Фразеологиялық тізбек және оған ұқсас бірліктер



Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   
Фразеологиялық тізбек және оған ұқсас бірліктер

Жоспар

Кіріспе.

I тарау. Негізгі бөлім.

Фразеологиялық тізбек және оған ұқсас бірліктер.

1.1.Фразеология және фразеологиялық тізбектер мен бірліктердің
жасалуы.

1.2. Фразеологиялық тізбектердің күрделі сөздерден айырмашылығы.

КІРІСПЕ

Қазақ тіл білімінде, түркологияда, фразеологияның жалпы мәселелері
жөнінде көптеген ғалымдарымыз өз зерттеулерін жүргізіп келеді. Қазақ тіл
біліміндегі фразеологизмдер бүгінгі таңда күрделі зерттеулерден өтіп,
ғылыми еңбектермен жан-жақты толықтырылып қарастырылуда. Фразеологизмдер -
тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына
тұрақтылығы жағынан да, стиль жағынан да оларға тән ерекшелігі бар.
Фразеологияның теориялық және практикалық мәселелерімен айналысып елеулі
табыстарға жеткен мына ғалымдарды айтамыз.
Белгілі ғалым К.К.Юдахиннің қырғыз тілінің лексикасын зерттеудегі
еңбегі көзге шалынады. Сол секілді, өзбек ғалымы Ш.Рахматуллаев, түрікмен
ғалымы К.Бабаев, қырғыз тіліндегі идиомалар Ж.Османова, құмық тіліндегі
фразеологизмдер туралы З.Жорашуева, башқұр тіліндегі фразеологизмдер
М.Черновтың, Ғ.Киекбаевтың, Х.Г.Юсуповтың зерттеулерінен көрінеді.
Фразеологизмдердің құрамын, оның семантикалық-тақырыптық аясын ғылыми
түрде тұжырымдау С.Мұратов, Ә.Қайдаров, Р.Жайсақова, Р.Авакова,
Г.Смағұловалардың еңбектерін айтуға болады.
Кейбір зерттеулердің біразын кей ғалымдар жеке жазушылардың
шығармасындағы фразеологиялық тұлғаларды әдеби тілдегі стильдік жүйеде
қолдануды қарастырады. Олар, Я.Пинхасов, М.Жақыпбеков, Е.Бектұрғанов,
Х.Қожахметова, Г.Боранбаева т.б. ғалымдар.
Сондай-ақ басқа тілдерден (орыс) ұлт тілдеріне, ұлт тілдерінен басқа
тілдерге фразеологизмдерді аудару және сөздіктер жасау мәселесі де
зерттеуден тыс қалған жоқ. Ө.Айтбаев, К.Дүйсетаева, С.Джапарбекова,
С.Наурызбаева, Н.Садықова, В.Қадыров, А.Тажмуратова, К.Атаев, М.Балақаев
және т.б. ғалымдардың зерттеулері түркітану фразеологиясына сүбелі үлес
қосқан ғылыми еңбектер деп саналады.
Фразеологизмдер жөнінде көптеген ғылыми еңбектер зерттелді десек те,
фразеологиялық бірліктер мен күрделі сөздерді фразеологиялық тізбектерден
ажыратудың айырмашылығы мен ұқсас жақтарын қарастыруды жөн көрдім.
I ТАРАУ. ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТІЗБЕК ЖӘНЕ ОҒАН ҰҚСАС БІРЛІКТЕР
1.1. Фразеология және фразеологиялық тізбектер мен бірліктердің
жасалуы.
Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады.
1) тілдегі тұрақты тіркестерді қазіргі және тарихи даму тұрғысынан
тексеретін тіл білімінің саласы. 2) бір тілдегі тұтастық фразеологиялық
қор фразеология ғылымының міндеттері мен зерттеу ауқымы өте кең және көп
аспектілі. Фразеологизм саласына өз үлесін қосқан ғалым І.Кеңесбаев болды.
Ол өзінің Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі атты көлемді еңбегімен тек
қана қазақ тілінде емес, бүкіл түркітануға қосқан елеулі еңбек деп
қарауымызға болады. Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы
екендігін танытатын негізінен үш түрлі басты белгісі бар. Олар: 1) даяр
қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы. Осы
негізгі белгілеріне сүйеніп, белгілі ғалым И.Уәлиев фразеологизмге мынадай
анықтама береді: Құрылым құрылысы тұрақты әрі тиянақты, сыңарлары
біртұтас мағынаны білдіретін және дара тұлғаланатын, сондай-ақ тұтас
күйінде өзге де сөздермен тіркеске түсе алатын, форма жағынан синтаксистік
единица (сөз тіркесі, сөйлем), мазмұн жағынан лексикалық единица (сөз)
түріндегі тілдің мағыналық бірлігін фразеологизм деп атаймыз. І.Кеңесбаев
фразеологиялық тұлғалардың басты үш белгісіне сүйене отырып, қазақ тілінің
құрамындағы фразеологизмдерді екі үлкен топқа: фразеологиялық түйдектер,
фразеологиялық тіркестер деп бөледі.
Фразеологизмдерге өз үлесін қосқан академик І.Кеңесбаевтың қорытқан
тұжырымы былай бөлінеді: фразеологиялық тіркестердің өзін 2-ге бөліп: а)
түйдек тіркеске – оған әуел бастағы еркін тіркесті ауыс мағынаны қолданудан
туған, әрі о бастағы мағынасы жоғалмаса да көмескіленген деп, мынадай
мысалдарды енгізеді: ернінен ене сүті кеппеген, пышақ кескендей тыйылу,
табанын жалтырату т.б.
ә) түйін тіркеске әуел бастағы еркін тіркестің ауыспалы мағынада
қолданудан, бірақ ФТ сыңарларының бастапқы мағынасы көмескіленбей әнтек
солғын айтылады деп мынадай мысалдарды келтіреді: құмырсқадай құжынаған,
көзді ашып-жұмғанша, асқар тау, қыпша бел т.б.
Профессор Г.Н.Смағұлова осындағы асқар тау, қыпша бел деген сөздерді
фразеологиялық тізбектерге қайтарған жөн дейді.
Сондай-ақ, орыс тіл білімінде бұл салада көп еңбек сіңірген академик
В.В.Виноградов. Ол француз ғалымы Ш.Баллидың фразеологиялық схемасын
творчестволық түрде өңдеп, фразеологиялық орамдарды 1). Фразеологиялық
тұтастық. 2). Фразеологиялық бірлік. 3). Фразеологиялық тіркес деп үшке
бөлгенде, мақал, мәтел, термин сөздерді бұған кіргізбеген.
Н.Л.Шанский, В.В.Виноградовтың осылай бөлген жүйесіне төртінші
етіп, фразеологиялық сөйлемше (выражение) дегенді қосып, бұған, мәселен
орыс тіліндегі қасқырдан қорыққан орманға бармас, жылтырағанның бәрі
алтын емес, темір жол, жоғарғы оқу орны тәрізді тіркестерді жатқызып,
фразеологиялық орамға жататын тілдік тұлғалардың аясын кеңейте түсіп, оған
кейбір термин сөздер, мақал-мәтелдерді енгізеді.
Алайда, Шанский 1985 жылы жаңадан толықтырылып шығарған Фразеология
русского языка деген еңбегінде фразеологиялық сөйлемшені коммуникативті
сипаттағылар, номинативті сипаттағылар деп екіге бөледі.
Сол секілді К.Ахановта фразеологизмдерді 1) фразеологиялық тұтастық,
2) фразеологиялық бірлік, 3) фразеологиялық тізбек деп бөледі де, 4-ші түрі
етіп фразеологиялық сөйлемшені қоса қарастырады. Фразеологиялық оралымның
бұл түрі мағынасы ерікті сөздердің тіркесінен құралады, бірақ құрамы мен
құрылымы тұрақты болып келеді. Мысалы: Айдағаның екі ешкі, ысқырығы жер
жарады; Шегірткеден қорыққан егін екпес; Көрпеңе қарап көсіл; Бас білген
өгізге өк деген - өлім; соғыс өртін тұтандырушылар т.б.
Мәселен, А.М.Ефимов (1961) фразеологияның шығу тегі мен функциясы
бойынша ертегілік формалар, фольклорлық архаизмдер, қарапайым сөйлеу
тіліндегі фразеологизмдер халық мақалдары дегенді ұсынады.
1954 жылы шыққан Қазіргі қазақ тілі оқулығында фразеологиялық
тізбектер өзінің жасалуы, фразеологиялық материалы, грамматикалық
байланысы, лексикалық мән жөнінен мына төмендегідей үш ірі түрге бөлінеді:
1. Идиомдар. 2. Мақалдар. 3. Мәтелдер.
Фразеологиялық тізбектер – деп құрамында еркін мағыналы сөздері бар
тұрақты сөз тіркестерін айтамыз.
І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев секілді ғалымдардың 1975 жылы шыққан Қазіргі
қазақ тілі деген еңбегінде Фразеологиялық тіркестер екі үлкен топқа
идиомаға және фразаға бөлінеді делінген. Осы оқулықта, жеке элементтердің
негізгі мағынасынан барып жасалған тізбек идиом болмайды, ол фраза болады
деп дұрыс тұжырымдайды.
Фразаның беретін ұғымы мен мағынасы оның құрамындағы сөздердің бірі
болмаса екінші я үшіншілерінің мағынасымен ауыспалы, бейнелі, астарлы түрде
болса да байланысты болады. Мысалы: тас қараңғы, қаз табан, қақпан бел,
қамыс құлақ, бөкен қабақ, құс тұмсық т.б. осы тәрізді компоненттері бір-
біріне байлаулы, жұбын бұзбай үнемі бірге жұмсалатын сөз тізбектерін
жатқызуға болады.
Профессор М.Балақаев пен профессор Т.Қордабаев тұрақты тіркестерді
идиомалық тіркестер, фразалық тіркестер деп бөлген.
Фразеологиялық тізбек – бүкіл тұтас тіркестің беретін мағынасы
тұрғысынан қарағанда, фразеологиялық бірліктердей емес, өзінің құрамындағы
сөздердің мағынасымен байланысты болады, солардың мағынасынан туады.
Фразеологиялық тізбек – еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолдану.
Яғни, тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей
жойылмағанымен, жойылуға жақындап күңгірт тарта бастауы. Мұнда ерікті
мағынасындағы сөз бен фразеология қалпындағы сөздің тіркесуінен жасалып,
сол тізбек күйінде қлданылады. Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті
(тура) мағынасындағы сөздің сан алуан сөздермен тіркесіп жұмсалу қабілеті
бар. Мысалы, көк бет, қысыр сөз, қасқа жол деген фразеологиялық
тізбектердің құрамындағы бет (жалпақ бет, дөңгелек бет, сопақ бет), сөз (аз
сөз, көп сөз, дұрыс сөз, бұрыс сөз), жол (үлкен жол, қара жол, соқпақ жол)
деген бірнеше сөздермен тіркесіп қолданыла берсе, фразеологиялық мағынадағы
көк сөзі бет сөзімен, сөз – қысыр сөзімен, жол – қасқа сөзімен ғана
тіркеседі. Фразеологиялық тізбек сыңарларының бастапқы мағынасы онша ашық
та айқын болмағанымен, солғын тартып сезіліп тұрады. Фразеологиялық тізбек
құрылым-құрылысы жағынан екі топқа бөлінеді: 1) Құрылым-құрылысы сөздердің
белгілі бір тіркесі болып келетін фразеологизмдер. Мысалы, шақша бас,
қарақат көз, ашық ауыз, ала қол, бүйрек бет, қамыт аяқ, құба жон, қалқан
құлақ, мұрты шағылмаған, жауырын құрлы көрмеді, саусақпен санарлықтай, кең
иықты, ат жақты, иығы босады, алақанның аясындай, бармақ қазы, езуі
жиылмайды, тісін басты, қас қарайды, кірпік қаққанша, сақалды басымен, қу
тілді, кеңірдектен келді, тұмсығы батпады, еңбегі қатпаған, төбесі тесік,
өр көкірек, арқасы бар, бүйірі шықты, мұрынның қанындай т.б.
2) Құрылым-құрылысы жағынан сөйлемге тең фразеологизмдер. Мысалы, бір қолын
екі ете алмады, екі иығынан дем алды, табанын жерге тигізбеді, аузына ақ ит
кіріп, қара ит шықты, көзіне көк шыбын үймелетті, көрер таңды көзімен
атырды, аяқ-қолын бауырына алды, басы ауырып, балтыры сыздады, жеңген иттің
желкесінен алды, көңілі су сепкендей басылды, қой үстінде бозторғай
жұмыртқалады т.б.
Кейбір сөздер кез-келген сөзбен тіркес құрай беретін болса, қайсыбір
сөздердің тіркесу қабылетіне шек қойылады. Мысалы, сүмбіл шаш, ну орман,
қолаң шаш, мидай дала, шалқар көл, асқар тау, нар тәуекел, айдай әлем –
тұрақты тіркестердің алғашқы компоненттік элементтері сүмбіл, ну, қолаң,
мидай, шалқар, асқар, нар, айдай осы аталған тіркестерде ғана қолданылады
да, басқа сөздермен тіркеспейді. Ал бұлардың екінші компоненттік
элементтері шаш, орман, дала, көл, тау т.б. басқа сөздермен лексикалық
байланыста тіркесе береді.
Кейбір зерттеушілер фразеологиялық тізбектерге мына сөздерді
жатқызады: кеудесін көтеру, таяқ жеу, бас қатыру, қабағын түю, қаза болды
– деген сияқты тұрақты тіркестерді жатқызуын дұрыс деуге болиайды. Өйткені
кеудесін көтеру, тұмсығын – дегендердің компоненттік семантикасы
менсінбеу - деген сөздің лексикалық мағынасымен синонимдес жатыр. Сонымен
қатар, кеудесін көтеру деген тіркес тура мағынада қолданыла береді.
Сондықтан мұндай тұрақты сөз тіркестерін фразеологиялық тізбектен гөрі
фразеологиялық бірлестіктерге жатқызған жөн болатын тәрізді.
Х.Қожахметованың зерттеу жұмысында осы пікір толық қамтыла келіп:
бетін қайтару, бетін қақпау – деген варианттарда қолданылатын тұрақты
тіркестерді фразеологиялық бірлікке жатқызады да, ал қабағын түю, қабағын
шыту - деген тіркестерді фразеологиялық тізбекке жатқызады.
Фразеологиялық бірлік. Фразеологиялық тұтастық тәрізді орын тәртібі
жағынан өте тиянақты болып келеді. Алайда, құрамындағы сөздердің
мағынасының қаншалықты тасалануы я болмаса, тасаланбауы жағынан елеулі
өзгешеліктері болады. Бұлар ең алғашқы еркін тіркесті ауыс мағынада
қолданудан шыққан. Мәселен, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді
қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз [3, 193б].
Бұл жөнінде Р.Сәрсенбаев былай дейді: фразеологиялық бірліктер – деп
семантикалық жағынан ажыратылмай, түгелімен бір бүтін мағынаны білдіретін,
бірақ оның жалпы компоненттік семантикасы өзін құрап тұрған сөздердің
элементтердің астарлы, образды мағынасынан туатын тұрақты сөз тіркестерін
айтамыз [4, 19 б].
Мұндай фразеологиялық бірліктердің қатарына: Төбе шашы тік тұру,
жігерін құм қылу, жастығына ала жығылу, сырдың суы сирағынан, сағы сыну,
тауы қайту тауы шағылу, кежегесі кейін кету, ауыз жаласу, аузына құм
құйылу, мойны жар бермеу, сай сүйегі сырқырау, жанын қоярға жер таппау, ер
тоқымын бауырына алу, көзді ашып - жұмғанша, жүрегі тас төбесіне шықты, екі
езуі екі құлағына жету, күлін көкке ұшыру, салы суға кету, жермен жексен
қылу – сияқты ішкі тұтастығы бейнелі, астарлы мағынаның бірлігі арқылы
жасалып тұрған тұрақты сөз тіркестері жатады. Фразеологиялық бірліктердің
қатарына жататын тұрақты сөз тіркестерінің жалпы компоненттік
семантикасының ұғымы тілде тура мағынада да айтыла береді. Ат үсті деген
тұрақты тіркесті өзінің тура мағынасында да қолдануға болады. Бұл сипат
фразеологиялық бірліктерді фразеологиялық тұтастықтардан айыратын белгі
болып табылады.
Фразеологиялық бірліктердің қатарына енетін тұрақты сөз тіркестері
өздерінің семантика граматикалық құрылымы жағынан әр түрлі болып келе беруі
мүмкін. Мысалы: тайға таңба басқандай, жерден жеті қоян тауып алғандай,
соқырға таяқ ұстатқандай, көзге біткен сүйелдей, тонның ішкі бауындай, үріп
ауызға салғандай, түймедейді түйедей ету, тілі мірдің оғындай, сиырдың
бүйрегіндей бытырау, абыройын айрандай төгу – сияқты сөз тіркестерінің
тропалық мағынада қолданылуы мен граматикалық формасы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фразеологизмдердің мағыналық категориялары
Неміс және қазақ тілдерінің құрамында “ақ” және “қара”атаулары бар фразеологиялық бірліктер (салыстырмалы-салғастырмалы тұрғыда)
Фразеологиялық бірліктердің топтастырылуы
Ағылшын тіліндегі фразеологиялық бірліктердің детективті жанрда қолдануы
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі жануар атаулары бар фразеологиялық бірліктер (салғастырмалы талдау)
Aғылшын және қазақ тілдерінің лексико - семантикалық фрaзеологизмдерін салыстырмалы талдау
Фразеология
Ағылшын тілінен орыс тіліне мақал-мәтелдерді аударудағы лексикалық мәселелер
Фразеология және фразеологиялық бірліктерді аудару тәсілдері
Фразеологизмдер ұғымы, фразеологиялық бірліктер түсінігі фразеологизмдердің топтастырылуы
Пәндер