Кітаби ақындар шығармашылығындағы сопылық ілімнің жырлануы. Автораферат



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ - 818. 992. 71
Қолжазба құқығында

Зияева Гулнара Махаматсолиевна

Кітаби ақындар шығармашылығындағы сопылық ілімнің жырлануы

6М020500-филология: қазақ тілі мен әдебиеті


Магистрлік диссертацияның авторефераты

Қазақстан Республикасы
Түркістан - 2015

Диссертация Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орындалған

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының
кандидаты, доцент
С.Ергөбек

Ресми оппоненті: филология ғылымдарының
кандидаты, доцент С.Оразәлиев

КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы әдебиет ерекше тоқталуды, аса ұқыпты зерттеуді қажет ететін, әр қилы көзқарасты, сан алуан бағыттарды топтастырған, көп қырлы әдебиет екені мәлім. Қазақ қоғамы бұл тұста ауыр отарлық езгіні, сонымен сабақтас әлеуметтік-экономикалық күйзелісті бастан кешті. Отарлық езгі діни рухани езгімен жалғасты. Бұл жағдай ұлттың алдыңғы қатарлы өкілдерінің, оқыған азаматтарының әр түрлі көзқараста өciп жетілуіне әсер eттi. Қоғамдық ахуалды бағалаудағы түрлі көзқарастың әсерінен, қалыптасқан түрліше дүниетаным ықпалынан әдебиеттегі сан салалы ағымдар келіп шықты. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы әдебиет қаламгерлік құрамы, қолданған әдеби тәсіліне, ұстанған бағыт - бағдарына қарай зерттеліп келеді. Қазан төңкерісіне дейін қаншама кітаптар шығарған біраз қаламгерлердің туындылары қазіргі таңда қайта басылым көру үстінде. Еліміз егемендік алып, өз ұлтымызды өзіміз тануға толық мүмкіндік болып жатқан кезде, бұл дәуірдегі ipiлi-уақты ақын, жазушылар жаңа көзқараспен қайта қаралып, дұрыс бағалана түсуі тиіс. Бұл қазақ ұлтының ұлттық идеясымен сабақтасты мәселе. Ұлттық идея мәселесі туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Назарбаев өзінің Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ атты Қазақстан халқына Жолдауында: Мен қоғамда: Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек? деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы десе, Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол атты 2015 жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауында: Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз, Түркі жұртының мұраты - Мәңгі ел деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпы ұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді деп қадап айтты [1]. Елбасының бұл айтқан ұлттық идея ұстанымы қазақ әдебиетінің көне тарихын зерттеуге және бүгінмен сабақтастықта қарауға тікелей қатысты. Сондай жаңаша бағалап, бағамдауды қажет ететін әдеби ағым өкілдері - кітаби ақындар шығармашылығы.
Бұл туралы ғалым Б.Кенжебаев: XX ғасырдың басындағы ақын-жазушыларды, кітаби ақындар, ағартушы демократ ақындар деп бөлгенде, бip дәуір әдебиетін екі түрлі принциппен бөлген, жіктеген боламыз. Бұл ғылыми жіктеу емес. Бip дәуірде жасаған ақын-жазушыларды 6ip принциппен ғана, яғни идеялық - әдеби көзқарастарына қарай жіктеген орынды болмақ, - дейді [2]. Қазір бұл ақындар шығармашылығы жариялану, зерттеу-зерделену үдерісінде.
Қисса - дастан қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ерекше өркендеді. Оның бастауы ортағасырлық түрки сопылық әдебиетте және оның Алтын Орда дәуірінде өркендеген жалғасында жатыр. Онда түрік-ислам дүниесінің мол мұралары қамтылып, заман адамдарының зердесінде қазақ мәдениетінің мыңдаған жылдық рухани тарихы бейнеленді.
Сондай-ақ, М.Бөжеев пен З.Ахметовтің [3,581] зерттеулері осы мәселені алғаш көтеруімен құнды болды. Ә.Қоңыратбаев [4, 202-226] пен Ы.Дүйсенбаевтың [5,149] еңбектерінде жүйелене бастады. Қиссашыл ақындардың бipi Шәді Жәңгірұлының шығармашылығын Н.Келімбетов [6] арнайы зерттеу нысанына айналдырды. Сонымен қатар, Ө.Күмісбаев [7], А.Қыраубаева [8] кітаби ақындар шығармашылығын зерттеуге өз үлестерін қосты.
Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен енгізілген Мәдени мұра бағдарламасы бойынша осы салада көп жұмыс атқарылды: Бабалар сөзі жүзтомдығы, көне рухани мұралар жиынтығы Әдеби жәдігерлер атауымен жиырма том болып басылып шықты. Оның үстіне, қазір әр облыс өз жерінің өткені мен бүгінін түгендеп, рухани, әдеби туындыларын жаппай жарыққа шығару үстінде.
Кітаби ақындардың шығармашылығына арқау болған басты мәселе діни сопылық ілім болды. Сопылық ілім олардың танымында ең алдымен Ясауи ілімі мен оның хикметтерінде жатты. Сондықтан олар діни, ғашықтық, хикаялық қиссаларының қай-қайсысында болса да, Ясауи сопылық ілімімен сабақтастырып жырлап отырды. Осы тұрғыдан алғанда, Кітаби ақындар шығармашылығындағы сопылық ілімнің жырлануы атты диссертация тақырыбы өзекті саналады.
Зерттеу жұмысынан алынған нәтижелер.
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үлкен саласы діни ағартушылық бағытта дамыды. Бұл бағыт өкілдері мұсылманша оқыған, соған орай бүкіл шығармашылығы ислам дінімен, мұсылмандық шығыс фольклоры, классикалық әдебиетімен сабақтастықта дамыған дәстүрлі жазба әдебиет өкілдері - кітаби ақындар болды.
- Дәстүрлі жазба әдебиет өкілдері - кітаби ақындардың негізгі шығармашылық жанры қиссалар болды, сонымен қатар назым, дастан, хикая секілді жанрлық атауларды қолданып отырды. Бірақ ең көп қолданған жанрлық атауы қисса болды. Бұл туындылар мұсылмандық, діни сопылық әдеби дәстүрге орай көп жағдайда Алла Тағалаға мадақ, хамд, сәнә жырлаумен басталып отырды. Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлық қызметі, дін жолындағы қайраткерлік еңбегі ерекше жырланды. Сонан соң төрт шарияр, дін жолында қызмет еткен сахабалар мадақталды. Осы жолдардан кейін қисса авторы өзі жайлы, шығармашылық мақсаты туралы діни ойларын, өзі жазып отырған нәзиралық туындының түп негізі туралы мағұлматтарды да жасырмай көрсетіп отырды. Бұл - өзінше кітаби ақындарда шығармашылық дәстүр болып қалыптасқан ерекшелік. Бұл шығармашылық дәстүрдің бір бастау арнасы Ахмет Ясауи хикметтерінің жырлану үрдісінде жатыр. Кітаби ақындар сопы ақынның хикметтерінің жолымен Мұхаммед пайғамбарды, төрт шариярды, сахабаларды жеке-жеке қиссалар етіп жырлаған.
- Кітаби ақындар шығыс әдебиетіндегі түрлі тақырыпты қамтыған шығармаларды нәзира дәстүрінде жырлаумен қатар, төл фольклорлық, түрки-шағатайлық әдеби туындыларды да қайта жырлап жатты. Сондай шығармалардың қатарында адал жардың өмірін арқау еткен Марғұба қатын, Орданың хикаясы қиссаларын ерекше атауға болады. Шығармалардың түп негізі Алтын Орда дәуірі әдебиетінің классикалық жәдігері Қиссау-л-әнбиядан бастау алады. Ясауи шығармашылық дәстүрі мен сопылық ілімі өзінен кейінгі ғасырлар поэзиясына Алтын Орда дәуірі әдебиетіне, онан қазақ әдебиетіне өтті. Осы дәстүр сабақтастығының Алтын Орда дәуірі әдебиетіндегі көріністері ретінде Рабғузидің Қисасу-л-әнбия, Махмуд Кердерінің Наһжу-л-фарадис, сопы ақын Исламның Муғину-л-мурид, авторы Шәрәф немесе Уафаи деп беріліп жүрген Раунақул-ислам секілді еңбектерді атауға болады. Айтылып өткен жайлардан аңғарылатын мәселе - Ясауи сопылық ілімі мен оның ақындық мектебінің дәстүрі Алтын Орда дәуірінде жалғасқаны діни әдебиетке ұласқаны көрінеді.
- Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығында көп жырланатын, айрықша мадақталатын, жұртқа сопылықтың үлгісі ретінде ұсынылатын хикметтер кейіпкері - сопы Мансұр әл-Халлаж және оның оқиғасы. Оның сопылық жолын кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы Қисса Мансұр әл-Халлаж атты дербес туындыға айналдырған. Кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы Ясауи хикметтерімен сабақтастырып, Мансұр, Насим сопылардың оқиғасын қисса етіп жырлауымен өзі де қатты рухтанып, сопылық үлгіде тоғыз шумақ өлеңді шығарманың соңғы сөзі ретінде жырлайды. Кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлының Қисса Мансұр әл-Халаж туындысы - әрі көлемді, әрі қызықты оқиғамен өрілген діни сопылық көркем шығарма. Шығармада негізінен өлең үлгілерінің екі үлгісі он бір буынды қара өлең үлгісі, жеті-сегіз буынды жыр үлгісі алма-кезек қолданылып отырған. Қисса оқиғасы мен Ясауидің әлденеше хикметтерінде жырланған Мансұр оқиғасы бір-біріне өте жақын өрілген. Жүсіпбек ақын өзінің нәзиралық қиссасын хикметтердің желісімен жүріп отырып орындаған. Бұл - ғасырларға жалғасып жатқан әдеби дәстүр сабақтастығы.
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі қисса-дастандардың көркемдік идеялық қазығы Ясауи сопылық ілімі болуына орай кітаби ақын Ақылбек Сабалұлының Марғұба қатын қиссасы мен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Орданың хикаясы дастаны секілді көптеген шығармалар Ясауи негіздеген сопылық поэзия рухында жырланған туынды болды. Тұрмағанбет Ізтілеуұлының Марғұба қиссасымен тақырыптас нәзиралық туындысы ақынның түрлі жинақтарында Рауа Бану, Орданың хикаясы деген атаулармен беріледі. Ортақ сюжетті негізге алған Тұрмағанбет Ізтілеуұлы өз дастанын діни сопылық сарында жырлайды. Ақынның кеңес дәуірінде жинақталған шығармаларында оның дінге, сопылық ілімге қатысты жырланған ой-пікірлері алынып тасталған. Сондықтан да алдыңғы жинақтар мен кейінгі жинақтағы шығарманың арасында мәтіндік айырмашылықтар бар. Қанша бейнет көрсе де, Хақ жолынан таймаған кейіпкерлерге шығарма соңында Алланың рахымы түседі, ал оларға үнемі қиындық келтіріп отыратын, мейір-шапағаттан ада пенделер Тәңірдің қаһарына ұшырайды. Орданың хикаясында рахымы түскен пендесін Алла сопы патшаға жолықтырады, бұл да - шығарманың тақырыптық тұрғыдағы өзіндік ерекшелігі, шешімі. Орданың хикаясындағы соңғы оқиғалар Марғұба қатын қиссасында жырланбайды. Демек, өзегі бір нәзиралық екі туындының түйінді шешімі дербес шығарылған. Тұрмағамбет ақын жырлауында шығарманың өзіне тән, тақырыптық ерекшелігіне орай Орда Бану, патша, патшалық, ел-жұрт өзгеше әуенде, соған орай, Орданың патшалықтан бас тару шешімі де сопылық танымда жырланғаны аңғарылады. Шығарманың бұл шешімі автордың діни сопылық ойларымен сабақтастықта Қайтадан қосып, Алла, осы екеуін, Тудырды өздерінен төрт ұғылды. Пайғамбар төртеуін де етті Тәңірім, Алланың айтты олар халыққа әмірін деп, адал ниет, ер хақын сақтау бақытты, перзентті өмірге, перзенттерінің Алла Тағала пайғамбарлары болуымен байланыстырылып беріледі.
