МОДИФИКАЦИЯЛЫҚ ЖҰРНАҚТАРДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ


курстық ЖҰМЫС
МОДИФИКАЦИЯЛЫҚ ЖҰРНАҚТАРДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 1-2
Негізгі бөлім
1. 1. Модификациялық жұрнақтардың зерттелу тарихы . . . 2-5
1. 2. Қазақ тіл біліміндегі модификациялық жұрнақтардың лингвистикалық табиғаты . . . 5-14
1. 3. Модификациялық жұрнақтардың қазақ тіл біліміндегі қолданысы . . . 14-26
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 27
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 28
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі.
Еліміздің егемендік алып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады. Тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың қазіргі таңдағы басты бір мүмкіндігі- оның осы танымдық қызметін, құрылысын, өзіндік ерекшелігін толық ашып көрсету, сол арқылы ежелгі елдік атрибуттарды, халықтық қалыпты, рухани тамырда терең зерттеп, жете тану.
Осы орайда, модификациялық жұрнақтардың тіліміздегі сөздердің құрамында еркін қолданылып, молынан кездесетіндігі де назарға ілінеді. Ең алдымен, аталмыш нысан- қазіргі қазақ тілінің морфология саласына тиесілі тақырып. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, модификациялық жұрнақтар тақырыбының әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін жақтарының барлығы анықталады. Алынған тақырыпқа қатысты, қазіргі тіл біліміндегі соңғы жаңалықтарды зерттеп-зерделеу, тілдік фактілермен дәлелдеу, қызықты тақырыптардың біріне айналдыру мол ізденісті қажет етері сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде, зерттеу нысанына айналған тақырыптың өзектілігі дау туғызбаса керек.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Модификациялық жұрнақтардың сыр- сипатын анықтап, лингвистикалық тұрғыдан сипаттама беру. Оның қолданылу аясын анықтау зерттеу жұмысының мақсаты болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер орындалды:
- Модификациялық жұрнақтардың зерттелуіне шолу жасау;
- Модификациялық жұрнақтардың лингвистикалық табиғатын сипаттау;
- Модификациялық жұрнақтардың тілдегі қолданысын мысалдармен дәлелдеу;
Курстық жұмысының зерттеу нысаны. Модификациялық жұрнақтардың лингвистикалық әлеуеті.
Курстық жұмысының әдіс-тәсілдері. Жұмыста сипаттама салыстырмалы тарихи, жүйелеу, топтау, салыстыру тәсілдері қолданылды.
Курстық жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.
Зерттеу нысаны бойынша төмендегідей мәселелер ғылыми шешімін тапты:
- Модификациялық жұрнақтар тақырыбының зерттелу тарихына шолу жасалды;
- Модификациялық жұрнақтардың қазақ тіл білімінде қолданылу аясына шолу жасалды;
- Модификациялық жұрнақтардың лингвистикалық табиғаты сипатталды;
Курстық жұмысының дерек көздері: зерттеу жұмысында көтерілген мәселелер бойынша белгілі тілші-ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды: Ыбырайым Маманов, Сейілбек Исаев, Ахмеди Ысқақов, Әзиза Нұрмаханова, А. Қалыбаева, Н. Оралбаева, Ә. Қайдаров, 1967жылғы Қазақ тілінің грамматикасы, Е. Мергенбаев, М. Серғалиев, А. Айғабылов, О. Күлкенова, Қ. Басымов, Қ. Жұбанов, филология сериясымен жарияланған «Хабаршы» журналы.
Курстық жұмыстың құрылымы. Курстық жұмысы кіріспеден, бір тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- Модификациялық жұрнақтардың зерттелу тарихы
Сөз күрделі тілдік единица, ол әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағынаны білдіреді. Сөз білдіретін грамматикалық мағыналар бір немесе бірнеше морфологиялық бөлшектен тұрады. Сонда әр бөлімнің өзінің мәні болады. Белгілі бір грамматикалық мәнді немесе мағынаны білдіре алатын сөздің құрамындағы бөлшегін морфема деп атайды. Тіл білімі тарихында әсіресе 50- жылдардан бері қарай морфема деген атау өте жиі қолданылады.
Алғаш И. А. Бодуэн де Куртенэ негізін салған бұл ұғым бертін келе тұтас сөзді де, оның нақты бөлшектерін де, аффикстердің түр -түрлерінің қай -қайсысын болса да морфема деп атай беретіндей жағдайға жетті. Сондықтан да, «Жалпы тіл білімінде» «Кейбір мамандар бұл терминді қазіргі лингвистикалық әдебиеттердегі ең шатасып кеткендердің қатарына қосып жүр», - деп атап көрсетті.
Прагалық лингвистика ағымының өкілі В. Скаличка морфема терминінің қолданылуындағы осындай тиянақтауды керек ететін жақтарына көңіл бөліп: « Грамматика - белгілі тілдік жүйе, сондықтан оның кіші единицасын табу қажет», - деді. Морфема дегенді тиянақтай отырып, грамматикалық қызметтерін нақты көрсету мақсатымен сема деген термин ұсынды. Л. Блумфильд тап осы атауға балама есепті морф дегенді қосты. Бұл екі ұсынысты тиянақтаған Ч. Хоккеттің пікірі мамандар назарын аударды. Ол морф дегенді қостап, оны өз алдына морфеманың нақты бір функциялық көрінісі есепті, ал тап сол арадағы мағынасын морфосема деп тиянақтады. Дескриптивтік структурализмнің бұрыннан дәстүрлі сипаттамасына айналған: «Морфема фонемалардан тұрады », - деген қағидасына : Ал, морфема болса, морфтар жүйесін қамтитын жалпылауыш атауға айналды.
Бұл теориялық тиянақтаулардың агглютинативті тілдер, солардың ішінде қазақ тіліне де тікелей қатысы бар. Мысалы барыс септігі десек, туыс өзбек тілінде -га деген бір -ақ жалғауды, ал қазақ тілінде -ға, -ге, -қа, -ке, тәуелді септеуде -а, -е және -на, - не деген 8 түрлі қосымшаны айтамыз. Осы сегізді барыс септігінің морфемасы десек, олардың әрқайсысы сол морфеманың морфтары болып есептеледі. Морфонологиялық ерекшеліктерін нақтылай түскенде, дауыссыз дыбыстары тұрғысынан - ға мен -қа, сондай - ақ, -ге мен -ке морфонема - альтернант, ал дауыстылары тұрғысынан а және е дыбысты буындар альтернантты морфонемаларға жатады. Бұлар - формальдық сипаттары.
Мағыналары бір көптік жалғауы өзбек әдеби тілінде жалғыз ғана -лар, қазақ тілінде болса, бұл морфеманың -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер деген 6 морфы бар. Кітап -қа және кіта-б-ың-а, аға-ға және аға-сы-н-а тәрізділердегі түбір сөзде де, қосымшаларда да айырмашылықтардың нақты көрінуіне сай бұл сияқты заңдылықтарға морфонологияда арнайы талдау жасалады.
Агглютинативті тілдер аффикстері бір - бірден ғана мағына беріп, қызмет атқарады деген пікір жалпы тіл білімінде, түркологияда да ертеден бері - ақ қалыптасқан аксиомаға жатады [1, 8-10] .
Түркологтардың ішінен академик А. Н. Кононов өз еңбектерінде аффикстердің көп мағыналылығына баса көңіл аударды. Ол қосымшалардың пайда болуында екі түрлі жол бар дей келіп, оның бірінші жолы - фузия (кірігу), екіншісі - түбір сөздердің дами келе қосымшаға айналуын көрсетеді.
Түркі тілдерінде қалып етістіктері деп аталынантын отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің мағына, форма жағынан шақ қосымшалары қатарына өткендігін түркологияда ғалымдар мойындайды. Бірақ олардың грамматикалану жолын, сөзден қосымшаға айналу эволюциясын тіл фактілері негізінде түгел анықталды деп айту қиын.
Түркі тілдерінде синкретті қосымшалар да баршылық. Солардың бір тобы амалдың өту сипатын білдіретін қосымшалар: -мола, - меле, -ыңқыра, -іңкіре, - қыла, - кіле, - ала, - еле, - ыла, -іле, -ымыра, - іміре т. б. Бұл қосымшалардың мағынасында қимылдың бірнеше қайталанатындығын білдіретін мағыналық реңк бар. Бұларды тарихи - салыстырмалы материалдарға негіздеп, екі немесе үш морфемадан тұратындығын дәлелдеуге болатын сияқты.
Етіс қосымшаларының қазіргі түркі тілдеріндегі мағынасы мен қызметін анықтап алу қажет. «Етіс қосымшаларының өздері қосылған түбірге қандай лексика - грамматикалық мағына жүктейді, сөз бен сөздің синтаксистік байланысын қалай өзгертеді?» деген мәселенің әзірге толық шешімі табылған жоқ. Сондықтан да, бір топ тілшілер оларға «сөз түрлендіруші», екінші тобы «сөз тудырушы » деп қарайды [2, 62-63] .
Әрбір сөздің өзіне тән тұлға-тұрпаты болады. Сол тұлға- тұрпаттың арқасында әрбір сөз бір бүтін тұлға ретінде қызмет етеді. Ал, сөздің тұлға -
тұрпаты оның лексикалық және грамматикалық сипаттарымен байланысты. Осы себептен сөздер морфологиялық құрылысы жағынан әр қилы болып келеді. Ал, сол әрқилылық, әрине, сөздердің құрамдарының әр түрлі болуына байланысты да, сөздің құрамының түрлі- түрлі болуы оның бөлшектеріне байланысты.
Сөздің лексикалық я грамматикалық мағыналарын білдіретін бөлшектері морфемалар деп аталады.
Морфемалардың да өзіне тән мағынасы және дыбыстық формасы болады. Ендеше, морфема деп сөздің өзіне тән мағынасы бар ең ұсақ бөлшегін айтамыз.
Сөздің морфологиялық құрамындағы морфемалардың мағыналары мен қызметтері бірдей емес. Морфемаларды ең алдымен түбір морфема және қосымша морфема деп негізгі екі салаға бөлуге болады.
Түбір морфема - сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі. Бұл түпкі негіз сөздің құрылысының да, мағынасының да негізгі ұйытқысы болып есептеледі. Өйткені түбір морфема сөздің негізі лексикалық мағынасын білдіреді. Түбір морфема қатыспаса, қосымша морфеманың бір де біреуі, яки бірнешеуі қосылып та ешқандай мағынаны білдіре алмайды және сөз де бола алмайды. Ендеше, түбір морфема ең негізгі морфема болып саналады.
Қосымша морфема деп- түбірге қосылып, оған қосымша мағыналар үстейтін морфемаларды айтамыз.
Қосымша морфемаларда мағыналық дербестік те, тұлғалық дербестік те болмайды. Өйткені қосымша морфемада жеке тұрғанда өзіне тән ешқандай арнаулы мағына болмайтындықтан, ол түбірдің қатысынсыз жеке - дара қолданылмайды. Сондай - ақ, қосымша морфема тек түбірге тіркестіріліп қана жұмсалатындықтан, оның тұлғасы жалғанатын түбір морфеманың әуеніне еріп, өзгеріп, түрленіп отырады. Осы себептен, бір морфеманың дыбыстық бірнеше варианты болуы мүмкін. Мысалы, атты кісі, сүтті сиыр, сауулы інген, елеулі мәселе, білімді адам дегендегі -ты, -ті, -лы, -лі, -ды, -ді бөлшектері - бір морфеманың ірі алуан түрлері.
Сөйтіп, түбір морфема мен қосымша морфемалардың мағыналарындағы ең негізгі айырмашылық мынау: түбір морфеманың мағынасына, біріншіден, әрі нақтылық, әрі дербестік тән болса, екіншіден, сол мағына тікелей түбірдің өз бойында болады; қосымша морфеманың мағынасына, біріншіден, әрі тым жалпылық, әрі дербестігі жоқтылық тән болса, екіншіден, сол жалпы мағына тек сөздің құрамында ғана тиянақты болып анықталады. Осыған сәйкес, түбір морфема тілдің өзіне тән мағынасы бар тұлғасы ретінде жеке - дара тұрып қызмет етсе, қосымша морфема тілдің мағыналы тұлға есебінде жеке - дара жұмсалмайды, тек сөздің құрамында ғана қолданылады.
Тілімізде түбір морфемалар сан жағынан көп те, қосымша морфемалар олардан әлдеқайда аз.
Сөздің құрамы сияқты, морфемалар да - жүйелі құбылыстар. Олардың жүйелі құбылыс екендіктерін түбір мен қосымшалардың ара қатынастарынан да көруге болады. Мысалы, есімшенің -ған (-қан, -ген, -кен), көсемшенің -ғалы (-қалы, -гелі, -келі) қосымшалары тек етістік түбірлеріне ғана жалғанады да, есім сөздерге жалғанбайды. Керісінше, -шыл (-шіл) қосымшасы зат есімдерге жалғанып, сын есімдер тудырса, -м, (- ым, - ім) қосымшасы етістіктен зат есім тудырады. Ал, әкең, қаламың дегендердегі -ң (-ың, -ің) қосымшасы аталған заттарды тыңдаушы адамға тәуелдеп тұрса, аналар, інілер, көлдер дегендегі -лар (-лер, -дар, -дер, -тар, -тер) қосымшасы аталған заттар бірнешеу я көп екендерін білдіріп тұр. Мысалы, жылқы, жылқышы, жылқышылық сөздерінің негізгі түбірі бір болғанымен, үшеуінің лексикалық мағынасы үш түрлі: жылқы дегеніміз - мал, жылқышы дегеніміз - оны бағушы адам, жылқышылық дегеніміз - жылқы бағу кәсібі.
Сөйтіп, осындай мағыналарымен қызметтеріне қарай, сөзден сөз тудыратын морфемалар жұрнақтар деп, сөзбен сөзді байланыстыратын морфемалар жалғаулар деп аталады.
Әдетте, жұрнақтар сөзден сөз тудыратын категория болғандықтан, лексикалық категорияға, жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздерді бір - бірімен байланыстыратын болғандықтан, грамматикалық категорияға жатқызылады [3, 24-29] .
- Қазақ тіл біліміндегі модификациялық жұрнақтардың лингвистикалық табиғаты
Қазақ тіл біліміндегі жұрнақтар жайлы алғашқы пікірлер түркітанушылардың еңбектерінде жарық көрген сөз тудырушы тұлғалар жайлы пікірлерден бастау алады. Түркітанушы ғалымдардың, әсіресе, орыстілді түркітанушылардың пікірлері бүгінгі күнде де маңызын жойған жоқ. Дегенмен, тілді туғаннан бойына сіңіріп, мол тілдің мейірінен қанып ішкен адам ғана өз тілінің терең қырларын ашып, сипаттарын көрсетіп бере алады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілдес ғалымдардың жазғандары тек жұрнақтарды бөлумен ғана емес, олардың мағыналары мен қызметтерін талдауында да ерекше мәнділік, тереңдік байқалады [4, 96] .
Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде қазақ тіліндегі жұрнақтар жекелеген мақала түрінде, кейіннен арнайы зерттеліп, жан-жақты баяндала бастады. 1930 жылы «Жаңа мектеп» журналының алтыншы санында Қ. Басымовтың «Қазақ тілінің жалғау-жұрнақтары» деген көлемді мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада сөз тудыратын жұрнақтар варианттарының санына қарай топталып, кейбіреулерінің мағынасы ашылған [5, 96] .
Қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Қ. Жұбановтың 1936 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығының бір тарауы сөз тұлғаларына арналған. Автор сөздерді тұлғалық ерекшеліктеріне қарай алты түрге бөліп, олардың әрқайсысының жасалу жолдарына тоқталады. Түбір сөзге, қосымшаға ғылыми анықтама береді. Мысалы, жұрнаққа берген анықтамасы: «Сөздің түп мағынасына үстеме мағына қосатын қосымшаны үстеу дейміз»[6, 22] . Бұдан ғалымның жұрнақты үстеу деп атағанын көреміз. Жұрнақтың үстеу деп аталуына біріншіден, оның түбірге үстеліп жалғануы, екіншіден, мағына үстеу ерекшелігіне байланысты болса керек. Оның үстіне түркітанушы ғалым И. Г. Гигановтың да жұрнақты «частица» немесе «наращение» деп атағаны белгілі.
1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» деп аталатын қазақ тілінің тұңғыш ғылыми курсы жарық көрді. Мұнда Ы. Маманов, Е. Шаяхметовтердің пікірінше, қазақ тіліндегі қосымшалар сөз тудырушы және форма тудырушы деп екіге бөлінетіндігін жазады [4, 97] .
1967 жылғы қазақ грамматикасында сөздердің морфологиялық құрамды бір бөлігі ретінде жеке сөздің мағыналы дербес бөлшегі болып табылатын түбірден, бір жағынан, бөлек морфема, екінші жағынан, түбірмен бірлесіп барып сөз құрап, сөздермен қарым -қатынасқа түсіріп тұратын морфема ретінде, немесе сөздерді синтетикалық жолмен жасалған формаларының түрлері ретінде және оларды, яғни қосымшаларды сөз тудыратын формалар, сөз түрлендіретін (форма тудыратын) формалар және сөз жалғастыратын формалар деп үлкен үш топқа бөлген [7, 82] .
Қазақ тілінде бір түбірге қажетіне қарай бірінен соң бірі тізіліп бірнеше жұнақ жалғана береді. Мысалы. Тігіншілік, құлақтандырушы дегендердегі бірінші сөзде -ін, -ші, -лік жұрнақтары, екінші сөзде -тан, -дыр, -у, -шы жұрнақтары бар. Қолданылу ерекшелігіне қарай осындай тізбектелген жұрнақтардың үстіне сөз жалғастыратын қосымшалар (жалғаулар) да үстеле береді (мысалы, жаз-у-шы-лар-ымыз-ға) .
Жұрнақтар дыбыстық құрамы жағынан біркелкі емес. Олар екі немесе одан да көп болып кездесуі мүмкін.
Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң да, құранды да болады. Мысалы: сана, сонау, үйші, сүзбе, басқыш, бастық дегендердегі -а, -у, -ші, -бе, -қыш, -тық жұрнақтарын жалаң жұрнақтар деп есептейміз де, елеулі, аумалы, көтеріңкі, бақырай, ескілікті дегендердегі -улы, -малы, -іңкі, -ырай, -лікті жұрнақтарын құранды жұрнақтар деп санаймыз.
Сөз жалғастыратын қосымшалар, әдетте, жалғаулар деп аталады. Олар сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстырады да, олардың арасындағы жалпы қарым-қатынасты білдіреді. Бұл қарым-қатынастың нәтижесінде туатын мағыналар жалғанатын сөзге қосымша лексикалық мағына үстейтін жұрнақтардың мағыналарындай емес, сөздердің ара-қатынастарынан туатын қызметтерімен байланысты тым жалпы грамматикалық мағыналар. Бірақ жұрнақтардағыдай, жалғаулардың да мағыналары мен формаларында дербестік болмайды. Сол себептен олар, өздеріне тән мағыналық, формалық дербестіктері болмайтындықтан, түбір сөзсіз жеке-дара қолданылмайды. Жалғаулар да, жұрнақтар сияқты, дыбыстық жағынан байыпсыз болғандықтан, өздері жалғанатын сөздерге орайланып, үндесіп келеді де, варианттанып отырады. Бірақ, қанша варианттанғанымен, олардың жалпы грамматикалық мағыналары мен қызметтерінде айырмашылық болмайды.
Қазақ тіліндегі жалғаулардың жүйесі төртке бөлінеді. Олар: көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау және жіктік жалғау [8, 10-13] .
Ал, түркологияда қосымша ұғымы «аффикс » терминімен беріледі де, ол көбінесе өз ішінен жіктелмей, өте кең мағынада қолданылады, сөйтіп, «аффикс » деген термин, бір жағынан, қазақ тілінің грамматикаларында қолданылып жүрген қосымша мәнінде, екінші жағынан әрі жалғау, әрі жұрнақ мәнінде бірдей жұмсалады. Бұнымен бірге «аффикс» термині мағынасы мен қызметтік ерекшеліктері жағынан кейде сөз түрлендіруші, сөз тудырушы, форма тудырушы болып та бөлініп отырады.
Қайткен күнде де қазақ тіл білімінде қосымшаларды белгілі түрлерге жіктеуге негіз болатын қасиеттері: қосымшалардың мәні, мағыналық сыр-сипаты, қолданыстық қызметі, жіктелу жүйесі толық айқындалды деуге болмайды. Қосымшалардың қазақ тілі грамматикаларында көрсетіліп жүрген айырым белгілері, мағыналары, қызметтік түрлері оны сөз құрамының бір морфологиялық бөлігі ретінде, әсіресе семантикалық мәні, грамматикалық тұлғалық, қызметтік дербестігі жоқ, түбірден өзгеше морфема ретінде қажетті сипаты болып саналғанымен, ол қосымшалардың өз ішіндегі құрылымдық - мағыналық қасиетін, қызметтік - мәндік ерекшеліктері, соларға байланысты тілдің грамматикалық құрылысын, оның сырын айқындап, жіктелу түрлерін таныта алмайды. Өйткені, «аффикс» деген термин де, қосымша да мағыналық - құрылымдық жағынан да, қызметтік - қатыстық жағынан да әр түрлі сипатты келеді.
«Аффикс » терминін қосымша деп қазақшалап, оны түркологиялық үлгідей қосымша түрлерінің нақтылы атауларымен қосақтап «жіктеу қосымша», «көптік қосымша», «септік қосымша», «шырай қосымша», « шақ қосымшасы», «шырай қосымшасы», «зат есім тудыратын қосымша», «етістік тудыратын қосымша» деп қолдану мүмкін болғанымен, қазақ тілінің грамматикаларында алынып жүргеніндей қосымшаның өзін мағыналық, қызметтік ерекшеліктеріне қарай түрлерге бөліп, сол бөлінген түрлерінің атауын ғана нақтылы анықтауыштармен қосақтап «септік жалғау», «шырай жұрнақтары», «сөз тудырушы жұрнақтар» т. б. сияқты қолданудың негізі бар екенін байқаймыз. Бұдан қосымша морфемалардың жалпы ерекшеліктерімен бірге оның түрлерінің өзара айырмашылықтарын, әр түрінің мағыналық қызметін, қасиетін, түрінің принциптері мен критерийлерін және оның грамматикалық құрылыс жүйесінен алатын орнын айқындай аламыз.
«Қазіргі қазақ тілі » оқулығында өздеріне тән мағыналары мен қызметтеріне қарай сөзден сөз тудыратын қосымшалар жұрнақтар деп, сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар жалғаулар деп аталады. Әдетте, жұрнақтар сөзден сөз тудыратын болғандықтан, лексикалық категорияға, жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздерді бір - бірімен байланыстыратын болғандықтан грамматикалық категорияға жатқызылады. Бірақ қазақ тіліндегі жұрнақтар арқылы сөз тудыру категориясы грамматикамен де тікелей байланысты. Ол байланыс жұрнақтардың мынадай екі түрлі ерекшеліктерінен айқын көрінеді.
Біріншіден, жалпы грамматикалық категорияға тән аса абстрактілік қасиет жұрнақтардан да табылады, екіншіден, грамматикалық категорияларға тән тиісті ереже берерліктей жүйелі заңдар жұрнақтарда да бар. Сөйте тұрса да, қосымшалар бір ыңғайда жұрнақ пен жалғау болып жіктеліп, мағынасы мен қызметіне қарай жұрнақтарды сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар деп екі салаға бөлуге болады. Сонымен қатар, кейбір жұрнақтар әрі сөз тудыратын, әрі форма тудыратын синтетикалық морфема есебінде де қызмет етеді [7, 84] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz