Сөздерді сөз таптарына топтастыру принциптері



Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар

І.Кіріспе бөлім
Сөздерді сөз таптарына топтастыру принциптері

ІІ.Негізгі бөлім
1. Сөз таптары орыс тіл білімінде

2 . Сөздерді таптастыру қағидаттарына Ысқақовтың қосқан үлесі

3. Қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болуы керек?

4. Т. Ерғалиевтің сөз таптары жөніндегі іргелі зерттеулері
5. Сөз таптарына елеулі жаңалық еңгізген Исаев еңбектеріне шолу
6. Модаль сөздер сөз табы бола ала ма ?
ІІІ.Қорытынды бөлім

Кіріспе

Курстық жұмыстың өзектілігі: Қазақ тіл білімінің бастан өткізген тарихи белестерін жан.жақты айқындап, бүгінгі жай.күйімен сабақтастығын ашып көрсету(негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Өткенді безбендемей, алға басу жоқ. Морфологияның өзекті мәселесінің бірі . тілдегі сөздерді түрлі семантика.құрылымдық топтарға жіктеу теориясы да тіл білімі тарихын айқындауда өзіндік орны, салмағы бар мәселе екені анық. Бүгінгі таңда да жекелеген тіл білімдерінде (қазақ тіл білімінде) сөз таптастыру межелеуіштерінің (критерий) жетекшілік мәні, өзіндік маңызды сипаттары толық айқындалды деп айта алмаймыз. Осы тұрғыдан бұл теориялық ілімнің проблема ретінде қазақ тіл білімінде алғаш қойылып, пайда болуынан бастап, оның қалыптасу, даму процессін жан-жақты зерделеудің, осы даму барысындағы әр бағыт, әр кезеңнің өзіндік жетістік, кемшілігін нақты талдаудың қажеттілігі жұмыстың өзектілігін анықтады.
Зерттеу обьектісі. Қазақ тіл біліміндегі сөздердi таптастыру теориясының пайда болуы, дамуы, қалыптасуы.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Тіл біліміндегі әрбір теориялық ілімнің пайда болу, даму, қалыптасу жолдарын айқындау, осы арқылы дәстүр жалғастығын ашу, болашақ зерттеулерге бағыт-бағдар нұсқау . маңызды іс болып табылады. Осы қағиданы меже ете отырып, жұмыста қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының пайда болу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын, бүгінгі жайын саралауды басты мақсат етіп қойдым. Негізгі мақсаттан төмендегі міндеттер туындайды:
─ Әлемдік тіл біліміндегі, түркологиядағы сөз таптастыру проблемасының тарихымен, бүгінгі жай.күйімен байланыстыра отырып, сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі дамуын ғылыми тұрғыдан кезеңдерге бөлу;
─ Қазақ тіл біліміндегі сөздерді семантика . құрылымдық топтарға жіктеу барысында болған бағыттарды, олардың негізгі қағидасын анықтау т.б.
Зерттеу нысаны: С. Исаев, А. Ысқақов, Г. Сыздықованың сөз таптарына қатысты іргелі зерттеулері, пікірлері мен ізденістері.

Негізгі бөлім
0.1. Сөз таптарына топтастыру принципері
Грамматиканың морфология саласының теориялық əрі практикалық жағынан маңызды мəселелерінің бірі - тілдегі сөздерді белгілі бір сөз таптарына қарай бөлу, олардың сөз таптарының қай тобына жататындығын анықтап, саралау, яғни лексика-грамматикалық сипатына қарай таптастыру. Қазақ тіліндегі сөздер мағыналық (семантикалық) жəне морфологиялық белгілеріне қарай түрліше топтастырылады. Мұндай көзқарастар қазақ тілі грамматикалары мен А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, А. Ысқақов, Н. Оралбай, т.б. зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. Мəселен, 1954 жылғы Қазіргі қазақ тілі еңбегінде қазақ тіліндегі сөздерді негізгі жəне көмекші сөздер деп екіге бөлсе, 1967 жылғы Қазіргі қазақ тілі. Морфология еңбегінде атаушы сөздер, көмекші сөздер жəне одағай сөздер деп үш топқа бөледі. Сондай-ақ қазақ тіл білімінің негізін салушы ұлы ғалым А. Байтұрсынов өзінің Тіл - құрал еңбегінде атауыш сөздер, шылау сөздер деп екіге, А. Ысқақов атаушы (А. Байтұрсыновта атауыш сөздер. автор) сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер деп үш топқа бөледі. Ғалым Н. Оралбай сөздерді атауыш жəне көмекші сөздер деп топтастыруда тілдегі сөздердің жалпы ерекшеліктері ашылып, соған байланысты мағыналы топтары, сөйлемдегі ойды білдіру қызметі белгіленетіндігін атап көрсете отырып, бұл екі топ-тан басқа ерекше топ - одағай сөздердің бар екендігі осы топтастырудан анықталатындығын айтады. Соның негізінде тілдегі сөз атаулыны, алдымен, атауыш сөздер, көмекші сөздер деп екі топқа бөліп, əр топтың өзіне тəн белгілері мен ерекшеліктерін бөліп көрсетеді. Қазақ грамматикасында қазақ тіліндегі сөздерді атаушы немесе мағыналы сөздер (атауыш сөздер атаушы деп берілген. автор), көмекші сөздер, кейде оған үшінші топ - одағай сөздер деп бөлудің тілдегі грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, сөздердің грамматикалық сипатын толық ашып бере алмайтындығы айтылады. Сөйтіп сөздер атаушы, көмекші жəне одағай сөздер деп грамматикалық белгілерінің негізінде емес, лексикалық сипаттарының, семантикасының негізінде бөлінетіндігі туралы тұжырым жасалып, сөздерді сөз таптарына жіктеудің негізгі қағидаттарының атауыш сөздерге ғана қатысты екендігіне баса назар аударады. Сонымен, қазақ тіліндегі сөздер атауыш сөздер, көмекші сөздер жəне одағай сөздер болып үлкен үш топқа бөлінеді. Бұл топтағы сөздер бір-бірінен мағынасы, дербестігі, түрлену я түрленбеуі, сөйлемдегі қызметі тұрғысынан ерекшеленеді. Өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанама білдіріп, олардың атауы ретінде қабылданатын жəне қолданылатын, өздеріне тəн толық лексикалық мағынасы, қалыптасқан дыбыстық құрамы мен тұлғасы бар, сөйлемде өздігінен мүше бола алатын сөздер атауыш сөздер деп аталады. Атауыш сөздер, мағыналық дербестігі бар сөздер болғандықтан, басқа сөздермен тіркесіп те, тіркеспей жеке-дара тұрып та қолданыла береді. Олардың түрлену - түрленбеуі де тілдің белгілі бір грамматикалық заңдылықтары арқылы жүзеге асады. Дербес лексикалық мағыналары солғынданған немесе мүлдем жойылған, соның нəтижесінде мағыналық дербестігінен айрылған, сөйлемде өз алдына дербес мүше бола алмайтын, атауыш сөздермен селбесіп жұмсалатын сөздер көмекші сөздер деп аталады. Олар грамматикалық даму нəтижесінде лексикалық мағыналарынан айрылып, көмекші сөздер қызметін атқарады. Көмекші сөздердің лексикалық мағыналары қаншалықты солғын болғанымен, керісінше, олардың грамматикалық мағыналары басым болады. Соның негізінде көмекші сөздер атауыш сөздермен тіркесіп, грамматикалық жағынан əр алуан қатынастарды білдіреді. Атауыш сөздер мен көмекші сөздер бір-бірінен төмендегідей белгілері арқылы ажыратылады: 1) атауыш сөздердің толық лексикалық мағынасы бар, көмекші сөздердің лексикалық мағынасы солғындаған не одан біржола қол үзген; 2) атауыш сөздер сөйлем ішінде де, сөйлемнен тыс та дербес қолданылады, көмекші сөздерде ондай дербестік болмайды. Олар тек атауыш сөздермен селбесіп қана қолданылады; 3) атауыш сөздер ойға қазық, негіз болса, көмекші сөздер атауыш сөздердің негізгі ойды жеткізуіне жанама қызмет етеді; 4) атауыш сөздер түрленіп те, түрленбей де қолданылады, ал көмекші сөздер, негізінен, түрленуге бейім емес; 5) кейбір атауыш сөздердің өздеріне тəн грамматикалық категориялары болады, ал көмекші сөздерде грамматикалық категориялар мүлдем болмайды. Сөз топтарының ішінде одағай сөздердің өз алдына дербес бөлініп алынуы олардың ешбір сөз тобына ұқсамайтын ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Ғалым Н. Оралбай одағай сөздердің сөйлемдегі айтылатын ойды білдіруіне қатыспауы, грамматикалық категориялар көрсеткіштерін қабылдамауы жəне грамматикалық мағына білдірмеуі мен сөйлем мүшесі қызметін атқармауы тəрізді ерекшеліктерін бөліп көрсетеді. Осы белгілері негізінде одағай сөздер атауыш жəне көмекші сөздерден дербес топ ретінде қарастырылады. Сөздердің бұл топтары өзара ерекшеленгенімен, олар бір-бірімен тығыз байланыста, грамматикалық жағынан қарым-қатынаста бо- лады. Олардың арасындағы мұндай байланыс, қарым-қатынасқа бір кезде атауыш сөз қызметінде жұмсалған сөздердің тілдің даму барысында көмекші немесе одағай сөздер қатарына ауысып, тұрақтанғандығы негіз бола алады. Мысалы, олай еткені -- өйткені, мə саған -- мəссаған, т.б. Соған қарамастан, бұл топтағы сөздердің тіл жүйесіндегі орны мен қызметі бірдей емес. Көмекші сөздер мен одағайларға қарағанда, бұл орайда атауыш сөздер ерекше орын алады. Сөздерді семантикалық жəне морфологиялық белгілеріне қарай топтастыру оларды лексика-грамматикалық сипатына қарай, яғни сөз таптарына жіктеуге негіз болады. Атауыш сөздер мен көмекші сөздердің жəне одағай сөздердің арақатынасы олардың сөз таптары- на қатысы тұрғысынан да түсіндіріледі. Ғалым А. Байтұрсынов атауыш сөздерге зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті, ал көмекші сөздерге (ғалым шылау сөздер деп атайды. автор) үстеу, демеу, жалғаулық жəне одағай сөздерді жатқызады. А. Ысқақов атауыш сөздерді есімдер жəне етістіктер деп екі топқа бөліп, есімдердің өзін іштей атаушы есім жəне үстеуші есім деп жіктейді. Ғалым атауыш сөздерді осылайша топтастыруда олардың заттық мағыналары негізге алынбайтындығын, керісінше, категориялық семантикаға баса назар аударылатынын ескертеді. Ал көмекші сөздерге тек шылауларды жатқызып, олардың негізгі үш түрін (жалғаулық, демеулік, септеулік) бөліп көрсетеді. Ал Н. Оралбай шылаулармен бірге көмекші есім, көмекші етістік, күшейткіш көмекшілер мен күшейткіш буындарды да көмекші сөздер қатарына жатқызып, оларды сөз табына қатысына қарай белгілі сөз табына қатысты көмекшілер жəне сөз табына қатысы жоқ көмекшілер деп екіге бөледі. Бірінші топқа көмекші есім, көмекші етістік, септеулік шылаулар, күшейткіш көмекшілер мен күшейткіш буындарды, екінші, яғни сөз табына қатысы жоқ көмекшілерге жалғаулық жəне демеулік шылауларды жатқызады. Алдыңғы пікірлерден ерекшелігі: ғалым тілдегі қалыптасқан көмекші сөздер тобына күшейткіш көмекшілер мен күшейткіш буындарды қосады. Күшейткіш көмекшілер мен күшейткіш буындар бұған дейін шырай категориясының көрсеткіштері қызметінде сын есімнің аясында қарастырылып келгендігі белгілі. Зерттеуші олардың өзі тіркесетін сөзіне үстейтін мағынасы мен тіркесу ерекшеліктерін саралай оты- рып, қызметі жағынан көмекші сөздерге бір табан жақын екендігін анықтайды, соның негізінде көмекші сөздер қатарында қарастырады. Қазақ тілінің академиялық грамматикаларында да сөз топтары түрліше топтастырылады. Егер Қазіргі қазақ тілі (1954) еңбегінде атауыш сөздерді (негізгі) есімдер жəне етістіктер деп екіге бөліп, есімдер тобына зат есім, сын есім, сан есім, есімдікті жатқызса, етістіктер тобына мағына жағынан қимылды, амалды білідретін сөздерді, яғни етістіктерді жатқызады. Ал Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология (1967) еңбегінде атауыш сөздерді есімдер жəне етістіктер деп бөліп, одан əрі атауыш сөздерді атауыш есімдер, үстеуіш есімдер жəне етістіктер деп бөлудің өзіндік негізі бар екендігін көрсетеді. Тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді атауыш, көмекші жəне одағай сөздер деп жіктеуде олардың семантикалық белгілері негізге алынса, сөз таптарына қарай таптастыруда лексика-семантикалық белгілерімен қатар грамматикалық ерекшеліктеріне де назар аудары- лады. Сондықтан сөздерді таптастыру олардың грамматикалық сипатымен байланысты жүзеге асырылады. Бұл орайда, біріншіден, жеке сөз таптарына телінетін сөздердің барлығы тілдің сөздік құрамына еніп, олардың əрқайсысы лексика-семантикалық тұрғыдан саралануы тиіс; екіншіден, грамматиканың негізгі міндеттерінің бірі сөздерді грамматикалық жағынан таптастырып, олардың түрлену жүйесін, тіркесу əлеуеті мен синтаксистік қызметін анықтау болғандықтан, əрбір сөз табы жəне оның құрамына енетін əрбір сөз грамматикалық тұрғыдан да сипатталуы қажет. Сөздерді белгілі бір сөз табына топтап, таптастыру мəселесі туралы Қ. Жұбанов маңызды тұжырым жасайды. Ғалым тіліміздегі сөздердің қай-қайсысы болса да өзіндік лексика-грамматикалық сипатына қарай үнемі біркелкі болып келе бермейтінін, олардың іштей бірнеше жікке бөлініп жататынын жəне ол жіктердің белгілі бір тұрақты заңдылықтарға негізделіп, соның ыңғайында топтасып жататынын атап көрсетеді. Ғалымның пікірінше, топқа айырғанда мынадай үш түрлі негізге сүйенеміз: 1) лексикалық қасиеттеріне қарай; 2) морфологиялық қасиеттеріне қарай: қандай қосымша, қандай қосалқы ертетіндігіне қарай; 3) сөйлемде қай мүше болатындығына, қай орында тұратындығына қарай. Сөз таптарына жіктеудің бұл үш негізі қазақ тілі үшін ғана емес, жалпы түркі тілдері үшін де маңызды. Оның маңыздылығы: бұл негіздер күні бүгінге дейін тіл білімін зерттеушілердің өзекті қағидатына айналып отыр. Сөздер өзара ортақ лексика-грамматикалық сипаты мен белгілері арқылы сөз табы ретінде танылады. Ал сөздің лексика- грамматикалық белгілері деген ұғым белгілі бір сөзге, сөз табына тəн барлық лексикалық (семантикалық), морфологиялық жəне синтаксистік сыр-сипаттарды толық қамтиды. Қазақ тілінде сөздерді таптастырудың белгілі бір қағидаттары (принциптері) қалыптасқан. Бірақ сөз таптарының сол қағидаттарға қатысы туралы мəселеде оларды бірде лексика-грамматикалық, бірде формалды-грамматикалық, енді бірде таза грамматикалық категория ретінде қарастыратын əртүрлі көзқарастар бар.
0.2. Сөз таптары орыс тіл білімінде
Сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық топтары деп анықтау орыс тіл білімінде В. В. Виноградов, И. И. Мещанинов, Н. С. Поспелов, т.б. ғалымдардың тұжырымдарынан көрінсе, Ф. Ф. Фортунатов пен оның мектебі сөз таптарын тек морфологиялық категория деп тану қажеттігін негізге алып, оларды формалды-грамматикалық категория ретінде қарастырады. Ал А. А. Реформатский, О. П. Суник, А. А. Шахматов, т.б. ғалымдар сөздерді таптастыруда жалпы грамматикалық мағынаға баса мəн беріп, соның негізінде сөз тапарын таза грамматикалық категориялар деп түсіндіреді. Ғалым К. Аханов орыс тіл біліміндегі сөздерді таптастыру қағидаттарына қатысты келтірілген көзқарастардың ішінен бірінші топтағы ғалымдардың көзқарасын, яғни сөз таптарын сөздердің лексика- грамматикалық категориясы ретінде қарастыратын ғылыми тұжырымдарды дəлелді деп таниды. Ғалымның пікірінше, сөз өзінің лексикалық мағынасымен бірге белгілі бір сөз табының мағынасына да ие болады. Сөздің лексикалық мағынасы мен сөз табы ретіндегі мағынасын бірдей деп қарауға болмайды. Сондықтан ғалым сөздің сөз табы ретіндегі мағынасын оның лексикалық мағынасынан ажырату үшін орыс тіл біліміндегі жалпы категориялды мағына ұғымын қолданады. Сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда жал- пы категориялды мағыналарымен қатар олардың морфологиялық жəне синтаксистік белгілеріне де назар аударылады. Осы үш белгі сөздерді таптастырудың лексика-семантикалық, морфологиялық жəне синтаксистік қағидаттарына негіз болады.
0.3. Сөздерді таптастыру қағидаттарына Ысқақовтың қосқан үлесі
Сөздерді таптастыру қағидаттарына қатысты А. Ысқақовтың пікірін сараласақ, ғалым тілдегі барлық сөздерді таптастырғанда олардың лексика-семантикалық жəне грамматикалық жақтары бірдей ескерілуі керек деген тұжырым жасайды. Ал сөз табының аталған қырларын, яғни семантикалық, морфологиялық жəне синтаксистік жақтарын дұрыс анықтау үшін осы белгілерді толық қамту қажет. Тек сонда ғана сөз табына енетін сөздің мазмұны, морфологиялық формасы мен синтаксистік қызметі толық анықталады. Бұл белгілердің сөз таптарына енетін сөздердің барлығына тəн бола бермейтіндігін ескерсек, сөздерді таптастыру қағидаттарының сөз таптары жүйесіндегі қызметі мен сипаты да бірдей болмайды. Сондықтан кейбір сөз таптарында таптастыру қағидаттарының бірі негізгі болса, басқасы жанама болуы немесе ол сөз табына қатысы басқаша сипатта көрінуі де əбден мүмкін. Мысалы, одағай, еліктеу сөздер мен шылаулардың түрленбеуі олардың морфологиялық белгісі ретінде танылады. Соның негізінде оларды сөз табы ретінде анықтауда осы белгісі негізге алынады.
Сөз таптарын анықтау жүйесінде морфологиялық жəне синтаксистік белгілердің барлық сөздерде бірдей дəрежеде болмауы нан бұл үш ұстанымның бəрі біркелкі шешуші қызмет атқармайды. Соған қарамастан, сөздерді грамматикалық топтарға, яғни сөз таптарына таптастыруда семантикалық, морфологиялық жəне синтаксистік қағидаттардың негізге алынуы сөз таптарына қатысты жалпы заңдылық болып танылады. Ал олардың ішінен қайсысы негізгі, тірек қағидат бола алады деген жағдайда, ғалымдар, негізінен, семантикалық қағидатты негіз етіп алады. Сөздерді таптастыру қағидаттары бойынша қазақ тілінде бертінге дейін тоғыз сөз табы анықталып келсе, кейінгі грамматикада модаль сөздер де сөз табы ретінде танылып, он сөз табы көрсетіледі. Олар: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөздер, шылау, одағай, модаль сөздер. Сөз таптарының тұрақталып айқындалуына, олардың жүйелі тəртіпке түсірілуіне өзіндік үлес қосқан ғалымдар қатарында А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, А. Ысқақов, С. Исаев, т.б. ғалымдарды ерекше атауға болады. Бұл сөз таптарының лексика-грамматикалық сипаты, қызметі, тілдегі алатын орны, қалыптасуы бірдей емес. Сондай-ақ сөз таптарының барлығы бірдей таптастыру ұстанымдарына толық сай келе бермейді. Олардың ішінде грамматикалық категориялары жоқ, түрленбейтін сөз таптары да бар. Мəселен, үстеу, еліктеу, одағайлар түрленбейді, бірақ үстеу мен еліктеу сөздер сөйлем мүшесі қызметін атқарады, ал одағай сөздер сөйлемде синтаксистік қызмет атқармайды. Сонымен, сөздерді таптастыру қағидаттары бойынша атауыш сөздер: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөздер; көмекші сөздер: шылау, одағай жəне модаль сөздер болып бөлінеді.
Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді түрге бөлуге ол сөздердің грамматикалық сипаттары мең белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты, әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде, жүйелі принциптер негізінде айқындалуы керек. Ол принциптер сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.Әрбір атаушы сөздің лексикалық мағынасы болатыны белгілі, сол лексикалық мағынасы арқылы әрбір сөз бір-бірінен ерекшеленеді, жеке-жеке единица ретінде түсініледі. Тіпті мағыналары бір-біріне жақын синоним сөздердің өзі синонимдік қатар құрғанмен, өзіндік ерекшеліктері бар бөлек-бөлек лексема ретінде өмір сүреді. Мысалы, үй, бала, ағаш, көше, білін, сондай-ақ ұзын, үлкен, көк, жақсы т.б. сөздер лексикалық мағынасы жағынан бір-бірінен алшақ сөздер:уй адам тұратын, мекендейтін баспана , бала ата-ананың перзенті, ұрпақ, тұқым яғни белгілі (кіші) жастағы адам: Лексикалық мағыналары жағынан, көріп отырғанымыздай, бұл сөздердің арасында ешбір жақындық жоқ. Сонымен бірге берілген сөздердің алғашқы тобы-белгілі бір деректі я дерексіз заттың атауы, екінші тобы - заттың сындық белгісі. Атап айтқанда, лексикалық мағынаның жалпылануы, абстракциялануы негізінде әрбір сөзде жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Айталық, үйдің лексикалық мағынасы баспана, яғни белгілі заттың нақты атауы болса, оның жалпылануы, абстракциялануы негізінде жалпы зат атауы жалпы грамматикалық мағына пайда болып отыр.Дәл осындай ретпен заттың сандық сипатын (есептік сан, реттік сан, болжалдық сан, бөлшектік сан, жинақтық сан, топтық сан) білдіретін сөздер, заттың түрлі қимыл, іс-әрекетін, процесін білдіретін сөздср, қимылдың әр түрлі амалын, мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын т.б. қасиеттерін білдіретін сөздер, осындай атаушы сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер болатынын айтуға болады. Сөйтіп, бұл жалпы грамматикалық мағына лексикалық емес, грамматикалық семантика болып табылады. Сондықтан сөздерді грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеуде, топтастыруда ұстанатын басты принцип семантикалық (яғни лексикалық емес, грамматикалық-семантикалық) принцип екенін көреміз. Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі-белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне (немесе оған қарама-қайшы түрленбеуге) негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді топтастырудың екінші негізгі (морфологиялық) принципісөздердің түрлену жүйесі болып табылады. Мысалы, зат атауын, заттың ұғымын білдіретін сөздерге көптелу (соған сәйкес сан-мөлшер категориясы), септелу (септік категориясы), тәуелдену (тәуелдік категориясы) тән де, қимыл, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіретін сөздерге жіктелу (жақ категориясы), шақты білдіру (шақ категориясы), модальдылықты білдіру (рай категориясы), болымсыздықты-болымдылықты, сабақтылықты, субъект-объектімен әр түрлі қатынасты (етіс категориясы) білдіру т.б. тән болып келеді. Ал заттың әр түрлі сындық белгісін, түр-түсін, сондай-ақ заттың әр түрлі сындық сипатын және қимылдың, іс-әрекеттің алуан түрлі амалын, мекенін, мезгілін, себебін, мақсатын білдіретін сөздер - арнайы грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздер. Сондықтан ол түрленбейтін сөз табына жатады. Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер, өздері қандай сөздердің орнына жүрсе, солар сияқты түрленеді не түрленбейді. Сөздерді топтастырудың үшінші синтаксистік принципісөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқарумен және сол сөздердің тіркесу сипатымен яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты. Мысалы, зат атауын білдіретін сөздер атау тұлғада тұрып, қимыл, іс-әрекеттің иесі (субъект), бастауыш, табыс септігінде келіп, тура толықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш, ілік септікте және екінші затпен қатыстық қатынаста келіп анықтауыш, көлемдік септіктерде келіп пысықтауыш, кейде жанама объект мәнінде толықтауыш қызметтерін атқарып, атау тұлғада қимыл, іс-әрекетті білдіретін предикатпен қиыса байланысады. Ілік септікте екінші сөздің тәуелдік жалғауында тұруын талап етіп, онымен матаса байланысады, екінші сөзбен түбір күйінде тікелей орын тәртібі арқылы қабыса байланысады, табыс я көлемдік септіктерде екінші сөзбен (көбіне етістікпен) меңгеріле байланысады. Ал қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер жіктеліп келіп баяндауыш, көсемше тұлғасында пысықтауыш, белгілі түрлері атау тұлғада заттанып барып бастауыш, есімше тұлғасында анықтауыш, табыс және көлемдік септіктерде заттанып барып толықтауыш қызметтерін атқарып, грамматикалық субъектімен жіктеліп келіп қиыса байланысады. Етістікпен (көбіне көсемше тұлғасында) қабыса байланысады, есімше тұлғасында анықтауыштық қатынаста да есім сөзбен қабыса байланысады, септік жалғауындағы сөздерді меңгереді. Заттың сынын және санын білдіретін сөздер зат атауларын анықтап, затпен қабыса байланысып қолданылады, заттанып барып бастауыш, толықтауыш адамға байланыстысы жіктеліп барып баяндауыш қызметін атқарады. Қимылдың әр түрлі сипатын білдіретін сөздер қимыл мәніндегі сөздермен қабыса байланысып, пысықтауыш қызметін атқарады.
Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер өздері орнына жүретін сөздердің синтаксистік қызметін атқарып, солар байланысқа түсетін сөздермен тіркеседі. Бұл сияқты қасиеттер көмекші сөздерде, әсіресе лексикалық мағынасыпан бүтіндей айырылып қалған көмекші сөздің түр-түрі шылау мен одағай, модаль сөздерде болмайды. Шылаулардың сөз байланысындағы орны бүтіндей бөлек. Осы көрсетілген принциптердің негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін - зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін - сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін - сан есім, сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер - есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін - етістік, қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін - үстеу, әр түрлі дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктей аталатын - еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл күйін білдіру я модальдылық) мәндер қосады.
0.4. Қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болуы керек?
Бұл орныққан түсінікті өзгерту туралы басқа пікір бола қойған жоқ. Қ.Жұбановтан бастап, кейінгі бұл мәселеге арнап қалам тартқан ғалымдардың барлығы бір ауыздан осы үш принципті атап, оларды бірлікте қолдану керектігін айтады. Тек қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болуы керек дегенде ғана аздаған пікір алшақтығы кездеседі. Қ.Жұбанов семантикалық принципті жетекші ретінде тани отырып, екінші орынға морфологиялық принципті, үшінші орынға синтаксистік принципті шығарады. С.Аманжоловтың бұл мәселеде Қ.Жұбановпен пікірлестігі көрінеді. А.Ысқақов та үш белгінің де қажеттігін ескере отырып, кейбір сөз табын анықтау үшін белгінің (принциптің) үшеуі де бірдей қолдануға болса, кейбір сөз таптары үшін я екі белгіні ғана, я бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал егер бір белгіні ғана таяныш етерліктей болса, ондайда тек семантикалық белгі ғана тірек болуға тиіс. Олай болатын себебі - сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі - оның семантикасы − дейді.
0.5. Т. Ерғалиевтің сөз таптары жөніндегі іргелі зерттеулері
Кезінде негізгі сөздердің семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері алынатыны, орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының дамуы барысында лексика-грамматикалық аталған бағыттың көрнекті өкілі В.В.Виноградовтың үлгісін қазақ тілі сөздерін тапқа бөлуде қолдануды ұсынған пікір де болды. 1968 жылы жарық көрген Қазақ тіліндегі сөздер мен таптарының морфологиялық құрылысы атты еңбегінде Т.Ерғалиев қазақ тілі сөздерін алдымен негізгі сөз таптары, көмекші сөздер, азат сөздер деп үлкен үш топқа бөледі, ары қарай олардың бірнешеуінің басын қосатын сөз таптары да пайда болады. Ғалым негізгі сөз таптарының бірінші тобы ретінде есімдер тобына етістікті, үшінші хал-жағдайлық сөздер тобына үстеулер, күй категориясы, еліктеу сөздерді біріктіреді.
Т.Ерғалиев көмекші сөздерге шылауларды жатқызса, азат сөздер тобы ретінде модаль сөздер мен одағайларды атайды. Соңғы екі сөз табын бір топта, азат сөздер тобында қарау себебін автор қысқаша былай түсіндіреді: Негізгі сөздерге де көмекші сөздерге де қосылмайтын ерекше сөздер бар. Олар сөйлемде белгілі бір қызметке ие емес және басқа мүшемен байланысы жоқ бөлек, еркін категория болып табылады. Сондықтан термин ретінде олардың бәрін азат сөздер деп атады (автор еңбегінде ары қарай тек зат есім мен етістікке тоқталады).
Т.Ерғалиевтың қазақ тіл білімінде негізінен бұрын анықталған сөз таптарын (күй категорияларынан басқасы) В.В.Виноградов үлгісімен сатылай отырып ірі топтарға біріктіруі, яғни қазақ тіл сөздерін:
1) негізгі сөз таптары;
а) есімдер;
ә) күй-амалдық сөздер;
б) хал-жағдайлық сөздер;
2) көмекші сөздер (шылаулар);
3) азат сөздер (модаль сөздер мен одағайлар) деп бөлуі тіліміздегі сөздердің семантика-құрылымдық қасиеттерін аша түсуге біршама мүмкіндік бергенімен, қазақ тілі білімінде орныға алмады.
1.6. Сөз таптарына елеулі жаңалық еңгізген Исаев еңбектеріне шолу
Соңғы жылдары қазақ тілі біліміндегі сөз таптары теориясына елеулі жаңалық енгізген С.Исаев болды. Ғалым еңбегі, ең алдымен, қазақ тіл біліміне грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория секілді негізгі іргелі грамматикалық ұғымдарды салмақты қазіргі лингвистиканың даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беруімен салмақты екенін айтқан жөн. Тілге қатысты әдебиеттерде бұрын да жиі қолданылмағанымен, мән-мағынасы айқын емес бұл грамматикалық ұғымдарды дұрыс түсінбеу салдарының сөз таптастыру проблемасында да бірқатар қателікке әкелгені белгілі болып отыр. Мысалы, бұрынғы зерттеу еңбектерінде қазақ тілі сөздерінің алдымен осылайша үш топқа жіктелуін семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне қарай деп түсініп келсек, С.Исаев тілдің лексикалық қабаты деңгейі мен грамматикалық қабаты деңгейінің ара жігін нақты ажырату арқылы бұл түсінікті жоққа шығарды. Бұндай түсініктің қателігі - тілдің грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, олар тілдің бөлек-бөлек деңгейі екенін ажырата алмау болып табылады, − дей отыра, ғалым алдымен сөздерді жоғарыдағыдай үш топқа бөлуде сөздердің морфологиялық белгілерінің еш қатысы жоқ екендігін айтады, өйткені атауыш сөздердің де түрленетіндері (зат есім, есімдіктің біразы, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, есімдіктердің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты бұл көмекші сөздерге тән, яғни көмекші есім, көмекші етістік түрленсе, шылау, еліктеуіш сөздер түрленбейді. Сондықтан, автор дұрыс айтып отырғандай, морфологиялық белгілердің тілдегі сөздерді атаушы, көмекші, одағай деп негізге бола алмайтындығы шындық. С.Исаев лексикалық семантика ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Модаль сөздер
Сөз таптарының қасиеттері
Қазақ тілі мамандығының магистратураға қабылдау емтиханның бағдарламасы
СӨЗ ТАПТАРЫН ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗІ
Қазақ тіл біліміндегі сөздердi таптастыру теориясының пайда болуы, дамуы, қалыптасуы
Сөз таптары орыс
Грамматикалық категориялар
Сөздерді топтастыру принциптері
Одағай сөздер жайлы
Орыс түркологтарының еңбектеріндегі қазақ тілі сөздерінің тапқа жіктелуі
Пәндер