Қоғам және дін


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   

Қоғам және дін

Әлеуметтік құбылыстардың ішіндегі күрделісінің бірі - дін. Қазіргі заманда діннің 250 астам анықтамалары бар. Бірақ, діннің мәні мен мазмұны анықтамалардың көптігімен анықталмайды. Дінтану ғылымында діннің философиялық, теологиялық, феноменологиялық, әлеуметтанулық, психологиялық, биологиялық анықтамалары қалыптасқан. Біз бірінші кезекте дінді әлеуметтік құбылыс, қоғамдық институт ретінде қарастырамыз және діннің жоғарыда аталған анықтамаларын осы қадым тұрғысынан талдайтын боламыз.

Әлеуметтік құбылыс ретінде дін діни сана, діни ілім, дін әрекет, діни қатынастар мен ұйымдар сияқты элементтер мен құрылымдардан тұрады.

Діни сана діни сеніммен тығыз байланысты. Діни сенім тылсым күшті, әлде бір қасиеттілікті мойындауға негізделеді. Бұл тылсым күш, қасиеттілік дүниеден тыс (трансцендентті), алайда ол дүниелік құбылыстар мен үрдерістерге ықпал етіп отырады, дүниеде, қоғамда, жеке адамның тағдыры да түптеп келгенде осы тылсымға тәуелді. Діни сана діни дүниетанымды қалыптастырады. Діни сананы діннің өзегі ретінде қарастыратын дінтанушылар арасында екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бірінші көзқарастағылар діни сенімді интеллектуалдық құбылыс ретінде қарастырады. Олар діни түсініктердің мазмұндық сипатына басты назар аударады. Табиғат пен қоғам, адам санаға ықпал ете отырып, көрнекті бейнелерді қалыптастырады (пайғамбарлардың, әулиелердің бейнелері мен іс-әрекеттері туралы аңыз-әңгімелер), кейінен солардың негізінде ұғымдар, пікірлер мен ой түйіндер дүниеге келеді (ақайд, фықһ, ахлақ саласындағы тұжырымдар) .

Екінші көзқарастағылар сезімге, эмоция мен ырыққа басты назар аударады. Олардың көзқарасында діни сенім бірінші кезекте, діни толғаныстар, діни сезім. Бұл толғаныстар мен сезімдердің басқалардан ерекшелігі жоғарыда аталған тылсым күшке немесе қасиеттілікке (Тәңірге, Құдайға, Аллаға) бағытталғанымен айқындалады. Айталық, махаббат пен сүйіспеншілдік, қуаныш пен үрей адами сезімдер, алайда Аллаға деген махаббат пен Алладан қорқу мүлдем басқа сезім. Теологтар мұндай сезімнің бастауын Құдаймен байланыстырса, дін психологтары туа біткен инстинктілермен немесе тарихи қалыптасқан бейімділікпен (архетиптермен) байланыстырады.

Діни санадағы рационалдылық пен эмоционалдылықтың арақатынасы діни сана деңгейлерін талдағанда жаңа сипат алып, нақтылана түседі. Дінтанушылар дамыған діни жүйелерде екі деңгейдің болатынына назар аударады. Діни сананың бірінші деңгейі - күнделікті тұрмыстық деңгей. Бұл деңгейдегі діни санада бейнелер мен түсініктер, толғаныстар мен сезімдер, дағдылар мен дәстүрлер басым болады. Әрине, бұл деңгейде ақыл-парасат, көңіл-күй, ерік-жігер элементтері де бар, бірақ дегенмен көңіл-күй, ерік-жігердің рөлі басымдырақ. Діни сана көрнекті-образды формаларда көрініс табады және олардың қалыптасуында индивидуальды-тұлғалық ерекшеліктер маңызды орын алады. Сондықтан бұл деңгейді көбінесе діни психологиялық деп те атайды.

Діни сананың екінші деңгейі - теориялық-концептуалдық деңгей. Бұл деңгейдегі діни сана жүйеленген діни ілімде көрініс табады. Діни ілімнің мазмұны Қасиетті кітаптарда (Інжілде, Құранда, Трипитакада, Торада), діни ұйымдар мен діни ғұламалардың шешімдерінде көрініс тапқан. Діни қағидаттардың мәңгілігі мен өзгермейтінін мойындау нағыз діндарлықтың, тақуалықтың белгісінен саналады. Қасиеттендірілген (канондалған) қағидаттарға күмән келтіру күпірлік, ал оларды мойындамау немесе терістеу дінбұзушылық (ересь) болып танылады. Діни ілімнің мазмұны діни білімнің ерекше саласы - теологияда немесе богословиеде (христиандық бағыттарда), ақайдта (ислам бағыттарында) жетілдіріліп отырады. Діни сананың теориялық-концептуалдық деңгейінде діни идеологияны қалыптасады.

Дінді әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырғанда, басты мәселе діни сана объектілерінің ақиқаттылығында немесе жалғандығында екенінде емес, олардың адамның ой-санасына, жүріс-тұрысына, ұстанымдары мен құндылықты бағдарларына қалай әсер ететіндігінде. Қоғамдағы адамдардың бәрі бірдей Құдайға сене бермейді. Алайда дінге келіп, иманға бет бұрған адам Иллаһи заңдарды орындауды өз өмірінің ең мәнді құрамдас сипаты ретінде қарастырады. Сондықтан діни әрекеттің ең маңызды бағыты - ғибадат. Ағылшын антропологы Р. Мареттің пікірінше, дінге ерекше сипат беріп, оны басқа да қоғамдық сана мен әлеуметтік институттардан өзгешелендіретін нәрсе - ғибадат жүйесі [1] . Осы тұрғыда діннің ерекшелігі діни сенімнің немесе діни сенім объектісінің айырықша сипатында емес, діни түсініктер мен ұғымдардың, образдардың ғибадат жүйесінде рәміздік сипатқа ие болып, осы сапада әлеуметтік қатынастарда көрініс табуында. Сондықтан діни сана мен діни әрекет өзара тығыз байланыста болады.

Діни әрекеттің ажырамас құрамдас бөлігі - әдет-ғұрыптар. Әдет-ғұрыптар әлеуметтік қауымдастықта бекітіліп, дәстүр сипатына ие болған, белгілі бір идеялар мен түсініктерді, мұрат-мақсаттарды рәміздейтін стереотипті іс-қимылдар жиынтығы. Әдет-ғұрыптар ғибадаттардан ерте қалыптасқан болса керек. Дегенмен, әдет-ғұрыптардың бастауында әлде бір тылсым күшке деген сенім жатады. Осы сенімге негізделген әдет-ғұрыптар уақыт өте ғибадат немесе құлшылыққа айналады. Ғалымдардың пайымдауынша адамзат тарихындағы алғашқы ғұрыптар жерлеу рәсіміне қатысты қалыптасады. Көне мәдениеттерде адамзат қауымдастықтары жерлеу рәсіміне өте үлкен мән берген және мұқият тиянақтылықпен атқарған. Жерлеу рәсіміндегі қателіктер рухтың разы болмауын тудырады әрі артында қалған ұрпақтарына қатер төндіреді деген сенім орныққан, ал мұның барлығының негізінде анимистік, яғни рухтың, жанның мәңгілігіне сенім жатыр. Археологиялық қазбалар көрсеткендей діни наным-сенімдердің өзгеруіне байланысты жерлеу рәсімі де өзгеріп отырған.

Әдет-ғұрыптар қоғамда маңызды әлеуметтік қызметтер атқарады, солардың ішіндегі бастыларының бірі - әлеуметтік тәжірибені индивидтердің бір-біріне, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыруы. Әдет-ғұрыптардың бәрі бірдей діни наным-сенімдермен байланысты бола бермейді, бірақ діни жүйелерде ғана әдет-ғұрыптар маңызды сапалық ерекшеліктерге ие болады. Діни әдет-ғұрыптардың ерекшелігі олардың идеялық мазмұнында және қандай идеялар мен түсініктерді, құндылықтарды бейнелейтіндігінде. Әрбір тарихи дін типі өзіне ғана тән ғибадаттар мен әдет-ғұрыптар жүйесін қалыптастырады. Айталық барлық көне мәдениеттерде сумен тазару рәсімдері болған. Тиым салынған харам нәрсемен ластанған адам сумен тазарудың күрделі рәсімінен өтуі тиіс. Христиан дінінде сумен тазару шоқыну мағынасына ие болды. Ал шоқыну алғашқы күнәдан тазаруды, христиан дінін қабылдауды рәміздейді. Ислам дініндегі дәреттің мәні де осыған ұқсас. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде дәрет суы адамның дене мүшесінің күнәсін тазартатыны туралы көп айтылған.

Діни ғибадат адам мен оның сенім объектісінің арасында белгілі бір қатынастар болады деген сенімге негізделеді. Исламда әрбір ғибадаттың өз сауабы болатыны, оның адамды күнәдан тиып, жақсылыққа бастайтынына көп мән беріледі. Жалпы ғибадаттар Алланың үкімдері және осыған орай адам Оның үкімдерін орындаса осы дүние де, ақіретте де өзіне бір жақсылық болатынына сенеді.

Діни қатынастардың екі түрін ажыратуға болады. Біріншісі адам мен Құдай арасындағы қатынастар. Бұл қатынастар жоғары да аталған ғибадаттар арқылы реттеліп отырады. Адам мен Жаратушының арасындағы қатынастың ерекше бір түрі - дұға. Дінтанушылардың пайымдауынша дұға сөздің киелі қасиетіне, адамның белгілі бір объектіге сөз арқылы ықпал ету мүмкіндігі сеніміне негізделеді. Әлемдік діндерде дұға Құдайдан сұрауды, Оны мадақтауды білдіреді.

Діни қатынастың екінші түрі - адамның адамдарға және Құдайдың басқа да жаратылыстарына қатынасы. Соңғысы ислам дінінде шариғат нормалары арқылы, христиандықта канондалған құқық жүйесі арқылы жүзеге асады. Яғни дін адам мен Жаратушы арасында байланыс орнатып қана қоймады, сонымен қатар діни мораль мен Құдай үкімдеріне сүйене отырып, адамның қоғамдағы әлеуметтік қатынастарын да реттейді.

Діннің қоғамда алатын орны оның атқаратын қызметтері арқылы нақтыланады. Дін қоғамда дүниетанымдық, компенсаторлық, топтастырушылық, заңдастырушылық (легитимдендірушілік) қызметтер атқарады. Дінтану мен әлеуметтануда діннің қызметтері деп оның адам мен қоғам өміріне ықпал етуінің сипаты мен бағытын айтады. Яғни дін жеке адамға, жамағатқа немесе жалпы қоғамға не береді, діннің әсерінен қандай өзгерістер орын алады деген сұрақтарға жауап беру барысында оның қоғам мен адам өміріндегі орны мен маңызы айқындалады.

Діннің маңызды әлеуметтік қызметтерінің негізгісі - дүниетанымдық қызметі. Себебі діннің басқа қызметтері содан бастау алады. Сондықтан дүниетанымды діннің іргетасы десек артық айтпаймыз. Дүниетанымдық қызмет адамның қоғамға, табиғатқа деген көзқарасы мен қатынасын қалыптастырады. Діни дүниетаным барлық ғаламды жаратқан Құдай және дүниедегі үдерістер мен құбылыстар Жаратушының қалауымен жүзеге асады деген принципке негізделеді. Діни дүниетаным жеке адам мен қоғамның тіршілік етуінің басты қағидаттарын жасақтайды. Бұл қағидаттар діндердің әлеуметтік-этикалық ұстанымдарында көрініс табады. Дін әлем мен адамның жаратылуын және жаратылыс мәнін түсіндіреді. Діни дүниетанымның анимизм, фетишизм, тотемизм, политеизм және монотеизм тәрізді тарихи формалары бар. Монотеистік діни дүниетаным адамға өзінің шектеулі табиғатынан арылып, шексіздікпен ұласуына ықпал етеді, сол арқылы әртүрлі қиындықтарды жеңуіне мүмкіндіктер туғызады. Сондай-ақ жұмақ және тозақ түсініктері арқылы жамандықтан тежеп, жақсылыққа бағыттап отырады.

Дiннің компенсаторлық қызметі орын алып отырған жеке және әлеуметтік жағдайларға төзімділікті шыңдайды. Қоғамда әртүрлі әділетсіздіктер орын алып, жазықсыз адамның жапа шегуі жиі кездеседі. Осындайда діннің әмбебапты әділеттілік қағидаты адамға көріп отырған қиыншылықтарының себебін түсіндіру арқылы оларға сабырлылықпен қарауға үйретеді. Мысалы, христиандық дінде алғашқы туа күнә, яғни Адам ата мен Хауа ананың күнәсі барлық адамдарға таралатыны, Ібілістің адамды азғыруы және т. б. идеялары әділетсіздік пен қиыншылықтардың себебін күнәһарлықпен байланыстырады. Сонымен қатар діни дүниетанымға сай бұл дүние сынақ әлемі, осы сынаққа сабырлық таныту, пайғамбарлық төзімділік пен ұстамдылық жұмаққа ашылатын есік ретінде қарастырылады. Діннің бұл қызметі адам бойындағы үміт сезімімен тығыз байланысты. «Үмітсіз тек шайтан», ал адам әрқашан Құдайға деген сенімі мен оның мейіріміне деген үмітінен айырылмауы керек. Осылайша дін адамды шарасыздық пен дәрменсіздіктен шығуына мүмкіндік береді. Адамды жұбату арқылы дін оның психикасы мен ішкі жан дүниесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей дiни ғибадаттарды орындау барысында адам Жаратушы мен және басқа да діндарлармен қарым-қатынасқа түседі. Осы қарым-қатынасты орнату арқылы дін коммуникативтiк қызметті жүзеге асырады. Діннің коммуникативтік қызметі дiни әрекеттер мен қатынастарды, діни ілімді тарату мен алмасу, сұқбаттасу процестерiн қамтиды. Діннің коммуникативтік қызметі тек ғибадат және діни ақпарат алмасу саласымен шектелмейді. Ол діндарлардың діннен тыс қатынастарын да қамтиды (өзара экономикалық қолдау және әлеуметтік көмек көрсету, мейірімділік шараларын ұйымдастыру және т. б. ) .

Дiннiң реттеушi функциясы белгiлi бiр идеялар, құндылықтар, қағидаттар, рәсім-рәміздер, діни институттардың көмегiмен жеке адамдардың, жамағаттардың әрекетiн және қарым-қатынастарын, санасы мен жүрiс-тұрысын басқаруды жүзеге асырудан көрiнедi. Діни жүйелер қарапайым діндарлар мен жамағаттар үшін үлгі болатын пайғамбарлар мен әулиелердің өмірі мен ілімін дәріптеу арқылы діни жүріс-тұрыс стереотиптерін қалыптастырады. Діннің реттеушілік қызметінде діни нормалардың (дiни құқық, мораль), үлгiлердің (елiктеу), ішкі рухани және сыртқы әлеуметтік бақылаудың қолдау мен айыптау жүйесiнiң маңызы өте зор.

Дін адамдарды белгілі бір діни ілім негізінде топтастыруы және бұл ілімді мойындамайтындардан оқшаулауы да мүмкін. Мұны діннің интеграциялаушы-дезинтеграциялаушы функциясы деп атайды. Дін Э. Дюркгейм атап көрсеткендей ұжымдық тұтастықты қалыптастырады. Интеграция әлеуметтік құрылымның тұрақтылығына ықпал етіп, оның үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етсе, деинтеграция оның әлсіреуіне алып келеді. Діндер тарихы осы екі тенденцияның өзара ықпалдасып отыратынын байқатады. Перифериялық діни ілім уақыт өте адамдар санасында түбегейлі дүниетанымдық өзгерістер тудырып, ықпалды діни жүйеге айналуы мүмкін. Дегенмен, діни алуан түрлілік адамзат қауымдастығана тән құбылыс. Сондықтан қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты құралдарының бірі - діни толеранттылық десе болады. Діни алауыздықтар, діни тағатсыздық жеке адамдардың ғана емес, жалпы қоғамның өміріне аса қауіпті жағдайларға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар әрбір әлеуметтік жүйе өзінің ішкі тұтастығы мен бірлігін сақтауда рухани іргетастарға, соның ішінде діни құндылықтарға да арқа сүйейтіні белгілі. Осы тұрғыда дін ұзақ тарихи уақыт барысында әлеуметтік жүйелердің орнықтылығын қамтамасыз ететінін айта кетуіміз керек. Белгілі неміс дінтанушысы М. Мюллер этностардың қалыптасуына ықпал ететін негізгі екі факторды тіл мен дінді атап көрсете отырып, этникалық идентификацияда тілге қарағанда діннің әлде-қайда маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Оның бұл көзқарасы қазірде өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Дін адам мен қоғам өмірінің маңызды құрамдас бөлігі бола отырып, мәдени құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде белсенді рөл атқарады . Дін рухани құндылықтар мен ұстанымдарды қалыптастырып қана қоймайды, сонымен қатар оларды қоғамдық санаға сіңіреді. Бұл білім, тәрбие, өнер арқылы жүзеге асады. Белгілі орыс әлеуметтанушысы П. Сорокин ортағасырлық христиан діні туралы айта келіп, ортағасырлық архитектура тасқа басылған Інжіл болды деп жазады. Дін аясында көркем сурет пен сәулет стилдері, әдебиет жанрлары дүниеге келеді. Сондай-ақ дін жазба мәдениетті қалыптастырып, ғылым мен білімнің дамуына да ықпал етеді.

Діннің әлеуметтік қызметінің бір қыры - адамгершілік нормаларды, қоғамдық тәртiп пен қарым-қатынастарды, әлеуметтік институттарды, жүріс-тұрыс үлгiлерiн заңдастырумен немесе керісінше терістеуімен байланысты. Мысалы исламдағы халал мен харам, христиандықтағы анафема діннің осы қызметіне айғақ болады.

Адамзат тарихында дін әлеуметтік қатынастарды реттеу мен бағыттаудың пәрменді құралы болып келді. Тек еуропалық тарихтың ағартушылық кезеңі аталған ХҮІІІ ғасырдан бастап діни нормалардың орнын құқықтық нормалар басты. Қарқын алған секуляризация үрдісі діннің қоғамдағы орны мен рөлін барынша шектеуге бағытталды. Дегенмен, құқықтық қатынастар мен құқықтық сана басымдылыққа ие болып отырған бүгінгі қоғамда да дін өзінің маңызы мен ықпалын сақтап қалуға талпынады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Діннің қоғам өміріндегі рөлі
“ДІН СОЦИОЛОГИЯСЫ” пәні бойынша ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕН
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ДIННIҢ АТҚАPАТЫН ҚЫЗМЕТI
Дін социологиясы пәнінен дәрістер жинағы
Дін әлеуметтануы
Діннің қоғамдағы қызметі
Дін социологиясы пәнінен лекциялар жинағы
Қазақстан Республикасының діни проблемалары мен ұлт дүниетанымына әсері және исламның таралуы
Дін және мәдениет туралы мағлұматтар
Мәдениеттің негізгі элементтері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz