, жеке көзқарастарын білдіретіндіктен, түрліше анықтамалар беріледі. Кейбір зерттеушілер қауіпсіздікті - мақсат деп түсіндірсе, енді біреулері - тұжырымдама дейді, келесілері бағдарлама десе, енді бірі ғылыми пән деп көрсетеді. Сондықтан да, ұлттық қауіпсіздік ұғымының нақты бір, жалпытанылған, дәл бекітілген анықтамасы жоқ. С. Ожегов пен В. Дальдың сөздіктерінде «қауіпсіздік - әлдекімге немесе әлденеге қауіп төнбейтін жағдай; қауіптен сақтанудың жай-күйі; қауіптен қорғалу; қауіптің болмауы; сенімділік; сақтық» деп бірнеше мағынасы көрсетілген5.
Үлкен кеңестік энциклопедиялық сөздікте де осыларға ұқсас мағынада түсініктеме беріледі, яғни, қауіп-қатердің болмауы, сақтық шарасы. Саяси энциклопедиялық сөздікте «қауіпсіздік - жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің, сонымен қатар, әлемдік қауымдастықтың өмірлік маңызы бар мүдделері мен тіршілік етуінің түбегейлі негіздерінің ішкі және сыртқы қатерлерден сенімді қорғалу жағдайы» деген анықтама берілген6.
Шетелдік энциклопедиялық сөздіктерде «қауіпсіздік» көп қырлы құбылыс ретінде қарастырылады. «Британика» энциклопедиясы қауіпсіздікті адам мен оның мүліктерін неше-түрлі қауіптерден сақтауға арналған құралдар мен әдіс-тәсілдердің жүйесі деп көрсетеді. Қауіпсіздік - тыныштықтың, беріктіктің, сенімділіктің жағдайы мен шарты, сонымен қатар, қауіп пен тәуекелден еркін, азат болу. Қауіпсіздік күзету мен қорғауды кімнің немесе ненің қамтамасыз ететінін де білдіреді7.
Оксфордтық ағылшын тілінің сөздігінде «қауіпсіздік» ұғымының бірнеше мәні айқындалған. Біріншіден, алаңсыз өмір, уайым-қайғы болмауы, ертеңгі күнге сенімді өмір. Екіншіден күдіктенбей өмір сүру, өзара сенім, өз күшіңе сену. Үшіншіден, қорқу, қуыстану сезімдерінсіз еркін өмір, қамқорлықты сезіну, қорғаның мен панаң бар екенін сезініп, көңілдің жай табуы. Төртіншіден, тұрақтылықтың болуы, дамуға деген ынта мен жағдайдың болуы. Бесіншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз етуші жағдайлар мен шарттар8.
Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалықта «қауіпсіздіктің негізгі нысандары: жеке адам - оның құқықтары мен бостандықтары» деп анықтама беріледі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің терминдер сөздігінде «қауіпсіздік»:
1) тұлғаға, қоғамға, мемлекетке мүліктік, физикалық немесе моральды зиян келтіру арқылы нұқсан келтіру мүмкіндігі. Қауіпсіздіктің негізгі түсінігі саналатын ұлттық қауіпсіздіктің қаупімен бірге, тәуекелділік пен қатерлер ұғымымен тығыз байланысты. Жағымсыз ықпалына байланысты бөлінеді: жаһандық, аймақтық, ұлттық, локальды, жеке;
2) берілген уақытта және нақты аймақта болуы мүмкін талқандаушы оқиға;
3) қоршаған ортаға кері әсерін беруі мүмкін, адамзатты зақымдайтын және материалды шығын әкелетін процестер мен құбылыстар оқиғасы және т. б. »9.
«Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы мынадай анықтама береді: «жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің ішкі және сыртқы қатерлерден қорғануы.
Қауіпсіздіктің негізгі нысандары:
- жеке адам - оның құқықтары мен бостандықтары;
- қоғам - оның жадығаттық және рухани құндылықтары;
- мемлекет - оның конституциялық құрылымы, егемендігі, аумақтық тұтастығы»10.
Қазақстанның әскери энциклопедиясында «Қауіпсіздік - мемлекет, қоғам, тұлға мүдделерін жүзеге асыру жолында туындайтын жағымсыз құбылыстардан қорғану және оны қамтамасыз ету тәсілдері. Мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерін сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғау күйі. Әскери қауіпсіздік, достастық мемлекеттер қауіпсіздігі, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі, ақпараттық қауіпсіздік, халықаралық қауіпсіздік, саяси қауіпсіздік, экологиялық қауіпсіздік, экономикалық қауіпсіздік, ядролық қару қауіпсіздігі» дейтін анықтама берілген11.
Ұлттық қауіпсіздік бойынша жетекші маман саналатын ресейлік профессор А. А. Прохожев шынайы өмірде абсолютті қауіпсіздік болмайтынын атап көрсетеді, яғни, қауіпсіздіктің мәні салыстырмалы, нақты нысандармен, адамның қызмет ету салаларымен, қоршаған ортамен байланысты анықталады12.
«Уикипедия» ашық энциклопедиясынан алынған мәліметке сүйенсек, ұлттық қауіпсіздік - «азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің өмірлік мәнді мүдделерінің, ұлттық құндылықтарының, өмір салтының әртүрлі (саяси, экономикалық, әскери, экологиялық, психологиялық және тағы басқалар) ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғалғандығы»13.
Ұлттық қауіпсіздік өзара байланысты үш деңгейден түрады: жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігі және мемлекеттің қауіпсіздігі. Олардың өзара байланысы қозғалмалы және қоғамдық қатынастардың сипатымен, саяси және экономикалық құрылымдармен, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму деңгейімен анықталады. Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекет пен қоғам қауіпсіздігі өзіндік мақсат емес, жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне айналған жағдайда толық жүзеге асырылады.
Сыртқы ұлттық қауіпсіздік - ұлттық мүдделердің, ұлттық құндылықтардың, байлықтың және өмір салтының сырттан келетін қауіп-қатерден қорғалуы. Ұлттық қауіпсіздік әскери жолмен де, басқа да әдістермен бұзылуы мүмкін, мысалы, шекара арқылы заңсыз шикізат, ресурстар, валюта, көркем және өзге құндылықтарды енгізу, алып өту, өнеркәсіптік немесе өзге де тыңшылық, рухани баса көктеу, іріткілік ақпарат тарату және тағы басқа. Қазақстанның сыртқы қауіпсіздігі халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын мойындап, қорғауға негізделеді және белсенді сыртқы саяси және өзге де әрекеттермен жүзеге асырылады. ішкі ұлттық қауіпсіздік жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің тұрақты қызмет етіп, дамуына әсер ететін қауіпқатерден қорғануы14.
Қазақ тіліндегі «Саяси түсіндірме сөздікте» қауіпсіздік ұғымына алты түрлі анықтама берілген:
1) Қауіп-қатерлерден қорғаныс;
2) нысанның, құбылыстың немесе процестің басқа нысандардың, құбылыстардың немесе процестердің тарапынан болатын кері ықпалдарына қарамай өзінің негізгі белгілері мен мәнін қорғау, сақтау қабілеті;
3) аса ауыр зиян немесе залал келтіру мүмкін емес нысанның қалпы;
4) қызмет етуі барысында жағымсыз өзгерістерге ұшырау мүмкіндігі аса жоғары емес нысанның тұрақты дамуының қалпы;
5) қауіпті тудыратын факторлар әрекетін шектеу, қауіп-қатердің аса жоғары емес деңгейі (қауіп-қатерден қорғаныс деңгейі) ;
6) басқа нысандарға аса қауіпті залал, зиян тигізуі мүмкін емес нысанның қалпы15.
«Қауіпсіздік» ұғымын осылайша түрлендіру, оның адам өмірінің көптеген нысандарына, процестеріне, құбылыстарына қатысты қолданылуына байланысты.
Қазақ халқының дүниетанымындағы қауіпсіздік туралы толғаныстар мынадай мәселелерге басымдық береді: «елдік пен ерлік - ел қорғау - елдің тыныштығы» (эпостар мен жыраулар поэзиясы) ; «рухани құлдырау қаупі - адамгершілікті сақтау - дәстүрді берік ұстану» (жыраулар, ақын-жыраулар, салт-дәстүр мен әдет ғұрып жүйесі) ; «білімсіздік пен надандық қаупі - әлемдік өркениеттен оқшау және тыс қалу қаупі» (ХІХ ғасырдағы ағартушы ғалымдар мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының мектебі) т. б.
Жоғарыдағы жасалған талдау көрсеткендей, қауіпсіздік теориясы сан-алуан болып келеді. Өйткені, біздің қарастырып отырған мәселеміз көп қырлы құбылыс болып табылады, сәйкесінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қорғану мен сақтану жан-жақты іс-әрекетті қажет етеді. Ұлттық қауіпсіздіктің құрылымы күрделі болуының да сыры осында жатыр. Яғни, қауіпсіздік әлеуметтің, қоғамның, оның құрылымдары мен институттарының сақталуы мен дамуына ықпал ететін жағдайлар мен үрдістерді қамтиды.
Тақырыпты пысықтау сұрақтары:
1. Ұлттық қауіпсіздік ұғымын ол туралы тұжырымдарға сүйене отырып түсіндіріңіз
2. Ұлттық қауіпсіздік қанша дефинициясын білесіз және оның категорияларын атаңыз
3. Қауіпсіздік мәселесін зерттеудегі әдістемелерді жіктеңіз
§ 2. Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлердің жіктемесі мен оны қамтамасыз етуші субъектілер. Ұлттық қауіпсіздік аясындағы тұлға, қоғам және мемлекет мүдделерінің үйлесуі
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz