ЭПОС САЗЫ


ЭПОС САЗЫ
Жыр айтудың әр елде алуан түрлі дәстүрі қалыптасқан. Соларды шолып, салыстырып келгенде зерттеушілер айтқыштықтың үш формасын бөліп көрсетеді. Мұның біріншісі - ауызша баяндаушылық, екіншісі - белгілі ырғақпен, дауысты көтере тақпақтап айтушылық, үшіншісі - музыкалық аспап сүйемелімен әндете, сазға қосып жырлаушылық. Жырды әндетіп айтушылар арагідік эпостың кезекті желілерін кейде ауызша мазмұндап отыруы да ертеден келе жатқан өрнек. Ал қайсыбір халықтарда жыршылық салтының бұдан да басқа үлгілері кездеседі. Мәселен, Солтүстік Кавказда нарт жырларын екі-үш дауыспен де, көп дауысты хормен де айту үрдісі бар. Моңғолдың жыршылары (хурчи) эпостағы жүйрік атты сипаттағанда екеуі кездесіп, бірінен бірі асырып айтатын болған . . .
Орындаушылық дәстүрдің түрлілігі терминдерден де көрінеді. Қазақта жыршы десек, өзбекте бақшы, қырғызда манасшы, қалмақта жәңгірші, якутте олонхосут, бурятта улигерші, алтайлықтарда қайшы, моңғолдарда хурчи деген атаулар қолданылады. Хорезм жерінде эпосты гармонға қосып орындайтындарды сазшы деп атаған.
Эпикалық ескерткіштердің жасалу, айтылу, даму тағдырына саздың (музыканың) қызметі қаншалық деген мәселе күрделі болатын себептер толық. Көркемдігі кемел, мазмұны терең эпостың бір қанатындай жасасып, ғасырларды аралап келе жатқан музыканың құрылысын, барлық нақышын түгел танып зерттеу эпикалық сана, дәстүрдің сырларын түсінуге көмектесе алады. Эпос сөзінің екшеліп, көркейіп, жетіліп отыратындығы секілді оның ырғақтық, саздық жағы да өзіндік эволюция жолынан өтетіндігі мәлім. Міне, осы заңдылықтарды анықтау, эпос сазының өміршеңдік құпиясына бойлау - адамзат жасаған ғайыптың бірі эпостың тұлғасын, қасиетін жан-жақты тексеруге көмегі тимек.
Сонымен қатар, жыр сазының қазіргі музыкалық мәдениетімізді байыта аларлық сипаттары да өз алдына сөз етерлік проблема. Демек, эпос әуені деген архивке өткізілген, күні біткен, әсері кеміген мүлік емес, бүгінгі рухани өмірімізге жалғасып, араласып, нәрлендіріп келе жатқан жанды қазына. Бұл - фольклор мен жазба мәдениеттің бірін-бірі байытып отыратындығына мықты дәлел бола алатын нәрсе.
Бұрынғыдан бізге келіп жеткен өзге көркем ескерткіштер қатарында гүлі солмас, сыры кетпес мұра - эпос және оның музыкасы ғылыми ортаның назарын аударып отыруы кездейсоқ емес. Еліміз тарихи, әлеуметтік дамудың жаңа белесіне шыққан кезде өткендегі мәдени игіліктерді меңгеру қажеттігі арта түскендігін көреміз. Халықтар өздерінің тарихи тәжірибесін білгісі, пайдалысын жаңа мақсатта іске жаратқысы келеді. Эпосты айту дәстүрінің кейінгі жылдарда Одақ көлемінде, белгілі дәрежеде жанданып отырғандығының сыры да осындай себепке байланысты.
Эпостың сөзі мен сазының халықтардың бұрынғы өзара қарым-қатынасының ұмытылған тізбегін қайта “тірілтіп” елестетуге мүмкіндік бере алатыны өте қызғылықты мәселе. Түркі тілдес халықтардың бірсыпырасында жыршылықтың көне ырғағы сақталғаны және олардың ән мақамында бағыттастық, үндестік бар екені қайран қалдырады. Бұл халықтардың жыр әуеніндегі ұқсастықтың түбі тарихи-генетикалық заңдылықтарға алып баратынын көреміз.
Сыр бойының терме сазы да Орта Азияға кең таралған мақаммен терең тамырласып жатқанын музыка мамандары ғана емес, кез келген тыңдаушы да аңғарғандай. Қармақшы жерінде ту тіккен жыраулық саз бұл күнде бірнеше халықтың арасында айтылып жүрген қуатты, көне әуен ырғақтармен ұласып жатқандай көрінеді. Қарақалпақ Ж. Сарымбетовтің, өзбек Қ. Рахимовтың, қазақ А. Алматовтың орындау мәнері әр жерге тарап кеткен бір ел жыршыларының өнер мектебіндей әсер қалдырады. Музыкалық әуендегі мұндай ұқсастықты зерттеу халықтар достығы мен туыстығының байырғы көздерін аршығанмен бірдей . . .
Намангандық бахшы Мадраим Балтабаев пен термездік ақын Қадыр Рахимов жырды домбыраға қосып айтты. Домбыраның ең көне түрлері Өзбекстанның осы өңірлерінде күні бүгінге дейін тартылып келе жатқаны да көңіл бөлерлік құбылыс. Ертедегі жыр, жыршылық дәстүрмен бірге олардың кәрі серігі домбыра да сақталып отырғаны эпос табиғатының, орындаушылық салтының неғұрлым тұрақты келетінінен хабар береді. Қарақалпақ жырауларының қобызға қосып орындаулары да бұл күнде қазақ арасында ұмытыла бастаған, бірақ бір замандарда танымал болған саздарды еске салады.
Жыршылық айтқыштықтың көне формасы болып табылатын тақпақтап айту дәстүрі олонхосуттар мен манасшыларда көбірек сақталған. Дүние жүзіндегі ең көлемді эпос “Манасты” ырғақпен, тақпақпен айтудың да өзіндік қайталанбас өрнегі бар. Сұрапыл мол теңемелер мен баламаларды үстемелете, үдете соқтыратын манасшыларда ән болмағанымен, нағыз актерлік қабілет мейлінше жеткілікті. Тақпақтап айтудың сиқырлы, әсерлі күшке айналуы, манасшылардың құдірет пырағына мінгендей қалыпқа түсуі, зікір салған бақсыдай өршелене айтуы оларды былайғы орындаушылар қатарынан бөлектетіп көрсеткен. Жыршылық ерекше “қонған”, дарыған деп танудың күрделі түсінік екенін байқаймыз. Қазіргі қырғыз манасшылары Ұрқаш Мәмбетәлиев, Асанхан Асанәлиев, Назарқұл Әбдірахмановтар өнері ертедегі ұлы жыршылардың дәстүрі жалғасып келе жатқанын сипаттайды. Саха (якут) олонхосуттары да халқының асыл қазынасы - эпикалық жырларды бүгінгі жұртшылыққа кеңінен насихаттауға ат салысып келеді.
Өзбек бахшылары (жыршылары) ертеде айтқыштық өнерді киелі санағаны соншалық - түрлі аңыздарға сенген. Мәселен, болашақ жыршы мінәжат ететін Мұрат тауына (гректердегі Парнас секілді) барып түнеп, шипалы бұлақтың суынан ішсе, оған диюдың өзі домбыра жасап береді-міс деген ұғым тараған. Ақиқатқа бергісіз осынау әдемі аңыз әрбір өнердің “иесі” бар деп сенетін көне тотемдік түсініктерге байланысты туған . . .
Жыршылық сазының ерекшелігіне, оның көркемдік, эстетикалық мәні мен қызметіне арналған бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияның Алматыда өтуі кездейсоқ емес. СССР Композиторлар одағы фольклорлық комиссиясының председателі Э. Е. Алексеев сөзімен айтқанда, Қазақстан жыршылық дәстүрі сарқылмаған, осы тарапта өзгелерге үлгі етерлік байлығы бар ел болып табылады. Бұл тұжырымның ақиқаттығын конференция күндерінде Алматы консерваториясының залында көрсетілген концерт айқын дәлелдеді. Егер еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтушылар концерттің бірінші жартысын алса, екінші бөлегі түгелдей қазақ жыршы, термешілердің номерінен құралды.
Жетісудің өзіне тән жыршылық мәнеріне келтіріп бабымен орындайтын Әбдислам Дүйсенов өнері қандай алқаның алдына да шығарарлық деуге болады. Ол Жамбылдың “Сұраншы батырын” және басқа дастандарды біледі. Ауыл арасында терме айтып жүрген қабілетті орындаушы талдықорғандық Кәрім Балғынбаев музыка сүйетін маман, талғампаз тыңдаушылар алдында тұңғыш рет сынға түсті. Бұдан біраз жыл бұрын әдемі терме айта бастаған, бірақ кейінгі кезде үні естілмей кеткен Науат Ойнарова да ұнамды әсер қалдырды. Тағы бір жаңалық - көкшетаулық айтыс ақыны Көкен Шәкеевтің жыршы санатында көрінуі. Ол тек айтысқа ғана емес, ұзақ айтуға да қабілетін танытгы. Оның орындауында “Бөгенбай батыр” жыры тыңдаушыға әсерлі естілді. Теледидардан соңғы жылдарда жиі көрініп жүрген Сардарбек Қожағұлов та жүйрік термеші екенін көрсете білді. Ал қарт ақынымыз М. Майбатыров қазіргі айтыс, жыршылық, термешілік көшін бастаушы болып отырғанын өз дәрежесінде танытты. Бірсыпыра үлкен дарынды жыршы, термешілер бүл жиынға қатыса алмаса да, қазақ өнерпаздары республикада айтқыштық дәстүрі қуатты қалпында екенін сипаттап берді.
Әсіресе қуанышты табыс - Алмасбек Алматов сынды термеші, жыршының жарқ етіп көзге түсуі. Жыршылық түрін бір серпіндіріп, биік белеске көтеріп кеткен Көшеней Рүстембековтің ізбасары Алмасбек - Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетін бітірген, дарын гүлі күннен күнге ашылып келе жатқан, ірі айтқыш бола алатын талапкер жас. Ол “Көрұғлының” үлкен-үлкен бөлектерін жатқа, классикалық мақамдарға салып айтады. Сыр бойы ақындарының ғибрат, толғауларын орындайды. Мәнері өзгеше Қармақшы айтқыштық мектебінің сұлу сазын, көмекеймен айтатын құбылмалы қайырмасын Алмасбек құйқылжыта төгілтеді. Оның орындауында жыр мен терме жай ермек, “көңіл көтеру” деңгейінен асып, эстетикалық ләззат беретін салдарлы өнер дәрежесіне жетеді. Алмасбектің алған бетінен таймай, орындаушылық құлашын кеңге соза беруіне тыңдаушы қауым бірауыздан тілектестік білдірді. Конференцияға қазақ жыршыларын әкелуді зерек ұйымдастырған Мардан Байділдаевтің еңбегі де елеулі болды.
Қазақстан музыка зерттеушілерінің қатары өсіп, олардың қаламынан маңызды еңбектер туа бастағаны жақсы нышан. Белгілі маманымыз профессор Б. Г. Ерзаковичтің де, жас ғалымдар А. Темірбекова мен А. Құнанбаеваның да баяндамалары проблемалық мәселелерді көтеру деңгейінің биіктігін көрсетті.
Эпос музыкасын зерттеудің алдағы міндеттерінің бірқатары конференцияның қорытынды документтерінде көрініс тапты. Көне эпикалық мұраның әр заманда мағынасын кемітпейтін көпқырлылығы, түрлі дәуірдің талабына жауап бере аларлық мүмкіндігі, уақытгың таты баспайтын, желі мүжімейтін асыл қасиеті адамзатты өшпес үмітке, биік мұратқа баулитыны, өткінші ұғымдарға, пенделік пасықтықтарға қарсы күрес пен өршілдіктің шипалы құралы бола алатыны, халыққа тозбайтын тағылым тарататыны атап отілді. Одақ бойынша жыршылық мұраны зерттейтін жетекші ортаның керектігі, ондай міндетті атқаруға Алматы көп белгілермен қолайлы екені ұсыныс ретінде айтылды. Фольклор, эпос айтушылар сөздігін шығару мәселесі де күн тәртібіне қойылды.
Жыр мен музыканың өзара байланысын әр қырынан қарастыратын, эпикалық дәстүрді дамытушы өнер иелерін қолдау, тәрбиелеу, көтермелеуге бағытталған түрлі ұйымдастыру шаралары туралы кеңінен пікір алысылды. Әсіресе жыршылық дәстүрге жастарды баулудың жолдары мен мүмкіндіктері мол екендігі, терме, жырды радио, теледидар, сахнада ұдайы беріп тұру қажеттігі, бұл өнер негіздерін ән-күй сабағы кезінде мектеп оқушыларының да құлағына құя беру керектігі - көптің ойындағы мәселелер. Жыршылықтың республикалық байқауын өткізіп тұру, жүлдегер, лауреаттарын белгілеу, олардың ең озықтарына құрметті атақ беру, филармония жанынан жыршылар бригадасын ұйымдастыру, арнаулы концерттер қою қажетті шаралар болмақ. Жыршылық дәстүрдің еліміз көлемінде байсалды әңгіме тақырыбы болуы - советтік мәдениеттің тамыры халықтық негіздермен бірлікте екендігінің жарқын куәсі.
1982
ТҮРКОЛОГИЯ ӘЛЕМІНДЕ
Жақында Москва қаласында Советтік түркологтар комитетінің СССР құрылғанына 60 жыл толуына арналған кезекті жиналысы болып өтті. Пленарлық жиналысты А. Н. Кононов кіріспе сөзбен ашып, түркологияның тарихы мен атқарған қызметіне, алдағы міндеттеріне қысқа да қызғылықты шолу жасады. Ол, әсіресе, революцияға дейін түркология әлемінде ерекше еңбек еткен белгілі қайраткерлердің қажырлы қызметін ілтипатпен еске түсірді: Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннің, Х. Фаизхановтың, Қаюм Насыридің, Н. Ф. Катановтың, М. Ф. Ахундатовтың, т. б. есімдерін атады. Бұл қатардағы санаулы ғана адамдардың Россия империясының түркі халықтарының тілін, фольклорын, тарихын, мәдениетін таныстырып, зерттеудегі тыңғылықты істеріне, атақты ғалымдар Радловтың, Френнің татар және басқа халықтар оқымыстыларымен достық байланыстарының қаншалықты игі нәтиже бергеніне, мұсылман халықтары үшін “Орыс Бағдады” саналған Қазан шаһарында жасалған білімдарлар мен басылған кітаптардың ілгерішіл рөліне тоқталды. Совет заманында түркологияның өрісі ерекше кеңейгенін, бұл күнде бес одақтас, жеті автономиялық республикада академиялық және университеттік ғылыми-зерттеу орталықтары қалыптасып, жүздеген мамандар әзірленгенін, сан түрлі тақырыпта елеулі зерттеулер жүргізіліп жатқанын зор жетістік деп атады. Сонымен қатар түркология алдында тұрған, кезек күттірмейтін мәселелердің құрамын көрсетті.
Пленарлық мәжілісте ұлт республикалары мен автономиялық облыстардың түркологиялық тексерулердің жайын, сапасы мен бағытын сипаттайтын мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Әзірбайжандағы тіл ғылымының жетістіктерін баяндай келіп, академик М. Шералиев көптеген қызғылықты мысал келтірді.
- Республикада, - деді ол өзінің сөзінде, - бұл салада қырық ғылым докторы, екі жүз ғылым кандидаты жұмыс ісгейді. Олардың қаламынан аса мәнді зерттеулер туды. Соның ішінен әзірбайжан тілінің тарихи грамматикасын, тарихи фонетикасын, Кавказ, Иран тілдерінің байланыстарына арналған монографияларды, “Жаңа әзірбайжан тілінің диалектілері”, “Әзірбайжан тілінің түсіндірме сөздігі” (4 томдық), әзірбайжан тілінде жазылған “Орыс тілі грамматикасы” атты кітаптарды атауға болады.
Одақтық көлемдегі түркология деңгейінде қазақ тілтану ғылымының жемістері де қомақты болып естілді. Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ә. Хайдаровтың баяндамасында осындай табыстар тізбегі келтірілді. Соңғы кездегі басылымдар: “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі І. Кеңесбаевтың “Фразеологиялық сөздігі”, “Орыс тіліндегі түркизмдер сөздігі”, т. б. өте күрделі еңбектер санатына қосылады. Ә. Хайдаров үлкен қазақ-орыс сөздігі, ұйғыр тілінің түсіндірме сөздігі, М. Әуезов тілінің сөздігі секілді аса кәделі жұмыстардың жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, қазақ жерінің топонимикалық атауларын ғылыми берік жүйеге түсіру қолга алынғанын хабарлады. Алдағы істер негізінде үш саланы: зерттеулердің теориялық дәрежесін көтеруді, тіл мәдениетін тексеруді және орыс тілінің қызметін тереңдеп талдауды көздейтінін айтты.
Мәжілісте Қарашай-Балқар филологиясының нәтижелері мен міндеттері, қырғыз эпосы “Манасты” зерттеудің методологиялық мәселелері жөнінде арнаулы баяндамалар болды. Э. Тенишев түркология бойынша өткен жылда атқарылған істердің қадау-қадау фактілерін мысалға келтірді. Сондай істердің көрнектілерінің бірі Махмұт Қашқари сөздігінің орысшаға аударылып, ғылыми басылымы әзірленуі деп көрсетті. Сондай-ақ қазақ тілін зерттеудің совет жылдарындағы тарихын жинақтайтын, тәжірибесін талдайтын еңбекке де жылы лебіз білдірді.
Түркологиялық комитеттің пленарлық мәжілісі тіл ғылымы саласындағы жасалған жұмыстарды қорытындылап, ғылыми істер бағыты мен тақырыбын анықтауға, алдағы міндеттерді белгілеуге өз үлесін қосқан пайдалы мәжіліс болды. Сондай-ақ жиналысқа қатысушылар бірсыпыра қызғылықты мағлұматтар, орынды ұсыныстар естіді. Соларды тұжырымдап, санамалап айтсақ, төмендегі пікірлерге саяды. Ең алдымен түркологиялық комитет тек лингвистикалық зерттеулерді талқылап, әңгімелеумен шектелмей, өрісін кеңейте түсуі қажеттігі туралы ұсыныс ортаға салынды. Бұл кезге дейін қалыптасқан дәстүр бойынша, түркологтар деп тіл зерттеушілер ғана есептеліп келеді. Тілшілер түркологтардың ең мол, алдыңғы шептегі тобы екені рас. Бірақ, бұдан былай қарай бұл іске әдебиетшілерді де, тарихшыларды да қатыстырып, проблемалық баяндамалар тыңдап отыру қажеттігі анық. Мәселен, тіл тарихын немесе диалектілерді зерттеу белгілі бір халықтың этногенезисін іздеуді, тарихи-мәдени байланыстарды табуды керек ететіні мәлім. Соңғы бірер жылда түркологиялық комитет мәжілістерінде фольклортану жөнінен баяндамалар қойыла бастауы жақсы нәтиже беріп келеді . . .
Мәжілісте сөйлеушілер түрлі тарапта татымды ұсыныстар айтты. Мұның көбі жиналыстар қарарларында мақұлданып, қабылданды да. Атап айтқанда, түркологиялық комитетте монғол тілдері бойынша да бір секция ашып, бұл бағыттағы ізденістер мен жемістер хабарланып отыруы қажет делінді. Түркі елдерінің кейбір топтары әлі де зерттеу назарына іліне қоймағаны сөз болды. Әсіресе, Ирандағы оғыз тілдерін тексеру керектігі ескертілді. Түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасау жөнінде Сібір зерттеушілерінің жігерлі де жүйелі жұмыстары биік бағаланып, осы үлгідегі жинақтарды еліміз көлемінде тиянақты әзірлеу ділгір міндет деп көрсетілді. Түркологиялық еңбектердің теориялық деңгейін, танымдық құлашын арттырудың өзге де проблемалары айтылды. Көптеген зерттеулерде тілдерді түрлі сатыда салыстыра қарау, ортақ заңдылықтарды, даму ерекшеліктерін талдау жетіспейтіні дәлелді сыналды. Көне текстерді жариялағанда қазіргі түркі тілдеріне транскрипциялау ережесі бір ізге түспегені де қиындық келтіреді. Кейбір тілдердің (башқұрт, т. б. ) алфавитіне қажетті өзгерістер енгізілуі ол тілдердегі еңбектерді туысқан халықтардың өкілдері еркін оқып кетуіне мүмкіндік туғызатынын есту де ұнамды жаңалық болды. Бірнеше түркі тілін ғана емес, басқа да тілдер білетін мамандар әзірлеу бірінші кезектегі міндет екені әңгімеленді.
“Советская туркологияның” жылдық жұмысы туралы журнал редакторының орынбасары И. Сеидов баяндама жасады. Ол журнал бетінде жарияланған материалдарды топтап сипаттай келіп, бұл басылымның мұқтаждарын да ортаға салды. Журнал сандарының кешігіп шығуы баспахана базасының шешілмеуінен екенін хабарлап, бұл іске түркологтар комитетінің пәрменді араласуы қажетті екендігін ескертті. - Тағы да бір өкінішті шындығымыз, - деді ол, - журнал тиражының аздығы. Қырық миллионға жуық халқы бар түркі тілдес республикалар мен облыстарда журналға жазылушылар саны төрт мыңға жетпеуі тым қораш. Журнал тек тілшілерге, әдебиетшілерге, фольклоршыларға ғана емес, түркі тілдес елдердің тарихынан, мәдениетінен жүйелі мағлұмат беріп отыратын, күллі зиялы қауымға арналған ортақ орган ғой. “Советская туркологияның” бұл кезге дейін жарық көрген сексен екі саны тарихи, тілдік, әдеби білімнің энциклопедиясы десе, артық айтқандық болмайды. Журналға мақала жазып, ат салысушылар да жеткіліксіз. Осы мәселелердің бәрі де түркологтарды ойландырар, оларды белсенді істерге жұмылдырар деп сенеміз.
Әдебиеттану, тарих проблемалары әзірше түркологтар комитетінің назарына іліне қоймаған. Фольклортануға арналған бірен-саран хабарламалар да салдарлы методологиялық жүк көтере қойған жоқ. Бұл ғылымдар болашақта түркологияның төл ісі деп саналатынына сенім зор. Ал осы тарапта мұра мен проблеманың ұшан-теңіз екені зайыр. Мәселен, Сібір халықтарының фольклорын алпыс том етіп шығару көзделіп отыр. Өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт ауыз әдебиеті мұрасы алды қырық том болып жарияланғаны белгілі. Осы тектес басылымдар Қазақстанда да, өзге республикаларда да жоспарланған. Міне, мұншама қымбат қазынаға ие болып отырған халықтардың фольклор мұрасының кең көлемде қаралатын, шешілетін сауалы толып жатыр ғой. Тарих, этнография, әдебиеттану, музыкатану бойынша да солай . . .
Түркологиялық комитеттің үстіміздегі жылға жоспарланған жұмысы да күрделі. Олар: диалектологиялық конференция өткізу; диалектологиялық атласты редакциялау; ескі түркі руникалық ескерткіштерін жинақтау; көне қолжазбаларға сипаттама жасау; этимология мәселелерін талқылау; ескерткіштерді каталогқа түсіру; есепке алу жүйесін жетілдіру; түркі тілдерін оқыту программасы проблемасына арнап мәжіліс өткізу; алдағы түркологиялық конференцияға күн ілгері дайындалу, т. б. мәселелер. Москвада өткен советтік түркологиялық мәжіліс комитеті біздің елімізде ғылымды дамытуға соның ішінде түркі тілдерінің кең тыныспен табиғи дамып көркеюіне, олардың өсу, өзара байланысы, баю заңдылықтарын ашуға көңіл бөлініп отырғандығын, мұның өзі лениндік ұлт саясатының жарқын сипаттамасы екендігін дәлелдейді.
1982
ФОЛЬКЛОР ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ДАМУ
Сонау 30-жылдардың өзінде-ақ бірталай эпикалық ескерткіштің бүкілодақтық көлемде аталып, мерекеленіп өтуі бұрын тарихта болмаған жаңа құбылыс еді. Армян эпосы “Сасундық Давид”, қалмақ жыры “Жәңгір” барлық совет халқының ортақ рухани игілігі ретінде кең көлемде нышандалып өткені соны бастама болатын. Осы дәстүр үздіксіз жалғасып, жаңа жетістіктерге алып келіп отыр. “СССР халықтары эпосының” орыс және жергілікті ұлт тілдеріндегі текстері қатар шығарылып келе жатқаны - үлкен мәдени оқиға. Соңғы жылдары Москвада қазақтың “Қобыланды батыр”, өзбектің “Рустемхан”, алтайдың “Маадай-қара”, түркіменнің “Хорлыға мен Хемра”, солтүстік Кавказ халықтарының “Нарттар” жырларының жариялануы бүкіл еліміз көлеміндегі елеулі оқиға деуге болады. Фольклор ескерткіштерін сақтау, зерттеу, жариялау - тек қатардағы мәдени шаралардың бірі ғана емес, бұрынғы мен бүгінгінің рухани жалғастығын қастерлеп дамытудың да нақтылы жолы. Атап өтерлік аса маңызды мәселе - біздің дәуірімізде бір халықтың фольклоры өзге халықтарды да рухани байытатын елеулі факторға айналуы. Мұның өзі ауыз әдебиеті мұрасьш мейлінше, талғап, екшеп жариялаудың да, ол қазынаны зерттеудің де міндеті еселеп асатындығын керсетеді. Ендігі жерде белгілі бір халықтың фольклорлық ескерткіші сол халықтың өз мүлкі ғана болып қоймайды, басқа елдерге де етене жақын жәдігерлікке айналады: Мәселен, кейінгі жылдарда жарық көрген өзбек фольклорының 40 томдығы, татар және башқұрт ауыз әдебиетінің 8-10 томдықтары, қарақалпақ фольклорының 9 кітабы ол елдердің көлемінен асып, бүкілодақтық көркемдік қазына қатарына қосылды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz