Д. Исабеков прозасының көркемдік әлемі


ӘӨЖ 821. 512. 122. 09 Қолжазба құқығында
ТАҢЖАРЫҚОВА АЛУА ВАСИЛИЙҚЫЗЫ
Д. Исабеков прозасының көркемдік әлемі
10. 01. 02- Қазақ әдебиеті
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшілері: филология ғылымдарының докторы,
профессор Б. Әбдіғазиұлы
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Р. Зайкенова
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Т. Сыдықов
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент С. С. Қорабай
Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті
Диссертация 2008 жылғы «31» «қазан» сағат 15. 00 -де
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53. 34. 01 Диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29)
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .
Автореферат 30. 09. 2008 таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы Б. У. Әзібаева
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасырдың 60 - жылдарынан қазақ прозасының дамуына өз үлесін қосқан қаламгерлер қатарында ерекше орыны бар жазушының бірі - Дулат Исабеков. Ғылыми жұмыста көрнекті қаламгердің жазушылық шеберлігі мен көркем туындыларында замана мәселелерін көркемдеудегі сүреткерлік болмысы, шығармаларындағы кейіпкердің ішкі жан иірімдерін бейнелеу жолдары кеңінен ашылып, автордың өзіне ғана тән қолтаңбасы сараланады, сонымен бірге жазушының суреткерлік болмысына тән стильдік ерекшелік кеңінен қарастырылады.
Зерттеудің өзектілігі. ХХ ғасырдың 60 - 80-жылдарындағы әдеби процесті зерделеу - күрделі де көп қырлы құбылыс. ХХ ғасыр аяғындағы әдебиет, оның ішінде 60 - 80-жылдар прозасының хал-ахуалы туралы пікір айту, әрине, іштей қайшылықтарға толы. Осы кезде әдебиет аулына келген, өндірте жазған, туындыларымен қоғамға серпіліс әкелген жазушылар шығармашылығына баса назар аудару қажет. Д. Исабеков шығармаларының тақырыбы, стилі, образдар құрылымы, композициясы туралы бағалы пікірлер айтылғанымен, прозалық туындыларының көркемдік ерекшелігі жүйелі түрде зерттеу өзегіне алынып, ғылыми мақсатта қарастырылмады. Жазушының туындыларын психологиялық тұрғыдан бағалау, шығармаларындағы кейіпкердің ішкі жан иірімдерін бейнелеу тәсілдерін, оның ішінде қазақ халқының ұлттық менталитетіне тән өзгешелікті ашып көрсету біздің бұл зерттеу жұмысымыздың міндеті болып белгіленді .
Жалпы бұл диссертациялық зерттеу қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Дулат Исабеков шығармаларының өзіндік қолтаңбасын айқындап, шығармаларындағы көркем бейненің жасалу жолдарын, ұлттық характердің сомдалуын, кейіпкердің ішкі жан-сезімінің берілуін, жазушының әдебиеттегі өзіндік соқпағын, ізденісін кешенді түрде арнайы зерттеудің аса өзекті мәселе екенін сезінуге байланысты жазылды. Соған орай қаламгер прозасының көркемдік ерекшеліктері, жатсыну формасы мен антиутопиялық сарын іздері жаңашыл ғылыми таным тұрғысынан пайымдалды. Өз кезегінде бұл да жұмыстың өзектілігін айқындайды. Осы арқылы 60 - 80-жылдар әдебиетінің жалпы қазақ әдебиетінің даму барысына тигізген ықпалы анықталып, көркемдік сапасы сараланды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Д. Исабеков прозасы қазақ әдебиетіне соны кейіпкерлер, қайталанбас типтер мен характерлер, әсіресе қарапайым ауыл адамдары образдарының тұтастай галереясын әкелді. Жазушы шығармашылығы жөнінде құнды пікірлер айтылып, сыни мақалалар көптеп жазылды. Жазушы шығармаларының жанрлық ерекшелігі, сюжеттік-композициялық құрылымы, стилі, ондағы кейіпкерлердің адамгершілік сана табиғаты, көркем уақыт пен кеңістік проблемалары, авторлық позиция және тағы басқа да мәселелер М. Хамзин [1], Т. Есембеков [2], М. Қанафина [3], С. Таханов [4], және т. б. еңбектерінде жан-жақты талданды. Д. Исабеков шығармашылығына байланысты зерттелген біршама диссертациялық жұмыстарды атап өтуімізге болады. Мәселен, Д. Неталиева «Д. Исабеков повестеріндегі ұлттық мінез сипаты» атты зерттеу еңбегінде Д. Исабеков повестеріндегі ұлттық мінезді әдеби дәстүр мен жалғастық аясында анықтап, талдаған. Қ. Хамзинаның «Қазақ повестеріндегі көркем уақыт және кеңістік» атты диссертациялық еңбегінде уақыт пен кеңістікті кескіндеу барысында 60 - 80 - жылдардағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерімен бірге Д. Исабековтің де бірталай шығармаларындағы адам концепциясына көңіл бөлінген. М. Қанафина «Проблемы творческой индивидуальности Д. Исабекова» деген еңбегінде жеке тұлға мен жағдай арасындағы тартыс, жеке тұлға мен қоғам арасындағы тартыс жайында сөз етіп жазушының «Қарғын» романына осы тұрғыдан және ұлттық характердің берілуі тұрғысынан келіп, жан-жақты саралаған. Ж. Жарылғапов «70 - 80-жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы» атты диссертациялық жұмысында жазушының бірқатар шығармаларына экзистенциализм тұрғысынан баға берген. Осы аталған зерттеу еңбектерімен танысып, осы жұмыстарда қаралмаған, назардан тыс қалған мәселелерді нысана етуге тырыстық .
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазіргі қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орны бар жазушы Д. Исабеков прозасының ерекшелігін айқындау, қаламгердің шеберлік қырларын, оның шығармашылық лабораториясын зерттеу, шығармаларындағы кейіпкердің ішкі психологиялық иірімдерінің қөріну формаларын зерделеу - бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы көкейкесті мәселелердің бірі. Сондықтан да осы зерттеу жұмысы жазушының шығармашылық даралығын, оның көркемдік тәсілдерді қолдануындағы ерекшеліктер мен заңдылықтарды саралап, туындыларындағы мазмұндық бірлік пен түрлі ерекшеліктер үйлесімін, көркем прозадағы кейіпкердің ішкі жан сезімін беру тәсілдерін дамытуға қосқан үлесін, оның шығармаларындағы ұлттық психологиялық ерекшеліктердің көріну түрлерін, жазушы қаламынан туған әйел кейіпкерлердің мінез-құлықтарын бейнелеу өзгешелігін және қазақ әдебиетіндегі жатсыну мәселесі мен антиутопиялық жанрды дамытуға қосқан үлесін, жалпы қазақ прозасына қаламгер әкелген әдеби жаңалықтарды айқындауға бағытталған. Сонымен қаламгер шығармашылығына ғылыми талдау жұмысы барысында төмендегі мақсаттар мен міндеттерді орындау көзделді:
- Д. Исабеков туындыларындағы әлеуметтік-философиялық мәселелердің көркем тартыс және образ болмысы арқылы көрініс табу ерекшеліктерін ашу;
- Жазушы шығармаларына тән көркем - эстетикалық қырларды ашу арқылы оның өзіндік шығармашылық болмысын анықтау;
- Д. Исабеков прозасындағы кейіпкерлердің ішкі жан иірімдерінің бейнелену тәсілдерін анықтау;
- Суреткер қаламына тән психологиялық тәсілдерді анықтау, оның қазақ әдебиетінің дамуына тигізген әсерін бағамдау;
- Қаламгер шығармашылығында әйел жан дүниесінің берілуі, оған психологиялық талдау жасау мәселелерін зерделеу;
- Жазушы шығармаларындағы ұлттық психологияның берілу түрлерін саралап көрсету;
- Қазақ әдебиетіндегі жатсыну мәселесі мен антиутопиялық жанрдың дамуына қосқан қаламгер үлесін бағамдау.
Зерттеу жұмысының негізгі дерек көздері. Зерттеу нысаны ретінде Д. Исабековтің «Ескерткіш», «Талахан-186», «Ай-Петри ақиқаты», «Есеп шот, түйетауық және домино», «Кемпірлер», «Шалдар», «Жолда», «Мәңгілік қағида» атты әңгімелері мен «Бекет», «Гауһартас», «Сүйекші», «Мазасыз күндер», «Дермене», «Пері мен періште», «Ертегі елінде немесе қоштасу вальсі» повестері және тағы басқа туындылары алынды.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негіздері.
Диссертация жазу барысында осы тақырыпқа тікелей, сондай-ақ жанамалай қатысы бар еңбектер мүмкіндігінше қарастырылды. Атап айтқанда: (Аристотель, А. Веселовский, В. Виноградов, М. Бахтин, А. Есин, И. Страхов, Л. Гинзбург, В. Хализев, Н. Поспелов) және сонымен қатар З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Ш. Елеукенов,
С. Қасқабасов, Ә. Нарымбетов, Р. Нұрғалиев, Ж. Дәдебаев, Б. Әбдіғазиұлы, Қ. Әбдезұлы, Б. Майтанов, А. Ісімақова, З. Бисенғали, Т. Есембеков, Г. Пірәлиева, Г. Елеукенова және тағы басқа ғалымдардың ой-тұжырымдары басшылыққа алынып, зерттеу тақырыбымыздың мақсатына орай пайдаланылды. Өзге де қазақ, орыс, әлем әдебиеттанушыларының қажетті пікірлері мен зерттеулері қарастырылып, ғылыми жұмысымызға теориялық таяныш ретінде пайдаланылды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Диссертация жазу барысында негізінен салыстырмалы талдау, жүйелеу, жинақтау, тұжырым жасау әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұл зерттеу Д. Исабеков шығармашылығын арнайы қарастырған ғылыми еңбек болғандықтан, суреткер шеберлігіне, оның өмір шындығын толыққанды көркем бейнелермен жеткізу бағытындағы ерекшеліктеріне басты назар аударылды. Өйткені талантты суреткердің шығармалары қазіргі кезеңнің әдеби-қоғамдық беталысын бейнелеуге ұмтылған шығармалар болып табылады. Әсіресе сөз зергерінің ұлттық психология, әйел кейіпкердің ішкі жан әлемін бейнелеудегі көркемдік әдістері мен шығармаларындағы жатсыну мәселесі мен антиутопиялық жанр ізденістерінің көрінісін арнайы сөз ету жұмысымыздың негізгі жаңалығы болып табылады.
Жазушы шығармашылығын алғаш рет психологизм тұрғысынан зерделеп, жан-жақты салыстыру мен талдаулар нәтижесінде қаламгер прозасының идеялық-көркемдік ізденістеріне бүгінгі күн тұрғысынан баға беріліп, жазушының туындыларындағы замандас бейнесінің, әйел образының ашылуы қарастырылды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу барысындағы қол жеткізілген нәтижелерді ХХ ғасырдың 60-80-жылдарындағы қазақ прозасы бойынша дәрістер дайындауда, әдебиет теориясы, Д. Исабеков шығармашылығы, оның көркемдік-эстетикалық ерекшелігін зерттеу бойынша арнайы курстар мен семинарлар жүргізуде, ұлттық психология, оның көркем шығармадағы көріну әдіс-тәсілдері жөнінде дәрістер оқуда, сондай-ақ оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жазуда пайдалануға болады. Сонымен бірге дидактикалық, тәрбиелік бағыттағы да мақсаттарға да қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдарды қорғауға ұсынуға болады:
1. ХХ ғасырдың 60 - 80 - жылдарындағы қазақ прозасының дамуындағы стиль түзуші факторларды бейнелеп, осыған сәйкес Д. Исабеков шығармашылығына тән ерекшеліктер бар екені айқындалды.
2. Д. Исабеков шығармаларындағы ұлттық психологияның көріну тәсілдері алғаш рет зерделеніп, ұлттық болмысты, мінезді бейнелеудегі өзіндік қолтаңбасы айшықталды.
3. Жазушы туындыларында кейіпкердің ішкі жан иірімдерін ашуда қолданған көркемдік әдістерді, кейіпкер характерін ашудағы пейзаж, монолог, диалог, психологиялық параллелизм, деталь, т. б. көркемдік құралдарды талдау арқылы жазушыға тән даралық сипаттар сараланды.
4. Суреткердің қазіргі әдебиеттегі жатсыну мәселесі мен антиутопиялық жанрдағы өзіндік өрнегі де бағамдалды.
5. Д. Исабековтің дәстүрлі көркемдік-амал-тәсілдерді шебер меңгерген, қазақ прозасын жаңа белеске көтерген дарабоз қаламгер екендігі дәлелденді.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы . Диссертация Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалып, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазақ әдебиеті бөлімінде және осы аталған институттың Ғылыми кеңесінде талқыланып, мақұлданған. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті белгілеген ғылыми басылымдар мен халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинақтарында жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде жұмыстың жалпы сипаттамасы, тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зертеу әдістері, дереккөздері мен жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы, жалпы құрылымы сөз болады.
«Дулат Исабеков прозасының психологизм сипаты» деп аталатын бірінші бөлім екі тараудан тұрады.
1. 1 «Жазушы шығармаларындағы ұлттық таным». Д. Исабековтің шығармалары - өмірдің өзінен алынып, айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстар өзіндік құнарлы да қарапайым тілімен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туындылар. Суреткердің арнасынан асқақтамай, қысқа да жинақы жазылған әңгіме, повестерінде адам өмірі, табиғи тазалық, адамгершілік, қазақы мінез, қоғамдық өзгерістер шынайы суреттелген.
Жазушы шығармаларында («Ескерткіш», «Бонапарттың үйленуі», «Талахан-186», «Қара шаңырақ», «Кемпірлер», «Ай-Петри ақиқаты», «Шойынқұлақ» және т. б. ) көбіне қоғамды тікелей әлеуметтік айыптау, сынау-мінеу жоқ, жазушы, керісінше, салқын қанды әңгімеші ретінде көрініп, кейіпкерлерін әлеуметтік - психологиялық типтер деңгейіне көтере, сюжеттерді күлкілі ситуация төңірегінде өрбіте отырып, үлкен философиялық жинақтауға қол жеткізеді.
Дулат Исабековтің «Талахан-186» әңгімесі туралы біршама тұжырымдар, пікірлер айтылды. Бір оқып шыққан адамға еріншек қазақтардың болар -болмасты сөз қылған пайдасыз тірлігінен хабар берер әңгіме сияқты көрінгенімен, зер салған оқырман Кеңес үкіметі тұсындағы әлеуметтік қоғамдық тоқыраудың адам психологиясына, ұлтық менталитетке еткен әсерін, яғни, рухани тозған кейіпкерлер іс-әрекетін бағамдары сөзсіз. Автор бұл әңгімесінде бүгінгі күн, өмір шындығынан ауытқымайды. Осы туындыдан біздің қоғамның барлық кемшілігі, қасіреті айқын көрінеді. Қаламгер шығармасында «мына әдеттен без, мынаны үйрен» дейтін жалаң дидактика жоқ, тіпті ешқандай тұжырым да айтылмайды. Өйткені айтарлықтай оқиға да жоқтың қасы, әңгімеде тек шындық, өзгеріске ұшыраған ұлттық болмыс көрінеді. . Жалпы жазушы өзінің уытты тілі арқылы аңқау да бейғам қазақ ауылын суреттегені анық болғанымен, оның әңгімесінің негізгі арқауы - сол замандағы рухани дағдарысқа ұшыраған қазақы орта, ұлттық танымның бүлінуі.
Жазушының «Қара шаңырақ» әңгімесі - ұлттық мінездің негізі ауылмен байланысты екенін тағы бір аңғартатын туынды. Жаппай қалаға көшу, ауылда қалған ата-баба қонысы, үлкен үй саналатын қара шаңырақты күзетіп шал мен кемпірдің қалуы қазақ даласына енген рухани және материалдық өзгерістердің ұлттық менталитетке тиген әсерін айқындай түскендей. Қазақы қара шаңырақтың қасиетті белгісі - бесіктің жастар қолданысынан шығып бара жатқанына деген қынжылысты сезінесіз. Немесе ұлттық мінездің заман өзгеруімен түрленгенін Есіркептің әкесіне: « Көке, сіз демала беріңіз, біз тамақ даярлап жіберейік, » - деуінен тағы бір аңғаруға болады. Қазақ халқында қашан да ер-азамат қазан-аяққа араласпаған, бұл отбасы анасының еншісіндегі дүние екені ықылым заманнан белгілі. Міне, қаламгер осындай кішкентай эпизодтарды шым-шымдап әңгімеге енгізу арқылы қазақы ұлттық мінездің өзгерісін көз алдыңызға әкеледі. Қазір біздің қоғамда үйреншікті болып кеткен әрбір іс-әрекеттің тарихи салт, әдет-ғұрып емес, кейіннен таңылған құбылыс екенін үнемі есіңізге салады. Атақонысқа ие болу, қасиетті қара шаңырақтың отын өшірмеу ер-азаматтың міндеті емес пе еді? Әңгіменің «Қара шаңырақ» аталуы да тегін емес. Қара шаңырақтың иесі саналатын үйдің кенжесі Есіркептің: «Кішкентайды бала бақшаға орналастырамыз», - дегені Шөмішбай қарттың үмітін үзіп, жігерін құм қылды. Бұның өзі - қазақ ұлтындағы ұрпақ тәрбиелеп, өсіруде ата - әже орнының жоғалып бара жатқанының көрінісі. Жастайынан әже әлдиін, ата ертегісін, ұлағатты сөзін тыңдамай өскен ұрпақтың бойында ұлттық менталитеттің, қазақша айтқанда, ділдің берік болуы - екіталай нәрсе . Бұл да - «балаларын өскенше, немерелерін өлгенше бағатын» қазақтың ата-әжелерінің бейнесін толықтыра түсетін әңгіме». [5, 243]
Ұлттық психология төрт белгіге: ұлттық мінездің негізгі нысандарына, ұлттық сезімге, ұлттық санаға және ұлттық мүддеге қатысты. Ұлттық мінездің нағыз көрінісі - қонақжайлық жеке дара қасиет емес, қазақ халқының ұлттық ерекшелігін танытатын қасиет. Қонақжай қазақы мінезге ұлттық тағамды тұтыну, сол арқылы өзара сыйласудың әдеті мен әдебі аясында баға беруді Д. Исабеков қағыс қалдырмаған. «Ақырамаштан наурызға дейін» әңгімесіндегі алғашқы жолдар бала күннен бәрімізге тән ауылдың қонақжайлығы айналасында өрбиді. Бірінсіз-бірі піскен асты алдарына алмайтын тату-тәтті көршілер арасының, құдайы қонақ келсе, қазан асуға жүгіретін қазақы салт іргесінің, ауылдағы қарым-қатынастың кеңестік идеология әсерінен бұзылуы, яғни, «арғы ата - бабама, әкеме тіл тигізді» деп пошташы Отардың падашы Кемпірбайдың үстінен акт жазып, оған куә адамдарға қол қойдыртып, оның аяғы жолдастық сотқа апаруы - ауылда бұрын-соңды болмаған дау шешудің тосын жолы. Қазақтың сөзге тоқтаған тамаша қасиетінің, үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпейтін жақсы салтының жоғалуы ауыл шалдары арасындағы сыйластықтың кеміп бара жатқанын көрсетеді. Ұрпақтың ұлттық мінезді, ана тілді жоғалту мәселесі ақын-жазушыларымыздың өзекті тақырыптарының бірі болып табылады. «Ұлт», «ана тілі», «ұлтжандылық» деген ұлы мәселелерді қоғамға жар салып айтпақ түгілі, ол туралы ойлаудың өзі қылмыс болған кеңестік саясат кезінде-ақ Д. Исабеков - өз шығармалары арқылы қазақ тілінің бейшара кейпін, тілдің жұтаңданып, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ортада қолдану аясының тарылып бара жатқанын шынайы көрсете алған батыл жазушы.
Тіл - ұлттың жаны. М. Жұмабаевтың: «Тілсіз ұлт тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарты - тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарих - тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» [6, 28], - дегенін еске алсақ, ұлттың өмірі, ұлт мінезінің сақталуы бірден-бір ұлтқа қатысты екенін көреміз.
Қаламгердің шығармаларында социалистік идеологияның басты міндеттерінің бірі - орыстану, қазақша ойлаудан, сөйлеуден бас тартқызу екенін әшкерлейтін эпизодтар байқалып қалады. Әңгімелері нақ кеңестік заман тұсында өмірге келгенімен, парасатты жазушы тілден айырылған ұлттың бірте-бірте өзіндік ұлтқа тән мінез-құлықты жоғалтатынын ерте сезініп, астарлы юмор арқылы осы мәселені көтере білді.
«Дулаттың «Қара шаңырақ», «Шалдар», «Кемпірлер» деген үш новелласы оның қаламына тән бір қасиетті, яғни, бүгінгі ауылдың этнографиялық хал-ахуалын жетік білетінін және оны реалистік бояумен тартымды етіп бере алатын мүмкіндігін көрсетеді» [7, 242] .
«Талахан-186» әңгімесіндегі: «Шын аты Бектұр, бірақ ол мектепке барған жылы осы аудандағы қазақтар арасында орысша аталу мода болды да, ол атын Виктор деп өзгерткен болатын», - деген жолдар да қазақы ауылдағы саясат өзгерісін жіті бақылағандай. Жазушы осы тұста қазақ халқының бойындағы еліктегіштік қасиетті де қалыс қалдырмаған. Қанша жерден қатал саясат болса да, ешкімнің азан шақырып қойған атын зорлықпен өзгерте алмайды емес пе? Тілдің қолдану аясы тарылып, барлық іс орыс тілінде жүргізілгендіктен, қазақша адам есімінің қадірсіз болғанын қаламгер бір ауыз сөзбен аңдатады.
Бұл - нағыз қазақы ұлтық мінездің саясат салдарынан өзгеріске ұшырауын дәлелдейтін жолдар. Әйтпесе, ықылым заманнан бері баласына ат қою дәстүріне сонша мән беріп, оны ел ішіндегі беделді адамдардан қалап алып, ырымға балап, молданың азан шақыруымен жария ететін тамаша дәстүр оралмасқа кетті. Сөйтіп, «саяси оқиғалардың тірі көрсеткішіндей Октябрь, Социал, Аврора, Потемкин, Рева, Люция, Коммуна, Стахан, Чапай, Щорс, Роман, Роллан, Максим, Маркс, Энгельс есімді балалар көше-көшелерде құлындай шауып жүрді» [8, 477] .
«Социализм зәулімі» әңгімесіндегі мына жолдарға назар аударайық:
«Жиналыста отырған жиырма бір адамның бәрі қазақ, қазақ болғанда да көпшілігі орысша білмейтін, білсе де, суды «уада» дейтін қазақтар еді ғой, оған қарамастан, Оспан өз ойын түп-түгел орысша айтып шықты. Сөз орысша айтылған соң жұрттың бәрі ұйып тыңдады». Міне, «шаш ал» десе, бас алатын» қазақтың мінезі, бұл жерде жазушы қазақтың еліктеп асыра сілтейтін жаман қасиетін, тобыр санасын сынға алып отыр. Күлкіден гөрі жылағыңыз келеді. Жиналыста отырған қазаққа «орысша сөйле» деген ешкім жоқ. Солай бола тұрса да, саясаттың салқынымен бір-бірімен ана тілінде сөйлесуді ұятқа санаған мәңгүрт сананың нәтижесі - бұл.
Д. Исабеков - шығармаларында өз халқының кемшілігін көріп, аяусыз сынай алған батыл жазушы. Ұлттық характерді ашу дегеніміз - сол ұлттың қасіретін, қарекет, тіршілігін, тағдырын бүркелемей сыртқа шығару. Автор осынау аса қиын, аса маңызды күрделі мәселеге өзінің көркем туындылары арқылы жауап іздеуді мұрат тұтқан.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz