ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ ЖЫРДАРИЯСЫ


КІРІСПЕ
Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев адамзаттық, азаматтық мәселелерді көркем поэзия тілімен бейнелеп, ұлттық поэзиямызды қайталанбас жыр жауһарымен байытқан, соңына үлкен шығармашылық мұра қалдырған талант иесі. Ол бүкіл саналы өмірін Отаны мен халқының, ұлтының тарихын, тыныс - тіршілігін жырлауға арнады. Жұбан жырлары мен поэмалары заман өзгеріп, күллі саяси жүйе қайта жаңғырып жатқан тұста өз маңызы мен мазмұнын жоғалтпай, еліне, туған халқына рухани азық болып келеді. Зерттеу жұмысында көрнекті қаламгердің поэма жанрындағы ақындық шеберлігі мен эпикалық туындыларындағы көркемдік - стильдік ізденістері кеңінен қарастырылып, ақынның өзіндік қолтаңбасы айқындалды.
Өзекті мәселелері: Жұбан Молдағалиевтің лирикасы мен әдеби сын еңбектерін айтпағанның өзінде артына қомақты эпикалық мұра қалдырған ақын. Оның шығармаларынан еліміздің кеңес дәуіріндегі күллі шындығын тануға болады. Ақын лирикасынан замандастарының нәзік жүрек сырларын ұғар болсақ, поэмаларынан сол дәуірдегі көркем жинақталған елеулі оқиғалардың тарихы мен реалистік болмысын, адамдар арасындағы қайшылықтар мен қоғамдық өзгерістерді айқын аңғарамыз. Жұбан Молдағалиев - азамат ақын, шығармаларының бойынан азаматтық әуен еседі және тақырып ауқымы кең түйіп айтар ойы сабақтасып келеді. Ақын саяси тақырыптан азаматтық ұғымды, туған жер тақырыбынан философиялық толғам тудыруға оңай ауысып отырады.
Диплом жұмысының мақсаты, міндеттері, зерттеу объектісін, теориялық және әдіснамалық негіздері : дипломдық жұмысты жазу барысында Ж. Молдағалиев поэзиясының көркемдік ерекшеліктерін, оның ішінде символ мен пейзажды жасауда тапқан көркемдік тәсілдері мен өлең жүйесіндегі соны өлшем - өрнектерді, замандас ақындарынан ерекше көрінетін даралық сипатын ғылыми тұрғыда талдап, зерделеуді негізгі мақсат тұттық. Ол үшін төмендегі мақсаттар мен міндеттерді іске асыру көзделді:
1. Жұбан Молдағалиевтің поэзия жанрын игерудегі шеберлігін ұштау
нәтижелерін айқындау;
2. Жұбан Молдағалиевтің тақырып табу, сюжет, композиция құру,
образ жасау жолындағы ізденістерін анықтау, сөзбен сурет салудағы өзіне тән стильдік даралығын, шығармаларының жанрлық сипаттарын ашып көрсету;
3. Жұбан Молдағалиевтің поэмалары мен өлеңдеріндегі табиғат
көріністерін жасауда, символдық қолданысты игеру барысындағы көркемдік тәсілдерді талдау;
4. Ақынның өлең құрау шеберлігіне, шығармашылық жетістіктеріне,
үлгі алған мектебіне нақтылы барлау жасау.
Зерттеу нысаны ретінде Ж. Молдағалиевтің : «Туған жер», «Кісен ашқан», «Мен Қазақпын», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары», «Жеңіс жырлары», «Жесір тағдыры», «Жыр туралы жыр» поэмалары және тағы басқа туындылары алынды . Отандық және шет елдік ғалымдардың әдебиеттану саласындағы зерттеулері мен тұжырымдары құрайды. Ақын поэмаларының көркемдік табиғатын ашып көрсетіп, көтерілген басқа да мәселелердің шешімін табуда қазақ әдебиеттануының көрнекті өкілдерінің құнды ой - пікірлеріне, әдеби - сын зерттеулеріне сүйендік. Олардың теориялық таным - түсініктері, жекелеген қағидалары негізге алынды. М. Қаратаев, З. Қабдолов, С. Қирабаев, З. Ахметов, М. Базарбаев, С. Сейітов, З. Бисенғали, Б. Сарбалаев, К. Ахметов, Е. А. Маймин, К. Караулин, Р. Нұрғали, Қ. Мырзалиев, т. б. зерттеулеріндегі ой - тұжырымдарды басшылыққа алдық. Сонымен қатар, орыс әдебиеттану ғылымындағы теориялық еңбектердің де өз мақсатымызға қол жеткізуде үлкен септігін тигізгенін атап өту қажет.
Ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы:
1. Жұмыста Ж. Молдағалиевтың шығармашылық қалыптасу,
шеберлікке төселу бағыттары эпика жанр саласындағы туындыларын сабақтастыққа, салыстыра талдау барысында айқындала түсті;
2. Жазушының шығармашылық мұраты, қаламгерлік ұстанымы,
қоғамдық әлеуметтік көзқарас мәселесі көркемдік таным аясында зерделенеді;
3. Оқиға желісін баяндаудағы соны сюжеттік - композициялық
тәсілдері, пейзаж жасау ерекшелігі, символды орынды қолдана білу шеберлігі, кейіпкер психологиясын бейнелеудегі әдістері сараланды;
4. Ж. Молдағалиев поэтикасы, көркем тіл нақыштары талданып,
таразыланды;
5. Ақын поэмаларындағы ортақ тақырыптар мен авторлық және
обьективті идея мәселесі нақтылы жүйеленіп, зерделенді;
6. Ақынның өзіне ғана тән дара стилі салыстырмалы түрде
қарастырылып, анықталды.
Жұмыстың нәтижелері мен негізгі тұжырымдарын орта, арнайы, жоғары мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай - ақ жоғарғы оқу орындарында қазақ әдебиеті тарихын оқытуда, дәрістер мен арнайы курстарда, семинарларда пайдалануға болады.
Қазіргі ғылыми мәселелерді шешу: Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар талантты ақындарымыздың бірі Жұбан Молдағалиев шығармашылығы осы уақытқа дейін көптеген әдеби - сын мақалаларда сөз етілді. Ол еңбектерде суреткер ақынның өзіндік шеберлік қырлары туралы әртүрлі пайымдаулар жасалған. Қазіргі қоғамдық - әлеуметтік даму күйі мен ұлттық сананың жаңғыру деңгейіне сәйкес ұлттық болмыс пен мәдениетті таныту мүддесі жұбантану проблемасын кеңірек те жан -жақты қарауды қажет етеді. Осыған орай біз өз жұмысымызда ақын шығармаларының көркемдік ерекшелігіне ғылыми талдау жасап, ондағы символдық қолданыс пен пейзаж, олардың жасалу жолдары мен көркемдік сипатын ашып, арнайы зерттеп, ашып зерттеуді жөн көрдік.
1 ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ ЖЫРДАРИЯСЫ
1. 1 Өлеңде де, өмірде де Жұбан ақын
Қазақтың көрнекті ақыны, республиканың халық жазушысы, өмір шындығын өзіндік өрнекпен тапқыр бейнелеп, оқырмандарын лирика шәрбатынан сусындатқан ақынның бірі - Жұбан Молдағалиев. Әдебиет саласындағы жартығасырлық шығармашылық еңбегінде оның қаламынан көптеген жырлар туды, сондай - ақ еңбек жолында қоғамдық қызметтерді де абыроймен атқара білген қайраткер.
Жұбан Молдағалиев Ақжайық (бұрынғы Тайпақ) ауданының Жыланды деген жерінде, 1920 жылдың 5 қазанында дүниеге келген.
1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады да, сонда жүріп Ұлы Отан соғысын қарсы алады. Ақынның одан кейінгі шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді. Оның жас қаламы жауға қарсы ұрыстың ауыртпалық сезімін бастан кеше отырып қаз тұра бастайды. Ақын өзі «Отан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істеп, өлеңдерін жариялайды.
Совет Армиясы қатарынан кейін Жұбан «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында, Қазақстан жазушылар Одағында басшы қызметтер атқарды. 1949 жылы оның «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Одан бергі дәуірде ақын «Қызыл галстук», «Нұрлы жол», «Бастаушымыз партия», «Жыр туралы жыр», «Заман тынысы», «Жесір тағдыры», «Ғашық көзбен», «Мен - қазақпын» тағы басқа кітаптарын жариялады.
Майдан газетінде істеп жүргенде орыстың белгілі ақын - жазушыларын, журналистерін кездестіреді. Олардың ішінде Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик, майдан газеттері редакциясына келіп-кетіп жүргендердің ішінде Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев, тағы басқалары болған. Татар газеті редакциясында Хатип Усманов, Шараф Мударис, Ғұмер Насри сияқты белгілі ақындар, жазушылар істеген. Жұбан Молдағалиев істейтін «Отан үшін» (кейін «Майдан ақиқаты») газетінің редакциясында ақын Сағынғали Сейітов, журналист Ахмет Елшібеков болады. «Соғыс соңында, - дейді Жұбан Молдағалиев - қазақтың қуатты ақындарының бірі Қалижан Бекхожинмен кездесіп, бірнеше қуанышты күндерді бірге өткіздік» [1, 4 б. ] .
1943 жылдың қарашасында Жұбан Молдағалиев арнаулы тапсырмамен Алматыға келеді. «Отан үшін» атты майдандық газетте басылған «Қазақ» деген өлеңін ала келеді. Өзі сияқты соғыстан уақытша келген Әбу Сәрсенбаевқа жолығады. Әбекең өлеңді оқып, «аяқ - қолын жерге тигізбей» Жазушылар одағына апарады, Сәбит Мұқанов алдында оқиды. Өлең ақырында радиодан беріліп, «Социалистік Қазақстан» газетінде басылады. Сонан кейінгі жағдайда коммунистік идеология талабына сай келмеген өлең 35 жыл бойы еш жерде басылмай, ақын жинағына да кірмей, тек 1979 жылы шыққан үш томдыққа енеді. Бұл томдарда «Мен - қазақпын» деген поэмамен қатар, өз орнын тапқан. Бұған ақын да көңіл тоқтықпен қарайтын. «Поэмаға сол өлең түрткі болды», - дейді [2, 16 б. ] .
Жұбанның алғашқы жинағы «Жеңіс жырлары» 1949 жылы шықты. Жұбан әлі 29-да ғана еді. Сөйтсе де оның алғашқы өлеңінің ауқымынан алыстап, өскені көрінеді. Айналасы он-ақ жылдық тәжірибе оны ақын қатарына қосты. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Өлең жазу емес, окоп қазу күндерінен өтті. Дегенмен, сол оқ пен от арасында өлең де жазылды - бірақ бұл соғыс шежіресі, соның күнделігі сияқты еді. Үзіліп қалған бейбіт өмірдің елесін аңсағандай, гүл мен күлген күннің өзін көрмей, бірақ барын сезінгендей жырлар туды. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады. Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі - өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Шығыста туған елім бар», «Жеңімпаздар сәлемі» деген 1942 - 45 жылдары жазылған өлеңдерден осы жайды аңғарамыз. Мұның бәрі - балғын ақынның есейіп қалған өлеңдері. «Жеңіс жырларына» енген осы және басқа өлеңдер, жырлар ақынның ойлы, қоғамдық мән - мағынасы биік поэзияға ұмтылатынын байқатады. Бұл жылдар сол сәттің ауыр, қиын - қыстау жағдайынан, сұрапыл қанды соғыс шындығынан туғаны анық. Ақын күнбе - күнгі өмірден алыстап кете алмайды. Алыстау ғана емес, қайсыбір өлеңінде болса да, сол шындыққа соқпай, оны айтпай тұра алмайды. Ж. Молдағалиев - қазақ поэзиясындағы, әдебиетіміздегі ірі құбылыс. Ол - Оралдың ғана ақыны емес, қазақтың Жұбаны. Оны Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы ерліктерімен де ерен істері, поэзиямен де дәлелдеді. Жұбан ақын «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, одан кейінгі кездері «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерінде болған.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, көркемөнер және архитектура саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитетінің, «Новый мир» журналы редколлегиясының және «Библиотека поэта» басылымы редколлегиясының мүшесі болған.
«Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдары ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Айттым сәлем», «Байқоңыр баспалдақтары»», «Ақ жалын», т. б. барлығы 60 - тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді.
1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс Министрлігі сыйлығының лауреаты және А. Фадеев атындағы Алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгер, араб, монғол, словак және басқа шетел тілдеріне аударылған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.
Ұлы Отан соғысы кезінде жауға қару мен қаламды қатар жұмсаған айбынды жауынгердің ақындық таланты да өмірдің сол бір ауыр кезеңдерінде, қан майданның өлім мен өмір қазанында қайнап қалыптасты. Жас талаптың алғашқы өлеңдері Отан қорғау тақырыбына арналды.
Өмірдің сын сағаттары жас талапты тез есейтіп, ер жеткізді. Ол күндерде оның қаламы ұшталып қана қойған жоқ, ой-сезімі идеялық жағынан да шынығудың дәуірі болды. Өйткені, оның осы тұстағы өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та азаматтық пафоска, патриоттық ой-сезімге толы.
Өмір шындығын шынайы бейнелап, образ жасауға талпынған алғашқы адымдары мен ізденістерін «Атака», «Батыр туралы баллада», «Ер қабірі», «Әлия», «Солдат сыры», «Жауынгер хаттары» сияқты өлеңдерінен көруге болады.
«Батыр туралы баллада» жаумен бетпе-бет айқасқан нағыз жалынды күрескер, күрес майданында көтерілген қызыл жалаудың құдіретті рухын танытады.
Ал, «Ер қабірі» өлеңінде автор соғыста қаза тапқан ерлер өлімінің басқа өлімдерден өзгешелігіне ой жіберіп, дүниені азат еткен жауынгерлер қабіріне әркімнің де бас июге қарыздар екенін еске салады.
Жас талаптың майдан өміріне, Отанға, туған жерге, ерлер ерлігін жырлауға арналған, ыстық ықыластан туған шағын лирикалары соғыс кезінде осылайша туындап жатты.
Жас ақын соғыстан кейінгі дәуір шындығын азаматтық сезіммен бейнелей білді. Оның 1945 жылы Жеңіс күніне арнаған «Жеңімпаздар сәлемі» атты өлеңінде туған халқын тарихи Ұлы жеңіспен құттықтайды.
Жең түріп түстің, енді сен
Жолына бейбіт еңбектің, [3, 12 б. ]
деген өлең жолдары соғыс табы кетпей жатып, жаңа дәуірдің кезек күттірмейтін міндеті, бейбіт еңбекке көшу, соғыс салған жараны жазу екенін түсінгеннің белгісі болатын.
Бейбіт еңбекті, соғыстан кейінгі ауыл өміріндегі өзгерістерді туған даланың бейбіт еңбекпен түлеуін өз поэзиясының өзекті тақырыбы етіп алды. «Ауыл түтіні», «Ақ Жайық», «Бұлақ», «Жаңалық», «Кең жайылып барады» деген өлеңдерінен ауыл өмірін нақты, үлкен оймен жырлай бастағанын көреміз.
Өмірді нақты жырлаумен бірге, уақыт тынысына ой жүгірту, жаңа адамдардың қарапайым, адал махаббаты, сезім сырларына үңілу ақынды жаңа бір белеске талпыныс жасатты. Оның «Уақыт», «Жол туралы аңыз» өлеңдерінде біздің дәуіріміздегі уақыттың айрықша қоғамдық қызметіне философиялық мән берілген.
Бұл тұстағы «Махаббатты таңдасам», «Аққу» өлеңдері де образға бай туындылар. Ақын махаббат ұғымына тек жастықтың сүю сезімін сыйғызып қана қойған жоқ, ел мен туған жерді сүю, жар сүю, ананы сүю - жалпы алғанда сүйе білу сезімінің байлығын сыйғыза білді.
Менің де махаббатқа жаным құмар,
Сол ғана табындырар, жалындырар.
Сол маған ана сыйлап, бала өсірткен
Сол маған жар сүйдірген жанын қияр.
Сол үшін - өмір тілеп жүргенім де,
Сол үшін қанат ұрам жыр көгіне.
Сол ғана ел мен жерді сыйғызады
Адамның жұдырықтай жүрегіне, - [3, 25 б. ] дейді.
Жұбан Молдағалиевтің соңғы жинақтарының бірі «Жиырма бес» деп аталады. Бұл кітап - жиырма бес жылғы ақындық еңбектің жемісі десе болғандай. Өйткені, бұл кітапқа ақынның таңдамалы туындыларының біразы енген.
Халқымыз ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақын мен азаматтың өз биігі бар десек, ұлт тарихында сондай бір асқар биіктен көрінген ақын - Жұбан Молдағалиев. Ақын Жұбан Молдағалиев туралы сөз қозғала қалса, оған «Азамат» деген тіркесті қосақтай айту әдетке айналған сықылды. Бұл жай ғана тіркес емес, ақынның шығармашылық мұратын айқындайтын мағыналы айқындауыш. Жарты ғасырға жуық шығармашылық жолында Жұбан осы бір «азамат» деген абыройлы атағына дақ түсірмей, қайта оны бар болмысымен жарқырата танытып кеткен талант. Ұлт тағдыры таразыға түскен 1986 жылдың желтоқсанындағы «Мен - қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» - деп үлкен мінберден өзінің шынайы жүрек сөзін жалтармай жария еткен майталман азамат.
Азамат пен азаматтық - егіз ұғым. Халық азаттық үшін арпалысқан асыл ұлдарын азамат деп ардақтап, әулие тұтқан. Ал, Жұбанның сондай азамат болып қалыптасуы да бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес екендігі рас. Оның қиыры мен шиыры мол өмір жолы әрқашан да ақын бойынан қайсарлық пен жігерлілікті талап етіп қана қоймай, ойының да ұштала түсуіне, айналасына салиқалы салмақты оймен таразылай қарауға үйретті.
«Қазақ халқы қай кезеңде де ақындық пен батырлықты қатар қойған. Демек, қол бастаған батырлары ақын болған, халқын сиқырлы сөзімен соңынан ерте білген ақындары батыр болған. Жұбанның бойында осы екі қасиет қатар өріліп жатты. Басқалары руымыз түгілі, ұлтымыздың кім екенін айтуға жасқанып жүрген сол бір тұста «Мен - қазақпын!» деп, жарты әлемге жар салған дарынды ақын Жұбан Молдағалиев есімін ерекше ардақ тұтуымыз орынды. Бұған Жұбан жұлдызының тек жырда ғана емес, оның ешкімге жалтақтамайтын өр мінезі мен көкірегіне келгенді құйып салатын ақжарма турашылдығы да мәжбүр етеді бізді. Ал Жұбанның осыншама өр мінезді де турашыл болуына табиғи таланты мен өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі сәйкес келуі себепкер болса керек. Жұбан - менің жерлесім. Ұлы Отан соғысы жылдарында ақынның анасы Зеріп шешемізбен көрші отырдық. Жұбақаңның әскер қатарынан оралған соң, анасын Алматыға көшіріп әкеткен сәті де күні кешегідей көз алдымда. Сондықтан оның шығармашылық еңбегі де, өмір жолы да маған етене жақын. Әсіресе, алпысыншы жылдардан бері өз туған өлкесіне қарай жиі қанат қағып және келген сайын өзі өскен ортаның өткендегісі мен бүгінгісін салыстыра қарап, қай сапарында да жерлестерінің мерейін үстеп, жігерін ұштауымен бірге, өзі олардан тың тақырып тауып, желдірте жазып кеткен жерлес ақынымызбен талай рет жүздесіп, тіпті «Туған жер», «Жесір тағдыры» сынды әрқайсысы ұлттық поэзиямыздың алтын қорына өз орнын ала қосылған поэмаларына деректер іздеу жене оны жазу сәттерінің де куәсі болғанымыз бар. Сондықтан да Жұбақаң творчествосы туралы бірер сағат қиналмай әңгімелеуге болатын сияқты» [ 4, 6 б. ] .
Қиындығы - бір өлеңі бір өлеңінен басым түсіп, бір жинақтан бір жинаққа дейін шырқау биікке қарай самғап өткен, сол өлең өнерінің қандай қиындығын да маңдай терімен көтеріп, әсіресе, «Қыран дала», «Сел» сынды эпикалық туындыларында заман ұлылығын, адам даналығын, солардың ұлан-ғайыр ұйымдастырушылық қызметін шыңға көтере шынайы суреттеуінің нәтижесінде бұрынғы КСРО және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атанып, азаматтық, адамгершілік сынды абзал қасиеттерінің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына және бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, қоғами ортақ істерді ұйымдастырушылық қабілетіне сай Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшылығына сайланған дауылпаз жыршы Жұбан Молдағалиев туралы көп айтылып та, көп жазылып та жүрді. Тіпті, оның шығармашылық жолы басталған сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында - ақ, «Соқ, сағатым» атты бас - аяғы үш шумақ өлеңнен - ақ сол кездегі барлық Кеңес жазушыларының жетекшісі Александр Фадеев өміршең идея тауып, оны шегіне жеткізе мақтағанын да естіп, біліп жүрдік. Ақынның алпыс жасқа толуына байланысты академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов сынды ғұлама ғалым - ұстаздардан бастап, Жұбанның өзі «Сәт сапар» өлеңін жазып, өлең өлкесіне өзі қосқан жас таланттарға дейін азамат ақынның арқалы жырларына деген шексіз сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдірді. Ал Мұзафар Әлімбаев, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов сынды қазақ әдебиетінің ыстық - суығын бірдей көрген қаламдас жолдастары әртүрлі деңгейдегі газет редакцияларының тапсырмасы бойынша арнайы мақалалар жазды. Оған қоса лирикалық көңіл-күйден шыққан шағын өлең-жырларды есептемегенде, әрқайсысы бір дәуірдің жүгін арқалап тұрған он төрт поэма жазған талмас талант иесінің жеке шығармалары мен жинақтары туралы әр кезеңде сын-рецензиялар да жарияланды. Ара-тұра өзіміздің де жеке поэмалары туралы ой-пікірімізді ортаға салғанымыз бар. Міне, осының бәрі Жұбан туралы жазудың жауапкершілігін арттыра түсетіні анық.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz