Ұлытау өңірінің тарихи географиясы (XV ғ. – XIX ғ. соңы)
ӘӨЖ 913.1 (574.31)
Қолжазба құқында
ЖҰМАБЕКОВ ЖАМБЫЛ АЗМУХАНҰЛЫ
Ұлытау өңірінің тарихи географиясы (XV ғ. – XIX ғ. соңы)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2010
Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Жұмашев Р.М.
Ресми оппоненттер: ҚР ҰҒА академигі,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Көмеков Б.Е.
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент Уәлиханов Е.Ж.
Жетекші ұйым: Еуразиялық гуманитарлық
институт
Диссертация 2010 жылдың 1 шілдесінде сағат 14.00 Е.А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қ., Университет
көшесі, 28, №3 оқу корпусы, 410 аудитория) жанындағы БД 14.50.12 Біріккен
диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат ____ __________ 2010 ж. таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.А.
Әлімбаев
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. ХХ ғасырда ғылым интеграциясы басты ұстанымға
айналып, тарих ғылымындағы пәнаралық бағыттың қажеттілігін көрсетті. Тарихи
құбылыстардың кеңістіктегі көрінісін зерттейтін тарихи география соңғы
онжылдықта тарих ғылымының маңызды бағыттарының біріне айналды. Зерттеліп
отырған Ұлытау өңірінің саяси маңыздылығы географиялық орналасуымен
анықталады. Бұл жер Орталық Қазақстан аумағында орналасып, Қазақстанның
оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс жерлерімен шекарлас жатты. Бүгінде
қазақ халқы ерекше құрметтейтін саяси оқиғалар өңірдің тарихи-мәдени
ескерткіштерінен көрініс тауып отыр. Су көздері, табиғи ресурстар өңірдің
экономикалық маңыздылығын анықтай түседі.
Ұлытау өңірі табиғи-географиялық жағдайымен ерекшеленетін ұлан-ғайыр
аумақты қамтиды. Солтүстігінде Арғанаты таулары, Терісаққан өзені,
батысында Қарақұм, Торғай, Ырғыз өзендері, шығысында Сарысу, оңтүстігінде
Бетпақ дала шөлі мен Шу өзенінің алқабы аралығын алып жатқан аумақтың
ортасы Ұлытау таулары болып табылады. Ұлытау өңірінің Қазақстанның барлық
бөліктерін байланыстыруы, оның саяси орталық ретінде қалыптасуының бірден-
бір себебі болды. Өңірдің саяси бірлесуге қолайлы болғандығын Жошы ханның
ұлыс орталығы ретінде Ұлытауды таңдауы, Орда-Базар қалашығында Әбілқайыр
хан тұсында көшпелі өзбектер мемлекетінің орталығы болуы, қазақ хандары -
Қасым ханның ордасын құруы, Абылай хан тұсында үш жүз бас қосатын орталық
болуы көрсетеді. Шежірелерде айтылатын Қарахан, Алаша ханның Ұлытау
аумағында билік құруы да өңірдің қазақ тарихындағы саяси ерекшелігін
аңғартады. Аумақтағы осы ескерткіштер мемлекеттіліктің символы, ал тарихи
орындар шешуші оқиғалардың куәсі, ортағасырлық қалашық, бекіністердің орыны
далалық өркениеттің көрінісі, ХІХ ғ. тұрғызылған күмбездер, мазарлар,
мешіттер саяси биліктің, қоғамның дағдарысқа ұшырған кезіндегі тарихтың
белгісі болып отыр. Осыдан келіп, Ұлытау атауы қазақ халқының түсінігінде
таудың биіктігін емес, жердің халық үшін тарихи маңыздылығын көрсетеді.
Ұлытау аумағын географиялық ерекшелейтін маңызды фактор су көздері –
өзен, көл, тау баурайларындағы бұлақтар өңірдің адам тіршілігі үшін
экономикалық тұрғыдан маңыздылығын анықтайды. Жезді, Кеңгір, Терісаққан
өзендері халық шаруашылығына қолайлы болды. Солтүстіктен оңтүстікке қарай
Бетпақ даланы кесіп өтетін Сарысу өзені Орта Азия елдерін Қазақстанның
солтүстік өңірлерімен байланыстыратын керуен жолдарының қалыптасуына
септігін тигізді. Ортағасырлық авторлар Жүзжани, Хафиз Таныштың Ұлытауды
қыпшақ даласындағы ең жақсы жер деп сипаттауы табиғат пен адамның
шаруашылық іс-әрекетінің тығыз байланысын көрсетеді. Ұлытау өңірінің
географиялық орналасуы мен табиғи ресурстары ірі жорықтарды ұйымдастыруда
көп әскерлердің шоғырлануына, жаудан қорғану кезінде халықтың тығыз
қоныстануына жағдай жасады. Сондықтан да, Алтын Орда дәуірінде Шығыс
Еуропаны, Қазақ хандығы дәуірінде оңтүстік қалаларды жаулап алуға
бағытталған ірі әскери жорықтардың Ұлытаудан басталғанын тарихымыздан
білеміз. Жоңғар шапқыншылығы кезінде аумақты жаудан азат ету үшін күрес
жүргізіліп, Орта жүз халқының негізгі мекені болуы, Кенесары көтерілісі
кезінде халықтың осы араға көшуі Ұлытау жерінің табиғи ерекшелігінен
туындады.
Сонымен, Ұлытау өңірінің тарихи географиясын зерттеу адам - қоғам -
табиғат байланысынан туындайтын тарихи үрдісті біртұтастықта қарастыруға
мүмкіндік береді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ұлытау өңірін нақтылы тарихи географиясына
арналған зерттеулер жоқ болғанымен, осы тақырыпқа байланысты көптеген
мәселелер жанама қарастырылған еңбектер бар. Зерттеу жұмысымыздың
тарихнамасын хронологиялық тұрғыдан үш кезеңге бөліп қарастырдық.
Бірінші кезең, Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеулерді қамтиды. Бұл
кезеңнің зерттеулері Ресейдің қазақ даласын отарлауымен байланысты. Кіші
және Орта жүздің Ресей құрамына қосылуынан кейін қазақ даласына ресейлік
әскери адамдары, ресми шенеуніктері келе бастады. XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ.
Ресейдің қызмет адамдарының, арнайы экспедиция мүшелерінің, жекелеген
зерттеушілердің еңбектері қазақ халқының өткенін, этникалық құрамын,
аумағын, саяси және әлеуметтік қатынастарын, шаруашылық түрлерін анықтауға
бағытталды. Әрине, мұндай еңбектер отар аумақты тиімді басқарудың жолдарын
табуға негізделген. Көптеген зерттеулер қазақ даласының қазба байлықтарын,
шикізат көздерін іздеу мақсатында жүргізілді.
1627 жылы құрастырылған Үлкен сызба кітабы, XVIII ғ. академиялық
экспедиция зерттеушілері П. Палас, И. Георги, И. Фальк, әкелі-балалы П.И.
Рычков, Н.П. Рычков, ағылшын суретшісі Дж. Кэстль және т.б. еңбектерінен
Ұлытау өңірінің географиялық сипаттамасын, тарихи тұлғалар туралы
мәліметтер мен өңірдің жер-су атауларын таба аламыз. Мәселен Дж. Кэстль
Әбілқайыр ордасындағы Орта жүз елшілерінің ішінде Төлек батырды атайды.
Төлек батыр Ұлытау өңіріндегі есімдері белгілі Ерден, Дүзен билердің атасы,
Сандыбай батырдың әкесі болып табылады. Әрине, бұл еңбектер көбіне қазақтар
туралы жалпылама мәліметтер береді және қарама-қайшылықтары да кездеседі.
Әсіресе, адамдардың, рулардың аттарын, жер атауларын айыру кейде қиындық
туғызады.
ХІХ ғасырдағы орыс саяхатшыларының, ғалымдарының, ресми адамдарының
қазақ өлкесі туралы жазбалары басым көпшілігі сол уақыттарда жарық көрді.
Тек, кейбір ресми іс-сапарлардың барысы туралы күнделіктер, журналдар
жарияланбай келді. Мәселен жоңғарларға елшілік мақсатта саяхат хасаған К.
Миллердің жазбасы Мәдени мұра бағдарламасының нәтижесінде ғана көпшілікке
мәлім болды. ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Т. Бурнашев және М. Поспелов, Ф.
Назаров, Я.П. Гавердовский, С.Б. Броневский, А.И. Левшиннің зерттеулерінде
Орта жүз аумағын мекендеген рулар, қоныстанған жерлерінің жан-жақты
сипаттамасы беріліп, дала өңірлеріндегі қатынас жолдарының тораптарын
дәлдікпен сипаттайды. Қазақ даласының толық тарихи, географиялық,
этнографиялық сипатамасы жасалған А.И. Левшин еңбегінде Ұлытау тауларында
найман, өңірдің солтүстігінде арғын руларының мекендейтінін, Жұбан-ана,
Белең-ана тәрізді тарихи жәдігерлер туралы айтылады [1]. Осы орайда, ХІХ
ғасырдың бірінші жартысында қазақтар туралы зерттеулердің кеңейіп, тереңдей
түскенін байқаймыз. Ресейлік әртүрлі мекемелердің қызмет адамдары Орта
жүздің рулық құрылымын және орналасуын үнемі бақылауда ұстап, әртүрлі
бағыттағы мағлұматтар жинақтады. Ол өңір Ақмола, Солтүстік Қазақстан,
Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағы кіретін Сібір
қазақтары облысының саяси-әкімшілік жүйесіне жатты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тарихының, этнографиясының
зерттелуі бірінші кезекте Шоқан Уәлиханов есімімен байланысты. Көрнекті
ғалым аз ғұмырының ішінде қазақ халқын ресейлік ғылыми ортаға таныта білді.
Ш.Ш. Уәлиханов зерттеулері ресейліктердің қазақ халқы жабайы, тіпті
мәдени дамуы мүмкін емес деген керағар пікірлерін жоққа шығарды. Ш.Ш.
Уәлихановтың еңбектерінде қазақ халқының тарихына, шаруашылығына
байланысты, қазақ даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы зерттеулері
өте құнды болып табылады [2].
ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ жерлері тыңғылықты зерттеле бастады.
В.В. Вельяминов-Зернов, М. Красовский, И. Завалишин, Н. Коншин, Ю. Шмидт
және т.б. зерттеулерінде Ұлытау өңіріндегі тарихи оқиғалар, қазақтардың
шаруашылығының ерекшеліктері, сауда қатынастары қарастырылған [4]. Бұл
еңбектердегі статистикалық мәліметтер Ұлытау өңірі тарихи географиясының
әлеуметтік-экономикалық аспектілерін анықтауда қолданыс тапты. Дала
облыстарын зерттеуге бағытталған Ф.А. Щербина экспедициясының материалдары
қазақ шаруашылығының жай-күйін тереңнен зерттегенін, Атбасар уезі бойынша
жинақтаған материалдарының Ұлытау өңірінің тарихи географиясы үшін
маңыздылығын айтуымыз керек. Мысалы, бір ғана Жезді болысының 1 әкімшілік
ауылының қазақтарының мәліметтерінде 80-ге жуық ауыл қыстаулардың орналасуы
көрсетіледі [3]. Зерттеу қорытындылары қазақ шаруашылығының ерекшеліктерін,
жерді пайдалану принциптерін көрсетіп берді. Алайда, зерттеудің басты
мақсаты қазақтардың артық жерлерін анықтау болғандығын да ескеруіміз керек.
Кейіннен, Ресей шенеуніктері артық жерлерді орыс шаруаларын қоныстандыру
үшін пайдалану қажет деп тапты. Қазақтардың жерді пайдалану нормаларының
Еуропалық Ресейдегі помещик шаруашылығынан үлкен, сондықтан Шербина
экспедициясының мәліметтерін қайта қарау керек деген шешім қабылданды. ХХ
ғ. басында қайта зерттеу жұмыстары жүргізілді.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында Ресейде географиялық, этнографиялық
анықтамалықтар жарық көре бастады. Қазақ даласын сипаттауға арналған
материалдар арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, сауда қатынастарын
көруге болады. Осы басылымдарда қазақтар туралы мәліметтердің жариялануына
Ә.Н. Бөкейханов, А.Н. Сидельников, көп еңбек сіңірсе, Ә.А. Диваев қазақ
тарихы мен этнографиясына байланысты зерттеулерін жүргізді. Әсіресе,
Бұланты, Аңырақай шайқастары туралы аңыздар тарихи оқиғалардың барысы мен
орынын анықтау үшін маңызды және де кейінгі зерттеулерге негіз болды [4].
Сөйтіп, ХІХ ғ. зерттеулерде дала өңірлеріндегі саяси, әлеуметтік-
экономикалық ахуалдың барлық мәселелері қамтылуымен ерекшеленеді. Бұл
зерттеулердегі мәліметтер осы уақытқа дейін деректік құнын жойған жоқ.
Алайда, зерттеулердегі кейбір тұжырымдармен келіспеуге болады, себебі
авторлардың ұстанымдары патша үкіметінің отарлау саясатымен тікелей
байланысты және ол еңбектердің түпкі мақсаты қазақ даласын отарлаудың
тиімді жолдарын анықтау болды.
Екінші кезеңде, Кеңестік дәуірдегі (1917-1990 жж.) зерттеулер
қамтылған. Бұл кезең бойынша Ұлытау өңірінің тарихи географиясының
мәселелеріне қатысы бар зерттеулерді ішінара археологиялық, этнографиялық
және тарихи зерттеулер деп топтастыруға болады. Кеңестік дәуірде тарихи
география мәселелері жанама түрде зерттеулерде көтеріле бастағанмен, Г.Ф.
Дахшлейгер Қазақстанда тарихи географияның арнайы ғылым саласы ретінде
қалыптаспағанын атап өтеді.
Кеңестік дәуірдегі археологиялық зерттеулерге келетін болсақ, Ұлытау
өңірінің тарихи-археологиялық ескерткіштеріне алғашқы назар аударған Қ.И.
Сәтпаев болды. Ал, Ұлытау аумағын археологиялық тұрғыдан жан-жақты
зерттеген Ә.Х. Марғұлан ежелгі көш жолдарындағы отырықшы мәдениеттің
қалдықтарын зерттеп, көптеген көне архитектуралық құрлыстарды және бұрын
белгісіз болып келген VII-XVI ғғ. жататын қала мәдениетінің ескерткіштерін
анықтады. Таңбалы тасқа байланысты бірнеше тың пікірлер, ғылыми
салыстырулар мен сараптамалар келтіреді [5]. Таңбалы тас қазақ халқының
бас қосып, ел болған жері деп көрсетеді. 2003 ж. далалық экспедиция
барысында Ә.Х. Марғұлан сипаттаған Таңбалы тас ескерткішінің табиғи
факторлардың салдарынан жойылып бара жатқандығы анықталды. Сонымен қатар,
осы жердегі жартастардан бұрын белгісіз болып келген көптеген ру таңбалары
табылды. Бұл қазақ руларының осы аумақта бас қосқандығының бір дәлелі бола
алады.
Кеңестік дәуірдегі этнографиялық зерттеулер идеологиялық қыспақтың
әсерінен терең дами алмады. Тың тұжырымдарды баяндайтын зерттеулер
айналымға түсірілмей, авторлары қуғынға ұшырады. Ұлытау өңірінің тарихи
географиясының этникалық аспектілерін анықтауға қатысы бар В.В. Востров,
М.С. Мұқанов зерттеулерін атауға болады. Зерттеуде қазақтардың ру-тайпалық
құрамы көрсетіліп, олардың қоныстану жерлерінің сипаттамасы беріледі. Б.Х.
Кармышева, Дж.Х. Кармышевалар этнографиялық деректердің негізінде Арқа
атауының мағынасына тарихи географиялық талдау жасады.
Ұлытау өңірінің тарихи географиясымен байланысты тарихи зерттеулер М.
Тынышпаев, Х. Досмұхаммедұлы, Е.Б. Бекмаханов еңбектерінен көрініс тапты.
М. Тынышпаев қазақ хандығының құрылуы мәселелерін, қазақ руларының тарихын
жан-жақты талдады. Е.Б. Бекмаханов Қазақстанның ХІХ ғасырдағы саяси
жағдайына арналған зерттеуі отандық тарихнамада құнды болып табылады. Бұл
зерттеу Ресей империясының отарлау саясатының мән-мағынасын ашып көрсетті.
Кенесары көтерілісіне терең талдау жасады [6].
ХХ ғ. 70-80 жж. отандық тарихнамада іргелі зерттеулер жүргізіліп,
ортағасырлық жазба ескерткіштерді зерттеуге арналған тарихшылар мен
шығыстанушылардың еңбектері тарих ғылымындағы бетбұрыс болды деп айта
аламыз. Бұл зерттеулер тарихи география мәселелерін анықтауда өте маңызды
екендігін көрсету керек. Мұндай жазба ескерткіштердің талдануы Б.Е.
Көмеков, В.П. Юдин, Ю.А. Зуев, М.Х. Абусеитова, К.А. Пищулина, С.М.
Ахинжанов еңбектерінен көрініс тауып отыр. Б.Е. Көмеков әл-Идрисидің
мәліметтеріндегі қимақ қалаларының орналасу жүйесін, қарлұқ тайпаларының
қоныстану аумағын анықтауы отандық тарихи географиялық зерттеулердің
бастамасын қалыптастырды [7]. Бұл Ұлытау өңірінің ортағасырлық тарихи
географиясын зерттеуге негіз болды.
Үшінші кезең, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи еңбектер
мен өлкетанушылық ізденістерді қамтиды. Қазақстан Республикасының
тәуелсіздік алуы, қоғамдағы демократиялық өзгерістер тарих ғылымында
қалыптасқан ой-тұжырымдарды қайта қарауға мүмкіндік берді. Осы кезекте,
Қазақстанның Ресейге қосылуының алғышарттары, ұлт-азаттық көтерілістердің
сипаты мен себептері т.б. мәселелер қайта бағаланды.
Е.Ж.Уәлиханов, М.Ж. Абдировтың зерттеулері ХІХ ғ. қазақтардың ұлт-
азаттық көтерілістерін терең талдауға бағытталған. Тәуелсіздік кезеңінде
отан тарихының мәселелерін қайта зерттеуге көп көңіл бөлініп отыр.
Қазақтардың ұлт-азаттық көтерілістері Е.Б. Бекмахановтың сотталуынан кейін
жабық тақырыпқа айналды. Көтеріліс феодалдық-монархиялық сипатта, таптық
күрес тұрғысынан бағалануы талап етілді. Бүгінгі күні Е.Ж. Уәлиханов
Кенесары тұлғасын терең зерттеп, тың деректердің негізінде жаңа тұжырымдар
жасады. Көтерілістің патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы
жүргізілгендігін, Кенесарының қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін
күрескендігін көрсетіп отыр. ХІХ ғ. Орта жүздегі ұлт-азаттық көтерілістер
Ұлытау өңірімен тікелей байланысты. Зерттеуде Кенесары көтерілісінің
географиясы Ұлытау, Ырғыз-Торғай өңірлерін қамтуының себептері
түсіндірілген [8].
В.З. Ғалиев, И.В. Ерофеева еңбектерінде XVIII ғ. қазақ халқының
жоңғарлармен ірі шайқастары – Бұланты, Аңырақай шайқастарының барысы және
маңызы зерттеледі [9]. Ресми тарихнамада Бұланты шайқасының уақыты 1728 ж.
деп көрсетіледі. В.З. Ғалиев Бұланты шайқасының 1727 ж. болғандығын жазаса,
ал, И.В. Ерофееваның пайымдауынша шайқастың уақыты – 1727-1730 жж. аралығын
қамтиды. Шайқастың уақыты нақтылы жазба деректердің жоқтығына байланысты,
тек шартты болып табылатынын айтады.
Қ. Салғараұлы, А. Сейдімбек еңбектерінде Ұлытау өңіріне байланысты
тарихи пайымдаулар келтірілсе, Ж.Е. Смаилов зерттеуінде өңірдің тарихи
географиясы, қалашықтар мен бекіністердің топографиясы және типологиясы
сипатталған. Т.Т. Аршабеков Ұлытау өңірінің сәулеткерлік ескерткіштерін
зерттеп, әлеуметтік, діни-ғұрыптық сипатын анықтады. Қ. Ахметовтың, К.
Әмірқызының, Б.Б. Әбдіғалидың еңбектерінде Ұлытау өңіріндегі тарихи
тұлғалар, оқиғалар сипатталған. Бұл зерттеулер өлкетанушылық сипатта,
жергілікті фольклорлық, шежірелік материалдарын тарихи құжаттармен
салыстыра жазылған. Сондай-ақ, А.Е. Жартыбаевтың, А.С. Омарбекова және т.б.
зерттеулерінде Ұлытау өңірі топонимдерінің тарихы, құрамы мәселелер
қамтылған болатын. Топонимикалық зерттеулер көбіне жер-су атауларының
мағыналарын анықтауға бағытталғанмен, олардың қалыптасуы кезеңдері, тарихи
себептері де қарастырылады [10].
ХХІ ғ. басы Қазақстан тарихнамада тарихи географиялық зерттеулерге
деген қызығушылықтың жандануымен ерекшеленеді. Бұл Р.А. Идрисов, А.Ш.
Алтаев, Г.Н. Ксенжиктің жекелеген өңірлердің тарихи географиясын, Н.У.
Шаяхметовтың тарихи географияның өзекті мәселелерін зерттеуінен байқалады.
Тарихнаманы сараптай келе, Ұлытау өңірінің тарихи географиясы арнайы
зерттеу объектісі болмаған, тек зерттеулерде жанама түрде қозғалған деген
қорытынды жасауға болады.
Диссертациялық зерттеудің нысаны XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңірі
болып табылады.
Зерттеу пәніне – XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңіріндегі тарихи және
этникалық үрдістер жатады.
Диссертациялық жұмыстың мақсаты XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау
өңірінің тарихи географиясын зерттеу болып табылады.
Диссертациялық зерттеудің міндеттері келесідей:
– XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңірінің тарихи географиясының саяси
аспектілеріне сипаттама беру;
– Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің маңыздылығын анықтау;
– Ұлытау өңірінің этникалық құрамын және ру-тайпалардың қоныстану
аумағын анықтау;
– Ұлытау өңірінің ХІХ ғ. әкімшілік-аумақтық құрылымының жүйесін
көрсету;
– мал шаруашылығының ерекшеліктерін және маңыздылығын анықтау.
– жерөңдеушілік пен кәсіптерінің дамуын талдау;
– Ұлытау өңірі арқылы өтетін керуен жолдарын көрсету және сауда
қатынастарын сипаттау.
Диссертациялық зерттеудің дерек көзін Қазақстан Республикасының
Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты,
Ресейдің мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Омбы мемлекеттік мұрағаты
құжаттары құрады. Қолданылған деректер отандық деректануда қалыптасқан жүйе
бойынша топтастырылды.
Заңнамалық құжаттарға тақырыпқа қатысты заңнамалық актілер, жарлықтар,
ережелер және т.б. жатады. Ресей әкімшілігінің жарлықтары, нұсқаулары және
т.б. заңдық құқығы бар құжаттары, билік құрушы Сенаттың және Сыртқы істер
коллегиясының жарлықтары да осы дерек көздерін құрайды. 1822 ж. Сібір
қырғыздарының Ережесі заңнамалық құжаты Орта жүз аумағының әкімшілік
құрылымының негізін қалыптастырды. Осы уақыттағы әкімшілік-аумақтық
өзгерістердің сипатын, округтердің құрылуы мен ондағы басқару тәртібі
мәселелерін көре аламыз. Ресей патшасының, үкіметінің жарлықтары И.И. Крафт
құрастырған Далалық облыстардағы қырғыздар туралы заңдар жинағынан алып
пайдаланылды.
Ұлытау өңірінің тарихи географиясының мәселелерін орыс империясы
әкімшілігінің іс қағаздарынан көре аламыз. Іс құжаттары негізінен ресейлік
мұрағат қорларында сақталған. XVIII ғасыр мұрағат деректері Казахско-
русские отношения атты 2 томдық құжаттар жинағында жарияланған [17]. Бұл
мұрағат құжаттарында өңірге қатысты мәліметтер бар. 1730 жылғы башқұрт
батырларының мәлімдемелері қазақтардың негізгі қоныстану аумағын көрсетсе,
И. Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған мәлімдемелері Ұлытау
өңірінің Барақ сұлтанның қарамағында болғандығын байқатады.
Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік
мұрағат (ҚР ОММ) қорларында сақталған құжаттар пайдаланылды. Орталық
мұрағаттың 64 қоры, 345 қор, 374 қорларында жинақталған құжаттар ХІХ ғ.
өңірдегі рулардың қоныстану аумағын, әкімшілік-аумақтық құрылымын, болыс
басқарушыларын анықтауда және саяси оқиғаларды саралауда өте құнды болып
табылады. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің мәселелерін
айқындауға бағытталған мұрағат құжаттары, арнайы жинақтардағы мәліметтер
қазақ руларының көтеріліске қатысуын, Ұлытау өңірінде орналасуын, көтеріліс
оқиғаларын суреттейді. Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында (РФ ММ)
ІІІ бөлім бойынша сақталған құпия құжаттар қазақ даласындағы саяси ахуалды,
109 қорда Қошқарбай Саржанұлының Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресі
туралы мәліметтер баяндалады.
Ұлытау өңірінің ортағасырлық кезеңін зерттеуде араб-парсы деректеріне
сүйенеміз. Ортағасырлардағы жазба деректер В.Г. Тизенгаузен жинақтаған
Сборник материалов по истории Золотой Орды деп аталатын екі томдық
жинағынан, қазақстандық шығыстанушылардың Материалы по истории казахских
ханств (МИКХ) деп аталатын жинағынан алынды. Бұл деректер ХІІІ-XVIII ғғ.
аралығындағы тарихи үрдістерді сипаттауда қолданылды.
XVIII-XIX ғғ. орыс саяхатшылары мен қызмет адамдарының шығармалары
зерттеу болғандығымен, авторлардың сол кездегі оқиғаларға куәгер болуы және
өз көргендерін сипаттауы олардың деректік құндылығын ерекшелейді. Мәселен
Н.П. Рычковтың, Ф. Назаровтың және т.б. жазбалары Ұлытау өңіріндегі тарихи
оқиғалар мен орындар, тарихи-мәдени ескерткіштердің сиптамасын береді.
М.Ж. Көпеев, Қ. Халиди, Ш. Құдайбердіұлының шежірелік деректері Ұлытау
өңірінің тарихи географиясын зерттеу барысында қолданылып, жазбаша
деректерді толықтырып отыруға мүмкіндік берді. Шежірелік деректер Ұлытау
өңірінің этникалық құрамын, рулардың қоныстанған жерлерін анықтауда
қолданылды. Сондай-ақ, зерттеу Дала уалаяты газетінде, Кеңестік дәуірдегі
Жұлдыз т.б. басылымдардағы және Ұлытау өңірінде жарық көретін Сарыарқа,
Жезді мерізімді басылымдарындағы Ұлытау өңіріне қатысты мәліметтерге
сүйенді. Мәселен, Дала уалаяты газетінде жарияланған Қазақ халқының
тұрақ, мекені мақаласынан қазақтардың дәстүрлі шаруашылығының
ерекшеліктерін, Атбасар оязындағы қазақтардың жаһаткерлігі мақаласынан
жергілікті халықтың кәсіптерін байқауға болады. Сондай-ақ, мерзімді
басылымдарда жарияланған естеліктер, мемуарлар зерттеу жұмысының дерек
көзін құрады.
Зерттеу жұмысында далалық экспедиция материалдары пайдаланылды. 2002
жылдан бастап осы уақыт аралығында далалық экспедициялар барысында Ұлытау
өңіріндегі рулардың қоныстану аумақтарын, шекараларын көрсететін
мәліметтер, тарихи-мәдени ескерткіштер, тарихи тұлғалар және жер-су
атаулары туралы деректер қоры жинақталды. 2003 жылы Президент мәдениет
орталығының далалық экспедициясы барысында Таңбалы тас тарихи орны
зерттеліп, ескерткіштің жойылып бара жатқандығы анықталды. 2004 ж. бастап
Қарағанды мемлекеттік университетінің Этномәдени зерттеулер зертханасы
Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеп, 200-ден астам
төлқұжатын жасады. Сонымен бірге, өңірдің жер-су атаулары картаға
түсіріліп, тарихи негіздеме берілді. Жергілікті ел адамдарынан тарихи
аңыздар, белгілі тұлғаларға байланысты естеліктер жазылынып алынды.
Ресей империясының қазақ даласындағы зерттеу жұмыстары XVIII ғасырдан
бастап үзбей жүргізіліп келді. Осы зерттеулердің маңызды бағыты – дала
өңірлерін картаға түсіру болды. Бұл зерттеу жұмысында – картографиялық
деректер тобын құрайды. Мұндай карталарды екі топқа бөліп қарастыруға
болады: 1) әскери-топографиялық карталар; 2) жекелеген зерттеушілердің
карталары. Карталарға көш жолдары, рулық топтардың шекарасы, жазғы
жайлаулары салынды.
Мәселен, Ресей империясының бас штабы тапсырысы бойынша М.
Красовскийдің Сібір қазақтарының облысы, Рулардың жайлаулары мен
қыстаулары карталары Ұлытау өңіріндегі қоныстану, шаруашылық мәселелерін
анықтауда кеңінен пайдаланылды. А.Н. Сидельниковтың құрастыруындағы Қырғыз
өлкесінің картасында Қазақстан аумағындағы әкімшілік бөліністердің
шекаралары, орталықтар мен ауыл, станица, пикеттер, әртүрлі өңірлеріндегі
керуен және қатынас жолдары көрсетілген. Ф.А. Щербина экспедициясының
материалдарының негізінде дайындалған карта ХІХ ғасырдағы Ұлытау өңірінің
әкімшілік-аумақтық құрылымын және шаруашылық жүйесін нақтылы көрсетеді.
Қорыта айтқанда, Ұлытау өңірінің тарихи географиясының мәселелерін
ашатын деректер кешені бар. Бұл деректер Ұлытау өңірінің саяси оқиғаларын,
этникалық құрамы мен әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін қарастыруда
маңызды мәліметтер береді.
Жұмыстың теориялық-методологиялық негізі. Жұмысты жазу барысында жалпы
ғылыми және арнайы тарихи әдістер қолданылды. Олар анализдік-синтездік,
салыстырмалы-тарихи әдістер, ретроспективалық талдау, бақылаудың
статистикалық әдісі, картографиялық зерттеу әдісі. Картографиялық әдіс
тарихи географияның спецификалық әдісі болып табылады. Оның қарапайым түрі,
тарихи құбылыстарды белгілі бір территорияда және белгілі бір уақытта
көрсететін картограммаларын жасау.
Хронологиялық шеңбері кейінгі ортағасырлардан бастап (XIV ғ.) жаңа
заманға (XIX ғ. соңы) дейінгі аралықты қамтиды. Төменгі шегі моноэтностық
Қазақ хандығының құрылуымен, жоғарғы шегі - ХІХ ғ. жаңа әкімшілік-аумақтық
құрылымының енгізілуімен байланысты. Ұлытау өңірінің тарихи географиясының
кейбір мәселелерін талдауда көрсетілген кезеңдегі тарихи үрдістерді түсіну
үшін хронологиялық шеңберден тысқары шығуға тура келді.
Зерттеудің территориялық шеңбері Ұлытау, Арғанаты таулары, Терісаққан,
Кеңгір, Сарысу, Шу өзендерінің алқабы, Жетіқоңыр, Мойынқұм аумағын қамтиды.
Көрсетілген жерлер біртұтас тарихи өңірді құрайды және қазіргі Қарағанды
облысы Ұлытау ауданының аумағына біршама сәйкес келеді.
Ғылыми жаңалығы. Ұлытау өңірінің тарихи географиясы алғаш дербес ғылыми
айналымға алынып, зерттеліп отыр. Өңірдің тарихи географиясының саяси
аспектілерін сипаттайтын жаңа мұрағат құжаттары ғылыми айналымға енгізілді.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің саяси-әлеуметтік маңызы анықталды. Ұлытау
өңірінің этникалық құрамы, рулардың қоныстануының негізгі аумағы ауқымды
деректер негізінде көрсетілді. Өңірдің шаруашылығының түрлері,
еркешеліктер, керуен жолдарының маршруттары анықталды. Жасалынған талдау
Ұлытау өңірінің тарихи географиясының жалпы мәселелерін және ерекшеліктерін
анықтауға мүмкіндік берді.
Ғылыми-қолданбалы маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері Отан тарихы,
этнография, тарихи география, өлкетану саласы бойынша ғылыми ізденістерде
кеңінен қолданыла алады. Жұмыстың нәтижелерін тарихи-мәдени ескерткіштердің
және басқа да тақырыптық карталарды дайындауда, әртүрлі тарихи
анықтамалықтар мен сөздіктер құрастыруда пайдалануға болады. Тұжырымдары
мен түйіндерін Тарихи өлкетану, Тарихи география курстарында, арнайы
курстарда, мектептерде қосымша Өлкетану пәнінде қолдануға, ономастикалық
комиссиялардың жұмысында пайдалануға болады.
Жұмыстың сарапталуы. Зерттеудің түйіндері мен қорытындылары 2 ұжымдық
монографияда, 18 ғылыми мақалада көрсетілді. Оның ішінде, халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында – 5, республикалық
конференциялардың материалдарында – 4, аймақтық конференция материалдарында
– 1, ғылыми зерттеулер жинағында – 2, ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым
саласындағы бақылау комитетінің ұсынған басылымдарда – 6 мақала жарияланды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы Ұлытау өңірімен тығыз байланысты. XV-
XVI ғғ. Ұлытау өңірі Жетісу және Оңтүстік Қазақстанмен қатар қазақ
хандығының орталықтарының бірі болды. Өңірдің саяси маңыздылығы қазақтардың
Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алып, Қазақ хандығының астанасын
Түркістан қаласына ауыстырғанға дейін сақталып тұрды. Өңір аумағындағы
тарихи-мәдени ескерткіштерді қазақ халқы ерекше қастерлейді.
2. 1727 ж. Бұланты шайқасының нәтижесінде жоңғарларға тойтарыс беріліп,
Ұлытау және көршілес аумақтар азат етілді. Орта жүз халқы негізінен Ұлытау
өңірін мекендеді. XVIII ғ. 50-інші жылдарына дейін Сарысу өзені қазақ-
жоңғар арасындағы табиғи шекара рөлін атқарды. Ұлытау үш жүздің бас қосып,
саяси маңызды мәселелерді талқылау орны болды.
3. ХІХ ғ. Ұлытау өңірінің географиялық орналасу ерекшелігіне байланысты
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі орталықтарының
бір болуы географиялық орналасу ерекшелігінен туындады. XIX 50-60-шы жж.
Ұлытау өңірінде Ресей империясының отарлау саясатына қарсы Қошқарбай
Саржанұлы күрес жүргізді.
4. Ұлытау өңірінің этникалық құрамы ұзақ уақыт аралығында жүріп, тек
ХІХ ғ. бас кезінде аяқталды. XVIII ғ. өңір аумағында Орта жүз рулары
мекендеді. ХІХ ғ. өңірде негізінен найман-бағаналы, арғын-төртуыл рулары
қоныстанды. Сарысу өзенінің бойы кейбір Кіші жүз руларының қонысы болды.
5. XIX ғ. Ұлытау өңірінің әлеуметтік-аумақтық құрылысы Ресей әкімшілік
реформаларының барысында бірнеше рет өзгерістерге ұшырап, бастапқы кезде
Көкшетау сыртқы округіне, кейін Құсмұрын округіне қаратылды. 1859 жылы
Атбасар сыртқы округінің құрамына берілді. Әкімшілік өзгерістер жергілікті
халықтың әлеуметтік жағдайына әсерін тигізіп, әсіресе жерді пайдалану
мәселесінде көп қиындықтарға душар етті.
6. Ұлытау өңірінде қазақтардың дәстүрлі шаруашылық түрлері жүргізілді.
Мал шаруашылығы басым болды. Орталық Қазақстанның басқа өңірлерімен
салыстырғанда түйенің көп болуымен ерекшеленеді. Ұлытау өңірінің
оңтүстігінде Шу өзені бойында және солтүстік таулы аумақтарында жер
өңдеушілікпен айналысты.
7. Ұлытау өңірі арқылы ежелден керуен жолдары өтті. Керуен жолдары Орта
Азия қалаларымен Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерін
байланыстырып тұрды. ХІХ ғ. өңірдегі сауда қатынастарында жәрмеңкелер
маңызды роль атқарып, өңір халқының тұрмыс-тіршілігіне қажетті тауарлармен
қамтамасыз етіп, мал шаруашылығының өнімдерін өткізуге мүмкіндік берді.
Диссертация құрылымы қысқартулар тізімі, кіріспеден, үш тараудан,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен тақырып бойынша
қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмыстың өзектілігі және тақырыптың ғылыми
жаңалығы, нысаны және пәні, мақсаты мен міндеттері, зерттелу деңгейі
көрсетіліп, дерек көздеріне талдау жасалды, зертеудің теориялық-
методологиялық негізі, хронологиялық және территориялық шеңбері анықталып,
жұмыстың сарапталуы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдар берілді.
Ұлытау өңірінің тарихи географиясының саяси аспектілері деп аталатын
бірінші бөлімде XV-XIX ғғ. өңір аумағындағы тарихи география мәселелері
саяси аспектілері тұрғысынан мемлекеттердің құрылуы мен шекараларының
қалыптасуы, өзгеру мәселелері және әскери жорықтар мен шайқастар
қарастырылады.
XV-XVII ғғ. Ұлытау өңірінің тарихи-географиялық сипаттамасы деп
аталатын бірінші тараушасында Ұлытау өңіріндегі тарихи оқиғалардың барысы,
мемлекетті билеушілердің іс әрекеттері, елдің шекаралары сипатталады.
Ұлытау өңірі ерте ортағасырларда қимақ-қыпшақ мемлекетінің, моңғол
жаулап алуынан кейін Жошы ұлысының құрамында болды. Тоқтай ханнан кейін
ұлыстың екіге бөлінуі нәтижесінде Ұлытау аумағы Ақ орда сұлтандарының
билігіне көшеді. Тоқтамыс балаларымен шайқаста қаза болған Едіге Ұлытауға
жерленеді. Ұлытау тауларының бірі бүгінге дейін Едіге деп аталады. Көшпелі
өзбектер мемлекетінің билеушісі Әбілқайыр хан Орда-Базарда ордасын құрған.
Орда-Базар қалашығы ұзақ уақыт Дешті Қыпшақтың саяси орталығы қызметін
атқарды [11, 155 б.]. Осы кезеңде Ұлытау өңірін Алаша-бахадүр басқарғаны
туралы айтылады. Қазақ хандығының құрылуы Ұлытау өңірімен тығыз байланысты.
Ұлытаудың қазақ даласындағы көшпелі мемлекеттердің саяси орталығы болуы
дәстүріне қазақ хандары да арқа сүйейді. Ұлытау өңірінде орналасқан
Таңбалы тас қазақ руларының біріккен жері ретінде айтылады. Таңбалы
тастың ұлы атаққа ие болуының себебі қазақ халқының осы арада мемлекет
негіздерін құруына байланысты деп түсіндіріледі. Қазақ хандығының
қалыптасуынан кейін Ұлытау өңірінің саяси орталық ретінде өз мәнін
жоғалтпағаны тарихи деректерден белгілі болып отыр. XVI ғасырдың бас
кезінде Ұлытау өңірі Қасым ханның ордасы болғанын Зубдат ал-асар
шығармасынан көруге болады: Тимур-султаном и Убайдаллах-султаном, которое
внезапно нагрянуло на Касим-хана..., и вся его ставка и весь эль-улус в
Улутаге попали в руки султанов [11, 133 б.]. 1582 жылы Бұқар әміршісі
Абдаллах хан Баба сұлтанмен соғысы кезінде Ұлытау өңіріне келеді. Тәуекел-
баһадүр сұлтанның танымал болуы осы жорықпен байланысты. Хафиз Таныш
Абдаллах ханның қазақ даласына жорығын жан-жақты баяндайды және Ұлытауды
Дешті-Қыпшақтағы ең жақсы жер деп сипаттайды [11, 278 б.].
Хафиз Таныштың жазбаларында Ұлытау өңірінің топонимикасына қатысты
маңызды мәлімет таба аламыз. Ұлытау өңірінде Бұланты аталатын өзен бар,
бірақ Ұлытауда қазіргі күндері бұлан жоқ. Бұланты топонимінің қалыптасуын
Хафиз Таныштың мәліметтері ғана түсіндіре алады. Абдаллах-ханның
жауынгерлері ірілігі өгіздей жанауарларды кездестіреді. Оны моңғолдар
қандағай, Дешті Қыпшақ тұрғындары бұлан деп атайды екен. Демек,
ортағасырларда Ұлытау өңірінде бұлан аталатын аңның болуынан өзен атауы
қалыптасқан.
Ұлытау өңірі ортағасырларда ірі саяси оқиғалардың аренасы болғандығы
белгілі болып отыр. XV-XVIІ ғғ. Ұлытау өңірі арқылы ірі әскери жорықтардың,
тарихи оқиғалардың орын алуы жазба деректерде, жергілікті топонимикада
сақталған.
XVIII ғ. Ұлытау өңірінің тарихи географиясы деп аталатын екінші
бөлімшесінде XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасының шешуші оқиғаларының
бірі - 1726 жылғы Бұланты шайқасы. Қазақ халқының осы шайқастан бастау
алған жеңістері Жоңғар мемлекетіне деген тәуелділіктен азат етті. Кіші және
Ұлы жүздің Тайлақ батыр мен Саңырық батыр бастаған жасақтары Қарасиыр деген
жерде жоңғарлармен шайқасып, толық жеңіске жетеді және осы жер
Қалмаққырылған деген атқа ие болады. Бұланты шайқасының нәтижесінде
стратегиялық маңызды жетістіктерге қол жеткізіліп, Оңтүстік Қазақстанда
Сырдария бойы, Қаратау маңы, Сарысу алқабы және Ұлытау жоңғарлардан азат
етіледі. 1730 жылғы башқұрт батырлары Алдар Есенгелдин мен Таймас Шаимовтың
Сыртқы істер коллегиясына мәлімдемесінде қазақтардың Бұланты шайқасынан
кейін Сырдария, Сарысу, Торғай өзендерінің бойын, Ұлытау мен Кішітау маңын
және Қарақұмға дейінгі даланы мекендейтіні көрсетіледі [12, 373 б.].
Ұлытау өңірінің тарихының бірнеше мәселелері XVIII ғасырдағы қазақ-орыс
қарым-қатынастарымен тығыз байланысты. Ұлытау өңірінде 1748 жылға дейін
Барақ сұлтанның иелік еткенін Орынбор губернаторы И.Неплюевтің сыртқы істер
коллегиясына жазған мәлімдемесінде Барақ сұлтан үш мың шаңырақпен Сарысу
өзенінің бойында көшіп жүргені және осы өзеннің қазақтар мен жоңғарларды
бөліп тұрғандығы айтылады [12, 424 б.]. Ұлытау өңірінде мекендеген найман
тайпалары сұлтанның ұлысын құраған. Әбілқайырдың өлімінен кейін Барақ
сұлтан оңтүстікке ығысып, Ұлытау өңірін тастап кетуге мәжбүр болады. Бірақ
та, тарихи деректерге сүйенсек, бұрынғы өзі иелік еткен найман тайпаларына
ықпалын жоғалтпайды. 1750 ж. Абылай сұлтан Ұлытауда жоңғар нояндары –
Даваци, Әмірсана және Банжурдың қазақ еліне қашып келуіне, оларды жоңғар
қоңтайшысының қайтарылуын талап етуіне байланысты үлкен кеңес өткізген.
Ұлытаудағы кеңеске арғын, найман, уақ-керей, бәсентиін және т.б. қазақ
руларының 70-тен астам ел ағалары қатысады. Түркістаннан арнайы Әбілмәмбет
хан келіп, жоңғардың адамдарын қайтару керектігін айтады. Абылай бастаған
ел ағалары Даваци мен жақтастарын Лама-Доржыға қайтарып бермеуге ұмтылады.
Оған қарсы Жапақ батыр және ең бастысы Орта жүздегі беделді батыр Малайсары
да қосылып, Даваци мен оның жақтастарын қайтаруды ұсынады. Абылай сұлтан
Давациға болашақ Жоңғарияның билеушісі ретінде қарап, қазақ елінің
мүддесіне пайдалану мүмкіндігін ойлағаны сөзсіз. Ұлытауда өткен кеңестен
кейін, Ұлы жүздің сол уақыттағы басшысы Төле би де Абылайдың шешімін
қолдап, хат жолдайды.
Ұлытау өңірінің тарихи географиясына қатысты мәселелердің бірі – 1771 ж.
Убашы тайшының бастауымен Еділ қалмақтарының Жоңғарияға кетуімен, орыс
әскерлерінің және қазақ жасақтарының әскери жорықтарымен байланысты.
Қалмақтардың Жоңғарияға көші және оларды қуғындаушы әскерлер Ұлытау арқылы
өткен. Н.Рычковтың жол жазбасында Ор бекінісінен шыққан орыс қарулы
әскерлерінің Кіші жүз ханы Нұралының жасақтарымен қосылып Ұлытауға дейін
қалмақтардың соңынан қуады.
XVIII ғ. Ұлытау өңірі қазақ тарихында ерекше орын алады. Жоңғар
шапқыншылығы кезінде Орта жүз халқына пана болып, ел тағдырының шешуші
кезеңдерінде саяси орталыққа айналады.
ХІХ ғ. Ұлытау өңірінің тарихи географиясы деп аталатын үшінші
бөлімшесінде Саржан, Кенесары Қасымұлдарының көтерілісінің тарихи
географиясы қарастырылады. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің барысы
Ұлытау өңірімен байланысты. Саржан мен оның жақтастары көбіне Сарысу мен Шу
өзендерінің бойында, Жетіқоңыр құмдарында және Жезді, Кеңгір өзендеріне
қоныстанған. Ұлытау өңірінің Орта жүздегі ұлт-азаттық Кенесары
көтерілісінің орталығына айналуы 1836 жылдан басталады. Осы жылы Саржан
сұлтан Ташкентте өлтірілген соң, Қасым сұлтан балаларымен Ұлытауға көшіп
келіп, осы араға өз жақтастарын жинақтай бастайды. Кенесары Қасымұлы
халқының тәуелсіздігіне ұмтылғанда, ата-баба дәстүрін ұстанып, Ұлытауды
көтерілістің орталығына айналдырды. Көтерілісшілердің қатарын бірінші
кезекте Ұлытау өңірін мекендеуші Бағаналы рулары толықтырады. Кенесары
Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс Орта жүздің барлық руларының
тарапынан қолдау табады [13]. 1838 жылы орыс әкімшілігіне қарсы шыққан
болыстар негізінен Ұлытау өңірін қоныстап отырды. Жақсы Арғанаты таулары,
Білеуті, Бұланты, Дүйсенбай өзендері, Кішітау маңы, Қаракеңгір мен
Сарыкеңгір өзендерінің бойы, Терісаққанның жоғары ағысы көтерілісшілердің
мекені болды [14, 87-88 б.]. Ресей империясының әкімшілігі көтерілісшілерге
қарсы әрекет ету үшін және қорғану мақсатында Ұлытау бекінісін орнатады.
1845 жылы Орынбордың әскери губренаторы Обручевтің бұйрығы бойынша
көтерілісшілерді Орынборға қарасты Кіші жүз аумағынан шектету үшін Ырғыз
бекінісі салынды.
Кенесары көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін, отарлау жүйесіне қарсы
күресті оның балалары Сыздық, Ахмет, Саржанның балалары Ержан, Қошқарбай
жүргізді. 1856 жылы Саржан мен Кенесарының балалары Петропавл керуенін
тонайды және Ақмола казактарының 15 000 бас малын қуып әкетеді. Қуғынға
штабс-капитан Соловцов, сұлтан Нұралы Әбілқайыров және Ерден Сандыбайұлы
бастаған жасақ жіберіліп, Шу өзенінің бойында олар Ахмет Кенесарин бастаған
қазақ жасақтарының шабуылына ұшырайды. Соловцов қаза болады. Саржан
сұлтанның баласы Қошқарбай да осы қатарда тұр. Қошқарбай Саржанұлы ХІХ ғ.
50-60-шы жылдары орыс отарлаушыларымен күрес жүргізген тұлғалардың бірі. Ол
Ұлытау өңірінде Кенесары ханның жақтастарын жинап, орыс әкімшілігіне мойын
ұсынбай, оңтүстіктегі Сыздық сұлтанға қосылмақшы болғанын мұрағат
құжаттарынан көре аламыз [15]. 1871 жылы Қошқарбай Саржанұлы орыс
әскерлерінің қолына түседі. Алайда, көтеріліске дайындалып жатқандығын,
Сыздық сұлтанмен бірігу мақсаты бар екендігін орыс әкімшілігіне
мойындамайды. Заң жүзінде ешбір негіз болмаса да, қазақ даласындағы қауіпті
адамдардың бірі деген айыппен 1872 жылы Екатеринославск губерниясындағы
Славяносербск қаласына жер аударылады. Арада бес жыл өткеннен кейін
Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның кепілдемесімен туған жеріне қайта
оралады.
Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің маңызы деп аталатын
төртінші бөлімшесінде тарихи-мәдени ескерткіштердің салыну себептері
анықталып, олардың саяси-әлеуметтік маңызы көрсетіледі.
Ұлытау өңірінің тарихи-ескерткіштері ерте ортағасырлардан ХХ ғасырдың
бастапқы кезіне дейінгі аралықты қамтиды. Ерте ортағасырларға Домбауыл
дыңы, Қарадың, Қосүйтас ескерткіштеріне жатқызылып отыр. Ұлытау өңірінде
Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері: Жошы хан, Алаша хан кесенелері,
Келінтам, Болған ана, Талмас ата т.б мазарлар сақталып қалған. Бұл
ескерткіштер кешенінің сәулеткерлік ерекшелігі Алтын Орда мемлекетінің күш-
қуатының символы болып табылады.
ХІХ ғ. тарихи-мәдени ескерткіштердің көпшілігі Сарысу, Кеңгір, Жезді,
Торғай, Нұра өзендерінің бойында орналасқан. Бұлай орналасуында да өзіндік
бір ерекшелік бар. Ол, біріншіден өзен аңғары, судың жағасы болса,
екіншіден, ежелден қыстаулардан жайлауға баратын көші-қон жолдарында
орналасуымен байланысты. ХІХ ғ. айтулы тұлғаларға арналып салынған
ескерткіштер саяси биліктің ру басыларына ауысқандағының көрінісі және
өңірдегі ру аумақтарының шекаралық белгісі қызметін атқарды. Өңір
аумағындағы бейіттер, күмбездер т.б. шексіз кеңістікте керуен жолдарының
бағдары, жолаушылардың панасы болды.
Сарыарқада исламның кеңінен таралуы ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең
етек алады. Беделді ру басыларының мешіттер салғыза бастауы, ауылдарда
молда ұстауы, балаларды арабша хат танытуы, Арқадан қажылыққа барушылардың
көбеюі осы тұсқа келеді. ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ арасында ислам
дінінің кеңінен таралып келе жатқанына ресейлік әкімшілік қауіп білдіреді
[16]. Қазақ арасында жаппай мұсылмандықтың кең таралуы Ресей империясының
отарлау саясатымен тікелей байланысты. Отарлаудың салдарына қарсы арқа
сүйер күш ретінде ислам дінін пайдаланды. Ал, ислам дінінің кез-келген
жерде таралуына әсер ететін бірден-бір фактор – мешіттің болуы еді.
Мұсылмандықты уағыздаған адамдар бірінші кезекте мешіт салдырған. Мұны
Ұлытау өңіріндегі сақталған мешіттер салынуынан көре аламыз.
Ұлытау өңірінің аумағында ортағасырлық дәуірдің бірнеше қалашықтар мен
бекіністер орналасқан. Осы өңірдің ортағасырлық қала мәдениетінің көптеген
мәселелері археологтар тарапынан толық және жан-жақты зерттелген болатын.
Кеңгір және Сарысу өзендерінің бассейнінен, Ұлытау және Жезқазған
аудандарынан табылған ортағасырлық қалашықтар отырықшы мәдениеттің суармалы
жер шаруашылығының дамығандығының дәлелі.
Ұлытау өңірінің этникалық құрамы және әкімшілік-аумақтық құрылымы деп
аталатын екінші бөлімінде рулардың осы аумақта орналасуы, қозғалысы және
ХІХ ғ. Ресей империясының құрамына қосылғаннан кейінгі әкімшілік реформалар
нәтижесіндегі аумақтық бөлініс қарастырылады.
Ұлытау өңірінде ру-тайпалардың қоныстануы деп аталатын бірінші
бөлімшесінде осы аумақтың рулары сипатталады және олардың қоныстану жерлері
көрсетіледі.
Ұлытау өңірі этнотерриториалды тұрғысынан алғанда Орта жүз құрамына
жатады. Қазақ хандығы дәуірінде Ұлытау өңірін мекендеген ру-тайпаларды
анықтау және олардың орналасуы туралы нақты сипаттама беру қиындық
туғызады. Тек, XVIII ғ. жазба деректердің негізінде Ұлытау өңірінде қандай
рулардың қоныстанғанын көре аламыз. П.И. Рычковтың мәліметтері бойынша
XVIII ғасырда Орта жүз руларының құрамы келесідей: В сей Средней орде
генерально четыре рода состоят, яко-то: найманы, аргинцы, увак-киреейцы и
кипчаки, из которых найманский против всех прочих людняе и богатее.
А.И.Левшин Арғын және Найман руларының Ұлытау өңірін мекендегенін
көрсетеді: Аргынское поколение кочует около гор Улуг, Найманское
поколение ... прочие кочуют по вершинам Ишима, по Тургаям, Кара-Узяку,
Сыру, Кувану, Лапсу, около озер Ак, в горах Улуг, Кичи и проч..
Тарихи аңыздарда Арғын және Найман рулары Ұлытау өңірінде аралас
қоныстанып, кейіннен екі ру арасындағы келіспеушілік Арғындардың
солтүстікке ығысуына алып келеді. ХІХ ғ. Арғын-Төртуыл рулары Ұлытау
өңірінің солтүстігі мен көршілес аумақтарда, Теңіз көлінің аралығында,
кейбір бөліктері тіпті солтүстікте Есіл өзенінің бойын қоныстанды. ХVІII ғ.-
ХIX ғ.бас кезінде Ұлытау өңірін Арғын ішіндегі Тобықты руының қоныстанғаны
туралы ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz