Физиканы оқыту әдістемесі – педагогикалық ғылым, оның зерттейтін мәселелері мен зерттеу әдістері. Физика курсының басқа пәндермен байланысы


Пән: Физика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 120 бет
Таңдаулыға:   
  1. ЛЕКЦИЯ ТЕЗИСТЕРІ

1-2 лекция. Тақырыбы: Физиканы оқыту әдістемесі - педагогикалық ғылым, оның зерттейтін мәселелері мен зерттеу әдістері. Физика курсының басқа пәндермен байланысы

1. Оқыту әдістерінің ғылыми негіздері

2. Оқыту әдістерінің классификациясы

3. Физика сабақтарында оқыту әдістері мен тәсілдерінің түрлерін қолдану

4. Физиканы проблемалық оқыту

5. Физиканы программалап оқыту

6. Физиканы программалап оқыту құралдары

1. 1 Оқыту әдістерінің ғылыми негіздері. Оқыту әдістері - көп тармақтан тұратын, көп компонентті ғылыми-практикалық ұғым. Оқыту әдістерін ғылыми негізде талдау жасасақ, оған әр түрлі тұрғыдан анықтама беруге болады: оқыту әдісі - оқытушы мен оқушының бірлесіп жұмыс істеу тәсілдері; оқыту әдісі- оқу процесіндегі алға қойылған мақсатқа жету үшін мұғалім мен оқушының бірігіп атқаратын қарекеті; оқыту әдісі - оқу процесіндегі педагог пен оқушының арасындағы әсер-әрекет; оқыту әдісі - оқушылардың танымдық процесін және олардың жеке басының дамуын ұйымдастыру формасы; оқыту әдісі - оқу процесін оптималдандырудың бір амалы. Мұндай тұжырымдамалардың барлығының көздейтін түпкі мақсаты оқушылардың білім алуының тиімді жолы мен әдіс-амалын анықтау екендігін аңғару қиын емес. Бұл процесс "мұғалім←→оқушы" схемасы (тәсімі) бойынша өзара екі обьектінің әсер-әрекеті арқылы жүргізіледі.

Сабақта жаңа тақырыпты ауызша баяндап түсіндіру - оқыту әдісінің бір түріне жатады. Лабораториялық жұмысты орындау үшін оқушыларға мұғалім кейде қысқаша ауызша нұсқау беріп, қалай істеу туралы бағыт-бағдар көрсетеді; екінші бір жағдайда, оқытушының айтып отыруымен оқушылар әрекет жасап, физикалық өлшеулер жүргізеді; үшінші бір кезеңде, мұғалім оқушылардың қандай қарекет жасайтыны туралы жазбаша нұсқау береді ; төртінші бір варианты - педагог жұмыстың мақсатын тұжырымдайды, ол бойынша оқушылар өздері соған керекті приборларды таңдап - теріп алады. Бұл мысалдағы, лабораториялық жұмыс жасау - оқыту әдісі, ал оны ұйымдастырып жүргізу формалары - 4 түрлі әдістемелік амал болып табылады. Ендеше, әдістемелік амал - оқыту әдісінің бір бөлігі, оның элементі; ол оқу процесіндегі мұғалім мен оқушылардың жеке іс - әрекетін көрсетеді.

Оқыту әдісінің, әдістемелік амалдан гөрі ірілеу бөлігі - оқыту тәсілі. Мысалы, есеп шығаруда аналитикалық, синтетикалық, графиктік, эксперименттік әр түрлі тәсілдер қолданылады. Демек, оқыту әдісі мынадай компоненттерден тұрады: әдіс → тәсіл → амал → әрекет → операция.

Әдістемелік амалдар логикалық, ұйымдастырушылық, техникалық формалар түрінде жүзеге асырылады. Мысалы, әдістемелік амалдың логикалық формасы - физикалық құбылыстарды, не денелерді олардың ортақ бір қасиеттері мен белгілеріне байланысты топтап - талдау, ұқсастықтарына қарай салыстыру; ұйымдастыру формалары - оқушылардың бәрі бір есепті мұғалімнің тақтаға шығаруымен қатарласып шығаруы, әр түрлі есептерді жеке-жеке дидактикалық карточкалар арқылы шығаруы, есептің берілген сандық мәндерін компьютерге салу; " техникалық " формалары - кейбір физикалық приборларды ( компас, микроамперметр, магниттік стрелка) сыныптағы оқушыларға танысу үшін сабақ үстінде таратып беру, сабақта әр оқушыны фронтальдық тәжірибе приборларымен қамтамасыз ету, т. б.

1. 2. Оқыту әдістерінің классификациясы.

Мектеп өмірінде оқыту әдістерінің бірнеше түрлері қолданылатыны белгілі, сондықтан, олардың классификациялау принциптері де (белгілері де) әр түрлі. Оның ішіндегі әзірге дейін ең дұрыс деп қабылданып келген принцип - оқушылардың алатын білім көздеріне және мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жүргізетін қызметіне байланысты классификациялау. Бұл принцип тұрғысынан оқыту әдістері үш түрге бөлінеді: 1) сөзбен баяндау әдістері; 2) көрнекілік әдістері; 3) практикалық әдістер.

1) Сөзбен баяндау әдістері мұғалімнің ауызша түсіндіруі арқылы жүзеге асырылады. Оқушыларға берілетін білімдердің негізгі көзі-мұғалімнің сөзі, ал мұғалімнің қарекеті - сөзбен түсіндіру, оқушылардың қызметі-тыңдау, ойлану болып табылады. Мұғалімнің оқу материалын ауызша сөзбен баяндау әдісі әңгімелеу, әңгімелесу (сөйлесу), лекция, түсіндіру арқылы жүргізіледі.

2) Көрнекілік әдіспен оқу материалын түсіндіргенде оқытушы көрнекі және техникалық құралдарды қолдану арқылы физикалық құбылыстарды, процестерді, денелерді, заттарды көрсетеді, демонстрациялайды, иллюстрациялайды, қолдарына ұстатып сездіреді. Бұл жағдайда мұғалімнің сөзі тек қосымша рөл атқарады да, оқушылардың алатын білім көзі көрнекі құралдар болып табылады. Мұғалімнің оқыту қызметі - көрсету мен демонстрациялау, ал оқушылардың сабақтағы оқу қарекеті - бақылау, эксперименттік фактыларды көріп ойлану, қорытынды жасау, білім қорын байыту. Көрнекілік әдістердің түрлеріне демонстрациялық экспериментті, экскурсияны, схема - плакат, сызу - сурет, коллекцияларды көрсетуді, кино - диафильмдерді және телевизиялық хабарларды демонстрациялауды жатқызуға болады. Көрнекілік әдіс дидактикалық принципке сәйкес келеді. Классик-педагог Я. А. Коменский бұл әдісті мұғалім үшін "алтын ережеге" санаған. Өйткені, оның нәтижесінде оқу материалын оқушылардың түрлі сезім мүшелері арқылы түсініп қабылдауына мол мүмкіндік туғызылады; көруге болатынды көреді, естуге тиістіні тыңдайды, иісін иіскеп біледі, дәмін татып көреді, қолына ұстап нәрсенің қатты-жұмсақтығын байқайды. (Я. А. Коменский. Избранные педагогические сочинения, том 1, Великая дидактика. М., Учпедгиз, 1939г., стр. 207) .

3) Практикалық әдістер физиканы оқыту процесінде лабораториялық жұмыстар, физикалық практикумдар, сыныптан тыс бақылаулар жүргізіп, есеп шығару кезінде қолданылады. Олар оқушылардың эксперименттік, өлшеу, зерттеу, жалпы еңбектік ебдейліктері мен дағдыларын қалыптастырады. Оқушылардың өз бетінше түрлі практикалық жұмыстарды орындауы, ізденіп-ойлануы, есеп шығаруы олардың алатын білімдері мен ебдейліктерінің көзі болып саналады. Бұл жағдайда мұғалімнің қызметі -жұмысқа түсінік-нұсқау беру, тексеру, қорытынды жасауға жәрдемдесумен шектеледі.

Бұл әдістердің ешқайсысын да әмбебап (универсал) әдістер деп қарауға болмайды, оларды қолдану оқыту мақсаттарының түрлеріне сай келуі тиіс. Сабақта олардың ешбірі "таза күйінде" қолданылмайды, көбінесе олар "аралас формада" пайдаланылады. Мысалы, мұғалімнің ауызша баяндау әдісі сабақта көрнекі құралдарды иллюстрациялап, физикалық экспериментті демонстрациялаумен, көрнекілік әдіспен қоса қабат біріктіріліп қолданылады. Сондай-ақ, сөзбен түсіндіру әдісі көп жағдайда практикалық әдіспен де (лабораториялық жұмыста) бірігіп пайдаланылып отырады. Демек, қай уақытта, қандай әдістерді, қалай қолдану - мұғалімнің творчестволық ісі, методикалық амал-тәсілі. Мұны творчестволық және жаңашыл мұғалімдердің физика сабақтарында оқыту әдістерін сан алуан құбылтып, көптеген жаңа әдістемелік тәсілдер мен амалдарды ойлап шығарып, пайдаланып, онан әрі түрлендіріп, дамытып жатқанын тағы да дәлелдеп отыр.

Оқушылардың біліп-тану процесінің сипатына қарай М. Н. Скаткин мен И. Я. Лернердің классификациясы бойынша оқыту әдістерінің жүйесі 5 түрге бөлінеді: түсіндірмелі-иллюстративтік (информациялық-рецептік), репродуктивтік, проблемалық, эвристикалық (жартылай-ізденушілік), зерттеушілік әдістер.

Проблемалық оқыту тұрғысынан М. И. Махмутов оқыту әдістерін информациялық, орындаушылық, түсіндірушілік, репродутивтік, нұсқаулық-практикалық, нәтижелік-практикалық, түсіндірмелі-оятушылық, ойланушылық, жартылай-ізденушілік, ізденушілік әдістер деп 10 түрге бөледі.

Дидактикалық мақсат тұрғысынан М. А. Данилов пен Б. П. Есиповтың классификациясы бойынша оқыту әдістері 4 компоненттен тұрады: оқушылардың ебдейлігі мен дағдыларын қалыптастыру әдісі; олардың алған білімдерін практикада және творчестволық істе пайдалану жеткіншектердің білімдерін, ебдейліктерін, дағдыларын тексеру мен бекіту әдістері.

Оқу процесін оптималдандыру принципі бойынша (Ю. К. Бабанский) оқыту әдістері 5-ке бөлінеді: сөзбен түсіндіру, көрнекілік, практикалық, репродутивтік, ізденушілік әдістері.

1. 3. Физика сабақтарында оқыту әдістері мен тәсілдерінің түрлерін қолдану.

Оқыту әдістерін зерттеу - негізінен дидактиканың міндеті, ал жеке пәнді оқыту, оның ішінде физиканы оқыту әдістемесінің мақсаты - физика мазмұнының ерекшелік сипатына лайықты сабақта оқыту әдістерінің тиімді тәсілдері мен методикалық амалдарын қолданудың жолдары мен формаларын анықтау.

Оқыту әдістерін сабақта пайдаланудың жалпы әдістемесі педагогика курсында түсіндіріледі. Физика сабақтарында көбінесе оқу материалын ауызша сөзбен баяндау әдістері қолданылады. Бұл тәсілдер сабақтарда әңгімелесу, әңгімелеу, түсіндіру, лекция түрінде өткізіледі.

Әңгімелесу тәсілі бойынша сабақта мұғалім мен оқушылардың сұрақ-жауабы арқылы оқу материалы ауызша баяндалып, түсіндіріледі. Мұны, әсіресе, эврикалық әңгімелесуді, көп жағдайда төменгі кластарда пайдаланған қолайлы.

Диалог түрінде жүргізілетін әңгімелесу тәсілі арқылы:

  1. Физикалық заңдар (Паскаль, Ньютон заңдары) түсіндіріледі;
  2. Физикалық құбылыстардың (диффузия, электромагниттік индукуия) мәні ашылып, көрсетіледі;
  3. Физикалық ұғымдар (үдеу, қуат, ішкі энергия) қалыптастырылады;
  4. Оқу материалдары қайталанып, бекітіледі (қозғалыс мөлшерінің, энергияның сақталу заңдары) ;
  5. Оқушылардың алған білімдері, ебдейліктері, дағдылары тексеріледі (Архимед күші, динамометрмен өлшеу) ;

Әңгімелесу арқылы өткізілген сабақтарда көбінесе оқушылар тыңдайды, оқу жадыхатын меңгеру процесіне өздері де қатынасады, демонстрацияланған құбылыстарды көріп бақылайды, мұның нәтижесінде олардың сабақтағы белсенділігі жоғары болады және сабақтың үстінде бөтен нәрсемен айналысуға болмайды. Бірақ, бұл тәсіл оқушылардың практикалық ебдейліктері мен дағдыларын дамытуға қажетті жағдай туғызбайды.

Әңгімелеу - оқу материалын сабақта, диалогсыз, тек мұғалімнің өзінің үздіксіз сөзбен ауызша баяндау тәсілі. Мұндай тәсілді өте-мөте мынадай жағдайда пайдаланған ұтымды болады:

  1. Физикалық заңдар мен жаңалықтар (өнер тапқыштықтың) ашылу тарихымен, физик-ғалымдардың өмірбаянымен оқушыларды таныстыру қажет болғанда (бүкіл әлемдік тартылыс заңы, радионы ойлап табу) ;
  2. Ғылым мен техниканың жетістіктерімен, даму перспективаларымен мектеп оқушыларын таныстырғанда (фотоэффект, атом электр стансасы) ;
  3. Физикалық заңдар мен құбылыстардың ғылымда, техникада, өмірде қолдануын түсіндіргенде (спектр анализі, Архимед күші, капиллярлық) табиғатта және техникалық қондырғыларда байқалатын физикалық құбылыстарды баяндағанда (конвекция, шала өткізгіштер) .

Бұл тәсіл бойынша сабақта, ауызша баяндауды оқушылар ұзақ уақыт бойы тыңдаудан жалығады, олардың белсенділігі төмен болады, жалпы еңбектік және политехникалық ебдейліктері мен дағдыларын дамыту мәселелері қалыс қалады. Сол себепті әңгімелеу және де ауызша түсіндіру кездерінде оқу материалдары әр түрлі логикалық формада, қызық, көрнекілік жолмен, олардың практикалық маңызы көбірек ашылып көрсетілетіндей дәрежеде баяндалуы қажет.

Оқушылардың логикалық-танымдық және творчестволық ойлауы мен қабілеттерін дамытуда сабақтарды проблемалық оқыту тәсілімен өткізудің маңызы күшті. Мұның негізгі мәні - оқу материалын түсіндіру үстінде проблемалық жағдай

(ситуациялар) туғыза білу. Негізінен, физикадан проблемалық оқытудық формасын мынадай 4 деңгейде өткізудің мумкіндігі бар:

1) проблемалық баяндау - мұғалімнің проблеманы тұжырымдап, оны өзінің шешуі, ғылымда оның қалай шешілгенін көрсету (атомның және ядроның құрылысы) ;

2) проблемалық ситуация туғызып, оны оқушыларды қатыстырып бірге шешу

(сұйықтардағы беттік керілу) ;

  1. проблеманы мұғалімнің өзі тұжырымдап, шешуін оқушылардың өздеріне ұсыну

(сұйық және газ тәрізді денелердің диффузиясы) ;

4) проблеманы тұжырымдап және оны шешуді оқушылардың өздеріне беру

(денелердің суда жүзуі және батуы) . Бұл тәсілді көбінесе факультативтік сабақтарда, үйірме жұмыстарында пайдаланған да орынды.

Физика сабақтары программалап оқыту жолмен де жетілдіріліп келеді. Программалап оқыту принципінде, оқу материалы жеке элементтерге (порцияларға) бөлініп, сыныптағы оқушылардың қабілеттеріне қарай әрқайсысының өзіне тән сипатта және жылдамдықта жасайтын оқу әрекетінің реті көрсетіліп, дер кезінде олардың материалды қалай меңгергендігі туралы информация алып тұрарлықтай арнаулы бағдарламамен (алгоритм) оқытылу көзделеді. Программаланған оқулықтар мен тапсырмалар сызықтық және тармақтық принцип негізінде дайындалады. Мұндай тәсілді пайдаланудың нәтижесінле оқу жадыхатын бір оқушы шапшаң, ал басқа біреуі баяу меңгереді, оқушылардың өз бетінше қолайлы жағдай туғызылады, олардың білімдері машинамен обьективті тексеріледі және мұғалімге деген жеке басының наразылығы - күдігі болмайды, сабақта электроникалық техника қолданылады.

Программалап оқыту мен оқушылардың білімін тексеру арнаулы бағдарлама, тапсырма, программаланған оқулық, "оқытатын" және "тексеретін" машиналар арқылы жүзеге асырылады. Өкінішке орай, бұл тәсілдің оқушыларды сөйлетіп, өз ойын түсіндіре білуге, мұғалімнің қарым- қатынасын дамытып, одан тәрбие алуға үйретудегі рөлі төмен.

1. 4. Физиканы проблемалық оқыту.

Соңғы жылдарда проблемалық оқыту дамып кетті. Мектеп оқушыларын проблемалық оқыту идеясы бұрыннан кездескенімен оның теориялық негіздері мен практикалық қолданылуы әлі қалыптасып болған жоқ.

Проблемалық оқыту - ойлау операциялары мен оқушылардың ізденіс әрекеттерінің заңдылықтарын ескере отырып жасалған, оқу мен оқытудың бұрыннан мәлім тәсілдерінің қолдану ережелерінің жаңа жүйесі. Сондықтан, ол бәрінен гөрі көбінесе мектеп оқушысының ойлау қабілеттерін дамытуды, оның жалпы дамуын және сенімдерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Проблемалық және дәстүрлі оқыту арасындағы негізгі айырмашылықты біз екі жайттан көреміз: олар негізінен педагогикалық процесті ұйымдастырудың мақсаты мен принципі жағынан ерекшеленеді. Проблемалық оқытудың мақсаты-ғылыми таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге бұл нәтижелерге жету жолының өзін де, процесін де, меңгеру оқушының танымдық дербестігін қалыптастырып, оның шығармашылық қабілеттерін дамыту. Проблемалық оқыту негізінде оқушының дербес оқу - танымдық принципі жатыр, яғни ғылыми зерттеу фактілерін, құбылыстарды, заңдарды және методтарды "ашу" принципі және білімдерін практикада қолдану әдістері.

Сонымен қатар проблемалық оқытуды тек оқушылардың өздігінен «жаңалық ашуынан» тұрады деп қарауға болмайды.

Проблемалық оқыту жағдайындағы мұғалімнің қызметі мынадан түрады: ол қызметті жағдайда неғұрлым күрделі ұғымдардың мазмұнын түсіндіре отырып, ұдайы проблемалық ситуациялар жасайды, оқушыларға фактілерді хабарлап, олардың оқу танымдық қызметін фактілерді талдау негізінде оқушылар өздіктерінен қорытындылар мен жинақтаулар жасайтындай етіп ұйымдастырады.

Соның нәтижесінде оқушыларда ақыл-ой операциялары мен әрекет дағдылары, білімдерді тасымалдау дағдылары қалыптасады. Зейін, ерік, шығармашылық қиял ойлап табушылық дамиды, жаңа білімдерді алу мен шпотезалар ұсыну және оларды негізден дәлелдеу жолымен әрекеттің жаңа тәсілдерін табу қабілеттері қалыптасады.

Проблемалық жағдай - адам пайда болған құбылысты, фактіні шындық процесін қалай түсіндіруді білмеген, мақсатқа өзіне мәлім әрекет-тәсілімен жете алмайтын жағдайда туған оның интеллектуалдық қиналуы. Бұл түсіндірудің жаңа тәсілін немесе әрекет - тәсілін іздестіруге түрткі болады. Проблемалық жағдай продуктивтік, шығармашылық, танымдық қызметтің заңдылығын айтамыз. Проблемалық жағдайды талдау оқушы үшін қиын болуы керек және онда осы проблеманы шешуге қызығушылық пайда болуы керек.

Қарапайымнан күрделіге қарай жүру, материалдың оқушы түсіне алатындай болуы, оқытудың өмірмен байланысы және т. б. тек оқушының нәтижелі іс-әрекеттерінің шарттары ғана. Қиындық келтірген сұрақ, стандартты емес міндет барлық уақытта проблемалық жағдайлар туғызып отырған.

Мұғалімнің мектеп оқушысының оқу процесін танымдық қызмет кезеңдерін ескере отырып құруға талпынуы бұл процестің логикасын өзгертеді, оқу процесін ұйымдастырудың жаңа схемасы, жаңа принципі пайда болады. Ойлау адамның проблемаға тап болуынан басталатын болғандықтан, проблемалық оқытудың негізі мұғалім жүйелі түрде жасайтын проблемалық жағдайлар болып табылады.

Ақыл-ой операциялары толық циклының проблемалық жағдайдың пайда болуынан бастап проблеманың шешуіне дейін бірнеше кезеңі болады:

  1. проблемалық жағдайдың пайда болуы;
  2. қиындық мәнін ұғыну мен проблема қою;
  3. ойлап табу немесе жорамалдар жасау мен гипотезаны негіздеу жолымен шешу тәсілін табу;
  4. гипотезаның дәлелдемесі;
  5. проблема шешімінің дұрыстығын тексеру.

Проблеманы дұрыс қою үшін сұрақтың құрылымына назар аудару керек. Проблема алынған білім мен белгісіз дүниелер арасында логикалық байланыс орнатылу керек. Мысалы, денелердің сұйықта жүзуін оқып үйренген кезде проблема мынадай болуы мүмкін: "Не себептен суға тасталған шеге батады да, ал ауыр кеме не үшін батпайды?", ал "Не себептен денелер жүзеді?" деген сұрақ тек информациялық болады. Себебі ол тек тиісті заңдылықты білдіруді қажет етеді.

Енді физикалық эксперимент жолымен жасалған проблемалық жағдайды қарастырайық.

"Жылу мөлшері. Жылу мөлшерінің бірліктері" атты тақырыпта оқушылар дененің меншікті жылу сыйымдылығы туралы толық мәлімет алулары тиіс. Сабақты демонстрация жасай бастаған жөн. Екі бірдей үлкен стакандардың ішіне 0, 5 литр деп су құйылады. Енді қайнап тұрған судың ішінен массалары әр түрлі алюминийден жасалған денелерді алады да оларды стакандарға салады. Біраз уақыт өткен соң стақандардың әрқайсысындағы температура өлшенеді. Осы жерде оқушылар дененің ішкі энергияның мөлшері тек қана дене массасына тәуелді деп жорамал жасай бастайды.

Сонан соң оқушыларға бірдей массалы қорғасын мен алюминийден жасалған денелермен эксперимент қайтадан көрсетіледі. Оқушыларға өздерінің тұжырымдарын айтуға мүмкіндік беріледі. Көпшілік оқушылар термометрлердің көрсетулері бірдей болады деп ойлайды. Сонан соң стақандардағы судың температурасы өлшенеді. Алюминий салынған стақандағы судың температурасының жоғары болуы оқушыларды таңдандырады. Проблемалық жағдай пайда болады. Кейбір оқушылар денелердің көлемдері әр түрлі екенін байқап, дененің ішкі энергиясы оның көлеміне тәуелді деп тұжырым жасайды. Бұл тұжырымның дұрыстығын тексеру үшін, стақандарға бірдей көлемді алюминий мен қорғасыннан жасалған денелерді салады. Оқушылар нәтижені көріп жылу мөлшері дененің көлеміне тәуелді болмай, оның массасы мен заттың түріне байланысты екенін айтады.

1. 5. Физиканы программалап оқыту.

Информацияның үздіксіз өсіп бара жатқан көлемін өңдеу кезінде уақыт пен күшті елеулі түрде үнемдейтін оқыту тәсілдерін іздестіру жұмысы соңғы жылдары жүргізіліп келеді. Математикалық логика, кибернетика, психология мен физиология идеяларын пайдаланатын программалап оқыту оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастырудың сондай тәсілдерінің біріне жатады. Кибернетика тұрғысынан қарағанда оқыту "кері байланысты" процесс болып табылады. Программалап оқыту сенімді кері байланыстың болуына негізделеді. Оның мәні мынада: оқу материалы оқушыға шағын бөлшектер (дозалар) түрінде логикалық қатаң дәйектілікпен қатар ұсынылады да, сол жердің өзінде оның меңгерілуін бақылау жүзеге асырылады.

Программаланған оқыту төмендегі негізгі элементтерді: курстың логикалық құрылымын, курстың оқыту алгоритмін, программаланған оқулықты, оқыту программаларын, оқыту машиналарын қамтиды.

Программалап оқыту кезінде ең алдымен оқу пәнінің мақсаттары мен міндеттерін анықтап, оқушылардың нені білуге, түсінуге, істей алуға тиістілігін ажыратады, курстың логикалық жүйесін талдайды, барлық алогикалық (логикаға қайшы) екінші кезектегі, оның

(курстың) іргелі негіздері үшін белгілі бір мәні жоқ нәрсенің бәрін шығарып тастайды. Сонон соң негізгі тақырыптарды, бөлімдермен кіші бөлімдерді ажыратып, оларды дозаларға - тиісті оқулықтардың параграфтарын қарағанда едәуір ұзақ информацияны кванттарына бөлшектейді.

Информацияны беру қарқыны (оқыту қарқыны) әрбір оқушының өзіндік қабілеттерімен үйлестіріліп отырады. Оқушы қабілетіне қарай, әдетте, сабақты меңгеруге оған қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт жұмсайды. Оқыту процесін мейлінше даралауға мүмкіндік туады.

Алайда оқу процесін бұлайша ұйымдастырудың елеулі кемшіліктері де бар. Оқу материалын ұсақ дозаларға бөлшектеу және қандай да бір доза меңгерілмеген жағдайда (тіпті келесі материалды меңгеру үшін зор маңызы бар доза болса да) ілгері қарай жүруге мүмкіндіктің жоқтығы оқушыны оқып үйренілетін материалдың перспективасын, толып жатқан байланыстарын көру мүмкіндігінен айырады. Сонымен бірге программалап оқыту жайында оқушылардың барлық материалды қабылдауының тұтастығын қамтамасыз ету мейлінше қиын.

1. 6. Физиканы программалап оқыту құралдары.

Оқытудың табысты болуы, тіпті ең жетілген техникалық құралдарды қолданған күнде де, көп жағдайда программалардың сипаттамасымен анықталады. Программаларды информацияны ұсыну тәртібіне байланысты сызықтық және тармақтық деп негізгі екі типке бөледі. Өз кезегінде бұл типтердің әрқайсысының мейлінше алуан түрлі көптеген көріністері бар.

Оқу материалын программалаудың сызықтық жүйесі бойынша құрастырылған құралында информацияны ұсынудың дәйектілігі өзгермейді. Дұрыс жауаптары осы жердің өзінде, оқулық беттеріндегі ақ қалған орындарға немесе келесі бетке орналастырылған. Жұмыс істеуге тиісті текстің кей жерлері өзгертілген болады. Оны оқығанда түсініп алған орындарын толтыру немесе жақшада көрсетілген бірнеше сөз бен сөйлемдердің бірін таңдап алу керек. Бақылау сұрағына жауап бергеннен кейін, оқушыға салыстыру үшін дұрыс жауап ("нығайту") және жауаптың дұрыс-бұрыстығына байланыссыз информацияның келесі дозасы беріледі. Егер дозаларды берудің дәйектілігі оқыту процесі барысында анықталған болса, онда программаны тармақты программа деп атайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Физиканы оқыту әдістемесінің міндеттері
Бастауыш мектепте информатика элементтерін пәнаралық байланыс негізінде оқыту әдістемесі
Физика сабағында ақпараттық технологияны қолданудың тиімділігі
Оқыту әдістерінің классификациясы
Мектептерде химияның жаратылыстану ғылымдарымен байланысын инновациялық оқыту
ФИЗИКАНЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ФИЗИКА
Зерттеудің көкейтестілігі
Молекулалык физика пәні
Компьютерлік сабақтардың түрлері
Физиканы оқыту әдістемесінің негізгі қызметтері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz