Қазақтың жалпыұлттық бағыттағы демократиялық басылымдары


Х1Х ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстанның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларында патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Әрине, бұл басылымдар қайткен күнде де қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарған жоқ, керісінше патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасында кеңінен таратып қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылды. Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын елеулі түрде оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде әсер етті.
Қазақ баспасөзінің тұңғышы “Түркістан уалаятының газеті”. Ол сол кездегі Түркістан генерал - губернаторының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын “Туркестанские ведомости” газетіне қосымша ретінде аптасына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастаған.
Газеттің редакторы - ұлты башқұрт болса да қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және шығыстың көптеген тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал, бұл басылымның аудармашысы, әрі әдеби қызметкері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеген.
“ТУГ”-нің ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілді, ресми емес бөлімде отырықшылдық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім-ғылым, өнер, әйел теңдігі мәселелері қаралды. Оған кезінде газет беттерінде жарияланған; “1731 жылы Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды ма?”, “Қазақ жеріне жоңғар, қоқан шапқыншылығы”, “Орыстардың Орта жүзді жаулап алуы”, “Оңтүстік Қазақстанның Россияға бодан болуы” туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы да куә. Онық үстіне тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдарының жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсетеді. Қазақ тіліндегі шығатын басылымның 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты. “ТУГ”-де ауыз әдебиетінің үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарына Шоқан, Ыбырай, Абай сияты біртуар перзенттерінің өмірі және еңбек жолдарымен алғаш рет болып танысуларына мүмкіндік жасады.
Басылым беттерінен орыс және еуропа халықтарының өнері мен мәдениеті, ғылым, білім жайында да жарияланған материалдарды да кездестіруге болады. Ал, түрлі проблемаларға арналған ғылыми мақалалар, егіншілік, агрономия, ветеринария, зоотехника туралы ақыл-кеңестер өз алдына бір төбе. Бұл газетте орыс журналистикасының әсерімен заметка, коррспонденция, мақала, фельетон, очерк сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болды.
“ТУГ” оқу - білім жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Мәселен, 1870 жылдың 10 желтоқсан күнгі кезекті санында күн тұтылатындығын, оның себеп-салдарын жазды. Екіншіден, осы мақалада телеграф жұмысы жайлы баяндай келіп, ол арқылы қиыр шеттен жылдам хабар алуға болатыны, сол кезде Орта Азия мен Ресейдегі 25 қала аралығында осындай телеграф байланысы орнатылғанын және қай қалаға телеграмма жіберудің қанша теңге тұратындығы жайлы тізім берілген.
Басылым “Ғылым хабары” деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын, Түркістан өлкесінің таулы аймақтарында жердің сілкінгендігін үзбей хабарлап тұрған. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, аспан әлемі планеталары туралы түсініктер, ғылыми болжамдар жарияланып тұрған. Даңқты саяхатшы Магеланның жердің шар тәрізді екенін дәлелдегені туралы еңбекті қазақшаға аударып басылған.
Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдеп-заңдардың зияндығын әшкерлейтін материалдар да басылып тұрған. Газетте түрлі әдеби жанрлар көрініс тапқан, мысалы, қазақ билерін әжуа еткен сықақ әңгіме, фельетон, очерктің тұлғалық, жолсапар түрлері де алғаш рет пайда болған.
“Дала уалаятының газеті”“ТУГ”-нен кейінгі өзіндік тарихи орыны бар қазақ тіліндегі екінші басылым- “ДУГ”. Газет Омбы генерал -губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12-сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрған. Оның орысшасы “Киргизская степная газета” деп аталған. Газеттің редакторы ретінде әр кезде И. Казлов, К. Михайлов, Г. Абаза деген кісілер қол қойып отырған. Ал басылымның қазақшасын редакциялаған генерал-губернатор канцелериясының аға тілмашы Е. Абылайханов, Р. Дүйсенбаев, Б. Чалымбеков және басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда арнайы тілшілер ретінде О. Әлжанов, Ж. Аппасов, Ш. Айманов, Д. Иманқұлов, А. Қылышбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жиі мақала жазып тұрған. Газеттің нақты тиражы туралы анық мәлімет жоқ. Дегенмен бір деректерде оған міндетті жазылушылар саны-1332 деп көрсетілген.
Қазақтар “ДУГ” арқылы орыс халқының В. А. Жуковский, А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Н. А. Крылов, Л. Н. Толстой, Г. И. Успенский секілді атақты ақын-жазушылардың шығармаларымен танысты. Газетке қазақ пен орыс халқының жазба және ауыз әдебиеті шығармаларымен бірге украин, литва, татар, башқұрт халықтары әдебиетінің, сондай-ақ шығыстың “мың бір түн”, “Ләйлі-Мәжүн” тәрізді туындыларынан үзінділер берілді.
“ДУГ” қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, бастыруда сондай-ақ орыс әңгіме-ертегілерін аударып жариялауда едәуір ізденістер танытқан. Онда да сол кездегі жағдайға байланысты, жұртқа ой салар түрінде беріп отырған.
Басылымның ауыз әдебиеті үлгілерін жариялауына, әсіресе орыс әдебиетінің аударма үлгілері елеулі әсерін тигізсе керек. Атап айтар болсақ, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтардың аударуымен жарияланған Л. Н. Толстойдың “Ұзақ пен көгершін”, “Бұғы мен қарақаттың сабағы”, “Бұғы”, “Қоян”, “Өтпес пышақ” сияқты мысал-әңгімелердің жариялануы тегін емес еді.
Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы қазақ оқығандары Б. Адықов, Ш. Айманов, Р. Дүйсенбаев тағы басқалар газетке бастырған дүниелерді халықтың ауызша шығармасы деп атап, соңына өз ата-тегін жазса, енді біреулері бұл материалды кімнен, қайда жазып алғанын хабарлап отырған.
Сондай-ақ газет “Редакцияға хат” деген тақырыпта хаттар, арнаулы мақалалар жариялап, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілін дамытудың көкейкесті мәселелерін қозғады. Авторлар аударма және қазақ ақындарының таңдаулы шығармаларын жинап, не жеке кітап етіп шығару жөнінде пікір алысты.
. 1905 - 1907 жылдардағы қазақ баспасөзі.
1905-1907 жылдардағы бірнеше орыс буржуазиялық революциясы көпшіліктің саяси санасын шыңдаған мектеп болды. Соның нәтижесінде тарихта тұңғыш рет жұмысшы мен шаруа одағы бірлесіп, өздерінің ортақ жауы-патша самодержавиесіне қарсы күреске шықты.
Революция жаңғырығы Қазақстан даласына да жетті. Верный, Әулиеата қалаларының, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Семей, Петропавл темір жол стснцияларының жұмысшылары мен демократиялық ниеттегі еңбекшілері патша үкіметінің озбырлығына наразылық білдіріп, ереуілдер жасады. Орынбор, Ташкент, Түркістан, Перовск, Жосалы, Шалқар стснцияларында жұмысшылар жұмыс күнін қысқартуды, экономикалық жағдайларды жақсартуды талап етті. Кей жерлерде жұмысшылар жаппай жұмысқа шықпау шараларын ұйымдастырды. Сөйтіп, қазақстандықтар да Бүкілресейлік стачкаға қосылды.
Патша үкіметінің қатаң талап қойып, жіті бақылау жасауы Ресейге марксизм идеясының таралуын тездетті, нәтижеде ол қазақ даласына да кең тарала бастады. Бұл бағытта күнделікті баспасөз үлкен рөл атқарды. Ол революциялық қозғалыстың мақсатын, сондай-ақ жұмысшылар мен шаруалар арасындағы қарым-қатынасты түсіндірумен болды. Соның бірі-жалпыорыстық, большевиктік “Искра” газеті. ”Искраны” Ұлытау, Атбасар, Есіл, Ақмешіт маңына, Қарсақпай жұмысшыларына алғаш таратушылардың бірі-Иван Деев пен Сабыр Шариповтар екені тарихтан мәлім. Сабыр Шарипов пен Иван Деевтің көбіне-көп паналаған ауылы орта жүздің Бағаналы елі болған. Бұл елдің сауатты азаматтары “Қазақ” атты Ахмет Байтұрсынов басшылық еткен газетті шығаруға да атсалысқаны деректерден таныс.
“Искраның” тілшілері Ресейде ғана емес, Қазақстанда да болды. Олар қазақ халқының ауыр тұрмысынан хат-хабар, мақала жазып тұрды. Айталық, “Искра” 2-нөмірінде “Ұлы Сібір магистралы бойында” деген авторы көрсетілмеген хат жарияланды. Онда темір жол қоғамы шонжарларын тіс қаққан қасқырларға теңеп, олардың нағыз жыртқыштық бейнесін ашты.
1905 жылы қазан айының аяқ шенінде Петербургте шыққан “Новая жизнь” газеті де қазақ даласына орналасқан әскери бөлімдерде де толқулар болғанын, ол толқулар Ташкент, Жаркент тағы басқа гарнизондарды қамтығанын жазды. “Новая жизнь” газеті 1905 жылғы 1-желтоқсандағы нөмерінде Орал облысы қазақтарының ауыр халі жөнінде корреспонденция жариялап, патша өкіметінің отарлау саясатын сынады.
“Қазақ газеті”.
Ол 1907 жылдың наурыз айында жарық көрді. 2-ақпанда бірінші (пробный) нөмері шықты, газет орыс және араб әріпімен екі тілде, яғни орысша, қазақша жарық кһрді. Редакторы еврей Хаим Сосновский, бастырушысы Қостанайдың қазағы Ешмқханбет Иманбаев болды. “Қазақ газетінің” материалдарынан байқалғандай революцияшыл бағытты қолдады. Ондағы мақсат самодержавиені құлату, буржуазиялық-демократиялық өзгерістер мен бостандық үшін үгіт-насихат жүргізу болды. Бұл оның прогресшілдік рөл атөаруды көздегені байқалады. Патша үкіметі шет аймақтардағы ұлттардың наразылығын күшейтеді-мыс деген сылтаумен “Қазақ газетін” бірінші нөмерінен бастап мүлде жабуының өзі біраз жайды аңғартса керек.
“Серке” газеті.
“Серке” газеті -1905-1907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. “Серке” газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып, Петербургте шығып тұрған “Ульфат” газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен, Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. Патша орындарының рұқсаты бойынша алғашқыда екі жетіде бір шығатын болып ашылса да, бірақ “Серкенің” екі нөмері ғана шығып, тоқтап қалған. Жазылу бағасы бір жылға 2 сом, жарты жылға 1 сом 25 тиын, жеке саны 10 тиын. Газеттің шығуы жайында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында Ш. Қосшығұловтың айтуымен жазылған қолжазба бар. Ол жазбада “Серке” газетінің 3-4 нөмірі шығып тоқтағанын, “серке” сөзінің мағынасы боранда қой бастайтын көсем мағынасында қоланылғаны туралы айтылған. Газеттің жабылу себебін тиісті орындардан сұрағанда, олар: “Серке” газетінде кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар, содан ұсталды деп жауап берген.
Ал, бүгінгі таңда бұл газеттің жабылуына басты себеп белгілі ақын-журналист М. Дулатовтың “Жастарға” атты өлеңі мен “Біздің мақсатымыз” деген мақаласының жариялануы болды деген дерек бар.
Большевиктік “Орал” газеті.
Бұл басылым 1907 жылдың 4-қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында жарық көріп тұрды. 31-нһмері шыққанда патша үкіметі оның өмір сүруіне тыйым салды. Газеттің редакторы большевик Хусаин Ямашев болды. Оны “Пролетарий” газеті “ұлтшылдық дегенді білмейтін нағыз социал-демократ”, - деп бағалады. Газет ислам дініне қарсы атеистік көзқарас танытты.
Қолжазба “Садақ” журналы
1905-1907 жылдары Ресейде болған бірінші орыс буржуазиялық революциясы шығыс халықтарының да арасында ұлт-азаттық, мәдени-ағартушылық қозғалыс тудыруға әсер етті. Ресеймен және басқа елдермен ерте араласып, өнер мен білімге қазақтардан гөрі бір табан жақын тұрған татарлармен біздің бабаларымыздың қандас әрі аралас-құралас болуы Қазақстанда да мәдени-ағарту жұмыстарының жандануына белгілі дәрежеде септігін тигізді. Бұлай дейтініміз, сол кезеңде Қазан, Уфа, Троицкі баспаханаларында едәуір қазақ кітаптары басылып шықты. Сондай-ақ, мұғалімдер дайындайтын Уфадағы “Ғалия”, Троицкідегі “Расулия”, Орынбордағы “Хусаиния” семинарияларында және башқұрт, татар медреселерінде қазақ жастары оқыды.
Мысалы, 1906 жылы ашылған Ғалия медресесін 1916 жылға дейін 930 шәкірт аяқтаса, соның 154-і қазақ жастары болған. Онда тәрбиеленіп, білім алған жас мұғалімдер Қазақстанның Алматы, Қапал, Қызылжар, Семей, Өскемен, Зайсан және басқа уездерінде төте оқу мектептерін ашып, бала оқытуға кіріскен.
Кезінде Ғалия медресесінде оқыған башқұрттар “Парлақ”, татарлар “Аң”, черкестер “Ләгуә”, қазақтар “Садақ” деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрған. Уфа қаласында 1915 жылдың 9 қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушы, шығарушылары - Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тлепбергеновтар болды. Бірақ Б. Майлиннің науқастанып еліне қайтып кетуіне байланысты “Садақты” 1915 жылғы 3-санынан бастап Ж. Тлепбергенов редакциялайды да, шығарушы міндетін “Қазақ ұйымы” атқарады. “Журналымыздың мақсаты - оқуға кеткен қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады”, - деп жазды редакция алқасы.
Шындығында “Садақтың” 1-санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сықақ этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Бұған себеп журнал редакторы Ж. Тлепбергенов авторларға талап қоя білгіш, іскер басшы болған. Ол материалдармен мұқият танысып шыққан соң, құнсыздарын ешкімнің көңілдеріне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған. Мысалы, ол бір авторға “көп ойланып жазсаңыз да, сөзіңізде көрініп тұрған кемшілік бар. Келісті сөздер жазсаңыз келешек санға кіргізерміз” десе, “Ертеңгі жазушыларға” да “Еріккенге ермек деп, елдегі жоқты жаза бермеңіз” - деп ескерту жасаған.
Бұл қолжазбаның қазақ елінде емес Уфа қаласында шығып тұруы, әрине, ондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастарына елдегі болып жатқан түрлі оқиғалардан толық мағлұмат бере алмады, алайда олар халықтық бағыт ұстанған партиялар мен осы партиялардың “Қазақ”, “Бірлік туы”, “Сарыарқа” сияқты органдарының оң істерінен хабардар етті. Бұл жөнінде Қ. Бекқожин кезінде “Оның үстіне ол дәуірде шығып тұрған, алашордашылардың “Қазақ” газеті және басқа сондай баспасөз органдары олардың басын ұлтшылдықпен уландырады. Жалпы ұлт-азаттық қозғалысымен рухтанған Ғалия шәкірттері қазақ ұлтшылдарының буржуазиялық ұлт автономиясын құрмақ болғанын жақтап қателесті”, - деп жазды.
Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ зерттеушінің бұлай деп жазу себебін ілгеріде айттық, енді қайталап жату артық болар. Шынтуайтына келгенде бұл редакция ұжымының ұлтжандылығын көрсететін ерекше қасиеті болатын. Мысалы, осыған байланысты “Садақтың” 1917 жылғы 18 қарашадағы 4-санының соңғы бетінде басылған бір хабарда Омбыда оқитын қазақ жастары “Бірлік” атты жаңа қауым ашыпты, басқармаға орысша басылған жарғысы келді, қауымның мақсаты халық арасында білім тарату, сонымен бірге халық әдебиетін жию екен деген делінген. Бұл қауымның жұмысына игі тілек білдіре келіп, басқарма “мұндағы шәкірттердің ағза (мүше) болып жазылуы оң, жарғыны оқып көруге береміз”, - деп мәлімдеген.
Кейіннен “Бірлік” ұйымы туралы С. Сейфуллин “Біздің программалық және көздеген мақсатымыз - қазақ арасында мәдени-ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша өкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді”, - деп жазды. Шындығында Шәймерден Әлжанов белсене қатысқан бұл ұйым мүшелері кейіннен осылай етті де. Олар патша өкіметінің реакцияшыл саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене пресс машинаға бастырып, қазақ арасына таратқан.
Міне, сөйтіп “Бірлік” ұйымының жарғысын бастырмай, басқармаға келіп танысыңдар деуінің өзі-ақ “Садақтың” оған іш тартып, тілектес болғанын көрсетеді.
Қолжазба бетінде жарияланған материалдар түрлі мәселені қамтыған. Мәселен, алдымен Ж. Тлепбергеновтың еңбегіне тоқталып көрсек. Себебі, Жиенғали өзінің тырнақалды өлең, әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялап, ұстаздық, ақындық, жазушылық қызметін бастады. Мысалы, ол “Жазғы көш” деген әңгімесінде жайлауға көшу сәтін, жол бойғы қыз-жігіттердің ат жврыс, көкпар ойындарын, шырқаған әндерін нанымды суреттейді. Әсіресе, оның байдың жылқышыға ұрсып жатқан сәтін, жастар думанына торы шолақ атын тақымдай шаба жөнелген кедей баласының жақын қылығын бейнелеуі де сол кездегі ауыл бейнесін көз алдыңа айқын елестетеді.
Екінші мәселе Ж. Тлепбергеновтың сыншылығы туралы. “Садақтың” 1917-1918 жылдардағы оныншы санында қатарынан Халелидден Жүсіпұлы Сарталиевтің “Мақтым” деген ұзақ повесі жарияланған. Міне, Жиенғали осы шығармаға талдау жасап, сын жазу барысында оның кемшіліктерін, роман дәрежесіне жете алмағанын, егер қайта құрып өңдесе баспаға ұсынуға болатынын атап көрсеткен.
Журнал өз оқырмандарының деңгей-сипатын ескере отырып оқу-ағарту ісіне баса көңіл бөлген. Журналдың 1917 жылғы бес санында жарияланған “Мұғалімдік туралы” деген екінші бір үлкен мақаласында прогресшіл педагогиканы және озат ағартушылық идеяларды насихаттады. Алдымен ол медресе бітіріп шығатындарға “бұрынғы алдаушы, сатылғыш арамза молдалардың ізіне түсіп кетпеуді” айтады. Екіншіден, жаңа әліппемен төте оқытатын мұғалім балаларға мейірімді қарап, білім негіздерін және жазуды бірге үйретуге, жұрт алдына тәртіпті, ұстамды болуға тиістігін ескертеді. Сондай-ақ, Ж. Тлепбергенов мұғалім тек балаларды оқытумен тынбай, ел арасында мәдени-ағарту жұмыстарын, атап айтқанда сауаттандыру, газет, кітап оқып беру, мұғалімдер дайындайтын курстар ашу сияқты шараларды жүзеге асыруға тиіс екендігін, бұл жаңа, халықтық мұғалімдердің ардақты борышы екенін жазады.
“Садақта” қазақ халқының ұлы ақыны - Абайдың жастарға арналып жазылған бірнеше нақыл сөздерімен қатар, “Желсіз түнде жарық ай”, “Білімдіден шыққан сөз” сияқты махаббат, тәлім-тәрбие жөніндегі жыр жолдары да басылып тұрған.
“Садақ” материалдарын идеялық тұрғыдан қарағанда бірен-саран ала-құлалық болғанын да айтпай кетуге болмайды. Редакция ұжымындағы жастардың сол кездегі саяси өмірдегі өзгерістерді түгел жаңалық деп қуана қарсы алғаны да бар. Бұл кінәсі де, күнәсі де емес, саяси өрелерінің саясыздығы деп білу керек. Мәселен өзінің соңғы 1918 жылдың 10 ақпанында шыққан санында Орынборды большевиктер алғандығы туралы хабарда: “Бұл қадірлі жаңа жолда біздің қазақтан да жоқ емес еді. Ғалибек Жанкелдин деген кісі большевиктерді ертіп келіп “Қазақ” басқармасын жаптырды. Бұл уақытта ондағы мырзалар қазақ ішіне қашып кеткен еді. Ғалибек “Қазақ” басқармасын тінтіп, жаңа шыққан “Қазақтың” бір нөмір газетін “Баяғыдан бері сен біздің аяғымызға қандай тұсаулар салмадың!” - деп, қосқалдап тұрып айырып-айырып тастапты” деп қуана жазуы соның айғағы болса керек. Тегі, осы жолды жазып отырған редакция ұжымы бұл істің өз басына да төніп отырғанын түсіне білу үшін де саяси сауаттылық керек еді.
Сонымен қорыта айтқанда “Садақ” қолжазба күйінде болса да қазақ баспасөзі тарихынан өз орынын алатыны даусыз. Біріншіден, қалам ұстаған медресе жастарына жазу рөлін атқарады, екіншіден, қазақтың көркем әдебиеті кадрлерінің өсіп жетлуіне ықпал етті.
Айқап» журналы
“Айқап” журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрді. Оның шығарушысы, редакторы демократ ақын, жазушы Мұхаметжан Сералин болды. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға алып, пайда серіктікке пай жинай жүріп шығарды. Біраз уақыттан соң журнал өз қаржысымен шыға бастады, оған жәрдемдесушілер де табылды. Дегенмен қаржының тапшылығынан алғашқы жылы айына бір реттен, кейде шағын көлемді болып жарық көрді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz