Еңсеп. Әңгіме


Еңсеп ол күні бұл зымыранға енді қайтып түспейтінін білген жоқ. Шай ішіп шықты да ыстық қайта, құдықтың басына келді. Серіктері шайланып болғанша айналада шашырап жатқан шеген тастарды көрді. Ернек шың бұл арадан үш қонып төртінші түнемелікке әзер жететін жерде. Одан беріде тас баласы табылмайды. Жылмиған қара сұр жазық. Байсал бай жайлауға көшкенде қиялама ат жолдан шығады. Ернек асқан соң, екі түнемелікте суат бар да, үшінші түнемелік, құламаның құла түзі, малды да, көшті де әбден болдыртып тастайды. Нағыз қоңыр бұйра кең өріс суат жоқтықтан қысырап жатыр. Өткен жазда қырқым өте Байсал бай Еңсепке құдық қазып бер деп қолқа салған-ды. Ол шыңырауды дәл осы арадан, ала қырдың үстінде оқшау қылауытқан тастақ жүлгенің терістігінен қазатын болды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қалай көріп еді, оған Еңсеп өзі ыңғай берген жоқ. Сонша қыңыр тартуында бір мән бар. Бірақ оны әзір жан баласына тісінен шығармақшы емес. Шет жағасын ертең Байсал байға шыңырау біткен той үстінде айтпақ.
Шеген тастардың бірсыпырасы түсіпті. Әрқайсысы алып тоқаш сияқты; қалыңдығы қарыс жарым да, биіктігі кез жарым. Бұндай тасты сонау үш күндік жердегі құлама ернектен тасып әкелудің өзі күш. Ол үшін белді-белді нарды кәтептеп, ауыттап қомдайды да, екі жағына бір-бір шеген тас сыйып кететін екі үлкен кебеже теңдейді. Оған нардың нары ғана шыдайды, анада зауза айында, жабағы жүнді ернектің астында қырыққан Байсал бай Жем бойына көшіп өткен-ді. Жол жөнекей бұның қосының қасына бір күн қонды. Сонда Еңсеп Байсал байдың келе-келе түйелерін аралап жүріп, тас тасытуға осы шыдайды-ау деген он бес нарды өзі таңдап алып қалып еді. Қазір соны жеті-жетіден кезек аттандырып тұр.
Жылмиған үстірт айнала ақ шың ернекке тіреліп таусылады. Сол ернектің бір ұшпа аңғарында інісі Теңсел тас кесіп жатыр. Таудан арамен кесіліп алынған сандық тастар ернектің үстіне шығарылады. Кескенге жұмсақ болғанымен, жел мен суға берік сар кемік тастың ортасын ойып, шыр айнала қырнап, тоқаштан аударып алғысыз тығырық кейіпке келтіреді. Ернектен алыстаған сайын жердің топырағы қалыңдап, астындағы көл-көсір таудың көк тас қабаты тереңдей түседі. Осы жолы бұл көк тасқа он кісі бойы жер қазып зорға жетті. Мұнша жерді шегендеу үшін қыруар тас керек. Сегіз нарды енді бір мәртебе жіберіп алса, жетіп қалар түрі бар.
Еңсеп тастарды көріп шыққан соң, құдықтың түбінен алынған көк қиыршықтың үстіне құйрығын басып жүрелеп отырды. Мойнына күміс шынжырлап тағып қойған ақ мүйіз шақшасын алып, бас бармағының басына насыбай үйді. Сосын екі танауына кезек-кезек тосып еді, ащы көк бұйра кеңсірігін дуылдатып, таңқ-таңқ түшкіріп жіберді. Күшті насыбайдан көзіне ыршып шыққан жасты жалаңаш білегімен сүйкеп тастады да, астындағы көк қиыршақтың бір уысын көсіп алып, алақанына жазып қарады. Құдық түбінен бұдан бір шай ішім бұрын шыққан, көк қиыршақ тас мынандай шыжып тұрған талма түсте түгел кеуіп үлгермепті, әлі дымқыл. Су я бүгін, я ертең түске дейін шығып қалар түрі бар. Жалаңаш иығын күн шағып барады. Құдықтан екі аттам жердегі киіз үйден гу-гу дыбыс шығады. Жігіттердің шамалыда шайланып шыға қоятын түрлері көрінбейді. «Ау, болсаңдаршы», - деп айқайлап қойды. Шай ішіп бусанып шыққан жігіттер қасына кеп насыбай атысты. Соңыра салқын түсе, ел қыстауға қайтып келе жатқанда, Байсал бай құдық байғазы тойын қай жерде өткізетінін айтып таласты. Атақты байдың тойында жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санасты. Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті. Үстірттің үстіндегі ең терең, ең өрісі мол шыңырау осы болмақ. Шығыр тартқанда қара атан қазірдің өзінде екі жүз қадамнан асып қайтып жүр. Кешеден бері құдықтан шыққан топырақтың қиыршығы азайып, жентек-жентек саз ұшыраса бастады. Суының тұщы болуы да ғажап емес. Енді Еңсеп сол туырлық сазды түгел ойып біткенде, ар жағынан балдай тәтті тұщы су тесіп шықса, Байсал бай ханға сәлем берер ме. Аман болса, бүкіл ала қырдың үстіндегі жалпақ ел бұл шыңырауға көзін сүзіп өтеді. Байсал бай дәулетін осы жолы төкпегенде қайда төгеді. Айдыны асқан жерде аямай сілтеп қалатын шығар!
Еңсеп жігіттердің кеу-кеу әңгімесіне араласқан жоқ. Балағын түріп, тізесінің үстіне шығыршықтап түйіп алды. Сосын құдықшыларға тігілген екі үйге қарады. Қырдағы кәсіпқордың қанша мал тапса да, үзігі бозармайтын құрым шатпасы. Азын-аулақ тұяқ пен бала-шаға ауыз судың басында. Оларды көрмегеніне де біраз болып барады. Бір жылдан бері осы бір қызыл төмпектің маңынан шықпады. Тек сонау суық көктемде, мал төлдеп жатқанда, азғантай шаруасының күйін өз көзімен бір керіп шыққалы қатын-баласына барып қайтқан. Мынау екі үйде өңшең еркек. Ас пісіріп беретін, үйге ие болатын екі бала жігіт бұлар құдық қазып жатқанда ауыз суға кетеді. Қазір күн ауа екі атанды қомдап, метейлерді теңдеп, таңдайларына қойдың көкше құртын басып, күн өтіп кетпесін деп, бастарына шекпен бүркеніп жолға шығады да, ертең күн ыси қайтып оралады. Осындай көші-қонды күйкі тірлікте жүретін құдықшы ауылда не сән, не салтанат болсын. Ала қырдан су іздеп, құдық қазуды ата кәсіп қылып алатын Қараш әулеті бесіктен белі шықпай жатып еститіні мазақ: «Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге міне алмас!. . » Қараш пақырға әйтеуір тамақ іше алмас демеген-деріне де шүкірлік. Бірақ Байсал байдың ернекте жайлайтын ерке інісі. Өтеске: «Күн ысып кетті, сауынға бір-екі түйе берсін», - деп кісі жіберсе: «Қараштың қарнына қара көжеден басқа ас тұрушы ма еді», - деп келеке қып қайтарыпты. Әдетте, етікші мен ұстаның байқатпай шаптан тістейтін шақпа тілі болады. Құдықшыда о да жоқ. Болғанда да жеті қат жердің астындағы оның сөзін кім естиді?
Еңсеп шырт түкіріп қойды. Оның әлденеге томсырайып отырғанын көрген жігіттер кеу-кеу әңгімеден тыйылып, тоқырасып қалыпты. Ол орнынан тұрды. Сосын анадай жерде шөгерулі жатқан шығыр тартып жүрген қара атанды меңзеді.
- Ана бейшара да шөп үзсін, тұсап жібере тұрыңдаршы!
Жігіттердің біреуі қара атанның шығыр арқанын шешіп, тұрғызып, тұсап қоя берді. Еңсеп беліне қыл арқан байлап құдыққа беттеді. Төрт-бес жігіт қатарласып, қыл арқаннан ұстады. Құдықтың ішіне үңілсең, басың айналады - саңылауы жоқ қара түнек. Еңсеп ыссыдан өңін жоғалтып алған күлгін аспанға қарады; сосын құдықтың ішіне аяғын салбыратып сыз қабырғадан тесіп жасаған теппеге башпайын тіреді. Манадан бері күн қыздырып тастаған бақайы мұздап қоя берді. Кеңірдегін созып қарап еді, құдықтан шыққан сұрғылт төмпешіктердің ар жағында екі құрым күрке қарауытты. Арқаннан ұстап, құдыққа төніп-төніп тұрған жігіттердің әбден күнге шыжғырылған қап-қара сирақтарын көрді. Жаңа ғана айнала сағым шалып жатқан көл-көсір көкжиек енді қара сирақтардың ара-арасынан қылт-қылт жылтырайды. Қыл арқаннан шірене тартып тағы бір теппе төмен түсті. Жігіттердің қайыс қара жүзінде моншақтап тер шығыпты. Бәрі де түу сонау зымыранға түсіп бара жатқан бұған телміре қарайды. Шалқар дария кең аспан шара табақтай боп құдықтың аузына төңкеріле қалды. Сыз құдықтың салқын лебі енді шындап сезілді. Тершіп тұрған жауырыны оқыс мұздап, тұла бойы түршігіп кеткендей болды. Тағы да төмендей берді. Құдықтың ішіне кесе-көлденең түскен күн сәулесі түу сонау төбеде. Маңайының бәрі бозғыл, бұлыңғыр тартты. Жарықтың бәрі жоғарыға серпіліп, дәл құдықтың аузына мұнардай ұйысып тұрып алыпты. Сыз лебі манағыдай емес, күшейе түсті. Төмендеген сайын бақайы қарылып, қатырып барады. Әдетте, жоғары шыққанда бір теппе биіктеген сайын көңілің өсіп сала береді.
Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады. Аяғының астында, сонау көзге түртсе көрінбес қара түнекте, ол өмірі көрмеген бір дүлей аранын ашып, тісін сақ-сақ қайрап тұрғандай ту сыртына мұздай тер шығады. Қашан аяғы жерге тірелгенше төменге бір қарамайды, көзі көкте болып, жаңа ғана артында қалған жарық әлемнің сонау бір алақандай жұрнағына телмірумен болады. О да барған сайын кішірейе түседі. Құдықтың аузындағы жігіттер шыңыраудың түбіне бір тал шаштай боп, сымша тартылып созыла түскен жіп-жіңішке қыл арқанның ұшына жармасып тырбаң-тырбаң етеді. Топырақ таусылып көк тасқа жетті. Төңірегіндегі жаңағы бір қара көлеңке бұлыңғыр жарық та сарқылды. Қара да емес, қоңыр да емес, жым-жылас тас түнек. Бұл сырттан түскендіктен, әлі көз үйренбегендіктен. Әйтпесе қазір-ақ айналасын айқын көре алмағанмен түксиген тас қабырғаларды еміс-еміс ажыратуға болады. Құдықтың ауыз жағы қылдырықтанып жіңішкере түсті. Ауыздағы адамдардың жобасы жоғалып, әлдеқандай қара ноқаттар қылауытады. Екі жүз қадам жердің асты . . .
Күнде-күнде шығып-түсіп, теппелер әбден жатталып қалған. Осы түс-ау деп аяғын тіреген жері теппе боп шығады. Ишекке-ай . . . Табанынан өткен суық шекесін тесіп барады. Қыс болса, сыртта қара өкпек соғып, қар суырып тұрғанда мына шұңқырдың ішінде буы бұрқырап, денесі жайылып отырар еді. Қазір сыртта шыжыған шілде тамыз. Мынау көрдің іші үскіріп тұрған ақ боран. Шиыршық атқан қыл арқан емшек тұсына, екі бұғанасына қыз-қыз батып күйдіріп барады . . . Міне, жетті-ау ақыры! Еңсеп көзін тарс жұмып ұзақ тұрып қалды. Біраздан соң қайта ашты. Жан-жағынан түксиген қара сұр қабырғалар қарауытады. Жалма-жан беліндегі арқанды шешті. Сосын арқанды қағып жоғарыдағыларға белгі берді. Қыл арқан қайтадан көкке көтерілді. Шелтеңдеген ұшы көкірек тұсынан сипап өтіп еді, тікендей тиді. Әлгінде ғана екі жүз құлаштан астам түксиген сүр қара тас, мелшиген меңіреу қара жердің астындағы оны еріктерімен, жер үстіндегі жарқыраған тірлікпен, мұп-мұздай сұп-сұр қабырғаларды шыжыған шаңқай түстегі күннің оттай ыстық нұрымен байланыстырып тұрған қыл арқан енді жеті қабат жердің астына жаңғыз тастап, өзі сонау иненің жасуындай сығырайма тесікке, жарық дүниеге қарай жаныға өрмелеп барады.
Кенет көз ұшында сығырая жылтыраған жаңғыз саңылау да бітеліп қалды. Алыстан болса да атой беріп, емексітіп тұрған жарық дүние жым-жылас ғайып болды. Еңсеп жан-жағынан анталап тұрған сыз қабырғаларды бәрібір көріп отыр. Қатпар-қатпарға тығылған үрейлі көлеңкелер қазір тұтаса ұйысып, меңіреу қараңғыға айналыпты. Табанын қарыған суық шекесінен өтіп барады. Башпайларының да быртиып-быртиып ісіп кеткен түрі бар. Көп ұзамай ту жоғарыдағы ұйлыққан тұтас қою түнек қайта жыртылды. Қол басындай қап-қара бірдеңе төмен зулап келеді. Жарқ ете қалған жабағы нұр шашырай сынып, зулап келе жатқан жұдырықтай қараның жан-жағынан жапа-тармағай шарпып жатыр. Бұл - құдықтың ауыз жағындағы жарық. Ол мына тұңғиыққа жете алмай орта жолда өлеусіреп жоғалады. Еңсеп құдықтың аузын қара көлеңке көмген сайын қорқып қалады: ол қазынды топырақты сыртқа шығаратын емен күбішелек пе, әлде сырттан домалап кеткен кесек пе, жоқ жер астында зарығып жалғыз отырған құдықшының онсыз да ойнақшумен болатын үркек жүрегін тас төбесіне шығаратын тағы бір көлденең кесепат па, қашан қасына жетіп, қолымен ұстағанша сенбей, көктен көзін алмайды.
Сөйтсе, әлгі қараңдап түсіп келе жатқан сыртқа топырақ шығаратын, қос құлақты емен күбі болып шықты. Ішіне мұның жылы көкірекшесін, құлынның жарғағынан қонышы қара санына жеткізіп тігілген саптама етігін салыпты. Құдықтың ішіне түсерде қиын болады деп, киімін бөлек жібереді.
Дірдектеп тұрған денесіне жылы киім майдай жақты. Жан-жағынан аш қасқырдай анталаған үрей де кейін серпілгендей болды. Қолына шапқысын ұстап, түксиген сыз қабырғаны сипады. Шып-шып тершіп, су шығып тұрған ештеңесі жоқ. Бірақ қиыршақ тастар тіптен былбырап кетіпті. Жентек саз таусылыпты. Ащы ма екен, тұщы ма екен? Сыз қабыршақты ерніне тигізе-тигізе дәмін ажыратудан да қалып барады. Оның қолы қырық қайтара істеп әбден дағдыланып қалған үйреншікті жұмысқа кірісуі мұң екен, көңіліне қырық қайтара ойлап, қырық қайтара есіне алған, бірақ ойлаған сайын тереңдей түсетін тұңғиық ойлар қайта оралады. Құдықшының қыран-топан қызыққа белшеден батқан берекелі өмірі жоқ. Түксиген сыз қабырғалар мен су қиыршық топырақтан басқа, екі иінінен аждаһадай айқара басқан көр-қараңғыдан басқа көргені де шамалы. Бірақ оның осы қара көр қуыс пен бір шөкім сұрқай өмірінен бөгде ойлайтын да ештеңесі жоқ еді. Тыным тауып отыра алмайтын күс-күс қолы сыз қабыршақтарды үңгіп, жер астының қатпар-қатпарынан су іздеуге кіріскенде, мынау мимырт жұмыстан зерігіп кеткен көңілі өз өмірінің азын-аулақ қалқа-қалтарыстарын тінткілей жөнеледі.
II
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz