ТҮРКІ РУНА ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ ТҰҢҒЫШ РЕТ ТҰТАСТЫҚТА ЗЕРТТЕЛІНДІ


Бауыржан Омаров,
филология ғылымдарының докторы, профессор
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті
ТҮРКІ РУНА ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ ТҰҢҒЫШ РЕТ
ТҰТАСТЫҚТА ЗЕРТТЕЛІНДІ
Ежелгі дәуірдегі бабаларымыз көне түркі руна әрпімен биік қабырға тастарға және қағазға жазып, келешек ұрпаққа құндылығы жоғары, аса мол рухани мұра қалдырды. Оған дәлел мынау: Енисей, Турфан, Талас, Алтай, Орхон өңірінен табылған көне түркі руна жазба шығармаларды түгел жинасытрса ең кемі алты-жеті томдық кітапты құрайды. Бұл құнды жазбалар осы кезге дейін түгел жинастырылып транскрипциясы мен аударма жасалынып, тұтастықта арнайы зерттелінген емес. Қазірде де ертедегі кемеңгер аталар мәңгілік қалдырған анау даналық мұраларға бетбұрыс барысы самарқау. Сол биік қабырға тастарға түсірілген бірнеше жүздеген жазба ескерткіштердің біреуінің көшірмесін зәулім ғимрат алдына қойып сырттай қызықтағаннан ештеңе шықпайды.
Бұрынырақта Ресей және Батыс Еуропа түркітанушылары Орхон бойындағы Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері төңірегінде сөз қозғады да одан әріге бармады, оған да елеулі себеп бар. Ал өзіміздің кейбір ғалымдарымыз көне түркі руна жазбаларының негізгі мәтінінен бір жол жазу келтірмей-ақ, Ресей ғалымдары жасаған аудармалары мен жазған еңбектеріне сүйеніп, осы салада шағын көлемді еңбектер жазды. Әрине, ептеп-септеп жасалған кітаптар жұртшылықтың қызығушылығын тудырмайтыны анық. Ашығын айтсақ, біздің оқырманға ең бірінші, өздерінің бабалары - көне түркілердің төл жазуы және сол руна әрпімен тасқа түсірілген шығармалардың негізгі мәтіні керек. Сонда ғана олар түркілік-ұлттық төл жазуының бар екенін біліп, көріп, оған сүйіспеншілікпен қарайды, рухы көтеріледі.
Соған сәйкес, біз көне түркі руна жазба ескерткіштерін жинап, барлық тастағы, қағаздағы жазбалардың негізгі мәтіндерін мүмкіндігінше хатқа түсіріп, транскрипция, аударма жасап, түгелдей қамтып зерттеп, бабалардан қалған құнды да мәңгілік мұраларды тездете игеруіміз керек. Осындай жолмен ғана көне мәдениеті ежелден қалыптасқан ел атанып, өзге өркениетті жұрттың қатарында тұруға мүмкіндік туады. Осындайда еске салсақ, өзімізідің жай басарлығымыздан аталардан қалған құнды рухани шығармаларды игеруде ағайын, көрші елдерден кешеуілдеп қалғанымызды ұмытпағанымыз жөн Сол олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тоқболат Еңсегенұлы дүниенің әр аймағынан табылған көне түркі руна жазба шығармаларын тұңғыш рет тұтастай қамтып, ұзақ уақыт зерттеп, «Көне түркі руна жазба поэзиясы ондағы философиялық жүйе» деген ортақ атаумен көлемді бес томдық монография етіп жазып шығып, оқырманына ұсынды. Енді еліміз үшін керек, өзекті мәселені қозғаған, тың тақырыпқа жазылған мына күрделі де көлемді зерттеу еңбек жөнінде өз пікірімізді білдірейік.
Еліміз егемендік алғаннан кейін өткенімізді түгендеп танып, келешегімізді кемелдендіруге құлшына кірісуге зор мүмкіндік туды. Біздің бабаларымыз көне түркілер бағзы заманда-ақ, дала, көшпенділер тұрмысына сай түркілік-ұлттық дәстүрін, наным-сенімін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өзіндік төл руна жазуын, күнтізбесін, дінін, кәсібін, философиясын, өмір сүру ережелерін және темір қорыту, қымбат бұйымдар жасау түрлерін игеріп, әлемдік мәдениетке өз үлестері қосты. Аталар жасаған мұндай зор жетістіктерді кезінде танып, игермегендіктен үстемдік жасап қалған империялардың өкілдері А. Тойнби: «Көшпенділер өркениеті жетілмеген, экономикасы тоқыраған», -десе (1, 20-21-б. ), Виолле ле-Дюк: «Көшпенділер адамзаттың арамтамағы», -деп кемсітіп, теріс көзқарас танытты (2, 5-б) .
Қазақ зиялылары Алаш партиясын құрғанда, соларды мұқату, маңызды істеріне тоқтау салу үшін билік жасап қалған елдің сойылын соққан В. В. Бартольд: «Қазақ -қарақшы, бүлікшіл, ұрыншақ, жабайы деген ойды танытатын түрік сөзі» десе (3, 535-б. ), еліміз егемендік алған тұста А. И. Солженицин мен Н. Лысенко, В. Жириновский: «Қазақтарда бұрын мемлекет, мәдениет болмаған, қазақ ұлты жоқ» деп лепірді (4, 7-б; 5) . Осындай орынсыз кемсіту, шын мәнінде бабаларымыздың дүниені таңдандырған Тәңірлік мәдениетін, сандаған қалалар салған өркениетін, дәу тастарға және қағазға түсірген бірнеше том болатын көне түркі руна жазбаларын, маңызы терең әдебиетін, бағзы заманнан қалыптасқан тарихын біліктілікпен зерттеп, дүниеге жария етпегеннен, бағзы заманнан қалыптасқан тарихын біліктілікпен зерттеп, дүиеге жария етпегеннен туындап отырғаны белгілі.
Профессор Т. Еңсегенұлының бұл бес томдық монографиялық еңбегінде көне түркі руна жазба ескерткіштерін тұтастай қамтып сөз ету, ғылыми негізде бағасын беру мақсат етіліп, сол айқын жетістіктер арқылы ежелден мәдениетіміз, жазумыз қалыптасқан өркениетті ел екенімізді таныту көзделген. Айрықша айтарымыз, көне түркі руна жазба ескерткіштері түгелдей түркілік-ұлттық рухта жазылған, бабалардың көне дәстүрі арқау болған мәңгі тозбайтын мұралар. Сол мол рухани байлықты ғасырлар бойы езгі көрсеткен елдердің дәстүріне, дініне, өмір сүру заңдылығына амалсыз бағынып, түсінбей еліктеген бүгінгі, болашақ ұрпақтар бойына сіңіру керек. Зерттеуде осы мәселе де негізгі мақсаттың бірегейі болып саналған. Біздің бабаларымыз көне түркілер ежелгі дәуірде-ақ 500-ден астам биік қабырға тас қырларына өздерінің төл алфавитімен көлемді жазбалар түсіріп қалдырған. Сол шығармалардың бәрі дерлік поэзия үлгісінде жаслған рухани мұралар екені айқындалды. Ең бастысы, көне түркі руна жазба ескерткіштерін жасауға қазақ халқының құрамына енген ежелгі тайпалардың бірсыпырасы қатысқанын осы еңбектің авторы арнайы алып зерттеп, көңілге қонымды тұжырымдар жасаған. Өйткені, ол бұл көлемді зерттеу еңбегінде әуелі «Түркі руна жазба ескерткіштері қазақ халқына ортақ мұра ма?» деген сұрақ қойып, соған ғылыми негізде жауап қайтарады. Атап айтсақ, Енисей бойындағы жазба ескерткіштер бетінен қазақ халқының құрамына енген найман, керей, үңгіт, уақ, қыпшақ тайпаларының таңбалары көптеп салынғаны анық танылып отыр. Автор әрбір қабырға тасқа түсірілген жазба ескерткіш бір ру немес бір тайпаның, кейде қағанның игілігіне жататынын, солар өзерінің елдігін, ерлігін білдіріп жасаған рухани мұрасы екенін дәлелдеп көрсеткен.
Бұл бағытта Т. Еңсегенұлы өзінен бұрын осы салада сөз қозғаған ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, солар айтқан пікірді әрі дамытып, тереңдете зерттеп, орнықты тұжырымдар жасаған. Сонымен қоса, автор осы тың саланы зерттеп, кезінде өз ойын білдірген қазақ халқынан шыққан ірі ғалым Әлкей Марғұланның еңбегін қоса көрсетуге назар аударыпты. Мысалға, Ә. Марғұлан «Тамғалы тас» жазуы» деген еңбегінде: «Ең таңсық нәрсе Алтай мен Моңғол жерінен табылған үңгіттер (уақтар) мен керейлердің жазулары, олар ерте дәуірде құлпы тасқа қиып түсірген түрік сөзі, тілі қыпшақ тілімен бірдей. Бұл мәселені тереңнен қарап, әрбір тайпаның өзі жазып қалдырған жазуларын, оның мәдениетке келтірген үлесін айтып шығу бір бұл ұлы мәселе», -деп жазған (6, 138, 141-бб. ) . Т. Еңсегенұлы әйгілі ғалым өсиетін орындап, әрі оның жасаған тұжырымдарының шындығына жету үшін ұзақ уаықыт зерттеу жасап, сол тайпалар таңбасы түскен жазба ескерткіш тастардың фотокөшірмесі мен ондағы тайпа таңбаларын осы салаға арналған «Енисей бойындағы көне түркі руна жазба өлеңдері оған қазақ тайпаларының қатысы» атты бірінші томда екі тарау етіп жариялап, оқырмандар назарына ұсынды (7, 33-91-б. ) . Сол тастардағы жазбаларды қазақшаға аударып, мазмұны, мәніне талдау жасап, шындығында қазақ құрамындағы тайпалардың осы істерге қатысы барын дәлелдеп, нанымды түйіндеу жасаған.
Бірінші томдағы екінші тарау «Қазақ халқының арғы тегі және қазақ тайпаларының түркі руна жазуын жасауға қатысы» деп аталады (7, 67-б. ) . Көне түркі руна жазуының туып қалыптасуына Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы тайпалары өз үлестерін қосқанын автор нақты дерек, пікір, байламдармен дәлелдеп көрсетеді. Сол аталған тайпалар қазақ халқының құрамына енгенін тарихи мәліметтер келтіру арқылы нанымды тұжырым жасайды. Қазақ халқының қазіргі шексіз шалқар жері әлгі атақты тайпалармен өздері қосыла мекендеген, солардан қалған жер екенін мәлімдейді. Зерттеуші «Қазақ» сөзінің «сақ, қасақ» (нағыз сақ) атауынан туындағанын тереңдете зерттеп, толымды түйіндеу жасайды (7, 73-91-б) . Міне, осы келтірілген дерек, байлам, болжамдарға сүйеніп көне түркі руна жазба ескернткіштері қазақ халқына да ортақ мұра деуге толық болады.
Бірінші томдағы екінші тараудың 57-60-беттерінде көне түркі және қазақ халқының таңба, белгілері түркі руна жазуының жасалуына тікелей негіз болғанын автор руна алфавитін қазақ халқының таңба, белгілерімен салыстырып көрсетіп, арасында айырмашылық бар немесе жоқ екенін көз жеткізе дәлелдеп түсіндіріп, нанымды байлам жасайды (7, 52-60-б) . Расында көне түркі руна жазуының туып қалыптасуына түркі және қазақ халықтарының таңба, белгілері негіз болған. Т. Еңсегенұлы көне түркі руна жазбаларын жинап, қазақшаға аудару үстінде ондағы көптеген сөздер қазақ халқының тіліне етене жақын екенін білдіріп, көне түркі руна жазбаларындағы кейбір сөйлемдерді аударма жасамай-ақ түсінуге болатынын арнайы дәлел келтіріп, зейінге жеткізе ұғындырады.
Көне түркі руна жазба мұралары сандық жағынан өте көп, маңызы да зор екенін автор зерттеу нәтижесінде мәлімдеген. Мысалға, Енисей бойынан 200-ден астам тасқа түсірілген жазба ескерткіштер табылды. Талас бойында жиырмадан астам жазба ескерткіштер бар. Тұрфан көгалды аймағынан әр түрлі жанрда қағазға түсірілген бірнеше бума (папка) жазбалар мен 65 өлеңнен тұратын «Ырқ бітіг» атты жыр жинағы қолға тиді. Орхон бойында көне түркі руна жазуымен дәу тастарға түсірілген 70-ке жуық мәдени ескерткіштер бар екен. Енисей бойындағы жазба ескерткіштер орташа үш-он екі аралығында шумақтан тұратын өлең-жырларын құрайды. Орхон жазбалары жанры жағынан эпостық жырлар қатарына жатады. Ал Күлтегін мәдени ескерткіші бірнеше дастандардан құралған өте көлемді жазба мұра. Осындай аса мол рухани мұраларды автор «Көне түркі руна жазба поэзиясы» деген ортақ атаумен тұтастай жинақтап, тексеріп, сол жазбаларды сандық жағынан да, көлемі жағынан да ауқымдылығын ескеріп, жанр бойынша топтау жасап, Енисей бойындағы биік тасқа түсірілген көне түркі руна жазба ескерткіштерін жеке алып зерттеп бір томдық монография етіп жария етті (7, 329-б. ) . Екінші томда Тұрфан бойынан табылған көне түркі руна жазуымен тек ақ қағазға түсірілген әр түрлі жанрдағы жазбалар мен «Ырқ бітіг» - «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағына талдау жасалынды (8, көлемі 326 б) .
Үшінші том - «Алтай, Талас жазбалары: Уақыт пен кеңістіктегі көне түркі іздері» деп аталады (9, көлемі 333 б. ) . Бұл өңірлердегі көне түркі руна жазба ескерткіштердің өзіндік дара ерекшеліктеріне терең талдау жасалынған. Төртінші томда «Күлтегін ескерткішінің сарыны және қазақ тайпаларының іздері» деген атаумен әлемге әйгілі Күлтегін ескерткішіне кең тұрғыда зерттеу жасалынып, эпопеялық жазба ескерткіш екені ғылыми негізде мәлімденді (10, көлемі 365 б. ) . Бесінші том «Түркі империясын құрудағы Орхондағы жорық жазбалары және қазақ батырларының жырлары» деп аталады. Осында, негізінен, түркі қағандығын орнатудағы жорық жырлары Білге қаған, Тоныкөк, Онгин, Күлі-чұр жазба дастандарына талдау жасалынады (11, көлемі 327 б. ) .
Мұндай әрі күрделі де құнды, тың тақырыпты зерттеуде автор айқын мақсаттар мен міндеттер белгілеген. Атап көрсетсек, біріншіден, көне түркі руна жазуының туып, қалыптасуын, дәуірін анықтауда мәдениеті ежелден қалыптасқан көрші елдердің жазба мұраларымен салыстырып зерттеп, нанымды тұжырым жасау көзденлген. Екінші, көне түркі тарихын қоса зерттеу арқылы ежелгі дәуірден даңқы шыққан, руна жазуын туындатып, пайдаланған Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы тайпалары қазақ халқының арғы тегі екенін дәлелдеу нысана етілген. Үшінші, көне түркі діні мен философиясы тасқа қоса түсірілген түркі таңба, белгі, бейне-сурет және руна жазба шығармаларының негізгі өзегі болғанын салыстырып талдау жасау арқылы тұжырымдау назарда ұсталған. Сол белгі, сурет және руна жазбасы бәрі бір тасқа түсіріліп, бір ұғымды, бір идеяны білдіретінініе көз жеткізе дәлелдеу мақсат етілген.
Төртінші, түркі дәстүрі, наным-сенімі, түркілік рух руна жазба шығармаларына негізгі арқау болғанын дәлелдеу алға қойылып, орындалған. Көне түркі руна өлеңдері қазақ әдебиеттану ғылымында бүгінгі күнге дейін ауызға алынған емес, сондықтан руна алфавитімен жасалған өлеңдерді жинастырып, қазақшаға аударып, негізгі мәтіні мен транскрипциясын жария ету аса қажетті деп табылған, солай жасалған. Бесінші, қазақ халқының құрамына енген Найман, Керей, Қыпшақ, Үңгіт, Уақ тайпалары көне түркі руна жазба шығармаларын жасауға қатысқаны тарихи деркетерге, зерттеуден туған пікір, байламдарға сүйене отырып жинақталған тұжырым жасаған.
Айрықша айтарымыз, біздің арғы бабаларымыз көне түркілер тарихы әліге дейін жасалынбаған, бұл саланы шынайылықпен зерттеу үшін не істеу керек? Бірінші томдағы бірінші бөлім «Тақырыпты зерттеудегі тарихи және теориялық негіздемелер» деп аталады (7, 20-б) . Бұл еңбекте көне түркі руна жазба мұраларының да тарихы жасалынбағандықтан сол саланы тарихи-типологиялық және синтездік байланыста зерттеу керек екені тұжырымдалған. Соған орай, көне рухани шығармалар жөнінде сөз қозғағанда ежелден аралас, туыс, көрші қарым-қатынастағы елдердің мәдени байлықтарын оқып, тану, олардың ықпалынан, өзара байланысынан туындаған ортақ сарындар, желілер, дәстүр жалғастығы, ұқсастықтарды ажыратып саралау қажет екені еңбекте атап көрсетіліп, солай зерттелінген.
Көне түркілердің Енисей, Тұрфан бойынан табылған ескерткіштер аймағына қарай бөлек алынып зерттелініп, жеке том болып жасалыныпты. Сондай-ақ, Алтай, Талас жазбаларын қосып, бір том етіп зерттелінген. Күлтегінге арналған ескерткіш жеке алып зерттелініп, төртінші томды құраған. Орхон бойындағы жазба дастандардың негізгілері қамтылып, тереңдете зерттелініп, жеке бір том етіп жасалынды. Мысалға, Енисей жазбалары бөлек алып зерттелініп, бұл мұраларға түркілік рух, ерен ерлік өзек болып тартылғаны мәлімденген. Қазақ халқының құрамына енген бірсыпыра тайпалардың осы өңірдегі жазба ескерткіштерді жасауға қатысқаны жан-жақты зерттелініп, нанымды пайымдаулар жасалынған. Енисей жазбаларының дәуірі жөнінде осы кезге дейін орнықты тұжырым жасалынбаған. Ертеректе зерттеу жасаған шетел ғалымдарының кейбірі Енисей жазба ескерткіштерін б. д. VІ-VІІІ ғасыр ішінде, яғни қағандық дәуірде жасалған деп болжам білдірген. Осы бірінші томда мұндай тұжырымның негізсіз екенін дәлелденіп, Енисей бойындағы жазба ескерткіштер қағандық дәуірден бұрын жасалынғанын нақты деректер, пайымдаулар, ой-пікірлер қорытындысымен тұжырымдалған. Енисей бойындағы кез-келген жазба ескерткіш әр тайпа билеушісінің немесе сол тайпа батырларының атынан айтылған жазба жыр болып табылады. Әрбір таста сол тайпа халқына арналған үндеу және ел қорғаудағы сол тайпа ішінен шыққан батырдың ерлік істері жазылған.
Түркітанушылар көне түркі руна жазба ескерткіштерін жыр үлгісіндегі рухани мұралар екенін мәлімдеген. Соған сәйкес, Енисей жазбаларының құрылысы көркем шығармаға қойылатын талаптарға сай келетіні зерттеуде айтылған. Осы өңір жазбаларын қаһармандық-ерлік жырлары, ерлік-өсиет жырлары, үндеу-гимн жырлары, аза-жоқтау өлеңдері, өмірбаяндық жоқтау, жоқтау-ұран, миниатюралық мұң-шер өлеңдері деп бірнеше топқа бөліп, ғылыми тұжырым жасалған. Мұндай пікір, байламды автор тастағы жазбаларға терең талдау жасау арқылы дәлелдеп түйіндеген. Енисей бойындағы тасқа жазылған шығарманың басталуы, шығарма желісінің баяндалуы, оқиғаның шарықтау шегі, шығарманың аяқталуы түгелдей бар, сақталынған. Зерттеуде Енисей жазбалары қазақтың батырлар жырларымен етене туыстас екені дәлелденеді.
Екінші томда Тұрфан бойындағы қағазға түсірілген жазбалар зерттелініп, «Ырқ бітіг» кітабы қазақтың және шығыстың даналық шығармаларымен салыстыра тексеріліпті. Тұрфан көгалды аймағындағы Иди-Кут шаһарының маңынан шетел ғалымы А. Фон Лекок бір бума (папка) қолжазба арасынан түсініксіз әріппен қағазға түсірілген жазбаны тауып, В. Томсенге жібереді. Ол аударма жасап, 1910 жылы жария етеді. Мұнда 31 жол көне түркі руна жазбасы бар. Қағаздағы жазбаға атау қойылмаған. Зерттеуші мына шығарманы қазақшаға аударғаннан кейін мазмұны бойынша «Жұлдыз жорамал» деп атау қояды. Жазбада әр түрлі тас пен көктегі жұлдыз арасында байланыс бары баяндалған, әрине қиялдау да бар.
Сол қасиетті орыннан табылған жазбалардың ішіндегі құндысы 65 жырдан тұратын «Ырқ бітіг» атты өлеңдер жинағы. Бұл жинақты қазақша «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» деп атауға ұйғарым жасалынған. Зерттеуде бұл өлеңдер жинағын қасиетті «Авеста» кітабымен салыстырып талдау жасалынып, екі шығарма да Тәңірлік дін қағидасы негізінде жасалынғанына пайымдау айтылған. Сондай-ақ, бұл еңбекте «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағы қытайдың Дао философиясымен және Конфуцзының даналық жазбаларымен сабақтас екені терең зерттеу арқылы дәлелденіп, қорытынды тұжырым ұсынылған. Ежелгі қытайлар да, көне түркілер де ежелден бал ашу дәстүрін пайдаланған. Үшінші том - «Алтай, Талас жазбалары: уақыт пен кеңістіктегі көне түркі іздері» деп аталады (9, көлемі 333 б) . Бұл еңбекте әуелі адамзаттың Таулы Алтайды қоныстануы, Алтай тілді қауымдар мәдениетінің пайда болуы, уақыт пен кеңістікті игеруден жазу мәдениетінің шығуы, түркі сөзінің, түркі жазуының түп-төркіні, Таулы Алтай кеңістігіндегі түркі мәдениеті тереңдете зерттелініпті. Мұнан кейін үшінші томда Талас жазбаларына зерттеу жасалынып, бұл жазбалардың туып, қалыптасу дәуірі Тараз қаласымен сабақтас екеніне көз жеткізіледі. Талас жазбалары жыр үлгісінде жазылғанын, бұл мұралар тек қаһармандық ерлік жайында жасалған шығармалар екені талдау жасау арқылы пайымдалған.
Бұрын сөз арасында білдіргендей, төртінші том «Күлтегін ескерткішінің сарыны және қазақ тайпаларының іздері» деп аталады. Т. Еңсегенұлы биік, қырлы тастарға түсірілген көне түркі руна жазба ескерткіштерін зерттеуде кейбір шетел ғалымдары тарапынан жалпылама, топшылап баға берілгенін нақты деректермен дәлелдеп, түркілердің рухани мұраларын танып, игеруде ең әуелі сол ел-жұрттың көне мәдениетін, дәстүрін, нанымын жете білу керек екенін атап көрсетіп, Орхондағы түркі руна жазба дастандарын зерттеудің шынайы жолын Күлтегін жазба ескерткішіне жан-жақты талдау жасау арқылы ғылыми негізде тұжырымдап көрсетеді. Бұл маңызды мәселенің зәру мәселелері төртінші томдағы «Мәңгілік мұраның ашылмаған қырлары, жырдағы түркі халқының манифесі» деген тарауда шынайылықпен мәлімденген (10, 136-б. ) . Одан кейінгі тарауларда Күлтегін жазба ескерткіші бірнеше жыр-дастаннан құралған эпопеялық шығарма екеніне ғылыми негізде пайымдау жасалған (10, 161-216 б) . Мұнда түркі мемлекетін орнатушы қағандар мен қолбасшы Күлтегіннің образдары сомдалған. Ал Орхон жазбалары қабір басына қойылған құлпытас емес, қаған, батырлардың халыққа арнаған үндеуі және түркі империясын орнатудағы қаһармандық жорықтардың негізгілері жазылған жыр-дастан деген тұжырым берілген. Т. Еңсегенұлы Күлтегін ескерткішінің бір жақ жалпақ бетіне арнайы түсірілген көне қытай жазуының да сыр-сипатын толық айқындап береді. Тізе берсе мұндай ғылыми жаңалықтар бұл еңбекте молынан ұшырасады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz