Ілияс Жансүгіров. Абай кітабы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

І Кіріспе.

ІІ Негізгі бөлім

1. Ілияс Жансүгіров. Абай кітабы

2. Ілияс Жансүгіров. Абайдың сөз өрнегі

ІІІ Қорытынды.

Пайдаланылған әдебиеттер .

Кіріспе.

Ілияс Жансүгіров - ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында ( қазіргі Тадықорган облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкерегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді.

Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған.

Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Карағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып катеді.

Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.

1920 ж. Ілияс Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер курсын бітіреді. Артынан Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының жанындағы қысқа мерзімді курсте бес-алты ай оқығаннаң кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты аулына қайтады.

Дауылды жылдардың тартысты тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші»газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып шыңдайды. Жас азаматтың кызметтен өзге уакыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанак» деген тұңғыш кітабы шығады.

1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мүра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.

1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспассөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайратқері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, ССРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазашының М. Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат-кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы опат болды.

1. Ілияс Жансүгіров. Абай кітабы

1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан Абай шығармаларының толық жинағы жеке кітап болып шықты. Бұл қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға еді. Себебі, бұл қазақ жерінде басылған Абай шығармаларының алғашқы жинағы еді. Осы жинаққа дейінгі Абай шығармаларының үш басылымы (1909 жылы-Санкт-Петербург, 1922 жылы -Ташкент және Қазан) қазақ жерінен тыс баспаханаларда жарық көрді. Сондықтан да Абай шығармаларының 1933 жылғы басылымы қазақтың өз жерінде, өз баспаханасынан алғаш шыққан бірінші Абайдың кітабы ретінде тарихта алар орны бөлек. Мұхтар Әуезов баспаға дайындаған бұл жинақтың көптеген ерекшеліктері болды. Соларды атап өтетін болсақ:

- алдыңғы шыққан жинақтарда Абай сөзі оқырманға толыққанды жетпеген еді. 1909 жылғы жинаққа ақын шығармаларының біршамасы кірмей қалған еді, ал 1922 жылғы Қазан және Ташкенттен шыққан жинақтар да айтарлықтай өзгеріс, жаңалықсыз басылып шықты. Ал, 1933 жылғы жинақтың алдыңғыларға қарағандағы үлкен айырмашылығы - Абайдың 62 өлеңі мен екі поэмасы қосылып, сол кезеңдегі «толық жинақ» болып шыққандығы еді.

- баспаға әзірлеген Мұхтар Омарханұлы Әуезов алдыңғы жинақтардағы жіктеу жүйесін қолданбай, алғаш хронологиялық жүйені қолданғандығы еді. 1909 жылғы жинақтағы «Халық туралы», «Өлең туралы», «Ой туралы», «Сұлу ұрғашы туралы», «Аңшылық туралы» деген шартты түрдегі жіктеулердің орнына шығармалардың жазылу уақытына қарай жылдық жүйемен орналастырды және өзінің бұл ісінде Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлы мен Турағұл Абайұлының көмегіне жүгінді. Шығармалар жинағын шығарудағы мұндай жүйе содан бері жарық көрген барлық басылымдарда қолданылып келеді.

- кітапта Абайдың ғылыми өмірбаяны алғаш рет жарияланған еді. Мұхтар Омарханұлы Әуезов ақынның ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын жазғаны белгілі. Осы жинақтағы Абай өмірбаяны еш бүркемесіз жазылған алғашқы нұсқа ретінде құнды екендігін айта кету керек.

- басылымда Абайдың ғылыми өмірбаянымен қатар алғаш рет естеліктер де жарық көрген еді. Олар-Көкбай Жанатайұлы мен Турағұл Абайұлының естеліктері.

- жинаққа үлкен, көлемді (62 бет) алғысөз жарияланған. Алғысөздің авторы Ілияс Жансүгіров. Кітапта «қарап шығып сөзбасын жазған Жансүгір ұлы Ілияс» деп жазылған.

Ілияс Жансүгіров Абай шығармашылығын әркез назарынан тыс қалдырмай, көңіл бөліп отырғандығы белгілі. 1933 жылғы толық жинаққа алғысөз жазудан 10 жыл бұрын 1923 жылы 8 мамырда «Тілші» газетінде «Абай кітабы» атты мақаласы шыққан еді. Бұл мақалада 1922 жылы Ташкенттен шыққан Халел Досмұхамедұлы құрастырған Абай өлеңдерінің таңдамалы жинағы туралы пікір білдірген. Бұл мақаланың құнды жері: Абай өлеңдерінен жиырма шақты сөз тіркестерін келтіріп, қате басылған сөздерді көрсетіп, олардың дұрыс нұсқасы қандай болуы керек екендігін көрсеткен. Бұл мақаладағы І. Жансүгіров ақын шығармаларын «толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу» керектігін айтқан еді. «Абайды жете білетін Шәкерім, Мұхтар, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп осы бастан қам қылып, асықпай, бірнеше жылды мойынға алу керек» - деп жазған еді. Академик Зәки Ахметов бұл мақала туралы: «Сол кездің өзінде-ақ І. Жансүгіровтың Абай шығармаларының толық жинағын тыңғылықты дайындап бастыру мәселесін көтеріп, Абайдың өмірі мен шығармашылығына ең жетік, білгір адамдар деп Ш. Құдайбердиев, М. Әуезов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсыновты атауы айрықша назар аударарлық жай»- деген еді.

І. Жансүгіров Мұхтар Әуезовпен шығармашылық, достық қарым-қатынаста болғандығы белгілі. Сондықтан Абай шығармаларының алғашқы толық жинағын дайындағанда Мұхтар Әуезов алғысөз жазуды өзі Абайдан кейінгі зор ақын, асқан сөз шебері деп таныған Ілияс Жансүгіровке тапсырғаны заңды сияқты.

Толық жинақтың Ілияс Жансүгіров жазған алғысөзіне келетін болсақ, ол: «Абайдың тарихи туысы», «Абайдың қайшылықтары», «сыншыл Абай», «Ұлтшыл Абай», «Бекшіл-байшыл Абай», «Діншіл Абай» және тағы басқа барлығы 22 бөлімнен тұрады. Кейбір бөлімдердегі ой-пікірлер тарихи жағдайлардың ықпалымен жазылғандығы айқын көрінеді. Бірақ Абайдың ақындық шеберлігі суреттелетін алғысөздегі ең негізгі бөлім ретінде «Абайдың ақындығы» атты бөлімге назар аударайық. Жансүгіров алдыңғы бөлімдерде Абайды қаншалықты өз заманынан аса алмаған ақын ретінде суреттесе де, Абайдың қазақ әдебиетіндегі ролі ерекше болғанын айтады. «Абайға дейін қазақ әдебиет ру дәуірінің, бек дәуірінің әдебиеті еді. Батырлардың жырлары, билердің, шешендердің сөздері, шығарылған толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі, ертегілері, ел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрын сауда капиталы кіргізетін жаңалығы мен қазақтың ұлт әдебиетіне белсене кіріскен кісіні біз білмедік, - жаза келе Алтынсары ұлы Ыбырай, Уәлихан ұлы Шоқанмен Абайдың бір тұстас, бір бағыттас болған бірақ, ана екеуіне қарағанда Абайдың әдебиетке қызметі көп, » - деп жазады. «Абайдың ақындық ауданы кең. Ол ақындық өнерінің бір-ақ мазмұнды, бір-ақ түрлі саласын қуып отырған емес, Абай ақындықты, тіл өнерін ақындықтың әр жағына да жұмсайды. Ақынның «Адасқанның алды жөн», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдерін мысалға келтіріп. Абайды тілді (сатирик) ақын дейді.

Абай сыны өз ортасына дәл сын болған. Қазақтың бойындағы міндерін сынауда Абай ащы тілді, ұлы сөзді, сықақты, мысқылды, ілмені, мазақты да қолданғанын айтады.

Абай - толғаушы (лирик) ақын дейді. Оған мысал ретінде: «Өзгеге көңлім тоярсың» өлеңінде Абай өлеңді «жалғыз достым» деп атағанын айта келе, осы секілді «Көлеңке басын ұзартып», «Қарашада өмір тұр», «Адамның кейбір кездері», «Көңіл-күйі тағы да», «Келдік талай жерге енді» - деген өлеңдерін Абайдың ішіндегі шынайы шерін толғайтын өлеңдері деп атайды. Бұл өлеңдердің көбі Абай өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлеңдері.

Жансүгіров Абайды шебер суретші ақын дейді. «Өлеңімен Абай салған суреттер мінсіз, көрікті, тұрманы түгел келеді» - дейді. Оған мысал: - «Аттың сыны», «Қансонарда», «Аңшылық», «Жаз», «Күз», «Қыс» - өлеңдері. «Абай бұл өлеңдерінде ақындықты лақылдатып құя салған. Осы өлеңдерінің қай-қайсысын алсаңыз да, өлең жазылған тақырып алдыңыздан жанды тұлғасымен тұтас түрегеледі.

Алғысөз авторы Абайдың қазақтың ұлт өнеріне деген көзқарасына да тоқталады. Абай қазақтың өнерін «арабшаның ала-шұбарынан, басқаның шәлдірігінен аршып алды. Өлең, ән-күй - өнер, оны бағалауға керек деді. Өзі бағалап, өнер қылып, өзгеге бағалатты.

Осындай өлең жайлы, өлеңнің өнер екені, ақыл екені жайында бірсыпыра пікірлері бар өлеңдері деп «Білімдіден шыққан сөз», «Біреудің кісісі өлсе - қаралы ол», «Құлақтан кіріп бойды алар» - өлеңдерін мысалға келтіреді.

«Өлеңді өнер деп бағалаған Абай - сол өлеңді кестелеп, қазаққа қызмет етті. Өлеңнің өнер екенін көрсетті. Сөз өнерінің үлгілері ретінде өнер белгісін қалдырады. Абайды жазба әдебиеттің - сырлы әдебиеттің басы дейтініміздің бір жағы осында», - деп жазады.

Жансүгіров Абай шығармаларының тіліне қызыға қарайды: «Абай - қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған қор көп. Оның өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, өлеңіндегі сөздер сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай өзі тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын.

Абайдың ақындық қуаты, тілге шеберлігі - оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері - сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген.

І. Жансүгіров Абайдың ақындық шеберлігін талдай келе, ақынның өлең түрін жасаған ақын ретінде айтып өтеді. Абайда ескілі-жаңалы он бір түрлі өлең өлшеуі бар. Жырдың бірінші, үшінші, екінші, төртінші жолы да ұйқасып отыратын көркемдікті қазақ әдебиетіне бастап кіргізген де Абай. Бұл Европа, араб үлгісі. Сөйтіп, қазақтың әдебиетіне бірсыпыра жаңа өлең өлшемдері Абаймен келіп кіреді, - деп жазады.

Осының барлығын алғысөзде қамтуы Жансүгіровтың шығармадағы оңайшылықпен көзге түсе қоймаған сипат-белгілерді байқағыш, айрықша алғырлығын танытады.

Жалпы абайтануға қосқан үлесін айтатын болсақ І. Жансүгіровтың 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының №11, 12 санында «Абайдың сөз өрнегі» аты мақаласы жарық көрді. Мақалада толық жинақтағы алғысөздегі «Абайдың ақындығы» атты бөліміндегі ой-пікірлер дамытылып, Абай шығармашылығының қоғамдық мәнін, көркемдік ерекшеліктерін кең қамтып, жеке шығармалары жайында да өткір, қызықты пікірлер айқан еді.

Ілияс Жансүгіров. Абайдың сөз өрнегі

Абайдың алдындағы қазақ әдебиетінің үлгісі - батырлар жыры, билердің, шешендердің сөздері, жыраулардың толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі қисса, ертегілері ел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрынғы заман әдебиеті - сол ескі жұртшылықтың заман бетінен торыққандығынан туған әдебиет еді. Абай, негізінде, осы жұртшылықпен қайнасып, осы әдебиетпен аяқтасып жатқан ақын. Бірақ Абайдың басына біткен қайшылық Абайды ескі заманға күйіндіре отырып, жаңаның бағытына жырлаттырады. Өміріне қарағанда Абай өлеңге бала жастан-ақ ауызданыпты. Өлеңді шу дегенде арабшадан бастайды: араб, парсы, шағатай

ақындарына сыйынып кіріседі:

Фзули, Шамси, Сайхали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз - бұ һәммәси

Медет бер я шағири фәрият.

Бұл - Абайдың 1858-1859 жылдардын бірінде жазған өлеңі. Абайдың бұл кездегі өлеңі тіпті аз. Болған бірлі-жарым өлеңінің ішінде арабтың, парсының шұбар тілімен бүлдіре жазған өлеңі де бар:

Иузи - раушан, көзі - гауһар,

Лағилдек бет үші ахмар,

Тамағы кардан әм биһтәр,

Қашың кұдірет, қоли шәгә . . . - деген өлеңі және алиф-бидің ғарпімен қызға жазған өлеңі Абайдың алғашқы тілін керсетеді. Басында ол кездегі әдебиетгің тілі де, түрі де осыған айналып та еді. Әсіресе, Абай ауылы сияқты молда, қожалы ауылда, Абай оқыған Семей молдасының, дін мектептеріндегі елге тарайтын түрлі кітап өлеңінің тілі осы еді. Абай мұны ер жетпей тұрған кезінде алса да, ертең-ақ тастап кетеді. Ол кітаптың анандай тілінен жұлқынып шығып, тыңнан жол салады. Қазақтың таза тілін, күшті сөздерін жаңа мазмұнға қалап, жаңа мәдениетке, жаңа әдебиетке жөн тартады. Сөйтіп, Абай өзі өлгенше қазақтың ұлт жазба әдебиетін жасаудың бір қайраткері болады.

Абайдың ақындық ауданы кең. Ол ақындық өнерінің бір-ақ мазмұнды, бір-ақ түрлі саласын қуып отырған емес, Абай ақындықты, тіл өнерін ақындықтың әр жағына да жұмсайды. Бірақ соның бәрінде Абай ақылшы, үгітші не айтса да, не жазса да әлеумет өміріне тірей, әлеумет өмірінен бастап отырады. Өлеңінің көбі үгіт-насихат, мінез-құлық түзеуге арналады . . .

Абай ақыл айту үшін алдымен айналаны мінеп, қазып отырады. Оның көретінінің көбі - ақылға, «адамшылыққа» жатпайтын жаман мінез, жат өнеге. Абай осыларды сынап, мінеп шығады. Абайдың қара сөзінде болсын, өлеңінде болсын оның сыны күшті. Абай сындары өз ортасына дәл сындар болады. Оның «бала асырау» деген қазақ ұғымына айтқан қара сөзіндегі сыны қара қазақтын ұғымын табандатып жеңіп шығады. Оған айтуға дау қалдырмайды. Абай осы міндерді түзеуге жалаң үгітті, сынды, ғана жұмсамайды, Абай ащы тілді, улы сөзді, сықақты, мысқылды, ілмені, мазақты да қолданып отырады. «Адасқанның алды жөн», «Болыс болдым, мінеки» деген сияқты өлеңдері Абайдың біз тілді (сатирик) ақын екенін де көрсетеді. Абай, бұлардың үстіне, толғаушы (лирик) ақын, Абайдын ақындығын көрсететін тәтті өлендері осында. Бірақ Абай толғағанда, сол өз басының күйінен, дүниеге көзқарасынан шығарып толғайды. Өленді жан сергітетін жалғыз достым деп біледі:

Өзгеге көңілім, тоярсың,

Өленді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың.

Сайра да зарла, қызыл тіл.

Қара көңілім оянсын . . .

Міне, осы секілді «Көлеңке басын ұзартып», «Қарашада өмір тұр», «Адамның кейбір кездері», «Көңіл-күйі тағы да», «Келдік талай жерге енді», «Қуатты оттай бұрқырап», «Жүрегім менің қырық жамау» деген сияқты өлеңдері - Абайдың ішіндегі шынайы шерін толғайтын өлендері. Бұл өлеңдердің көбі-ақ Абайдын өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлеңдері. Абай осы өлеңдерінің тұсында орыстың, сүйікті акыны Лермонтовтың бірсыпыра шерлі өлеңдерін қазақшаға аударады. Ол өлеңдердің де өзінің нысанасына келгендерін, жүрегіне жылы ұшырағандарын таңдап аударады. Кейбіріне өзінен сөз жалғап отырады. («Ой», «Жартас» деген өлендер) .

Абай - шебер суретші (художник) . Өлеңімен Абай салған суреттер мінсіз, көрікті, тұрманы түгел келеді. Абайдың ондай бір суретшілікпен көрінетін өлендері - «Аттың сыны», «Қансонарда», «Аңшылык», «Жаз», «Күз», «Қыс» тектес өлеңдері. Абай бұл өлеңдерінде ақындықты лақылдатып құя салған. Осы өлендерінің қай-қайсысын алсаңыз да, өлең жазылған такырып алдыңыздан жанды тұлғасымен тұтас түрегеледі.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен кабақты, - оқыған адам Абайды осы жағынан тани береді.

Абай қазақтың ұлт өнерін ғана өнер деп таныды. Оны арабшаның ала-шұбарынан, басқаның шәлдірігінен аршып алды. Өлең, ән-күй - өнер, оны бағалау керек деді. Өзі бағалап, өнер қылып, өзгеге бағалатты:

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы . . .

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас;

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһрә ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ - ойға олақ.

Абайдың осы секілді өлең туралы, өлеңнің өнер екені, ақыл екені жайында бірсыпыра пікірлері бар. «Білімдіден шыққан сөз», «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол», «Құлақтан кіріп бойды алар» деген сияқты өлендерінің барлығы да - Абайдың өлең, ән-күйге, сөзге қандай баға бергендігін көрсететін елендері.

Өлеңді өнер деп бағалаған Абай - сол өлеңді кестелеп, қазаққа қызмет етті. Өлеңнің өнер екенін көрсетті. Қазақта да мынадай сөз өнерінің үлгілері болады деп өнер белгісін қалдырды. Абайды жазба әдебиеттің - сырлы әдебиеттің басы дейтініміздің бір жағы осында. Абайдың тілі бай, Абай - қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған нәр көп. Абайдың өлеңдеріндегі араб, орыс сөздерінің кірген кейбіреулерін алмағанда - Абайдың жалпы өлеңінің дені сау, тілі таза. Оның

өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, өлеңіндегі сөздері сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай - өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын.

Абайдың ақындык қуаты, тілге шеберлігі - оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері - сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

Сөзді осылай саптап өлеңге кіріскен Абайдың өлеңінің іші - өз мазмұнында алтын болып шығады. Оның аз сөзіне кеп мағына сыйып кеткен, сөз шеңберінің іші қалың қазына, өлең қауызының іші толған дән болады. Абай аз сөзбен, аз мұқаммен көп мазмұнды, көп мағынаны беріп тастайды. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген кішкентай өлеңі болыстың кейіптерін түгел береді. Сол сықылды аз сөзбен ірі мазмұнды айта қоятындығына тағы да бір мысалы, «Желсіз түнде жарық ай», - дейтін өлеңінде ұзақ әңгіменің желісін аз сөзбен қайырып тастайды емес пе? Бұл - Абайдың ақындық қуатының күштілігіне дәлел. «Абайдың әдебиет түріндегі кестесі қалай?» - дегенге келсек, оның әдебиет түрі негізінде өлең. Абай - өлең түрін жасауға қызмет еткен жазушы. Абай бұрынғы қазақтағы ел өлең-жырларының өлшеміне парсы, шағатай, орыс өлеңдерінің үлгісін кіргізіп, үлгілерін кеңітудің үстіне, араб, қазақ әдебиетін жаңалаған адам. Сол түрлерге қазақша тәтті тілмен қызықты мазмұн салып, тыңнан тартқан өз үлгісімен де қазақ өлеңін байытқан ақын.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиетінің құлагері
Ілияс Жансүгіров туралы
Қазақ поэзиясының өрен жүйрігі - Ілияс Жансүгіров
Ілияс Жансүгіров шығармашылығы
Ілияс Жансүгіров еңбектері
І. Жансүгіров лирикасы
Ілияс жансүгіров және сөз өнері
Ж. Аймауытов Ғ. Қарашев Б. Күлеев С. Сейфуллин І. Жансүгіров Б. Майлин шығармашылықтары
Ільяс Жансүгіров
Ж.аймауытов шығармашылығы. ғ.қарашев шығармашылығы. б.күлеев - лирик ақын. с.сейфуллин, і.жансүгіров, б.майлин шығармашылықтары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz