ПОЭЗИЯДАҒЫ СӨЗ БЕЙНЕЛІЛІГІ



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 59 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Диплом жұмысының өзекті мәселелері:тіл кестесі мен өлең өрнегінен поэзияның, сөз өнерінің ұлттық сипат-ерекшеліктері әсіресе айқын көрінеді. Қазақ халқының әдебиеті ХХ ғасырдың бас кезіне дейін негізінен поэзия, өлең сөз шеңберінде өркендеп келгенін еске алсақ, поэзияның ұлттық түрі мен тіл ерекшеліктерін зерттеудің қазақ әдебиетініңғасырлар бойы қалыптасқан өзгешеліктерін танып-білуде қазіргі заман әдебиетіндегі ұлттық дәстүр мәселесін анықтауда қаншалықты зор мән бар екенін түсіну қиын емес.
Қазақ өлеңінің сөз кестесін, өлең сөздің суреттілігін, бейнелілік сипат-қасиеттерін ауыспалы, астарлы мағына туғызатын бейнелі сөздерге көбірек назар аудардым. Өлең тілін осы жағынан алып қарастыру поэзиямыздың, әдебиетіміздің сөзді түрлендіріп, мағынасын өзгертіп, кеңейтіп пайдалану жағынан шексіз мол мүмкіншілік ашып көрсету мақсатынан туады. Сонымен бірге сөздің тұра мағынасын ұғу оңайырақ та, ал оның поэзиядағы, көркем әдебиеттегі өзгеріп, толысқан жаңаланған мағынасын, тереңдеген мазмұнын, сан алуан бейнелілік, суреттілік ерекшеліктерін толық түсініп білу әлдеқайда қиынырақ. Бейнелі сөздерден қазақ тілінің ұлттық бітім-тұлғасы, өзгешеліктері де молырақ сезіледі. Қазақтың өлең тілін, әдеби тілін әрі қарай дамыту, байыту мәселелерін дұрыс талдап шешу үшін осы өзгешеліктерді жан-жақты зерттеудің мәні зор.
Ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңызы:қазақ поэзиясының тақырыптық, жанрлық-көркемдік құндылықтарын Аққұштап Бақтыгерееваның лирикасына негіздей отырып зерттелді. Бұл жұмыстың жаңашылдығы Аққұштап Бақтыгерееваның өлеңдеріндегі терең мағынаны тану, ақын лирикасының тақырыптық түрлерін зерделеу, поэзиясның жанрлық-көркемдік құндылықтарын ашылуында.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері: жұмыстың басты мақсаты қазақ поэзиясының тақырыптық, жанырлық-көркемдік құндылықтарын Аққұштап Бақтыгерееваның лирикасына негіздей отырып ашу; қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық, шеберлік, ұлағат, өнеге мектебінің қыр-сыры; Аққұштап Бақтыгереева поэзиясының идеялық-жанрлық және көркемдік-бейнелілік ерекшелігін, эстетикалық қуатын айқындап,қазақ әдебиетінде алар орнын қарастыру.
Осынау мақсаттардан шығу үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:
Аққұштап Бақтыгереева поэзиясына дәстүр, өнеге болған рухани дуниеге саралау жүргізу;
Аққұштап лирикасының идеялық-тақырыптық, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін жанр контексінде қарастыру;
Аққұштап Бақтыгереева өлеңдерінің жанрлық табиғатын, ішкі жанрлық түрлерін анықтау;
Ақын лирикасының поэтикалық және тілдік бейнелік қуатын саралау;
Аққұштап шығармаларындағы пәлсапалық сарынның философиялық лириканың қалыптасуын қарастыру;
Зерттеу объектісінің теориялық және әдіснамалық негізі: зерттеу жұмысындағы қазақ әдебиеті тарихын оқытуда сондай-ақ орта мектептердің жоғарғы сыныптарында, гимназия, лицейлерде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын арнайы мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын, көмекші құралдар жазу барысында пайдалануға болады.

1 ПОЭЗИЯДАҒЫ СӨЗ БЕЙНЕЛІЛІГІ

1.1 Поэзия - жүректің сөзі

Поэзия, менімен егіз бе едің!
М. Мақатаев
Поэзия- ұлы әлем, тылсым күш. Мұңайғанның жүзіне күлкі сыйлатқан, бейқам көңілді тұңғиық ойға шомдырған, ғашық көңілдердің асық жүректерін бір арнаға тоғыстырған не құдірет?... Әрине, ол-поэзия.
Поэзия - жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар деген ұлғатты сөздің өлеңге де толық қатысы бар. Жүректегі сезімді оятқан өлең тегін өнер болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезім де өлең арқылы оянып рухани күш алады[1], - дейді сыншы С.Әшімбаев.
Қазақ халқының поэзиясы барлық рухани-мәдени қазынаның ішіндегі тарихы тереңнен келе жатқан, бағалысы болып табылады. Прозалық жанрдан бұрын халықтың дәстүр-салтына, өмір-тіршілік жағдайына орай көп ғасырлар бойы поэзия жетекші өнер саласы болып келді.
Поэзия-өнердің асыл тегі. Өзге өнердің бәрінің өзін біреуде қолданатын құралының мүмкіндігіне қарай творчестволық әрекеті азды-көпті болса да қысымнан, тар өрісті боп келеді. Поэзия адамның еркін тілімен берілгендіктен, онда үн де, сурет те және пайымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп, ол әлдебір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің барлығын бірінен-бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын секілді.
Поэзия тұтас өнер соның ұйытқысы болып табылады және оның барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтады [2], - дейді В.Г. Белинский. Шындығында да, өлең сөз қазақ халқының өмір, тіршілік, табиғат, адамдардың қарым-қатынасы, елдік салт-дәстүр, батырлық өнеге мен тәлім-тәрбие туралы жинақталған көркем таным дүниесінің көрінісі десек қателеспейміз. Одан халықтың сыншылдық-эстетикалық, философиялық-этикалық дүниетанымы көрінеді.
Өте ерте қалыптасқан жанр ретінде поэзияның прозадан айырмашылығы бірінші кезекте түр тұрғысынан ерекшеленеді. Сондықтан біздің қазіргі түсінігімізде поэзия, проза ұғымдары бұл туындылардың жазылу сипатын бірден айқындайтын көрсеткіш болып танылады. Әрине, поэзия мен прозаның айырмашылығын мұнымен шектеуге болмайды. Асылында, поэзия ең көркем прозаның сапалық ерекшелін анықтайтын басты белгілердің бірі екені талас туғызбайды. Тұтас алып қарағанда, поэзиялық шығармаға сезім-әсер байлығы айрықша тән болып, сол бағытта жазылса, ал прозалық шығармаларда оқиғаны баяндау, бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік ерекшеліктері сыртқы ұсақ белгілер емес. Оның жанрлық-көркемдік тұрғыдан даралануында поэтикалық бейнелеу құралдарын қолдану өзгешіліктері, сөздің, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын кеңінен пайдалану тәрізді елеулі ерекшеліктер алдыңғы кезекте көрінеді. Сол себепті өлең-жырларда, дастан-поэмаларда өмір құбылыстарын терең эмоциялық-сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем етіп бейнелеу басты принципке айналады. Алайда, поэзияда адамның ой-сезімі сырттай көркемделіп, сұлулап айтылады деу ағаттық болар еді. Көркемділік, бейнелілік әдебиеттегі, өнердің басқа салаларындағы ойлау жүйесіне, сезім дүниесіне тән қасиет. Поэзия ұғымы тарихи жағынан алғанда өте ерте қалыптасқан. Өйткені, қай халықтың әдебиетінде де поэзия ерте заманнан өркендеген.
Өткен ғасырдың 60-80 - жылдарындағы қазақ поэзиясы мазмұн, түр, дәстүр, жаңашылдық жағынан толысып, кемеліне келген поэзия болды. Сол жылдары қазақ әдебиетіндегі сыншылары сын мақалаларынан жекелеген ақын-жазушылардың көркемдік ізденістерін саралауға, сол арқылы әдеби процестің беталысын пайымдауға негіздеді. Абай, М.Мақатаев, Ө.Нұрғалиев, О.Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Т.Бердияров, М.Шаханов, Ж.Әбдірашев сынды қазақ өлеңін жаңа сапалық биікке көтерген, өзіндік таным-өлең өрнегімен дараланған қазақ поэзиясының бірегей тұлғалары туралы жазылған мақалалары парасат-пайымының кеңдігімен, талдау тереңдігімен дараланады.
Поэзия деген сөзде, бұған берілетін ұғымда қандай тамаша көрік, әсемдік, қанша сүйкімділік бар десеңізші! Таза әсемдіктің, көріктіліктің өзін поэзиямен теңеу де тегін емес. Тамаша сұлу табиғат көркін - рауандап келе жатқан әсем таңды, күн батардағы шұғылалы шапақты, айнадай жарқыраған шалқар көл мен мөлдір өзенді немесе теңіздің ақ бас айдынын, асқан сұлу, көрікті, сүйкімді әйелді, немесе гүл-шешек атқан бау-бақшаны көргенде біз көбінесе неткен поэзия еді мынау! деп сүйсіне, қайран қала айқайлап жіберетінімізді өзіміз де аңғармай қаламыз ғой. Азат еңбектің құлдық еңбектен артықшылығын бадырайта көрсетіп, баса айту үшін біз әдетте еңбек поэзиясы деген сөз тіркесін қолданамыз. Ол тұрсын, кейде тіпті бүкіл бір халық туралы ақын халық екен деп теңеу айтамыз, сөйтіп бұл халықтың ақындық келбетін айтып қана қоймай, оның рухани әсемдігін, табиғатқа, өнерге деген сүйіспеншілігін атап көрсетеміз [3], - дейді ғалым
М. Қаратаев.
Поэзияның анықтамасын әр ақын, әдебиеттанушы ғалым өзінше түйсініп, тарата айтып, жалғастыра беруі мүмкін. Шындығында, поэзия - кең ұғым. Оны тар өлшеммен танып, қасаң қағидаға салып, шектеуге көнбейді. Екі пікірде де ортақ үндестік бар. Бірі ой мен сезімнің образға айналған көркемдік жарасымы десе, екіншісі әсемділік, көріктілікке балайды.
Қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев,
Ө. Нұрғалиев поэзиясынан Абай шығармашылығымен рухани байланысты байқау қиын емес. Қазақ өлеңінің даму биігін, тіл шеберлігінің классикалық үлгісін ұлы ақын туындыларымен сабақтастығын өлең жолдарынан байқалады. Жоғарыда аталған ақындардың поэзиялары адам өміріндегі, оның рухани дүниесін қалыптастырудағы орнын тамаша тіркестер арқылы береді.
Поэзия - қасиетті ұғым. Ол - адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан әсем әлемі.Жеке адамның ешкімге айтпас құпия қастерлі ішкі сыры. Поэзия тек қана ішкі дүние ғана емес, адам жанының алаулаған алтын жалыны. Поэзия - тарихтан да,тіпті философиядан да жоғары екенін бағзы заманнан-ақ ұлы Аристотель айтып бергені мәлім.Поэзия - әлемнің жыршысы, ақылдың айнасы, халық мұңы, өнердің шыңы.
Ғабит Мүсірепов айтқандай: Біреудің бағы - тілінде, Біреудің бағы -уысында-демекші осы аталған бақтар бұйырған поэзия ауылындағы карагөз нәзік жандылар туралы сөз қозғамақшымыз.Тарихқа жүгінсек ғасырлар бойы әйелдер мен қыздардың негізінен поэзияның объектісі болып келгеніне куә боламыз. Қазақ әдебиетінде әйелдердің түрлі себептермен XX ғасырдың ортасына таман ақындар ауылына кәсіби тұрғыда бет бұрып, өз сөздерін айта бастағаны анық. Жалпы зерттеу мәліметтерге сүйенсек,өткен ғасырдың басынан ешкімді айта алмай отырмыз. Ал соғыстан бұрын- Мария Хәкімжанова, соғыс жылдары- Зияш Қалауова, 60-жылдар да Тұрсынхан Әбдірахманова, поэзия шолпаны Фариза Оңғарсынова, поэзия аққуы Марфуға Айтқожина, Аққұштап Бақтыгереева және де Қанипа Бұғыбаева, 70-жылдары поэзия ханшайымы аталған Күлаш Ахметова мен Ханбибі Есенқараева, 80-жылдары- Шәмшия Жұбатова, Гүлнар Салықбаева, Баян Бекетова ,90- жылдары- Роза Қараева мен Жанат Әскербекқызы, Жанна Елеусіз, XXI ғасыр тудырған жас ақындар- Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Анар Шамшадиева, Айгүл Сейілова. Құралай Омар. Индира Керева... секілді тізімдермен бүгінгі күні толығуда.
Поэзия - болмыстың берекесі мен мерекесі, күтпеген сәтімізде сирек соғар өмірдің рақаты, поэзия - үміт сезімі, жүрек өрімі, ашынған құмарлық сезімнің бораны мен толқыны, шексіз махаббат, тәтті қамығу, ләззат таба егілу, көз жасына көмілу, шегі жоққа тарыса да ынтық ата ұмтылуы, өмір бақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық, барлығын да құшағыма алсам деу, барлығына біріксем, біте қайнассам деу, ол жүрегімізді бүкіл әлем ырғағымен бірге соқтырар пафос. Бүкіл әлем, гүлдер, бояулар, дыбыстар бар жаратылыс, барлық өмір - поэзия дүниесі. Осы құбылыстарға құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні[2, 25 б.],- деп бағалаған екен ұлы сыншы В. Г. Белинский.
Поэзия - өлең үлгісіндегі әдеби туындылар. Поэзия сөздің ырғақтық құрылысына, ұйқасына негізделеді. Поэзия ұғымы өлеңмен жазылған шығармаларды көркем прозадан ажырату үшін қолданылады. Поэзия мен прозаныңайырмасы тек сыртқы белгісіне қарап анықталмайды. Поэзиялық шығармаға сезім күйі, әсерлілік тән, ал прозалық туындыларда баяндау, бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік сипаты мен бейнелеу құралдарын, тілдің ырғақтық, интонация байлығын қолдануында елеулі өзгешеліктер бар. Поэзиялық шығармаларға тән айрықша қасиет - өмір құбылыстарын терең эмоциялық сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой-сезімі әдейі сырттай көркемделмейді, әдебиет пен өнердің басқа салаларындағы көркемдік, бейнелілік ойлау жүйесіне, сезім дүниесіне тән. Ой-сезімнің бейнелілігі шығарманың көркем пішініндегі әр алуан өзгешеліктердің тууына негіз болады. Поэзия ұғымы тарихи тұрғыдан ерте қалыптасқан. Қай халықтың әдебиетін алсақ та, поэзиясы ерте заманнан дамып өркендеген. Сөз өнеріндегі ертегі-аңыздар қара сөз түрінде келгенімен, поэзиямен жалғас туындады, ал көркем проза кейін қалыптасты. Сөз өнерін поэзия мен прозаға бөліп қарауданыың мәні зор. Орыс әдебиеттанушысы В.Г. Белинский: Поэзия - тұтас өнер, онда үн де, сурет те, айқын айтылған пайымды түсінік те бар. Ол бар өнердің ерекшелігін бойына жиып, бүкілінің ұйытқысы болады[2], дей келе поэзияны тегі мен түріне қарай лирикалық, эпикалық, драмалық жанрларға жіктеді. А.Байтұрсынов "Әдебиет танытқышында" атап көрсеткен дарынды сөз үлгісіндегі толғау түрі поэзия ұғымына сәйкес келеді. Зерттеуші еңбегінде толғаудың мазмұнына қойылатын ішкі және сыртқы шарттарды белгілейді:
а) шын көңілден шыққан сырлы;
ә) былғаныш пікірден таза.
б) терең күйден хабар беретін, терең із қалдыратын болуы керек.
Сыртқы шарттары:
а) көңіл күйінің бейне бір билеуі тәрізді, күй мен би үйлесімдігі;
ә) қысқа;
б) әуезді болуы тиіс.
Байтұрсынов "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласында классик поэзия үлгісін Абай шығармаларынан көретіндігін айтады. Қазақ әдебиеті ХІХ ғасырға дейін негізінен поэзия үлгісінде дамып өркендеді. Халық поэзиясы түрлі жанрларды қамтыды: өлең, эпостық жырлар, дастандар, т.б. Поэзия тарихи-әдеби процестің дамуына орай өркендеп, жаңа сипат-қасиеттермен толығып отырды. Қазақ поэзиясында Абайдан кейінгі дәуірдеШ.Құдайбердіұлы,С.Торайғыров , Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев,С.Сейфуллин,І.Жансүгіров , т.б. қаламгерлер сөз өнерін жаңа мазмұн мен образдық жүйе, көркемдік бояу-нақыштармен байыта түсті. Қазақ поэзиясында лириканың көптеген жаңа үлгілері қалыптасты, публицистикалық поэма секілді жанрлық түрлер кеңінен орын алды

1.2 Аққұштап Бақтыгереева лирикасының тақырыптық түрлері
Ақ ерке Ақжайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатып, жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Ақын толғанған, күй ақтарып, сыр шерткен тақырыбы сан түрлі. Сыршыл ақын жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып, толқытқан ойларын оқырманға жолдайды. Тұңғиығына үңілгендердің рухани дүниесімен астасып, сезім қылын шертеді. Ақұштап ақын дүниенің барлық құбылысын өлең етіп ұйқастыра бермейді. Ол тек өзінің кішкене жүрегін дір еткізген нәрсені сезеді, көреді. Сол сезімі өлең болып өріледі. Ақын өлеңдері жанры жағынан лирикаға құрылған. Лирика көбіне өлеңмен жазылады, сюжетке көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезім маңына, бас-аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады. Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып шығады да, ерекше өмір сүргізеді. Лириканың бас қаһарманы - ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі, бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Бар адамды бір адамның (ақынның) қуанышымен қуантып, қайғысымен қайғыртар, шаттығына бөлеп, үмітімен тыныстатар, құлағымен есіттіріп, тілімен сөйлер... (Белинский) лирика дегеніңіз осы ғой!
Ақ Жайықтың ақ шағаласы - Аққұштап Бақтыгереева есімі бүкіл алаш жұртына танымал. Ақын өмірге келген кез - соғыс аяқталып, ел ес жия бастаған уақыт. Ақын жас кезінен табиғатқа құштар болды. Ақ Жайықтың жағасында өзі құралпы балалармен асыр салып ойнады. Қыр қызғалдағын терді, жусанын иіскеді. Желменен жарысып жүгірді. Көлдерді таласа кешті.
Ақын қыз кішкентайынан әже тәрбиесін көрді. Әжесі өте ақылды, текті адам еді. Әкесі көп сөйлемейтін кісі екен. Соғысқа барып, мүгедек болып оралады. Анасы болса, қарапайым үй тірлігімен айналысып, күйеуін, енесін сыйлаумен жүріпті.
Ақындық - Алланың берген айрықша сыйы десек те, қасиетті өлеңге әркім әртүрлі жолмен келеді. Біреудің ең алғашқы өлеңі туған жерінің әсем табиғатына арналса, біреуді өмірден көрген қиыншылығы ақын қылады дегендей. Ал Аққұштапты ақын қылған әкесі. Дәл солай! 1941 жылы сұрапыл соғысқа 1943 жылы қан майданынан аман-есен оралған әкесі 1945 жылы Аққұштап дүниеге келгенде, қалайша қуанбады дейсіз. Әкесінің аңсап көрген аппақ қызы Әкемнің көзқарасы есімнен кетпейді. Әттең-ай, неге ұл боп тумадың екен деп қарайтын сияқты еді маған. Кішкентайымнан басымнан сипаса да, маңдайымнан иіскесе де Қап, әттеген-ай, сен неге қыз бала болып тудың екен? деп өкінетін сияқты көрінетін. Сондай бір өкінішті мен кішкентайымнан әкемнің көзінен сезінетінмін. Мүмкін, олай өкінбеген болар, бірақ маған солай көрінді. Соғысқа дейін екі ұл бала көрген әкем, неге екенін білмеймін, ұл балаларына дәл маған сияқты көңіл құсы ауып еміренген жоқ. Мені кішкентайымнан атқа да, арбаға да мінгізді, қамшысын да, делбесін де ұстатты. Ұлша киіндірді. Ұлша жүргізіп-тұрғызды. Бойжеткен шағымда да біреу-міреу қыз бала десе, тас-талқан болып ренжитін дейді. Ақұштап ақын. Содан қыз болғанына намыстанған Ақұштапқа Ұл болғанға не істейді, көп бала әкесінің атын өлтірмейді, жарайды, мен қыз болсам да Ақұштап Бақтыгереева деген есімді ақ қағазға өмірі кетпейтіндей қара сиямен жазайын, тасқа мәңгі басып қалдырайын деген ой келеді. Осылайша ең алғашқы өлеңін әкесіне арнады. Намыстан қалам алады. Әкесі қызының тасқа басылған алғашқы өлеңдерін оқып көріп, 55 жасында қайтыс болып кетеді[4].
Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдайды. Ақын қыз Алматы қаласында жүрсе де, ауылын, оның тыныс-тіршілігін үнемі есіне алып отырады. Құрбыларына хат жазып, ауыл хабарын алып отырады. Ауылдың орманы, тауы, көлдері көз алдынан көлбеңдеп кетеді. Даласының нөсер-жауынын, боранын, айқау дауылын, Жайықтың ерке сылдырын сағынатын.
Ақынға Жайық өзенінің ағыны, бұлқынысы әсер береді. Өзен қандай болса, менде сондаймын деп өзіне мінездеме береді. Ақын қыз өзінің туған жеріне келгенде, даласымен көп сырласатын еді. Бұрынғы замандағы қыздардың өмірі көз алдына келетін: малға сатылған қазақ қызы ... тойда сыңсып өлең айтқыз... ғашықтар аңызына айналған қыздары... жауға найза алып, қол бастаған батыр қыздар...
Ақын қыз жастайынан ана тәрбиесін көрді. Анасы күйеуінің атын ешуақытта атамаған. Күйеуін сыйлаған әйелге құдайдың өзі бата береді, бақ келеді дейді екен. Осындай тәрбие көрген Ақұштап та бір азаматтың аяулы жары болды, үш қызды дүниеге әкелді. Өлең жазатын жағдай да, жайлы орында болған жоқ, оны өзі де іздемеді. Іздегенімен бола ма? Нағыз өлең жазатын дер шағында үй толы қонақ, жылаған жас бала, кеппеген жаялық болса... Бір әйелдің бір үйден артылғанын көрдіңіз бе, оның үстіне қосымша өкіметтің жұмысын істесе... Аса бір қиналған шағында өлеңі түскірді біржола тастап та кеткісі келген. Сондай кезде ойына әкесі сап ете қалады. Өзіне берген серті түн ұйқысынан түртіп оятады. Бір қызығы, Ақұштап ақынның өмірі алдына ақ қағазды жайып қойып, өлең жазған кезі болған емес десек, артық айтқандық емес. Өлеңдерінің бәрі бесік тербетіп, бала емізіп отырып, дүкеннен келе жатып, аялдамаға кетіп бара жатып, далада баламен қыдырып жүріп туған. Ақ қағазға емес, көкейіне емес кеудесіне жазады бәрін. Барлық өлеңін жатқа оқитыны да сондықтан. Өлең еркінен тыс жазылады да, түнде қолы тиген соң, ас үйде отырып ақ қағазға түсіреді. Ерінің өзі қай уақытта өлең жазып үлгергеніне таң қалады, өйткені Ақұштап арнайы дайындықпен отырып өлең жазғанын өмірі көрмеген. Әрі ақын, әрі ана болу қашан да оңай емес. Ақын Қадыр Мырза Әлидің Асқа салар тұзыңды жырға салдың деп Ақұштапқа өлең арнағаны бар. Өйткені Қадыр ақынмен көрші тұрған, ол кісі ақын қыздың тұрмыс қиыншылығының бәрін көрген.
Құлыным-ай, анаңа қиын бұл күн,
Ал біреуге сенбейді, сүю бір мұң.
Қазан тасып ас үйде, сендер болсаң,
Жазғанымды қуыршаққа киіндірдің[4].
Бұл-Ақұштап ақынның өлеңі. Қаншама жазған өлеңдерінің есін білмейтін үш қызының қуыршағына көйлек болып кеткенін айтқаны. Әлі мектепке бармаған үш қызы өлең жазған ақ парақты бояп, қуыршаққа көйлек ететін. Балалары ойнап қоймасын деп, өлеңдерін кереуетнің астына тығып қоятын.
Ақын жүрегі әсерленгіш қой, болмашы нәрседен үйіне жаралы болып, шаршап қайтады. Жүрегі қан жылайды. Ондай кезде қолына кітап алады. Әрдайым үстелінде тұратын Абайдан ақыл сұрайды. Жырауларға жүгінеді. Есенғали мен Ұлықбек інілерінің жыр кітабын парақтап шығады.
Ақұштап бала-шағаны, әйел-ананы жазатын интимный лирик ақын деп кезінде сынағандарда болды. Әйелден ақын шықпайды дейтіндер де бар. Ақын боп жаратылған соң, неге шықпасын?! Бекер сөз. Әйел - ақынның жолының көп болмауы - тұрмыстың ауыртпалығын көп көргеннен[4].
Әдетте Қыздың жолы - жіңішке деседі. Ақұштап шынтуайтына келгенде, кешегі Қараша ана, қыз Құртқа, Гүлбаршын, Домалақ ана, ақын Саралардың заңды жалғасы. Ханым басымен ханның ақылына ие боп, Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қара басының емес, қазақтың мүддесі жайында толғанар қайраткерлік жолды қалауы тіптен қиямет. Мұндай ауыр да абыройлы жолға түсуге нәзік жанды әйел түгілі, нар тұлға азаматтардың да жігер-күші әр кез жете бермеген. Осынау асу-асқары көп ұлы сапарға қаймақпай шығып, бойындағы Алла дарытқан Адам деген, Ана деген, Ақын деген ардақты атқа кіршік түсірмей, сенім артқандардың сүйспеншілігіне бөленіп келе жатуымен де қадірлі.
Заман қанша құбылғанымен, адам адам қалпында, соның ішінде ақын ақын деген атқа лайық болып қалуы-басты шарт. Мәңгілік сонысымен де мәңгілік деген атауға ие. Егерде пенделер биік тұтқан желінің ауанымен құбыла берсе, оған деген махаббаттың да тұрақсыз болуы- заңдылық. Ал тұрақсыз махаббаттың еш уақытта ғұмыры ұзақ болмаған [4].
Ақын қыздары өсіп, әрқайсысы бір отау үй болғанда өз міндетінен құтылғандай болады. Бірақ ел тұрмысы, ауыл жайы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, рухани азып-тозған кейбір адамдардың оғаш қылықтары, ақынның замана жайындағы өлеңдерінің тууына себеп болады. Ол ауыл мәселесін көп көтереді. Қазақ тілінің жағдайына алаңдады. Ұлттық тәрбиенің жоғалмауын тіледі. Қазақтың қыздарына намысты биік қоюға, ертерек тұрмысқа шығып, ана болуға үндеді. Баяғы ата-әжелеріндей текті болуға, нәзік болуға шақырды.
Ақынды өзінің жерлесі, рухани ағасы Жұбан Молдағалиевтің асқақ жырларының еркіндігін аңсаған арманшыл ақынға қарап бой түзеді, өлеңдерінен өнеге алды. Жұбан ақын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын көрген еді. Ақын кез-келгеннің қолынан келмейтін ерлік жасады. Колбиннің көзінше қазақ жастарының аяусыз сабаланғанын өлгенше қамалғанын айтады бір жиналыста. Ал ақын Ақұштап осы оқиғаны жырға айналдырып, Ерлікті көзбен көрген күн деген өлеңін жазады. Өз ағасын бөріге теңейді. Ұйқыда жатқан қазақ рухын бір көтерді деп әспеттейді.
Ақын апамыз тек Жұбан ағасынан ғана өнеге алған жоқ. Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырзалиевтен, жазушы Әбіш Кекілбаевтан, өжет-өткір жазушы Шерхан Мұртаза сынды дара да дана тұлғалардан тәлім алды. Солармен аралас-құралас болды. Бір ғана өлеңімен бүкіл қазақ тарихының суретін салған шебер деп Қадыр ақынға баға берсе, Нар мінезді, жайлы мінезді, ешкімнің жүзін сындырмайтын жұмсақ мінезді адам деп баға берген. Шерхан Мұртаза ағасынан шындықты шырқырата айтуды үйренеді[4].
Ақұштаптың өмірінен ең ойып тұрып орын алатын бір дерек бар. Ол - атақты Фариза ақынмен достастығы. Екеуі дос, рухани сырлас болды. Ақынның мына бір үзіндісін алайық: Фариза тек қана ақындық жолға түсті. Мен екінші жағын қатар алып жүруге тырыстым, әйел жүгін арқаладым. Бала бағып, бесік тербеттім. Ара-тұра кездесе қалғанда ол мені аяйтын, мен оны аяйтынмын. Бірақ оны ашып айтпайтынбыз, бір-біріміздің жанарымыздан үнсіз ұғатынбыз. Өзін мақтап көтермелей сөйлейтіндерге қаратып менің ішімдегіні, не айтқым келетінін олар дәл сендей түсінбейді ғой деп кейде мұңын шағатыны бар еді. Менің де өзімше жаным қиналатынын ол сезбеді емес, сезді. Ішкі арпалысымды, жанымның қиналғанын сезгенде соны ашып айтпай, жәй ғана Қалайсың деген ауырлау бір сауалды күрсіне қоятын. Қиналғанымызды айтпайтынбыз. Жанарларымызбен ғана ұғысатынбыз. Міне, біз осындай өмір кештік[4].
Ақын Фариза Оңғарсыновадан көп өнеге алды. Мінезі ауыр Фаризадай ақынмен дос болу үшін, Фаризадай биіктік, Фаризадай білім, Фаризадай даралық керек шығар. 2015 жылы Қазақ әдебиеті газетінің қараша айындағы бір нөмірінде Ақұштап Бақтыгерееваның Менің Фаризам деген мақаласы шықты. Мақалада Фаризаның мінезінен сыр шертетін естеліктер жазылған. Ақын мінезі өте ауыр болған, ұнамаған нәрсеге өтірік күліп, жасандылық танытпайтынын, ал ақын Ақұштап Фаризаға сырлас болғаны айтылады. Екі ақын қыз бір-біріне қолдау көрсеткен екен[5].
Жүрегі таза, көңілі шуақты әрбір адам бақытқа лайық, -дейді ақын Ақұштап Бақтыгереева. Бүгінде Ғабдырахым екеуі тату-тәтті өмір сүруде. Қыздарын ұзатты, немерелер сүйді.
Ақын ғұмыры бойы еңбектеніп келеді. Еңбектенгенінің арқасы болар, 70 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері атанды. Қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы медалімен, Құрмет орденімен марапатталды.
Ақын өлеңдері орыс тіліндегі Песня. Мечта. Любовь, Чудесный сад (1980) топтамаларына енеді. Советская женщина, Огонек журналдарының жүлдесін алған. Т.Кузовлева, С.Капутикян, Н.Босиков, Л.Попов т.б. ақындардың өлең жырларын қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.
Ұрпағына өнегелі өмірімен үлгі көрсете білген ақын қыздың өлеңдері ғибратқа толы: туған жерге деген махаббатыңды, анаға деген сыйластықты үйретеді, әке деген құрметті көрсетеді, әжеге деген сағынышты оятады, Отанға деген сүйіспеншілікті қозғайды, өмірімен күресе білуді үйретеді, ақ адал болуға үндейді, ар-ұятты жоғары қоюға бағыттайды, рухыңды көтереді, отбасын сақтап, үй болуға, бақытты жан ұя болуға жол сілтейді, мейірімді боллуға үйретеді.
Біз осындай аяулы қызы бар, Ақұштаптай ардақты ақыны бар халық болғанымызға қуануымыз, мақтануымыз керек.
Лирика - әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезімін астастыра суреттейтін терең психологиялық шығарма. Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып шығады да, ерекше өмір сүргізеді. Лириканың бас қаһарманы - ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен.
Аруна - дүниенің бар мейірімін жан-тәнімен сезініп, адам баласының қайшылыққа толы мінезін барынша зерттеп, көкірегіне түбегейлі еш бүкпесіз алдыңа жайып салатын ақын, ең алдымен лирик.
Ақұштап өлеңдерін оқи отырып, сол бір сезім шырғалаңын өз басыңнан кешіргендей әсерде қаласың. Туған жер, атамекен, яки табиғат лирикасы ақын қыздың арналы тақырыптарының бірі. Оралдың тамаша табиғатын, Ақ Жайықтай өзінің сұлулығын өлеңдерінен анықтаймыз. Ақын көңілі қайда жүрсе де туған жерге деген іңкәрлығынан, сағынышынан арыла алмайды. Мысалы Ыстық-ау туған жер деген өлеңінде:
Күшті ғой туған жер деген,
Сағынтып маза бермеген.
Анаңдай алғаш айналған,
Әкеңдей тұңғыш тербеген.
Ыстық-ау туған жер деген[1],- дей келіп табиғатты анасына, әкесіне теңейді. Табиғатты адаммен, адамды табиғатпен туыстырып, әдемі теңеулер туғызады.
Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Ақын өлеңін оқи отырып, туған жерін, туған еліне деген мөлдір махаббаты мен ыстық ықыласын сеземіз. Әсем Алматыда жүрсе де, ауылын сағынып Ауылға хат деген өлеңін жазады. Онда:
Жазшы маған жан құрбым, ауыл қандай?
Арайлы ма, ақын жан сағынғандай?
Жаңалықтың қалдырмай бәрін жеткіз
Жауабыңды күтемін сабыр қылмай

Кеуделерін кернеген жаңа шабыт
Жатыр ма әлде жас қауым қала салып?
Мына қырдың иісі өткір жусандары
Кеткен жоқ па жылдан-жылға аласырып?[4]- деген жолдар бар. Бұл жолдардан ақынның ауылын сағынған жайының ішкі қалауы анық білініп тұр. Кіндік қаны тамған өлкенің белгілерін халқының жүзінен іздейді.
Ақұштап ақын қыз өз даласын, отанын шексіз сүйді. Қып-қызыл, әрі сұп-сұр жосыған құмды жер жаннатына балайды. Өзгеден оқшау көрінетін қия белдерін, көлдей көрінетін сұлу талы мен терегін, бесігіндей болған кең даласын, Ақ ерке Жайығын өлеңдеріне қосады. Ол өлең шығара отырып, алыста қалған ауылына деген сағынышын басады. Көңілі жабыққанда сырласары, мұңдасары да - өлең.Сағындым, Жайық... өлеңінде:
Тыңдамай үннің ағынның,
Құмары қанбас жанымның.
Жайығым менің - жарығым,
Сағындым сені сағындым.

Сандуғаш шырқап жаңа әнді,
Бөлейтін сазға далаңды.
Бесігім болған ақ айдын,
Сағындым сенің жағаңды[4] - деп, Жайығын жарығым дейді. Қазақы ұғымда жарық сөзі шаттықтың, тіршіліктің, қуаныштың белгісі ғой. Ақын осы сөзді тегін алып жатқан жоқ. Жарыққа теңеу арқылы Жайығын көркемдік биікке көтерді. Ол сондай-ақ Бесігім болған ақ айдын деуі де ақындық шеберліктің үлгісі. Қазақ үшін бесік - киелі зат. Бесік баланың ыстық жатын орны. Бесікте тербетіліп, бұғанасын қатайтады. Осы бір киелі затқа Ақ Жайықты теңеу арқылы өзін бесікке қарыздардай сезінді. Өйткені өзін тербеткен, бұғанасын қатайтқан осы - бесік дейді.
Иә, туған жер кез-келген жұмыр басты пенденің жүрегіне жылы естілер, бойына махаббат пен сезімнің ұлы құдіретін, киесін жинаған осы бір мәңгілік ұғымға ат басын бұрмаған, төгіліп, егілмеген бір де бір ақын жоқ шығар. Ал Ақұштап туған жерді жырлау арқылы сол өзінің атамекенінде дүниеге келген Дина Нұрпейісова, ер Исатай мен Махамбет сынды тұлғаларды да туған жерімен бірге қабыстыра жырлайды. Ақын қыз, әсіресе, Ақ Жайыққа сыр айтуы, мұң шағуы, кеңес алуы - ерекше бір шеберлік.
Сырласшайсы менімен, зиялы арна,
Жетелеген қызымен қиялы ойға
Ұқсасам деп өзіңе армандап ем,
Қайдам, сенше теңізге құя алам ба!?[4]- деп өзеннің асау ағынынан өзіне өнеге алып, өзін өзен сияқты дамыл таппай үздіксіз алға ұмтылып, бір биікке шығуын армандағанын сеземіз, түсінеміз. Ғұмыр бойы туған даласын, ата жұртын өлеңмен тербеп - әлдилеген ақын қыз енді бір ауық сөз өнеріндегі мәңгілік тақырып - махаббатты жырлауға көшті.

Махаббаттың таңданам ғажабына,
Оны тіпті жеңбеген ажалың да.
Тәттілігі сезімнің қанша болса,
Сонша оның қайғысы, азабы да.

Ол бейтаныс жүректі табыстырған,
Жатты сүйіп жақынды алыс қылған.
Сонда да оның талайлар тыныштығын
Бейнеті мен мұңына ауыстырған, [4] - дейді. Ал мына бір үзіндіде:
Маған махаббат керек -
Жел сөзге ермейтұғын
Жалғанға сенбейтұғын
Мазаққа көнбейтұғын
Ажалда жеңбейтұғын.

Маған достық керек -
Тар жолда талмайтұғын,
Сырымды жаймайтұғын,
Жайымды ойлайтұғын,
Мәңгілік серт байлайтұғын, [4] - деп өзінің сыр сандығын ашады. Өзінің жүрегі қандай таза болса, сондай махаббатты аңсайды. Махаббат та нәзік, үлбірек сезім. Махаббаты үшін адам күресе білу керек. Кедергілерден сүрінбеуге ұмтылу керек. Ақын қыз сүйгенінен ірілікті күтеді. Жел сөзге ермейтін, өз ойы, өз шешімі бар, қиыншылықтан қорықпайтын жанды, яғни махаббатын іздейді.
Тіршілік жұмбақ кейде тым,
Өмірдің өзі мұң-арман
Махаббат атты бейнетін
Кім екен ойлап шығарған?

Сағыныш оты жүдетсе,
Қай емші немен жазды екен?
Онсызда сорлы жүректің
Түсетін салмағы аз ба екен?[4]-дейді. Махаббатты бейнет дейді, махаббат жүрекке салмақ түсіреді деп, осы бір асыл сезімді сынап та, мінеп те алады.
Ол үлбіреген сезім мен аңқасы кепкен аңсардың, шексіз масаңсу мен ұдайы уылжудың жыршысы емес. Бірақ бұл Ақұштап өлеңдерінде сезім мен аңсар жоқ деген де кесімге жатпайды.
Бұндай кесім шығарыла қалған күнде де, оны ақын түсе қалған өлеңдер ғана емес, сол өлеңдердің мысалы, Қолымдағы гүлге қарап тұрдым да сені ойладым..., Жолықсам қарай алмай жүзіңе, дір-дір етем, ой, Алла-ай!... деген тәрізді бастау жолдарының өзі-ақ жоққа шығарар еді. Сөйтсе де Ақұштап өлеңдерінен тапсырылмаған гүлдей әлі де бір жауапсыз қалған махаббаттың өкінішін өртене өкси жырлау немесе қолға қонбай кеткен құстың алтын қауырсындарын таусылмайтын арманға айналдыру секілді егілмелі, төгілмелі ынтықтықты таба алар ма екенсіз?! Сол сияқты өмірді өткен де кеткен дәмді шақтарын қоймастан іздеу мен еш қайғысыз ертеңгі күндерге ертіп апарардай ертегілерге алдану да ақын өлеңдерінің табиғатына жат[6].
Дегенмен, махаббат - ұлы күш. Адамды мәжнүнге айналдырады. Ақын қыз Сезімнің білдім ғажабын, сүюдің көрдім азабын, деп махаббаттың азабын бір кісідей тартқанын жасырмайды. Өмірге қайтадан келсе, махаббат жайлы жазатынын ашық айтады.
Ақын қыз өзінің жан сырын, сезімін үнемі табиғатпен бірлікте көретін, табиғатпен бірлікте танитын ақын. Оның Сүйіктің барда деген өлеңін талдау арқылы осыған көз жеткізуге болады:
Сезімді сан күй шайқаған,
Жарысқан көңіл шағында
Жусан да ғажап айтады ән
Сүйіктің болса жаныңда.

Сүйіктің бар да өзгеден
Сен үшін бөлек нұр аспан.
Қарайсың ғашық көзбенен
Әр талға жаңа бүр ашқан. [7]
Осы жолдарды оқығанда үшінші шумақтағы Жусан да ғажап айтады ән деген жолдар арқылы табиғат өсімдіктеріне жан бітірді, оларға ән айтқызады. Яғни, кейіптеу тәсілін қолданады.
Ақын поэзиясында парасат пен сабырдың, иман мен ізгіліктің бейнесіндегі тұлғаланып, күллі шығармашылығынан үзілмей көрінетін ана бейнесі көбірек айтылады[8].
Жалпы ақын шығармашылығындағы күллі гуманизмнің негізгі тетігінде ана бейнесі тұр деуге болады. Туған жерден жырақта жүрген ақын қыздың анасына аңсауы көрініс тапқан мына бір өлеңде:
Бойдағы жігер-күшіңді
Біздерге бердің, жан анам.
Кім бәрін соның түсінді,
Не көрдің өзің баладан?!

Еске алсам сені қиналам,
Не алып сенен, не бердік?!
Қанатпен өзің сыйлаған
Жан-жаққа ұшып жөнелдік, [9] - деп ішкі сырын ақтарды.
Лирикада субъект алдыңғы орынға шығатынын еске алсаң, көңіл күйдің толқымалы сәті, анаға деген сағыныш лирикалық сөзбен өріледі. Сәби-ақын ана алдында мұң шағады, сыр ашады:
Жан апа, жақсы бол деп айта бердің,
Әрине, оң-солыңды байқа дедің
Әділдік- арман деп ем бала күнгі
Қайта құру кезінде қайта көрдім, [9] - дейді.
Немесе:
Сапарға шығып барамын,
Қиналдың, апа, сен неге?
Мөлтілдеп қалды-ау жанарың,
Қыса алмай ұзақ кеудеңе. [9]
Анасының жай-күйін, балаға деген махаббатын, көңіл-күйін баяндайды. Түсіне кіріп, түні бойы өлең жаздырған ананың көңіл күйі жарқын қалыпта емес. Бұл тұста Ақұштап қаламына тән сыршыл лиризм мен терең психологизм көрініс береді. Ақын күллі ғұмырын перзентіне арнаған қам көңіл ананың психологиялық портретін жасайды:
Өзіңді аңсай күтіп бала күннен,
Жолыңа тағат таппай қарадым мен.
Енді сен мені күтіп отырасың,
Үркектеу жаутаңдаған жанарыммен.[9]
Ақын өзінің анасына деген шексіз, өлшеусіз перзенттік махаббатын бейнелейді. Баласы күткен, әбден қартайған, жаутаңдаған анасын суреттейді. Ананы қарттыққа қимай, іштей күйзелген лирикалық кейіпкердің халін қапысыз түсінеміз. Баласының жолын күтіп, алаң болған ананың халі ақынның өлеңдерінен қарапайым баяндау түрінде де жиі көрінеді.
Ақын Анаға хат деген өлеңінде өзінің мына өмірден қиналып жанына демеу болар, қиналғанда қол ұшын берер адам жоғын айтып шағымданады. Ақ көңіл, аңқаулығы үшін талай опық жегенін де жасырмайды. Адамдардың мейірімсіздігінен қорқады. Тіпті өзінің достары да мұны алдағанын жүрегін ешкім ұқпағанын жылап, еңіреген кезде ешкім сүймегенін айтады:
Ақ көңілім үшін де күйем енді,
Аңқаулығым шекеме тие берді.
Ешкім менің басымда әкем өліп,
Еңіреген кезде де сүймеді[9],-дейді
Бірақ анасы өмірдің тегіс жол еместігін, адамға сенім керек екендігін, адамдардың сирек болатынын, жаманның жамандығын елемеу керектігін айтады. Ақын бұл жерде шебер ұтымды тәсіл қолданған. Лирикалық кейіпкер анасына мұң шағады. Анасы баланы өмірге қайта икемдейді, жол көрсетеді, рухани демеу көрсетеді. Былай қарасаңыз, ана мен бала сырласуы сияқты болғанмен, үлкен философиялық ой тастаған. Өлең табиғатты бүгінгі күрделі уақытта тіршілік кешіп отырған адамдардың мінезі бейнеленген. Мейрімділік азабын, адамдардың қатыгезденуі де байқалады. Ана бейнесі арқылы лирикалық кейіпкер өмірде күресе білу керектігін, өмірдің кедергілерінен сүрінбей өтуге жол таба білуді үйретеді.
Қазақ халқы ежелден қыз баланы, әйел затын сыйлап, аялап өсірген. Ел билеген хан, халықты аузына қаратқан батыр болсын-бәрі де ақыл иесі әйелдің сөзіне тоқтаған; әйелімен реті келсе кеңесіп, ілтипат көрсетіп отырған.
Ақын Ақұштап та өлеңдерінде әйел табиғатын, әйел болмысын ашуға тырысқан. Жар мұрасы өлеңінде жеңешесінің болмысы, қасиеті арқылы бүкіл қазақ әйелдеріне тән шыдамдылықты, сүйген жарға деген адамдықты, мейрімділікті сөз етеді.
Үшбұрыш хат бар танысы жеңгемнің,
Тірлігінің тіреушісі тәрізді.
Көнімді еткен қайсар тағдыр ісіне,
Ергізбеген сөзге, өзге кісіге,
Төзім берген тал бойына таусылмас[9],-деп, көнгіш, төзімді әйелді аса бір құрметпен биікке көтерді. Ал мына Сіңліге сыр өлеңінен сіз үлкен ғибрат аласыз. Ертедегі Құртқа сынды арулар, Абайдың әжесі Зередей әжелер, Ұлжандай аналар бойынан табылатын даналықты осы өлеңнен табуға болады:
Айтарым тағы, берік бол сертке, бір сөйле,
Сабырлы таудың мінезі керек күлсең де.
Қыз мінез деген-сұлулық сыры өмірдің,
Жұмбақтай қиып жатқандай болсын бір сенде.

Десек те біздер, жастықтың сырын аз ұқтық,
Өмірдің жолы болмайды тегіс жазықтық.
Ісіңнен кейін есіңе сақта, жарқыным,
Жеңілмес мықты қаруың сенің- нәзіктік[9]
Әйелдің неше жерден ашуы шығып тұрса да, сабырлық сақтап күйеуінің ісіне байыптылықпен ақыл айту керек дейді:
Қадірлер сонда қалтқысыз тойып асыл ер,
Өзгелер сені адамның бірі осы дер.
Арыңа тиіп, жолыңды кескен тентекқор,
Алдыңа келіп өздері кейін бас иер[9],-деп ұлағатты сөз айтады.
Ал Болашақ бойжеткендермен сырласу өлеңінде жас ару қыздарға өсиет айтқандай болады.
Азаматтың ұрпағын тәрбиелеу-
Бар ғасырдан алатын үлестерің [9], -деді
Қазақ қыздарына айтқан ақылы іспетті. Өйткені қыз бала өмірге ұрпақ әкелу керек. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Стиль және шығармашылық ерекшеліктері жайлы
Поэзия мен проза
Тілдік әдеби норма және поэтикалық тіл
Туған дала
Қ.-М. Жүсіп және ұлттық поэзияның зерттелу мәселелері
Жұматай Жақыпбаев лирикасының көркемдік ерекшеліктері
Жүсіп Қыдыров лирикасының көркемдігі
Абай поэзиясының шығыстық негіздері
Жыраулар поэзиясында троптардың қолданылуы
АБАЙҒА БАРАР ЖОЛДА
Пәндер