- Діни кітаби ақындар жырлаған қиссалардың біршама бөлігі ғылым-білімді тақырыптық өзек етті, уағыздады. Сол арқылы қазақ әдебиетін тақырыптық, жанрлық және көркемдік жағынан өсірді. Осы әдеби үдерістің бір көркем көріністері ретінде Сұлтан патша қиссасын, Базар жыраудың Айна-тарақ дастанын, сол материалдармен сабақтастықта дүниеге келген Тайыр Жомартбаевтың Қыз көрелік романын айтуға болады. Мұндай құбылыс әдебиетте нәзиралық дәстүр делінеді. Мың бір түннен алынған Сұлтан патша қиссасы мен Айна-тарақ дастанын нәзиралық автор әрқайсысы өз қалауынша өзгеріспен жырлайды. Қазақ әдебиетінде Мың бір түннің бір ертегісінің желісін өзек еткен үш нәзиралық шығарма сопылық ілімнің негізгі тақырыптарының бірі - білім, ғылым өркендеуінің адамзат баласының игілігі үшін зор мүмкіндіктер туғызатын ерекшелігін үндейді. Әйтсе де, осы арада бір дәстүр аясында туған үш туындыдан үш түрлі әдеби құбылысты аңғаруға болады. Сұлтан патша қиссасында прозалық туынды поэзиялық шығармаға айналу үдерісін бастан кешті. Сонымен бірге, қисса авторының өзі тарапынан ғылым-білімге үндеген өмірдегі таза бейілге, көңіл тазалығына, түрлі жаман пиғылдан арылуға, нәпсіні тыйып ұстауға шақырған қиссашыл діни ақынның сопылық ойлары анық аңғарылады. Ал Базар жырау ертегі оқиғасын қазақ еліне, хандық дәуірге алып келеді. Өлең өрнектері де 7-8 буынды толғау, жыр үлгісінде өрілген. Т.Жомартбаев романы ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының ағартушылық ойын, жастардың оқу оқуын, қазақ қызының теңіне қосылуын, жалпы, қазақ жастарының жарқын болашағын білім алу, өнер үйренумен бірлікте қарастырған көлемді прозалық шығарма, әрі жаңа роман жанрының туындысы.
Жұмыстың ғылыми нәтижелер жаңалығы. Ясауи сопылық ілімін өздері жырлаған қисса, хикаяларда негізгі идеялық өзек етіп ұстанған кітаби ақындар шығармашылығының қарастырылуы - зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы саналады. Жүсіпбек Шайхысламұлының сопы Мансұр әл-Халлаж туралы жырланған қиссасы Ахмет Ясауи хикметтерімен сабақтастықта, салыстырыла қарастырылды. Сонымен бірге кітаби ақын Ақылбек Сабалұлының Марғұба қатын қиссасы мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің Орданың хикаясы дастанының Ясауи негіздеген сопылық поэзия рухында жасалған туынды екені көрсетіліп, шығарманың көркемдік сипаты ашылды. Шығармалардың қазақ әдебиетіндегі мәні мен орны анықталды.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Ә.Марғұлан, Ш.Сәтбаева, Ә.Дербісәлин, Б.Ысқақов, З.Ахметов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, А.Қыраубаева, С.Қасқабасов, Р.Нұрғалиев, М.Мырзахметов, Н.Келімбетов, Ө.Күмісбаев, Ә.Дербісәлиев, Б.Әзібаева, М.Маданова, А.Жақсылықов, А.Ахметбек, А.Әбдірәсілқызы, т.б. ғалымдардың зерттеулеріндегі теориялық тұжырымдар мен ғылыми ойлар зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі болды.
Зерттеудің нысаны. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін орындау үшін, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен діни, кітаби ақындардың қиссалары Қисса Мансұр әл-Халаж, Марғуба қатын және Орданың хикаясы дастаны, Сұлтан патша қиссасы, Айна-тарақ дастаны, Т.Жомартбаевтың Қыз көрелік романы алынды.
Тақырыптың теориялық, практикалық маңызы. Кітаби ақындар жырлаған қисса-хикаялардың Ясауи хикметтерімен, оның сопылық ілімімен сабақтастықта қарастырылуы бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін тақырыптық-идеялық ерекшеліктерін арнайы зерттеудің ғылыми-теориялық және практикалық мәні зор.
Зерттеу әдістері. Зерттеу еңбекті жазу барысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін обьективті-аналитикалық, салыстырмалы сипаттау, жинақтау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің мақсат, міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - кітаби ақындардың шығармалығындағы Ясауи сопылық ілімінің көріністерін ашу, талдау, саралау. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер көзделеді:
- қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар шығармашылығының тақырыптық ерекшелігін саралау;
- Ислам дінінің сопылық іліміндегі ясауиа тарихатының негізін салушы сопы ақын Ахмет Ясауидің діни әдеби мұрасын зерделеу;
- кітаби ақын Жүсіпбек Шайхысламұлының Қисса Мансұр әл-Халлаж туындысын Ясауи сопылық ілімі, хикметтерімен сабақтастықта талдау;
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі хикаялық қисса-дастандардың сопылық ілімде жырлануын саралау;
- кітаби ақын Ақылбек Сабалұлының Марғұба қатын қиссасындағы сопылық көріністері мен көркемдік ерекшеліктерін нақтылау;
- Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Орданың хикаясы дастанын Ясауи негіздеген сопылық поэзия рухындағы туынды екенін көрсетіп, шығарманың көркемдік сипатын ашу;
- діни кітаби ақындар жырлаған қиссалардың ғылым-білімді тақырыптық өзек етуі мен уағыздауын саралау; осы әдеби үдеріс негізінде дүниеге келген Сұлтан патша қиссасы, Базар жыраудың Айна-тарақ дастаны, сол материалдармен сабақтастықта дүниеге келген Тайыр Жомартбаевтың Қыз көрелік романындағы ғылым-білімді уағыздаған сопылық ілім көріністерін анықтау;
- аталған шығармалардың осы әдеби құбылыс арқылы қазақ әдебиетін тақырыптық, жанрлық және көркемдік жағынан өсіруін, шығармалардың қазақ әдебиетіндегі мәні мен орнын анықтау.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Диссертациялық жұмыстың сыннан өтуі мен жариялануы.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері мен ғылыми тұжырымдары мына басылымдарда жарияланды:
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
1. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің даму ерекшеліктері. Қазақстанның қарқынды даму кезеңінде жаратылыстану-гуманитарлық білім беру және ғылымды жетілдіру мәселелері атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы. 15-16 мамыр, 2014 жыл. Түркістан қаласы, 549-553бб
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
2. Нәзиралық туынды және шығармашылық үдеріс. Р.Бердібай оқулары-1 Рахманқұл Бердібай және мәңгілік ел идеясы атты атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Түркістан, 14 қараша, 2014 жыл. 153-160 бб
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
3. Ясауи хикметтері және Қисса Мансұр әл-Халлаж сабақтастығы атты мақала ҚазҰПУ Хабаршысы.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------

----------------------------------- ----------------------------------- ----------
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттелу деңгейі, жұмыстың зерттеу нысаны мен мақсат-міндеттері, ғылыми жаңалығы, әдіснамалық негіздері, теориялық және практикалық мәнділігі, сонымен қатар қорғауға ұсынылатын тұжырымдары айқындалып беріледі.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Ясауи сопылық ілімі мен кітаби ақындар шығармашылығындағы дәстүр сабақтастығы деп аталатын бірінші тарау екі тараушадан құралады.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
1.1 Ясауи сопылық ілімі мен Алтын Орда дәуірі әдебиетіндегі дәстүр сабақтастығы деп аталады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті дамуындағы ерекше көрінген жайдың бірі - ежелгі дәстүрлі жазба әдебиеттің қайта өркендеп, Ясауи сопылық ілімі мен сол ілімді негіздеген оның хикметтері сопылық ілім тұрғысынан да, поэзиялық дәстүр тұрғысынан да кітаби ақындар шығармашылығында қисса-дастандар арқылы көрінуі еді. Түркі сопылық поэзиясының тұңғыш толымды үлгісі Диуани хикметті дүниеге келтірген Қожа Ахмет Ясауи - дарынды ақын ғана емес, қоғамды рухани жұтаңдықтан құтқару жолын іздеген өз дәуірінің кемел ойлы, биік мүдделі перзенті. Саналы өмірін сопылық ілімнің қыр-сырын меңгеру жолындағы ізденістерге бағыттаған Ясауи ақын өз кезегінде араб-парсы сопылық поэзиясының үздік тәжірибесін қоса меңгеріп, шығармашылығында өңдеп пайдаланған. Поэтикалық біліктілігі ақынның түркілік поэзияға ғазал, мінәжат, мадх, қытға секілді бірқатар шығыс поэзиясына тән жанрларды енгізіп, түркі әдебиетінде бұрыннан бар жанрлық түрлермен синтездеп, күрделі де көп функциялы хикмет жанрын қалыптастыруына септігін тигізді. Диуани хикмет арқылы іргесі қаланған аталмыш жанр кейінірек түркі халықтары әдебиетінде бірқатар жаңа жанрлардың дербес түр ретінде бөлініп шығуына негіз болды. Ясауи поэзиясының бүкіл болмыс-бітімінен автордың өзі сусындап өскен байырғы түркі әдебиетінің дәстүрлерін жалғап, дамытып, жаңа сатыға көтергені айқын аңғарылады. Бір шығармашылық аясында көрініс тапқан қос үдерістің - дәстүршілдік пен жаңашылдықтың өзара тоғысуы жанр мәселесінде ғана емес, Ясауи негіздеген Орта Азиядағы ақындық мектептің қалыптасуы мен дамуы барысында да шешуші роль атқарды, - деп ясауитанушы ғалым А.Әбдірәсілқызы бағалағандай, Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы, сопылық ілімі дербес мектеп болып қалыптасып, ғасырларға жалғасты. ХІІ ғасырлардан бастап Алтын Орда, қазақ хандығы дәуірлері әдебиетінде, жыраулар поэзиясында өзінің дәстүрлік өрнегі жалғасын тапты. Сондай-ақ, бүгінгі әдебиеттану ғылымында отарлық дәуір аталатын ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зар заман сарынында ерекше көрінді. Әсіресе, Ясауи сопылық ілімі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қатты өркендеген кітаби ақындар шығармашылығында діни қисса-дастандар сипатында көрініс берді.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Ясауи ілімінде нәпсі жамандықтың, ал рух болса жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандықтың бірге болуы мүмкін болмағаны сияқты, нәпсі мен рухтың қатар өмір сүруі де мүмкін емес. Екеуінің бірі ғана өмір сүруі керек. Ал рухтың өмір сүруі үшін, нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының ашылуында жатыр. Рух тазалығынан мақсат, ғашық мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. XIII-XIV ғасырдағы түркі әдебиеті - оған дейінгі әл-Фараби, Сағди, Фирдоуси, Низами, Юсуп Хас Хаджип, Ахмет Ясауи тәрізді ғұламалардың шығармашылығымен ұштастықта, солармен жалғастықта, дүниежүзі мәдениетінің табыстарымен үндесе туған әдебиет. ХІҮ ғасырда ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кітаби ақындардың шығармалығындағы Ясауи сопылық ілімінің көріністерін ашу, талдау, саралау
Ш. Құдайбердіұлы шығармашылығындағы нәзирагөйлік дәстүр жалғастығы
«ҒАЗАУАТ СҰЛТАН» ҚИССАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ХХ ғасырдың басындағы діни-ағартушылық бағыт
Қазақ ақындарының Кәлилә мен Димнә ертегілерін жырлауы
Қисса Сейітбатталдың тақырыптық, нұсқалық және көркемдік ерекшеліктері
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
Айтбай Белгібайұлы айтыс жанрындағы келбеті
ХІХ – ХХ ғасырдағы қазақ қиссалары (тақырыптық, жанрлық, көркемдік мәселелері)
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Пәндер