ХХ ғасырдың бас кезіндегі Жетісудағы саяси жағдай және 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс


2 ХХ ғасырдың бас кезіндегі Жетісудағы саяси жағдай және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс
2. 1 Жетісу қазақтарының азаттық күресіндегі ұлттық интелегенцияның рөлі
ХХ ғасыр басында қалыптасқан саяси жағдай Жетісу өлкесінде мекендеген жергілікті халықтың патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы наразылықтарының өршуіне алып келді. Әсіресе 1904 жылы басталған Қиыр Шығыста басталған орыс-жапон соғысы Жетісудағы жағдайды тым шиеленістіріп жіберді. Өлкедегі полиция департаментіне тыңшылардан келіп түскен ақпараттар бойынша қазақтарды патша үкіметіне деген наразылығы екпін ала түскендігі және олардың арасында жапондықтардың «Азия - азиаттықтар үшін» деген ұранының ықпалына түсе бастағаны жайлы мәліметтер көптеп келіп жатты [50, 253 б] .
Жетісу өлкесінде орын алған осындай саяси ахуал жағдайында жергілікті патша әкімшілігі қазақтардың көңіл-күйіне жіті бақылау орнатуды күшейтіп, Жапониямен соғыстың барысы халыққа қандай деңгейде ықпал көрсетіп жатқандығы жайлы мәліметтер жинастыруға кіріседі [207, с. 15] .
1904 жылы басталған орыс-жапон соғысы кезінде патша өкіметі жапондық тыңшыларының Жетісу өлкесінде бүлдіруші іс-әрекет жасаудың алдын алу мақсатында өлкелік әкімшілікке және полиция орындарына арнайы нұсқау жібереді. Сол жылдың қыркүйек айында жіберілген бұл нұсқауда орыс әскерлерінің соғыс барысында жапондардан тауып жатқан жеңілістері мен сәтсіздіктерге Жетісу өлкесіндегі қазақтардың қалайша хабардар болып жатқандығын тексеру керектігі де аталып көрсетіледі. Жетісу қазақтарының орыс әскерлерінің майдандағы сәтсіздіктерін жылы қабылдап жатқаны туралы хабар алған патша өкіметі оны өңірге Шығыс Түркістаннан енген жапондық тыңшылардың іс-әрекетімен байланыстырып, оларды іздестіру үшін көптеген шаралар қолданып әлекке түседі [50, 254 б] .
Ресей империясының Құлжада орналасқан орыс консулдығы Шығыс Түркістанда жапондық жансыздар орналасуы мүмкін екендігін ескеріп, Жетісу өлкесінен Қытайға өтіп кеткен немесе көшіп келген қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр сияқты түркі-мұсылман халықтарының өкілдеріне мықты бақылау қойып, әрбір басқан қадамдарын аңду мақсатында олардың сондарынан өз жансыздарын қояды. Сол жансыздар жіберген тыңшылық мәліметтерді консулдағы патша өкіметінің қызметкерлері Ресейдің арнаулы билік орындарына жөнелтіп жатты. Алынған сондай мәліметтердің бірінде консулдықтың Жетісу өлкесінде патша өкіметіне қарсы «тәртіпсіздік» дайындалып жатқанын, сонымен қатар бұл «тәртіпсіздікке» өлкеде мекендеген бүкіл түркі-мұсылман халықтарын тегіс тарту жолында бір иманның белсенді түрде қимылдап жатқандығын анықтағанын жазады [50, 255 б] .
Шығыс Түркістандағы консулдықтан келіп түскен мәлімет бойынша патшаның Әділет министрлігі берген тапсырмасы бойынша Түркістан өлкесіндегі билік орындары Жетісу өлкесіне арнайы тексеру жұмысын жүргізу үшін Ташкенттен сот палатасының прокурорын арнайы уәкілдікпен жібереді. Прокурор Верныйға келгеннен кейін жергілікті халық арасында орыс билігіне қарсы үлкен «тәртіпсіздік» ұйымдастырылуда, «тәртіпсіздікке» патшалы Ресейдің Жапониямен соғысып жатқан кезінде сәтті шықпақ деген қауесеттің кең тарағанына көз жеткізгенін тыңшылар арқылы қырғыздардың мундуз руының өкілі Мәулен Сағынбаев деген адамның 8 мыңнан астам қырғыз пен қазақты көтеріліске бастап шығуы мүмкін деген мәлімет алғанын жеделхат арқылы Әділет министрлігіне хабарлады [50, 255 б] .
Бірақ патшалық әкімшілік орындары күткендей Жетісу өлкесіндегі жергілікті халықтар, әсіресе қазақтар мен қырғыздар ашық көтеріліске шыға қоймады. Алайда қазақтар мен қырғыздар өздерін ұлттық езгіге салған патша өкіметіне Жапониямен соғыста жеңіліс табуына тілектес екендіктерін ашық түрде білдірді және ұлттық езгіге салған отаршылдық саясатты өршіте түскен патша өкіметінің соғыста жеңіліс табуын жақтады. Мұны қырғыз қайраткері Б. Солтоноевтің орыс-жапон соғысы кезіндегі халықтың көңіл-күйі жайлы былай деп жазғанынан да аңғаруға болады: «Орыс-жапон соғысы тұсында отаршылдардың жәбір-жапасына шыдай алмаған халық отарлаушылардың жеңілісін тілеп отырды. Кейбір кісілер жапондықтар құрметіне жаңа дүниеге келген сәбилеріне Жапония деген есім де берді» [88, 178 б] .
1910 жылы жарық көрген «Қазақтар» атты Ә. Бөкейхановтың еңбегінде жергілікті әкімшілік орындары орыс-жапон соғысы кезінде өздерінің отаншыл рухта екендіктерін танытып қалуға тырысып, майданда жараланғандарға жәрдем ретінде жергілікті халықтан ақша жинаған, күшпен алынған мұндай жәрдемдер халықтың ашу-ызасын туғызып, отарлық езгіге қарсы наразылықтарын күшейте түскенін көрсетеді, . «Орыстандыру саясатының тәжірибесіне қаныққан қазақтар, - деп жазды Ә. Бөкейханов, - жақсының бәрі исламнан тыс болуы мүмкін емес деп ұғынып, жапондықтар мұсылман екен, олармен қазақтардың туыстық байланысы бар екен деген лақапқа сенген» [207, с. 75] .
Сондай-ақ Қиыр Шығыстағы соғыс Жетісу өлкесінде мекендеген халықтың арасында «орыс қаруының күшіне» күмән келтірушілік ахуал мықты орын алды. Мұны билік орындары: «Орыс-жапон соғысындағы сәтсіздің қырғыздардың алдында орыс билігі қадірінің төмендеуіне алып келді. Қырғыздар бұрын ойлағанымыздай орыстар соншалықты күшті емес екен деген пікірде», - деп мойындады [50, 256 б] .
Ұлттық саяси мәселені шешу жолындағы қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасының бірлескен әрекеттері бірінші орыс революциясы тұсында және одан кейінгі кезеңде айқын көрініс берді. Мұндай әрекеттер көп жағдайда қазақтар мен қырғыздар іргелес орналасқан өңірлерде орын алды.
1905 жылы қаңтарда Ресей астанасы Петербургте орын алған қанды жексенбі оқиғасынан кейін бүкіл империя революция жалыны құрсауына енді. «Қанды жексенбі» оқиғасы империядағы түркі-мұсылман халықтарын бейжай қалдырмады. Патша өкіметінің халықтың бейбіт шеруін жауыздықпен басып-жаншуы түркі-мұсылман халықтары арасында кешірілмес күнә ретінде айыпталып жатты. Басталған революцияның өршуін әлсірету мақсатында ІІ Николай 18 ақпанда «Халықтан сайланған» адамдарды заңдық жобаларды әзірлеуге және талқылауға қатыстыру туралы Ішкі істер министрі А. Г. Булыгин әзірлеген рескриптке қол қойды. Либералды топтар бұр рескриптті «арғы жағынан жарқын болашақтың мүмкіндіктері көрініп тұр» деп мәлімдеп, оны зор қуанышпен қарсы алды. Аталмыш құжатпен бірге жеке адамдар мен ұжымдарды халықтың әл-ауқатын жетілдіре түсуге үндейтін құжат та өмірге келді. Мұның артынша 17 сәуірде дін еркіндігі жөніндегі патша жарлығы шықты. Бұл құжаттар түркі-мұсылман халықтарының саяси өмірге құлшына араласуына өзіндік серпін берді [209, с. 233] .
Сол тұстағы империяның шет аймақтарынан орталық билік орындарына ұлттық-саяси мәселеге қатысты петициялар (арыз-тілек) жолдау қарқын алды. Зерттеуші К. Залевскийдің сол тұста көрсетуінше, бұл езгідегі ұлттардың азаттық қозғалысының бір қыры ретінде танылды [210, с. 233] .
1905-1906 жылдары империядағы түркі-мұсылман халықтары атынан орталық билік орындарына 500-ден астам петиция жолданған [50, 257 б] .
Сол петициялардың бірі Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының атынан Министрлер комитетінің төрағасы, граф М. Ю. Виттеге жіберілді. Бұл петицияны жолдауды ұйымдастыруда белгілі қырғыз манабы Шабдан Жантаев белсенділік танытқандығына орай ол петицияны ғылыми әдебиеттерде Шабдан Жантаевтың петициясы деп те атайды [211, 113 б] .
Мұрағат құжаттарында аталмыш петицияның орыс тіліндегі нұсқасы Ш. Жантаевтың ұсынысы бойынша Пішпек уезінің Талқан болыстығының қырғызы Ахметбек Қойбағаров тарапынан қағазға түсірілгендігі және оның 1905 жылдың маусым айында М. Ю. Виттеге жолданғаны жайлы айтылады.
11 тармақтан тұратын бұл петицияның алғашқы 6 тармағы дін мәселесіне арналды.
Дін мәселесіне орай петицияда Түркістан өлкесі қырғыздары мен Жетісу облысы қазақтарына өз алдына бөлек діни басқарма (мүфтилік) ашылуы қажеттігі, мүфти мен имандардың имұсылмандар тарапынан сайлануы тиістігі, өңірдегі мұсылмандардың некесі мен отбасына қатысты істер Шариғат бойынша шешілуі керектігі, мұсылмандар білім алатын мектептер мен медреселердің мүфтилік қарамағында болуы орынды екендігі, мүфтилікке вакуфтық иеліктің берілуі және оның земстволық салық есебінен қаржыландырылуы тиістігі аталып көрсетілді.
Петицияның 7-тармағында 1905 жылы 18-ақпандағы император жарлығына сәйкес заң жобаларын талқылау, оны қабылдайтын жиынға, яғни, Мемлекеттік думаға қазақтар мен қырғыздарға өз өкілдерін сайлауға тосқауыл қоймау керектігі талап етілді.
Қазақ және қырғыз тілдеріндегі газет-журналдардың, кітаптардың шығарылуына рұқсат берілуі керектігі петицияның 8-тармағында көтеріліп, бұл мәселенің рухани дамудағы орны баса ескерьілді.
Өңірдегі қазақтар мен қырғыздардың жылжымайтын мүлік алуына және таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуіне билік орындары тарапынан тосқауыл қойылуына наразылыө петицияның 9-тармағында көтерілді. Осы тармақта қазақтар мен қырғыздарға бұл мәселе бойынша қойылатын шектеулердің алынып тасталуы талап етілді.
Петицияның 10-тармағында үкімет тарапынан ашылған оқу орындарында, атап айтқанда, гимназияларда білім алып жатқан қырғыз және қазақ жастарына христиандық ілім негіздері оқытылмай, оның орнына мұсылмандық ілімнен дәріс оқытылуы керектігі сұралды.
Жер мәселесі петицияның соңғы 11-тармағында көтеріліп, орыс шаруаларының қоныс аударылуы доғарылуы керектігі талап етілді [212, 6 п] .
Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының петициясында дін мәселесінің бірінші кезекке қойылуы өлкедегі мұсылмандардың діни істерінің діни басқармаға қаратылмай, оның отаршылдық әкімшіліктің қарамағында болуына байланысты туындаған еді. 1905 жылы көктемде Министрлер комитеті жанында құрылған Ерекше комиссияға Түркістан өлкесіндегі мұсылмандардың діни басқармасын, мүфтилігін құру туралы заң жобасын әзірлеу тапсырылған-ды [213, с. 182] . Бұл өз кезегінде өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың бұл заң жобасының тез арада әзірленіп, қабылдануына қыпал етсек деген тиетін күшейте түсті.
Петицияда қазақтар мен қырғыздарға алдағы уақытта құрылуы тиіс Мемлекеттік думаға депутат сайлауға және депутат ретінде сайлануға шектеу қойылмауы керектігінің де талап етілуінің өзіндік себебі бар еді. Ондай себептің қатарына отарлық билік орындарының Түркістан өлкесінің жергілікті халықтарын Мемлекеттік думаға сайлауға қатысуына құлықсыздық танытуын жатқызуға болады. Тіпті, Мемлекеттік думаға сайлау ережін дайындау үшін Министрлер комитеті жанына құрылған Ерекше комиссияның мүшелері арасында Түркістан өлкесінің жергілікті тұрғындарын Мемлекеттік думаға қатыстырудың қажеті де жоқ, өйткені олардың даму деңгейі төмен, әлі заң шығару ісіне даяр емес деген пікір орын алған-ды [214, с. 81-82] . Петициядан осындай пікірдің күш алып, қазақтар мен қырғыздар Мемлекеттік дума жұмысынан тыс қалуы мүмкін деген алаңдаушылықтың болғаны аңғарылады.
Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элита өкілдерін Ресей империясының қол астындағы өзге халықтар тілінде, соның ішінде татар тілінде де түрлі мерзімді басылымдардың жарық көруі толғандырмай қоймады. Сол тұста Ресейде татар тілінде 33 мерзімді басылым (21 газет пен 12 журнал) шығып тұрған [215, с. 10] . Мұның өзі петицияда қазақ және қырғыз тілдерінде газет-журналдардың шығарылуына рұқсат берілудің талап етілуі пісіп-жетілген мәселе екендігін көрсетеді.
Петицияда бүркемеленген орыстандыру саясатына, отарлық билік орындарының түрлі тәсілдер арқылы қазақтар мен қырғыздарды болыстық деңгейден жоғары лауазымға тартпауына және орыс шаруаларын қоныс аудару арқылы патша өкіметінің өңірдегі жергілікті халыққа жерсіз қалу қаупін төндіргендігіне қарсылық танытудың өзін ұлттық еркіндікке талпыныстың көрінісі ретінде бағалауға болады.
Министрлер комитетінің төрағасы М. Ю. Витте атына қазақтар мен қырғыздардың бірлесіп жазған петициясы тек Жетісу өңірінен ғана емес, Сырдария облысының Әулиеата уезінен де жолданды. Бұл петицияны жолдауды Әулиеата уездік басқармасында хатшы болған Әзімхан Кенесарин ұйымдастырған [216, 298 б] . «Русский Туркестан» газеті Әулиеата уезі қазақтары мен қырғыздарының петициясында дін, халық ағарту ісі мәселелерімен бірге жер мәселесі де көтерілгенін көрсете отырып, былай деп жазады: «Петицияның екінші тармағы қырғыз даласын орыс элементтері арқылы отарлауға тікелей байланысты. Себебі, қоныс аударушылардың поселкелері үшін учаскелер әзірлеу жұмысының үздіксіз жүруінен қырғыздар өздерінің болашақта жер тапшылығын тартатындығын сезінуде. Жер тапшылығын қазірдің өзінде қырғыздар тығыз қоныстанған аудандар тартуда» [217, с. 23] .
Бірінші орыс революциясының бастапқы кезінде Ресейдің орталық аудандарында өршіген шаруалар көтерілісін басу үшін патша өкіметі Орталық Азияда жер кесу жұмыстарын қауырт жүргізіп, ол жерлерге орыс шаруаларын шұғыл түрде қоныс аударта бастады. 1906 жылға қарай Жетісу облысына 40 мың адам, Сырдария облысына 27 мың, Ферғана облысына 4 мың орыс шаруасы қоныстандырылды [207, 247 б] . Бұл өз кезегінде жергілікті халықтардың өз жерінде жер тапшылығын тартуына әкеліп соғып, патша өкіметінің аграрлық саясатына қарсы олардың күресінің екпін алуын күшейтті. Т. Седельников 1907 жылы жарық көрген еңбегінде сол тұстағы қазақтар мен қырғыздардың жер үшін күресі «халық өседі, жер өспейді» деген принцип тұрғысында жүріп жатқандығын атап көрсеткен-ді [218, с. 11] .
1905 жылдың алғышқы жартысында Әулиеата уезінің қазақтары мен қырғыздары орыс шаруаларының қоныс аударылуына қарсы екендіктерін танытып, жер кесу жұмыстарын жүргізушілерге қоқан-лоққы көрсетуге дейін барды. Соған орай Түркістан генерал-губернаторы мұндай толқудың кең етек алып кетуінен сескеніп, Петербургтегі орталық билік орындарына былай деп жазды: «Жергілікті түземдіктер арасында мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштыққа қарсы үгіт табысты болуы мүмкін. Өйткені, олардың ішінде орыс үстемдігіне мойынұсынғысы келмейтіндер мен азаттыққа жетуді аңсайтындар әлі күнге баршылық» [219, с. 17] .
Жер мәселесіне байланысты толқулар Жетісу өңірінде де орын алып, ол жөнінде өлкелік билік орындарына жеткізіліп жатты. Түркістан генерал-губернаторы Жетісу облыстық әскери-губернаторына: «Маған келіп түскен мәліметтер бойынша қырғыз тұрғындары арасында соңғы уақытта үкіметтік тәртіпке қарсы бағытталған толқулар байқалып жатқан көрінеді . . . Уездік бастықтар мен бөлімшелік приставтарға көшпенділерге мұқият қадағалау орнатуды тапсырыңыз. Көшпенділер арасында сенімсіздік туғызатын адамдар байқала қалса, ондайларды аластауға шара қолданыңыз», - деп жазды [220, с. 71] .
Жетісу облыстық әкімшілігінің жергілікті халықтың толқуларына тосқауыл қоюға деген талпынысына қарамастан «үкіметтік тәртіпке» қарсы бағытталған үгіт-насихат жұмыстары тиыла қоймады. Әскери министрлікке Түркістан өлкесінен келіп түскен мәлімдемелерге қарағанда Жаркент, Верный және Пішпек уездерінде қолға қару алып, билік орындарына ашық қарсылық көрсетуге үндеушілер саны күннен күнге арта түскен.
Қалыптасқан мұндай ахуал жағдайында Түркістан генерал-губернаторы Жетісу облыстық әскери-губернаторына: «Сіз тез арада түрлі үгіт-насихаттың тиылуына тегеурінді шара қолданыңыз . . . Егер де қандай да бір ереуіл немесе тәртіпсіздік бой көтере қалса, ондайды тез арада қару күшімен басып тастаңыз» - деген нұсқау берді [221, 65 п] .
Қазақтар мен қырғыздардың Түркістан өлкесіндегі орыс тұрғындарын өз жерлерінен ығыстырып тастау мақсатында оларға қауіп төндіріп тұрғандығы жайлы отарлық билік орындарына мәліметтер ағылумен болды. Бірінші орыс революциясының Түркістан өлкесіндегі жергілікті халыққа тигізген ықпалы туралы еңбек жазған Е. Федоровтың көрсетуінше, сол кезеңде өлкенің көшпенді халықтары арасына жасырын түрде қару таратылып жатқаны туралы мәлімет алған билік орындары 1898 жылы Әндіжан оқиғасы қайталанғалы жатыр, егер ол қайталана қалса, оған өлкедегі қазақтар, өзбектер, қырғыздар тегіс тартылуы мүмкін деп қауіптенген [207, с. 19] .
Жергілікті тұрғындар арасында қарудың таратылуы жайлы мәліметтерді тексеру және табылған қаруды тәркілеу ісіне уездік приставтар жұмылдырылды. Осындай тексерулер барысында өлкедегі өзге ұлт өкілдерінен тұратын революцияшыл топтардың да көтеріліс ұйымдастыру мақсатында жергілікті халықтың қарулануына мүдделік танытқаны айқындалды. Мәселен, Верныйдағы жасырын үйірмеге жетекшілік етіп, Пішпек және өзге да Жетісу өңіріндегі қалалардағы революцияшыл пиғылдағыларға өз ықпалын жүргізген Л. Н. Руммадан жергілікті халық арасына тарату үшін деп жасырған бірнеше винтовка мен бір жәшік оқ-дәрі тәркіленген [222, с. 158] .
Сол тұста қазақтар мен қырғыздардың қоғамдық-саяси өміріне өлкеде қайырымдылық көрсету мақсатында Верный, Пішпек, Әулиеата секілді тағы басқа қалаларда бой көтерген «Гап» немесе «Машраб» деп аталатын мұсылмандық үйірмелер де өз ықпалын тигізді. Полиция департаментінің Түркістан аудандық күзет бөліміне тыңшылар арқылы келіп түскен мәліметтердің бірінде аталмыш үйірмелер жайлы былай делінген: «Жетісу, Ферғана және басқа да облыстарда «Гап», әрі «Машраб» деп аталатын үйірмелер бар. Верныйда мұндай үйірмелер оннан астам. «Машрабқа» ұлтына, жасына, кәсібіне қарай кем дегенде 17-20 адам тартылады. Үйірме мүшелері апта сайын 20 тиыннан жарна төлейді . . . Әр жексенбіде үйірме мүшелері жиналып, үйірменің атқарар жұмыстарын талқылайды» [223, 4 п] .
Патша үкіметі мұсылмандық үйірмелер жергілікті халықтар арасында орыс билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізуде, өңірдегі қазақтар мен қырғыздардың толқуларына түрткі болуда деп. Олардың қызметін тыңшылар арқылы бақылауға алды.
Тыңшылардың жеткеруі арқылы Верныйдағы Жәбек Нығматуллин, Рахменқұл Әбдірахманов, Гаппаржан Мақсұмов деген адамдар кірген «Машраб» үйірмесінің жиынында патша өкіметінің жүргізіп отырған саясаты, әсіресе, Жетісуға орыс шаруаларының қоныс аударылуы, қазақтар мен қырғыздардың иелігінен орыс шаруаларына деп кесіліп алынып жатқан жер мәселесі және орыстандыру мен шоқындыру бағытындағы үкіметтік шаралардың барысы жиі талқыланатындығы жайлы билік орындары хабардар болды. Соған орай, үйірменің жетекшісі Ж. Нығматуллин жергілікті билік орнының шешімімен өкіметке қарсы әрекет жасауда деген айыппен тұтқындалып, абақтығы жабылды [223, 3 п] .
«Машраб» үйірмелері арқылы қазақтар мен қырғыздар арасына Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының саяси күштерін біріктіру жолында, олардың мүддесін қорғайтын «Ресей мұсылмандары одағы» атты саяси партия құру жолында «Тәржіман» газетінің редакторы И. Гаспринскийдің, татар халқының көрнекті қайраткерлері Ю. Акчура мен Ә. Ибрагимовтың және әзербайжан халқының қайраткері Ә. Топчибашевтің ұйымдастырып жатқан іс-шаралары туралы мәліметтер кеңінен тарады. Мұндай мәліметтер алған өңірдің қазақтары мен қырғыздары жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа тартыла бастады. Мәселен, 1906 жылы тамыздың 16-21 аралығында Нижний Новгород қаласында 800-ге жуық делегаттың қатысуымен өткен бүкілресейлік үшінші мұсылман съезіне Жетісу облысының қазақтары мен қырғыздарының өкілдері жіберілді. Съезге Жетісу облысының қазақтары мен қырғыздары атынан екі өкіл қатысты. Оның бірі кезінде Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының орталық билік орындарына жолдаған петициясын әзірлеуге қатысқан қырғыз А. Қойбағаров, ал екіншісі Пішпек уезінің қазағы Ы. Дауылбаев еді [50, 258 б] .
«Ресей мұсылмандары одағы» атты саяси партияның бағдарламасы мен жарғысын бекітіп, оның 15 мүшеден тұратын Орталық комитетін сайлап, Түркістан өлкесі мұсылмандарына өз алдына бөлек мүфтилік ашылсын, мұсылмандардың діни істеріне билік орндары қол сұқпасын деген қаулылар қабылдаған букілресейлік мұсылман съезіне Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздары атынан халық ағарту ісін ретке келтіру керектігі жөнінде жеделхат жіберіліп, бұл туралы делегаттар Халық ағарту министріне ұсыныс түсірсін деген өтініш те білдірілген болатын.
Делегаттар Жетісу қазақтары мен қырғыздарының өтініші орынды екенін білдіріп, Халық ағарту министрлігінің 1870 жылғы 31 наурызда бекіткен ережесіне сәйкес мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті етілуін, гимназиялар мен орыс-түзем мектептеріндегі оқу ісінің орыстандыру саясатымен ұштастырылуын айыптай отырып, мұсылман балалары үшін барлық елді мекендерде мектептер ашылсын, оқу араб әліпбиі негізінде ана тілінде жүргізілсін, мұсылман мектептерінде бірегей оқу бағдарламасы болсын, түркі-мұсылман халықтары бірлігін арттыра түсу мақсатында «ортақ түрік тілі» оқытылсын деген мазмұндағы қаулы қабылдап, оны Халық ағарту министрі атына жолдады [50, 259 б] .
Бүкілресейлік үшінші мұсылман съезінің өткізілуімен түркі-мұсылман халықтарының саяси өмірі жандана түсті. Осы оқиғадан соң қазақтар мен қырғыздардың ғана емес, өзге де түркі-мұсылман халықтарының өзара байланыстары нығайып, бірлескен саяси іс-шараларды өткізуі жиілей түскендігінен билік орындары секем ала бастады. «1906 жылы Нижний Новгородта өткен бүкілресейлік мұсылман съезі орыс мұсылмандарын ағартуда үлкен рөл атқарды . . . Сол съездің нәтижесінде ағартушылық бағыттағы мұсылмандық қоғамдық ұйымдар көптеп ашылуда, мұсылмандардың білімін көтеруге деп қаржы жинау жаппай етек алуда және мұсылмандық баспасөздердің таралуы қарқын алуда . . . Башқұрттар, ноғайлар, қырғыздар және т. б. бірлесе әрекет етудің нәтижелі екенін аңғарды» - деп мойындады сол кезде Түркістан өлкесінің полиция басқармасының бастығы [224, 6 п] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz