Философия. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы



Пән: Философия
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 217 бет
Таңдаулыға:   
Гүлзира Әбіласанқызы Шадинова

Гүлбазар Батырханқызы Көлеген

Ф И Л О С О Ф И Я

Түркістан -2008
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің ғылыми
координациялық кеңесінің шешімімен ұсынылған.

П і к і р ж а з ғ а н д а р:

Философия ғылымдарының докторы, профессор М.Әженов.

Философия ғылымдарының докторы, профессор А.Абуов.

Шадинова Г.Ә., Көлеген Г.Б. Философия. Жоғары оқу орындарының студенттеріне
арналған оқу құралы. – Түркістан: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
Қазақ-Түрік университеті, 2008. - 224бет.

Бұл лекциялық курс философия негіздеріне арналған оқу құралы болып
табылады. Бұл еңбекте философия пәнінің тарихына, методологиялық
теорияларының онтологиялық, гносеологиялық, аксиологиялық, мораль,
әлеуметтік мәселелеріне қысқаша мәлімет берілді.

© Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті

Философия ұғымы туралы түсінік.
Кез келген адамның өзін қоршаған дүние жөнінде қалыптасқан белгілі бір
көзқарасы болады, бірақ ол көзқарас көбінесе теориялық жағынан ой
жіберілмеген, негізделмеген, түрлі қарама-қайшы түсініктердің үзінділерінен
құралады. Ал, философия болса табиғат, қоғам, адам және оның дүниедегі орны
жөніндегі идеялардың, көзқарастар мен түсініктердің жәй ғана жиынтығы емес,
олардың жүйелі жиынтығы. Дүниеге философиялық көзқарас жәй өз принциптерін
жариялап, оларды адамдардың санасына сіңіріп қана қоймай, ол принциптерді
дәлелдеп, логикалық тұрғыдан қорытып шығарады.
Демек, философия дүниеге ғылыми көзқарастың, ойлаудың, диалектикалық
жүйесін жасап, болашаққа сеніммен қарауды қалыптастырады. Бұл іліммен
қарулану, әсіресе, қазіргі өмірдегі революциялық қайта құру процесіне
бірден-бір сәйкес және қажет ілім. Философияның әдістемелік қағидаларын
негізге алу өмір талабы. Сонымен қатар, қазіргі демократия, жариялыққа
сәйкес, ол бұрынғы догматизмнен тазарып, шыңдала түсуде.
Ертең халық шаруашылығының тұтқасын ұстап, ел тағдырын шешуге, қоғам
дамуының жауапкершілігін мойнына алуға ұмтылған әрбір жас үшін философия
пәнін оқып үйрену қажет. Онсыз мынау күрделі, сан-салалы, қатпар-қатпар
дүниенің, бүкіл әлемнің ішкі сырын, табиғатын, дамуының мән-мағынасын ұғыну
мүмкін емес. Философияны оқып үйрену іске шығармашылықпен қараудың, ойлана-
толғана білудің түрлі құбылыстарды талдап, маңыздысын ажырата білудің, ой-
өрісін кеңейтудің, жан-жақтылық пен жоғары мәдениеттің кепілі.
Философия табиғаттың, қоғамның және адам ой-жүйесінің дамуының жалпы
заңдарын зерттейтін ілім. Бұл анықтамадан көріп отырғанымыздай философия
пәнінің басты ерекшелігі әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастыратындығында,
оның ішкі байланысын өзара қарым-қатынасын, қарама-қайшылығын біртұтас алып
көрсететіндігінде жатыр.
Философия – бұл ғылыми жүйелердің көнесі. Ол қауымдық құрылыс ыдырап,
қоғам құл иленушілік дәуірге аяқ басар мезгілде, яғни, мифологиялық діни
түсініктермен күрес барысында қалыптасып, сол кезде пайда болған барлық
білімнің басын құрады. Көне грек тілінен аударғанда философия ұғымы
данышпандыққа құштарлық деген мағына береді. Жалпы, философия өте
ертедегі көне Үндістанда, Қытайда, Орта Азияда пайда болды, ал Грецияда
тұңғыш рет біркелкі жүйеге түсірілді. Философияның одан әрі дамуы,
философиялық түсініктер мен ұғымдардың көбейе түсуі, тереңдеуі, баюы
әртүрлі философиялық теориялар мен бағыттардың пайда болуына негіз болды.
Айталық, философияның негізгі салалары ретінде: Онтология – болмыс
туралы немесе бүкіл тіршіліктің мәні туралы ілім; гносеология – таным
теориясы; логика - дұрыс, яғни байланысты, дәйекті, дәлелді ойлаудың
формалары туралы ғылым; тарих философиясы, этика, эстетика, т.с.с. пәндер
қалыптасты. Философиядан нақты ғылыми пәндер: математика, медицина,
астрономия, табиғаттану, қоғамтану, тарих т.б. бөлініп шықты.
Философия дүниетанымдық, методологиялық жүйе болып табылады. Өйткені,
ол дүниенің, бізді қоршаған орта - табиғат пен қоғамның және адам дамуының
жалпы заңдылықтарын зерттейді. Сондықтан, философияның маңызын, құрылымын,
пәнін тереңдеп білу үшін, ең әуелі, оның дүниеге көзқарас ұғымымен
байланысын, арақатынасын өзара байланысын білген жөн.

Философия және дүниеге көзқарас.
Дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем тұтас
дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы
көзқарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы.
Оның шығуының қайнар көзі, адамның тіршілік болмысы. Расында, дүниенің
пайда болуы, оның эволюциялық тұрғыдан жетілу ерекшеліктері, адамның
дүниедегі орны, болмыстың мән-жайы, адамзат өніп-өсуінің сипаты мен бағдары
сияқты мәселелер қай дәуірде де адамдарды толғандырып, көкейлерінен кетпей,
ізденіске салды. Сөйтіп әлем құбылыстарын түсіндіруге талпынған әрекеттер
дами берді. Ал қоғамдық өмірдің ілгері басуы, бір кезеңнен екіншісіне өтуі,
олардың сабақтастығы, өмір салтының материалдық және рухани деңгейінің
жоғарылауы, яғни еңбек өнімділігінің артып, тәжірибесінің молаюы дүниеге
көзқарасқа қатысты ұғымдарды молайта берді. Үсті-үстіне жаңа түсініктер мен
ұғымдар пайда болып, дамып жатты. Айталық, материя, сана, кеңістік, қарама-
қайшылық, т.с.с. ұғымдар туралы түсініктер дамып, тереңдетіліп отырды.
Дүниеге көзқарастың негізгі ұғымдары дүние және адам. Олар ажырамас
диалектикалық бірлікте. Яғни адамнан бөлектенген дүние және табиғат, сондай-
ақ сыртқы дүниемен салыстырылмаған адамның іс-әрекеті, ішкі рухани өмірі
болмайды. Дүниеге қатынасы арқылы адам өзінің тағдыры мен өмірлік
позициясы, сүйіспеншілігі мен сенімі туралы белгілі бір көзқарастар
қалыптастырды. Осыдан келіп, дүниеге көзқараста біріншіден: әлем, табиғат
және қоғам туралы, олардың бірлігі туралы; екіншіден: адам және оның
дүниедегі орны туралы; үшіншіден: болмыс пен болашақтың мән жайы туралы
көңілге қонымды түсініктер қалыптаса бастады. Ертедегі ойшылдар дүниеге
көзқарастың тұтастығын құрастыратын негіз тек білім ғана екенін, қала берсе
халық пен халықты теңестіретін күш те білімде екеніне кәміл сенді. Ештеңе
білмейтін және бірдеңе білейін деп талпынбайтын адам - өте нашар адам деп
ертедегі грек философы Платон бекер айтпаған. Әл-Фараби бабамыз айтқандай:
Білімді болу деген сөз - белгісіз нәрсені ашу, игеру қабілетіне ие болу
деген сөз. Ал, халқымыз Білімді ырыс қазығы дейді. Білім тереңдеген
сайын, ғылыми арнаға түскен сайын одан бастау алатын дүниеге көзқарас та
нақтыланып, екшеленіп, жүйелік, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның
көкірегіне қоныс теуіп, санасына ұялап, оның өмір тәжірбиесінің елегінен
өтіп барып, сенімге айналды.
Сенім - дегеніміз көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы адамның өз
позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне, ұмтылған мұрат-мақсатына деген
беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды,
бағыты қашан да айқын.
Дүниеге көзқарас адам қызметіне, оның белсенділігі мен әлеуметтік
бағдарына шешуші ықпал тигізеді. Сондай-ақ дүниеге көзқарастың қалыптасып
дамуының өзі табиғи, әлеуметтік және нақты мәдени ортаға тәуелді. Осы
тұрғыдан алғанда дүниеге көзқарасты ғылыми және ғылыми емес деп бөлуге
болады.
Дүниеге көзқарастың кең тараған түрі ғылыми емес, қарапайым
көзқарастар. Олар күнделікті қызмет әрекет барысында қалыптасады, өмірдің
қалған салаларына назар аудармайды, жеке дәлелдерден нәр алып, олардың
сапалық ерекшеліктерін ескере бермейді. Дәйекті білімнен гөрі, жалпылама,
сыдыртпа білімпаздық басым. Сөйтіп, қарапайым дүниетанымда мифологиялық,
діни және ғылыми көзқарастар, материалистік және идеалистік ұғымдар
араласып, шатасып жатады. Ал тарихи тұрғыдан алғанда қоғамдық өмірдің
болмысы мен санасының жетілу дәрежесіне байланысты дүниеге көзқарастың
мифологиялық, діни, натурфилософиялық және философиялық түрлері қалыптасты.
Адамзат қоғамымен бірге қалыптасқан дүниеге мифологиялық көзқарасқа тән
нәрсе – адамның қоршаған ортадан өзін ажырата алмауы, құбылыстардың
құрамындағы ұқсастықты ғана пайымдау, сананың, өнердің, дәстүрдің бір ғана
сипатына - символдық қызметіне ерекше көңіл бөлу. Осыдан келіп, мифтік
көзқараста білімсіздік, ырымшылдық, аңқаулық, алданушылық, бұрмалаушылық
пен соқыр сенім элементтері қат-қабатымен кезігеді. Миф – адам
дүниетанымының алғашқы қауымдық қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың
түп негізін, шығу себебін ашпайды. Тек, ғажайып құбылыстарға көңіл
аударады, оларды сол күйінде ұғынуды, қабылдауды талап етеді.
Дүниеге діни көзқарас мифологиялық сананың табиғи жалғасы. Дүниеге діни
көзқарас табиғаттан тыс, құдіретті күшке адамның мүлтіксіз бағынуын
уағыздайды. Кей жағдайда адам санасында табиғи құбылыстардың бұрмаланған
бейнесін туғызады, оның табиғатын өзгерту мүмкіндігінен шеттетуге
бейімдейді. Мифология мен діни сананың кемістіктеріне қарсы күресті біршама
батылдықпен жүргізген натуралистік философия болды. Ол жеке жаратылыстану
ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас
қалыптастыруға тырысты. Бірақ онда табиғатқа бағынатын дүниені өзгермейтін
нәрсе ретінде қарастыру басым еді.
Натуралистік дүниеге көзқараста жаратушының даралығын дәлелдейтін
тұжырымдар да аз емес. Әйтсе де ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда бұл дүниетанымда
табиғатқа деген материалистік көзқарас жүйеге келтірілді. Дегенмен, нақты
философиялық ой толғамдар мен тұжырымдар таптық қоғамның орнығу барысында,
яғни ертедегі Қытай, Греция, Үнді елдерінде айқынырақ қалыптасты. Осы
кезеңдегі экономика мен мәдениет ошақтары ірі-ірі қалаларында шоғырланды.
Жерге жеке меншік орнады. Өндіріс құралдарының шоғырлануы еңбек бөлінісін
тездетті, әрі тереңдетті.
Біреулердің қолында өндіріс байлығы, саяси билік, жер мен ондағы бар
мүліктерді иемденуге мүмкіндіктері сақталынды. Басым көпшілік бұқара қауым
мұндай игілік пен құқықтан айырылды.
Өндіріс өсті, өндіріспен бірге өндіргіш күш те жетілді. Осындай адамның
табиғи ортадан тәуелсіздігі дербестелінді, керісінше, адамдар арасында
қарым-қатынас та, практикалық саяси тәуелділік те тұрақтанды. Қоғамдық
қайшылықта адам тұлғаланып, қажетті күшке айналды. Сонымен қатар, адамның
әлеуметтік жағдайы мен жеке билік өзімшілдікті орнықтырды, оған әлеуметтік
мән берілді.
Таптық қайшылық қоғамдық өмірдің күрделі мәселелерін күн тәртібіне
қойды. Қайшылық салдарынан таным мен өндіріс қызметі, ой еңбегі мен дене
еңбегі бір-бірінен дараланып бөлінді. Білім жеке биліктің есебімен ғана
практикалық қолдау тапты. Міне, осы жағдайда философиялық көзқарас
қалыптасты.
Сонымен қатар, өмір мен сұлулық, бақыт пен болашақ жайлы сезімтал
көзқарастар дами түсті. Жеке адамның артықшылығын мойындаушылық дамыды.
Адамзат күші табиғаттағы ең керемет күш деп ұғынушылық негіз алды. Адам өз
тағдыры үшін өзінің де, өзгенің де ой-пікіріне талғаммен қарайтын болды.
Екіншіден, шындық пен дүниені ұғыну өздігінен келмейді, бұл теориялық-
практикалық күрес арқылы қалыптасады. Ал, күрес білімге қарағанда
практиканың көкжиектерін кеңейтті, ал мифологиялық наным теріс ұғыныстардың
қай-қайсысына болмасын бөгет жасады. Әлеуметтік дертке қарсы күресте адам
да, қоғам да, олардың көзқарастары да мәдениеттің жаңа сатысына көтерілді.
Билікке қарсы ымырасыздықтың барысында ескі мифологиялық санадан жаңа
философиялық білімге бетбұрыс басталды. Дүниеге философиялық көзқарас
қалыптасты.

Дүниеге философиялық көзқарастың мәні
Адамның ой жүйесінің ең жоғары деңгейі – дүниеге философиялық көзқарас.
Дүниеге философиялық көзқарас дегенде дүниені, табиғи және қоғамдық
құбылыстарды ой жүзінде түсініп, ұғыну, табиғат пен адам арасындағы
байланыстар, әрекеттер және қарым-қатынастың санада ерекше бейнелену
формасын айтамыз.
Адамдар жаһанды танып-білуге, тіршілік болмысының мән жайын ұғынуға
және болашаққа көз жеткізуіне көмектесетін идеялар, принциптер, теориялар,
мақсат-мұраттар дүниеге философиялық көзқарасты құрайды. Сонымен бірге сана
қызметін реттеуші ой-пікірлер, адамның әлеуметтік тұлғасын бейнелейтін
білімдер бағдары да оған негіз болады.
Философия адам санасының мазмұны мен табиғаты туралы мәселені
зерттейді. Сана дүние туралы ой, бейне мен ол ойдан тысқары тұрған әлем
арасындағы қатынас арқылы талдауға алынып, қарастырылады. Басқаша айтқанда,
философ өз ойлауының жемісін өзінен тысқары тұрған тәуелсіз дүниемен
салыстырады. Осы бағытта ол ақиқат пен адасудың, білім мен болжамның,
болмыстың шындығы мен ол туралы қияли пікірдің ара жігін ажыратудың
қажеттілігін және маңызын түсінетін еді.
Философия таным процесінде ненің дәлелді, дұрыстығын және керісінше,
ненің дәлелсіз, қателегін көрсететін мәселелерді қарастырады, теориялық
ойлаудың жалпы танымдық мәселелерімен шұғылданады. Философияның тарихында
дүниеге көзқарас ұдайы түрленіп, толысып отырады. Дегенмен, дүниетанымдық
процесте үнемі кезігіп отыратын мәселе де бар. Ол, Энгельстің айтуынша
...ойлаудың болмысқа қатынасы туралы мәселе. Бұл мәселені, Энгельс
философияның негізгі мәселесі, - деді. Оның себебі мен мәнісі неде?
Адам дүниемен қарым-қатынаста болғанда, болмыстың екі жағы да
материалдыққа және идеалдыққа душар болады. Материалды дүниеге айналадағы
қоршаған заттардың бәрі, яғни адамның санасынан, ой-жүйесінен тысқары, әрі
одан тәуелсіз, объективті түрде өмір сүргеннің бәрі жатады. Ал идеалды,
яғни рухани дүниеге санадағы, ойдағы, көкейдегі субъективті құбылыстар
(ойлар, сезімдер, психикалық қасиеттер) жатады. Осылардың арақатынасы,
байланысы қандай? Ойдың болмысқа, материяның рухқа қатынасы қалай? Міне,
осы сұрақ философияның негізгі мәселесі болып табылады.
Бұл мәселенің бірінші жағы - материя алғашқы ма, жоқ әлде рух, сана
алғашқы болып табыла ма деген сұрақтарға кеп саяды.
Осы мәселелерге қалай жауап берулеріне қарай, - дейді Энгельс –
философтар екі үлкен лагерьге бөлінеді. Олардың ішінде рух табиғаттан
бұрын өмір сүрді дегендері идеалистік лагерьді құрады. Ал табиғатты бірінші
деп есептегендер материализмнің әртүрлі мектептеріне қосылды. Материализм
мен идеализм негізгі осы мағынада қолданылады. Олардың арасындағы күрес
философияның дамуының түбегейлі бағытын анықтады. Бірақ осы күрестің
қалыптасуы адам қызметінің мазмұнына тәуелді және материализм мен
идеализмнің түрлеріне байланысты. Сөйтіп, философияның негізгі мәселесінің
бастапқы онтологиялық жағы бар. Онтологиялық мәселе материалистер үшін
сыртқы дүниенің объективті өмір сүруін, оның мәңгі, шексіз тіршілігін
мойындаушылық, ал идеалистер үшін рухтың болмысын алғашқы қозғаушы күш
ретінде уағыздаушылық. Бірақ, сыртқы және ішкі дүниенің өзгерістері туралы
көзқарастар үнемі жаңарып отырады. Осыдан келіп материализмнің негізгі үш
тарихи түрін ажыратуға болады: тұрпайы материализм, механика-метафизикалық
және диалектикалық материализм.
Материализм дегеніміз философияда, негізінен, ХҮІІ ғасырда
тұрақтанса да, ол туралы көзқарастар ертедегі Үнді, Қытай, Грек елдерінде
қалыптасқан еді. Тұрпайы материализм құлдық қоғамның туындысы. Оның
өкілдері (Лаоцзы, Ян Чжу, Ваи Чун, Локаята мектебі, Гераклит, Анаксагор,
Эмпедокл, Демокрит, Эпикур және т.б.) дүниенің материалдығын және оның
адамның санасынан тәуелсіздігін мойындады. Әйтсе де, дүниенің көрнекті
көріністері мен елестетушіліктері оның қасиеттері мен құрамы туралы
жалпылама түсініктерден құралады, соларға теңестіріледі. Дүниеге деген
көзқарас жалпы бір деңгейге тиянақталса да грек философтары табиғатқа тән,
ортақ бастаманы – дүниенің негізі саналатын түпкі субстанцияны табуға
тырысты. Левкипп және Демокриттің материяның атомдық құрылысы туралы
гипотезасы ертедегі материалистік ілімнің үлкен бір жемісі болды.
Материализмнің бір түрі капитализмнің қалыптасу кезеңінде, оның
өндірісі мен ғылымның ХVІ-ХVІІғ.ғ. қарқындау барысында пайда болды. Оны
механикалық- материализм дейді. Бұл материализмнің қалыптасуына механика,
астрономия, математика, жаратылыстану ғылымдары ерекше ықпал етті. Ой
қозғалысының ауқымы мен дәлдігі анағұрлым артты. Күш білімде екеніне
механикалық-метафизикалық материализмнің өкілдері Бэкон, Галилей, Ньютон,
Гоббс, Гольбах, Гассенди, Спиноза, Локк т.б. ешқандай күмән келтірмеді.
Материяны олар үнемі қозғалыста деп қарастырады. Ал қозғалысты табиғаттың
әмбебап ажыратылмас қасиеті деп түсіндірді.
Олардың дәлелдігі туралы нақты білімдерді тәжірбие арқылы, оның
мәліметтерін талдау арқылы алды. Қазіргі материалистер үшін тәжірибе
жасауға келетін нәрсе табиғи, ал талдау арқылы жинақталынған білім
тиянақты, әрі дәлелді болады. Осыдан олар атеистік дүниетанымды дамытты,
дін мен идеализмге қарсы күрес ымырасыз жүргізілді.
Метафизикалық материализм ілімі сыңаржақты еді. Оның басты үш
кемшілігін Энгельс атап көрсетті. Метафизикалық материализм біріншіден
табиғаттың күллі құбылыстарын тек механиканың заңдары арқылы түсіндіріп
бақты. Механика заңын физикалық, химиялық, биологиялық процестерге таратты.
Екіншіден, дүниені процесс ретінде, оның даму күйінде қарастыра алмады,
яғни бұл философияда метафизикалық ойлану басым еді. Үшіншіден, қоғамдық
құбылыстарды қоғамның тарихын қарастырғанда бәрібір идеалистік көзқарас пен
идеалистік түсініктен арыла алмады.
ХІХ ғасырда материализмнің ең жоғары да жүйелі түрі – диалектикалық
материализм қалыптасты. Диалектикалық материализм қайнар көздері - дүние
туралы барлық ғылыми жетістіктіктерге сүйену, оларды тұжырымдау,
материализм мен диалектиканы дамытудағы философиялық дәстүрлерді сын
көзқарасымен жалғастыру, теорияны революциялық күрестің практикасымен
жалғастыру, оны басшылыққа алу. Осы бағыттағы қағидалар мен тұжырымдар
философиялық материализмді, материалистік диалектиканы дамытты, оларды
өзара ұштастырды.
Философия тарихында идеализм материализмнің қашанда болмасын антиподы
болды. Идеалистік лагерьдің де екі классикалық түрі бар. Олар объективті
және субъективті идеалистік ағымдар. Объективтік ағымдағы идеалистік ілім
(Веданта, Конфуцианство)- діни мифологиялық түсініктерден әрдайым нәр
алады. Платон мен Гегель философиясында объективті идеализмнің жүйесі
жасалынды, теориялық негізі анықталды. Объективті иделизм екі басты
қағидаға сүйенеді; идея, рух қайсібір нәрсенің болмасын анықтаушы бастамасы
және олар адамдардан тыс, тәуелсіз өмір сүре алады. Рух та, идея да,
уақытпен де, кеңістікпен де санаспайды. Сонда оларды құдіретті күшпен,
құдаймен пара-пар санау бекер емес.
Субъективті идеализм (Беркли, Юм, Мах т.б.) санадан тыс өмір сүретін
болмысты мойындамайды, қабылдамайды. Ол үшін, заттар адамның санасынан
бөлек өмір сүрмейді, өйткені олар біздің түсініктеріміздің жиынтығы болып
табылады. Сөйтіп, бүкіл дүниені адамның субъективтік санасына топтайды.
Түйсік те, идея да тек санада ғана бар болады, сол арқылы ғана өзі жеке
өзіндік түрге айналмақ. Адамның психикалық дүниесінен табиғат та, кейін
қоғамдық сана да шығарылады.
Философияда дуалистік ағымдар да (Декарт, Кант) болды. Дуализм дүниенің
екі бірдей бастамасын - материя мен рухты, материалдық және идеалдықты
өзара тепе-тең субстанция ретінде қарастырды. Декарттың пікірінше,
психикалық және физиологиялық процестер бір-біріне тәуелсіз, қатар өтіп
жатады.
Дуализм философиялық ағымдардың аралық формасы. Ол материализм мен
идеализмді өзара ымыраға келтірмек болды. Алайда ол әрекет аяқсыз қалды.
Дегенмен дуалистік пікірде дүниетанымдық мағына бар. Бұл жайында Ленин
былай деді: Әрине, материя мен сананың қарама-қарсылығының да тек өте
шектелген саланың шектерінде ғана абсолюттік маңызы бар: бұл ретте алғашқы
деп нені, соңғы деп нені есептеу керек деген негізгі психологиялық
мәселенің шегінде ғана абсолюттік маңызы бар. Бұл шектерден тыс ол қарама-
қарсылықтың қатыстылығы даусыз.
Идеалистік түсініктердің негізгі мәселеге айналуының тағы бір себебі,
олар, әсіресе орта ғасырда, дінмен ұштасып, үстемдігін жүргізді. Осыдан –
дейді Ф.Энгельс, - ойлаудың болмысқа қатынасы туралы мәселе, бірінші болып
табылатын не рух па, әлде табиғат па деген мәселе? - деген неғұрлым қатаң
формаға көшті.
Тек буржуазиялық революцияның барысында ғана клерикализмнің рухани,
діни диктатурасы әлсіреп, философияның негізгі мәселесі толығырақ қойылды.
Нені және қалай өзгертуге болады деген көзқарасқа орай адам өзін табиғаттан
тыс қарап, әлеуметтік өмірдегі өз орнын дұрыс түсіне бастады. Қоғамдық
қызметінде болмыстың материалдық және идеялдық объективті және субъективті
жақтарын қамтыды, не нәрсені рухани немесе материалдық дүниеге жатқызуға
болатынын қарастырды, оларды тану жолдарын іздестірді.
Сондай-ақ философияның негізгі мәселесінің екі жағы бар. Ол Энгельс
айтқандай біздің ойларымыздың дүниеге қатынасын қарастырады. Бұл -
гносеологиялық, танымдық мәселе. Оның негізін бейнелеу процесі, яғни шын
дүниені танып білуге біздің ойлауымыздың қабілеті жете ме, дүние туралы
түсініктеріміз бен ұғымдарымыз шындықтың бейнесін жасай ала ма деген
мәселелер құрайды.
Философтар дүниені тануға болатынына үзілді-кесілді күмән келтірмеді.
Бірақ та дүние дегенде идеалистер тек рухани дүниені ғана ескерді, сол
арқылы қалған құбылыстарды түсінуге болады деді. Ескі материализм өкілдері
болса табиғатқа ғана басым назар салады. Ойлаудың оның көшірмесі,
көлеңкесі, көрінісі деп ұғынды.

Ертедегі Үнді философиясы
Философия туралы пікірлер көне дәуірде туындаған және әр сақта таралған.
Философиялық әңгімелер тарихтың терең түбірінен нәр алып, әр заманда өз
жалғасы мен түйінін тапты. Тылсым дүние мен өмірге деген жалпы әуесқойлық
барысында философиялық әңгімелер жалпылама сипат алды және ұдайы жаңарып
отырды. Философиялық толғаныстар қашанда болмасын мәңгі, өзекті және өтімді
деген қағидаларды қамтыды.
Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде
қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған
орай ежелгі үнді қоғамы варнаға (каста) бөлінді. Олар:
Брахмандар (абыздар) – үлесіне ой еңбегі бар адамдар.
Кшатриилер (әскербасылар) - әскери қызметтегі адамдар.
Вайшьилер (ауқатты шаруалар) – егін шаруашылығы, қолөнер кәсібі,
саудагерлік тиген адамдар.
Шудралар(құладар) – қара жұмысты істейтін адамдар.
Осы кезде қоғамдық өмірге әлеуметтік қатынастарға сай келетін
мифологиялық, философиялық көзқарастар қалыптасты. Олар негізінен ежелгі
үнді мәдениетінің ескерткіші – ведаларда ( веда-білім) жинақталған. Ведалар
төрт бөлімнен тұрады:
1. Самхит – құдайларға арналған гимндер жинағы.
2. Брахман – самхитті түсіндіретін әр түрлі мифологиялық әңгімелер.
3. Аранъякта (Орман кітабы) – брахманға тән ритуалдардың орнына, сол
құдайларды іштей сыйлап-құрметтеу, олар туралы ойлап-толғану сияқты
көзқарас.
4. Упанишадта – дәстүрлі касталарды қарсы қоюдан гөрі, олардың арасындағы
қайшылықты ең жоғары білім арқылы жоққа шығаруға болады деген идея
уағыздалады.
Упанишадтың басты тезисі – Брахман – бар әлемнің генетикалық,
түпнегіздік бастамасы және олардың соңы. Жалпы, білімділік Упанишадта өте
жоғары бағаланады. Мысалы, тікелей құрбандық шалғаннан гөрі, құрбандық шалу
туралы білім өте құндырақ. Нағыз брахман - өмір қиыншылығынан, үмітінен,
қызғаншақтықтан арылып, тыныштық тауып, алдамай ой кешіп, атманды түсініп,
білген адам.
Ведалар негізінде қалыптасқан философиялық ілімдерге байланысты әр түрлі
бағыттарға бөлінеді: жайнизм, буддизм, чарвака-локаяттар, санкхья және т.б.

Жайнизм. Жайнизм б.д.д. ІV ғ. діни ағым ретінде қалыптасады. Жайнизм
идеясы, оның негізгі философиялық көзқарастары одан да бұрынғы ғасырларда
қалыптаса бастаған. Жайнизмге деген сенім, деректерге қарағанда, 24 ұстаз
(тиртханкара) арқылы таралады. Жайнизмнің негізін қалаушысы – Махавира
Джина (джина- жеңімпаз). Жайнизмнің идеялық жүйесі Сидханта деген еңбекте
( б.д.д. ІІІ) жинақталынған.
Жайнизм мына идеяларға сүйенді: Адамның жаны, рухы оның тәнінен, дене
терісінен нәзік, биік, құдіретті. Оның басты мақсаты – қасірет деп
түсінген, өмірден азат болу. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз
қылықтарының теріс салдарын осы өмірде жеңуге болады. Ол үшін сансардан
(жанның бір денеден екінші денеге көшіп жүруінен) құтылу қажет. Материалды
қабаттан құтылған жан ғана мокшаға (жанды қасіреттен азат ету мүмкіндігіне)
жетеді, өзін құтқарады, тіпті толық жалғандықтан босануға икемделінеді,
нирваналық күйге енеді. Жайнизмде материя дегеніміз жұқа қабаттан тұратын
карма немесе кармаға жабысқан тұрпайы нәрселер. Осы тұрғыдан алғанда, дүние
мәңгі, өзгермейтін екі нәрседен – дживадан ( жан, рухани бастама) және
адживадан (тірі емес, жансыз, материалды бастама) тұрады. Әрбір жайнизм
дживадағы, тіршілігі бар ортаға ұмтылады, өйткені ол – жетік, белсенді.
Тұтас дүниеде джива карма арқылы (әділ жаза арқылы) адживамен (тіршілігі
жоқ кеңістікпен) байланысады. Джива карма арқылы мәңгі, үздіксіз түрленеді,
денелердің айналымын құрайды.
Жайнизм ұстаушысының бірінші міндеті – карманың ағымын тоқтата алу,
екіншісі – карманың қалдығын сарқу, одан арылу.
Жайнизмде мокша тіршілігі бар және тіршіліксіз әлемдердің арасын
толығымен алшақтатса, карма оларды біріктіреді. Карманың өзі көп түрлі.
Оның бірі – денеміздің табиғатын, бізді дүниеге әкелген отбасын айқындаса,
екіншісі өмірдің ұзақтығын, үшіншісі – тіршілік пен тіршілігі жоқтарды
біріктірудің негізі болып есептелетін құштарлыққа, ләззаттануға қатынасты
анықтайды.
Сансардан азат болу үшін үш қазынаны сақтау керек. Ол дұрыс қылық,
шынайы білім, дұрыс сенім. Дұрыс сенім - тиртханкалар деп аталатын 24
әулиенің іс-әрекетіне сену болса, дұрыс қылық – тазалықты, шындықты,
сабырлықты т.б. сақтау. Ал шынайы білім – жанның сезім мүшелері мен ақыл-
ойға сүйеніп алған білімі. Мұндай танып-білу процесінде жан қарастырып
отырған заттармен тікелей байланысады.
Жайнизм пікірінше, әлем бірінің үстіне бірі орналасқан көп қабаттан
тұрады. Төменгі екі қабатында - әзәзіл ( перілер), ортаншы қабатта жер,
келесі қабатта – құдайлар, ал ең жоғарғы қабатта – құдайларға ұқсас жындар
орналасқан. Жайнизм пікірінше, құдай жоқ, оның бар екендігі туралы келтіріп
жүрген дәлелдердің бәрі негізсіз қате, сондықтан құдайға емес, 24
тиртханкаларға (әулилер) және жындарға сену керек.
Жайнизм кейіннен, дигамбар және шветамбр деген екі сектаға бөлініп
кетті. Жайнизмге Үндістанда қазірдің өзінде көптеген адамдар сенеді.
Буддизм. Буддизмнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. шакья ( сакья)
тайпасынан шыққан князьдің баласы Сидхарта Гаутаманың ( б.д.д. 563-483ж.ж.)
есімімен тығыз байланысты. Будда термині жарқырау, сергу, жадырау
деген мағынаны білдіреді.
Буддалық ілім бойынша, өмір – қобалжу, азап, өмірге келу мен қарттық,
ауру мен өлім, сүйгеннен арылу мен сүймейтінмен бірге тұру, орындалмаған
арман және қанағаттанбаған тілек – мұның бәрі де азаптың көрінісі, әрі
жалғасы. Адам қанша әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен
құтыла алмайды.
Тойымсыз құштарлықты тоқтату үшін артық тілектен тартыну керек, жер
бетіндегі әуреліктен арылу дұрыс. Азаптан арылудың осындай жолын тапқан
адам нирванаға жетпек.
Будда кейіннен нағыз шындыққа жетудің және нирванаға жақындаудың сегіз
сатылы жолын атап өтеді:
1. Шынайы сенім. Дүние қайғы-қасіретке толы, оны тоқтату үшін ой мен
бойдағы құмарлықты басу керек деген Будда сөзіне сену;
2. Тура, әділ шешімге ұмтылу. Өз құмарлығың мен қызбалықты шектейтін қысқа
жолды біржолата айқындау;
3. Шыншыл сөз. Айтпақ сөзіңді мұқият қадағала, ол зұлымдыққа итермейтін,
қайта дұрыс, рақымды болсын;
4. Дұрыс істер. Теріс ниетті, қастық қимыл-әрекеттен сақтану, игі іске
икемді болу;
5. Дұрыс өмір. Тіріге зиян келтірмейтін, құрметтеуге тұрарлық өмір сүру;
6. Дұрыс ой. Ойыңның бағытын саралай отырып, одан күдікті, күмәнді нәрсені
қудалап, жағымдыны жалғастыру;
7. Ақ ниеттер. Зұлымдықты ойға алмау;
8. Тура, дұрыс пайымдау. Ойыңды үнемі және төзімділікпен жаттықтыру,
шындыққа жетпек талпынысты өзіңе шоғырландыру, оны тереңдету қабілетін
шыңдау.
Дұрыс жинақтала білудің өзі төрт сатыдан тұрады:
1. Ойды төрт ақиқатты түсініп, пайымдауға бағыттау.
2. Осы төрт ақиқатқа сену. Ол біздің жанымыздың тыныштықта және қуанышта
болуына мүмкіндік береді.
3. Қуаныш пен қайғыдан, өз денеңді сезінуден арылу.
4. Толық сабырлылық және толғаусыздық жағдайға жету.
Соңғы сатыны Будда нирвана деп атайды ( адамның тірі кезінде жанды
сансардан толығымен азат ету). Нирвана жағдайына өткен адам архат (қадірлі,
құрметті, сыйлы адам) деп аталады. Нирвана – ең жоғарғы ләззат. Кейіннен,
нирвана ұғымы адамның бойынан бүкіл әлемдік көрініске ауысады. Әлемдегі
нирвана мәңгі, оны ешкім дүниеге әкелмейді және пайда болуының себебі жоқ.
Әлемдік нирвананы сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, оны тек қана
дұрыс жолмен жүрген, ақыл-ойы таза, күнделікті қызықтан алшақ адам танып
біле алады.
Сонымен, Буддизмге сүйенушілер Үндістанның өзінен гөрі одан тыс
мемлекеттерде көп кездеседі.

Көне Қытай философиясы
Қытай – көне тарихтың, мәдениеттің, философияның елі мен жері. Мамандар
Қытай өркениетінің басталуын сья дәуіріне, яғни б.д.д. ІІІ-ІІ мың жылдыққа
жатқызады. Ал оның күйреуін Хань империясының күйреуімен (б.д.д. 220ж)
ұштастырады.
Б.д.д ХVІІІ-ХІІ ғ.ғ. Шан-Инь мемлекетінде қола мәдениеті дамыды,
қалалар қалыптасты, шаруашылықтың құлдық қоғамдық түрі жетілді. Қала мен
өндіріс төңірегінде қауымдастықтың шоғырлануы негізінде екі жағдайда –
шаруашылық пен әскери себептеріне орай дамыды.
Ежелгі Қытай мемлекеті – шын мәніндегі Шығыстық деспотия болды.
Мемлекет басшысы - әрі монарх, әрі абыз және жалғыз ғана жер иесі болды. Әр
түрлі рангтегі аристократия мемлекеттік қызметте болды. Олардан кейін
әлеуметтік сатыда – ру басылары, от басылары тұрды. Ал құлдар болса, олар
жануар сияқты, әлеуметтік сатыдан тыс қалды. Құлдардың еңбегін, әсіресе мал
шаруашылығында, егінде, құрылыста, тұрмыс қажетіне пайдаланды.
Шын мәнінде, заң болған жоқ, сондықтан әлеуметтік сатыда жоғары
тұрғындардың өктемдігінен ешкім тыс қала алмады. Шань-Инь қоғамының саяси
билігі ван топтары арқылы жүргізілді. Ван шаруашылық мәселесіне де, әскери,
діни билікте де ең жоғары басшы болды. Ванның билігі шандықтар дәріптеп,
оны тәңірге теңеген. Шан-ди деген титулға ие болған ван өзін Мен
–адамдардың арасындағы ерекше жаратылыспын, жалғызбын деп жариялады.
Байлар мен шонжарлар арасында біртіндеп эгоорталық сипат пен пиғыл тамыр
жайды. Шан – жер кіндігінің Ұлы қаласы, Қытай – жердің Ұлы орталығы деген
уағыздар таратылды.
Халық арасындағы қарым-қатынас күрделі, шым-шытырақ ритуалға
негізделді. Бұл ритуал аспан қозғалысының тұрақтылығына, жердегі
құбылыстардың реттілігіне және халықтың әдет-ғұрыптарына негізделді.
Ритуалдар тірілердің өлгендерге, олардың рухына, табиғат құбылыстарына,
жерге және аспанға деген қарым-қатынас негізінде қалыптасқан діни
көзқараспен тығыз байланыста болды.
Сонымен саяси-экономикалық жаңа жағдайлармен тайпа, цзундық әлеуметтік
ұйымдасу тәртібінің арасында алшақтық біліне бастады. Дәстүр көнеге,
өндіріс жаңа ережеге тартты. Мемлекет ұсақ отбасы мен топтардың жойылып
кетпеуін реттеуге тырысты.
Осы тұрғыдан философтар елді дұрыс басқару бағдарламасын және адамның
мінез-құлқын дұрыстайтын талапты талқылағанда миф мәселесіне оралады.
Ойшылдар миф персонаждарын адамның мінез-құлқы мен қимыл-әрекеттері арқылы
сипаттайды.
Миф біртіндеп тарихтың ғана емес, философиялық идея мен ілімнің де
құрамдас бөліміне айналды. Оны ерте Қытай діни бастауы мен философиясының
қайнар көзінен пайымдаймыз.
Қытайлардың сол кездегі дүниетанымдық ой-пікірлері Бес кітап деп
аталатын кітаптарда шоғырланып, өздерін білімді санайтын әр адамның
көзқарастарын қалыптастыруда зор рөл атқарды.
Ежелгі Қытайда ғылымның да кейбір салалары пайда бола бастады. Мысалы:
математика, астрономия, медицина. Осы ғылымдар саласындағы жетістіктер
негізінде ай мен күннің тұтылу мезгілін анықтауға, астрономиялық құбылыстар
мен жердегі құбылыстардың байланысын анықтап, күнтізбе, уақыт есептеу, және
т.б. тәсілін ойлап табуға мүмкіндік туды. Бұл жағдай философиялық
ілімдердің деңгейіне әсер етпей қойған жоқ.
Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі
Қытай философиясы негізгі алты философиялық бағыттағы мектептерге бөлінді.
Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даоизм, тұрпайы
философия (натурфилософия) және Атаулар мектебі.
Қытай идеологиясы мен саясатында екі бағыт айқындала бастады:
консерваторлық (керітартпа) және прогресшілдік, бірі – мистикалық, екіншісі
– атеистік бағыттар. Алғашқы материалистердің пікірінше, әрбір бес түрлі
бастапқы элементтерден (металл, ағаш, от, су, жер) тұратын болса, керісінше
идеалистердің пікірінше, табиғаттың жаратылуы, дамуы даоға байланысты деп
атады.
Қытай дүниетанымының ерекшелігі сол, ол өзін-өзі реттейтін, бастауы
ішкі динамикалық тәртіппен байланысты дүниеге, әлемге негізделеді. Ертедегі
Қытай философиясында конфуцийлік бағыт басты рөл атқарды.
Конфуцийшылдық. Бұл философиялық ағымның пайда болуы мен қалыптасуы осы
ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мэн-цзы және Сюн-
цзының есімдерімен тығыз байланысты.
Кун-фу-цзы (б.д.д.551-479ж.ж.) кедейленген ақсүйек әскербасының
отбасында өмірге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол, тек 15 жасында
ғана білімге құштарлық танытады, ал 50 жасында өз мектебін қалыптастырады.
Оның көптеген ізбасарлары болады. Олар ұстазының және өздерінің ой-
пікірлері, қағидалары мен тұжырымдарын жинақтап Әңгімелер мен пікірлер
(Лун юи) деген конфуцийшылдық ілімнің негізгі шығармасын дүниеге
келтірді. Қытайлардың көптеген ұрпақтары бұл кітапты үлгі тұтып, басшылыққа
алған. Кун-фу-цзы бұдан басқа бірнеше кітаптары болды: Өлеңдер кітабы,
Көктем мен күз, жылнамасы, Сұхбат және пікір айту т.б.
Кун-фу-цзы аспанды өзіндік болмысы бар дүние ретінде, ең жоғарғы,
құдіретті күш ретінде қарастырады. Аспан, ол үшін, әділеттілік аясы, аспан
өз еркін әр адамға білдіреді, өз үкімін барлық аспан астындағы елдерге,
мемлекеттер мен қоғамға таратады. Содан аспан ұғымы конфуция философиясында
діни, саяси және этикалық қызметте атқарады.
Кун-фу-цзы өз ілімінің өзегі етіп материалдық денелердің заңдылықтарын,
бабалар рухын зерттеуден гөрі адам арасындағы қарым-қатынас, тәрбие
мәселелерін қабылдайды. Осыған орай, мынадай ұғымдарға көп көңіл бөледі.
Олар: тең орта, адамгершілік және өзара сүйіспеншілік. Осы үш ұғым
бірігіп дао (дұрыс жол) құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі
қажет.
Тең орта - адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті.
Ал адамгершіліктің негізі жэнь - ата-анасын құрметтеп және үлкен
ағаларын сыйлау. Ал өзара сүйіспеншілік арқылы қарым-қатынас
конфуцийшілдік әдептілік ілімінің негізгі өзекті ұғымы.
Конфуция идеясы, ілімі, діни идеологиясы екі мың жылдан артық уақытта
қытайлықтардың сана-сезімін қалыптастырды, олардың мінез-құлқына,
психологиясына, сеніміне шешуші ықпал етті, өмір салтын жалғастырды. Осы
бас бағыт пен үлкен әрекет барысында ұлттық тұтас менталитет қалыптасты. Ол
дегеніміз:
- әлеуметтік қатаң тәртіпті қажет дегенде ұсақ-шағын нәрсеге бейімдей білу;
- еңбекқорлық пен білімге деген ынта-ықыласты суытпау;
- қызмет бабында өсу үшін жарыстан тайынбай, өзін-өзі жетілдіруге әрдайым
ұмтылу;
- отбасы-әлеуметтік байланыстардың мызғымастығын сақтау.
Мұның бәрі ұлттық мінездегі конфуциялық ерекшеліктер.
Мэн-цзы — (б.д.д. 372—289 жж.) — Кун-фу-цзының ілімін әрі қарай
жалғастыра отырып, аспан (көк) — объективтік қажеттілік, тағдыр ретінде
жақсылықты қорғайды дей отырып, аспанның еркі — адамдардың жігер еркі
арқылы көрінеді деген пікір айтады. Осыдан келіп, ол: "Адамның табиғаты тек
жақсылықтан жаратылған". Олай болса, ван (билеуші) халықты өз баласындай
сүйсе, халық оны әкесінен жақсы көруі керек, — деген тұжырым жасайды.

Сюнь-цзы (б.д.д. 313-белгісіз) Аспан мен жерді барлық денелердің шығу
тегі ретінде мойындаса да, тағдырды аспанның жігер-еркі ретінде
мойындамайды. Оның пікірінше, аспанды қастерлеп, ол туралы ойланып
отырғаннан гөрі, керекті заттарды көбейтіп, аспанның өзін бағындырған
дұрыс.
Әлем өзінің табиғи зандылықтарымен өмір сүреді, оны зерттеп, сырын ұқса,
өз қажетіңе жаратуға болады. Олай болса, бақытты немесе бақытсыз, бай
немесе қайыршы болу адамдардың өзіне байланысты. Жалпы адамдар табиғатынан
зұлым, қызғаншақ, дүниеқоңыз болып туады. Тәрбие арқылы адамдарды
адамгершілікке баулып, оның табиғатын өзгертуге болады. Ал адамдар өз
тарапынан өзін өзі жетілдіруге құлшынуы тиіс.
Конфуцийшылдық б.д.д. I ғ. мемлекеттік ілімге, ал IX ғасырдан бастап
Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды.
Легистер (заңгерлер). Легизм (лат. т. –заң деген мағ. береді) –фацзя
мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды,
қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизмнің көрнекті
өкілдері – Цзы-чан (б.д.д. VІ ғ.), Гуань-Чжун (б.д.д. 645ж.қайтыс болған),
Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хан Фэй Цзы (280-233), Ли Куй т.б.
Легистер конфуцийшылдардың мемлекетті әдептілікке негізделген заңдар
арқылы басқару керек деген пікірлеріне қарсы болып, керісінше, мемлекетті
тек қана билеушінің өзі шығарып, өзі бекіткен заңға сүйеніп басқаруға
болады, себебі мейірімділік пен адамгершілік- қылмысқа апаратын бірден-бір
жол, ал шын қайырымдылық өзінің бастамасын жазалаудан алады деп уағыздады.
Легистер байырғы рулық қатынастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым
қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін
қабылдамады. Конфуцияның этикалық талаптарын ойын сөзге жатқызды.
Сөйтіп, легистер ар-ожданның орнына заң алдындағы қорқынышты негізгі
қағида етіп ұсынады. Бұл қағиданы жүзеге асыру үшін төмендегі ережелерді
сақтау керек:
1) мақтаудан гөрі жазалау тәсілін көбірек қолдану;
2) аямай жазалау арқылы халық арасында үрей тудыру;
3) ұсақ қылмыс жасағандарды аямай жазалау арқасында үлкен қылмысқа жол
бермеу;
4) адамдар арасында бір-біріне сенімсіздік тудыру.
Осы қағидаларды бұлжытпай орындағанда ғана ел арасында тәртіпсіздік
болмайды, халық билеушінің айтқанын екі етпей орындайды және керек болса,
өлімге де барады.
Мемлекеттің негізгі мақсаттары: ұсақ патшалықтарды біріктіріп, аспан
аясындағы мемлекет құру және оған басқа халықтарды бағындыру. Осы тұрғыдан
өнерге, білімге деген құштарлық тежелуі қажет. Мемлекеттің экономикалық
негізі – қолөнер, сауда емес, егін шаруашылығы болуы керек.
Жоғарғы өкіметтің бас міндеті – егін шаруашылығын жетілдіру, базардағы
тауарлардың нарқын реттеу, армияны күшейту. Оның ұраны: Халықтың дәулеті –
егін шаруашылығында. Билеушінің үкіметін күшейту үшін табиғи байлыққа
мемлекеттің үстемдігін орнату және табысты мемлекеттің қазынасына өткізу
шарт.
Сонымен конфуция ілімі шынайы мораль мен көне дәстүрге арқа сүйенсе,
легистер әкімшілік тәртіпті бәрінен де жоғары қойды. Конфуция өткенге
құрметпен қараса, легистер күшпен келетін билікке тәжім етті.
Даоизм. (б.д.д. VІ-Vғ.ғ.) Бұл ілімнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. өмір
сүрген Лао-Цзы деп есептелді. Оның негізгі еңбегі -Дао және дэ туралы
кітап (Дао дэ цзин). Даоизм философиясының негізгі мәселесі – ұлы Дао (ұлы
жол) туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған
жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта,
шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды.
Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін
заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз,
солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты
және түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос
қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді.
Даоизмдегі қарама-қарсы пікірлерге толы, көмескіленген ілімдердің бірі
– екі түрлі дао туралы ілім. Даоның бірінші түрінің аты жоқ. Себебі, ол –
денесіз, екі ұшты, кішкентай, көрінбейді, жалғыз. Ол- мәңгі, еш уақытта
өзгермейді, еш нәрсе оны өзіне бағындыра алмайды, ал өзі басқа заттардың
дамып, жетілуіне көмектесе алады, бұл жағынан шектелуді білмейді.
Ал аты бар дао ұсақ бөлшектерден (ци) тұрады. Ол бөлшектерде заттардың
кескіні бар, сондықтан да олар барлық заттардың анасы. Аты бар даоның
негізгі қасиеттері: шексіз, таусылмайды, құдіретті, әрекетшіл. Бұл екі
түрлі дао бір-бірімен іштей тығыз байланысты, екіншісі біріншісінен
туындайды, ал кейбір жағдайларда олар бір-біріне ауыса береді, осының
арқасында әлемде түрлі ғажайыптар болып тұрады.
Сонымен дао түпнегіз ретінде заттарды дүниеге келтірсе, олардың әрі
қарай өмір сүруі дэге байланысты. Себебі дэ олардың өмір сүру заңы,
олардың өмір сүру заңы, оларды қоректендіруші. Олай болса, дао және
дэсіз еш нәрсе дүниеге келіп, өмір сүрулері мүмкін емес.
Әлемдегі денелер аспан (ян-еркек) мен жер (инь- әйел) бастамалары және
заттардың өмір сүру заңы арқасында гармониялық бірлікте болады.
Ян –еркек бастамасы, күн нұрындай жарық, ашық, мекем және күшті. Ян
жалпы жағымды нәрсенің бастамасы.
Инь - әйел бастамасы, аймен байланысты, сондықтан көлеңкелі, күңгірт те,
әлсіз.
Екі бастама өзара байланыста болған, сол үйлесімділіктің нәтижесінен
күллі мәнді нәрселер туындайды.
Сонымен, даоизм конфуцийшылдарға, легистерге де қарсы болды. Кейін келе
даоизм дінге айналып, өзінің алғашқы кездегі көптеген идеяларынан айырылып
қалды.
Антика философиясы
Антика заманының философиясы б.д.д VІІ-VІ ғасырларда кіші Азияның
батыс жағалауында гректер салған қалаларда өмірге келді. Б.д.д. VІІ-V
ғасырларда антикалық рухани даму мифологиялық-діни көзқарастан ғылыми-
философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия
тарихында Сократқа дейінгі, ал б.д.д. V-ІІІ ғасырларда ойшылдардың
мәнділіктің генетикалық бастамасын, түп негізін, жалпы дүниетанымдық
көзқарастың негізі етіп алып, философиялық ойлаудың биік деңгейге
көтерілуіне байланысты кезеңді Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең
деп екіге бөледі.
Ал кейбір зерттеуші ғалымдар, әсіресе Дж.Реале мен Д.Антисери антик
философиясы даму кезеңдері туралы көзқарастарын былай қарастырады:
1. Б.з.д. VІ және V ғасырлар аралығын қамтитын физис және космос
мәселелерімен айналысқан натуралистік кезең. Мұның өкілдері қатарына
иониялықтар, пифагоршылдар, элеаттар, физик- эклектиктер жатады.
2. Адам болмысының мәнін айқындаумен тұңғыш айналысқан гуманистік кезең.
Бұл кезеңнің басты өкілдері – софистер және Сократ.
3. Сезімнен тыс әлемнің ашылуы және негізгі философиялық мәселелерді
органикалық түрде қарастырған Платон мен Аристотельдің үлкен синтез кезеңі.
4. Александр Македонский жорықтары дәуіріндегі эллиндік мектептер мен пұтқа
табынушылық заманы соңына дейін – кинизм, эпикуреизм, стоицизм және
эклектицизм бағыттары кезеңі.
5. Антиктік пұтқа табынушылық дүниетаным ойынын діни дәуірі – неоплатонизм
және оның модификацияларының жандану кезеңі.
6. Христиандық ойдың қалыптасуы және грек философиясының категориялары
тұрғысында жаңа дін догмаларын рационалды қалыптастыру кезеңі.
Ежелгі Грекия дүниетанымның жаңа формасы – философияны қалыптастырған
негізгі үш мәдени орталықтың бірі болып табылады. Оның қалыптасуына Ерте
Үнді және Ежелгі Қытай жерлеріндегі заңдылықтар қатты әсер етті. Бірақ
эллиндік ақыл-ойдың дүниеге келтірген жемісінің шығыстық философиямен
салыстырғанда өзіндік түбірлі ерекшеліктері болды. Философияның
қалыптасуына алғышарт болған грек өмірі формалары қатарына мифология, дін,
ғылыми білімнің бастапқы түрлері, әдеттік сана және тіршілік даналығы
жатады.
Грек философиясы физис философтар немесе натурфилософтар болған
милет мектебі өкілдерінен (Фалес, Анакимандр және Анаксимен), Гераклиттен
және Пифагордан басталады. Олар дүниедегі барлық заттардың түпнегізін
іздеумен айналысты, нәтижесінде дүниетанымда төңкеріс басталып,
философияның қалыптасуына әкеліп соқты.
Сократқа дейінгі кезеңде дүниеге келген алғашқы философиялық мектеп
кіші Азияда шыққан Милет мектебі болды. Оның негізін қалаушы Милет
қаласында өмір сүрген жеті данышпандар қатарына жататын солардың ішіндегі
ең сыйлысы Фалес болды. Ол Бастама туралы, Күн туралы, Күн мен түннің
теңесуі туралы деген еңбектер жазған. Фалестің ілімінше, барлық денелердің
генетикалық бастамасы – су. Фалес біржағынан барлық денелер суда қалқып
жүреді десе, екінші жағынан ол жай су емес ақыл - ойдың осы тұрғыдан ол
құдай тектес дейді. Күн және басқа әлемдік денелер судың буымен
қоректенеді. Фалестің философиялық көзқарасы тұрпайы, балаң болғанымен,
табиғат құбылыстарын олардың пайда болуын, даму заңдылықтарын табиғи
тұрғыдан танып білуге ұмтылған алғашқы талпыныс болды.
Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы –
Анаксимандр (б.д.д. 611-545ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері – Табиғат
туралы, Жер картасы, Глобус. Анаксимандр барлық денелердің бастамасын
сол денелердің түп негізі сатысына дейін көтерді. Бастаманы ол заттардың
түп негізі апейронмен теңестіреді. Апейрон генетикалық бастама ретінде де,
түп негіз ретінде де таусылмайтын шексіз және төрт дүлей күштің (жер, су,
ауа, от) бір-бірімен араласып, ауысу процесінің негізі, бірақ апейрон
кеңістікте шексіз емес, сол төрт дүлей күштің негізі ретінде шексіз,
көмескі, және мәңгі. Ол еш уақытта қартаймайды, өлмейді және жойылмайды,
және қозғалыста болады. Осы қасиеттердің арқасында ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Философияға кіріспе
Қоғамдық дамуды талдайтын философиялық категория - қоғамдық болмыс және қоғамдық сана
Эллиндік және Римдік философия
Қайта өрлеу мен Реформация дәуіріндегі саяси- құқықтық ілімдер мен гелиоцентризмнің мемлекет пен қоғамды басқарудағы рөлі
Болашақ мұғалімдердің коммуникативтік құзырлығын кәсіби даярлау үдерісінде қалыптастыру
Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедрада оқитын студенттердің тұлғасын қалыптастыруда халықтық педагогика элементтерін пайдалану
Зақым (альтерация). Дистрофия. Морфогенездік механизмдері
Әлеуметтанудың әдісі
Фарабидің педагогикалық идеяларының оның математикалық және жаратылыстану ғылыми еңбектерінде қолданылуы және жүзеге асырылуы
СТУДЕНТТЕРДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ АЛҒЫШАРТТАРЫ ЖӘНЕ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Пәндер