КҮЛӘШ АХМЕТОВА ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ


КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі. Ақын Күләш Ахметова ұлттық поэзияға өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, ізгілік иірімдерін нәзік лирикамен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлайды. Күләш Ахметова уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсыбір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл - парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан жүрек сәулесін молынан түсірді. Атамекен мұратын, ел - жер тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізді. Күләш Ахметованың ақындық өнері талант қуатымен, көркем нәрімен, сыршыл сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің өзекті мәселелеріне үңіліп, өзіндік өрнек - ерекшеліктерін тану - талмай зерттеуді талап етеді.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы.
- Күләш Ахметованың қазақ әдебиеті мен қазақ поэзиясындағы рөлі зерделенді;
- Күләш Ахметованың әйел, Отан, туған жер, махаббат тақырыбына арнап жазылған шығармаларының танымдық негіздері сараланды;
- Күләш Ахметованың қазақ поэзиясындағы мақсат - мұраттары айқындалды;
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Күләш Ахметованың ақындық әлемін махаббат тақырыбындағы өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады. Сол арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын - үлесін, көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу. Ақын әлеміне ену, ізденіс арналарына назар аудару, тақырыпты меңгеру, образды ашу, көркемдік амал - тәсілдерді қолдану мүмкіндіктеріне мән беру.
- К. Ахметованың өмірі мен шығармашылық ғұмырбаянын жаңа уақыт талаптары тұрғысынан зерттеу мен зерделеу;
- Ақын лирикасындағы атамекен мен адамгершілік сезімдерін, жастық пен достық сырларын кеңінен саралау;
- Ақын шығармаларындағы ізденіс мұраттарын, көркемдік таным арналарын, көзқарас эволюциясын зерделеу;
- К. Ахметова лирикасын зерттеу негізінде шығармашылық процес табиғатын ашу, өлең - өнердің сырлы да сыршыл сипаттарына ден қою, ақын мұраты мен көзқарас, қолтаңба табиғатына мән беру.
Зерттеу обьектісінің теориялық және әдіснамалық негіздері. Күләш Ахметованың қаламынан туған жүрек тебірентерлік сыршыл сезімге толы лирикасы, әр жылдарда жарық көрген жыр жинақтары мен ол туралы жазылған әдеби - сын еңбектері негізге алынды.
Жұмыс Күләш Ахметованың ақындық әлемін тереңірек зерттеуге мақсат қойған әрбір жанға біраз мағұлмат береді. Қазіргі кездегі қазақ әдебиетін тануда Диплом жұмысын жоғарғы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары үшін қосымша материал көзі ретінде қарастыруға болады.
Диплом жұмысының құрылымы. зерттеу жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттен тұрады.
1 КҮЛӘШ АХМЕТОВА ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ
1. 1 Поэзия - сөз өнерінің алтын тәжі
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің сонау көне заманнан бері жасап келе жатқан халықтық туындылары аз емес. Сан салалы өлең - жыр, философиялық терең негізгі ойға құрылған асыл сөз үлгілері - жыр-толғаулар, асқақ ән, сәнді де сазды төгілген күй - көркем өнер саласындағы халық мұрасының асыл куәсі.
Әрбір халықтың рухани байлығы - ғасырлар бойы даму тарихында жасалған, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын мирас. Басқа халықтар сияқты қазақ халқының да өзіне тән тарихи басынан кешкен кезеңдері, өрлеу сатылары, әрбір дәуірге лайық мәдени мұрасы, асыл өнері бар . Адамзат ақыл-ой туғызған небір ғажайыптар ішіндегі уақыт сынына төтеп беріп, адамзатпен жасасып келе жатқан ең көне, ең бір құдіретті өнер - ол сөз өнері. Дүниені билейтін - сөз, сөзді билейтін - атақты шешендер, би-көсемдер, ақын-жыраулар екені белгілі жәйт.
Халқымыз қалдырған көсемсөз өнері баға жетпес мол қазына. Оның ішінде қамал бұзар қаһарлысы да, шебер қиылысқан қисындысы да, нөсердей құйылған төкпе туындысы да мол. Асылды жасықтан айыра білген халық шешендерінің аузынан шыққан философиялық тұспалдар мен нақылдар өмір ережесіндей келе ұрпаққа ауысып, адамгершілік үшін қызмет істеп келеді.
Поэзия - халық ауыз әдебиетінен бері сақталып, дамып келе жатқан әдебиеттің үлкен бір сырға толы саласы. "Поэзия" термині бізге грек тіліндегі "piesis" сөзінен енген. "Жасаймын", "тудырамын, " "шығарамын" деген мағынаны білдіреді. Адам өмірінің қат - қабат қыры мен сыны, қуанышы мен қайғысы, арманы мен мұраты - барлығы да поэзияда боумен, сан қилы философиялық терең де сырлы ою-өрнегімен көрініс табады. Поэзияда көркемдік тәсілдер мен бейнелеу құралдарын, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын қолдануда өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Поэзиялық шығармаларға тән айырықша тағы бір қасиет - өмір құбылыстарын терең эмоциялық сезімталдықпен қабылдап, соған орай әсерлі, тартым ды көркем бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой-сезімі әдейі сырттай көркемделмейді.
«Поэзия -әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» [1, 141 б. ] .
Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі мен үні бар. Адам баласының бүкіл тарих бойына ілгері өсіп дамуы қаншалықты тынымсыз, толассыз жүріп жатқан процесс болса, көркем бейне жүйесімен ойлау, дүниені образбен танып баяндау, суреттеу өнері де тоқтаусыз жүріп жатқан құбылыс. Қоғамдық сананың бір түрі ретінде көркем әдебиет қай ғасырда болса да сол заманғы адамдардың бір-біріне деген қатынасын, ой-арманын, дүние танымын байқатпақ. Соның ішінде поэзияның ғана құдіреті келетін, тек өлең ғана айта алатын тебіреніс бар. Ол заман күйі, тіршілік еткен жанның мұңы мен зары, ішкі арманы мен сезімі, қуанышы мен күйініші.
Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті мұрасының дені - поэзиялық шығармалар. Көне қазақ поэзиясы өлең, толғау, ғашықтық жырлар, айтыс, батырлар жыры, қисса-дастандарды, тіпті, мақал-мәтел, жұмбақтарды айтуымызға болады.
Бүгінгі қазақ поэзиясы - кемеліне келген, кең тынысты, сан-салалы, озық ойлы, сан қырлы әлемдік деңгейге көтерілген өскелең әдебиеттің үлкен саласы.
Поэзия - көңілдің толқыны, жүректің лүпілі және өмір құбылыстарын танып білудегі қуатты құрал, ой мен сезімнің тамырын терең салған бағаналы бәйтерегі.
Махаббат - қазақ поэзиясымен тарихтың ұзына бойында бірге жасасып келе жатқан тақырып. Ғашықтық жырлар, лиро-эпикалық дастандар ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, халықтың ең асыл інжу-маржандары санатында сақталып келеді
Поэзия мен махаббат - бірінен-бірі айырғысыз екі ұғым. Сондықтан да болар, махаббатқа қай елдің болса да, әсіресе, поэзиясында, ешқашан сарқылмайтын мәңгілік тақырып болып саналады. Бірақ, әрине, әр халықтың жан дүниесінің құрылымына, әрбір ақынның ой-түйсігіне қарай, махаббатты әркім өзінше жырлайды. Дүниеде қанша жүрек болса, сонша түрлі махаббат болатыны сөзсіз.
1. 2 Күләш Ахметованыңы өмір мен шығармашылығы
«Күләш» есімі - қазақ халқына ардақты есім. Бізге «Күләш» десе, алдымен, ән келеді. Құлағымызға сыңғырлап күллі қазақ даласын жаңғыртқан оның бұлбұл үні жан - дүниемізді тербеп, денемізді бір жылытып, бір суытып, ғажап сиқыр күйге бөлегендей болады. Күләш жайлы М. Әуезов, Ғ. Мүсіреповтен бастап, қаншама ақын - жазушылар тебірене жазды. Тербетіле сөз етті. Әнші Күләш жайлы ақын Күләш Ахметова да толғанды. Ол «Күләш Байсейітоваға» өлеңінде:
Келтірген түрлі сазын, түрлі нәтін,
Қалдырды ұрпағына мол мұрасын.
Әлі мен ойланамын өз ортасы,
Әлпештей алды ма деп бір Күләшін [2, 59 б. ] , - десе біз іштей қуанамыз. Дархан да талантты халқымыз «Күләштардың» қатарын сиретпепті, ел ішінде әншісі де, бишісі де ақыны да мол, олардың әлі -ақ қайнап, бұрқап шығары сөзсіз.
Ән әлемінде біз білетін бір Күләш бар, оның есімі әлемге аян. Ол, әрине, ән әлемінің бұлбұлы - Күләш Байсейітова!
Өлең өлкесінде, жыр дүниесінде тағы бір Күләш бар. Ол - біздің бәрімізге белгілі ақын - Күләш Ахметова.
Бірі - ән Күләші
Бірі - жыр Күләші.
Бірі - халық жүрегін әнімен тербетті.
Бірі - ел жүрегін жырымен елжіретті.
Ал мен сөз еткелі отырған Күләш - ән әлемінің Күләші емес, қазақ поэзиясында өзіндік арнасын қалыптастырған, жыр падишасы - Күләш Ахметова. Осы орайда Күләш Ахметованың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталсам. Ол 1946 жылы 25 сәуірде Қырғыз Республикасының (бұрынғы Жамбыл облысы) Талас облысы, Киров ауылында дүниеге келген. Үшарал орта мектебін бітірген. 1966 жылы Жамбыл медицина училищесін,, 1973 жылы Әл- Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. 1973 - 1977 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1977 - 1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болды. Жетпіс жылдан астам шығармашылық өмірінде Күләш Ахметова «Ақ гүлім менің», «Жазушы» (1975ж), «Сен менің бақытымсың!», «Жалын» (1977ж), «Жапырақ - жаздың жүрегі», «Жалын» (1979ж), «Махаббат жылы» (1980ж), «Мейірім», «Жалын» (1981ж), «Бұлақтағы жұлдыздар», «Жазушы» (1982ж) , «Жасыл жағалау», «Жалын» (1984ж), «Возвращение аристов» («Ләйліктің оралуы»), «Жазушы» (1985ж) орыс тілінде жарық көріп, орыс тілді оқырмандарын қуантты, «Арғымақтар даласы», «Жалын» (1987ж), «Сен жанымда жүрсің», «Жазушы» (1987ж), «Наурыз нұры», «Жазушы» (1991ж), «Күн шыққанда күліп оян!», «Ана тілі» (1996ж), «Өкініш әні» (1997ж), «Бақ», «Атамұра» (2006ж), «Құт», «Дәуір» (2006ж), «Махаббат», «Дәуір» (2006ж), «Жайна Қазақстан», «Салық тәртібі» (2011ж) , «День отрады», «Седьмая верста» (2014ж), «Бақытты болыңдар», «Қазақпарат» (2014ж), «Орман», «Фолиант» (2015ж) , «Менің сәулелі сәттерім», «Шығыс ақпарат» (2015ж) атты таңдамалы жыр жинақтары дүниеге келіп, оқырмандарының сүйікті кітаптарына айналды.
Азаматтық үнінің айқындылығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін К. Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Замандастың көңіл күй, жан әлеміндегі құбылыстары, әйел тағдыры - ақынның лирикалық толғаныстарының арқауын құрайды.
Ақынның екінші жинағы «Сен менің бақытымсың» (1977ж) деп аталады. Осы кітапқа қазақ поэзиясының көшбасшысы Әбділдә Тәжібаев «Күләш Ахметова ақын» деп аталатын көлемді мақаланы сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне тебірене жазды [3, 7 б. ] . Ақын осы мақаласында Күләшті нәзік лирик, әрі үлкен ой қорыта білетін терең талғамды, әрі табиғаттың суретін шебер сала білетін суреткер ретінде бағалады.
Қаламы мен қарым - қабілетіне ғана сүйенген Күләшті атақ - даңқ адаспай өзі іздеп тапты. 1978 жылы «Сен менің бақытымсың» кітабы үшін ақынға «Қазақстан Ленин комсомолы» сыйлығы, 2006 жылы «Құт» кітабына «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік» сыйлығы берілді. Сонымен бірге Күләш Ахметова:
- Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты;
- ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
- Халықаралық К. Симонов атындағы сыйлықтың лауреаты;
- Жамбыл облысының Құрметті азаматы;
- «Құрмет» орденінің иегері;
- «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.
Күләш Ахметова сәби сезімін, бала мінезін сақтап қалған ақын. Қуанса да, жарылып шын қуанады, қайғырса да, шын қайғарады. Күләш Ахметова қандай өлең жазбасын өз бойындағы мейірімділікті, жылылықты, жомарттықты оқырманға шынайы көрсете біледі. Әсіресе, көңіл күй тақырыбындағы өлеңдері кез келген оқырманының жүрегіне ерекше сезім ұялатады.
Таластың құтты өңірінде көктеп бүр жарған жас қайындай талдырмаш қыз Күләштің өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Ол өз өмірі жайында былайша сыр шертеді: «Анам Бекзада менің алты жасымда көз жұмғаннан кейін, інім Бақтияр екеуміз әжем Молшаның тәрбиесінде болдық. Әжеміз Ұлбике ақынның ұрпақтарының бірі болғандықтан болар өте шешен, өте зерделі жан еді. Үшінші сыныптан бастап тіл ұшыма өлең орала берді. Ең алғаш өлең жазуыма себепкер болған кісі 4 - сыныптағы мұғалімім Мәдина апай еді. Бір өлеңнің құрылысына талдап тұрып: «Балалар, іштеріңде кім өлең жаза алады?», - деп сұрағанда, мен ғана қолымды көтеріппін. Жетінші сыныпта «Анама», «Туған ел» деген тақырыптарда өлең жаздым. Әжем 16 перзент көтерген, айтысқа қатысқан әнші кісі еді. Ауылдастары «Үкілі келін» деп атайтын. Әулеттің үлкен әжесі Үміт те астауын алтынмен аптатып, итаяғын күміспен күптетіпті делінетін. Үйінде ат басындай алтын бар деп ел аңыз таратқан Өтеулі байдың келіні болатын » [ 4, 5 б. ] .
Ақын бір сөзінде: «1968 жылдың көктемінде «Лениншіл жас» газетіне елден екі өлең жіберілді. Іле - шала жарық көрген өлеңдеріне Сәбит Мұқанов сол газетте жаңа пікір жазды. Бұл менің әдебиеттегі ең алғаш естіген мақтауым еді. Үлкен жазушының жомарт бағасы жолымды ашты» [3. 7], - деп тербетіле сөз еткен ақынның көп ұзамай оқырманы молая түсті. Сөйтіп, халқының сүйікті ақынына айналды. Бүгінде оның туындыларының әлемдік поэзияның үлгілері деңгейіне көтерілгенін айта аламыз.
Кезінде әдебиетіміздің айтулы азаматтары: Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділдә Тәжібаев, көрнекті ақын - жазушыларымыз Тәкен Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова баспасөз бетінде батасын беріп, ағалық ақ тілектерін айтқан ақын бүгінде толысқан, кемеліне келген, аты республикамыздан тыс сырт жерлеріне де белгілі тұлғаға айналды. Шығармалары бірқатар шетел тілдеріне де аударылды.
Күләш Ахметова - нағыз ақын. Шығыстың жарық жұлдызы Әл Фараби өзінің «Поэзия өнерінің конондары жайлы» трактатында ақындарды тума, еліктегіш және жасанды деп үшке бөледі. Үшке бөледі де, ұлы ғұлама «ең ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алар», - деп бір -ақ кесіп айтады[1. 110б] . Олай болса, Күләш Ахметова сол топтың табиғатына жатады.
Нағыз ақын өзінің алғаш аяқ алысынан -ақ арыны мен адымын, кім екенін бірден айғақтап бере алады. Қолына алғаш қалам ұстағаннан -ақ Күләш та ақын табиғатын тап басып түсінген.
«Ақ гүлім менің» деген алғашқы жинағындағы «Ақын» деген өлеңіне назар аударайық:
Апыр-ау, қайда мейірім, қайда рақым,
Болдым ғой төзімімнен айрылатын.
Өлсең де өлмейтұғын өлең жазған
Қандай сен бақыттысың, қайғылы ақын. [2, 117 б. ] .
Елінің жан дертін жүрегімен сезіне білген ақынның қайғылы болмасқа қақы жоқ!
Сен үшін адал перзент, жырың бақыт,
Ғасырға өзің болып жүр үн қатып . . .
Жырыңның бір парағын жыртқаны үшін,
Жылатты біреу ұлын шырылдатып . . . [2, 119 б. ] .
Ақынның бақыты - елінің, халқының мұңын мұңдап, жырларының қалың көпшілік алдында кеңінен таралуы. Ақын үшін бұдан асқан бақыт бар ма?
Күләш Ахметованың өлеңдері орыс, украин, бірнеше түркі тілдеріне аударылды. Бергеннен берері көп ақын үздіксіз ізденіс үстінде жемісті еңбектеніп келеді.
Жаңа кітапты оқуға кірісердің алдында үнемі өзімізді алдында не күтіп тұрғаны беймәлім алыс сапарға шығуға дайындалған жолаушыдай сезінеміз. Әлі де беті парақталмаған жаңа кітапты оқуға зейін қойғанда, не болар екен деген тылсым ой мазалайды. Жаңа кітап әсерлендіре алмас, сапарға бекер шығып, түк таппай қажыған жолаушыдай өкініп, рухани әлемді байытатын шын жауhарды тапсаң, сағынышыңды басатын сырласыңды кездестіргендей қуанып, рахаттанасың. Ол кітап кей кездері сенің көңіліңнен шығып, ерекше шабыт беріп, бірнеше күн бойы жаңа жыр жинақтарын қолыңа алғанда, есіңе ақынның жазған туындылары түсіп, сол кездегі толқыған сәттерің мен алған әсерлерің санаңа қайта келіп тіреледі. Жетпістің жетесіне шығып отырған қазақтың біртуар ақын қызы «Бақ», «Құт» кітабында өзінің толысқандығың, кемелденгендігін, ұлттық поэзиядағы өз орнын алғандығын тағы бір толық дәлелдегендей. Кітап түгелдей еліміздің Егемендігіне, халқымыздың әдет - ғұрпына, республика жұртшылығының ынтымағына арналған. Қос туындының осылай аталуынның өзінде де бір себеп бар секілді. Менің ойымша, ақын еліне, жұртына, қазақтың әрбір отбасына «Бақ пен Құт дарыса екен» деген мақсатта қойған сияқты.
Ұлы халықтың кең байтақ сахарасын отты жырларымен тербеткен осындай ақын қызымыз бүгінде мерейлі белесіне абыроймен көтеріліп отыр. Классик ақын Қадыр Мырза - Әлидің: «Күләш Ахметова - көп ақынның бірі емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын» деуі тегін емес [5, 16 б. ] .
«Қазақстан Заман» газетінде жарияланған тікелей сұхбатта «Даңқ туралы ойыңыз?» деп қойылған сұраққа: «Аңшы нені қуса, соны алады. Қумаса, қалай алады? Білімпаз білімнің соңына ыждахатпен түспесе, оны қалай игереді? Даңқ та сондай. Оған қатты ұмтылған ақын атағын шығарады. Маған даңқ онша қажет болған жоқ. Мен өз дәуірімнің мәуесімін. Өлең үшін үлесімнен, өмір үшін күресім көп болды», - деген жауабынан нағыз ақынға тән тектілікті тани аламыз. [6, 15 б. ] .
Өткен ғасырдан бастау алып, жаңа ғасырда да жалынды да жауhар жырларымен танылған қазақтың айтулы да айбынды ақыны қызы Күләш Ахметова өлең өлкесінде өнімді де жемісті еңбек етіп, жыр сүйер жамиғатты сыршыл өлеңдерімен тәнті етіп келеді.
«Толайым дүнием - асым деп айта алмаймын. Артық - кемі көп екенін білемін. Заман солай болды. Қаламақысы көп екен деп, кітаптан - кітапқа асықтық. Төрт шумақпен тоқтайтын жерде, он шумаққа жеткіздік», - дейді ақын қыз.
Қашан да нағыз ақын, кесек талант хақындағы сөз сарқылмайды. Қайта күн өткен сайын оның жұмбақ та құпия қырлары гауhар тастай ашылып, жан - жағына өз сәулесін шаша түсері сөзсіз.
1. 3 Күләш Ахметова - поэзия ханшайымы
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауратқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім,
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз қып жаратқан ба?! (М. Мақатаев) [7, 99 б. ] .
Ия, поэзия - ақын жанының дәруіші. Поэзия - өнердің тәжі, өнердің биік шоқтығы мен биік шыңы. Таза сезімнің ашық түрде айқын көрінер арнасы да осы - поэзия. Олай дейтініміз, поэзия бейнелі, терең құнды асыл сөздер арқылы адамның жан - дүниесін тәптіштеп толық жеткізуге ұмтылады.
Поэзия арқылы жыр шеберлері өздерінің көңіл күй толқыныстарын, алапат сезімдерін, сарғайған сағынышы мен шер боп қатқан мұңын көркем де әсем сөз зерделерімен ақ қағаз бетіне түсіріп, оқырманына жолдайды.
Талас өңірінен қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы, поэзия ханшайымы атанған Күләш Ахметованың есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатып, жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Ақын толғанған, күй ақтарып, сыр шерткен тақырыбы сан түрлі. Сыршыл ақын жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып, толқытқан ойларын оқырманға жолдайды. Тұңғиығына үңілгендердің рухани дүниесімен астасып, сезім қылын шертеді. Күләш ақын дүниенің барлық құбылысын өлең етіп ұйқастыра бермейді. Ол тек өзінің кішкене жүрегін дір еткізген нәрсені сезеді, көреді. Сол сезімі өлең болып өріледі.
Поэзия - қасиетті ұғым. Ол - адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан әсем әлемі. Жеке адамның ешкімге айтпас құпия ішкі сыры. Поэзия тек қана ішкі дүние ғана емес, адам жанының алаулаған алтын жалыны. Поэзия - әлемнің жаршысы, ақылдың айнасы, халық мұңы, өнердің шыңы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz