Кітаби ақындардың шығармалығындағы Ясауи сопылық ілімінің көріністерін ашу, талдау, саралау



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 103 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы әдебиет ерекше тоқталуды, аса ұқыпты зерттеуді қажет ететін, әр қилы көзқарасты, сан алуан бағыттарды топтастырған, көп қырлы әдебиет екені мәлім. Қазақ қоғамы бұл тұста ауыр отарлық езгіні, сонымен сабақтас әлеуметтік-экономикалық күйзелісті бастан кешті. Отарлық езгі діни рухани езгімен жалғасты. Бұл жағдай ұлттың алдыңғы қатарлы өкілдерінің, оқыған азаматтарының әр түрлі көзқараста өciп жетілуіне әсер eттi. Қоғамдық ахуалды бағалаудағы түрлі көзқарастың әсерінен, қалыптасқан түрліше дүниетаным ықпалынан әдебиеттегі сан салалы ағымдар келіп шықты. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы әдебиет қаламгерлік құрамы, қолданған әдеби тәсіліне, ұстанған бағыт - бағдарына қарай зерттеліп келеді. Қазан төңкерісіне дейін қаншама кітаптар шығарған біраз қаламгерлердің туындылары қазіргі таңда қайта басылым көру үстінде. Еліміз егемендік алып, өз ұлтымызды өзіміз тануға толық мүмкіндік болып жатқан кезде, бұл дәуірдегі ipiлi-уақты ақын, жазушылар жаңа көзқараспен қайта қаралып, дұрыс бағалана түсуі тиіс. Бұл қазақ ұлтының ұлттық идеясымен сабақтасты мәселе. Ұлттық идея мәселесі туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Назарбаев өзінің Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ атты Қазақстан халқына Жолдауында: Мен қоғамда: Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек? деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы десе, Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол атты 2015 жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауында: Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз, Түркі жұртының мұраты - Мәңгі ел деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпы ұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді деп қадап айтты [1]. Елбасының бұл айтқан ұлттық идея ұстанымы қазақ әдебиетінің көне тарихын зерттеуге және бүгінмен сабақтастықта қарауға тікелей қатысты. Сондай жаңаша бағалап, бағамдауды қажет ететін әдеби ағым өкілдері - кітаби ақындар шығармашылығы.
Кітаби ақындар - отарлық езгі себебінен туындаған жаппай орыстандыру, шоқындыру белсенді жүргізіліп, халықтың рухани байлығына шабуыл жасалып, халықтың ғасырлардан келе жатқан ceнімі шайқалып тұрған тұста, сол суық ызғарды замандастарынан күн ілгepi біліп, оның зардабын жан-жүрегімен сезініп, орысшылдыққа түрікшілдікті, шоқындыруға ислам дінін қарсы қару етіп күреске шыққан ақындар. Бұл ақындарды өздері өмip сүрген кезеңінен бөліп қарауға болмайды. Олар өз дәуірінде қоғам кажеттілігінен туған, өз кезегінде міндеттерін адал орындаған ағартушы ақындар. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін сөз еткенде, ағартушы, ағартушы демократ деген атауға бip жақты талап қойылды.
Бұл туралы ғалым Б.Кенжебаев: XX ғасырдың басындағы ақын-жазушыларды, кітаби ақындар, ағартушы демократ ақындар деп бөлгенде, бip дәуір әдебиетін екі түрлі принциппен бөлген, жіктеген боламыз. Бұл ғылыми жіктеу емес. Бip дәуірде жасаған ақын-жазушыларды 6ip принциппен ғана, яғни идеялық - әдеби көзқарастарына қарай жіктеген орынды болмақ, - дейді [2]. Ол ақындар дінді, білімді насихаттады, көпшілігі қазақ ішінде бала оқытқан молда ақындар болды. Олар білім алуды, адалдықты, адал еңбекпен мал табуды, рухани тазалықты насихаттады. Рухани тазалықтың құралы - діни исламдық мәдениет деп білді. Кеңес үкіметі ақын-жазушылардың шығармашылығын өздерінің билігін насихаттайтын саяси құралға айналдыруды көздеді және соған қол жеткізді. Осы тұрғыда мұсылманша оқып қалыптасқан діни ақын-жазушылар жаппай қудалауға ұшырады. Діни-әдеби мұрасы айналымнан алынды. Қазір бұл ақындар шығармашылығы жариялану, зерттеу-зерделену үдерісінде.
Қисса - дастан қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ерекше өркендеді. Оның бастауы ортағасырлық түрки сопылық әдебиетте және оның Алтын Орда дәуірінде өркендеген жалғасында жатыр. Онда түрік-ислам дүниесінің мол мұралары қамтылып, заман адамдарының зердесінде қазақ мәдениетінің мыңдаған жылдық рухани тарихы бейнеленді.
Қисса-дастан мәселесінің жалпы жағдайлары М.Әуезов (1959; 1991), С.Мұқанов (1974), Е.Ысмайылов (1956; 1968), Қ.Жұмалиев (1958), Б.Кенжебаев (1973; 1976), М.Ғабдуллин (1974), Б.Шалабаев (Әдеби мұра... 1966, 210-244), Х.Сүйіншәлиев (1986) еңбектерінде сөз болды.
Қиссашыл ақындарды әдебиетке енгізіп, ақтап алуды қарастыру талаптары проф. Б.Кенжебаев еңбектерінен бастау алады. Б.Кенжебаев Шәді, М.Жүсіп, Н.Наушабаев, т.б. шығыс сюжетіне өлең жазған ақындарды ағартушылық бағыттағы ақындар деп бөлу арқылы оларды, кертарпа, ескішіл деген айдар тағудан ажыратып алады: алайда, әне бip жылдары бізде XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін менсінбеушілік жете бағаламаушылық болды. XX ғасыр басында бізде шын мағынасында әдебиет болған жоқ десті. Осыдан XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жинап, бастыру, зерттеуге тиісінше көңіл бөлінбеді,- деп жазды Б.Кенжебаев [2, 105б].
Сондай-ақ, М.Бөжеев пен З.Ахметовтің [3,58б] зерттеулері осы мәселені алғаш көтеруімен құнды болды. Ә.Қоңыратбаев [4, 202-226] пен Ы.Дүйсенбаевтың [5,149] еңбектерінде жүйелене бастады. Қиссашыл ақындардың бipi Шәді Жәңгірұлының шығармашылығын Н.Келімбетов [6] арнайы зерттеу нысанына айналдырды. Сонымен қатар, Ө.Күмісбаев [7], А.Қыраубаева [8] кітаби ақындар шығармашылығын зерттеуге өз үлестерін қосты.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қисса-дастандарды жариялап жарыққа шығару жұмыстары жүргізіле басталды. Алғаш Ү.Субханбердина ның құрастыруымен жарық көрген Ғашықнама [9, 461], Қисса-дастандар, кейін Fашықтық дастандар [10, 440] және Батырлық дастандар [10, 371] болып қайта басылып шықты. Сондай-ақ, Б.Әзібаеваның құрастыруымен Дастандар [11, 12том, 300-318] екі томдығы жарық көрді. С.Қасқабасов, К.С.Матыжановтар құрастырған В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілерінен бipнеше қиссалар қосылды [12]. Ш. Жәңгірұлы [6], Н. Нысанбайұлының шығармашылығына арналған диссертациялар қорғалды [13]. Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса және Н.Нысанбайұлы, Ергөбек ақындар шығармашылықтарын топтастыра сөз еткен еңбектер [14], Ақмолла, Әбубәкір Кердері, Тұрмағамбет шығармашылықтары да зерттеліп, шығармалар жинақтары жарияланды. Бұл істің көбі еліміз егемендік алғаннан кейін орындалды.
Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен енгізілген Мәдени мұра бағдарламасы бойынша осы салада көп жұмыс атқарылды: Бабалар сөзі жүзтомдығы, көне рухани мұралар жиынтығы Әдеби жәдігерлер атауымен жиырма том болып басылып шықты. Оның үстіне, қазір әр облыс өз жерінің өткені мен бүгінін түгендеп, рухани, әдеби туындыларын жаппай жарыққа шығару үстінде. Бұл өткен кеңес дәуірімен салыстырғанда, осы тақырыпта атқарылған жұмыстардың жемісті әрі үлкен нәтижелі жұмыс деп айтуға болады. Кезінде М.Әуезов XX ғасыр басында олардан қалған мұра 120 поэма еді [15, 241], - деп зерттелуі тиіс әдеби мұра ретінде ескерте кеткен кітаби ақындар мұрасы қазір ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеліп жатыр.
Кітаби ақындардың шығармашылығына арқау болған басты мәселе діни сопылық ілім болды. Сопылық ілім олардың танымында ең алдымен Ясауи ілімі мен оның хикметтерінде жатты. Сондықтан олар діни, ғашықтық, хикаялық қиссаларының қай-қайсысында болса да, Ясауи сопылық ілімімен сабақтастырып жырлап отырды. Осы тұрғыдан алғанда, Кітаби ақындар шығармашылығында сопылық ілімнің жырлануы атты диссертация тақырыбы өзекті саналады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Соңғы жылдары зерттеуші ғалымдар осы салаға назар аударып келеді. Солардың ішінде У. Қалижанұлының Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым [16], Д. Қамзабекұлының Әдеби - тарихи процесс: ағымдар, концепциялар (ағартушылық кезең) [17], А. Жақсылықовтың Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы [18], Ж.,Камалқызының Ақылбек Сабалұлының әдеби мұрасы [19], Қ.ьМахановтың Нұралы Нысанбайұлы және оның ақындық мұрасы [20], Қ.иСәлімгерейұлының Нұржан Наушабайұлының әдеби мұрасы [21], С.бБермағамбетовтің Діни ағартушылық және Кердері Әбубәкірдің әдеби мұрасы [22], М. Әбіловтің Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жыраулары поэзиясындағы діни-ағартушылық ағым [23], Ұ. Байбосынованың Сыр бойы ақын-жыраулары шығармашылығындағы ислам тақырыбы [24], Э.Қансейітованың Діни дастандардағы тарихи шындық және көркемдік уақыт. (XIX ғасыр және XX ғасырдың бас кезі) [25] атты тақырыптағы диссертациялар қорғалды. Ә. Оспанұлының Қаратау атырабындағы шайырлар Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса және Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек ақындар шығармашылықтарын арнайы қарастырған зерттеу еңбек те жарық көрді [14]. Бұл аталған зерттеулердің ішінде А. Жақсылықовтың еңбегінде жалпы ислами әдебиет жайы сөз болса, ал қалған зерттеулерде XIX-XX ғасырдағы әдебиет өкілдерінің шығармашылығы қарастырылды. Ә. Қоңыратбаев [26], А. Қыраубайқызы [27], Р. Бердібай [28], Б.Әзібаева [29], Күмісбаев Ө. [7], М. Әбдуов (Қазақтың діни эпосы) [30] сияқты зерттеуші ғалымдарымыздың еңбектерін айрықша атауға болады. Тақырыпқа қатысты қазақ әдебиетіндегі сопылық ілім және Ахмет Ясауидің діни әдеби мұрасы-хикметтері арнайы қарастырылған А.Ахметбек [31], А.Әбдірәсілқызы [32], С.Ергөбектің [33] зерттеу еңбектерін ерекше атауға болады.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Кітаби ақындардың өздері жырлаған қисса, хикаяларда Ясауи сопылық ілімін негізгі идеялық өзек етіп ұстануының қарастырылуы - зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы саналады. Жүсіпбек Шайхысламұлының сопы Мансұр әл-Халлаж туралы жырланған қиссасы Ахмет Ясауи хикметтерімен сабақтастықта, салыстырыла қарастырылды. Сонымен бірге кітаби ақын Ақылбек Сабалұлының Марғұба қатын қиссасы мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің Орданың хикаясы дастанының Ясауи негіздеген сопылық поэзия рухында жасалған туынды екені көрсетіліп, шығарманың көркемдік сипаты ашылды. Шығармалардың қазақ әдебиетіндегі мәні мен орны анықталды.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Ә.Марғұлан, Ш.Сәтбаева, Ә.Дербісәлин, Б.Ысқақов, З.Ахметов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, А.Қыраубаева, С.Қасқабасов, Р.Нұрғалиев, М.Мырзахметов, Н.Келімбетов, Ө.Күмісбаев, Ә.Дербісәлиев, Б.Әзібаева, М.Маданова, А.Жақсылықов, А.Ахметбек, А.Әбдірәсілқызы, т.б. ғалымдардың зерттеулеріндегі теориялық тұжырымдар мен ғылыми ойлар зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі болды.
Зерттеудің нысаны және деректемелік негізі. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін орындау үшін, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен діни, кітаби ақындардың қиссалары Қисса Мансұр әл-Халаж, Марғуба қатын және Орданың хикаясы дастаны алынды.
Тақырыптың теориялық, практикалық маңызы. Кітаби ақындар жырлаған қисса-хикаялардың Ясауи хикметтерімен, оның сопылық ілімімен сабақтастықта қарастырылуы бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін тақырыптық-идеялық ерекшеліктерін арнайы зерттеудің ғылыми-теориялық және практикалық мәні зор.
Зерттеу әдістері. Зерттеу еңбекті жазу барысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін обьективті-аналитикалық, салыстырмалы сипаттау, жинақтау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің мақсат, міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - кітаби ақындардың шығармалығындағы Ясауи сопылық ілімінің көріністерін ашу, талдау, саралау. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер көзделеді:
- қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар шығармашылығының тақырыптық ерекшелігін саралау;
- Ислам дінінің сопылық іліміндегі ясауиа тарихатының негізін салушы сопы ақын Ахмет Ясауидің діни әдеби мұрасын зерделеу;
- кітаби ақын Жүсіпбек Шайхысламұлының Қисса Мансұр әл-Халлаж туындысын Ясауи сопылық ілімі, хикметтерімен сабақтастықта талдау;
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі хикаялық қисса-дастандардың сопылық ілімде жырлануын саралау;
- кітаби ақын Ақылбек Сабалұлының Марғұба қатын қиссасындағы сопылық көріністері мен көркемдік ерекшеліктерін нақтылау;
- Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Орданың хикаясы дастанын Ясауи негіздеген сопылық поэзия рухындағы туынды екенін көрсетіп, шығарманың көркемдік сипатын ашу;
- діни кітаби ақындар жырлаған қиссалардың ғылым-білімді тақырыптық өзек етуі мен уағыздауын саралау; осы әдеби үдеріс негізінде дүниеге келген Сұлтан патша қиссасы, Базар жыраудың Айна-тарақ дастаны, сол материалдармен сабақтастықта дүниеге келген Тайыр Жомартбаевтың Қыз көрелік романындағы ғылым-білімді уағыздаған сопылық ілім көріністерін анықтау;
- аталған шығармалардың осы әдеби құбылыс арқылы қазақ әдебиетін тақырыптық, жанрлық және көркемдік жағынан өсіруін, шығармалардың қазақ әдебиетіндегі мәні мен орнын анықтау.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үлкен саласы діни ағартушылық бағытта дамыды. Бұл бағыт өкілдері мұсылманша оқыған, соған орай бүкіл шығармашылығы ислам дінімен, мұсылмандық шығыс фольклоры, классикалық әдебиетімен сабақтастықта дамыған кітаби ақындар болды.
- ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым өкілдері -кітаби ақындар - қазақ жазба әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан жазба ақындар, шайырлар, жазба әдебиет өкілдері.
- Діни ағартушылық ағым өкілдері - кітаби ақындар мұрасы - ежелгі түркі жазба әдебиетінің, шағатай әдебиетінің, ортағасырлық және алтынордалық сопылық әдебиеттің дәстүрлі жалғасы. Ислам дінінің сопылық іліміндегі ясауиа тарихатының негізін салушы сопы ақын Ахмет Ясауидің діни әдеби мұрасы қазақ ақындарының әдебиеттегі діни ағартушылық бағыт өкілдері - кітаби ақындардың шығармашылығының басты тақырыптық, идеялық негізі болды.
- Кітаби ақын Жүсіпбек Шайхысламұлының Қисса Мансұр әл-Халлаж туындысы Ясауи сопылық ілімі, хикметтерімен идеялық сабақтастықта жырланған шығарма. Ахмет Ясауидің бірнеше хикметтерінде жырланатын сопы Мансұр әл-Халлаж оқиғасы Жүсіпбек шығармашылығында тұтастану, даралану үдерістерінен өтіп, дербес көркем шығармаға айналған.
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі қисса-дастандардың көркемдік идеялық қазығы Ясауи сопылық ілімі болуына орай кітаби ақын Ақылбек Сабалұлының Марғұба қатын қиссасы мен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Орданың хикаясы дастаны секілді көптеген шығармалар Ясауи негіздеген сопылық поэзия рухында жырланған туынды болды.
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі қисса-дастандар отарлық дәуір тынысына орай діни-ағартушылық сапада қызмет етумен қатар қазақ әдебиетінің жанрлық, тақырыптық, көркемдік жағынан өсуіне көп ықпал етті. Діни кітаби ақындар жырлаған қиссалардың біршама бөлігі ғылым-білімді тақырыптық өзек етті, уағыздады. Сол арқылы қазақ әдебиетін тақырыптық, жанрлық және көркемдік жағынан өсірді. Осы әдеби үдерістің бір көркем көріністерінің бірі - Сұлтан патша қиссасы, Базар жыраудың Айна-тарақ дастаны, сол материалдармен сабақтастықта дүниеге келген Тайыр Жомартбаевтың Қыз көрелік романы.
Диссертациялық жұмыстың сыннан өтуі мен жариялануы.
Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері мен ғылыми тұжырымдары мына басылымдарда жарияланды:
1. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің даму ерекшеліктері. "Қазақстанның қарқынды даму кезеңінде жаратылыстану-гуманитарлық білім беру және ғылымды жетілдіру мәселелері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы. 15-16 мамыр, 2014 жыл. Түркістан қаласы, 561-565 бб
2. Нәзиралық туынды және шығармашылық үдеріс. Р.Бердібай оқулары-1 Рахманқұл Бердібай және мәңгілік ел идеясы атты атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Түркістан, 14 қараша, 2014 жыл. 153-160 бб.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
3. Қазақ әдебиеті даму үдерісіндегі сопылық ілім дәстүр сабақтастығы. Балақаев тағылымы атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Түркістан, 05 мамыр, 2015 ж. 84-91 бб.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------

----------------------------------- ----------------------------------- ----------

----------------------------------- ----------------------------------- ----------

----------------------------------- ----------------------------------- ----------

----------------------------------- ----------------------------------- ----------

----------------------------------- ----------------------------------- ----------

1 Ясауи сопылық ілімі мен кітаби ақындар шығармашылығында дәстүр сабақтастығы
1.1 Ясауи сопылық ілімі мен Алтын Орда дәуірі әдебиетіндегі дәстүр сабақтастығы
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті дамуындағы ерекше көрінген жайдың бірі - ежелгі дәстүрлі жазба әдебиеттің қайта өркендеп, Ясауи сопылық ілімі мен сол ілімді негіздеген оның хикметтері сопылық ілім тұрғысынан да, поэзиялық дәстүр тұрғысынан да кітаби ақындар шығармашылығында қисса-дастандар арқылы көрінуі еді.
Түркі сопылық поэзиясының тұңғыш толымды үлгісі Диуани хикметті дүниеге келтірген Қожа Ахмет Ясауи - дарынды ақын ғана емес, қоғамды рухани жұтаңдықтан құтқару жолын іздеген өз дәуірінің кемел ойлы, биік мүдделі перзенті. Саналы өмірін сопылық ілімнің қыр-сырын меңгеру жолындағы ізденістерге бағыттаған Ясауи ақын өз кезегінде араб-парсы сопылық поэзиясының үздік тәжірибесін қоса меңгеріп, шығармашылығында өңдеп пайдаланған. Поэтикалық біліктілігі ақынның түркілік поэзияға ғазал, мінәжат, мадх, қытға секілді бірқатар шығыс поэзиясына тән жанрларды енгізіп, түркі әдебиетінде бұрыннан бар жанрлық түрлермен синтездеп, күрделі де көп функциялы хикмет жанрын қалыптастыруына септігін тигізді. Диуани хикмет арқылы іргесі қаланған аталмыш жанр кейінірек түркі халықтары әдебиетінде бірқатар жаңа жанрлардың дербес түр ретінде бөлініп шығуына негіз болды. Ясауи поэзиясының бүкіл болмыс-бітімінен автордың өзі сусындап өскен байырғы түркі әдебиетінің дәстүрлерін жалғап, дамытып, жаңа сатыға көтергені айқын аңғарылады. Бір шығармашылық аясында көрініс тапқан қос үдерістің - дәстүршілдік пен жаңашылдықтың өзара тоғысуы жанр мәселесінде ғана емес, Ясауи негіздеген Орта Азиядағы ақындық мектептің қалыптасуы мен дамуы барысында да шешуші роль атқарды [32], - деп ясауитанушы ғалым А.Әбдірәсілқызы бағалағандай, Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы, сопылық ілімі дербес мектеп болып қалыптасып, ғасырларға жалғасты. ХІІ ғасырлардан бастап Алтын Орда, қазақ хандығы дәуірлері әдебиетінде, жыраулар поэзиясында өзінің дәстүрлік өрнегі жалғасын тапты. Сондай-ақ, бүгінгі әдебиеттану ғылымында отарлық дәуір аталатын ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зар заман сарынында ерекше көрінді. Әсіресе, Ясауи сопылық ілімі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қатты өркендеген кітаби ақындар шығармашылығында діни қисса-дастандар сипатында көрініс берді.
ХІ-ХІІ ғасырларда жасаған атақты түркі сопысы, кемеңгер ойшыл, дарынды ақын Ахмет Ясауи Исфиджаб (Сайрам) қаласында дүниеге келген. Ахмет Ясауидің қай жылы дүниеге келгендігі жайында ғалымдар арасында көптеген пікірлер бар. Мәселен, К.Эраслан оны 1083 жылы туылды десе [34], М.Жармұхамедов 1103 жылы туылды дейді [35], А.Ахметбек 1093-94 жылы туылды десе [31], С.Дәуітұлы 1040 жылы туылды дейді [36].
Исфиджаб - Тарым өзеніне қарасты, Шахир өзеніне құятын маңдағы Жібек жолының бойында орналасқан кішкене қалашық. Осы бiр қала 840 жылы Нұх бин Әсәд басшылығымен Самани әскері жаулап алғандығы және халқы көп ұзамай, ислам дінін қабылдағандығы тарихи жазбаларда кездеседi. Кейін бұл қала қарахандықтардың қол астына өткен, Иыған Тегін Сүлеймен Бұғра хан Талас немесе осы Исфиджабта туылған. Аталмыш қала қарахандықтардан кейiн Хорезмшах құрамына, одан кейін Шыңғысханның иелігіне өтті.
Әл-Мақсиди өз заманындағы Исфиджаб (Сайрам) қаласы туралы былай деп кеңінен мәлімет береді: "Исфиджаб үлкен сауда орталығы, ол әсіресе киім саудасымен танымал. Бұл қалада төрт есікті мешіт орналасқан және мешіттің әр есігінің алдында қонақжай шатырлар бар...
Исфиджаб қаласы өзінің жеміс ағаштарымен атақты, мұнда жеміс ағаштарының түрлі-түрлісі өсіріледі. Ал халқы көп ұлттан құралған. Исфиджаб халқының жүректері (көңілдері) қатты, мәзһабтарына (дiндерiне) берік, оларда жамандық, жақсылық бірдей кездесіп отырады".
ХІ-ХІІ ғасырлардағы Исфиджаб қаласында сопылық тариқаттар мен теккелер де пайда бола бастаған көрінеді. Себебi, Ахметтiң әкесi - Ибраһим Исфиджабтың ең атақты шейхтарының бірі болған. Шейх Ибраһим орынбасарларының бірі - Мұса Шейхтың қызы Айша Хатунға (Қарашаш ана) үйленген, одан Гауһар Шахназ деген бір қызы және Ахмет деген бір ұлы туылған (Насабнамада келтірілгендей Ибраһимнің Ахметтен басқа Исмаил ата деген тағы бір ұлы болған екен.)
Ахмет Ясауидің ата тегі туралы ғалымдар арасында түрлі көзқарастар болғанымен Алматы кітапханасында табылған "Насабнама" бойынша Ахмет Ясауидің ата тегі оның 15-інші атасы - Хазіреті Алиге барып тіреледі, яғни Ахмет Ясауидің тегі хазіреті Алидің әйелі ардақты Пайғамбардың қызы Фатимадан емес, хазіреті Алидің кейінгі әйелі Ханифадан туған Мұхаммед Ханифадан тарайды. Ахмет Ясауидің үлкен ғұлама болуына әкесі Ибраһимнің еңбегі зор дей аламыз. Тарихи мәлiметтерге қарағанда, Ахмет анасынан жастай айрылған, әкесі Шейх Ибраһим де Ахмет жеті жаста болғанда қайтыс болған. Ахметтің одан кейінгі өмірі әпкесі Гауһар Шахназдың қамқорлығында қалды [37].
Ахмет жастайынан зерек, ислам ілімдіріне ерекше ықыласты болып өскен. Ол кішкентай кезінде бізге беймәлім бір себеппен әпкесі екеуі Ясы қаласына көшіп келген. Осыған байланысты өз атына қосымша "ясылық" деген мағанадағы "Ясауи" деген атауға ие болған. Түрік аңызы бойынша Оғыз ханның астанасы болған Ясы қаласы батыс пен шығысты байланыстыратын Жібек жолының бойындағы сауда орталығы болған. Бұл қаланың ескі аты "Шауғар" (Шавгар). Кейін бұл қаланың орталығы Ясыға ауысқан, осы бiр кезеңнен бастап қаланың аты Шауғар емес, "Ясы" деп атала бастаған. Қожа Ахметтiң заманында бұл қаланың аты Ясы деп аталса керек. Ахмет Ясауи Ясыға көшіп келгенде бұл қалада сопылық жол кең жайылған болатын. Оған аңыз бойынша Құмшық ата деген сопы мен қазіргі кездегі оның теккесі (дергаһ) дәлел бола алады. Сонымен қатар бұл қалада Арыстан баб есімді мәшһүр шейх құрған сопылық жол да бар болатын. Жас Ахмет Ясы қаласында осы Арыстанбабқа қол беріп, оның заһири (сыртқы), батыни (ішкі) ілімдерін үйренеді. Мұны халық арасындағы аңыздар да қуаттайды және Диуани Хикметте:
Жеті жаста Арыстанбабқа қылдым сәлем,
Хақ Мұстафа аманатын қылғын әнам.
Арыстан баб қайтыс болғаннан кейiн Қожа Ахмет сол заманның ғылым, бiлiм ордасы болған Бұхараға сапар шеккен. Аталмыш қалада ясылық шәкiрт атақты шейх - Қожа Жүсiп Хамаданиге қол бередi (дәрiс алады). Ахмет Ясауидің үлкен ұстазы Жүсіп Хамадани (толық аты: Әбу Яқуб ибн Әййуб ибн Юсуф ибн әл-Хаман ибн Уахра Хамадани әл-Бүзенжири) Хамадан ауданындағы Бүзенжир қалашығында 1049-1050 жылы дүниеге келген. Өскеннен кейін ол Бағдат қаласына барып, Шейх Әбу Исқақ Ширазимен кездеседі де, одан шариғат (фықһ) ілімдерін үйренеді. Сосын Бағдат, Исфахан, Самарқанд қалаларындағы ұлы мұхаддистерден (хадисші) хадис ілімін үйренеді. Одан кейін Жүсіп Хамадани сопыларға тән өмірді қалап, әйгілі Шейх Әбу Али Фармедиге қол беріп, одан сопылық ілімді үйренеді де өмірінің қалған бөлігін көңілін тәрбиелеумен өткізеді [35].
Жүсіп Хамадани жүннен және үнемі жамалған киім киіп, дүние істеріне аса мән бермей, патшалардың, үлкен кісілердің үйлеріне бармайды екен. Жүсіп қолында не бар болса мұқтаждарға таратып беріп, ешкімнен ештеңе алмайтын болған. Ол 75 жыл бойдақ жүріп соңында үйленген. Сондай-ақ хамадандық Жүсіп ислам бойынша 700 шығарманы жатқа білген, 213 Шейхпен кеңес құрып, 8000 бұтқа табынушыны ислам дінін қабылдауына себепкер болған адам. Ол христиандар мен отқа табынушылардың (Мәжуси) үйлеріне барып, исламның ұлылығын түсіндіретін болған. Меккеге 37 мәрте қажылықа барған. Жүсіп Хамаданидің өмір сүріп тұрған кезінде Селжұқ империясының сұлтаны Сұлтан Санжар Жүсіп Хамаданиді қатты құрметтеген. Тіпті Хамаданидің теккесі қаражаты үшін, 50 000 динар жіберген екен дейді. Қазір Жүсіп Хамадани мен Сұлтан Санжардың қабірі Мерв (Мары) қаласында.
Жүсіп Хамаданидің қартайған шағында оның өзге 3 шәкіртімен бірге Қожа Ахмет халифалық дәрежеге жоғарылаған. Жүсіп Хамадани қайтыс болғаннан соң, Ахмет оның алғашқы екі халифасы - Қожа Абдуллаһ Берки мен Қожа Хасан Андакидан кейін біраз уақыт Бұхарадағы Хамадани теккесін басқарады. Бірақ біз оның қанша уақыт Хамадани теккесін басқарғанын білмесек те, ясылық ғұлама барлық шәкірттерін 4-ші халифа - Қожа Абдухалық Гыждуаниге тапсырып, өзі Ясыға оралғанын бiлемiз [38, 28].
Ислам дәруіштері тәрiздi Хорасан, Сирия, Ирак өлкелерiн аралап, Ахмет кезбелiк өмiр кешкенiн Диуани Хикметтегi мына өлең жолдарынан бiлемiз:

Дариға, не істемекпін ғаріптікке
Шын сорлы кезбе болып шықты міне.
Хорасан, Шам, Ираққа барып, тіпті,
Қанғудың көп қадырын ұқты міне

Қайтеміз Құдай салса, буған белмен
Қынғаннан-Жүсіпті ол қуған-ды елден.
Мүбәрәк Түркістаным - туған жерге,
Тасқа ұрып бауырымды келді міне.
Түркi халықтарының ортақ пiрi ясылық Ахмет кiндiк қаны тамған берекелi мекенiне бiлiм сыпырасын (софра) жайған. Оның берекелi софрасында көптеген шәкiрттер ақиқат шуағымен азықтанған, түркi жұртының көңiлдерiне Аллаһ нұрымен иман ұрығын еккен. Халық арасындағы аңыздарға қарағанда ұлы бабамыз 99 000 мүриді жетілдірген, оның 12000-ы шейхының жанында дәріс алады екен. Әзіреті Сұлтанның рухани софрасында (дастархан) ақиқат нұрымен сусындаған мүридтері ұстазының нұсқауымен түркі әлемінің түкпір-түкпіріне жөнелтілгені халық арасындағы аңыздарда кереметтей етіп баяндалады [39, 29].
Ахмет Ясауи - ардақты пайғамбарымыздың сүннетін қатты ұстаған адам. Сондықтан пайғамбар жас - 63 жастан кейін, теккесінің жанынан жер астына өзіне орын қаздырып, өмірінің қалған бөлігін сонда өткізген.
Таң сәріде дүйсенбі күн жерге кірдім,
Мұстафаға қайғы тұтып кірдім міне
Алпыс үште сүннет деді естіп білдім
Мұстафаға аза тұтып кірдім міне.
Кемеңгер түркі сопысы өз қол еңбегімен, ағаштан қасық, ыдыс-аяқ жонып күнелткен адам, осы кәсібін қылуетте де жалғастырған, Аллаһқа құлшылық жасаумен, ораза тұтумен, зікір айтумен, Диуани Хикмет жазумен айналысқан және сонда дүниеден озған. (Ахмет Ясауидің неше жыл өмір сүріп, қайтыс болғаны туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Мәселен, М.Ф.Көпрүлү оны 120 жыл өмір сүріп, 1166-67 жылы қайтыс болған десе, М.Жармұхамедов оны 125 жыл жасап, 1228 жылы қайтыс болған дейді, ал К.Эраслан 83 жыл жасаған десе, Х.Сүйіншәлиев 73 жыл жасаған дейді. Ал Хисамиддин Сығнақи оны 130 жыл өмір сүрген дейді.)
Халық арасындағы аңыздарға қарағанда, Қожа Ахметтiң мәйітін жуған және жаназасын шығарған атақты "Қарабура ата" көрінеді. Кемеңгер бабамыздың мүрдесi осы бiр берекелi қонысқа жерленуiне орай Ясы қаласының одан сайын гүлденуіне жол ашылды, қарт Түркістан түркі дүниесінің астанасы, қасиетті қалаға айналды. Тiптi, Ахмет Ясауидің "Пір Түркістан", "Әзіреті Түркістан" (түркі елінің пірі, шейхы) деп аталуына байланысты оның мүрдесi жатқан қала "Түркістан" деген атауға ие болды.
Аңызға қарағанда, Ахмет Ясауидің Ибраһим атты бір ұлы болған. Бірақ Қожа Ахметтің тірі кезінде-ақ баласы қайтыс болған екен. Ахметтің одан басқа Гауһар Шахназ және Гәуһар Хошназ атты қыздары болған. Бірақ кейбір мәліметтерде Ахметтің бір қызы болған деп көрсетсе, кейбірінде екі қызы болған деп көрсетеді. Яғни, бұл жөнінде ғалымдар арасында түрлi пiкiрлер бар.
Кезіп бір, кентіне кеп тұрақтады,
Мазар болып, Түркістанда қалдым міне.
Ясауи шығармасының Диуани хикмет аталуына байланысты Көпрүлү

Х ғасырдағы діни-сопылық шығармаларды "хикмет" деп атағанын айтады. Ал бүгінгі хикметтер Ахмет Ясауидің өлеңдері қамтылған жинақтың атауы. Осы есім Ахмет Ясауидің шығармасына ХҮІ ғасырдан бастап Ясауи жолын қуушылары тарапынан қойыла бастаған деген пікір айтқан ғалымдар да бар. Өйткені олар сол заманда өмір сүрген Фазлуллаһ бин Рузбиханның Ясауи кесенесінде оқылатын хикметтердің басында Диуани Хикмет деген сөзді кездестірмегенін дәлел ретінде келтіреді.
Әйтсе де Ясауи жолындағылар осы шығарманы Құран Кәрімдегі Нахл сүресінің 125 аятындағы Аллаһ Тағаланың: "Адамдарды Раббыңның жолына хикмет (даналық) және көркем үгіт арқылы шақыр", - деген бұйрығы бойынша, халыққа ислам дінін даналықпен (хикмет) шақыру мақсатында Ясауидің әйгілі шығармасын Диуани Хикмет деп атаған. Өйткені оның өлеңдерінің әрбір сөзі шеберлікпен жазылған даналық (хикмет) болып табылады.
Диуани Хикмет шығармасы - түркі тілінде исламға дейінгі түркі жырауларының сөз саптау, өлең пішімдерін қолдана отырып діни-сопылық оймен жазылған алғашқы шығарма, яғни ислам-түркі әдебиетінің "Құтты біліктен" кейінгі ең ескі шығарма үлгісі.
Ислам дінінің негіздерін, шариғат үкімдері мен Әһли сүннет (сүнни) сенімін ислам дінін қабылдай бастаған түркілерге үйрету, сопылықтың мәнісін, тариқаттың әдебі мен негіздерін мүридтеріне түсіндіру Ахмет Ясауи хикметінің басты мақсаты болып табылады.
Ф.Көпрүлүнің айтқаны сияқты хикметтердің мазмұнын діни-сопылық элементтер, ал пішімін ұлттық элементтер құрайды. Бұл шығармада ислам дiнi, түркі сопылығы мен Ясауи тариқатының негіздері, сенімдер мен нанымдар, ахлақ т.б. тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар аталмыш шығармада мінәжәт, мадақ өлеңдер, Аллаға деген ғашықтық, Аллаһтың бірлігі, оның шексіз қалауы мен құдіреті, Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға деген сүйіспеншілік, Хазіреті Пайғамбардың сүннеті, нәпсі тәрбиелеу, зүһд (дүние рахатынан аулақ жүру) пен тақуа (Алладан қорқу), құлшылық, ислам ахлағы, ислам аңыздары, ахирет өмірі, қиямет жағдайы, жәннәт-жәһәннәмды (жұмақ-тозақ) суреттеу, алдамшы өмірден шағымдану, дәруіштердің артықшылықтары, жалған сопылар, мұсылман сопыларының қиссалары, зікір мен қылует сияқты Ясауи тариқатының әдептері мен негіздеріне байланысты тақырыптар қамтылған.
Диуани хикметте Мұхаммед, Зәкәрия, Исмаил, Мұса, Әйюб, Жүсіп сияқты пайғамбарлар, Әбу Бәкір, Омар, Осман және Али сияқты сахабалар, Махмұд, Зүннун Мысри, Шибли, Әдхам, Баязит, Мансұр сияқты атақты сопылар, Ләйлә-Мәжнүн, Жүсіп-Злиха сияқты ғашықтар баяндалады.

Ахмет Ясауи Мирату-л-Құлуб еңбегінде де жалпы сопылық ілімнің өзегін құрайтын көңілдің көзін ашу, рухани жетілу басты мәселе ретінде қаралады. Ондағы мол ұшырасатын сопылық дүниетанымдық категориялар Ясауидің ой-пікірін тұжырымдаудың кілті ретінде қызмет еткен. Еңбекте сопылық әдебиетте жиі кездесетін Нұр-ы Мұхаммедия, үммү-л-әруах категориялары, сондай-ақ адам рухының жоғарғы сапалық тазалық категориясы - қалб-ы сәлим, дәрежелік өту сатылары - дариялар мәні таратыла айқындалған. Көңілдің (рухтың) тазалыққа, кемелдікке жетудегі ең негізгі шарттары мен қағидалары әдістемелік теориялық деңгейде түсіндірілген.
Енді сопылықтың шығу тегіне келсек, ғалымдар арасында түрлі-түрлі пікірлер бар:
1. Мұхаммед пайғамбардың Мединедегі мешітінің жанында отыратын, жақындары, үй-күйі жоқ қайыршы сахабалар болған екен. Осы сахабаларды "әһли сұффа" немесе "асхабы сұффа" деп атаған. Олар тек қана Аллаға құлшылық етумен, Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға қызмет жасаумен шұғылданған. Осыған байланысты кейінгі замандарда сол сахабалар (әһли сұффа, асхабы сұффа) сияқты өз нәпсісін тәрбиелеген, Алланы әрдайым ойлайтын адамдарды "сұффа" сөзін өзгертіп, "суфи" деп атап кеткен дейді.
2. Тағы бір көзқарас бойынша сопылардың Алла Тағаланың ризашылығына лайық амал істегендеріне байланысты "суфи" деген сөз, ахиретке Алла алдында "алғашқы қатарда болатындар" деген мағынадағы "саф әууәл" сөзінен шыққан.
3. Суфи сөзі "Бәни сұффа" дейтін араб тайпаларындағы бір әулеттің атынан шыққан дегендер бар. Бұл әулет Қағбаның барлық қызметтерін сауап үшiн өз мойындарына алған екен, кейінгі кезеңдерде өзін Алла жолына бір жола берілген адамдарды "суфи" деп атап кеткен дейді.
4. Суфи деген сөз "бет бұру" деген мағынаға келетін "сауф" сөзінен шыққан дейтіндер бар. Өйткені сопылар дүние рахатынан Аллаға бет бұруына байланысты, "бет бұру" деген мағынаға келетін сауфтан суфи сөзі шыққан.
5. Суфи грек тіліндегі "софос (даналық)" деген сөзден шыққан деген пікірлер бар.
6. Суфизм "жүн" деген мағынаға келетін "суф" сөзінен шыққан дейтіндерге қарағанда, әдетте сопылар жүннен тоқылған шапан киіп, көз тартар әсем киімдерді киюден тартынған және тек денелерін жауып тұратын жүннен тоқылған киімдер киген. Сондықтан оларды суфи немесе тасаууф (жүннен киім кию) деп атап кеткен. Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбар да кейде жүннен киім киген екен. Асхабы сұффалардың да киімдері жүннен болған. Хасан Басри 70 сахаба көргенін, олардың барлығы жүннен киім кигендігін айтады. Сондықтан суфизмді ислам терминологиясында "тасаууф" (жүннен киім кию), ал сопыны "мұтасаууыф" (жүннен киім киюші) деп атайды [39; 40; 41;42;43].
Сопылықтың ішкі мәнін толық түсіну өте қиын, әрi күрделi iзденiстi талап етедi. Өйткені сопылық адамның ішкі дүниесінде болатын көңіл тәрбиесі. Ал көңілді, адамның ішіндегі жағдайын өзінен басқа ешкім білмейтіні белгілі. Сондықтан сопылардың ішкі жағдайын өзінен басқа ешкім білмейтін болған және олар өзінің жағдайын ешкімге сол қалпында жеткізіп бере алмаған. Себебi, ішіндегі жағдайын сыртқа шығарып, адамдарға сопылықтың не
екендігін түсіндіруге олардың тіл байлығы жетпеген. Тек астарлап қана сөйлеген. Сол себепті сопылық жолдағы адамның әрекеті мен сөздері, бұл дүниеге деген көзқарасы қалыпты жағдайдағы адамнан өзгеше болады. Тасаууф немесе суфизм сөзі ҮІІІ ғасырдан бастап қолданысқа ене бастағанмен, сопылық жол Мұхаммед пайғамбардың заманынан бастау алады. Бірақ Пайғамбардың дәуірінде сопылық жолды "тасаууф" емес, "ихсан" деп атаған екен.
Бір күні бір кісі хазіреті Пайғамбардың мәжілісіне келіп, Пайғамбарға: "Ей Аллаһтың елшісі! Иман дегеніміз не?" - деп сұрақ қойыпты. Пайғамбар оған иманның мәнін түсіндіргеннен соң, әлгi адам қайтадан: "Ей Аллаһтың елшісі! Ихлас (Ықылас) дегеніміз не?"деп сұрапты. Пайғамбар оған ихластың мағынасын баяндап береді. Әлгі адам тағы да: "Ей Аллаһтың елшісі! Ихсан дегеніміз не?-дегенде хазіреті Пайғамбар: "Ихсан сен Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық етуің. Сен оны көре алмасаң да ол сені көріп тұр", - деген екен. Міне, сопылықтың мән-мағынасы осы.
Осы Хадис Шәрифке сай, ардақты Пайғамбардың дәуірінде де, одан кейінгі кезеңдерде де көбінесе құлшылық жасап, дүние рахатынан өзін аулақ ұстайтын адамдарды "абид (құлшылық жасаушы)" немесе "заһид (дүние рахатынан аулақ жүруші)" деп атаған, кейін олар "мұтасаууыф" (жүннен киім киюші) деген атаққа ие болады.
Сопылық жолға түскен сопылардың өздері тасаууф туралы былай анықтама берген.
Тасаууф - ақиқаттарды алу, адамдардың қолындағы нәрселерден үміт үзіп, бет бұру. (Маруф әл-Кәрһи)
Тасаууф дегеніміз сол, құлдың басынан өткізген оқиғаларын Хақтан басқа ешкім білмейді. Ол әрдайым Хақпен бірге. (Әбу Сүлейман әд-Дарани)
Тасаууф - қолыңдағыны беру, басыңа түскен қиыншылыққа шағымданбау. (Әбу Әмір Исмаил ибн Нүжейд)
Тасаууф - Нәпсінің бүкіл қалаулары мен құмарлықтарын тастау. (Әбу-л-Хусейн ән-Нури)
Тасаууф - Хақтың сені сенен өлтіріп, өзімен қайта тірілтуі. (Жүнейд әл-Бағдади)
Тасаууф - Аллаһты заты, есімдері және сипаттарымен, есім мен сипаттарының көрінісімен білу, ілімнің ақиқаттарын ақиқаттың тек Хақиқатқа қалай қайтатынын білу. (Ферид Қам)
Тасаууф жайында тағы бір анықтама да былай: Тасаууф дегеніміз кәрілікті тастау (Жүнейд әл-Бағдади), яғни адамның мойын ұсынуы мүмкін өткінші дүние ләззаттарынан аулақ жүруі деген сөз [39;40;41;42;43].
Сопылықтың мақсаты - Алланың ризашылығын алу, ол үшін құдайға шексiз ғашық болу, оның көрсеткен жолымен жүру, нәпсіге құл болу емес, керiсiнше оны өзiне құл ету, көңіл, жүрек кірлерiнен арылу және жақсы мінезді болуға тырысу. Сондықтан бір сопы: "Тасаууф - Аллаһтың мінезімен мінездену (кішіпейілдік, жомарттық, қанағатшылдық, ақкөңілдік, сабыр т.б.) " немесе тасаууф - "көңіл тәрбиесі", - деп анықтама берген.
Демек, сопылық жол бойынша адамның жақсы мінезді болуына баса назар аударылады. Ал жақсы мінезді болудың ең көрнекті үлгісі - ардақты Мұхаммед пайғамбардың асыл мінезі. Осы тақырып бойынша ардақты пайғамбар бiр сөзiнде былай деген: "Мен жақсы мінезді (ахлақ) толықтыру үшін жіберілдім". Сондықтан, сопылық дегеніміз ешкімді ренжітпеу және ешкімге ренжімеу, барлық адамға көмектесіп, үмітті адамдардан емес, Хақтан күту екенi айқын.
Алланың ризалығын алу және мәңгілік бақытқа жету үшін сопылық жол бойынша нәпсісін өзіне құл ету, ішкі және сыртқы дүниесін нұрландыру және оны күшейту арқылы адам "инсан камил (кемел адам)", "мүршид камил" дәрежесіне жете алады. Ал бұл - ең биік рухани жетістік.
Сопылық жолға бiржола өмiрiн арнаған адамды үңгірлерде, тау-ормандарда өмiр сүретiн немесе ел кезіп жүретін кемтар адамдар деп түсінбеген жөн. Өйткені олар материалдық жағынан сырттай әлсіз, бейшара көрінгенімен рухани дүниесі, көңілі бай. Аллаға ғашық болғанына және көңiл тәрбиесiне мән бергенiне байланысты оларға бүкіл дүниенің мәні жоқ. Керісінше, олар үшін ең маңыздысы - Алланы тану, сосын Алламен бірге болу, Аллаға қауышу. Сопылық жолға өзiн арнаған адамды қараңғы, қапаста, бұл дүниемен байланысын үзген адамдар деп түсінбеген де жөн, керісінше ахиретiн де дүниелiк iстерiнде қатар ұсатаған адам нағыз кемел адам, сондықтан дәруiштерге "екі қолы істе, көңілі мен жүрегі Аллаһта болған адамдар", - деп анықтама бергенiмiз нақтырақ. Әрине, сопылар материалдық дүниеге қарағанда, рухани дүниеге көп көңіл бөледі. Бірақ дүниелік өмірінен де мүлдем қол үзіп кетпей, өмір сүрулері үшін, еңбек еткен. Мәулана Желаледдин ар-Румидің "Месневи" атты еңбегінде мынандай тамаша бір мысал келтіріледі: "кеменің жүзуі үшін су керек. Бірақ, кеме тесіліп, оның ішіне су кірсе оны батырады". Сол сияқты адамның өмір сүруі үшін де дүние пайдалары керек. Ал дүниенің соңына түскен жағдайда, ол да адамды құрдымға жібереді.
Сопылық хазіреті Мұхаммедтiң дәуірінде "суфизм" немесе "тасаууф" деп аталмағанымен, дүниелік істерден өзін аулақ ұстау, Аллаға жақындауға тырысу, көңілін тәрбиелеу сияқты сопылықтың негізгі шарттары бар болатын. Оған Пайғамбардың жасаған құлшылықтары мен оның көңіл тәрбиесі, мінезі куә. Хазіреті Мұхаммедтiң өмірі пәк болатын, таза киініп, таза жүретін, ол рухани байлығымен, адамгершілігімен тек өзінің үмметтеріне ғана емес, бүкіл адам баласына үлгі болған. Ол түнімен егіле жылап, құдайға құлшылық жасайтын. Құлшылық жасағанда: "сенің келер, өткен күнәларың кешірілмеді ме?" - дегендерге: "шүкір еткен бір құл болмаймын ба?"- деп жауап беретін. Мұхаммед пайғамбар әрдайым ахиретті ойлайтын: "Қарыз ақшамнан басқа, Ұхұд тауындай алтыным болса, үш түн өткенше ол ақшадан жаныма біреуін де қалдырмайтын едім" - деп, дүние рахатынан өзін аулақ ұстайтын.
Ардақты Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбар ешкімнің көңілін қалдырмайтын, өте кішіпейіл, еңбекқор, көңілі пәк, ешкімді ренжітпейтін адам болған екен. Мұхаммед пайғамбардың ахлағы (мінезі) жайлы Әбу Сайд әл-Хұдри: "Расулуллаһ түйені байлайтын, оған жем беретін, үй сыпыратын, аяқ киім тігетін, киімін жамайтын, қой сауатын, қызметшісімен бірге ас ішетін, ұн үгітіп шаршаған қызметшісіне көмектесетін, базардан зат алып үйіне әкелуге арланбайтын, бай-кедей барлығының қолын қысатын, алдымен өзі сәлем беретін, шақырған адамның бетін қайтармайтын, бір құрмаға бола шақырған жерден қалмайтын. Оның мінезі жұмсақ, адамның көңілін таба білетін, жылы жүзді еді. Қарқылдап күлмейтін. Қарапайым, жомарт, нәзік жанды адам болатын. Әрдайым тәфәккүр (ой жүгірту) ішінде болатын, мейрімді болатын. Ешқашан тоя жеп, кекірмейтін, ашкөздік етпейтін", - деп суреттейді. Демек сопылық жол ҮІІІ ғасырда емес, Пайғамбардың заманында басталған. Бірақ, тасаууф ол заманда адамның көңілін тәрбиелейтін жеке бір жол болып қалыптаспады.
Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін, оның өміріндегі іс-әрекетін, мінезін өнеге еткен сахабалар (пайғамбармен сұхбат құрған серіктері, пайғамбарды көріп, оған иман еткен адамдар) да көңіл тәрбиесіне көңіл бөліп, тақуалық өмір сүруге тырысты. Әсіресе сахабалардың ішінде жейтін тағамы, киетін киімі, жататын баспанасы жоқ "асхабы сұффа" немесе "әһли сұффа" деп аталатын қайыршы сахабалар сопылық тарихында "сопы" деп аталмағанымен, алғашқы тақуалар болып табылады. Олар да ардақты пайғамбар сияқты дүние рахатынан аулақ жүретiн, көбінесе уақыттарын құлшылықпен өткізетін.
Сахабаларды көрген, олармен сөйлескен, сұхбаттасқан "табиин" (Пайғамбарды көрмесе де, сахабаларды көрген адамдар) дәуірінде де, мұсылмандар арасында өмірлерін тақуалықпен өткізетіндер болды. Алайда сахаба, табиин ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кітаби ақындар шығармашылығындағы сопылық ілімнің жырлануы. Автораферат
Қазақ әдебиетіндегі дін тақырыбының даму, қалыптасу тенденцияларын, ислам дінінің ұлттық құндылыққа айналу жолындағы әдебиеттің маңызын анықтау
Қазақ әдебиетіндегі шариғат негіздерінің көрінісі
Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым
Абайдың ақындық кітапханасы
Шортанбай шығармашылығын жан-жақты талдау
«ҒАЗАУАТ СҰЛТАН» ҚИССАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Абай поэзиясындағы араб тілінен енген сөздер
Ясауидің еңбектеріндегі алла сүйіспеншілігі
Қазақ - парсы әдебиеттерінің ортақтастығы
Пәндер