ҰЛТШЫЛДЫҚ пен ҰЛТСЫЗДЫҚ


Пән: Саясаттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 19 бет
Таңдаулыға:   

Амангелді АЙТАЛЫ. ҰЛТШЫЛДЫҚ пен ҰЛТСЫЗДЫҚ

19 ТАМЫЗ, 2012 8:49 PM2 ПІКІР

 Амангелді АЙТАЛЫ. ҰЛТШЫЛДЫҚ пен ҰЛТСЫЗДЫҚ

Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде «Этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш-жігер жұмсауды қажет етеді» деп, ұлтаралық қатынастардың өзінен-өзі реттелмейтіндігіне, олардың астарында сан алуан әлеуметтік, саяси, психологиялық қайшылықтар барлығына назар аударды.

Жаһандану заманында ұлттар мен ұлыстар, бір жағынан, топтасып, өзара байланысып, біртұтастыққа икемделсе, екінші жағынан, бұл үрдістің ұлттар (бұл мақалада ұлт ұғымын біз этникалық мәнінде ғана қолданамыз) арасында күрделі қайшылықтар тудырып, ұлттық мемлекеттер мен олардың мәдениетінің тағдыры алаңдатып отыр. Оның көріністері ұлтшылдық деп ұлтсыздық қарама-қарсылығының шиеленісуінен де аңғарылады. Бірақ, әр аймақта, әр мемлекетте ұлтаралық байланыстар, оның адамдар санасындағы бейнесі, қабылдауы бірдей емес. Мақалада Қазақстанға байланысты ұлтшылдық, оның түрлері мен ұлтсыздық көріністерінің кейбір тұстары туралы ғана сөз қозғалады.

Ұлтшылдық у ма, бал ма? Ұлтшылдық - ұлтты тәуелділіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы

Ұлттық сана мен ұлттық болмыс әр халықта өзін басқалармен салыстыру барысында қалыптасып, өзгеріп, жағдайларға икемделеді. «Біз» бен «Оларды» саралап, өз тілімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді ажыратып, кейде тіпті таласып та жатамыз. Дегенмен әр халықтың тарихына байланысты белгілі бір ұлттармен ғана қарым-қатынасқа түскендіктен, солар туралы жағымды, жағымсыз пікірлер, стереотиптер санаға орнығады. Ол байланыс әртүрлі деңгейде көрінеді. Қазақ халқының ұлттық санасында бірінші деңгейде Қазақстанда тұратын диаспоралардың бейнесі, олардың ішінде орыс диаспорасының тарихи жағдайларға байланысты келбеті қайшылықты, күрделі қарама-қарсылықтарға толы. Патша үкіметінің отарлау саясаты, қазаққа қиянаты кезінде «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңды болсын» деп сақтандыратын сөз де тудырды. Екінші деңгейдегі біздің санамыздағы образ Ресей халықтары мен бұрынғы Одақтас Республикалар халықтары. Сонымен бірге, немістер, француздар, қытайлықтар, американдықтар, басқа да ұлттар, соңғы кезде бізге жақын араласатын іскер серіктерімізді біз танып-біліп жатырмыз.

Үшінші деңгейде бізбен тығыз қарым-қатынас, әрекеттестікте болмаған халықтар, олар туралы әдебиеттен, ақпараттық құралдардан көбірек білеміз.

Ұлтшылдық пен ұлтсыздық психологиясы өз ұлтын және басқа да жақын қарым-қатынастағы ұлттардың бір-бірін қабылдауына байланысты туады. Ұлт саясатын айқындау барысында бірқатар мемлекеттер ұлт ұғымын, ел халқының қалай түсінетініне мән береді. Ресейдің осы мәселеге арналған зерттеулеріне жүгінсек, сауалға жауап бергендердің 48, 6 % ұлт қасиетті, адамға табиғаттан, Алладан берілген деп қастерлейді; 48, 2 % ұлты арқылы адам Отанын, ата-бабасын, тарихын танып, елін сақтайды депті; 41, 2 % әрбір дені дұрыс адам ұлтымен мақтануға тиіс деген . 16, 4 % ұлт адамдарды қауымдастырып, ортақ мақсатқа қол жеткізеді десе, 11, 8 % болашақты айтпағанда, ұлт бүгін де көп жағдайда ескірген ұғым депті. 9, 7 % адамдар тегіне қарамай, ұлтын өзі таңдауға хұқылы болсын деген. Ұлттар мидай араласып, орыс ұлтына сіңісіп бара жатырған ресейлік қоғамда бұл жауап таңқаларлықтай емес. Сауалға жауап бергендердің 6, 3% ұлт ұғымы адамдарды жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды деп жауап берген. Ең бір назар аударатын жағдай, 50-жастан асқандар арасында ұлтты қасиетті деп санайтындар көбейе түседі.

Бұл мәселеге немістердің де пікірі көңіл аударарлық. «Шпигель» журналының зерттеуі бойынша, «Сіз үшін ұлт деген нені білдіреді?” деген сауалға 14 пен 29 арасындағы жастардың 31 % «ештеңені де білдірмейді» десе, 21% «ескірген ұғым» депті. «Немістердің басқа да ұлттардан артықшылықтары бар ма?-» деген сауалға 52% «жоқ» десе, 45% кейбір халықтардан артықшылықтары бар депті, ал 2 % тіпті фашистік ұстанымда болған. «Егер артықшылықтар болатын болса, қай халықтардан немістер артық? деген сауалға, 87% поляктардан, 74% -түріктерден, 63%-орыстардан, 20%- француздардан, 11%-американдықтардан деген.

Осылай біреулер үшін ұлт қасиетті, киелі болса, екіншілер үшін ұлттың тарихы, өткен асулары - құндылық, үшіншілер үшін ұлт патриотизмнің қайнар бұлағы, ұлттық ар-намыс еңбек етуге, күреске қуат, қажыр-қайрат береді. Бұл әр халыққа тән ұлттық патриотизм. Сонымен бірге, ұлтқа бей-жай, болмаса жағымсыз пікірлер де баршылық.

Әр адамға ұлттық құндылықтары, үйренген ортасы соншалықты қымбат, қадірлі, тіпті өз ұлтынан артық құнды ештеңе болуы мүмкін емес сияқты. Сондықтан басқа ұлттардың құндылығы алыс, бұлдыр, көзге көрінерліктей бағалы емес деп қабылдауы да мүмкін. Шынында да адамдарға өз халқының өзгеде жоқ қасиеттерін жинап-теріп, оның артықшылығын психологиялық, идеологиялық тұрғыдан сендіру қиын емес. Осылай өз ұлтына өзге де жоқ қасиеттер таңылады. Абай айтқандай «ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп…» ойлау қазақтарға да тән. Енді қазақты өзбекпен, ноғаймен, орыспен байыптай келе, Абай олардың бірлігін, өнерде, шаруада да қазақтан зор екендігін айтып, «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»-деп сұрайды. Мұндай өзімшіл психологияны этноцентристік психология деп атайды. Бұл індетке терең шалдыққандар өз ұлтын, ортасын басқалардан артық қоятын отарлаушы ұлттар .

Себебі астамшылық міндетті түрде бөтен этностарға жағымсыз көзқарас туғызып, өз этносының артықшылығын мойындатуға тырысады. Кейде бұл құбылысты этникалық нарциссизм - өзін өзі суюшілік, менмендік дейді. Көне грек аңызы бойынша, Нарцисс судан өз бейнесін көріп, өзіне өзінің сүйіспеншілігі соншалықты, тіпті көз алмастан қарап, сол күйінде қатып қалып өмірден кеткен. Өлгеннен кейін ол нарцис атты гүлге айналған.

Адамның өз халқының мәдениетіне, тарихына көзқарасы әралуан. Әсіресе империялық ұстанымдағы ұлттар астамшылық психологиясымен ерекшеленеді. Ол індетке шалдыққан ұлт өкілдері өздерін ерекше жаратылған, тіршіліктің ішіндегі ең маңдай алдысы деп есептейді. Осыдан келіп басқалармен қарым-қатынасын оның ортасы, ұлты, нәсілі басқалардан артық деген қағидаға негіздейді.

Ұлттық өркөкіректік бара-бара ұлылық дертіне, ұлттық масаттанушылыққа, паңдыққа шалдықтырады. Ондай ұлттың өкілдері өздеріне ерекше құрмет, ерекше хұқ талап етеді, осылай ұлтшылдықтың асқан түрлері шовинизмге, одан фашизмге ұласады, түптің түбінде өзін-өзі құртуға апарады.

Өмірде астамшыл ұлтшылдықтың көріністері бір-бірімен байланысып, ықпалдасып жатады. Менменсіген орыс шовинизмі Еуропа ұлтшылдығы алдында төменшіктеп, бәсеңдеп қалады. Орыстардың «Чем быть азиатом в Европе, лучше быть европейцем в Азии» деуі, Ресейдің азиялықтарды айтқанына көндіру, мойын ұсындыру, мақсатын айқындайды. Орыс интеллегенциясы өзін-өзі танудан гөрі, Азияда нағыз еуропашылдар болғысы келді. Бірақ қандай тыраштанғанмен орыс отаршылдары орыстанудан, шоқындырудан, елді мекен, жер-су аттарын орыстандырудан аса алмады, еуропалықтардай ел басқарудың өркениетті үлгісін көрсете алмады. Дегенмен, қазақ зиялылары аз да болса орыс демократтарынан үйренді, орыс білімінен сусындады.

Астамшылдық психологиясы басқаларды кемсітумен, олар туралы әртүрлі ғылыми теориялар таратумен, халықтарды «ең мықты», «орташа», «төмен» деп жікке бөлумен қатар жүреді. Ол «теориялар» жылдардан жылдарға, ғасырдан ғасырға ұласып, ел ішінде наным-сенімдер қалыптастырады. Осылай астамшылықты негіздейтін «эволюция басқыштары» немесе «даму сатылары» деген тұжырым өмірге келді. Адамзат даму барысында халықтар әр түрлі деңгейден көрінеді, біреулер ілгерілеп, екінші тоқтап қалса, біреулері өрлеп алға баса береді. Сонымен адамзатқа көз жіберсек, ол эволюцияның әртүрлі кезеңдерінде дамып келеді. Осыдан адамзат эволюциясының басқышы деген тұжырым жасалды. Ол басқыштың жоғарғы төрінде өркениетті деген елдер орын алса, төменгі басқыштарда өркениетті елдерге мәдениеттері ұқсас, үйлесімді мәдениеттер орын алады, ең төменгі басқышта орналасқан «мәдениетсіз», «жабайылар» орналасқан. «Эволюциялық басқыштарда» да орналасудың басты критериі Еуропа мәдениетіне сәйкестілігі, сондықтан да бұл пікір шындықтан аулақ, субьективті психологияға негізделген. Төменгі басқышта орналасқан көшпенділер жоғарғы басқыштарға орналасқан отырықшы халықтарды рухымен, ақыл-айласымен, білімімен, күшімен талай бас идіргені де тарихи ақиқат.

Басқалардан өз ұлтын жоғары бағалау, болмаса шовинизмнің көрініс алуы әртүрлі деңгейде этнос өкілдерінің ерекшеліктеріне, әлеуметтік жағдайларына, этносаралық өзара байланыстарды реттейтін мемлекеттің ұлт саясатына байланысты. Дағдарыстар жағдайында қаһарына мінген шовинистік топтар этносқа қарсы зорлық-зомбылық жасап, оны жер бетінен жоюға дейін барады. Шовинизмнің себептері әр түрлі: этносаралық қатынастарда өз мәртебесін жоғары санау, мүмкін болса этностарды бағындыру, сырттан келген мигранттардан сақтану, өз мүддесі үшін басқа ұлттың табиғи байлығына таласу, экономикалық бәсекелестікте қарсыласын әлсірету, тағы басқалар.

Ұлтшылдықтың тағы бір көрінісін мәдени консерватизм деуге болар. Ұлттың төл ерекшеліктерін тек өткен замандағы құндылықтармен, тұрмысымен ғана өлшеп, ол үлгілерді бүгінгі талапқа сай икемдемей, сол қалпында пайдалануға тырысушылық. Оны бүгінгі ұрпақтың қабылдауы не қабылдамауымен есептеспеу де дағдарысқа апарады.

Ұлттық астамшылық, шовинизм қай заманда сол ұлтты толықтай өз ықпалына икемдей алмаған. Ұлтаралық қатынастарда толеранттылық, төзімділік, сыйластық та тән. Этностар арасында бәсекелестік, сенімсіздік, жек көру де, ынтымақтастық пен бірлестік іс-қимыл жасау да қатар жүреді, болмаса кезектесіп те жатады. Ал отарланған, бағынышты ұлттардың ұлтшылдығының астарында патриотизм, өзі-өзі сүю, ішкі ашу-ызаны сыртқа шығару, өзін-өзі сақтаудың амалы жатыр. Кейде өзін басқаларға қарсы қойып, өзін-өзі таныту, өз талабының дұрыстығын дәлелдеу үшін бағынышты ұлт өкілдері де астамшылық, ұлттық тәкәпарлыққа, этнопопулизмге ұрынатынын Абай екінші қара сөзінде қазақты сынға алғанын айттық. Бұл “біз де мықтымыз” деген жұбаныш сияқты. Абайдың салыстыру әдісін кейінірек саяси ғылымда компаративтік әдіс деп атады. Этностарды әртүрлі тұрғыдан, мысалы, демографиялық, кәсіби, білім, денсаулық т. б. деңгейлерден даму үрдісін анықтау әлеуметтік ғылымда бүгін кең тараған оларды сабасына түсіретін ғылыми амал.

Сонымен, ұлтшылдық әр түрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды деп, адамгершілік деп қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері, ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық - «халқымыздың жаны мен тірегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». (М. Шоқай. Таңдамалы. Бірінші жол, 1998, 62 бет) Ұлтшылдық - ұлтты тәуелділіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы. Тағы да М. Шоқайша айтсақ: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек» (Сонда, 115 бет) .

Ұлттық патриотизм және отарлау саясаты

Кеңес Одағында халықтар достығы, интернационализм идеологиясы екі қарама-қайшы үрдістердің қыспағында болды. Бір жағынан, ұлттық мәдениеттің дамуы, ұлттық театрлар, жоғары оқу орындарының ашылуымен бірге ұлттық интеллегенция қалыптасып, ұлттық сана өсті. Кеңес заманында әр тарапқа шашырап кеткен қазақ жері жинақталып, жаңа әкімшілік шекаралар айқындалды. Қазақтар Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы деген территорияға шоғырланып, сол жердің иесі болды. Олар өздерін тұтас ұлт (этнос) ретінде сезінді. Сөз жоқ, бұл ұлттық сана сезімді көтеріп, қазақтың беделін өсірді. Осы атамекенде 1991 жылы Тәуелсіз қазақ елі пайда болды. Екінші жағынан, кеңес билігі бір қолымен жаңа ұлт қалыптастыруды қолдаса, екінші қолымен сол ұлтты тұншықтыруға тырысты, бірақ оларды жоя алмады. М. Шоқай айтқандай, «коммунистер «балғасымен жаншып, «орағымен» орап тастап» отырды. Осы екіұшты саясат терең қайшылықтарға әкелді. «Союз нерушимый республик свободных» деген жай ғана ұран болды. Кеңестік басқару жүйесі орыс билігі деп қабылданды. Жасанды достықтың ар жағында дағдарысқа толы күрделі жүйе жатыр еді. Одақтың іргетасына түскен сызат оны қиратып тынды.

Соңғы кезде кеңес социалистік жүйесінің ыдырауына байланысты ұлтшылдықты «әлемдегі ең құдіретті де қуатты күш»-деп баға беретіндер де бар. Дегенмен ұлтшылдық төңірегінде, оның пайда болу себептері мен мәні туралы ғылыми және саяси айтыстар толастар емес. Ұлтшылдық туралы жағымды не жағымсыз деп ой жүгірту, үзілді-кесілді пікір айтудан гөрі, оны қолдаушылар батыл, әділ істің адамдары ма, әлде қызба қанды даурықпалар ма деген ой келетініні анық.

Кеңестік қоғамтану әдебиетінде ұлтшылдық (национализм) тек жағымсыз мағынада, ұлттық менмендік, эгоизм, өз ұлтын басқадан жоғары қоюшылар, басқа ұлттарды өз ұлтының мүддесіне икемді, тіпті күшпен бағындыру, қудалау деген айдар тағылды. Ұлтшылдық деп өз ұлтын ең жоғары құндылық деп санап, оны басқалардан артықшылығын түсіну, халықтардың тең хұқығын мойындамау, басқаларға шыдамсыз болу, аралас некеге тыйым салу деп біржақты баға беріліп келді.

1985 жылдан бастап, Батыспен байланыстар ұлғайған сайын, орталық билікке қауіп төндірген 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін, оған тіпті «Қазақ ұлтшылдығы» деген баға бергеніне қарамастан Балтық жағалауы, Грузия, Украинадағы ұлттық қозғалыстар ұлтшылдық төңірегінде терең ой салды. Оған жақсы-жаман деп баға беруден гөрі, оны ғылыми доктрина есебінде зерттей бастады. Енді тарихтың қозғаушы күші таптар дегеннен гөрі, ұлттық қауымдастыққа қарай ойыса бастады. Ұлттық құндылықтар мен мүдделерді тек таптық мүдделермен өлшеудің ақиқатты бұрмалауға соқтыратынына көз жеткізілді. Ұлттың тәуелсіздігінің табиғи қажеттілігі мойындалып, маңызды саяси принципке айналды.

Сөз жоқ, жаңа тарихи ақиқатты тәуелсіздік алған елдердің байырғы халықтары мен метрополия әртүрлі тұрғыдан қабылдады. Тәуелсіздікті қазақтар, грузиндер, басқалар ұлт тарихындағы ұлы бетбұрыс, ұлттық жаңару деп қабылдаса, Кеңес одағының ыдырауын, ұлттық қозғалыстарды, дербес мемлекеттердің өмірге келуін апат келтіретін ұлтшылдық деп бағалағандар аз болмады.

Байырғы ұлттардың тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола бастаған тұста, мұндай саяси жаңаруға дайын емес ресейліктер, Одақтас республикада тұратын орыс диаспораларының бірқатар өкілдері бұрынғы кеңестік дағдыға салынып, тәуелсіздікті «этнократиялық революция», «этнонационализм», деп бағалады, әлі де одан айнығандары аз. Бүгін ұлтшылдық айдары Ресейдің автономиялық республикаларының ұлттық саясатына да таңылады. Ресейдің империялық саясатына қарсылық бұрынғы социалистік мемлекеттерде де анық байқалады. Ресейдің билігі мен қоғамдық санада ұлтшылдық ұғымын сөздің тек ескі мағынасында, тек зиянды саясат пен идеология деп қабылдау әлі де орын алып келеді. Қазақстандықтардың басым көпшілігі Ресейдің саяси идеологиялық ықпалында қалып отыр. Ұлттық мүддені қолдау, мемлекет құраушы ұлттың талабы, отарлау саясатының ұлттың жанына салған жарақатын жазу, орнын толтыру, әлеуметтік, тарихи әділдікке қол жеткізуді, шынайы ұлттық патриотизмді елге зардап әкелетін идеология мен психология ретінде қабылдау әлі де көрініс алады. Қазақстандағы бірқатар орыстілді баспасөзде, орыстілді славян, еуропалық диспоралардың арасында қазақ мәселесін «нациократия», «русофобия», басқаларға қарсы бағытталған пиғыл деп ойлайтындар аз емес.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ұлттық патриотизм орыс халқына емес, империялық үстемдікке қарсы сипат алды. Тіпті интернационализм идеологиясын белсенді насихатталған сайын ұлттың тағдыры төңірегінде үрей, қорқыныш, сақтану, алаңдау сияқты психологиялық көріністер белгі бере бастады. Сонымен бірге орыс, басқа да Қазақстанға қоныс аударғандардың ұлттық санасында туған топырағына деген қызығушылық, тарихи Отанын аңсау сияқты патриоттық сана ұялады. Сол себепті де Кеңес Одағы ыдырамастан бұрын, 70 жылдары орыс, украиндық, тағы басқалар тарихи отандарына орала бастады. 80-ші - 90-ші жылдардың басында 1 млн. 200 мың адам РСФСР, Украина, Беларуссияға оралды. 1991 ж. қыркүйек айындағы зерттеулерге қарағанда, орталыққа деген көзқарастың жағымсыздығын Молдавиядағы орыстардың 79%, Қырғызстандағы - 54%, Батыс Украинада 59 %, Қазақстанда үш орыстың бірі сезген.

Өкініштісі, империя үстемдігіне қарсылықты орыс халқының бірқатары орыс ұлтына қарсылық деп қабылдады. Ал тәуелсіздік алған байырғы халықтардың арасында күнделікті сана деңгейінде ұлттық патриотизм жалаң этнопопулизмге ұласып жатқан тұстары да болды.

Одақтас республикалар түгіл, Ресейдің автономиялық республикаларының байырғы халықтары іргесін Ресейден аулақ салуға тырысты. Оның себебі, біріншіден, «үлкен ағаның» салқын құшағы, көзге шұқитын «қамқорлығы», «мен білемін»дейтін өктемдігі халықтардың намысын аяққа басты. Сондай-ақ ұлттың мүддесін, сұраныстарын менменшіл кеңес билігі көздері жетті. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі империяға қарсы шығуға болатынына көз жеткізді. Ұлттық патриотизм бүкіл социализм әлеміне тарады.

Империялық астамшылықтың тарихи тамыры тереңде. Ресей ғалымы И. В. Малыгина мынадай қорытынды жасайды:

«В полиэтнический российской империи мощное развитие получил «государственный» или «официальный национализм», «национализм, который реализовывался посредством политики «русификации» инородческого населения страны». («Национализм как форма культурной идентичности и его российская специфика. «Общественные науки и современность», 2004, №1 149 бет) . Ғалымдардың айтуынша, бұл саясат екі жүз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді.

Н. М. Ядринцев «Сибирь как колония» атты 1892 жылы Санкт-Петербургте шыққан еңбегінде қазақ жерінде болған орыстану саясатының көріністерін баяндайды. Сібір казактары әдейі қазақ, қалмақ ауылдарын аралап, олардың балаларын, қыздарын, әйелдерін тартып алып тұтқында ұстаған. Көптеген орыстар қазақ қыздары мен балаларын, сатып алып жүрген. Кейде әйелдерді, жетімдерді қазақтар орыстарға сыйға берген. (12 бет) . Олар православ дінін қабылдап, орыстармен отбасын құрып, бірте-бірте орыстанған. Орыстандырудың бұл жолы 1737ж. 16 қарашадағы патша жарлығымен бекітілген (13 бет) . Кейде орыстар қазақ, басқа да халықтарды орыстандыру үшін оларға әдейі үйленген. Автордың айтуынша, төменгі сатыдағы кемшін қазақ, қырғыз, бұряттарды асылдандыру үшін аралас неке аса тиімді.

Сібір, қазақ даласын «орыстың Индиясы» деп қараған патша әйел Екатерина ІІ отарлау саясатының жұмсақ либералды жолын таңдады, барлық ұлттар мен ұлыстардың келісімін қалады. 1763ж. оның жарлығы бұратана халықтармен байсалды бағыт ұстанып, мейірімді, қысымшылық көрсетпеуді, заң жолымен әділ болуды міндеттеді. Бұл саясат орысемес халықтарды орыстың құшағына тартып орыстандыруды көздеді. Дегенмен орыстандыру дөрекі жолдармен жүзеге аса берді: осы мақсатта миссионерлік мектептер ашылды, оларға кейде қазақ балаларын зорлап тартты. Орыстандыру қазақтарды қорқытудың, олардан пара алудың жолына айналды. (119 бет) . Н. М. Ядринцев қазақты шоқындырудың жұмсақ жолын, православ дінін зорлап тақпай, бірте-бірте, діни кітаптарды қазақ тіліне аударуды қолдады (120 бет) . Ол саясат бүгін де жүзеге асуда.

Кеңес билігіне қарсы ұлттық патриотизм терең әлеуметтік психологиялық құбылыс екені белгілі. Басты себебінің бірі СОКП ашық жарияламағанмен, ішкі саясаттың негізіне айналған орыстану саясаты екені анық. Орыс мәдениеті, маркстік-лениндік идеологиямен бірге «жаңа» тарихи қауымдастық кеңес халқының тірегіне айналуға тиісті болды. Бұл жасанды үрдісті қолдау, қамшылау басқа этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін ығыстыруға, шеттетуге әкелді. Ұлттық дәстүрлер ұмытылып, орыс-славян дәстүрлері терең санаға сіңіріле бастады. Наурызды ысырып тастап, христиан жаңа жыл мерекесі мұсылман қазақ, өзбек, басқаларға таңылды. Қазақстанда қыс болмайтындай «орыс қысын» шығарып салып, көктемді қарсы алатын болдық. «Русский характер» жалпыға бірдей мінез-құлыққа айналуға тиісті болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ақпаратты қорғау үшін ұйымдастырылатын әрекеттер
Атырау газетіндегі патриоттық тәрбие мәселесі
Этноәлеуметтану
Мұхтар Шаханов поэзиясының ұлттық мінезі
Ақпарат құралдарының еркіндігі және этикалық жағдайы
Қазақстан Республикасының ақпараттық саясаты, бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) дамуы
Жоғарғы мектеп студенттеріне патриоттық тәрбие берудегі халықтық тәрбие дәстүрлерін пайдалану
Ұлттық саясат: кеше және бүгін
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық дербестік
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті және Алаш идеясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz