Алаш қозғалысы басталуы, тұтастығы, қатысушылары



Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 21 бет
Таңдаулыға:   
Алаш қозғалысы: басталуы, тұтастығы, қатысушылары

Алаш қозғалысы сияқты ұлт тарихындағы аса ірі оқиғаға қатысы бар
мәселелердің барлығына шынайы, толымды баға берілуі қажет. Осы ұлт-
азаттық қозғалысының әлі де ғылыми тұрғыдан мейлінше нақтыланбаған
негізгілерінің қатарынан орын алатын үш мәселеге тоқталмақпыз. Олар:
қозғалыстың басталған уақыты және сол бастапқы кезеңге енетін оқиғалар,
Алаш қозғалысы деген атауға ие боларлық дербес үдеріс ретіндегі сипаты
және қозғалысқа қатысқандардың мүмкіндігінше толық тізімі.
Қозғалыстың бастауы туралы айтқанда, ең алдымен, Алаш қайраткерлерінің
өз еңбектеріне үңілгеніміз жөн. Өйткені, олардың еңбектерінен қозғалыстың
қайнар көздері жөнінде бізге тірек боларлық деректер табамыз. Айталық, Алаш
көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жыл туралы: Бүкіл дала саясат аясына тартылып,
азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді 1,283 десе, Міржақып
Дулатұлы: Жұртқа бірдей жақсылық таңы атқан 1905 жылдан бері біздің қазақ
жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, солардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын
қолға ала бастады деп жазды 2,99.Осыларға ұқсас ойларды М.Тынышпаев,
Х.Досмұхамедұлы пікірлерінен де кездестіреміз. Бұлардан шығатын қорытынды:
Алаш қайраткерлерінің өздері ұлт-азаттық қозғалыстың 1905 жылдан
басталғанын меңзейді. Алаш қозғалысының басталған уақыты жөнінде қазіргі
алаштану ғылымында бірнеше пікір орын алып жүр. Көрнекті алаштанушы ғалым
М. Қойгелдиев өз зерттеулерінде Алаш қозғалысы тарихын 1905 жылдан бастайды
3,95. Түркиялық ғалым қандасымыз Ә.Қара Алаш қозғалысын 1913 жылы Қазақ
газетінің шығуымен байланыстырады. Сондай-ақ, қоғамда Алаш қозғалысын
Алаш партиясымен, Алашорда үкіметімен бір құбылыс ретінде қабылдап, жалпы
қозғалыстың тарихын 1917 жылмен байланыстыратын көзқарастар да байқалып
қалады. Енді осыларға тоқталайық. Профессор Ә.Қара Алаш қозғалысының соңғы
түйіні – Мұстафа Шоқай мақаласында қозғалыстың бастауы жөнінде: Алаш
қозғалысы қай жылдарды қамтиды? Егер бұл сұраққа Мұстафа Шоқайды қоспай
жауап қайтарар болсақ, ол 1913-1918 жылдарды қамтиды.Оның Қазақ газетімен
тығыз байланысты екенін айтсақ қате болмас. Өйткені Алаш көсемдері сол
журнал маңайында 1913 жылы жиналып, халықтың басын қосты. Кейін бұл басқосу
Алаш Партиясы мен Алаш Орда үкіметін дүниеге келтірді. Ал большевиктердің
қысымымен 1918 жылы партия, үкімет және газет тарқап кетеді. Демек Алаш
қозғалысы Шоқайды қоспай айтсақ бес жылдық бір мерзімді ғана қамтиды 4,
55 деп жазады. Алаш қозғалысының тарихына жіті үңілсек, онда шетелдік
ғалыммен келісу қиын. 1913 жыл Алаш қозғалысының үні болған, қозғалысқа
қарқын қосқан, қозғалыстың жалпыұлттық сипатқа ие болуына аса айрықша үлес
қосқан Қазақ сынды тарихи басылымның шыға бастаған жылы. Оны қозғалыстың
басталу мерзімімен тікелей байланыстыруға болмайды. Сондай-ақ, оның
қозғалыс тарихын 1918 жыл деп осы жылы партия, үкімет және газет тарқап
кетеді дегеніне де қосылмаймыз. Аталған жылы Қазақ газеті шығуын
тоқтатқанымен Алашорда үкіметі тарқаған жоқ. Ал Алаш партиясына келсек,
1917 жылы Бірінші жалпықазақ сиезінде Құрылтайға депутаттар ұсынған бұл
партия осы жылдың күзінде бағдарламасының жобасын дайындағанымен, Екінші
жалпықазақ сиезінен кейін Алаш қозғалысы тарихында партия емес, Алашорда
үкіметі алдыңғы қатарға шықты. Семейдегі Алашорданың кіндік үкіметі 1919
жылы жұмысын тоқтатқанымен, Алашорданың Батыс бөлімшесі 1920 жылдың басына
дейін өмір сүрді. Бұл – бір. Екіншіден, Алаш қозғалысын бір ғана Мұстафа
Шоқайдың қайраткерлігімен байланыстыруға келмейді. Алаш қозғалысының
бастауында саясатқа М.Шоқайдан бұрын араласқан Ә. Бөкейхан, А.
Байтұрсынұлы, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, Б.Құлманов, М.Дулатов т.б.
тұрғандығын ұмытпағанымыз жөн. Олар, біздің ойымызша, ұлт-азаттық
қозғалыстың алғашқы аға буын өкілдері де, Мұстафа Шоқай осылардан кейінгі
буынның көрнекті өкілі. Оның эмиграциядағы 20 жылға жуық күреске толы өмірі
ұлтымыздың азаттық идеялары тарихындағы аса бір жарқын беттер. Дегенмен,
ол жылдарды Алаш қозғалысы ауқымындағы уақыт деп бағалауға бола қоймас.
Сонымен бірге, тұтас Түркістан идеясын насихаттаған М.Шоқай мен қазақтың
ұлттық мемлекетін құру үшін күрескен Алаш қайраткерлері арасында өздеріне
тән идеялық ерекшеліктер бар екендігін де ұмытпайық.
Ұлт тарихындағы қандай да бір оқиғаның орын алуы ұлттың өзінің тарихи
эволюциясынан өрістемек. Алаш қозғалысы сияқты аса ірі саяси, рухани
құбылыстың басталуы, әлбетте, ең алдымен қазақ халқының сол тұстағы тарихи
қажеттілігі тудырған қисынды құбылыс. Ресей отаршылдығының езгісі Алаш
қозғалысына дейін қазақ даласында ғасырдан астам уақыт жүргізілген. Бірақ
Алаш қозғалысы сипатындағы құбылыстың тууы тек ХХ ғасырдың басында ғана
мүмкін болды. Себебі, дәл осы кезеңде ұлт тарихының қозғаушы күші боларлық
жаңа типтегі тұлғалар шоғыры қалыптасты.
Ал Алаш қозғалысы қай кезге дейін жалғасты десек, онда, әлбетте, 1920
жылдың наурызын атаймыз. Бұдан соң кеңестік Ресей құрамындағы кеңестік
социалистік автономия құрылды. Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі кеңес
жағына шықты, кеңестік қызметке араласты. 1920 жылдары Алаш зиялыларының
шығармашылығы ұлттық мазмұнда болғанымен, олар негізінен, бұрынғыдай
күрескерлік бағытында емес, таза көркем және ғылыми шығармашылық
мазмұнында болды. Сондықтан біз Алаш қозғалысын 1905 жылғы қазақ
даласындағы құзырхат, сиез, басқосулар сияқты отаршыл саясатқа қарсылықтағы
саяси шаралардан бастаймыз.
Алаш сынды ұлт тарихындағы ірі азаттық қозғалысының тарихын бірер
жылға сыйғызудың жөні келмейді. Мұндай қозғалыстардың түптамыры тереңде
болмақ. Жоғарыдағы пікірлерге аялдасақ, онда қозғалыс тарихын 1913 жылдан
да, 1917 жылдан да бастау аса дәл пікірлер емес. Себебі, 1913 жыл Алаш
қозғалысының үні болған Қазақ газетінің шыққан жылы. Егер газет шығару
бастамасын қозғалыстың қайнар көзі ретінде қарастырсақ, онда Ахмет
Байтұрсынұлы және оның серіктері газет шығаруды аталған жылдан әлдеқайда
бұрын қолға алған, жоспарлаған. Дегенмен, отаршылдық саясат газет шығаруға
1913 жылы ғана мүмкіндік берді. Ал 1917 жылға келетін болсақ, бұл жылы
облыстық қазақ сиездері ұйымдастырылды, Бірінші жалпықазақ сиезінің күн
тәртібіне қазақ саяси партиясы мәселесі қойылып, Екінші жалпықазақ сиезінде
Алаш автономиясы жарияланып, Алашорданың Халық Кеңесі құрылды. Алаш
қозғалысының тарихындағы бұл маңызды саяси оқиғалар – осы жылы ғана пайда
бола салған құбылыстар емес, белгілі бір уақыт дайындаған оқиғалар еді.
Рас, осы оқиғалар көпжылдық ұлт-азаттық қозғалысына Алаш деген атау
берді. Құбылыстың ертерек пайда болып, оған атаудың кейінірек беріле
жататынына төл тарихымыздан да, әлемдік тарихтан да жеткілікті мысалдар
келтіруге әбден боларлық.
1905 жыл – қазақ тарихы үшін аса айрықша жыл. Дәл осы жыл қазақ
баласының өз құқы үшін саяси күреске шыға алатындығын байқатты. Осы жылдан
бастап, қазақ оқығандарының отаршылдыққа қарсылық жолында бұрын-соңды
болмаған жаңа күрес жолын таңдағанын аңғарамыз. Алдымен 26 маусымда
Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпаев бастаған азаматтар Қоянды
жәрмеңкесінде, кейінірек тарихқа Қарқаралы құзырхаты деген атпен енген
хат жолдады. Бұл хатқа қол қойғандардың саны бір деректерде - 12767 адам,
енді бір деректерде 14500 адам делініп көрсетіледі. Осы сандардың қай-
қайсысы да сол кезең үшін үлкен көрсеткіш. Қазіргі кездің өзінде
мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты ұйымдастырылатын митингілерге бірнеше
мың адам ғана жиналып, бірнеше мың адам ғана әлгіндей хаттарға, үндеулерге
қол қояды. Ол кездегі қазақтан қазіргі қазақтың саны екі еседен астам
екендігі, бүкіл Қарқаралы округіндегі тұрғындардан Алматы мен Астананы
айтпағанның өзінде бүгінгі Қазақстанның кез келген қаласының тұрғындары
әлдеқайда көп екендігін ескерсек, Ә.Бөкейхан бастаған топтың елдік мүдде
жолында бұқара халықты қалай жұмылдырғанына қайран қалуға болады.
Қарқаралы құзырхатынан соң іле-шала шілде айында осындай талапхат 42
болыс өкілдерінің қол қоюымен Ресей үкіметіне жіберілді. Осы құжатты
Қарқаралы жеделхаты немесе Болыстар құзырхаты деп атауға боларлық. Осы
құзырхаттардан кейін Қазақстанның оңтүстігінде де, орталығында да,
батысында да қазақ халқының теңсіздігін айтқан, құқығын талап еткен хаттар
дайындалып, отаршылдық үкіметке жолдана бастады. Айталық, Лепсі уезі
қазақтарының шағымы. Бұл құжатқа Жетісу облысы Лепсі уезі қазақтарынан 1000
адам қол қойған. Сонымен бірге, осы кезеңде Орал және Торғай облыстары
қазақтарының да талапхаты жазылды. М.Тынышпаевтың Министрлер кеңесінің
төрағасы атына жолданған хатын да аталған жылғы деректердің қатарына қосуға
боларлық. Ұлт тағдырына алаңдаған 26 жасар студенттің бұл хатынан
отаршылдық биліктің қазаққа жасап отырған басынушылық әрекеттерін
аңғарамыз. Бес пункттен тұратын хатты М.Тынышпаев: 6 миллион қырғыз халқын
ескерусіз қалдырмауды, оның өкілдері жалпы мемлекеттік құрылысқа қатысты
мәселелерге де, соның ішінде, қырғыз халқын басқаруды қайта қарау
мәселелеріне де өз пікірлерін білдіруге және қатысуға мүмкіндік алуын
әділеттілік талап етеді деп аяқтайды 5,33. Сонымен бірге, осы жылдың
қараша айында Санкт-Петербургте өткізілген автономияшылар сиезінде
М.Тынышпаев Қырғыздар және азаттық қозғалысы тақырыбында баяндама жасап,
онда қазақ халқының құқығы өрескел бұзылып жатқанын ашына жеткізіп, соған
байланысты қазақ даласының әртүрлі өңірлерінен Ресей үкіметінің саясатына
қарсылық ретінде 25 мыңнан астам қазақтар қол қойған құзырхаттардың
жолданғанын келтіреді. Жалпы, М.Тынышпаевтың бұл баяндамасы – отаршылдық
саясаттың қазаққа жасап жатқан қысымын жан-жақты көрсеткен және елдің осы
саясатқа қарсылығын көрсеткен біз білетін тұңғыш баяндама болатын.
Ұлт-азаттық қозғалыс тарихындағы 1905 жылдың айрықша маңызы тағы бір
саяси оқиғадан көрінеді. Бұл осы жылдың желтоқсан айында Орал қаласында
Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылуы және соған орай
сиез өткізілуі. Әлбетте, бұл шағын құрамдағы сиезді қазіргі түсінікпен
емес, сол кездегі жағдаймен бағаласақ, онда Оралдағы осы сиез қазақтың
саяси тарихындағы алғашқы сиез болмақ. Бұл сиезде партияның бағдарламасы
қабылданып, онда: азаматтардың негізгі еркіндіктері, патшалықтың қалпы,
халықтың өзін-өзі билеуі, сот, дін, жер, алым-салық, жұмысшылар, мектептер,
партия жұмысы сияқты мәселелер қамтылған. Бұл бағдарлама – қазақ
тарихындағы ең алғашқы саяси бағдарлама болса керек. 1905 жыл Қазақстанның
бірқатар жерлерінде болған саяси басқосулармен де есте қалды. Олар 1905
жылдың қазан айында патша үкіметінің Манифесті жарияланғаннан кейін қазақ
зиялылары ұйымдастырған басқосулар еді. Мұндай саяси басқосулар қазанның
соңында Омбы қаласында, 7 қарашада Павлодарда, 11 қарашада Баянауылда, 14
қарашада Қарқаралыда ұйымдастырылды. Саяси басқосулардың өтуіне Әлихан
Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақпаев сияқты азаматтар
ұйымдастырушылық және қайраткерлік пәрмен танытты. Бұл саяси басқосулар
Қарқаралы, Жетісу, Орал, Торғай өңірлерінен жолданған құзырхаттардың табиғи
жалғасы болды. Қозғалыстың бастауы болған Қарқаралы құзырхатының Арқадағы
Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келу себебін айтсақ, оның тарихи әрі
географиялық уәжі бар. Қоянды жәрмеңкесі бай мен бағланның жиналатын жері
ғана емес, қазақтың ақыны, өнерпазы, елшіл азаматтары да шоғырланатын тұсы.
Мұнда қаражат пен малдың ғана әңгімесі емес, елдік мәселелер де
көтерілетін. Бұл – бір. Екіншіден, Қарқаралы түбіндегі Қоянды жәрмеңкесі –
1898 жылы Санкт-Петербургтің орман шаруашылығы институтының экономика
факультетін бітірген Әлихан Бөкейханның, 1902 жылы Ресей астанасындағы бас
университеттің заң факультетін үздік аяқтаған Жақып Ақпаевтың ауылдарына
іргелес жатқан мекен. Сондай-ақ, дәл осы кезде Ахмет Байтұрсынұлы
Қарқаралыда ұстаздық ететін. Сондай-ақ, Қарқаралы жалпы қазақ жеріндегі сол
кездегі білім мен мәдениет ошақтарының бірінен саналатын. Міне, осы
факторлардың барлығы Қарқаралы құзырхатының дүниеге келуінің алғышарты
болды.
1905 жылғы желтоқсан айында Б.Қаратаев, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Бердиев
Оралда Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құруға байланысты
сиез өткізгенін ілгеріде жазған болатынбыз. Бұл сиезге болашақта Алаш
қозғалысының қайраткерлеріне айналатын бірқатар азаматтар қатысты. Солардың
бірі – Х.Досмұхамедұлы. Ол кейінірек өзінің саяси жолға түсуі жөнінде: Мен
Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім... Қым-қиғаш
студенттік өмірге араласумен қатар саяси білімді жетілдіруге кірістім...
1905-1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт
жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім
дейді 6, 34. Дәл осы кезеңде Ж.Ақпаевтың, Р.Мәрсековтердің де ұлттық
мүдде жолындағы күрестерін бастағандығын аңғарамыз. Мәселен, академик
К.Нұрпейіс Алаш һәм Алашорда монографиясында Ж.Ақпаевтың 1905 жылы
Павлодарда, Баянауылда, Қарқаралыда қазақ халқының теңдігі мен азаттығы
жөнінде сөз сөйлегенін, Р.Мәрсековтің Семейде сайлауды қазақ пайдасына сай
өткізу жөнінде ұсыныс білдіріп сөйлегенін келтіреді 6 , 38-39.
Жоғарыда баяндалған саяси шаралар Алаш қозғалысының 1905 жылдан
басталғанын нақты дәлелдейді. Бүгінде сандаған зерттеулерге арқау болған
біз білетін Алаш қозғалысының барлық атрибуттары тура осы жылы қалыптаса
қалды деп, әлбетте, айта алмаймыз. Әрбір құбылыстың туу, қалыптасу және
даму фазалары болатындығы белгілі. Алаш қозғалысы да осындай міндетті
фазалардан, табиғи кезеңдерден өтті.
Қандай да болсын тарихи, саяси, қоғамдық құбылыстың тұтас бір құбылыс
атануы үшін оны сипаттайтын ортақ белгілердің болуы шарт. Яғни, біз бүтін
құбылысты қалыптастыратын, құрайтын бөлшек-белгілерді нақтылап, олардың
шынында да бір-бірімен байланысты, сабақтас, құрамдас екендігін айқындап
алғанымыз абзал. Осы тұрғыдан келгенде Алаш қозғалысы атты тарихи, саяси,
рухани құбылысты қалыптастырған, өрістеткен, тұтастырған белгілерді
түгендеуіміз қажет.
Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы саяси һәм рухани үдеріс ретінде
1905 жылдан басталып, 1920 жылдың көктеміне дейін жалғасқан тұтас тарихи
құбылыс екендігін дәйектеу үшін мынадай мәселелерді көлденең тартып, оларды
шешуге тырысамыз. Олар: 1) Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен
тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы;2) Қозғалыстың басталған уақыты және
аяқталу кезеңі; 3)Қозғалыстың басты идеясының жалғаспалылығы мен
үздіксіздігі. 4) Қозғалыс мұратын жүзеге асырудағы амалдар мен тәсілдердің
сабақтастығы; 5)Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуы;6) Қозғалыстың мәдени-
рухани сипаты. 7) Қозғалыс атауы. Алаш қозғалысын тұтас үдеріс ретінде
қарастыруға мүмкіндік беретін осыларды пысықтап көрейік.
1) Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі
мен тұрақтылығы. Қандай да бір тарихи үдеріс бір ортақ атауға ие болуы үшін
оны қалыптастырған негізгі тұлғалардың шоғыры болуы тиіс. Мақсаты бір,
ниеті ортақ, мүдделес осындай тұлғалар сол саяси құбылыстың жолдары мен
тәсілдерін айқындайды. Қозғалыстың басында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы,
Б.Құлманов, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Бердиев, М.Тынышпаев, М.Дулатов, Ж.Ақпаевтар
болғанын сол кездегі тарихи оқиғалардан айқын аңғарамыз. Осы аталған
тұлғалар және тағы да басқа қайраткерлер 1905 жылдан бастап белсенді саяси
күреске шықты және олар 1917 жылдың көктемінде еліміздің әр түкпірінде
облыстық қазақ сиездерін ұйымдастыруда айрықша белсенділік танытты, алдымен
азаматтық, сосын қазақ комитеттерін, Алаш партиясының жергілікті
ұйымдарын құруға атсалысты және оларды басқарды. Сонымен бірге, олар
Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездерін ұйымдастырып, Алаш партиясы
атынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына ұсынылды, Алашорда үкіметінің
құрамына сайланды. Яғни, 1905 жылы басталған Алаш қозғалысын
қайраткерлердің белгілі бір шоғыры дайындап, олардың басым көпшілігі
қозғалыстың соңына дейін бастамашылық, ұйытқылық, жетекшілік рөлде болды.
Қозғалыс қарқын алған сайын бұл қайраткерлердің де халық алдындағы
беделі өсті, яғни бұқара халықтың оларға деген сенімі беки түсті.
Қозғалыстың туу кезеңінен бастап, әсіресе, Әлихан Бөкейханның беделі күшті
болғандығы байқалады. Оны Ахмет Байтұрсынұлының Әлиханға арнаған
өлеңіндегі мына бір шумақтан айқын аңғарамыз.
Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай! 7, 25, Байтұрсынов А.
Сол күндердің және бір куәсі Қошке: Үкіметтің қара қуғын жасаған
күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған
ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан деп
жазады 8,67. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ішінен Ә.Бөкейханды осылайша
ерекше бөліп атаудың жөні бар. 1905 жылғы отаршыл үкіметке қарсы саяси
қимылдардың көпшілігінің басында тұрған осы Әлихан. Ақпан төңкерісі
нәтижесінде озбыр империяның патшасы тақтан құлатылғанда халқынан сүйінші
сұрап, бірлік пен теңдікке үндеген де Әлекең болатын. Бірінші және Екінші
жалпықазақ сиездерін ұйымдастырудың басында тұрған да осы тұлға. Сондықтан
да сан жылдық күрес жолындағы саяси һәм рухани серіктері оны Алашорданың
төрағасы етіп те сайлады. Алаш қозғалысының басы мен соңына қарасақ, онда
оның қай кезеңінен де Әлихан Бөкейханның тұлғасы өзгелерден ерекшеленіп
тұрады. Бұл тұлғаның күресі, өз кезегінде, Алаш қозғалысының 1905 жылдан
басталғандығына, сөйтіп 1920 жылы аяқталғанына да көрнекі мысал бола алады.
Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуында Әлихан сияқты қайраткерлердің ерен
еңбегі мен мақсатты күресі жатыр.
2) Қозғалыстың басталған уақыты және аяқталу кезеңі. Алаш қозғалысының
бастауында болған және Алаш партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда
үкіметін құрған жетекші тұлғалардың саяси күрес тарихын қарағанда олардың
1905 жылдан бастап белсенділік танытқанын жоғарыда айттық. Ә.Бөкейхан,
А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпаев осы жылғы Қарқаралы құзырхатын дайындауды
ұйымдастырғаны белгілі. Тарихта Қарқаралы құзырхатымен бірге ресейлік
патша үкіметіне басқа да осындай жазбаша талаптар жолданғаны бүгін белгілі
болуда. Сондай-ақ, 1905 жылдың соңында Орал қаласында Қазақ конституциялық-
демократиялық партиясының құрылуы да Алаш қозғалысының осы жылдан
басталғандығын айғақтайды. Б.Қаратаев, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Бердиев,
М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедұлы сияқты кейінірек ірі қайраткерлерге айналған
азаматтардың да осы жылдан азаттық күресіне белсене араласа бастағанын
көреміз.
Екінші жалпықазақ сиезінде құрылған Алашорда үкіметі бірден қызу іске
кіріскені белгілі. Алашордашылардың осы кезеңде Ресей билігіне келген
большивиктермен күресі Ленин бастаған кеңестік билікті үрейлендірді. 1918-
19 жылғы Алашорда мен кеңестік билік арасындағы әртүрлі келіссөздер,
қалыптасқан жағдайда большевиктер билігінің жалпы Ресей аймағында басты
күшке айналуы – Алаш көшбасшыларын жаңа билікке мойынұсынуға мәжбүр етті.
Соның нәтижесінде, Алаш көсемдері кеңестік билікті мойындауға, Алашорданы
таратуға амалсыздан көнді. Бірақ, Уфа мәжілісінде құрылған Батыс Алашорда
үкіметі 1919 жылдың аяғына дейін большевиктік әскермен күресін тоқтатпады.
Сөйтіп, Алашорданың толық таратылуы іс жүзінде 1920 жылғы 5 наурыздағы
арнайы қаулымен ғана жүзеге асырылды. Сондықтан Алаш қозғалысының толық
аяқталуын осы датамен байланыстырамыз. Бұл арада ұлт-азаттық қозғалыс
ретінде Алаш қозғалысы өзінің бастапқы және негізгі міндеті - ұлттық
мемлекет құрумен аяқталмағанымен, сол Алаш қайраткерлерінің көпжылдық
қажырлы күресі қазіргі қазақ мемлекетінің негізін салғанын ақиқат үшін
айрықша атап өтеміз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш делегациясының
В.Ленинмен келіссөздерінің нәтижесінде ғана мүмкін болған 1920 жылдың 26
тамызында құрылған Қазақ кеңестік социалистік автономиялық республикасы
еді. Бұл 1936 жылы 5 желтоқсанда құрылатын Қазақ кеңестік социалистік
республикасының да, 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Қазақстан
Республикасының да негізі болатын. Сондықтан бүгінгі Тәуелсіздік деген
қазақ баласының мәңгілік аңсарының қайнар көзінде Алаш қозғалысының күресі
жатқанын айғақтау, сол қозғалыс ерлеріне құрмет көрсету – егемендігіміздің
қадір-қасиетін ұғынумен сабақтас.
3)Қозғалыстың басты идеясының жалғаспалылығы мен үздіксіздігі.
Қозғалыс бастауынан аяғына дейін негізгі, басты бір идеяны іске асыруға
бағытталды, атап айтқанда, қазақтың теңдігі, құқығы, азаттығы. Қозғалыстың
түпкі мақсаты – қазақтың дербес ұлттық мемлекетін құру. Осы 1905 жылдан
бастап өмірге келген негізгі идея 1920 жылдың 5 наурызына дейін, 2 жыл 3 ай
өмір сүрді. Яғни, қозғалыстың өнебойында оның басты идеясының бірлігі
сақталды. Қозғалыс ауқымындағы саяси, рухани, ағартушылық оқиғалар бір-
бірімен жалғасып, үздіксіз үдерісті қалыптастырды. Сондықтан да біз Алаш
қозғалысын 14-15 жылға созылған үздіксіз тарихи үдеріс деп санаймыз.
Қозғалыстың үздіксіздігі мен жалғаспалылығы осы кезеңнің әр жылынан, әрбір
оқиғасынан байқалады. Оны профессор Д. Қамзабекұлымен бірлестікте
дайындалған Алаш жылнамасынан айқын аңғаруға болады 9,271-282. Яғни,
бұл ұлт-азаттық қозғалыс белгілі бір идеялар төңірегіне топтасқан ұлт
қайраткерлерінің мақсатты түрде үздіксіз жүргізген саяси һәм рухани
күресінің жемісі.
4) Қозғалыс мұратын жүзеге асырудағы амалдар мен тәсілдердің
сабақтастығы. Алаш қозғалысы қайраткерлері өздерінің идеяларын жүзеге асыру
үшін сол дәуірдің қажет еткен және мүмкіндік берген ауқымы шегінде ұлт
азаттығы үшін қажетті саяси, рухани, ағартушылық амалдар мен тәсілдерді
жүзеге асырды. Алаштықтардың келешекте жүзеге асырылатын идеяларының басым
көпшілігі Қарқаралы құзырхатынан көрініс тапты десек боларлық. Осы
құзырхатта жазылған талаптар және саяси күрестің дәуірлік қажеттіліктері
Алаш қозғалысының басты мұраттарын негіздеп, соған орай күрестің амалдары
мен тәсілдерін де қалыптастырды. 1905 жылғы бірінші орыс төңкерісінен кейін
империялық биліктің тәртіпті күшейтуі, Алаш қайраткерлерінің саяси күрестен
де, рухани-ағартушылық қадамдарға баруына ықпал етіп, енді олар халықты
ағарту, халыққа өз құқықтарын білдіру шараларын қарастырып, оларды жүзеге
асыруға бағыттады. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейханның мақалалары мен
аудармалары, Ахмет Байтұрсынұлының сауат ашу құралдары мен Қырық мысал,
Маса жинақтары, Міржақып Дулатовтың Оян, қазағы!, Ғұмар Қараштың Бала
тұлпары мен Аға тұлпары, М.Тынышпаевтың, М.Шоқайдың публицистикасы тағы
да қаншама қайраткерлер мен қаламгерлердің күресшіл рухтағы туындылары
алаштықтардың сол кездегі саяси һәм ағартушылық амалдары мен рухани
тәсілдерін байқатады. Алғашқыда Ресейдің кіндік үкіметіне құзырхат жазудан
бастаған Алаш зиялылары империялық саясаттың 1905-1907 жылдардағы
төңкерістерден кейін қатаң тәртіп орнатуынан ендігі жерде ағартушылық
жұмыстармен шұғылдана бастады. Бұл ағартушылық жұмыстардың басында Алаш
көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы тұрғаны, оның қазақ баласының сан
ұрпағы сауат ашқан еңбектер жазғаны тарихтан баршамызға да белгілі. Алаш
зиялылары халықты насихаттауда баспасөздің мәнін терең түсініп, шамамен
1907 жылдардан бастап қазақ баспасөзін шығаруды мақсат етеді. Бастапқыда
Серке, Тіршілік, Қазақстан сияқты газеттер шығарып, сәл кейінірек
Қазақ, Сарыарқа, Бірлік туы сияқты ұлт басылымдарының жарыққа шығуына
қол жеткізеді. Қазақ газетінің алғашқы редакциялық мақаласында: Әуелі,
газет – халықтың сөзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек
болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар
жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр
сықылды дей келе, өздерінің мақсаттарын Аталы жұртымыздың, ауданды
ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін Қазақ қойдық. Ұлт үшін
деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына
міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы
деп дәуірдің ең зор мақсатын айқындады 10, 10-11.
Қандай да болсын ұлттың азаттық алуы үшін оның серкелерінің саяси
сауаты терең, күрестері баянды да тұрлаулы болмағы қажет. Алаш зиялылары ХХ
ғасыр басында ілгеріде айтқанымыздай Қазақ демократиялық-конституциялық
партиясын құрғаны белгілі. Ал Әлихан Бөкейхан сияқты Алаш көсемі сол
кездегі Ресейдегі әртүрлі партиялардың жұмысын көріп, өзі кадет партиясына
мүше болғаны да тарихтан мәлім. Сол шақта Әлекеңдер, әрине, орыс
саясаткерлерінің тәжірибесін бағамдап өз елінде де осындай саяси күшті
жасауды мақсат етуі күмәнсіз десек, онда олардың бұл идеясы тарих сәтін
салған кезеңде жүзеге асып, Алаш партиясын құрғаны да аян.
Қозғалыстың тарихында қазақ қайраткерлерінің мұсылман бауырлармен
жақын араласуы да оның қанатын бекітті. I, II Мемлекеттік Думаға енген
қазақ депутаттарының мұсылман фракцияларына мүше болуы, Петерборда,
Мәскеуде, Қазанда, Уфада, Самарада мұсылмандар ұйымдастырған әртүрлі
шараларға ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Алаш Орда үкіметі
Партиялардың түрлері
Саяси партиялардың маңызы
Біртұтас Түркістан идеясы: теориялық негіздері және іске асырылу жағдайлары
Исатай - нағыз батыр
Қазақ өлкесі бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ПАРТИЯЛАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖЕКЕ АДАМНЫҢ САЯСИ ЕРКІНДІГІНЕ ЫҚПАЛЫ
“Қазақстаның қазіргі заман тарихы” пәні бойынша оқу әдістемелік кешен
Қазақ ұттық баспасөзінің дамуы
Қазақстанның аумақтық тұтастығының қалыптасуының проблемаларын зерттеу
Пәндер