Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда ертегілерді пайдалану жолдары



Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 18 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 373.2.02 Қолжазба құқығында

Орман Мадина Мақұлбекқызы

Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда ертегілерді пайдалану жолдары

6М010100 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу

Магистрлік диссертацияның авторефераты

Қазақстан Республикасы
Түркістан - 2014

Диссертация Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық казақ-түрік университетінің Жалпы педагогика және этнопедагогика кафедрасында орындалған.

Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының
кандидаты, доцент
Кішібаева Д.Ж.

Ресми оппоненті: педагогика ғылымдарының
кандидаты, доцент
Аңламасова Г.

КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі.Жаңа жүзжылдықтың қарсаңында өзіндік дара даму жолын айқындап алған Қазақстан Республикасы өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудің жаңа үлгілерін қалыптастыруды басты міндет етіп қойып отыр. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңге өту жағдайында сапалы білім беруді қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан-2050 Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан халқына жолдауында негізгі бағыттардың бірі ретінде білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің негізгі бағдары деп көрсетілген. Онда бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек делінген. Және қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды деп баса айтылған. Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан да мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек делінген [1].
Елбасының халыққа жолдауындағы білім саласына қатысты өрісі кең мақсаттардың орындалуы білім берудің барлық деңгейлеріндегі мамандардан үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту - баланың жасын және өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оның толыққанды қалыптасуы үшін даму ортасын құратын үздіксіз білім берудің бастапқы деңгейі деп көрсетілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында [2]. Бұл дегеніміз білім беру сапасын заман талабына сай арттыру ең алдымен балабақшадан басталатындығын көрсетеді. Осыған байланысты соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда баланың толыққанды өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөліне бастағаны белгілі. Оны елдегі мектепке дейінгі ұйымдарға деген тапшылық деңгейін төмендету жөніндегі түбегейлі шараларды қабылдауды көздеген Елбасының Балапан бағдарламасынан айқын байқауға болады. Бағдарлама сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасын арттыруды қамтамасыз етуді де басты міндет етіп қойған. Мұнымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда мамандар тапшылығы мәселесін шешу де жолға қойылған, яғни соңғы жылдары Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығына мемлекет тарапынан білім гранттары көптеп бөлініп жатыр. Бұл тек мамандар тапшылығын жоюды шешіп қана қоймай, осы сала бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілуін де мақсат еткен ауқымды шара болып табылады. Бұл мәселенің ғылымға тікелей қатысы бар екені белгілі. Қазіргі таңда елімізде мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша ғылыми еңбектер жоқтың қасы.
Зерттеу жұмыстары балабақшаларда білім берудің дәстүрлі әдістеріне қоса баланың ерте дамып-жетілуіне ықпал ететін оқытудың жаңа әдістерін пайдаланудың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тисі.
Балалардың мектепалды дайындығына талаптың жоғары деңгейде қойылуы, оларды мектепке дайындаудың алғышарты болып табылады. Тіл қатынас құралы болғандықтан, алдымен баланың тілін дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет [3,3-б].
Қазақстан Республикасының мемелекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында Коммуникативті-тілдік құзыреттілік бөлімінің кіші саласының бірі байланыстырып сөйлеу деп көрсетілген. [4,5-б]
Байланыстырып сөйлеуі жақсы дамыған баланың сауаттылғы да жоғары болады. Байланыстырып сөйлеуі нашар қалыптасқан баланың әдетте кейбір оқу пәндері бойынша үлгерімі төмен болатындығы белгілі.
Сөйлеу дегеніміз - адам психикасының жоғарғы бөлімдерін дамыту құралы. Баланы ана тілінде сөйлеуге үйрете отырып, ересектер оның интелекті мен эмоциясының дамуына мүмкіндік береді, мектепте жақсы оқуға дайындайды.
Мектепке дейінгі ересектер тобындағы (5 - 6 жас) баланың тілі анық, түсінікті болуы тиіс. Себебі дәл осы жаста дыбыстарды меңгеру процесі аяқталады. Тілдік белсенділігі артады: бала сұрақ қойып, үлкендердің сұрағына жауап беріп қана қоймайды, өз сезімдері мен ойын жан-жақты, ауқымды әңгімелеп бере алады.
Баланы ана тілінде еркін, жатық, байланыстырып, көркем сөйлеуге үйретуде ұлттық құндылықтарды пайдаланудың маңызы зор. Ал ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі халық ертегілері болып табылады.
Ертегілер қазақ халқының рухани өмірінде маңызды орын алған. Себебі, ертегілердің сюжетінен халықтың тұрмыс-тіршілігі, жалпы бүкіл болмысы көрініс тапқан. Ертегілер бала тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде пайдаланылып келген. Алайда бүгінгі ақпараттық технология дамыған заманда оларды пайдалану қарқыны біраз бәсеңсіп қалғандай. Қазіргі таңда балаларға ертегілерді теледидардан, ақпараттық технология құралдарынан көрсету қолайлы болып қалды.
Қазақ халық ертегілері - баланың жан-дүниесін, ой-өрісін байытып, тапқыр, алғыр, ойшыл етіп тәрбиелеуге мүмкіндік беретін баға жетпес мұраларымыздың бірі. Олар баланың түсінуіне, есте сақтауына жеңіл, әрі сюжеті қызықты, тартымды, тілі орамды, бейнелі болғандықтан, баланың көркем тілі мен байланыстырып сөйлеуін дамытуда кеңінен, мақсатты түрде пайдалансақ ұтарымыз мол.
Ғылыми-педагогикалық және оқу-әдістемелік т.б. әдебиеттерге жасалған теориялық талдаулар нәтижесінде мектепке дейінгі мекемелердегі оқу-тәрбие үдерісінде бұл мәселе арнайы толық зерттелмегендігін және осы негізде балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттырудың шарты ретінде арнайы зерттеулер жүргізуді талап ететіндігін дәлелдедік. Яғни, зерттеу жұмысын жүргізуден бұрын қазақ халық ертегілерін мектепке дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамытуда пайдаланудың тиміділігін жүйелі зерттеп, арнайы ғылыми нәтиже шығарып, ұсыныстар берген зертттеу жұмысының жоқтығын анықтау барысында қазіргі уақытқа дейiнгі зерттелген еңбектерге мейлінше толыққанды талдау жасауға әрекеттендік.
ХІХ ғасырда балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсарин [67], белгілі әдебиеттанушы А.Байтұрсынов [12], ғалым әрі ақын М.Жұмабаев тілдің ерекшеліктері, баланың ана тілінде сауат ашуының артықшылықтары, оқыту ісінде халық ауыз әдебиетінің алатын орны турасында құнды пікірлер айтып, зерттеу еңбектерін жазды. Ал балалар әдебиетінің өкілі, педагог С.Көбеев байланыстырып сөйлеуді дамыту мәселесін жалғастырған [84].
Мектепке дейінгі педагогика ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосқандардың бірегейі журналист, публицист, педагог-тәлімгер, аудармашы Нәзипа Құлжанова [85].
Мектепке дейінгі педагогика ғылымы мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорын байыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету, сөздің дыбыстық құрамын меңгерту мәселелеріне жете көңіл бөліп, бұл жұмысты ақыл-ой тәрбиесімен бірлікте қарастырған Б.Б.Баймұратова болды.
Қай кезде де баланың тілін дамыту көкейтесті мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, осы мәселелерді әр қырынан зерттеу және оның нәтижесін тәжірибеге енгізу бүгінгі күнге дейін ғылыми тұрғыда жүзеге асырылып келеді.
Мектепке дейінгі педагогиканы Р.Қ.Аралбаева, Ф.Жұмабекова, С.А.Мұсаева, С.А.Козлова, Т.А.Куликова т.б. ғалымдар зерттесе, мектепке дейінгі тәрбие және тіл дамыту мәселелерін А.Б.Бақраденова, А.К.Меңжанова, Ә.С.Әмірова, Х.Храпченкова, Г.Ж.Меңлібекова, М.С.Сәтімбекова, Т.А.Левченко, Н.С.Сайлауова т.б. еңбектеріне арқау етті.
ТМД елдері бойынша мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту меселесін В.Н.Полосухина, Р.М.Рахимова, С.С.Сакиева, Ш.Н.Алиева, К.С.Тюрина, В.Г.Захарченко, З.П.Плохий, Н.Н.Ханина т.б. қарастырды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту мәселесі бойынша орыс және шетел ғалымдары Ф.А.Сохин, О.И.Соловьева, Л.Б.Фесюкова М.М.Алексеева, В.И.Яшина, Л.С.Выготский, А.М.Бородич, С.П.Рубинштейн, А.М.Леушина, А.М.Деменьтева, М.М.Конина, И.Е.Тихеева, В.Г.Захарченко, П.Я.Гальперин, А.А.Люблинская зерттеулер жүргізді.
Тіл дамытудағы көркем әдебиет пен ертегілердің рөлі мәселесі З.А.Гриценко, Л.М.Гурович, Л.Б.Береговая, И.К.Зимина, Н.С.Карпинская, Л.Д.Короткова т.б. зерттеу еңбектерінен көрінді.
Бұл аталған еңбектердегі тұжырымдар бойынша бала тілінің дамуында ауыз әдебиеті үлгілері мен көркем әдебиеттің алатын орны ерекше болып табылады. Солардың негізінде зерттеу жұмысымыздың теориялық, тәжірибелік, әдістемелік өзектілігі анықталады.
Біздің зерттеу тақырыбымызбен орайлас, яғни баланың тілін дамыту мәселелері бойынша жазылып, зерттелген бірқатар докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар қорғалғандығын анықтадық:
Метербаева Кулбаршын Метербайқызы Қоршаған дүниемен таныстыру арқылы балалардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру (5-7 жас) кандидаттық диссертация, 2005ж.;
Ханина Надежда Николаевна Формирование правильности речи детей старшего дошкольного возраста кандидаттық диссертация, 2000ж.;
Мендаяхова Қуанышкүл Байланыстырын сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері (мектепалды даярлық топтары мен 1-сынып) докторлық диссертация, 2009ж.;
Жанабилова А.К. Тіл дамыту жұмыстарының инновациялық технологиясы кандидаттық диссертация, 2005 ж.;
Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ ертегілерімен қатар көбінесе баланың түсінуіне жеңіл, құрылымы күрделі емес орыс халқының ертегілері оқылатындығы белгілі. Сондықтан да біздің көздегеніміз қазақ халық ертегілерін де бала тәрбиелеу, тілін дамыту, ой-өрісін кеңейту мақсатында пайдаланудың артықшылықтарын белгілеп, оларды қолданудың жаңаша әдістерін көрсету болды. Сондай-ақ әдістерді күнделікті білім беру үдерісінде ұйымдастыру әдістемесінің жоқтығы бізге зерттеу мәселесін айқындап берді, нәтижесінде зерттеу тақырыбымызды Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда ертегілерді пайдалану жолдары деп алуымызға негіз болды.
Мектепке дейінгі мекемелерде төмендегідей қарама-қайшылықтардың бар екендігі белгілі:
- қазіргі таңда баланың тілін дамыту мәселесі бойынша біраз зерттеулердің жүргізіліп жатқандығына қарамастан, ол зерттеулердің нәтижелері мектепке дейінгі мекемелерде толық пайдаланылмайды;
- қазақ халық ертегілері баланың тілін дамытуда тиімді құрал деп есептелсе де, мектепке дейінгі мекемелерде осы мақсатта жеткілікті дәрежеде жүзеге асырылмайды.
Зерттеудің нысаны: Мектеп жасына дейінгі ұйымдағы педагогикалық үрдіс.
Зерттеудің мақсаты: Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамытуда қазақ халық ертегілерін пайдаланудың жолдарын айқындау және оның тиімділігін эксперимент арқылы дәлелдеу.
Зерттеудің міндеттері:
- мектепке дейінгі ересек жас балаларының байланыстырып сөйлеуін қалыптастыруда ертегіні пайдаланудың теориялық негіздерін зерделеу;
- мектепке дейінгі мекеменің оқу процесінде халықтық ертегілерді қолданудың рөлін анықтау;
- қазақ халық ертегілерінің негізінде байланыстырып сөйлеудің қалыптасу ерекшеліктерін анықтау;
- мектепке дейінгі балалардың тілін ертегілер арқылы дамыту тәжірибесіне талдау жасау.
- сабақта және күнделікті қарым-қатынаста қазақ халық ертегілерін пайдалану мүмкіндігін эксперимент жүзінде анықтау;
- мектепке дейінгі ересектер тобы балаларының байланыстырып сөйлеуін дамытуда қазақ халық ертегілерін пайдаланудың әдіс тәсілдерін қарастыру;
- педагогикалық эксперимент арқылы балалардың байланыстырып сөйлеуін дамыту деңгейінің өзгеру динамикасын бақылау.
Зерттеудің теориялық мәні мен ғылыми жаңалығы.
- мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытудың ғылыми- теориялық негізінің анықталуы;
- мектепке дейінгі ересек топ балаларының байланыстырып сөйлеуін дамытуда қазақ халық ертегілерін пайдаланудың ғылыми педагогикалық негізінің айқындалуы;
- мектепке дейінгі ересек топ балаларының байланыстырып сөйлеуін дамытуда қазақ халық ертегілерін пайдалану шарттарының анықталуы;
Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін ересектер тобы балаларының тілін дамыту сабақтарында пайдалану үшін мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілеріне ұсынуға болады.
Зерттеу әдістері: психологиялық, педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді зерттеу мәселесі тұрғысынан талдау, жинақтау, қорыту, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бағдарламаларын, әдістемелік құралдарды зерделеу; зерттеу бойынша мектепке дейінгі оқу-тәрбие үдерісін бақылау, тәжірибелік-экспериментті ұйымдастырып (сауалнама, тестілеу, бақылау, сұхбаттасу, әңгімелесу), тиімділігін тексеру.
Зерттеудің құрылымы: кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде зерттеу жұмысының көкейкестілігі, зерттеу нысаны, мақсаты, міндеттері, теориялық мәне мен ғылыми жаңалығы айтылады, теориялық және практикалық мәні сипатталады. Сондай-ақ мәселенің зерттелу жағдайы мен деңгейі және диссертацияның құрылымы баяндалады.
Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытудың педагогикалық - психологиялық негіздері" атты бірінші бөлімінде зерттеліп отырған проблемаға қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық зерттеулерге талдау жасалып, мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қазақ халық ертегілерін пайдаланудың мазмұны мен мәні қарастырылды. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша Қазақстан Республикасының мемелекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және балабақша бағдарламасына талдау жасалды. Бала тілінің, оның ішінде байланыстырып сөйлеу тілі, диалогтік және монологтік тілге теориялық сипаттама беріліп, мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамытуда қазақ ертегілерін пайдаланудың мүмкіндіктері мен шарттары сипатталды.
А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауат ашқанын мақсат етіп, "Оқу құралы", ал қазақ тілінің грамматикасын меңгеруі үшін "Тіл құралын" жасап ұсынды. Тілді дұрыс қолдану тәртібін үйрету мақсатында "Тіл жұмсар және сауат ашу", тілді оқыту әдістемесіне "Баяншы" атты еңбектер жазды.
М.Жұмабаев Педагогика атты ғылыми еңбегінде Тілдің адам өмірінде һәм ұлт өмірінде ұстаған орыны және де тіл адамның жанының тілмәші деп баға берген.
Баланың ана тілін меңгеруінің маңызы турасында Ж.Аймауытов, оқыту мен тәрбиелеу ісінде халық ауыз әдебиетінің орнын белгілеген Ы. Алтынсарин болды.
Балалар әдебиетінің өкілі, педагог С.Көбеев: "Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудегі ең маңызды да негізгі міндеттердің бірі - оның дұрыс сөйлеуін дамыту сөйлемге енген сөздерді грамматикалық, логикалық жағынан дұрыс құрғызып дағдыландыру" деп тұжырым жасаған.
Мектепке дейінгі педагогика ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосқан педагог-тәлімгер Нәзипа Құлжанова болды.
Балалардың байланыстырып сөйлеу тілінің қалыптасуы айнала қоршаған әлемдегі заттар және құбылыстардың сыртқы бейнесі мен көрінісіне байланысты екендігін ғалым-психологтар Қ.Жарықбаев Т.Тәжібаев, Е.Суфиев сияқты т.б. қазақ ғалымдары тұжырым айтқан.
Қай кезде де баланың тілін дамыту көкейтесті мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, осы мәселелерді әр қырынан зерттеу және оның нәтижесін тәжірибеге енгізу бүгінгі күнге дейін ғылыми тұрғыда жүзеге асырылып келеді. Ондай жұмыстардың бірқатарына арнайы тоқталып, талдауды жөн көрдік. Солардың бірі тақырыбымызға бірден-бір жақын Б.Б.Баймұратованың "Сәбилердің сөздік қоры мен сөз игеру ерекшеліктері" атты тақырыптағы ғылыми-зерттеу еңбегі. Зерттеуші-ғалым зерттеу жұмысында 5-7 жастағы баланың сөздік қор мөлшері, сөйлеу деңгейі жайлы мәселелерді ауыз әдебиеті мен балалар әдебиетін біртұтас сабақтастыра қарастыра отырып, мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту әдістемесінің ғылыми негізін жасады.
Бұл ғылыми зерттеудің негізгі үш ерекшелігін атап өтуді жөн көрдік. Зерттеудің бірінші ерекшелігі мектеп жасына дейінгі балалардың ана тілін дамыту мәселесі жөніндегі алғашқы әдістемелік нұсқауының дайындалуында. Екінші ерекшелігі қалалық, ауылдық балабақшаларда және отбасында тәрбиеленуші балалардың сөз игеру ерекшелігі туралы салыстырмалы қорытынды жасауында. Үшінші ерекшелігі әрбір кезеңдегі бала тілін дамыту мәселесін, оны мейірімділікке, адамгершілікке, еңбекке, ізеттілікке ақыл-ойын тәрбиелеумен біртұтас қарастырылуында.
Мектеп жасына дейінгі баланың тіл дамыту мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың бірі А.Бақраденова, ол балабақшадағы қазақ тілі сабақтары бастапқыда сөздік жұмыстарынан басталып, дыбыстарды дұрыс айтуға бағыттау керек, балаларды қазақ тілінде қарапайым, құрылысы жеңіл сөйлемдер құра білуге үйрету олардың байланыстырып сөйлеуінің бастамасы болып табылады дейді.
"Бастауыш сыныпта мәтін арқылы тіл дамыту" мәселесін зерттеген Т.М.Әбдікерімова өз жұмысының нәтижесінде мәтін арқылы тіл дамытудың жолдары мен тәсілдерін оқушылар тіліне қойылатын талаптарды белгілеген, мәтіннің тәрбиелік қызмет атқаратынына мән берген. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеу барысында С.Р.Рахметова сөздік жұмысын төрт бағытта жүргізуді ұсынады: балалардың сөздік қорын байыту, яғни балаларға олар бұрыннан білмейтін жаңа сөздер үйрету, олардың мағынасын түсіндіру.
Мектепалды балаларының байланыстырып сөйлеуін қалыптастырудың бірден-бір жолы көркем шығармалар екенін тәрбиешілер білуі қажет. Көркем шығармаларды талдау, халық ауыз әдебиетін пайдалану арқылы баланың тіл байлығы жетіліп, ақыл-ойы дамып, байланыстырып сөйлеуі қалыптасады. Сонымен қатар көркем шығармалар арқылы балаларды адамгершілікке тәрбиелейді. Бұл салада А.К.Меңжанова, Ә.С.Әмірова зерттеу жүргізді.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту мәселесімен А.П.Усова, Л.А.Пеньевская, А.М.Бородич, Р.И.Жуковская, В.И.Логинова, Г.А.Кудрина, Л.В.Ворошнина, А.А.Зрожевская, Н.Г.Смольникова, Е.А.Смирнова, Л.Г.Шадрина баланың тілін терең меңгерген, лингвист және психолог Ф.А.Сохин сияқты ғалымдар да айналысқан.
Осы тарауда байланыстырып сөйлеудің екі формасы, яғни диалогтік және монологтік сөйлеу тіліне түсінік беріледі. Мектепке дейінгі балаларда диалог пен монологтың қалыптасу ерекшеліктері зерделенеді.
Диалогтік сөйлеу тілдің коммуникативті қызметінің анық көрінуі болып табылады. Зерттеушілер диалогты тілдік қарым-қатынастың алғашқы табиғи классикалық формасы деп атады. Диалогтың басты ерекшелігі екі адамның бірінің тыңдап, екіншісінің сөйлеуінің алмасып отыруы болып табылады. Ауызша диалог нақты жағдайда өтеді және ым, ишара, дауыс ырғағы арқылы жүзеге асады. Диалогтың байланыстылығын екі сөйлесуші қамтамасыз етеді. Диалогқа қарым-қатынастың тұрақты формулаларын пайдалану тән болып келеді.
Монологтік тіл - логикалық тұрғыдан жүйелі, байланысқан сөйлемдер болып табылады, уақыты бойынша салыстырмалы түрде ұзаққа созылады. Оның құрылымы күрделі болып келеді. Ол бір адамның тыңдаушыларға белгісіз ойын көрсетеді. Сондықтан да ол жерде ақпарат айтарлықтай толық тұжырымдалады. Монологқа ішкі дайындық қажет. Сөйлемдер алдын ала ұзақ ойластырылуы қажет, ойды басты мәселеге жұмылдыру керек. Бұл жерде де тілдік емес (ым, ишара, дауыс ырғағы) құралдар қажет болады. Монологта ойды эмоциямен, жанды, мәнерлі етіп айта білу керек.
Монологтік тілдің бір түрі әңгімелеу болып табылады. Ол - әдеби мәтінді ауызша тілде саналы түрде жаңғырту. Қайта әңгімелеу барысында баланың ойлауы, оның есте сақтауы мен қабылдауы белсенді жұмыс істейді. Қайта ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ - ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытудың теориялық негіздері
Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық белсенділігін қалыптастыру
МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ХАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕРІ АРҚЫЛЫ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Мектепке дейінгі қазақ тілін оқыту үрдісінде тиімді әдіс-тәсілдер арқылы балаларды сөйлеуге үйрету
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамыту жолдары
Балабақшадағы тіл дамыту бағдарламасы
Балаларға арналған көркем мәтіндердегі бейнелі сөздерді үйрету жолдары
Балалардың тілін дамыту әдістерінің негіздері
Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыруда кездесетін қиындықтарды шешу жолдары
Пәндер