Ақындардың қолданысындағы фразеологиялық тіркестер ерекшелігі


Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті жанындағы
қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы
Съезд Ақмаралдың «Ақындар қолданысындағы
фразеологиялық тіркестер ерекшелігі»
тақырыбына жасалған ғылыми жұмысына
Пікір
Съезд Ақмаралдың «Ақындар қолданысындағы фразеологиялық тіркестер ерекшелігі» атты ғылыми жұмысы жан-жақты зерттеліп жазылған.
Фразеология - қазақ әдеби тілінің айшықты да, мәнерлі де бай саласының бірі. Бұлар өзінің бейнелілік, әсерлілік, экспрессивті-эмоциялық, суреттеме қасиеттерімен көзге түседі. Ал ақындар қолданысында ол тіпті ажарлана түседі, өзіндік ерекшеліктерге ие болады. Поэзияға жаны құмар жас буын өкілі өзі сүйіп оқитын ақындардың тіліндегі тұрақты тіркестерді зерттей отырып, теориялық тұжырым жасайды.
Зерттеуші оқушының ізденімпаздығы, еңбекқорлығы қуантады. Ақындар өлеңдеріндегі тұрақты тіркестерді теріп немесе олардың ұқсастығы мен ерекшелігін топтастырып қана қоймай, сол өлең жолдарындағы тұрақты тіркестерді алфавит ретімен орналастырып және олардың беретін мағыналарын «Фразеологиялық сөздік» арқылы тауып жазғандығы еңбектің құндылығын арттыра түскендей.
Жұмыс соңында тақырыпты ашатындай фразеологиялық тіркестердің поэзиядағы ерекшеліктерін топтап бергендігі де көңіл қуантады. Ғылымилығы мен мектеп тәжірибесіне ұсынуға болар мысалдары арқылы жұмыс жоғары бағаланады деген сенімдемін.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің қазақ тілі
кафедрасының аға оқытушысы, ф. ғ. к: Ж. А. Исаева
24 қаңтар 2012 ж.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті жанындағы
қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы
Съезд Ақмаралдың «Ақындар қолданысындағы
фразеологиялық тіркестер ерекшелігі»
тақырыбына жасалған ғылыми жұмысына
Пікір
Съезд Ақмаралдың «Ақындар қолданысындағы фразеологиялық тіркестер ерекшелігі» атты ғылыми жұмысы фразеологиялық сөз тіркестерінің теориялық, практикалық мәселелерін зерттеуге қосылған тамшыдай үлес деуге болады. Оқушы ғылыми еңбегі арқылы поэзиядағы фразеологизмді өз мүмкіндігі келгенше талдап көруді мақсат тұтқан. Сол мақсатының үдесінен шыға да білген. Тақырып оқушының зерттеуіне лайық таңдалған. Жұмысты оқушы еркін, өз деңгейіне сай зерттеп жазып шыққан. Оқушының зерттеу еңбектеріне сүйене отырып жасаған өзіндік қолтаңбасы жақсы байқалады .
Поэзия әлемінде талантымен танылып, жыр сүйер қауымды ешкімде қайталанбас өзіндік үнімен қуантқан, сүйсінткен ажарлы топтағы ең танымал ақындардың шығармашылығына арнайы тоқталып, фразеологизмдегі ерекшеліктерін зерттеуді мұрат тұтқан оқушының ғылыми жұмысы өз мақсатына жеткен.
Фразеологияны зерттеген барлық еңбектерді дерлік зерттеп қарап шыққаны, теориясына пайдалана білгендігі жұмыс соңындағы пайдаланған әдебиеттер тізімінен байқалады. Жұмыс өзінің лайықты бағасын алады деп сенемін.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің қазақ тілі
кафедрасының профессоры, ф. ғ. д: Ж. Садуақасұлы
24 қаңтар 2012 ж.
Жоспары:
1. Кіріспе
2. Негізгі бөлім. І тарау. Фразеологизмдегі вариантылық пен синоним мәселесі. Фразеологиздерді көркем шығармаларда қолдану ерекшелігі.
3. ІІ тарау. М. Мақатаев, Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, М. Шаханов өлеңдеріндегі фразеологизмдерді қолдану ерекшеліктері.
4. Қорытынды.
5. Пайдаланған әдебиеттер.
6. Қосымша. Поэзиядағы фразеологизмдер сөздігі.
Жұмыстың мазмұны: Кіріспе бөлімінде фразеология ұғымы, оның объектісі, шығу төркіні мен негіздері, зерттелуі қарастырылады.
І тарауда фразеологизмдегі варианттылық пен синоним мәселесі, оның көркем шығармалардан орын алу ерекшелігі, сондай-ақ, тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігі ашылады.
ІІ тарауда жекелеген ақындардың өлеңдеріндегі фразеологиялық тіркестерді қолдану ерекшелігі салыстырылады.
Қорытындыда өлеңдердегі фразеологизмдерді өмірде қолданудың маңызы мен поэзиядағы ерекшеліктері топтастырылады.
Жұмыстың соңында поэзиядағы фразеологиялық тіркестер жинақталып, өлең жолдарымен сөздік ретінде қосымша материал ретінде ұсынылады.
К І Р І С П Е
Жаратылыстағы, қоғамдағы әр құбылыстың өз сыры, өз заңдылықтары болады. Қоғамдық құбылысқа жататын тілдің де терең сыры бар. Тілдің даму, өмір сүру заңдылықтарын айқындау үшін оның құрамына енетін басты-басты бөлшектерінің табиғатын түсіну керек.
Тіл - қарым-қатынас жасаудың мықты құралы. Сол қызметін атқаруда ол жеке формалардан құралған, жалпыға ортақ жеке сөздерге негізделген сөйлеу тәсілдерін керек етеді. Тілдегі сөздер өзара бір-бірімен тіркесіп қолданылады да, олардан сөз тіркесі жасалады. Тіл-тілде сөз тіркестерінің екі түрі болады. Оның бірі - еркін тіркес, екіншісі - тұрақты тіркес немесе фразеологиялық тіркестер.
«Фразеология» деген термин, біріншіден, белгілі бір тілдегі тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерінің жиынтығы деген мағынада, екіншіден, тұрақты фразеологиялық ілім деген мағынада қолданылады.
Фразеология - грек тілінің phrasis - сөйлемше және logos - ұғым, ілім деген сөздерден жасалған термин.
Фразеология - қазақ әдеби тілінің айшықты да, мәнерлі де бай саласының бірі. Бұлар өзінің бейнелілік, әсерлілік, экспрессивті-эмоциялық, суреттеме қасиеттерімен көзге түседі.
Фразеологиялық сөз тіркестерінің теориялық, практикалық мәселелерін зерттеуге келер болсақ, пайдалы пікір айтушылар тобына Ә. Нәжіп, М. Балақаев, Ғ. Мұсабаев, К. Сағындықов, С. Телжанов секілді ғалымдарды атауға болады. Бұл категорияны тікелей зерттеп, құнды еңбектер шығарған Ә. Қайдаров, Қ. Өмірәлиев, Е. Жұбанов, Ө. Айтбаев, Р. Сәрсенбаев, С. Ибатов, С. Төлекова, К. Дүйсетаева, Ж. Қожахметова т. б. зерттеушілердің есімдерін атаған мақұл.
Сондай-ақ, І. Кеңесбаевтың он мың сөзді қамтыған, бұл саланы зерттеуге қомақты үлес болып есептелетін «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», алты мың сөзден тұратын тұрақты теңеудің мағынасын ашқан Т. Қоңыровтың «Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі», сондай-ақ, Ж. Қожахметова, Р. Жайсақова, Ш. Қожахметова құрастырған «Қазақша-орысша фразеология сөздігі» де айтулы дүние десе болады.
Ал поэзия мәселесіне келер болсақ, бұл тұрғыдағы еңбектер өте аз. Әрине, әрбір ақынға жеке тоқталып, өлеңдерінің тілдеріне талдау жасағанда, айтылып жүрсе де керек, ал осы жұмысты орындау барысында поэзиядағы фразеологизм мәселесіне қалам тартқан М. Жақыпбеков Жамбыл Жабаев шығармаларындағы, ал Б. Манасбаев С. Мұқановтың поэзия тіліндегі фразеологизмдерге тоқталғанын білдік.
Біз де осынау еңбегіміз арқылы поэзиядағы фразеологизмді өз мүмкіндігіміз келгенше талдап көруді мақсат тұттық.
І ТАРАУ
Фразеологиялық варианттылық пен синоним мәселесі, фразеологимздердің көркем шығармаларда қолдану ерекшелігі
Фразеоологиялық тіркестердің өзіндік ішкі ерекшелігіне, әсіресе, өзіміз тоқтағалы отырған поэзияға тән өзгерістеріне тоқталып өтелік.
Фразеологиялық ерекшеліктер тілдің бойында бірталай заңдылықтарды тек фразеолгиялық тіркес емес, жалпы тілімізге, сөздерге тән ереже - қағидаларды аз да болса да ескерткен хақ.
Соның бірі - плеоназм құбылысы. Бұл тұрғыда сөз қолданысқа тән нәрсе- белгілі бір ұғымды әр алуан мәндес атаулармен қайталап түсіндіру. Мәселен, «бет-жүзіне қарамай» деген фразадағы «бет» пен «жүз» бір-біріне дублет мәндес сөздер.
Фразеологизм құрамындағы сол сияқты эллипсистік тұжырымдар болады. Бұл құбылыс бойынша тіркес құрамында қайталанып айтылуға тиісті элементтердің біреуі түсіп қалып отырады. Мысалы, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар - ай десе аузы, күн десе көзі бар.
Сөзді қай түрде болса да, белгілі бір грамматикалық тұлғада неше саққа жүгіртіп, құбылтып қолдана қосымшаларды жүйелеп қосуда сөздің фразеоло-
гиядан айырмасын біле аламыз. Ал фразеологияны қалай болса, солай еркін тіркес тәрізді түрлі транформацияға салып, грамматикалық модельмен мағыналық варианттарды тоғыстыру тым қиын. Тек фразеологиялық тіркес тобынан ілуде бір ауытқу кездесуі мүмкін. Рас, көркем әдебиетте, оның ауызша-жазбаша түрлерінде халық тіліндегі белгілі бір фразеологизмдерді сәл ұлғайтып не ықшамдап, өлең өлшеміне не көркем мәтінге ұластыра өріп қолдану сәттері болып тұрады. Теория саласында бұл типтегі фразеологизмді п е р и ф р а з а / парафаза / деп атайды. Алайда бұл секілді саналы әрекет жолымен болған өзгерістер арасына бөгде сөздер енсе, д и с т а н т құбылыс делінеді. Мысалы :
Шам қамзол, құндыз бөрік кигенменен,
Бес батпан десе беттің кірі .
Фразеологизмдер ішкі мән-мағынасына қарай қолданылуы барысында өзі-
нің стильдік өңін өзгертіп отырады. Яғни фразеологизмнен тыс өзге сөздердің әсері болады. Мәселен, қол көтерді, табағын тартты, басы айналды секілді тіркестердің мағыналары еркін тіркестердің ауанына қарай айқындалады. Тіркестердің мұндай мағыналарын т ә у е л д і мағына дейді. Ал көсегең көгерсін, үптеп кетті, жеті / қараңғы / түн сияқты фразеологиялар өздігінен дара тұрып та негізгі мағынаны айқын аңғартады. Тіркестердің мұн-
дай мағынасын т ә у е л с і з деуге болады.
Фразеолгияда оның в а р и а н т т а р ы мен с и н о н и м-дері жөнінде түрлі түсініктер бар. Қазақ тілі фактілеріне жүгінсек, бұл екі құбылыстың басы ашық, біріне-бірі соқпайтын тәрізді.
Фразеология синонимдерінде жалпы мағына жуықтығы болғанмен, бірінде бар компонент екіншісінде ұшыраспайды. Яғни синонимдес фразеологизм- дердің компоненттері еш уақытта екі рет қайталанбайды. Мысалы, он қолынан өнері тамған- ағаштан түйін түйеді- бит қабығынан биялай тоқиды.
Ал фразеологиялық тіркестің варианттары өзара жақын, іштей өзектесіп жатады, айырмасы тіркес жүйесіндегі бір немесе бірнеше компоненттері өзге сөздермен алма-кезек ауысып жатады.
І. айыбын
қатесін бітіне басу
өтірігін
қылмысын
ІІ. Жыным келді
ашуым ұстады
Осы мысалдардың біріншісінде фразеологизмнің бірінші компоненттерінің орнын ауыстырып қолданатындығы, ал екінші фразеологизмде бірінші және басқа компоненттердің де алмасып жұмсала беретіні байқалады. Фразеоло-
гизмнің әрбір сыңары қайталанып қолданылса, олардың мағыналары күшейіп, бейнелі мәнге ие болады. Құрамындағы компонеттердің бірінің қай-
талануы арқылы жасалған сөз тіркестері т а в т о л о г и я л ы қ фразеоло-
гизмдер деп аталады. Мысалы, айтуын айттым, сөйлеуін сөйледім, көруін көрдім т. б.
Фразеологиялық зеттеулерде көбінесе лексикалық және грамматикалық ва-
рианттарға ерекше көңіл бөлінеді де, варианттылықтың басқа түрлері елеусіз қалады. Шындығында, фразеологизмнің құрамындағы варианттылық сөз болғанда лексикалық, грамматикалық варианттардан басқа да фонетикалық, орфографиялық, стильдік және басқа да вариаттардың бар екенін естен шығаруға болмайды.
Фразеологизмдер варианттылығы әр түрлі болып келеді. Варианттылық фразеологизмдердің мағыналарын білдіретін сыңарларының біреуінің өзгеріске ұшырауы болғандықтан, олардың мағыналары тұрақты қалыпты сақтауға тиіс. Фразеологизмдер құрамындағы сөздердің жай ғана мағыналық қосындылары емес, абстракцияланған мағыналық тұтастықтар деп тануымыз керек. Сонда ғана фразеологияның өздеріне тән сыры ашылады. Олардың жеке сыңарларының варианттық құбылыстары да мағыналық тұтастықтарды бұзбай тұрғысынан қаралады. Бейнелі, ауыспалы мағынада қолданылатын жалпы семантикалық белгі болса, онда сөз тіркесі фразеолгизм бола алады. Мысалы, бос белбеу, үй күшік, түйе үстінен сирақ үйіту.
Фразеологизмнің құрамында тұрақты және өзгермелі компоненттер болады.
Фразеологизмдегі варианттылық өзгермелі компонентте болатыны, әсіре-
се, олардың грамматикалық тұлғаларынан айқын көрінеді. Фразеологиялық бірліктердің грамматикалық құрылысында да варианттылық болады. Фразеологияның құрамындағы жеке сөздер әр түрлі грамматикалық тұлғаларда жұмсалуы мүмкін. Мысалы, жеті қабат жер астында - жеті қат жер астында, көзге шыққан сүйел -көз сүйел, шыбық тимей, шыңқ етер - шыбық тиместен шыңқ етер.
Фразеологияны құрамындағы сөздердің орын ауыстырып қолданылуы да бір-біріне вариант бола алады : аузы күйген- күйген ауыз, қолы аузына жеткен - аузы қолына жеткен т. б.
Фразеологизмнің өзі де тұтас қалпында жеке бір сөзге не сөз тіркесіне эквивалент болып табылады. Мысалы, түйеден түскендей - ірі, кесек; екі көзі төрт болды - тосты ; қоян жүрек - қорқақ.
Фразелогизмдер өз мағынасында қолдана келе, өзін көмкеріп тұрған әрқилы субъективтік, ситуативтік қоршауында мағына-мазмұны жағынан жетіле, шыңдала түседі. Фразеологизмдерді осылайша орнын тауып қолдану үлкен суреткердің ғана қолынан келеді.
Фольклор мен қазіргі бай, көп жанрлы көркем әдебиеттің фразеологизм- дерді кәдеге жаратудағы керағар айырмасы да осы кең тынысты шығармашылық қолданысқа байланысты. Киген киімнің, мініс аттың да күтімі бір басқа болғаны сияқты, өз айшықтарын, соның ішінде фразеологизмдерді де өз орайы, өз қыбын тауып сөйлеуде де үлкен мән жатыр. Ауыз әдебиеті көбіне жыр, өлең түрінде келіп, тұрақты сөз тіркестері қыспақта қалады, шектеулі бір қоршауда ғана жұмсалады немесе ауызекі тілдің ықшам сөйлемдерімен тұйықталып қалады. Осы алуан түрлі тіркестер суреткердің қаламынан өткенде, кең өріс алып, стиль жағынан ширатыла түседі. Бұл ретте көркем қара сөз саласында С. Сейфуллин, М. Әуезов, Б. Майлин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Бегалин, Т. Ахтанов, Ә. Нұрпейісов, І. Есенберлин, өлеңді туындыларға келгенде, І. Жансүгіров, А. Тоқмағамбетов, С. Сейітов, Қ. Аманжолов, Қ. Мырзалиев т. б. ерекше атауға болады.
Көркем сөз шеберлігінің, жалпы алғанда, қалам иелерінің, оның ішінде кейінгі жылдары қаулап өсіп, әдебиет әлемінде бой көрсетіп жүрген жас жазушылардың өзіміз сүйіп оқитын шығармалары, жазба әдебиетіміздің атасы - Абай туындылары біз үшін тұрақты сөз тіркестерін күреп алатын кеннің көзіндей болып келеді.
Ал сұлулық пен ақиқат, жақсылық пен парасат, жарасым-гармонияны мұрат тұтқан біртұтас рух майданы - поэзия туралы әңгіме қозғар болсақ, жазылмаған заңдай уақыт әмірі мұнда да өз үстемдігін жүргізеді. Белгілі бір кезеңде бүкіл поэзияның даму бағдарын бедерлеген, тауқымет жүгін талмай тартып, өрге сүйреген нар тұлғалар сол биік миссия тұтқасын мәңгі ұстап тұра бермек емес. Орнына жаңа ұрпақ, жаңа толқын келмек.
60-70 жылдар поэзиямызға Жұбанды « Мен Қазағымен», Төлеген, Олжас, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен, Сағиларды берді.
70-80 жылдар тағы да сол кемелінде үзілген Мұқағали, толысып тарлан атқан Қадыр, Жұмекен, Олжас, Фариза, Мұхтар творчествосымен бедерлі. Осы тұрғылас талай таланттарды ашқан 60-80 жылдар аралығы қазақ поэзиясының « алтын жиырма жылдығы» десек, артық айтқандай емес.
Міне, сондықтан да осы жылдары талантымен танылып, жыр сүйер қауымды ешкімде қайталанбас өзіндік қолтаңбасымен қуантқан, сүйсінткен ажарлы топтағы ең танымал, өзімізге де сүйікті ақындардың творчествосына арнайы тоқталып, оның ішінде өзіміз қалам тартып отырған фразеологизмде-
гі ерекшеліктерін білгіміз келгені жасырын емес, бұл - біздің бірінші мақсатымыз.
Екінші мақсат - өлең жолдарына үңілу, талдау барысында поэзияға тән ерекшелікпен тұрақты тіркес өз қасиетін сақтай отырып, қиюластырылса, соған көз жеткізе алсақ. Мазмұн-мәнісінен халқымыздың арман-тілегін, көзқарас-түсінігін, болмыс-тіршілігін барынша танып, шұрайлы да әсерлі тілін игере түсуге құмарлық, оны жас-жеткіншектерге жеткізуге асықтық - үшініші мақсатымыз. Тақырыптың өзектілігі де осында деп білеміз.
IІ ТАРАУ
Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, М. Мақатаев, М. Шаханов өлеңдеріндегі фразеологизмдерді қолдану ерекшеліктері
Қайсыбір жазушы, ақын бомасын, оның шығармасындағы фразеологияны зерттеп білмейінше, толық және жан-жақты білуі мүмкін емес десе де болады. Біз қарастырып отырған ақындар тіліндегі ең маңызды элементтердің бірі - фразеологиялық тіркестер. Өлең тілдеріндегі жиі кездесетін тіркестерге тоқталып өтер болсақ :
Қас қағым сәт фразеологиялық тіркесі Қ. Мырзалиев өлеңінде :
Қас қағым уақыт ішінде
Ұғасың бәрін дана боп.
Қас қағым уақыт ішінде
Шығасың және бала боп, - десе / І том, 14 - бет/
М. Шаханов :
Қас қағымда сейфін тонап кететұғын банкінің
Дарынсыз деп кім айтады ұрыны. / «Ғасырларды безбендеу»
12- бет. /
Таяқ жеу деген фразеологизмі :
Қ. Мырзалиев:
Таяқты да бірге жедік, бірге бұзып тәртіпті,
Сөгісті де бірге алдық, мақталсақ бір мақталып. /І том, 130-бет /
Т. Молдағалиев:
Апамнан да жедім ыстық шапалақ
Тілге көнбей тентек болған кезімде / Ітом, 120-бет/ деп өзгеріс енгізе қолданады.
Ал қыр көрсету тіркесі :
Қарғып міндім, қыр көрсетіп достарға
Күнде мені жүретұғын жүз күндеп. / Т. Молдағалиев.
І том, 172-бет/
Деп өзімше қыр көрсете бастаймын ғой баяғы
Апам сонда миығынан мырс-мырс күліп қояды.
/ М. Шаханов. Ғ. Б. 51-бет/
Бармақ тістеу, кірпік ілмеу тіркестері де жиі кездеседі :
Бір қойса ол төбемнен,
Бармағымды тістедім. / Қ. Мырзалиев. І том, 154 - бет/
Бармағын тістеп, амалсыз қазақ тоқтапты,
Үмітпен күткен келмесе аты бәйгеден. / Т. Молдағалиев. І том, 144-бет/
Міне, осындай ұқсастықтарымен қатар, әр ақынның өзіндік сөз қолданысы, фразеологиялық тіркестерді ретімен қолдану ерекшеліктері де бар. Енді осы мәселеге әр ақынға жеке тоқталып өтелік. Осы тұста Қ. Мырзалиевтің :
Бұлбұл ұшқан көңілінің бағынан
Бауырың да жарылмаса ағынан, - деген жолдары еріксіз ойға оралады.
Ал енді өзімізге қадірлі Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығына сәл аялдар болсақ, әр өлеңі кәдімгі « қиыннан қиысу» жағынан жасандылықтан аулақ, соншалық табиғи, тіпті оп-оңай құйыла салғандай соншалық көркемдікпен қиылыса кеткендей:
Бұл қара жер болған бізге ен мекен,
Кең мекенге қанша қауіп төнді екен !
Білсең оны,
Төбе шашың тік тұрар !
Бишараның көрмегені кемде-кем. / І том, 15-бет/
Екі көзім төрт болып мен отырмын тағы да
Дон-Жуандар тонаған Мәжнүннің бағында. / І том, 107- бет/
Ит тұмсығы өтпейтұғын тайгада
Құдай сені адастыра көрмесін ! / ІІ том, 37-бет/
Осы өлең жолдарындағы өзгеріссіз қолданылған кемі үш сөзден құралған сөз тіркестерінің өзі біздің жоғарыда айтқан пікірімізді растағандай-ақ. Мұндай тіркестер ақынның кез-келген өлеңін алып оқи бастасаңыз-ақ, кездесе кетеді. Фразеологиялық тіркестерді ең шебер, ең көп қолданатын ақын екендігі жыр теңізіне батқан сайын көзіңіз жете түседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін кітап бетіне қарап көрелік :
Қас қағым уақыт сайын
Тұяғымен
Түйдектеп лақтырады шақырымды. / І том, 17-бет/
Оқ бойы оза шауып бара жатқан
Ата емес
Ала құйын шабыт дерсің. / І том, 17-бет/
Тамаша, қанжығаңды қандап қайтсаң ,
Тамаша, соның бәрі мүмкін болса. / І том, 17-бет/
Міне, бір беттің өзінде біз іздеген қаншама тіркес бар. Немесе :
Бауырмалға мол-ау, шіркін, ел іші
Беріп жатыр батасы мен қол ұшын. / І том, 20-бет/
Мұны көрсе, алыстағы ГАИ-дың
Адамдары ұстар еді жағасын. / І том, 21-бет/
Отыз күннің басын шауып түсірген
Қылыш-ай тұр қақ төбеңде қалақтап. / І том, 22-бет/
Әрі қарай жалғай берсек, осылай кете береді. Олай болса, енді ақынның өзіндік ерекшелігін талдап көрелік. Фразеологизмді пайдалана отырып, сөзбен әсем сурет салған көркем жолдарға үңілсек, ол былай өрілер еді :
Ауыр жүкті батпандай ,
Арқалап бара жатқандай. / ІІ том, 8-бет/
Мансап қуу ақынға
Жыр көзіне шөп салу. /І том, 53-бет/
Ақ сағым ағаштарды көтеріп ап,
Аяғын жерге екі елі тигізбеді . / І том, 164-бет/
Қар жауып тұрғанмен, май тоңғысыз
Түрі - қыс, мазмұны - жаз мына күннің. / ІІ том, 18-бет/
Сондай-ақ, Қадыр өлеңдерінде фразеологиялық тіркестер сол күйінде алынбай, тек мағынасын сақтап, варианттылықпен алынған :
Сондықтан жүрегімді іреп-іреп
Қойдан қоңыр жан болып жүре берем. / І том, 32-бет/
«Қой аузынан шөп алмас», яғни момын мағынасы «қойдан қоңыр» тіркесі- мен берілсе, « он қолынан өнері тамған » тіркесін ақын былайша өзгертеді :
Шеттерінен бәрі ақын, әдеп сақтап әрең жүр,
Саусақ толған өнер де , көме толған өлең-жыр. / І том, 25-бет/
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz