ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (тақырыптық, жанрлық және көркемдік)


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
«Қорғауға жіберілді»:
Кафедра меңгерушісі:
ф. ғ. к., доцент С. Ергөбек
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
(тақырыптық, жанрлық және көркемдік)
050117- қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша
Орындаған:
Ғылыми жетекші: Ұ. Жолдасова
Мазмұны
КІРІСПЕ . . . 3-5
1 ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ағымдық, тақырыптық даму
ерекшеліктері . . . 6-31
2 ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жанрлық және көркемдік тұрғыдан даму ерекшеліктері . . . 32-56
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 57-58
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 59-61
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғ. б. кезең әдебиетінің өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуымен ерекшеленеді. Кезең әдебиеті кеңес дәуірінде де, онан соң да оның тарихи-теориялық мәселелері мүмкіндігінше мол зерттеліп отырды. Зерттеу еңбектерінің ішінде 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» үштомдығының тұтас бір кітабы осы XX ғасыр басындағы әдебиеттің тарихына арналған. Осы кезеңнің әдеби талдаулары өткен ғасырдың өзінде көрнекті әдебиетшілердің жарыққа шығарған жинақтарында жарияланды. М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, М. Қаратаев, С. Қирабаев, З. Қабдолов, М. Жармұхамедұлы, т. б. әдебиет зерттеушілердің еңбектерінде талданды. XX ғасырдың басындағы көркем шығармалар да қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің тарихында елеулі із қалдырды, әрі олар XX ғасырдың бастауында тұрып, әдебиеттің одан әрі дамуына жол ашқан еді.
Ғалымдар мен әдебиетшілер осы кезеңдегі әдебиет тарихына арналған еңбектерін әр жылдарла жариялап жұртшылық назарына ұсынып отырды. Бұл орайда С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932 ж. ), С. Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932 ж. ), т. б. еңбектер өз мәнін жоғалтқан жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық көптомдық зерттеу еңбегі әдебиет тарихын, оның ішінде XX ғасыр басындағы әдебиеттің шығармаларын зерттеудегі межелі бір белес болса, одан кейінгі кезеңдерде де XX ғасыр басындағы әдебиет жайында белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің зерттеу еңбектері мен көзқарастары түрлі деңгейде жарияланып отырды. «XX ғасырдағы казақ әдебиеті. Октябрь алдындағы кезең» (Хрестоматия, 1983), «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994), «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» (1997), Б. Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары, Алматы, 1958; «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері». Алматы, 1973; «XX ғасыр басындағы әдебиет. (Алматы, 1993) секілді зерттеу еңбектері, Дербісалин Ә. «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті, Алматы, 1966 т. б. бірқатар еңбектерде осы кезеңнің негізгі сипаты сараланды. Сол секілді кезең әдебиетінің түрлі тақырыптық, жанрлық, көркемдік мәселелері жөнінде әдебиеттанушы ғалымдар әр кез сөз етіп келеді. Мысалы, Дүйсенбаев Ы. [1], Кәкішев Т. [2], Әбдірахманов Т. [3], Сүбханбердина Ү. [4], Бейсенғалиев З. [5], Әбдіманов Ө. [6], Тілепов Ж. [7] т. б. кезең әдебиетін зерттеуші ғалымдар қатары жаңа есімдермен толығуда. Демек, кезең әдебиетін зерттеу, тану мәселелесі жалғасуда.
1917 жылғы қазан төңкерісінен бертін оның алдындағы Алаш ұранды әдебиет, ұлттық-демократтық бағыттағы өзге де туындылар мен жазушылар еңбектеріне көзқарас өзгерді. Біртіндеп қуғын-сүргін науқанына ұшырап, ұзақ жылдар бойы қапаста қалды.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында рухани дүниенің жаңғыруына, әдебиетті жаңа ұлттық таным өресінен тануға ұмтылыс басымдықпен жүргені аян. Сол мақсатта кейінгі зерттеу еңбектерде көптеген бұрыннан мағлұм шығармалар мен авторлардың дүниетаным тұжырымдары тарихи шындықка сәйкес талданды. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен қазақ қоғамының тарихы арасындағы жанды байланысқа баса назар аударылып, содан туындайтын көркемдік шындық пен тарихи шындықтың аражігіне жете көңіл бөлінуде. Жаңа реалистік, демократтық-ағартушылық әдебиет пен дәстүрлі әдебиеттің өзара үндестігі мен көркемдік-эстетикалық бағыттары да қайта қаралуда. Ұлттық әдебиетті жедел дамытқан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин тұлғалары мен әдебиеттегі мәртебелі жаңашылдық қызметіне жаңаша назар аударылуда. Сол арқылы кезеңнің көркемдік шындығы зерделенді. Ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен бұл ұлы жаңашыл дарындардың дәстүр жалғастығы XX ғасырда да қанат жайды. Абай мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы жаңа қазақ әдебиетінің негізгі арқауына айналды. Осы кезеңде қазақ әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыда, мазмұн мен халықтық мұрат жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Баспасөз бен әдебиет байланысы артты. Қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқындық сипат алды. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай алғанда, XX ғасырдың басында әдебиет жаңа сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол ашты. ХХ ғ. б. қазақ әдебиеті тарихы осындай сипаттарымен ерекшеленеді. Осы тақырыптың өзі жоғарыдағы ерекшеліктерімен өзекті саналады.
Тақырыптың жаңалығы. Зерттеу жұмысында ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тақырыптық, жанрлық, түрлік тұрғыда, мазмұн мен көркемдік тұрғыда арнайы қарастырылады. Кезең әдебиеті туралы бұрын-соңды жазылған ғылыми зерттеу еңбектеріне барынша зер салып, ғылыми және кезеңнің көркем туындыларын қайта қарап, кезең әдебиетінің сан қырлы ерекшелігі туралы аналитикалық талдау жасау жұмыстың жаңалығы саналады.
Тақырыптың теориялық, практикалық маңызы. Зерттеу жұмысы ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің даму мәселелерін зерттеу арқылы ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы мен теориясына қосары бар деп білеміз.
Зерттеудің мақсат, міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - ХХ ғ. б. қазақ әдебиетінің даму ерекшеліктерін талдау. Міндеттері:
- Кезең әдебиетінің ағымдық ерекшеліктерін саралау;
- Кезең әдебиетінің тақырыптық ерекшеліктерін анықтау;
- Кезең әдебиетінің жанрлық тұрғыдан даму ерекшеліктерін нақтылау;
- Кезең әдебиетінің көркемдік тұрғыдан даму ерекшеліктерін саралау.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ағымдық, тақырыптық даму ерекшеліктері
Қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік ерекшелігі басым тұстардың бірі - XX ғасыр басындағы он бес-жиырма жыл. Бұл кезең шиеленісті қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болды да, мәдени-рухани дүниеде күрделі де шешуші құбылыстарды тудырды. XIX ғасырдың соңына қарай қалыптасып, өзіндік даму сатысына көтерілген ағартушылық, демократтық бағыттағы әдебиет кайраткерлеріне енді жаңа XX ғасыр табалдырығында туындаған казақ халқының ұлттық-әлеуметтік сан алуан мәселелеріне араласып, сан-салалы ұлттық маңызы зор тақырыптарды қозғауына тура келді.
Бұл кезде қазақ жері тұтастай Ресей империясының отаршылдығына өтіп болған еді. Ресей билігіне біржолата түскен қазақ елінің көкейкесті тарихи мәселелерін саяси жолмен, Ресей Думасына катысу, Ресейде білім алған қазақ зиялыларының қайраткерлігі арқылы жүзеге асыруға талап жасау көзқарасы байқалып келе жатты. Бірақ бұл шын мәніңде суға кеткен тал қармайдының керіндей әлжуаз, келешегі көмескі әрекеттер болатын. Ресей ықпалына біржолата көшкеннен кейін, ол мемлекеттің ішкі-сыртқы шиеленісті жағдайларының барлығы Қазақ еліне де тікелей әсер етті. Бірінші орыс революциясы (1905 ж. ), Бірінші дүние жүзілік соғыс (1914 ж. ), 1916 жылғы дүрбелең, патша самодержавиесі мен большевиктер партиясының арасындағы текетірес тудырған ахуал, қазақ жеріне орыс переселендерінің бұрынғыдан да көптеп келуінің үдей түсуі, түрлі қуатты саяси ағымдар мен партиялардың қазақ жеріне де дендеп ене бастауы қазақ қауымының тіршілігін ширек ғасырдан астам уақыт бойы аласапыранға түсірді.
Осы кезеңдегі әдебиеттің даму заңдылықтарының басты сипаттарын профессор Бейсенбай Кенжебаев өткен ғасырдың алпысыншы, тоқсаныншы жылдарда жарық көрген зерттеу еңбектерінде мүмкіндігінше толымды көрсетіп берді. «XIX ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанда да капитализм дәурен сүрді» [8, 19-б], - деп түйіндеген ғалым XX ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік жағдайдың алғышарттарын мынадай деректермен байланыстырады. «1904 жылғы орыс-жапон соғысы, Россиядағы 1905-1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық төңкеріс, 1914-1918 жылдардағы бірінші империалистік соғыс, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы ақпандағы буржуазиялық-демократиялық төңкеріс, сол жылғы қазан төңкерісі - осының бәрі Россияда империализм өркендеуінің нәтижесі еді.
Экономикалық зор өзгерістер, саяси күрес, көтерілістер, сұрапыл соғыстар, төңкерістер өз кезеңдерінде қазақ арасындағы оқу-ағарту жұмыстарына, қазақ тілінде шыққан кітап, журнал, газеттердің мазмұнына, ақын-жазушылардың көзқарастарына, қазақ әдебиетінің бағытына үлкен әсер етті» [9, 4-б] . XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үрдісін сол тұстағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік ахуалынан бөліп қарау мүмкін емес. Әдеби шығармалардың көркемдік-идеялық табиғатын, жанрлық түрлену ерекшеліктеріне дейінгі ішкі құбылыстарын тек қоғамдағы қарым-қатынастар мен сол мазасыз дәуірдегі дүниетаным аясында ғана парықтауға болады. Ал бұл кезең қазақ қауымы үшін аса күрделі тарихи белес еді. Нақ осы белесте алашшылдардың көкейкесті мүддесі бой көрсетіп, біртіндеп қозғалыс қатарын түзеп, Алашорда қайраткерлері ықпалды әлеуеті күшке айнала бастады. Большевиктер партиясының да қазақ жеріне тамыр жайып, белсенді күшке ие болуы қарама-қайшылықты үдете түсті. Сөйтіп екі ғасырға жуық мерзімді қамтыған Қазақстанның Ресейге қосылуының ұзақ процесі аяқталып, Ресейде қанат жайған империализмнің темір құрсауы дала өміріне шеңгелін еркін салды. Капиталистік қарым-қатынас, сауда-саттық, өндірістік баю мүддесі, соған сүйенген қатыгез отарлаушылық саясатының күллі зардаптары шарықтау шегіне жетті. Шортанбай, Дулат болжап жырлайтын зар заман елесі шын көрініске айналды. «Қазақ жері дарқан бай өлке екені танылып, жыртқыштық түрде пайдалану, талан-таражға салу, тегін пайда, оңай олжа табу аймағына айнала бастады. Кен байлықтары бар жерлерде тұрпайы концессиялар ашылды, пайдакүнемдер ағылып келіп жатты, шұрайлы жерлер тартылып алынды, жергілікті бай-феодалдар мен патша үкіметінің әкімдері елді бұл тартпай басқару, тонау, езгілеу, ұлттық ой-сана мен мәдениеттің дамуына мүмкіндік бермеу істерін жүргізу жүйесін нығайта түсті» [10, 4-б. ] . Осындай түбегейлі өзгеріс тұсында қазақтың ұлттық әдебиеті де түлей түскендей еді. Солай десек те, ендігі жерде ұлттық әдебиеттің «бодандығы» айқын сезіліп, цензура, қадағалаудың құрсауы қапы бүре түсті. Жаңа ашылып, бой түзей бастаған қазақ баспасөзі мен баспа орындары, кітаптары ашық қыспаққа ұрынды. Соған қарамастан, ұлттық әдебиеттің идеялық-көркемдік бағыттары, ақындық мектептер мен ағымдар бұрынғыдан да айқындалып жаңа тақырыптарға барды. Жер, ел теңдігі, тәуелсіздік, оқу-ағарту, қалың халықты ояту - бұл аралықтағы әдебиеттің өзекті тақырыбына, өзекжарды сөзіне айналды. XIX ғасырдағы күрделі рухани толысу үрдісі әдебиет пен өнердегі ағартушылық, демократтық бағыта алып келіп, одан әрі өрісін кеңейтуге бастаса, XX ғасырдың басында туындап отырған саяси-төңкерісшіл дүмпулер мүлде жаңа мәселелер мен ой-толғамдарды алға тартты. Қазақ қоғамында әдебиеттің, әлеуетті әлеуметтік көркем сөздің, ақын-жазушылардың қызметі елді ұйытып, бұрын-соңды болмаған бастаушылық мәнге ие болды.
Бірінші орыс төңкерісінің халық ішіне жеткен дүмпулерінен кейінгі тұста қазақ даласында көптеген газеттер, журналдар мен кітаптар әр түрлі таралыммен түрлі деңгейде жарық көріп таралды [11] . 1907-1917 жылдар аралығында «Қазақ газеті», «Серке», «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Үш жүз», т. б. басылымдар жарыққа шықты. 1918-1919 жылдары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов негізін калаған «Абай» журналы аз уақытта ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңа белеске көтере алды. Бірі жарық көріп, енді бірі тоқтап қалып, үздік-создық сипатта жарияланған бүл мерзімді басылымдарда әдебиет, әлеуметтік мәселелер негізгі өзекті ұлттық тақырыптардың қатарында көрінді. Орынбор, Қазан, Семей қалаларындағы баспалардан кітаптары көптеп шығып жатты. Басылымдардын көбінің тағдыры ауыр болды. Олар көп табан тіреп түра алмай, бірінен соң бірі жабылып, бірінен сон бірі тоқтап қалып жатты. Бұл орайда біршама кең қанат жазып, қазақ қоғамының шындығын айқара ашқан ұлттық мүддесі жоғары баспасөз орындары «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының тарихи мәні аса зор. Ахмет Байтұрсынов пен Мұқамеджан Сералиннің басшылығымен шыға бастаған газет пен журнал қазақ әдебиетінің, қазақ елінің келелі зәру мәселелерін талдап жазып отырды. Қазақ халқының даму, ілгері басу жолдарын көрсетіп беруге тырысты. Екі басылымның арасындағы туындаған пікір қайшылықтары мен айтыс-тартыстар да сол кездегі әлеуметтік-саяси жағдайдың ерекшелігінен туындаған еді. Бұл басылымдар біршама ұзақтау мерзімде тұрақты жарық көріп, ел ішінде зор беделге, ерекше ықпалға ие болса, «Қазақстан» газеті екі жылдай шығып тұрды. Жарық көрген баспасөз материалдары, көркем публицистика мен әдебиет тұтасып кеткендей еді. Сөз өнері қазақ ахуалын, қазақ халін жырлап, сипаттауға, алдағы бұлдыр күндерден жол іздеуге бағытталды. Әдебиетте қатар түзеген дәстүрлі суреткерлер тобы көркем әдебиет пен публицистиканы, ұлттық саяси-қоғамдық көзқарасты жарыстыра дамытты.
ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар шығармашылығынан анық аңғарылатын жайт олардың ой-пікір, көркемдік дәрежесін әр түрлілігі таным-түсінігі, білім дәрежесі жөнінен де әр қилылығы. ХХ ғаыср басындағы жиырма шақты жыл ішіндегі қазақ әдебиетінің үрдіс ізденіс, құлшыныс белгілері ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әлеуметтік, саяси, әдеби, мәдени жағдайлардың әсері еді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларының мазмұн-мәніне, көркемдік сыр-сипатына қарай шартты түрде болса да, бірнеше салаға, ағымға бөліп қарастыруға болады.
1. Демократтық-ағартушылық, сыншыл реалистік бағыттағы ақын-жазушылар;
2. Жыраулық, ақпа ақындық дәстүрдегі ақындар;
3. Әнші ақындар;
4. Кітаби ақындар яки шайырлар;
5. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін жырлаған ақындар деп топтастырылып жүр [12, 8-б] .
Демократтық-ағартушылық, сыншыл реалистік бағыттағы ақын-жазушылар А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Торайғыров, С. Дөнентаев, С. Көбеев, М. Сералин т. б. Олар халықты мәдениетке, білім-ғылымға үндеді. Дәуірінің көкейкесті мәселелерінің сөз етіп, халқының келешегін ойлап отырды. Қазақ елінің өнер, ғылым өркендеген іргелі ел болуын қалады. Елдің ілгері басуына кедергі болатын адам бойындағы және қоғам құрылысындағы кереғарлықтарды сынай білді. Дәуір, заман сырын терең сезініп, сыншыл реалистік сипатта шынайы көрсетуге ұмтылды. Қазақ әдебиетіне демократтық-ағартушылық бағытта елеулі үлес қосты.
Қазақ жазушылары мен ақындарының алдыңғы қатарлы бөлігі Абайдың ағартушылық, демократтық дәстүрін жалғастырып, оларды отаршылдыққа қарсы күрес идеясымен байланыстыруға тырысты. XX ғасырдың басындағы әдебиет өкілдерінің тағы бір айырмашылығы - олар барлық көркем жанрлар саласында еңбек етті. Проза, поэзияға қоса драмалық шығармалар да шыға бастады, сыналды, түзетілді, қайта жазылды, сөйтіп барып ілгерілеу пайда болды, қалыптасты. Ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақындарын шығармаларының мазмұн-мәніне, көркемдік сыр-сипатына қарай шартты түрде болса да, бірнеше салаға бөліп қарастырылып жүр. Оны жоғарыда келтіріп өттік. Осы арада атап айта кететін мәселе - ғалым Қ. Сыдиқовтың кітаби ақындар яки шайырлар деп жүйелеген ақындар шығармашылығы, идеялық-көркемдік бағыты қазір діни-ағартушылық ағым ретінде бағаланып жүр.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы діни-ағартушылық ағымды арнайы зерттеген ф. ғ. д. Уәлихан Қалижанның зерттеуінде: «Өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ, башқұрт мәдениетінде демократтық тенденциялар орныға бастады. Әсіресе, халық-ағарту саласындағы үрдіс өсу айқын сезілді. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтар мен башқұрттар арасындағы сауат ашу едәуір өсті. Ағартушылық жеке ағым болып қалыптасты» - деген пікірінен [13, 15] ағартушылық идеясының қанат жаюы қоғамдық мәселелердің қатты көтерілуінен, саяси және философиялық ағымдардың бірігетіндігінен байқай аламыз. Бұл ағымдар жиналып келгенде қайткен күнде де, елдің тәуелсіздік алуын көкседі, барлық шығармашылық идеясының қазығы осы мәселеге бағытталды. Қателесу мен адасулар, кереғар пікірлер көші әртарап болса да, қайыру берген түбегейлі мақсат түбінде қайта оралып табысты, адасуларының өзі тығырықтан шығу, бірігу жолында қызмет етті. Мәселен, отырықшылыққа үндеген М. Серәлин тобы дәстүрлі көшпелі тұрмысты жақтаған А. Байтұрсынов тобымен ішкі қайшылықта болғанымен, түпкі мақсат - отарлық оқпанынан құтылудың қандай да болмасын амалын табуға құрылды. Шығармашылық стильдері осыны айқындайды. Ағартушылық идея бүкіл дүниежүзілік мәдениеттің бір түрі ретінде қоғамдық-философиялық және саяси ағымдарды біріктіреді. Сондықтан да XX ғасыр басында көтерілген ағартушылық дәуірінде бір-біріне қарсы екі стиль, екі бағыт қалыптасты. Бұл ағым XIX ғасырдың алғашқы онжылдығында Ресейде классицизм әдісімен өзінің шыңына көтерілгені мәлім. (Озеровтың трагедиясы, Крыловтың комедиясы, т. б. ) . Мұнда, әсіресе, поэзия мәдениетіне баса назар аударылды. Бірте-бірте бұл ағымда романтизм мен ағартушылық кейіпкерлердің өмірден алшақтаған, не іздеп, не қойып жүргенің ешкім білмейтін жиһанкезшілдікке ұқсап кетті. Ал, ағартушылық оған қарағанда, бірден көзге түсіп, жаңашылдылығымен танылды.
Ағартушылықтың кейбір белгілері XIX ғасырдағы қазақ, татар, башқұрт әдебиетінде айқын көріне бастады. Әсіресе, XIX ғасырдың екінші жартысында орыстың демократтары бұл халықтардың мәдениетіне, әлеуметтік өміріне, әсіресе ағарту идеясының дамуына өз ықпалын тигізгені де рас. Ел ішінде арнайы рұқсатпен келген ориенталистер, кейіннен айдалған, қуғын көрген орыс оқымыстылары, ғалымдары келіп, олардың салт-санасын, әдет-ғұрыптарын зерттеді. Мәселен, қазақ, башқұрт елінің тыныс-тіршілігі орыс ғалымдары мен жазушыларының назарынан ешқашан тыс қалмағандығын тағы бір қайталап айтуға тиіспіз. «Башқұрт халқы, оның өткені мен бүгінгісі жөніңде Л. Н. Толстой, М. Е. Салтыков-Щедрин, А. М. Горький, Д. Н. Мамин-Сибиряк, Г. И. Успенский, Н. В. Ремезов, Ф. Д. Нефедов, А. М. Федоров, Н. Г. Гарин-Михайловский, А. Крашенинников, В. В. Брусянин және басқалар жазды» [14, 277] . Татарстанда да бұл өзіндік ерекшелігі бар, тарихи маңыз алды. « . . . Орыстың азат ету қозғалысы XIX ғасырдың бірінші онжылдығында үлкен күшке айналды, сөйтіп, ресейдің басқа отар халықтарының қоғамдық өміріне едәуір ықпал етті: бұл, әсіресе, 50-60 жылдарда анық аңғарылды. Бұл кездегі төңкерісшіл-демократиялық қозғалыстың жетекшілері және қатысушылары Н. Г. Чернышевский, И. А. Добролюбов, Т. Г. Шевченко, Н. А. Некрасовтар болды. Бұл күреске татар халқы да дер кезінде қатысты, олардан алдыңғы қатарлы ағартушылар көптеп шықты. XIX ғасырдың соңғы ширегінде ағартушылық қызмет өрістеді» [15, 178] . Қоғамдық ойдың шындығы тереңде жатқан құбылыс. Ресеймен және Европаға жақын тұрғандықтан әрі Шығыс пен Батысқа орнаған қарым-қатынас татар халқының ертерек орыстық ассимилияцияға ұшырауына, патшалық отарлаудың татарларды отарлауға аса қатты мән беруінің де әсері көп болды. Бұл тарихи өзгеріс XX ғасырдың басындағы қазақ халқына да арнайы бағыт ұстауымен ерекшеленді. Бұл мәселелердің барлығы да әдеби-шығармашылық қызметте өрнектелді. Түрлі әдіс, ағым, бағыт, мектеп, дәстүр қалыптасты, бұрынғы бар белгілер қайта дамыды. Осы мәселелерді түйіндей келгенде, қазіргі таңдағы XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиетті үш топқа бөліп жіктеп жүргеніміз мәлім. Олар: а) діни-ағартушылық бағыттағы әдебиет (адамгершілік тәрбиесінің негізі діни-рухани бостандыққа жету деп түсінген), ә) ағартушы-демократтық бағыттағы әдебиет (ағартушылықты дамыту, әлеуметтік теңсіздікті жою деп қараған), б) ұлт-азатшыл әдебиет (ұлт болып азаттық, теңдік, бостандыққа жету деп білген) өкілдерінің мұралары.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz