Қазіргі педагогикалық технологиялардың теориялық-әдіснамалық негіздері



Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 49 бет
Таңдаулыға:   
Қазіргі педагогикалық технологиялардың теориялық-әдіснамалық негіздері

Мақсаты: студенттерге қазіргі білім беру жүйесінде қолданылатын педагогикалық технологиялардың оқыту және оқу тиімділігін арттырудағы рөлін ұғындыру, педагогикалық технологиялардың теориялық-әдіснамалық негіздері туралы түсінік қалыптастыру.

Жоспар:
1. Білім берудегі педагогикалық технологиялар ұғымының анықтамасы және олардың оқыту үрдісіндегі маңызы мен рөлі.
2. Қазіргі оқыту технологияларына тән белгiлер және өзіндік ерекшеліктері
3. Педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеу критерийлерi.
4. Педагогикалық технологияларға қойылатын әдіснамалық талаптар .

Негізгі ұғымдар: білім беру жүйесі, нәтижеге бағдарланған білім, болашақ маман, әдіснама, теория, дидактикалық ұстанымдар оқыту сапасы, оқу жетістіктері, технологиялар тізбегі және т.б.

Ғылыми тұрғыда технология ұғымы өндірістік және әлеуметтік технология деп талатын үлкен екі бағытқа жіктеледі. Әлеуметтік технология - өндірістік технологиядан әлдеқайда ауқымды, жүзеге асыру жағынан күрделі, қалыптасу, даму жағынан ұзақ мерзімді қажет ететін үрдіс. Білім берудегі педагогикалық технологиялар қызмет ету сипаты тұрғысынан әлеуметтік технологияларға біршама жақын.
Қазіргі заманғы ғылыми техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына мүлде жаңа міндеттер қойып отыр. Педагог-ғалымдар қазіргі кезде қолданылып жүрген білім беру технологиясы терминін әр қырынан ашып көрсетуде. Педагогикалық технология термині ХХ ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ пен Англияда қалыптасып, қазіргі уақытта практика жүзінде барлық дүниежүзі елдеріне таралып, білім беру саласында кең өріс алуда. Соңғы кездерде білім берудің жаңа даму бағытын қамтитын оқытудың елуден астам жаңа технологиялары практикаға енгізіліп, кеңінен пайдалануда.
"Технология" - гректiң techne - өнер, шеберлiк, бiлiктiлiк, logos - оқу сөздерiнен шыққан. Технологияға В.Дальдың сөздiгiнде: "белгiлi бiр маңызды әрекетте, өнерде, шеберлiкте мақсатқа жету үшiн қолданылатын әдiс" деп анықтама берiлсе, Қазiргi батыс әлеуметтану сөздiгiнде: "белгiлi әрекетте, өнерде, шеберлiкте қолданылатын әдiс-тәсiлдердiң жиынтығы" деп көрсетiлген. ЮНЕСКО-ның құжаттарында оқыту технологиясына "техникалық және адам ресурстарын, олардың өзара бiрлiгiн ескере отырып, оқытудың тиiмдiлiгiн арттыруды мiндет етiп қоятын мұғалiмнiң бүкiл оқыту iсi мен оқушының бiлiмдi меңгеру әрекетiн ұйымдастырудың, қолданудың және анықтаудың жүйелi әдiстерi" деп анықтама берiлген.

Білім берудегі педагогикалық технологиялар жаңа технология, озық технология, оқыту технологиясы т.б. терминдермен аталуда. Ал бұлардың бір-бірінен айырмашылығы, өзіндік ерекшелігі жайлы ғалымдар арасында қызу пікірталас бар. Жалпы ғалымдар технологияға шеберлікпен өнім алу, нәтижеге жету, белгілі бір жоба, модельмен оқыту сияқты түрлі анықтамалар берген. Солардың ішінде кең тарағаны - В.П.Беспальконың тұжырымдары. Оның тұжырымдары бойынша технология төмендегідей шарттарды іске асыруы тиіс:
* Оқытуда дайындықсыз әрекеттерді болдырмау;
* Оқушының оқу-танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұны оқу-
тәрбие үрдісінің жобасына негізделуі қажет.Осыған орай В.П.Беспалько технология тәжірибеде іске асырылатын педагогикалық жүйенің жобасы,- деп тұжырымдайды. Ал жалпы айтқанда, педагогикалық жүйе дегеніміз - белгілі бір қабілеті бар дара тұлғаны қалыптастыру мен педагогикалық үдерісті ұйымдастыруға қажет құралдар, әдістер мен тәсілдердің өзара байланысқан бірлігі. Олай болса, Г.К.Селевконың оқыту технологиясы − оқытудың тиімді жолдары мен үдерісінде қолданылатын әдістер, тәсілдер мен қағидалар,-деген анықтамасы білім беру технологияларының мәнін аша түседі.
Педагогикалық технология мәселесімен жан-жақты айналысып, зерттеу жүргізіп жүрген ресейлік ғалымдардың бірі - М.М.Левин. Ол педагогикалық технологияның негізгі қызметі - оқу үрдісінің білім беру мақсатын іске асыру және жеке тұлғаны дамыту екендігіне тоқталады. М.Чошанов технологияны дидактикалық жүйенің проссуалдық құрамдық бөлігі деп есептейді.Педагог-ғалым В.М.Шепель: "Технология - белгiлi заттың бейнесiн өзгерту үшiн қолданылатын өнер, бiлiктiлiк, әдiс-тәсiлдер,"- дейдi. И.Г.Зайнышев: "белгiлi затты, тұлғаны сапалы өзгертуде қолданылатын бiлiм мен әдiс-тәсiлдер жүйесi" деген анықтамасын ұсынады. Е.И.Холостов болса, технологияны "белгiлi шығармашылықтан сапалы нәтиже алу үшiн қолданылатын әрекеттер жиынтығы" деп санайды. Ал Р.В.Овчарова оған "адамның әрекетiн, бiлiктiлiгiн, тәжiрибесiн еңбекке қажеттi заттарды, әлеуметтiк шындықты сапалы өзгертуге бағытталған әрекеттер жүйесi" деп қарауды ұсынады.
Ресейлiк ғалымдардың iшiнде технологияның мәнiн бiршама анығырақ айтқан Б.Т.Лихачев: "Педагогикалық технология - оқыту тәсiлдерi мен тәрбие құралдарын, оқытудың түрлерiн жинақтап, арнайы бiрiктiрудiң жолдарын анықтайтын психологиялық-педагогикалық установкалардың бiрлiгi, сондықтан да ол - педагогикалық процестiң инструментарийi болып саналады", - дейдi. Белгілі ғалым М.В.Кларин педагогикалық технологияға педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық дара инструменталдық және әдіснамалық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесі деген анықтама берсе, В.М.Монахов технологияны оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудыратын оқу үрдісін ұйымдастыру және жүргізу,- деп санайды.

Қазақстандық ғалым Ғ.М.Құсайынов педагогикалық технологияны мұғалімнің жоспарланған оқыту мен тәрбиелеу жолындағы мақсаттар мен нәтижеге жету және сабақ беру үрдісіндегі ұжымдық оқыту әдісі. Себебі ұжымдық оқыту әдісі қазіргі заман талабына сай жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеп шығуға мүмкіндік береді. Педагогикалық оқу жоспарлары мен бағдарламаларында берілген оқу материалын оқушылардың өздері бірін-бірі оқыту арқылы меңгеру үрдісі деп санайды.
Ж.А.Қараевтің пікірінше: Технология дегеніміз - әдістемелік жүйе мен сәйкес дидактикалық үрдістер кешенінің тәжірибиеде жүзеге асырылатын жобасы, ал педагогикалық жағдаяттарға сай қолданылатын әдістер, тәсілдер оның құрамды бөлігі болып табылады. Педагогикалық технологияларға берілген анықтамалар мен түсініктерді топтастырып жинақтайтын болсақ, Педагогикалық технология - қоғамның қазiргi таңдағы бiлiм беру саласына қойып отырған талаптарына сәйкес анықталған бiлiм мазмұнын жүзеге асыру үшiн оқөыту мақсатына қол жеткiзу жолындағы тұтас дидактикалық жүйе құрайтын амалдар мен iс-әрекеттер тiзбегi,- деп тұжырымдаймыз.
Көрiп отырғанымыздай, технология туралы қазiргi ғылымда орныққан дәл анықтама болмағанымен, олардың бәрiнiң тоғысатын ортақ арналары бар. Олар, бiрiншiден, технологияның шеберлiкпен, бiлiктiлiкпен байланыстылығы; екiншiден, технологияның сапалық өзгерiс жасау мақсатында қолданылатыны; үшiншiден, технологияның бiртұтас әдiс-тәсiлдер жиынтығынан құралатындығы. Олай болса, технологияның бiлiм мекемелерiнiң кез келген типiнде жаппай қолдануға қолайлы әрi тиiмдi оқу процесiн құрудың жолдарын iздестiрудiң нәтижесi ретiнде туған тұжырым екендiгi даусыз. Бiлiм беру, оқыту процесiндегi технология - қойылған мақсатқа тиiмдi жолмен қол жеткiзудi қамтамасыз етушi жүйе, яғни бiлiм мазмұнын жүзеге асырудың тәсiлi.
Технология, бiр жағынан, бiлiмдiк ақпараттарды өңдеп ұсынудың, өзгертудiң, ашудың әдiстерi мен құралдарының жиынтығы болса, екiншi жағынан, мұғалiмнiң қажеттi техникалық және ақпараттық құралдарды оқу процесiнде қолдана отырып, оқушыларға ықпал етуiнiң тәсiлдерi туралы ғылым. Жалпы педагогикалық технологияның дамуының қайнар көздерiн педагогикалық психологияның, әлеуметтану ғылымының, этнопедагогиканың жетiстiктерi мен озық педагогикалық тәжiрибелер, сондай-ақ өткен жылдардағы отандық, шетелдiк педагогикадағы жинақталған асыл қорлары құрайды. Сол себептi де технология өткеннiң жетiстiктерi мен жаңашылдықты тоғыстыратын, оқыту жүйесiнiң барлық мүмкiндiктерiн оқушының дамуына пайдалануды көздейтiн бiртұтас ұғымға айналады. Түйiндей келгенде, оқыту технологиясы мұғалiм мен оқушының мүддесiне қызмет ететiн, толық үндесiмге негiзделген оқытудың әдiстемелiк жүйесi болып табылады.
Оқыту технологиясына тән белгiлер:
* негiздiлiгi (кез келген технологияның өзiндiк философиясы, өзiндiк тұжырымдамасы болуы шарт);
* жүйелiлiгi (құрылымдық элементтерiнiң бiртұтастығы);
* басқарылмалылығы (оқыту процесiн бастан-аяқ жоспарлап, нәтижесiн тесеруге болатындығы);
* тиiмдiлiгi (қысқа мерзiмде аз шығынмен жоғары нәтижеге қол жеткiзу мүмкiндiгi).
Педагогикалық технологияға қатысты мәселелер жан-жақты зерттелуде. Өздерiнiң қомақты ой-пiкiрлерiмен салмақты орын алып отырған В.П.Беспалько, М.В.Кларин, Г.К.Селевко, М.А.Чошанов, В.В.Давыдовтар технологияның түрлерiн саралауда түрлi бағыттар ұсынады. Солардың iшiнде педтехнологияны түбегейлi зерттеген ғалым Г.К.Селевко білім беру технологияларын төмендегідей топтайды:
-қолдану өрiсiне қарай: жалпыпедагогикалық, жекепәндiк, модульдiк, тарәдiстемелiк;
-мазмұны мен құрылымына қарай: оқыту (тәрбиелеу), зайырлы (дiни), жалпыбiлiмдiк (бағдарлы), гуманитарлық (технократиялық), монотехнологиялық, политехнологиялық, аралық;
-ұйымдастыру түрiне қарай: сыныптық-сабақтық (альтернативтiк). академиялық (клубтық), жеке (топтық), ұжымдық оқыту тәсiлi, саралап оқыту.
Дегенмен, бiр ғана бағытпен шектелетiн монотехнология болмайтыны ақиқат. Кез келген технологияға кешендiлiк тән. Бiрақ өзiнiң таңдаған басым бағытына орай олардың арасында өзгешелiк те сақталады, соған cай белгiлi бiр атауға ие болады. Сонымен, технология - жеке тұлғаны дамытуға негiзделген мақсатты педагогикалық жүйе. Технологияны қолдануда мұғалiм шеберлiгi ерекше мәнге ие. Оның кәсiби шеберлiгi мен оқытудың қандай әдiс-тәсiлдерiн таңдауы ғана технологияның ұтымды болуына алғышарт жасайды. Дәстүрлi оқыту жүйесiнен тыс жасалған технологиялар оқытудың мотивациялық сипатын арттырып, оқушылардың пәнге қызығуын тудырады, оқушының өз айналасындағылармен табиғи бәсекелестiгiн дамытады, оның дара тұлғалық белсендiлiгiн күшейтедi, өз бойындағы қабiлетiн саналы түрде ашуына қолайлы жағдай туғызады, олардың адамгершiлiк сапаларын жетiлдiредi, шығармашылыққа, еркiндiкке ұмтылдырып оқушылардың бейiндi бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк туғызады. Сол себепті педагогикалық технология салалық және локальдік деңгейлерде қолданылу болып бөлінеді.
Салалық ( пәндік) − бір пән шеңберіндегі оқыту мен тәрбие мазмұнын жүзеге асыруға негізделген әдістер мен құралдар жиынтығы.
Локальдік (модульдік) жеке әрекеттер технологиясы ұғымын қалыптастыру, дара қасиеттерді қалыптастыру және дамыту технологиясы, жаңа материалды меңгерту технологиясы, қайталау және бақылауды ұйымдастыру технологиясы, жеке жұмысты ұйымдастыру технологиясы болып іштей жіктеледі.
Оқытуда тиімділік танытатын педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеудiң мынадай критерийлерi айқындалған:
* технологиялардың оқыту талаптарымен үндес болуы;
* технологиялардың білім алушылардың мүддесiне басымдылық беруі;
* технологиялардың оқыту деңгейлерінің кез келгенiнде қолдануға қолайлылығы;
* технологиялардың бiлiм сапасын арттыруға ықпалының айқын болуы;
* технологиялардың студент бiлiмiн объективтi бағалаудағы тиiмдiлiгi;
* технологиялардың студенттің әрекетiн белсендiруге ықпалын тигiзетiндiгi
Педагогикалық технологияның негізгі мақсаты - білім алушылардың даралық тұлғасын дамыту деп санаймыз. Енді осы ұғымға тоқталатын болсақ, педагогикалық технология техникалық және адами ресурстарды ескере отырып оқыту және білімді меңгерудің барлық үдерісін анықтап құру және қолданудың жүйелі әдісі, сонымен бірге білім берудің жолдарын айқындаудың бірі ретінде қарастырады.
Педагогикалық технология-арнаулы және тұрақты педагогикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық педагогикалық жүйені ұйымдастыру бағыттарымен тікелей байланыста қарастырылатын теория мен практиканың зерттеу аймағы деп зерттеуші П. Митчелл қарастырған.
Зерттеуші М.Шошановтың ғылыми еңбегінде педагогикалық технология оқушының оқу танымдық қызметін арттыруға бағытталуы тиіс екендігін айта келіп, педагогикалық технологияның негізгі белгілері ретінде: диагностика мен нәтижелікті, үнемділікті және түзетуді атап өтеді. Педагогикалық технологиялардың бастаулары ретінде педагогика, психология және әлеуметтік ғылымдардың жетістіктерін, озық педагогикалық тәжірибелерді, халық педагогикасын отандық және шетелдік педагогикадағы озық бағыттарды атауға болады. Педагогикалық технология нақты педагогикалық тәжірибе барысында оқу үдерісін жүзеге асырып, оқытып үйрету мен оқып үйренудің шын болмысын бейнелейді.
Бүгінгі оқу үдерісінде қолданылып жүрген педагогикалық технология бағыттары ізгілік, дамытушылық, жеке қарым-қатынастарға негізделген. Ал, бұл технологиялардың дидактикалық негіздеріне: белгілі бір мақсатқа байланысты проблемалық оқыту, студенттердің қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеру, оқу қызметін саралап басқару, оқу үдерісін демократиялық жолмен ұйымдастыруды айтуға болады деп есептейміз.
Педагогикалық технологияның басты ерекшілігі оқу үдерісінің қойылған мақсатқа жетуге кепілдік беретіндігінде. Педагогикалық әдебиеттерде педагогикалық технология ұғымы үш бағытта қолданылады:
1) жалпы педагогикалық денгей - белгілі бір аймақтағы, оқу орнындағы білім беру үдерісін сипаттайды;
2) жеке пәндік-әдістемелік деңгей - жеке пән әдістемесі ретінде қолданылады;
3) элементтік (бөлімді) модельді деңгей-оқу-тәрбие үдерісінің жекелеген бөлігінің технологиясы ретінде қарастырған.
Белгілі ғалым- әдіскер В.М. Монахов Педагогикалық технология - бұл оқушы мен мұғалімнің оқу үдерісін жобалап және ұйымдастыруға бірігіп қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызатын, әбден ойластырылған педагогика-лық іс - әрекетінің үлгісі-, - деп тұжырымдайды.
Қазіргі таңда студент пен оқытушының СӨЖ кезінде бірігіп жұмыс істеп соған қолайлы жағдай туғызу оқу үдерісінің сапасын артыруда әсер етеді. Ал келесі зерттеуші ғалым Б.Т. Лихачев ғылыми-зерттеу жұмысында және педагогикалық әдебиеттерде педагогикалық технологияны оқу үдерісіне белгілі бір мақсат көздей отырып педагогикалық ықпал ету ретінде айқындаған. Педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта студент пен оқытушының үнемі жаңа сипат алып отыратын өзара қарым-қатынасының негізі деп көрсетеді.
Жаңа оқыту технологияларын білім беру жүйесінде жүзеге асыруды-білім беру жүйесінің дамуының заңдылықтарының бірі ретінде қарастыруға болады, өйткені білім беру жүйесін және оның құрамының өзгеруін қажет ететін ескі мен жаңа үдеріс арасында қайшылық болуы табиғи құбылыс. Адам өмірі мен тұрмысының жаңа сапаға көтерілуі, білім мен тәрбиенің мазмұнын жанартуды талап етері сөзсіз. Ал бұл өзгерістер оқыту үдерісінде оқу-тәрбие мақсаты мен мазмұнын, оқыту тәсілдері мен құрал-жабықтарын өзгертумен қатар, оқу үдерісін ұйымдастыру шараларын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Ал, педогогиқалық жаңа технологиялар осы педагогикалық мақсатқа жетудің тиімді жолы екені анық.
Педагогикалық технологияны білім беру саласында пайдаланудың әдіс -тәсілдері, шарттары, дидактикалық-әдістемелік негіздері туралы Қазақстандық ғалымдар Ш.Т. Таубаева, Ж.А. Караев, С.Б. Нұрмағамбетова, Н.А. Оразахынова, Е. Жұматаева, С.А. Муликова, Ж.Ы.Сардарова, Н.А. Асанов, С.А. Нурпеисова А. Саипов, С.А. Көшімбетова, Д.М. Джусубалиева, Ә.Е. Әбеуов, Б.К. Тульбасова, В. Кабдықайырұлы, А.К. Мыңбаева, К.З. Халықова т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында педагогикалық технологиялардың жалпы ерекшеліктері, ғылыми дәйектілігі туралы құнды пікірлер мен нақты ұсыныстар айтқан. Осы ретте білім беру технологияларын әдіскер-ғалымдардың жіктеуін негізге ала отырып, тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары, дамыта оқыту технологиялары, ұжымдық өзара оқыту технологиялары, проблемалық оқыту деп төртке бөліп қарастырамыз.
Қорыта айтқанда, педагогикалық технологиялар бiлiм сапасын жетiлдiрудiң маңызды компонентi деп саналады.

Студент білімін бақылау және тексеру сұрақ-тапсырмалары:

1. Қазіргі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар білім беру сапасына, оқыту үрдісіне қалай әсер етеді деп ойлайсыңдар?
2. Технология ұғымы қандай қажеттіліктерден туындаған? Пікірлеріңді нақты мысалдармен дәлелдеп айтыңдар.
3. Білім берудегі педагогикалық технологиялар ұғымына берілген ғылыми анықтамаларды саралап, өз ойларыңмен дәйектеңдер.
4. Педагогикалық технологиялардың оқыту үрдісіндегі маңызы мен рөлін болашақ педагог маман ретінде түсіндіріңдер.
5. Қазіргі оқыту технологияларына тән белгiлерді және олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындап , тұжырымдаңдар.
6. Педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеудің қандай критерийлерiн білесіңдер?
7. Педагогикалық технологияларға қойылатын әдіснамалық талаптарды жіктеп көрсетіңдер.

2-дәріс. Білім берудегі педагогикалық технологиялардың оқыту үдерісінде жіктелуі

Мақсаты: студенттерге білім беру жүйесінде қолданылатын педагогикалық технологиялардың оқыту және оқу тиімділігін арттырудағы рөлін ұғындыру, ББПТ қолданылу өрісіне орай жіктелуі туралы түсінік беру.

Жоспар:
1. Қазіргі пед. технологиялардың оқыту үдерісінде жіктелуі.
2. Оқыту технологияларын жобалау заңдылықтары мен ұстанымдары.
3. Білім берудегі педагогикалық технологиялардың түрлері және оларға жалпы сипаттама.

Түйінді ұғымдар: пед.технологиялар, жіктелу, ұстанымдар, заңдылықтар, оқыту теориясы, болашақ маман, технологиялар тізбегі және т.б.

Білім берудегі педагогикалық технологиялардың негізгі қызметі - оқу үдерісінің білімдік мақсаты мен міндеттерін іске асыру және жеке тұлғаны дамыту екендігін ғалымдар педагогикалық-психологиялық негіздерін анықтап, оларды философиялық тұрғыдан дәлелдеген. Педагогикалық технологиялар оқушыларға нәтижелі білім беруге бағытталған тиімді құрал болуымен қатар, мұғалімді де сапалы қызметке, нақты нәтижеге жетелейтін механизм болып табылады Ең бастысы оқыту үдерісінде қолданылатын пед.технологиялар сабақтың сапасын арттыруға, дара тұлғаны дамытуға және түпкі нәтижеге жетуге ықпал етуі қажет.
Осы ретте білім беру технологияларын әдіскер-ғалымдар тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары, дамыта оқыту технологиялары, ұжымдық өзара оқыту технологиялары, проблемалық оқыту деп төртке бөліп жіктейді.
Қазіргі оқыту үдерісінде қолданылып жүрген білім берудегі тиімді педагогикалық технологиялар ретінде мынадай педагогикалық технологиялар жіктемесі сұрыпталған:
1. Оқушыны объект ретiнде емес, субъект ретiнде қарастырып, оның дара тұлға ретiнде қалыптасуына жан-жақты әсер ететiн, қарым-қатынастың демократиялық, iзгiлендiру бағытын негiзге алған - оқытуды демократияландыру мен iзгiлендiру негiзiндегi педагогикалық технологиялар (оған жататындар: Е.В. Бондаревский, Д.Б. Серикова, Ю.И. Турчанинова, И.С.Якиманский, Ш.А.Амонашвилидiң iзгiлiктi-жеке тұлғалық технологиясы, Е.Н. Ильинаның гуманитарлық пәндерді адам қалыптастырушы пән ретiнде оқыту жүйесi және т.б. жатады);
2. Оқушының белсендi болуына, проблемалық жағдайда одан шығуды үйрететiн - оқушы әрекетiн белсендiру мен интенсификациялау негiзiндегi педагогикалық технологиялар (оған Е.И.Пассовтың коммуникативтiк оқыту технологоиялары, В.Ф. Шаталовтың тiрек сигнал конспектiлерi негiзiндегі оқыту технологиясы, проблемалық оқыту технологиялары жатады);
3. Балаға сырттан әсер етпей өзiнiң табиғий дамуына ықпал жасайтын, баланың жаны мен жүрегiне жылулық ұялататын - халықтық педагогиканың әдiстерiне сүйене отырып баланың табиғи дамуына негiзделген педагогикалық технологиялар (Л.Н. Толстой, А.Кушнир, М.Монтессори технологиялары жатады);
4. Оқушының туа бiткен ақыл-ой қабiлетiнiң жеке дамуына негiзделген - саралап оқыту технологиясы (Н.Гузик, И.Первин, В.Фирсов т.б.) ;
5. Оқушы мен оқытушы арасындағы қарым-қатынастың тең дәрежеде жүзеге асуын қамтамассыз ететiн - ынтымақтастық педагогикалық технологиясы;
әр оқушының жеке қасиетiн аша отырып, оның қабiлетi мен мүмкiндiк деңгейiне қарай оқыту, тәрбиелеу бағытында жүзеге асатын технологияның түрi - деңгейлеп саралап оқыту технологиясы ;
6. Оқушылардың өз бетiмен жұмыс жасауына және қоғамдық белсендiлiгiнiң артуына әсер ететiн - дамыта оқыту технологиясы (Эльконин-Давыдов, Л.В. Занков, Г.Д. Кириллова, Г.И.Щукина т.б.);
7. Білім алушыларды ұжымда жұмыс iстеуге үйретуде, тiлдесiмде болуына, бiрiн-бiрi үйретуiне үлкен әсер ететiн технология - оқытудың ұжымдық тәсiлi жатады (В.Дьяченко, А.Соколов, А.Ривин, Н.Суртаева т.б.).
Бұл технологиялардың философиялық негiзiнде дамытушы, проблемалық, тұлғаға бағдарланған оқыту жатады. Олар білім алушыларға бiлiмдi дайын күйiнде бермей, тек баланың өз алдына iзденiп өзiндiк дамуына жағдай жасатуға, белсендiлiкке, мәселеге сыни көз қараспен қарауға бағытталған.
Технология - жеке тұлғаны дамытуға негiзделген мақсатты педагогикалық жүйе. Технологияны қолдануда мұғалiм шеберлiгi ерекше мәнге ие. Оның кәсiби шеберлiгi мен оқытудың қандай әдiс-тәсiлдерiн таңдауы ғана технологияның ұтымды болуына алғышарт жасайды. Дәстүрлi оқыту жүйесiнен тыс жасалған технологиялар оқытудың мотивациялық сипатын арттырып, оқушылардың пәнге қызығуын тудырады, оқушының өз айналасындағылармен табиғи бәсекелестiгiн дамытады, оның дара тұлғалық белсендiлiгiн күшейтедi, өз бойындағы қабiлетiн саналы түрде ашуына қолайлы жағдай туғызады, олардың адамгершiлiк сапаларын жетiлдiредi, шығармашылыққа, еркiндiкке ұмтылдырып оқушылардың бейiндi бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк туғызады.
Білім берудегі педагогикалық технологиялар мынандай ұстанымдарға сәйкес қолданылады:
1. Білім беру үдерісінің жариялылығы. Сыныптағы оқушылардың көпшілігі оқылатын материалдың мазмұнын емес, мәнін түсінбеуі себепті оқуға деген қызығушылығын жоғалтады, өз мүмкіндігінен төмен деңгей көрсетеді. Бұл ретте оқушылардың білімге деген оң көзқарасын туғызу үшін өздері орындай алатын оқу қызметін, әрекет түрлерін оқушының өзіне тапсырған дұрыс. Бұл ұстанымның негізі Ш.А.Амонашвили, В.К.Дьяченко, И.П.Иванова, В.Ю.Кричевский, А.С.Макаренко, С.Т.Шацкий еңбектерінде көрініс тапқан.
2. Педагогикалық үдерісті ізгілендіру ұстанымы. Білім беруді ізгілендіру дегеніміз - оқыту барысында мұғалім мен оқушы арасында ізгілікті, ынтымақтастық қарым-қатынас қалыптастыру. Гуманитарлық пәндер мазмұнында оқушылардың басқа адамдармен ынтымақтаса еңбек ету қабілеті, өзіндік "Менін" қалыптастыру, оқушының жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік мол.
3. Оқушының әлеуметтік құзыреттілігін дамыту ұстанымы. Білім беру мен оқытудың жаңа талаптарына сай мұғалім оқушының кез келген әлеуметтік ортада, жағдаяттарда басқа адамдармен қарым-қатынас жасай білу қабілеті мен білігін қалыптастыруға ықпал етуі керек.
4. Дамыта оқыту ұстанымы.Оқыту мен тәрбиелеуді қатар алып жүретін бұл ұстаным оқушының интеллектуалдық, эмоционалдық, ерік-жігерлілік пен ынталану бағыттарын қамти отырып, тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет етеді.
5. Педагогикалық технологиялар тиімділігін арттыру ұстанымы берілген оқу материалының жүзеге асырылуын және күтілетін нәтижені анықтауға көмектеседі.
6.Іс-әрекет теориясын жүзеге асыру. Бұл теорияның негізі - оқушының білімге деген саналы көзқарасын қалыптастыру (А.Н. Леонтьев).
7. Жүйелілік ұстанымы. Қазіргі қолданыстағы педагогикалық технологиялардың мақсаты - тұлғалық қасиеттерді дамыту мен жетілдіру болып табылатындықтан оқыту белгілі бір жүйеге құрылуы тиіс.
Сайып келгенде, бұл ұстанымдардың барлығы оқу іс-әрекеті нәтижесіне оқушының өзіндік "Менін" қалыптастыру арқылы өзіне деген сенімділігін туғызуға көмектеседі. Егер оқушының бойында өзіне деген сенімсіздік болып, ол өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай алмаса, оның сабақты түсінуі, меңгеруі қиындық тудырады. Сонымен қатар мұғалім ынталандыру, қызықтыру, оқушы ерік-жігерін шыңдау, қиындықтарды жою және мақсат қоя білуге бағыттау мәселесіне көп көңіл бөлуі тиіс. Оқушының интеллектуалдық қабілеті, оқу біліктері, "Мен - тұжырымдамасы", ынталандыру мен ерік-жігері өзара тығыз байланыста өз нәтижесін береді. Аталған функциялар бірін-бірі өзара толықтыра отырып, кері байланыс орнатуға және оқушы білімін бағалауға септігін тигізеді.
Кері байланыс мәселесі жаңашыл педагогтар В.Ф.Шаталов, С.Д.Шевченко еңбектерінде кеңінен қарастырылған. Бұл әдіске арнайы, қажетті жағдай жасалғанда ғана қол жеткізуге болады.

3- дәріс . Педагогикалық технологияларда оқу үдерісінін жобалауда заңдылықтар мен принциптер.
Педагогикалық технологияны атқаратын қызметіне қарай әдіскер-ғалымдар төмендегідей топтарға саралайды:
1) Баланың әрекетін жандандыру және жетілдіру негізіндегі оқыту технологиялары:
oo ойын сабақ технологиясы;
oo проблемалық оқыту;
oo тірек конспектілері негізінде оқыту технологиясы;
oo қатысымдық оқыту жүйесі.
2) Оқу үдерісін ұйымдастыру және басқару тиімділігіне
негізделген технологиялар:
oo бағдарламалы оқыту;
oo дифференциалдап оқыту;
oo даралап оқыту;
oo ұжымдық және топтық оқыту тәсілдері;
oo компьютерлік технологиялар арқылы оқыту .
Осы технологияларды қолдана отырып, шығармашылық іс-әрекет талаптары орындау, оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында бағдарламадағы мәтіндерге сәйкес деңгейлік, шығармашылық тапсырмаларды алып қолдануға болады және ол туралы төмендегідей тұжырымдар жасауға болады:
oo оқушылардың шығармашылық дербестігін дамыту арқылы оның жеке тұлғасын қалыптастыруға болады;
oo қызығушылық іс-әрекет түрлері төменнен жоғары қарай, кезекті түрде, белгілі бір ретпен, жүйемен жүргізілуі нәтижесінде шығармашылығы дамиды;
oo қызығушылық іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру біліктері мен ізденімпаздықтың қалыптасуы оқушыларды шығармашылыққа баулиды;
oo оқушыларды танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай топтарға бөліп, сәйкес жұмыс түрлерін таңдап, жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы зор;
oo қызығушылық іс-әрекетте дәстүрлі емес әдіс-амалдар пайдалану интеллектуалдық қабілеттерін дамытып, оқу-танымдық және ғылыми ізденістер жасауға талаптандырады.
Нәтижелі білімді қамтамасыз етуде қазіргі қолданылып жатқан әдіс-амалдар өте мол, оқушылардың қызығушылығын арттыруда жаңа технологиялар да артуда, тек әр мұғалім тиімдісін қолдана білуден ұтады.
Білім беру технологиялары мына негізде ұсынылады:
дамыта оқыту технологиясы;
модульдік оқыту технологиясы;
ірі блогты шоғырландыра оқыту технологиясы;
перспективалық-озық оқыту технологиясы;
ойындық оқыту технологиясы;
оқу материалдарының сызбалық және белгілік модельдерінің негізінде жеделдетіп, оқыту технологиясы;
жекелеген оқытудың технологиясы;
сынып ішіндегі саралап оқыту технологиясы.
Сонымен педагогикалық технологияларды төмендегідей бөліп көрсетуге болады:
* ойын арқылы оқыту технологиясы;
* проблемалық оқыту технологиясы;
* тірек сигналдары арқылы оқыту;
* деңгейлік саралап оқыту;
* міндетті нәтижелерге негізделген деңгейлік оқыту технологиясы;
* бағдарламалап оқыту технологиясы;
* оқытудың компьютерлік технологиясы;
* дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы;
* дамыта оқыту технологиясы;
* модульдік оқыту.
Бұл технологиялардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, В.Ф.Шаталовтың тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясының ерекшелігі:
* үнемі қайталау;
* ірі блокпен оқыту, тіректі қолдану;
* жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал;
* ізгілік;
* зорлықсыз, еркімен оқыту;
* әр оқушының табысының жариялылығын түзетуге, өсуге, табысқа жетуге жағдай жасау;
* оқыту мен тәрбиелеуді біріктіру.
Сондай-ақ әрбір педагогикалық технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың негізгі қарастыратыны оқытуды нәтижелі ету. Педагогикалық жүйедегі негізгі өзекті мәселе - оқушылардың, студенттердің ойлау қабілетін дамытып, өздігінен жұмыс істеуге баулу, өз ойын тұжырымдауға дағдыландыру. Педагогикалық технологиялардың ішінде оқытуды демократияландыру мен iзгiлендiру негiзiндегi педагогикалық технологиялардың тұлға дамуындағы педагогикалық-психологиялық маңызы ерекше деп түсіндіріледі. Өйткені қазіргі қоғамға ең алдымен адамгершілік сапалары қалыптасқан мамандар қажет.
Ш.А.Амонашвилидің тұлғалық-ізгілендіру технологиясы оқушының
жеке тұлғалық қабілеттерін аша отырып, тәрбиелеу мен дамытуды, оның жүрегіне жол табуды, танымдық күшін дамыту мен қалыптастыруды, білім мен қабілетті тереңдететін және кеңейтетін жағдайлар жасауды, өзін-өзі тәрбиелеуді мақсат етеді. Танымдық оқуды, жазбаша сөйлеу қызметін дамытуды, лингвистикалық сезімді, қызметін жоспарлауды, шетел тілінде сөйлеуді, рухани дүниесін байытуды, әлемнің сұлулығын танытуды көздейтін бұл технология барлық жағдайлар арқылы ізгілендіре оқытуды негізге алады. Ш.А.Амонашвилидің технологиясы оқушының қызметін бағалауды бірінші орынға қояды. Сандық бағалаудан гөрі сапалық бағалауға (білім алушының істеген әрекетіне мінездеме беру, нәтижесін шығару, өзін-өзі бағалау мен сыйлауға үйрету) айрықша мән береді.
Дальтон технологиясы оқушының жеке дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Аталған технологияда материалдық-техникалық база негізгі рөл атқарады. Себебі теориялық және практикалық тапсырмаларды орындауға белгілі бір шарттар қойылады. Кез-келген мекеменің материалдық-техникалық базасы аталған талапқа сай келе бермейді. Бұл технологияның кемшілігі болып саналса да, Дальтон технологиясы бойынша оқитын оқушылар уақыттарын жоспарлап үйренеді. Белгілі бір уақыттарға кітапханаға барып, материал жинақтау арқылы білімдерін тереңдете алады. Теориялық білімдерін лабораторияларда іс-тәжірибеден өткізу арқылы практикалық дағдыларын қалыптастырады.
Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясы - қазіргі білім беру үдерісінде ең жиі қолданыста жүрген технология. Бұл технология тілді сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту көздейді. Әдіскер сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш: ол - түсіну. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу де жүзеге аспайтынын айта келіп, тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетінің бес түрін ғылыми айналымға енгізді. Бұл технология тіке байланыс, адамның жеке қабілетін ескеру, сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау, сатылап даму, динамикалық өзгеру, өзектілік ұстанымдарын басшылыққа алып, қатысымдық әдіс арқылы тілді меңгертуді мақсат етеді.
Оқушының айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы - маңызды факторлардың бірі. Зерттеуші ғалымдар субъект әрекетінің ішкі қозғаушы күштері, яғни уәждері оның қоғамдық қатынастары арқылы да қалыптасатынына айрықша назар аударады. Қарым-қатынас арқылы оқушылар арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара сыйластық орнайды. Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі - өнер. Сөйлеу әрекеті тек қарым-қатынас жүйесінде ерекше мәнге ие болады. Себебі тіл сөйлеу әрекеті арқылы танылып, іске асады, студенттің ойлау дағдысын дамытады. Қатысымның мақсаты мен міндеттерін анықтайтын тілдің әлеуметтік, танымдық қызметтері іске асырылады. Сөйлесім әрекеті ойды дәл, анық, әсерлі беруге септігін тигізетін барлық элементтердің жиынтығынан тұратын дұрыс жазу мен дұрыс айта білу дағдыларының нәтижесі болғандықтан, ол әрі күрделі, әрі айқын құбылыс.
Сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым,) тілдесім) қатысымдық бағытта өзара сабақтастыра оқыту, тілдік материалды жүйемен іріктеп, ыңғайлап меңгерту негізге алынады.
Белл-Ланкастерлік жүйе өзара қарым-қатынаста оқыту тәсіліне негізделген. Мұғалімнің басшылығымен ересек оқушылар, оның ішінде жақсы оқитын оқушылар сабақ өткізеді. Бұл әдіс жалпы сауаттылықты ашудың қажеттілігінен туындап, 1791 жылы алғаш рет Белл Индияда, Ланкастер 1801 жылы Ұлибританияда қолданған. Осы әдісті пайдаланып, сабақ жүргізген балалар өз ата-аналарына сабақ берген. Бұл әдіс бойынша негізінен 10 оқушыға сабақ беру тиімдірек болған. Үлкен залдарда 100-500 адамға дейін білім алатын болған. Бірінші үлкен балалар білім алып, алған білімдерін кіші балаларға үйреткен. Одан осы балалардың ішіндегі ересектері таңдалып, олар кішілерді оқытқан. Оларды монитор деп атаған. Мұғалімнен мониторлар бағыт-бағдар, тапсырмалар алып отырған. Басқа жүйелерге қарағанда осы әдісті оқушылар тез қабылдайтын болған.
Қазіргі таңда бұл жүйе қайтадан қаралып, қолданыла бастады. Монитор қызметіне ие болған оқушыдан білімінің тереңдігі, топты ұйымдастыра алу қабілеті, сөйлеу мәдениеті, өз ойын еркін жеткізі білуі, т.б. қасиеттер талап етіледі. Кейде оқушыға мұғалімнің түсіндіргенінен гөрі, қатарлас баланың түсіндіргені анағұрлым тиімді болатыны да рас. Монитор-оқушы өз бетімен білімін жетілдіруге талпынса, басқалар соның дәрежесіне жетуге тырысады. Ал мұғалім бүкіл топты еркін бақылауға мүмкіндік алады. Бұл мұғалімға өзінің кейбір жіберген қателігін түзетуге мүмкіндік береді. Монитор-студент топ алдында ұятқа қалмау үшін мұғалім берген тапсырмаларды ерекше қызығушылықпен орындауға талпынады.

Студент білімін бақылау және тексеру сұрақ-тапсырмалары:

1) Қазіргі оқыту үдерісінде білім берудегі педагогикалық технологиялар қандай ұстанымдарға сәйкес жіктеледі?
2) Білім берудегі педагогикалық технологиялардың қандай түрлерін білесіңдер? Оларға дидактикалық негізде сипаттама беріңдер.
3) Педагогикалық технологиялардың оқыту үрдісіндегі маңызы мен рөлін болашақ педагог маман ретінде түсіндіріңдер.
4) Білім берудің гумандық сипаты дегенді қалай түсінесіңдер? Оның мәні неде?
5) Тұлғалық-бағдарлы білім беру технологияларының түрлерін атап көрсетіңдер.
6) Дамыта оқыту технологиясының өзіндік ерекшеліктерін дәйектеңдер. Аталған технологияда білім алудың,оқытудың және оқудың қандай әрекетін ұйымдастыру басты назарда болады?
7) Неліктен деңгейлеп оқыту технологиясын әр оқушының қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту деп тұжырымдаймыз?

Негізгі әдебиеттер тізімі:

1. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. - М.: Педагогика, 1989.
2. Левина М. М. Технологии профессионального педагогического образования: Учеб. пособие для студ. высш. пед. учеб. заведений. - М.: Издательский центр Академия, 2001. - 272.
3. Чошанов М. A. Гибкая технология проблемно-модульного обучения: Методическое пособие. - М.: Народное образование, 1996. - 160.
4. Қараев. Ж. А, Кобдикова Ж. У. Актуальные проблемы модернизации педагогической системы на основе технологического подхода. - Алматы, 2005.
5. Кларин, М.В. Инновации в мировой педагогике: обучение на основе ис-следования М. В. Кларин. - Рига : Эксперимент, 1995. - 176. (Развивающее обучение).
6. Монахов В.М. Технологические основы проектирования и конструирования учебного процесса. - Волгоград: Перемена, 1995.
7. Селевко Г.К. Современные образовательные технологии: Учебное пособие. - М.:, 1998.
8. Шаталов В.Ф. Куда и как изчезли тройки. - М.:Педагогика, 1980. - 114.
9. Амонашвили Ш.А. Личностно-гуманная основа педагогического процесса. - Минск: Университетское, 1990. - 559.
10. Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Мақалалар зерттеулер. - Алматы: Ан арыс, 2009. Давыдов В.В. Теория развивающего обучения. - М.: ИНТОР, 1996. - 544.
11. Л.В.Занков. Обучение и развитие Под ред. Л. В. Занкова. -- М.: Педагогика, 1975.
12. Монахов В. Проектирование и внедрение новых технологий обучения. - М.:, Педагогика, 1990.
13. Шаталов В.Ф. Куда и как изчезли тройки. - М.:Педагогика, 1980. - 114.
14. Дъяченко В.К. Сотрудничество в обучении: о коллективном способе учебной работы. - М., 1991. - 192.
15. Таубаева Ш.Т. Оқытуың қазіргі технологиялары Бастауыш мектеп. - 1999. - №4. - 5-12.
16. Ж.А Қараев. Ж.У Кобдикова. Кобдикова Ж.У., Оқытудың Үшөлшемді әдістемелік жүйесі педагогикалық технологиясы - нәтижеге бағытталған білім берудің тиімді құралы ретінде. - Алматы, 2008. - 116.
17. Данилов М.А.., Есипов Б.П. Дидактика. - М., 1957.
18. Махмутов М.И. Современный урок. - Фрунзе: Илим, 1985. - 160.
19. Лысенкова С.Н. Оқуға жеңіл болғанда. Педагогикалық ізденіс. - Алматы: Рауан, 1990. - 176.

Қосымша әдебиеттер:

1. Жұмабаев М. Педагогика. - Алматы: Ана тілі, 1992.
2. Смирнова С.А. Педагогика. Теории, системы, технологии. - М.: Академия, 2006. - 224-231.
3. Юсуфбекова Н.Р. Общие основы педагогической инноватики. - М., 1991.
4. Бұзаубақова Қ. Әдістемелік жұмыстағы дебат. Қазақстан мектебі. - 2006. №78
5. Мұқанов М. Жас және педагогикалық психология. - Алматы: Мектеп, 1982. -
6. Әбенбаев С., Ахметова Г., Әбенбаева И. Дәстүрлі емес сабақ турасында Мектептегі шетел тілі, 2003, - №2. - 11-16.

4- дәріс. Тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары

Дамыта оқыту технологиясы - оқушыны жан-жақты ізденуге, өзіндік ой-тұжырымдарын жасай алуға үйретеді. Дамыта оқыту - бұл оқу үрдісінде оқушының барлық мүмкіндігінің толық іске асуына негіз болатын бағдарлы оқыту болып табылады. Дамыта оқыту теориясы Г.Пестолоцкий, А.Дистервек, К.Ушинскиден басталған. Бұл теорияны алғаш негіздеп дәйектеген Л.С.Выготский болса, кейіннен Л.В.Занков, В.В.Элконин, В.В.Давыдов, И.А.Менчинский т.б. тәжірбиелік-эксперименттерінде әрі қарай жалғасын тапты.
Дамыта оқыту тұлғаның барлық қасиетін тұтас бірлікте дамытуға негізделген. Дамыта оқытудың барысында оқушылардың ойлау, байқампаздық қабілеті дамиды, ашық пікір қорғауға талпынады, мәтіндегі басты ойда түсінуге, талдауға ұмтылады, өзін-өзі бағалай білуде пікір алмастыра алады. Тұлғаның өзіндік үні менің ойымша, егер мен болсам, т.б. қалыптасады. Мұның өзі оқушыны ойландырады, тақырыпты терең түсініп, мән-мағынасын ашуға қызығады, өз бетінше жұмыс істеуге ұмтылады, өзіне деген сенімі артады. Шығармашылық қабілеті дамиды.
Кезінде Қ.Жұбанов ХХ ғ. 30-жылдары технология мәселесіне айтарлықтай мән бере отырып, тақырыпты баяндамас бұрын, сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушыны ойлануға, пайымдауға шақыруды, оалрды іздендіре отырып санасына түрткі жасауды дамыта оқыту идеясынан туғанын көрсетеді. Зерттеушінің әдістемелік еңбектерінде блоктық-модульдік, оқыту, дамыта оқыту, қашықтан (аулақтан) оқыту идеяларының көрініс табуы, оның өміршеңдігін құндылығын дәлелдей түседі. Демек, дамыта оқыту оқушының ойлау дүниесін (сөйлеу, интелект, қиял, ес, сезім т.б.) дамытуға әсері ерекше екенін, мәтінді ұғыну, тіл-ойлау-сөйлеудің өзара әрекеттестігі негізінде құрылатынын байқатады. Мұның өзі оқушының ойлау мен сөйлеуін дамытуға ықпал етеді.
Ойлау қабілетінің дамытуда бала қиялы жүйрік, терең болуға тиіс, ол іс-әрекет үстінде дамып, жетіліп отырады. Сабақ барысында оқушылардың теориялық ойлау, пікір алмасуы, ой қорытуы, өзіндік тұжырым жасауы олардың танымдық қабілеттерін арттырады. Дамыта оқыту барысында оқушыларға берілетін жаттығулар мен тапсырмалардың қай-қайсысы болмасын олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағыт-бағдар береді, өз ойларын еркін жеткізуге дағдыланады. Шығармашылық ізденістер, жеке, дара т.б. тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын арттырады, алдарына нақты мақсат қояды, оны шешуге өздіктерінен әрекет жасайды.
Демек, дамыта оқыту барысында танымдық-зерттеушілік әдіс жандана түседі. Мәтінді оқып, жете түсіну, ойлау шығармашылық ізденіске жетелейді. Мұның өзі білімді өз бетінше ізденуге жол ашады. Түсіну-ойлау әрекетінің өзіндік жемісі.
Бұл технология ‹‹оқушы мұғалімнің оқыту әрекетінің объектісі емес, оқудың өзін-өзі өзгерте алатын субъектісі болады›› деген қағиданы негізге алады. Субъектісі болу дегеніміз − ол өзін-өзі өзгертуге қажеттілік болу және оған оқу арқылы қол жеткізу. Яғни, оқығысы келу, оқуды ұнату және оқи алу. Бұл жерде білімді игеру, іскерліктері мен дағдыларының қажеттіліктері жоққа шығарылмайды, алайда тек мақсат ретінде емес, оқушыны дамытудың өзіндік құралы ретінде ғана қарастырады. Мұғалім оқушының өз бетімен ізденуіне жол көрсетуі қажет. Дамыта оқыту технологиясы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына және оның өзіндік шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға баулиды, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Аталған технологияда білім алушының ізденушілік, зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда болады. Ол үшін оқушы осы уақытқа дейін өзінің алған білімінің жеткіліксіз екендігін сезінетіндей болуы қажет. Содан барып оның білім алуға деген ынтасы мен қызығушылығы артады. Сабақ оқу мақсатының қойылуы, оны шешудің жолдарын бірлестіре қарастыру, шешімнің дұрыстығын дәлелдеу тәрізді бөліктерден тұрады. Оқушы теориялық материалды жалаң, жаттанды түрде емес, қарапайым бақылаулар жасау, зерттеулер жүргізу арқылы меңгеруі керек. Дамыта оқытуда қойылатын сұрақтар ойлауды, пайымдауды қажет ететіндей проблемалы сұрақтар болуы қажет. Дамыта оқытуда сабақта жаңа материалды талдауға көп көңіл бөлінеді. Талдау ізденістен тұрады. Талдау барысында мұғалім баланың ой-пікірін бақылауға мүмкіндік алады. Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім оқушыларды жақсы оқитындар, жаман оқитындар деп бөлмей, барлық балардың дамуы үшін жағдай туғызады. Мұғалім мен оқушы арасындағы қатынас ынтымақтастыққа, өзара сыйластыққа негізделеді.

Деңгейлеп оқыту технологиясы

Деңгейлеп оқытуда міндетті және мүмкіндік деңгейлердің өзара сабақтастығы ескеріледі, Блум жүйесі негізге алынады. Деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқушылар берілетін алгоритмдік тапсырмаларды мұғалімнің бағыт-бағдар беруімен орындайды. Деңгейлеп оқытудың жоғарғы сатысы -шығармашылық тапсырмаларды орындауда оқушылардың өзіндік-даралық ерекшеліктері ашыла түседі. Бұл ретте әр оқушының тұлғалық дамуы оның алған білімі мен шығармашылық қабілетіне қарай бағаланады.
Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы дегеніміз - әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту, тәрбиелеу бағытында жүзеге асатын технологияның түрі. В.П.Беспалько деңгейлеп, саралап оқытудың жаңа жолдарын ұсынып, оны төмендегідей деңгейлерге жіктеді:
Бірінші - оқушылық деңгей. Аталған деңгейде ұсынылатын тапсырмалар бағдарлама талабына сәйкес беріледі.
Екінші - алгоритмдік деңгей. Бұл деңгейде тапсырмалардың мазмұны күрделендіріле ұсынылады.
Үшінші - ізденушілік деңгей. Аты айтып тұрғандай, бұл деңгейде ұсынылатын тапсырмалар оқушыны ізденушілікке жетелейтіндей болуы шарт. Олар өзара сабақтастыққа, жүйелілікке негізделіп, оқушылардың танымдық қабілетін мен танымдық құзіреттілігін жетілдіруге бағытталады.
Төртінші- шығармашылық деңгей. Бұл деңгей оқушының шығармашылық қабілетін, дарындылығын, талантын ұштауға, оның жеке қабілетін дамытуға көмектесетін тапсырмалардан тұрады. Аталған деңгей тапсырмалары оқушының бүкіл қабілетін дамытып, жетілдіруге ықпал етеді.
Деңгейлеп оқытуда мұғалім ақпарат беруші және ұйымдастырушы, кеңес айтушы қызметін ғана атқарады. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясының алдына қойған мақсаты  оқытуды оқушының әр түрлі топтарына, ерекшеліктеріне сай бейімдеу, ыңғайлау. Оқушылардың өзіне деген сенімділіктерін қалыптастыра отыра, деңгейлік шығармашылық тапсырмалар және жазба жұмыстарын орындау арқылы шығармашылық деңгейге көтерілуін анықтау.
Деңгейлеп оқыту технологиясы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мүмкіндік береді. Оқушылар оқушылық, алгоритмдік, ізденімдік және шығармашылық деңгейдегі тапсырмаларды орындау арқылы белгілі бір жетістіктерге жетеді. Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың білімге деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.
Оқушыларға үш деңгейлік тапсырмалар ұсынылады.
1-ші деңгей (репродуктивтік) - стандартты ең аз қажетті көлемін қамтиды.
2-ші деңгей (алгоритімдік) - 1-ші деңгей тапсырмаларын тереңдетіп олардың нәтижелерінің себеп-салдарын анықтайтын тапсырмалар.
3- деңгей (эвристикалық) - 2-ші деңгейдің нәтижелерінің басын қосып, жалпылауға, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бастауыш сынып оқушыларының ақпараттық сауаттылықтарын қалыптастыру моделін құру
Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялардың негізгі қасиеттері
Математиканы оқыту жүйесін компъютерлендіру мәселелері
Қашықтықтан оқыту бойынша оқытушылардың кәсіби құзырлылығын қалыптастырудың теориялық және әдіснамалық негіздері
Зерттеудің екінші ғылыми нәтижесінің жаңалығы кәсіби оқыту педагогтарын кәсіби даярлау процесінде инновациялық - технологиялық даярлығын жетілдіру үлгісін жасау арқылы анықталғанында
Жоғары мектептегі педагогикалық технологиялар
Дәстүрлі технологиялар мен инновациялық технологиялардың аражігі
МҰҒАЛІМНІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАЯРЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАС-ТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
ОҚЫТУДЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҚОЛДАНУ
Жаңа педагогикалық технологиялар арқылы болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын жетілдіру
Пәндер