Ислам құқығы пәнінен лекция тезистері (1 лекция)



Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   
Ислам құқығы пәнінен лекция тезистері (1 лекция)

Фикх сөзі Құран Кәрімде жиырма жерде түрлі қалыппен кездеседі. Жалпы бір
нәрсені жақсы және толық түсіну, ұғыну, бір нәрсенің ақиқатын білу және ой
жүгірту сияқты мағыналарда қолданылады. Хадистерде кездесетін Фикх сөзі
және туындысы, мутлақ (міндетті түрде, үзілді-кесілді) ретінде
қолданылғанда сөздік мағынасы жақсы, тура және тереңдей мағлұмат және
ұғыну дегенге келетіндігін көреміз.
Фикхтың терминдік мағынасы адамның күнделікті өмірінде пайдалы және
зиянды нәрселерді білуі. Фикх сөзі Исламның алғашқы кезеңінен қазіргі таңға
дейін бірнеше рет мағына ауыстырды, осыған байланысты Фикх жайында түрлі
анықтамалар берілген.

Хз. Пайғамбар және сахаба кезеңінде Фикх, жинақталған бөлек бір ғылымның
аты емес. Мәселен, итиқад (наным-сенім), амал (құлшылық) және ахлақ
мәселелерінде кітап пен сүннеттен білетініміз, осылардан қол жеткізген
мәліметтер Фикх деп аталды. Ілім (ғилм) сөзі де сол кезеңде осы мағынада
қолданылатын.

Хз. Пайғамбар кезеңіндегі Ислам құқығы

Ислам құқығы (Фикх), Хз. Пайғамбар (с.а.у.) ның Мәдинаға һижрет етуінен
бастап өмірден өтуіне дейінгі өте қысқа он жыл уақыттың ішінде
толықтастырылып, әдебиеттері, негіздері мен принциптері тұрғысынан қате-
кемшіліксіз үмметке берілген, ижтиһад жолымен дамытылуы және әр уақытқа
үйлесімділігін қамтамасыз ету олардан талап етілген.

Хз. Пайғамбар (с.а.у.) заманы Фикх кезеңінің ең маңыздысы болатын.
Өйткені уахиға негізделген әрі уахидың бақылауымен жүзеге асып отырған заң
шығару және іске асыру осы кезеңдерде толықтырылған. Сондықтан да бұл кезең
кейінгі кезеңдерге бастау және үлгі-өнеге болды. Міне сол себепті Хз.
Пайғамбар (с.а.у.) кезеңін жақсы білуіміз керек. Бұл кезеңді бөліп тұратын
ерекшеліктері тұрғысынан екіге бөлу қажет: Мекке кезеңі және Мәдина кезеңі.

1. Мекке кезеңі

Хз. Пайғамбарға (с.а.у.) миләди жыл санауы бойынша 610 жылы уахи келіп,
жүктелген пайғамбарлық міндетіне сай дінге шақыра бастады және 622 жылға
дейін Меккеде тұрды. Осы уақыт ішінде (13 жылға жақын) Құран Кәрімнің үште
бірінен азы түскен болатын. Һижреттен бұрын болған бұл кезеңде әлеуметтік
байланыстардың тәртіпке келтірілуіне қарағанда сенім, құлшылық және ахлақ
мәселелеріне тоқталған, екінші бір жағы Фикх құрылымы пайда бола бастады.

Хз. Пайғамбар (с.а.у.) сол дәуірде, Мәдиналық топпен жасаған Ақаба анты,
Фикх саласында алғашқы жазылған мәлімет деп санауға болады. Бұл анттың
баптары мынадай:

1- Тек қана бір Аллаһқа құлшылық ету
2- Ұрлық жасамау
3- Балаларды өлтірмеу
4- Зина жасамау
5- Намысты әйелге зина жасады деп жала жаппау
6- Өтірік сөйлемеу
7- Жақсылықта Аллаһқа және Пайғамбарына қарсы келмеу

2. Мәдина кезеңі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәдиналықтармен жасаған алғашқы қарым-қатынастан
кейін Мәдинаны, жаңадан негізі қаланатын мемлекет үшін оңды халге келтірген
болатын. Осылайша Аллаһ Тағала Пайғамбарына рұқсат еткен кезде Ясрибке
(Мәдина) көшті. Шынын айтқанда ол жер оны және меккелік мұсылмандарды
бауырына басуға дайын болатын. Мәдинату-н Нәби (пайғамбардың қаласы) атымен
Ислам мемлекетінің жаңа орталығына айналды. Пайғамбарымыз (с.а.у.)
һижреттен кейін Мекке кезеңінде орналасқан діннің иман мен ахлақ
негіздеріне Мәдинада муамәлатқа (Ислам құқығында құлшылық пен жазадан тыс
әрбір іс-әрекет) қатысты мәселелерді одан әрі жалғастырды. Осы салаларға
бағытталған тұлғалық және әлеуметтік өмірді ретке келтіретін үкімдер жүйеге
енді. Хз. Пайғамбар (с.а.у.) Мәдиналық дәуірде мына мәселелерге қатысты
құқықтық негіздерді үмметіне аманат етті:

1- Құлшылықтар мен муамәләттың әр түрі

2- Соғыс және мемлекеттер арасындағы құқыққа қатысты негіздер

3- Жанұя тәртібі, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен бала ақысы

4- Мұрагерлік үкімдері

5- Қылмыстар мен жазаларына қатысты үкімдер (уқубат)

6- Басшы мен жұмысшысы арасындағы қарым-қатынас

Осылайша Хз. Пайғамбар (с.а.у) ның қоғамның жетекшісі ретінде танып,
шақырылған Мәдинада Ислам, Аллаһ пен құл байланысымен қатар әлеуметтік
өмірді де тәртіпке келтіруге бағытталған. Бір жағынан құлшылықтар, жиһад,
жанұя мен мұрагерлік, екінші жағынан заң, жаза, соттасу тәсілі, муамәләт,
мемлекеттер арасындағы байланыстарға қатысты біршама үкім мен қағидалар
шығарылған. Бұл үкімдердің пайда болу түрі де маңызды.

МЫСАЛ: Хз. Пайғамбар (с.а.у.) кездескен мәселенің үкімдерін алдымен
Құран мен уахиға сүйене отырып түсіндіретін. Құранда кездеспеген
мәселелердің шешімін өздері белгілейтін. Орайы келгенде айта кетейік, бірде
бір әйел келіп Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ға Анам қажылық етуге уәде етті,
бірақ қажылық міндетін орындай алмай өмірден өтті. Мен оның орнына қажылық
міндетін өтей аламын ба? дегенде Хз. Пайғамбар да Ия, оның орнына қажылық
міндетін өтей аласың. Егер анаңның қарызы болса өтейсің бе? деп сұрағанда
әйел Ия деп жауап берді. Хз. Пайғамбар (с.а.у.) Олай болса Аллаһ
алдындағы қарызын да өте. Өйткені, Аллаһ ақысы өтелуге ең лайығы, - деді.
(Бухари, Иътисам, 2) Міне Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы сияқты үкімдерде
сахабаларға Фикх методикасының ішінде орын алатын ижтиһад, қияс тәсілдерін
көрсеткен болатын.

Сахаба кезеңінде Ислам құқығы

Бұл кезеңді екі бөлімде зерттегеніміз дұрыс болар. Әділетті халифалар
(Хулафа-и Рашиидин) және умеяттар кезеңі.
Әділетті халифалар кезеңінде Фикх амалмен бірге болатын, бір мәселемен
кездескен жағдайда сахабалар Кітап, сүннет және ижтиһадпен үкім шығаратын.
Бұл осы іспеттес оқиғалар үшін бір Фикх қағидасы, діни заң болатын еді.
Әділетті Халифалардың үкімдері мен іс-әрекеттерінде Құран мен сүннетке
байланысты келіспеушіліктер жоқ болатын.

Хз. Әбу Бәкір және Хз. Омар, алауыздықтың алдын алып, ауызбіршілікті
сақтау және Шариғат қоюшының мақсатына дөп түсу үшін айрықша көпшілікке
қатысты істе көпшіліктің құқығымен санасып, кеңесе отырып ижтиһад жасайтын.
Көпшіліктің кеңесімен қабылданған қарсылықсыз үкімдер (ижмаъ) жеке адамның
жасаған ижтиһадынан басым саналатын және оған ешкім қарсы шықпайтын.

Бұл кезеңде рәй (көзқарас), Кітап пен сүннеттің түсіндірмеген үкімдерді,
настардың және Ислами қағидалары аясында үкіммен байланыстыру ретінде
түсінілетін. Термин ретінде айтылмаса да негіздері Хз. Пайғамбарымыз
(с.а.у.) кезеңінде орныққан, кейінгі уақыттарда истихсан, истислах, урфу-
адәт, қияс деп аталған негіздер мен тәсілдер сол кезеңде рәй деген атпен
тәжірибеге енді.

Ижтиһад және пәтуә беру тұрғысынан сахабаның орны

Бұл мәселеде сахабаларды екіге бөлуге болады:

Бірінші топқа кіретіндер, Кітап пен сүннеттен жеткілікті хабары және
оқиғаларға байланыстыра алатын түсінік пен жорамал жасауға қабілеті бар
болғандар. Бұлар күмәнсыз мужтәһид сахабалар.

Екінші топтағылар де екіге бөлінеді; біріншісі хабар жеткізу қабілеті
бар бірақ түсініп, жорамал жасау қабілеті төмен, екінші топ екі тұрғыдан да
төмен болғандар. Бір топтағы сахабалар пәтуә мужтәһиді болмауы мүмкін,
бірақ өздеріне жеткен дәлелмен (аят, хадис) өзі түсініп, жорамалдап немесе
басқаларынан сұрап іске асырғандығы үшін солардың айтқанымен жүрген
(тақлид) болып саналмайды. Бұл кісілерді алдыңғылардың жолын ұстанады
(иттибаъ) деп айтуға болады.

Берген пәтуаларына қарай фақиһ сахабалар үш топқа бөлінеді. Бұлардан
бірінші топқа Омар, Али, Ибн Мәсғуд, Ибн Омар, Ибн Аббас, Зәйд б. Сәбит,
Айша (р.а) кіреді. Осы жеті сахабаның арасында ең көп пәтуа берген Ибн
Аббас.

Екінші топта жиырма сахаба бар: Хз. Әбу Бәкір, Осман, Әбу Мұса, Муаз б.
Сағд, Әбу Һурәйра, Әнәс, Абдуллаһ б. Амр, Сәлман Фариси, Жабир б. Абдуллаһ,
Әбу Сағид әл-Худри, Талха б. Убәйдуллаһ, Зубәйр б. Әл-Аууам, Абдуррахман б.
Ауф, Имран б. Хусәйн, Әбу Бәкра, Убада б. Самит, Муауия б. Әби Суфиян,
Абдуллаһ б. Зубәйр, Умму Сәләмә. Бұлардың берген пәтуаларын жинақтасақ
кішігірім бір томдық кітап болады.

Үшінші топтағы сахабалар жүз жиырма шамасында, олардың берген барлық
пәтуаларын жинасақ бір том кітап болып қалады. Сол себепті бір мәселе
жайында түрлі көзқарастардың болуы қалыпты жағдай. Енді осы себептерге
тоқталайық.

Сахаба кезеңінде Фикхқа қатысты пікірталастар

(ихтиләфтар) және себептері

Құран мен сахих сүннеттің нақты баяндаған үкімінде мұсылмандардың
пікірталасы, түрлі көзқарас пен сенімдерді ұстануы жайыз да мүмкін де емес.
Бірақ бір жағынан настардың түсінікті болуы, екінші жағынан әр кезең мен
жерлерде оның жүзеге асырылуы, сол секілді настардың тоқталмаған нәрселерін
түрлі тәсілдермен үкім шығару адамға тән нәрсе, яғни ижтиһадтан бастау
алады. Сондықтан да барлық мұсылмандардың бір мәселеде бір ғана ижтиһадта
бірігуі мүмкін емес. Шынын айтқанда Аллаһ Тағала мұны шарт қоспаған ижтиһад
етуге ынталандырған, қате де дұрыс та болуы мүмкін екендігін білдіріп, қате
ижтиһадқа да сауап бар екендігін уәде еткен. Бұл негіздер шеңберінде
кездескен мәселелерге назар аударған мужтәһид сахабалар кей үкімдерде
ихтиләф еткен. Түрлі көзқарас пен нәтижелерге қол жеткізген. Бұл нәрсе
кейінгі кезеңдерге де қатысты болғандықтан ихтиләф себептерін былай атап
өтуге болады:

a) Жеңістер мен түрлі міндеттемелерге байланысты Мәдинадан ұзаққа кеткен
сахабалар олар жоқ кезде уахи етілген настарды білмеулері.

Ибн Мәсғуд бір сұраққа, мәһір белгіленбей жатып күйеуі қайтыс болған
әйел жайлы Аллаһ Елшісінен үкім естіген жоқпын деп, кейін ижтиһад жасап
жауап берген. Мағқил б. Ясардан ижтиһадының Хз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.)
айтқан хадисіне сай келгенін естіп қуанады (Нәсәи, Сунән, IV, 198).

ә) Хадисті сенімді дерек көзінен алу: Хз. Омар үш талақпен ажырасқан
әйелге нәпәқа мен тұратын үймен қамтамасыз ету жайлы, Фатима бт. Қайс және
жүніп болған адамның таяммуммен тазаланатындығы жайындағы Аммар тарапынан
жеткізілген хадистерді қабыл етпеген. Риуаят етушілердің мінез-құлқына
сенгенімен қателесуі мүмкін дегенге тоқталады.

б) Түсінік айырмашылықтары: Аяттар, хадистер сөз, іс-әрекеттермен
мақұлдаудан тұрады. Бұлардың мағынасы мен үкімдерінің нақты немесе ерікті
болуы кейбір мәселе мен жағдайларда мужтәһидтердің жорамалына қалдырылған.
Түсінік адамға тән, түсінікте ерекшеліктің болуы табиғи нәрсе. Мәселен;

Зекет бермегендермен соғыс;

Қажылықта тауаф жасау кезінде атқарылатын рәмәлдің(Қағбаның алғашқы үш
айналым тауафын ер адамдар қадамдарын қысқа, иықтарын сілки тезірек жүруі)
мағынасы мен үкімі;

Мута некесі;

Жыртқыш аңдардың еттері секілді мәселелерде ихтиләфтар болды.

в) Қателесу немесе ұмытулары: Айтылған сөзді анықтау мен түсінуде
қателіктер болатыны сияқты кейбір үкімдер мен қағидалардың ұмытылуы түрлі
ижтиһад пен рәйдің пайда болуына себеп болған.

Ибн Омар, Хз. Пайғамбардың (с.а.у.) рәжәб айында умра жасағандығы айтқан
болатын. Мұны естіген Хз. Айша (р.а.) Ибн Омар қателескен екен деді.

Хз. Пайғамбар (с.а.у.) бір еврейдің қайтыс болғанына жылап жатқан
туыстарының даусын естігенде бұлар жақсы көргендіктері үшін жылап жатыр,
ол болса азап тартып жатыр деген. Мұны кейбіреулері қайтыс болған адам
өзін жоқтап жылағандардың кесірінен азап тартады деп түсінген.

г) Бір қарағанда бір-біріне қайшы секілді көрінген насс пен үкімдерді әр
түрлі жазулары:

Бірнеше рет тыйым салынып рұқсат етілген мута некесі үшін соңғы үкім
жайында Ибн Аббас бұл жағдайға байланысты, қажеттілік болса мубәх болады
десе, төрт мәзһәб ғұламалары (жумһур) әрдайым харам деген үкімді
ұстанған.

Табиғун кезеңіндегі ижтиһад ерекшеліктері мен себептері

Сахаба мен атақты табиғун кезеңінен байқағанымыз ижтиһад пікірталасы осы
кезеңде фақиһтер мен мәселелердің көбеюіне байланысты арта түсті. Әрі мәні
табиғи қажеттілікке сай әрі Үммет үшін мейірім ретінде қабыл етілетін
(Ажлуни, Кәшфу-л хафа, I, 64-65) ижтиһад пікірталасының маңызды себептері
дәлелденген.

а) Кітап пен сүннетте кездесетін кейбір сөздер мен сөйлемдердің әр түрлі
тәпсірленуі.

ә) Сөздің ақиқат немесе астарлы мағынаға ауысатындығы.

б) Бір тақырыптағы аят пен хадистердің бір жерге жинақталып әр түрлі
баға берілуі және жазылуы.

в) Хадиске байланысты себептер: Хадистің танылып танылмауы, шынайылық
(сыххат) дәрежесі, сыххат өлшемі, толық немесе бір бөлігінің жорамалы,
қайшы келетін дәлелдермен бірлестірілуі.

г) Ижтиһад білімі, тәсіл және шамасының ерекшелігі,

ғ) Табиғи және әлеуметтік ортаның әсері.

Хадиске байланысты пікірталас себебіне бір мысал келтірейік: Абду-л
Уарис б. Сағид былай дейді: Меккеге келгенімде Әбу Ханифаға кездесіп қалып
сұрадым:

- Бір нәрсені шарт қосып сату жайлы не айтасың?

- Сату да, шарт та дұрыс емес (батыл).

Сонымен Ибн Әби Ләйлаға келіп, одан да осы мәселені сұрадым: Сату
жайыз, шарт батыл деп жауап берді. Ибн Шубрумаға барып сұрағанымда: Сату
да, шарт та жайыз деді. Мен өзіме-өзім: Құдайа тоба! Үш Ирактық Фикх
ғалымы бір мәселеде біріге алмай жатыр, дедім де қайтадан Әбу Ханифаға
барып екі әріптесінің айтқандарын жеткіздім. Ол былай жауап берді:

- Олардың саған не айтқандарын білмеймін. Маған Амр б. Шуғайб, әкесінен,
ол да әкесінен Аллаһ Елшісінің шартпен сатуға тыйым салғандығын, - айтты.

Сонымен Ибн Әби Ләйләға барып екі әріптесінің айтқандарын жеткіздім. Ол:
Олардың саған не айтқанын білмеймін, Маған Хишам б. Уруә әкесінен, ол Хз.
Айшадан былай риуаят етті: Аллаһ Елшісі маған (Хз. Айшаға) Бәрираны сатып
алып азат етуімді бұйырды. Қожайыны өкілдік өзімде қалады деп шарт
қосатындығын айтты. Мұны естіген Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): Аллаһтың
кітабында болмаған шарт батыл болып саналады. Сол себепті сату жайыз, шарт
батыл деп жауап берді.

Қайтадан Ибн Шубрумаға барып, екі әріптесінің айтқандарын жеткіздім. Ол:
Олардың саған не дегенін білмеймін. Маған Мисар б. Қидам, Мухариб б.
Дисардан, ол Жабирден жеткізген риуаятына қарағанда Жабир былай деп
түсіндіреді: Хз. Пайғамбарға (с.а.у.) бір түйе саттым және Мәдинаға дейін
мініп баратындығымды айтып шар қостым. Ол қабыл етті. Олай болса сату да,
шарт қосу да жайыз болып есептеледі (Хадистер үшін Қар. Шәуқани, Нәйлу-л
Әутар, V, 183-185).

Бұл мысалда үш мужтәһидтің бір мәселеде әр түрлі хадистерге сүйене
отырып, әр түрлі үкім бергендігін көрдік. Кейінгі кезеңдерде ижтиһад жасай
алатын ғалымдар бұл хадистердің барлығын бір жерге жинақтап, баға беріп
және нақты нәтижелерге қол жеткізеді.

Қысқасын айтқанда бұл кезеңнің Фикх ғылымымен қатысты әрекеттерді және
ерекшеліктерді былай қорытындылауға болады:

1-Құқық саласының кеңеюі, мәселелер мен пікірталастардың артуы,

2-Хадис риуаяттарының жайлуы, мұның басқа білімдерге әсері,

3-Әһлі хадис пен әһлі рәй медреселерінің пайда болуы,

4-Хадис пен сүннеттің жинақтала бастауы.

Мәзһәб ұғымы мен мәзһәбтардың пайда болуы (2 лекция)

1. Мужтәһид имамдар кезеңі

Тақырыпқа бастамас бұрын мәзһәбтардың пайда болуына ықпал еткен мужтәһид
имамдар (әбаъу-т тәбиъин) кезеңі (120-350738-960) мен ерекшеліктерін атап
өткеннің пайдасы бар. Бұл кезеңде де алдыңғы кезеңдегі сияқты ижтиһад
еркіндігі басым болған кезең. Білімі жеткен әрбір мұсылманға ижтиһад есігі
ашық. Білім күші ижтиһад үшін жеткілікті болмағандар үшін, қалаған
мужтәһидтен пайдалану, сұрау соның жолын ұстауға құқығы бар.

Қазы да муфти де белгілі бір заң яки мәзһәбты ұстанбайтын. Арыз бен
мәселелерді ижтиһад жасап шешетін. Бұл кезеңде әр орталықта бірнеше ғалым
және мужтәһидтер бар еді. Сұрақтарға жауап беріп, арыздармен айналысатын.
Бірақ бұларға қосылған мәзһәбтар жоқ.

Тағы бұл кезеңде Фикх ғылымы шыңына жетіп, кемеңгер фақиһтер жетіліп,
Фикх ұстанымдарына сай мәзһәбтар құрыла бастады. Хадис және хадис
методикасы ғалымдары жетіліп, Фикх пен Фикх методикасы ғалымдары
жинақталып, білім ретінде Фикх жеке бөлініп шықты. Бұдан басқа бұл кезеңде
Фикхтың екінші дерек көзі болып саналатын сүннет толықтай жинақталған
болатын. Фикхта атқарылған әрекеттердің нәтижесі себепті бұл кезеңге, Ислам
Фикхының алтын шағы, мужтәһидтар ғасыры, мәзһәбтардың пайда болу кезеңі деп
те аталады. Мәзһәбтардың пайда болуына кірмей тұрып алдымен мәзһәб ұғымына
тоқталсақ.

2. Мәзһәб ұғымы

Мәзһәб сөз араб тілінде з-һ-б түбірін исми заман, исми мәкән, масдары
мими сиғасынан тараған сөз ретінде баратын жер, жол, баратын уақыт, бару
сияқты мағыналарға келеді. Терминдік мағынасы: Бір мужтәһидтің ижтиһад
және түсінігінен пайда болған итиқади және фықһи жол . Айрықша ұғым,
ғылыми әдебиеттерде термин ретінде діннің түсінілуі және танылуы, діни
бөлектенбей пайда болған көзқарастар және топтарды білдіретіндігі айтылады.
Яғни таңдалған адамдардың әсіресе ғалымдардың өз түсінігі, көзқарас,
жорамал мен ижтиһадтарына сай ұстанған жол мәзһәб деп аталады.

3. Мәзһәбтардың пайда болуы

Барлығымыз білетіндей Хз. Пайғамбар (с.а.у.) кезеңінде мұсылмандардың
қай қайсы болмасын бір қиындық туындаған жағдайда, діннің үкімін түсінбеген
кезде Хз. Пайғамбардан сұрап үйренетін. Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірден
өткеннен кейін сахаба мен табиғун кезеңдерінде де алдыңғы қатарлы ғалымдар,
мұсылмандардың түсіне алмағандарын немесе шешімін таппаған мәселелерін Хз.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) үйренгендері сияқты Құран мен сүннетке жүгіне
отырып түсіндіретін.

Жеңістердің нәтижесінде Ислам жағрафиясының кеңеюімен діннің үкімдерін
жақсы білетін ғалымдардың айналасында көпшілік жинала бастады. Бұл барған
сайын бір мәзһәбқа (мектеп) айналды. Осылайша Фикх ұстанымдарына сай
мәзһәбтар пайда болды. Әлбетте мұның басқа да себептері айтылған.
Мәзһәбтардың пайда болуына ықпал еткен басқа қозғаушы күштер:

а) Басында мужтәһидтер керекті мәселелерде ғана ижтиһад жасаған болса,
бұл кезеңдегі мужтәһидтер Фикхтың барлық мәселелерін ижтиһад тұрғысынан
баға беруі. Бұл нәрсе еріксіз көзқарастардың бөлінуіне себеп болды.

ә) Бұл ижтиһадтардың жинақталып кітаптарға жазылуы және осы арқылы бір
мужтәһидтің түрлі мәселелердегі ижтиһадтарын үйренуіне мүмкіндіктің тууы.

б) Фикх мектептерінің (рәй, хадис медреселері) пайда болуы және осы
мектептің құрамындағылардың өзара ауызша, жазбаша пікірсайыстары.

в) Бұл пікірсайыстардың мужтәһидтерге тән тәсіл мен қағидалардың, яғни
Фикх методикасының пайда болуына, жазылуына себепкер болуы.

Міне осы секілді қозғаушы күштер мәзһәбтардың, яғни мужтәһидтерге
қатысты дербес ижтиһад методикасы мен жолдарының және осы жолдар арқылы қол
жеткізілген үкімдер кітабының шығуын қамтамасыз етті. Фықһи мәзһәбтар
арасындағы ихтиләф діннің тармағы (діннің жүзеге асыруға қатысты үкімдері)
бөлімінде, негізгі мәселелерде емес.

Мәзһәбтардың пікірталас себептері

Әрбір мужтәһид Құран мен сүннет аясында ой жүгіртіп, ижтиһад жасаған.
Негізгі мәселелерде барлығы бір тұжырымда бірігіп, Фикхтың тармақты
мәселелерінде әр түрлі шешім мен көзқарастарды алға тартқан. Міне осы
жоғарыда айтқанымыздай мәзһәбтардың пайда болуының негізін қалады. Енді
мәзһәбтардың кейбір мәселелерде ихтиләф себептерін үйренейік:

1. Құранды түсінуде пайда болған пікірталастар

Білетініміздей Құрандағы аяттардың бір бөлігі мухкәм (тікелей мағыналы),
бір бөлігі мутәшәбиһ (астарлы мағыналы) болып бөлінеді. Мутәшәбиһ аяттардың
тәпсірі мен талдануы жалпы Аллаһқа қалдырылады. Мухкәм аяттарды талдауға,
тәпсір жасауға болады. Мухкәм аяттардан бір бөлігі мәнсух, бір бөлігі
нәсих, бір бөлігі ъамм, бір бөлігі хасс т.б. міне осы секілді жағдайлардың
себебімен фақиһтардың көзқарас айырмашылықтары бар және түрлі тұжырымға
барған. Мысалы: Құранда кездесетін ләмс (ұстау) сөзін шафиъилар ақиқат,
ханафилар мәжәз мағынасында түсінген. Сол себепті шафиъилар дәрет әйелге
тиген жағдайда, ханафилар жыныстық қатынас арқылы бұзылады деген үкім
шығарған.

2. Хадис сүннетпен қатысты пікірталастар

Білетініміздей хадистер алғашқы кезеңдерде әрі ауызша әрі жазбаша риуаят
етілетін. Сол себепті хадистердің аз бөлігі мужтәһидтердің назарынан тыс
қалды. Осылайша сол хадистен хабарсыз мужтәһид, хадиске қол жеткізген
мужтәһидтен басқаша ижтиһад жасайды. Бұл жағдай табиғи болса да көзқарастың
бөлінуіне себеп болатын.

Ендігі бір жағынан хадистердің бір бөлігі субуту қатъи (нақты), бір
бөлігі субуту занни (нақты емес). Сондықтан әр мәзһәб нақты дәлелмен
болғандармен амал жасаған болса, нақты еместермен амал жасауда шарттар
қосқан. Және де шарт қосқан хадистерімен амал жасаған. Осы сияқты
хадистердің мағынаға дәлел болуы жөнінен сөздері Құранда да болғаны секілді
ихтиләфқа себеп болды.

3. Сахаба сөзі мен пәтуасына байланысты пікірталастар

Мужтәһидтердің бір бөлігі сахаба сөздерін абсолюттік ретінде дәлел деп
қабыл етсе, енді бірілері басқа пікірлер алға тартқан. Мысалы: ханафилар,
маликилар және ханбалилер сахаба сөзін дәлел ретінде қабыл етсе, шафиъилар
сахаба сөзімен амал жасауда ерікті.

4. Салт-дәстүрлерге байланысты ихтиләфтар

Бұған мысал маликилар, ахад хадистің орнына Мәдина халқының салт-
дәстүрлерін мықты ұстанады. Басқа мәзһәбтар болса Мәдина халқының және
қажет болса өз өлкелерінің салт-дәстүрлерін белгілі шарттармен дәлел
ретінде қабыл еткен.

5. Жаңа оқиғалар, өмірдің қажеттіліктері мен шарттарының алдында
ғалымдардың пікір және бөлінуі.

Ислам құқық мәзһәбтары (мектептері) және методтары

Жоғарыда айтып өткен мәселелермен қатар Ислам әлемінде біршама атақты
құқықшылар тарапынан мәзһәбтар, құқық мектептері құрылып оларға
байланыстырылып ханафи, шафиъи, малики және ханбали сияқты аттармен
мәзһәбтар пайда болды.

Һижри төртінші ғасырдан алдын халықтың білетін төрт мәзһәбтан
ажырамағандығы белгілі. Бірақ Фикх мәзһәбтары төртеу ғана емес. Солардың
арасында әл-Хасану-л Басри, Әбу Ханифа, әл-Әузаъи, Суфиян әс-Сәури, әл-Ләйс
б. Сағд, Малик, Суфиян б. Уәйнә, Шафиъи және тағы басқа Ысхақ б. Рахауәйх,
Әбу Сәур, Ахмад б. Ханбал, Дауыд әз-Заһири, Ибн Жәрир әт-Табари
секілділерінің мәзһәбтары танымал. Бұлардың әр бірінің түрлі ижтиһад жүйесі
мен методикасы, осылар арқылы қол жеткізген көзқарастары, түрлі
мемлекеттерге тараған ұстанушылары бар. Бұл мәзһәбтардың кейбіреулері
өздерінің қорғаушылары және жаюшылары болмағандықтан, ұстанушыларының аз
болуы салдарынан және сыртқы себептерге, енді біреулері заһириларда болғаны
сияқты ішкі себептерге байланысты яғни настардың сыртқы көрінісіне шектен
тыс кетіп, қиясты қабыл етпей, қажеттіліктерге жауап бере алмаулары және
басқа мәзһәбтарға деген қатаң болуының салдарынан уақыт өте келе тарих
сахнасынан жойылды. Сол кезеңдегі ғалымдар өздеріне белгілі бір мәзһәбты
ұстану керек деп санамайтын. Бір мәзһәбты ұстанушылар да басқа мәзһәбтардан
пайдалана алатын. Бұлардың арасында төртеуі танымал болып қазіргі таңға
дейін жалғасып келе жатыр.

Жоғарыда айтқанымыздай қазіргі таңға дейін жалғасып келе жатқан төрт
мәзһәбқа тоқталайық.

1. Ханафи мәзһәбы

Бұл мәзһәб Әбу Ханифаға байланысты соның атымен аталған. Бірақ мәзһәбта
Әбу Ханифадан кейінгі шәкірттері Әбу Юсуф екінші, Имам Мұхаммед үшінші имам
ретінде қабыл етілген. Классикалық Фикх кітаптарында Әбу Ханифа мен Әбу
Юсуфты шәйхәйн, Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедті сахибәйн немесе имамәйн, Әбу
Ханифа мен Имам Мұхаммедті тарафайн деп сипаттайды.

а. Ханафи мәзһәбының имамы: Әбу Ханифа

(80-150699-767)

Исламда құқұқтық тұжырымның және ижтиһад түсінігінің дамуында елеулі
үлесі бар көбіне Әбу Ханифа немесе Имам Ағзам деген атпен танымал болды.
Әбу Ханфиа оның лақаб аты болса да Ханифа атты қызы, тіпті ұлы Хаммадтан
басқа баласы болмағандығы айтылады. Бұлай аталуы ирактықтарда ханифа деген
жазу керек жарағы немесе сия құтысын әрдайым өзімен бірге алып жүретіндігі
яки ханиф сөзінің сөздік мағынасына сай ақиқат пен туралықтан ажырамаған
кісі болуымен деп түсіндірген. Бұған қарап Әбу Ханифаны шындығында лақаб
аты емес сипаты ретінде қабыл етіледі. Оның бастамасымен басталған және
шәкірттері күш-қайратымен дамып жайылған Ирак Фикх мектебі имамның осы
лақаб атымен байланыстырылып ханафи мәзһәбы деп аталды. Ұлы имам деген
мағынаға келетін Имам Ағзам сипатының берілуі замандастары арасында шоқтығы
биік, құқықтық тұжырым мен ижтиһад методында белгілі жол салуы, сол
кезеңнен бастап біршама Фикхшының оның тұжырымы мен методына шоғырлануы
сияқты себептермен түсіндіруге болады.

Негізгі аты Нұғман яғни Имам Ағзам һ-80 (699) жылы Куфада дүниге келді.
Әбу Ханифа сауда-саттықпен айналысатын дәулетті отбасының баласы еді. Өзі
де білімге бастағанға дейін мата сатумен айналысқан. Әкесі Сәбит азат бір
мұсылман отбасында дүниеге келді. Ол жас шағында түсінде Хз. Али оған және
ұрпағына қайырлы дұға жасады. Әбу Ханифа жастық шағында Құран Кәрімде
жаттады. Қырағат ғалымы Имам Асымнан қырағат ілімін үйренді.

Әбу Ханифа, кемеңгер табиғун ғұламаларымен кездесіп олардан білім алған.
Осы тұрғыдан оған үшінші нәсіл (тәбәъу-т табиъин) болып саналады.
Сахабалардың кейбіреуімен кездесіп, кездеспегені және сол себепті табиғун
болып саналып, саналмайтындығы тартысты мәселе. Ең дұрыс көзқарас бойынша
кейбір сахабаларды жас шағында көрген, бірақ хадис олардан хадис риуаят
етпеген. Сонымен қатар Әнәс б. Мәліктен Ілім үйрену әрбір мұсылманға
парыз (Ибн Мәжә, Муқаддимә, 17) хадисін риуаят еткендігі айтылады.

Табиғуннан ұстаздарының арасында ең көп пайдаланғаны Хаммад б. Әби
Сүлеймен (ө. 120737). Бұл кісіден он сегіз жыл бойы сабақ алған. Білім
шежіресі Хаммад, Ибраһим ән-Нәхиъи және Шабиъиден олар Қазы Шурайх, Мәсрук,
Алқамә және Әсуадтан, олар Абдуллаһ б. Мәсғуд және Хз. Алиден сабақ алған.

Соңғы Умеялық халифа мен аббасилардан Мансұр оған бас қазылықты ұсынды,
ол мұны қабыл етпеді, сол себептен соңғысы Әбу Ханифаны түрмеге қаматты.
150767 жылы Бағдатта түрмеде өмірден өтті. Қазылық міндетін қабыл
етпеуінің себебі тақуалықтан емес. Оның тақуа кісі екендігіне күмән жоқ,
бірақ қазы болу да күнә емес. Оның маманы болса, әділеттен айнымаған адам
үшін құлшылық. Әбу Ханифаның бұл міндетті қабыл етпеуінің себебі, мемлекет
билігін қолға алған, халифалықты салтанаттыққа айналдырған басшыларға
қарсылығын білдіру арқылы халыққа үндеуі болатын. Ол жайында айтылған
сөздер:

Имам Малик: Әбу Ханифа ол сондай адам, саған мына тіректің алтын
екендігін айтса, дәлелдеп береді.

Имам Шафиъи: Барлық адамдар Фикхта, Әбу Ханифаның жанұя мүшелері болып
саналады.

Оның есепсіз фықһи ижтиһадтары мен шешімдері бар, бұлар оның зеректігіне
және тез ұғынатындығын көрсетеді. Енді оның ижтиһад методикасына
тоқталайық.

Әбу Ханифаның ижтиһад методикасы

Әбу Ханифа үкім шығару және методикасын былай деп түсіндіреді:

Аллаһ Елшісінен жеткен хабарбасымның үстінде орын бар, сахабадан
жеткендерді бірін таңдаймыз, бірақ барлығын тастамаймыз. Бұлардан
басқаларына тән үкімдер мен ижтиһадқа келер болсақ, біз де олар секілді
ілім адамдарымыз.

Аллаһтың кітабындағыны қабыл етемін. Одан таба алмасам Елшісінің
сенімді ғалымдардан танымал және атақты сүннетімен амал етемін. Одан да
таппасам қалаған сахабаның рәйін (көзқарас) аламын. Бірақ (табиғуннан)
Ибраһим, Шабиъи, әл-Хасан, Ата секілді кісілерге келер болсақ мен де олар
сияқты ижтиһад жасаймын.

Имам Мұхаммед те Әбу Ханифа медресесін былай танытады:

Ілім төрт бөлім: Аллаһтың кітабында бар нәрсе мен соған ұқсас,
Елшісінің сенімді сәнәдпен риуаят етілген сүннетінде болғандар мен оған
ұқсастар, Расулуллаһтың асхабының ижмамен бекітілген нақты үкімдер мен оған
ұқсастар, сахабаның ихтиләфқа түскен үкімдері де осылай, бұлар толықтай
тасталмайды. Біреуі таңдалған соң қалғандарын оған қияс жасайсың және
соңында Ислам Фикхшыларының басым бөлігі тарапынан жақсы деп қабыл етілген
(мустахсан) болғандар мен осыған ұқсастар. Ілім бұл төртеуінен сыртқа
шықпас.

Бұлардан түсінгеніміз Әбу Ханифа мәселенің үкімін ретімен Кітап, сүннет,
сахаба сөзі және рәй ижтиһадына арқа сүйеу арқылы қол жеткізген. Рәй
ижтиһадында оған байланысты екі метод бар: қияс пен истихсан.

Осылайша оның үкім шығаруда қолданған дерек көздері мыналар:

1) Құран, 2) Сүннет, 3-Ижма, 4) Қияс, 5) Сахаба сөзі, 6) Истихсан, 7)
Әдет-ғұрып.

ә. Әбу Ханифаның шәкірттері

Әбу Ханифа өмірінің соңына дейін көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Бұлардан
ең танымалдары Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед. Әбу Ханифаның көзқарастарын осы
екі шәкірті жинақтап тарауларға бөлген.

Әбу Юсуф (113-182731-793) Куфада туылып Бағдатта қайтыс болған. Кейбір
мәселелерде ұстазымен қайшы келген жерлері де бар, соның мәзһәбын ұстанды.
Осы мәзһәбтың жайылуында көп еңбек сіңірді. Қазылық міндетін атқарды. Ислам
тарихында алғаш рет қаду-л қудат (жоғарғы қазы) атағы Әбу Юсуфқа берілді.
Ең маңызды еңбегін Китабу-л харажды халифа Харун Рашидтің сұранысы бойынша
жазды. Кітапта айрықша мемлекеттің кіріс-шығыстарына тоқталып, мемлекет
қаражатының негіздері түсіндірілген. Ендігі бір кітабы Ихтиләфу Әби Ханифа
уә ибни Әби Ләйлә. Кітап 148765 жылы қайтыс болған Әбу Ханифаның
замандасы әрі жерлесі Ибн Әби Ләйлә мен имам арасындағы пікірталас
айырмашылықтарын қамтыған. Бұл кітапта Әбу Юсуф өз көзқарасын да (рәй)
баяндаған.

Имам Мұхаммед (132-189749-804) Уасытта дүниге келіп, Рәйда дүние салды.
14 жасынан бастап Әбу Ханифаның сабақтарына қатысты. Төрт жылдан кейін Әбу
Ханифа қайтыс болған соң Әбу Юсуф және Имам Маликтен сабақ алды. Әбу Юсуф
өмірден өткен соң ұстаздық етіп, шәкірттер жетілдірді. Раққаға қазы болып
сайланды. Одан кейін халифа Харун Рашид қаду-л қудат етіп тағайындады.
Басты еңбектері:

а) әл-Асл немесе әл-Мәбсут: Одан біршама шәкірттері жазып алды. Мұхаммед
әл-Аслда Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың тармаққа қатысты көзқарастарын
келтіріп, кейін өз көзқарастарын да қосқан. Мәселелердің барлығына дәлел
келтірмеген.

ә) әл-Жамиъу-с сағир: Бұл кітапта мың бес жүз екі мәселе бар. Бұлардан
жүз жетпіс мәселедегі пікірталасқа тоқталған. Тек екі мәселеде қияс пен
истихсан айтылған. Бұл кітап басқаларының тарапынан тәртіпке келтіріліп
баспадан шығарылған.

б) әл-Жамиъиу-л кәбир: Түсіндірмелер мен талдауларға тоқталғандықтан бұл
кітап тәсіл жағынан әл-Аслдан ерекше. Біршама ғалым тарапынан түсіндірме
(шәрх) жасалып баспадан шығарылған.

в) Әс-Сияру-с сағир және әс-Сияру-л кәбир: Мемлекеттер арасындағы
жалпыға бірдей құқыққа байланысты еңбектерінен екіншісі әс-Сәрәхси
тарапынан шәрх жасалып, Үндістанда төрт, Каирде бес том болып баспадан
шығарылған. Түрік тіліне және француз тіліне аудармасы баспадан шығарылған.

г) әз-Зиядат уә Зиядәту-з зиядат: әл-Жамиъиу-л кәбирде қамтылмай қалған
мәселелерді қолға алған. Бұл жерге дейін айтылған еңбектер заһиру-р риуая
деп аталады. Өйткені бұлар Имам Мұхаммедтен тәуәтур және танымал жолмен
риуаят етілген. Заһиру-р риуая кітаптары әл-Хаким әш-Шәһид Мұхаммед б.
Мұхаммед әл-Мерзәуи (ө.334945) тарапынан қысқартылып әл-Кәфи атымен
жинақталған және Сәрәхси тарапынан әл-Мәбсут атымен отыз том болып шәрх
жасалған. Мәтіні де шәрхы да баспадан шығарылған.

Имам Мұхаммедтің риуаяты мұншалықты сенімді емес кітаптары надиру-р
риуая деп аталады. Әр-Раққыят (Раққа қазысы болып тұрғанда өзіне келген
мәселелер), әл-Кәйсаният, әл-Харуният, әл-Хиләл уә-л мәхариж осылардың
арасында.

Хадис руаятында баса назар аударған әл-Муатта мен әл-Әсар атты кітабы
бар. екеуі де басылып шығарылған. Муаттаны Имам Маликтен риуаят еткен
Мұхаммед, өз ижтиһадтарын да келтіргендіктен Фикх тұрғысынан пайдалы еңбек
болды.

Басқа танылған шәкірттері;

а) Имам Зуфәр; Зуфәр б. Әл-Хузәйл (ө.158775); Куфалық, ол да баста
хадисші болатын. Әбу Ханифаға шәкірт болған соң әһлі рәй болды, тіпті
шәкірттерінің арасында ең озаты болған.

Өзін ілім мен құлшылыққа атаған, дүниелік істермен айналыспаған.

ә) Ибн Зияд: әл-Хасан б. Зияд әл-Лулуи (ө. 204819). Әбу Ханифадан сабақ
алып бастады кейін екі танымал шәкіртінен сабағын жалғастырды. Бірақ
ұстаздарының дәрежесіне жете алған жоқ.

б. Ханафи мәзһәбының Фикх кітаптары

Ханафи мәзһәбының көзқарастарын ортаға салу үшін жазылған еңбектерден ең
маңыздылары жоғарыда аты аталған заһиру-р риуая атты мәшһүр алты кітап.

Имам Мұхаммед бұл кітаптарда Әбу Ханифа, Әбу Юсуф өз көзқарастарын
жинақтаған. Заһиру-л мәзһәб және зәһиру-р риуая дегенде осы үш имамды
меңзеледі.

Ханафи мәзһәбының басқа да маңызды Фикх кітаптары мыналар:

1) Қасани, Бәдаиу-с Сәнаъи, 2) Мәрғинәни, әл-Һидая, 3) Дәбуси, К. Әл-
Әсрар, 4) Кәмаләддин Ибну-л Хумам, Фәтху-л қадир, 5) әз-Зәйләғи, Тәбиину-л
Хақаиқ, 6) Ибн Нужәйм, әл-Бахру-р Раиқ, 7) Ибн Абидин, Радду-л Мухтар.

2. Малики мәзһәбы

Бұл мәзһәб Мәлик б. Әнәсқа байланыстырылып, соның атымен аталған.

Малик б. Әнәс (93-179712-795) Мәдинада дүниге келіп, сол жерде өмірден
өтті. Үлкен атасы сахаба Әбу Амир, атасы табиғунның ғұламаларынан, немере
көкесі ғұламалардың қатарында еді. Өзі үшінші нәсілден (атбау-т тәбиъин)
болып саналады. Хадис ілімінен бастап, Фикх, тәпсір, космография
салаларында ғалым. Мәдинадан басқа еш жерге кетпеген Имам Малик хадисшілер
жағында деп танылған. Имам Малик жас кезінде Құран жаттады. Ұзақ уақыт бойы
Абдуррахман б. Хурмузден сабақ алды. Фикхта ұстазы Рабиъа б. Абдиррахман.
Абдуллаһ б. Омар азат еткен Нафиден және Ибн Шиһаб әз-Зуһридан хадис алды.
Бұлар білімді мәшһүр мәдиналық жеті фақиһтен (фуқаһа-и сәбъа), олар білімді
Мәдинада өмір сүрген табиғунға ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
“Тафсир” пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен
“Сиер” пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен
Дін психологиясы пәнінің ерекшеліктері
ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
ҚР мемлекет және құқық тарихы
Йасауи жолының ұзақ ғасыырларға созылған тарихы
Педагогика тарихы курсының мазмұны
Педагогикадан дәрістер
ҚР дін туралы заңнамасы пәнінен лекциялар жинағы туралы
Әкімшілік басқару бойынша дәрістер
Пәндер