Қ.Жұбановтың тілдік мұрасы


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 82 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 3

1 Қ. Жұбановтың тілдік мұрасы . . . 5

1. 1 Қ. Жұбанов - қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаған тұңғыш лингвист . . . 5

1. 2 Қ. Жұбановтың фонетикаға қатысты зерттеулері . . . 23

1. 3 Қ. Жұбановтың морфология мен синтаксис салаларына қатысты зерттеулері . . . 31

1. 4 Қ. Жұбановтың терминология саласына қатысты зерттеулері . . . 38

2 Қ. Жұбановтың қазақ тілінен білім мазмұнын түзу және оқыту мәселесі туралы ғылыми тұжырымдары . . . 43

2. 1 Қ. Жұбанов - қазақ тілі бағдарламасын түзуші . . . 43

2. 2 Қ. Жұбанов - оқулықтану теориясының негізін қалаушы . . . 46

2. 3 Фонетиканы оқыту мәселесі . . . 48

2. 3 Сөзжасам мен морфологияны оқыту мәселесі . . . 58

2. 4 Синтаксисті оқыту мәселесі . . . 62

Қорытынды . . . 69

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 71

Кіріспе

Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін алып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы ұлттық дидактиканың күрмеуі көп күрделі мәселелерінің арнайы ғылыми-зерттеу нысанына айналып, зерттеліп-зерделенуіне толық мүмкіндік берді. Осымен байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының қалыптасып, дамуы ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин, ұлы ғалым А. Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады. ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Құдайберген Жұбанов, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сейіл Жиенбайұлы сияқты белгілі алаш азаматтары орта және жоғары мектептерге арналған қазақ тілі оқулықтарын даярлаумен қатар, қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылым саласы ретінде қалыптасып, дамуына ерекше үлес қосты. Алайда қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының дамуына өлшеусіз үлестерін қосқан аталған азаматтардың әдістемелік мұраларын зерттеу және оларға лайықты баға беру әлі де болса кең көлемде қолға алынбай, арнайы зерттеу нысанына айналмай келеді. Осы мәселелердің басын ашуда алғашқы ғылыми ізденістер ретінде қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының негізін қалаушы А. Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын зерделеген А. Қыдыршаевтың, белгілі әдіскер - ғалымдар С. Жиенбайұлы пен Ш. Сарыбаевтың әдістеме ғылымын дамытудағы орнын анықтауға арналған Л. Ерменбаева мен А. Орынбаевтың ғылыми еңбектерін атап айтуға болады.

Біртума ғалым, қазақ халқының тұңғыш лингвист-профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың мол мұрасын кейінгі ұрпақ игілігіне айналдыру бағытында соңғы жылдары лингвистикалық тұрғыдан бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, Ж. Тектіғұлова, Н. Сәдуақас, М. Миров, А. Омарова, Ф. Терекова, Ж. Сұлтан, А. Жұбанова, Ә. Оралбайдың ғылыми еңбектері - құнды зерттеулер. Аталған еңбектерде профессор Қ. Жұбановтың тіл білімі, тарихи грамматика, әлеуметтік лингвистика және психолингвистика проблемаларына қатысты іргелі ой-тұжырымдары мен ғылыми ұстанымдары жан-жақты сараланып, ғалымның аталмыш ғылым салаларын дамытудағы орнына жоғары баға берілген.

Диплом жұмысының өзектілігі: Қ. Жұбанов қазақ лингвистикасының ғылыми негізін қалыптастырушы ғана емес, қазақ тілін пән ретінде орта мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытудың ғылыми-дидактикалық өзекті мәселелерін шешуді жаңа танымға негіздеген әдіскер-ғалым, түрлі әдіс-тәсілдерін өз еңбектері арқылы көрсете білген шебер әдіскер болғаны анық. Белгілі ғалымдар Р. Сыздықова, Н. Оралбаева, Ф. Оразбаева, А. Калюжный, М. Жұбанова, О. Бүркіт, Н. Берікұлы, Ж. Нұржанова, А. Кенжеғұлова және тағы басқалар Қ. Жұбановты қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының бастауында тұрған ірі әдіскер-ғалым ретінде танып, оның әдістемелік тұрғыдан құндылығы жоғары еңбектеріне жоғары баға беріп, әдістемелік мұрасының үздік тұстарының күні бүгінге дейін ғылыми-зерттеу нысанына айналмай отырғанын атап көрсетеді. Олай болса, зұлмат жылдары арамыздан жазықсыз аластатылып, кешегі тоқырау заманында мол мұраларын оқып-зерделеуге тыйым салынған біртума ғалымның әдістемелік тұрғыдан құнды еңбектерін зерттеп, зерделеп, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының бастауында тұрған профессор Қ. Жұбанов еңбектерінің маңыздылығын анықтауға, оның әдістемелік мұрасын ағарту саласы қызметкерлері арасында насихаттауға және кейінгі ұрпақтың игілігіне айналдыру жолдарын көрсетуге мүмкіндік тумақ. Бұл әдістеме ғылымының дамуындағы сабақтастық пен дәстүрлер жалғастығын көрсетуге, оның қазіргі даму деңгейін саралап, келешек даму жолдарын болжауға ықпал етері ақиқат.

Диплом жұмысының міндеті мен мақсаты: диплом жұмысының негізгі мақсаты - Қ. Жұбановтың тілдік және әдістемелік мұраларына шолу жасау.

-ғалымның қазақ тіліне, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты еңбектерін жинақтау, саралау және оның ғылымның дамуындағы маңызын көрсету;

-ғалымның ғылыми-шығармашылық өсу жолын тілдік және әдістемелік еңбектері тұрғысынан анықтау;

-ғалымның тілдік және әдістемелік ізденістерінің тіл білімінің барлық салаларын қамтығанын көрсете отырып, тарихи-салыстырмалы тұрғыдан талдау жасау;

-профессор Қ. Жұбановтың ғылыми-әдістемелік көзқарастарының қалыптасуына ықпал еткен тарихи-әлеуметтік жағдайды анықтау;

-Қ. Жұбановтың ғылыми-әдістемелік ой-пікірлерінің өміршеңдігін, оның қазіргі қазақ тілі және әдістеме ғылымымен сабақтастығын дәлелдеу.

Диплом жұмысының ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы: профессор Қ. Жұбановтың ғылыми-әдістемелік мұрасының жалпы қазақ тілін және қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымын дамуытудағы орны, ғалымның тілдік және әдістемелік ой-тұжырымдарының қазақ тілі және әдістеме ғылымының қазіргі дамуына ықпалы, ғалымның пайымдауларының қазіргі қазақ тілі және әдістеме ғылымының негізгі қағидаларымен сабақтастығы.

Диплом жұмысының құрылымы: д иплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


1 Қ. Жұбановтың тілдік мұрасы

1. 1 Қ. Жұбанов - қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаған тұңғыш лингвист

Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаған тұңғыш лингвист-профессор, белгілі қоғам қайраткері, өз заманының озық ойлы азаматы Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың ғылыми-шығармашылық еңбегі тіл білімінің әр түрлі салаларын қамтиды. Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны - Мемлекеттік Педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және профессоры (1932-37), Ағарту Халық комиссариатының коллегия мүшесі, бағдарламалар мен оқулықтар бөлімінің меңгерушісі, мемлекеттік терминология комиссиясының төрағасы, Мемлекеттік Терминком бюллетенінің бас редакторы (1933-37), КСРО Ғылым Академиясы Қазақстан филиалының лингвистика секторының меңгерушісі, қазақ тілінің Академиялық сөздігінің бас редакторы, КСРО Ғылым Академиясы қазақ филиалы Ғылыми Кеңесі мен Президиум мүшесі (1936-37), Қазақстандық Ұлт мәдениеті Ғылыми-зерттеу институтының Ғылыми Кеңес мүшесі (1935-36), Бүкілодақтық жаңа әліп орталық комитетінің Қазақстандық мүшесі (1935-37) сияқты сан-салалы қызмет түрлерін өмірінің соңғы жылдарын дейін қатар атқара отырып, Қ. Жұбанов қазақ тіл білімі ғылымының іргетасын қалап қана қоймай, оның орта мектептен бастап жоғары оқу орындарында оқытылуының өзекті мәселелерімен айналысты.

Жалпы, Қ. Жұбановтың ағартушы ретінде еңбек жолын бастаған шағы мен танымал ғалым, қоғам қайраткері атанған кемелдену кезі ел өміріндегі үлкен тарихи-әлеуметтік оқиғаларға толы ХХ ғасырдың басымен тұспа-тұс келді. Бұл кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдай, ғылым мен мәдениеттің даму деңгейі Қ. Жұбановты ірі тіл маманы - ғалым, қоғам қайраткері ғана емес, тілді оқыту әдістемесінің ғылыми негізде қалыптасып, жан-жақты дамуына үлкен үлес қосқан әдіскер- ғалым ретінде де танытады.

Жалпы, ХХ ғасырдың басы қазақ даласына үлкен өзгерістер әкелгені белгілі. Бұл өзгерістердің халық үшін тиімді тұстарымен қатар жағымсыз жақтары болғаны анық. Алдымен ХІХ ғасырдың аяғындағы патша үкіметінің отарлау саясатының күшейе түсуі, қазақтардың өз ата-мекендерінен күштеп қуылып, құнарлы жерлерге ішкі Ресейден қоныс аударушылар мен казак әскерлерінің орналастырылуы қазақ қоғамындағы аграрлық және ұлттық мәселелердің шиеленісе түсуіне әкелді. Алайда қазақ халқы отарлық езгіні тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана емес, рухани жағынан да бірдей көрді. Мұның бәрі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына ұласқаны тарихтан белгілі. Осындай күрделі кезеңде қазақ қоғамының демократтық-ағартушылық бағыттағы зиялы қауым өкілдері елде өрістей бастаған жаңа қоғамдық-саяси қозғалыстың көшбасшысы ретінде ұлттық-демократиялық мақсат-мүдделерді алдыңғы орынға қоя бастады. Олардың ішінде, әсіресе, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, М. Жұмабаев және тағы басқа қайраткерлердің рөлі ерекше болды. Олар сол кезде шығып тұрған қазақ ұлттық басылымдары төңірегіне жиналып, бірлесе қимылдау, қосылып іс-әрекет ету мәселелерін жиі қозғай бастады. Мұның өзі кездейсоқтық емес еді. Ғасыр басында шығып тұрған қазақ басылымдары сол кездегі қоғамдық хал-ахуалдың айнасы ретінде қалың көпшілікке жол сілтеп, ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосты, болашаққа бағыт-бағдар берді. Мұндай басылымдар қатарында «Серке», «Айқап», «Қазақ», «Сана», «Еңбекші қазақ» сияқты газет-журналдар болды. Солардың ең ірісі де, өмірлісі де 1911-15 жылдары белгілі ақын, журналист М. Сералиннің редакторлығымен шығып тұрған «Айқап» журналы еді. Бұл журнал халықтың рухани ағарып, оң-солын тануына, өнер-білімге ден қойып, ғылымға ұмтылуына жағдай жасады. Журнал бетінде қазақ оқығандары заманалық мәселелерді көтеріп, өз ой-пікірлерін ортаға салып отырды. Халық арасында өнер-білімді таратып, рухын ұштауда, санасын тәрбиелеуде аталған демократиялық баспасөздің ықпалы күшті болды.

1913 жылдан бастап шыға бастаған «Қазақ» газеті оның редакторы А. Байтұрсынұлының анықтағанындай, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді [1, 146 б. ] . Аталмыш басылымның халық өміріндегі ерекше орны туралы белгілі ғалымдар Б. Әбілқасымов пен А. Мектептегі былай тұжырымдайды: « Газет төңірегіне топтасқан білімпаз азаматтар жер мен ұлт тағдыры, оқу-ағарту ісі, мемлекеттік құрылыс сияқты маңызды мәселелер туралы өз пікірлерін ашық жазып, патша үкіметінің отарлау саясатын қатты сынға алып отырды. Үкіметке демократиялық бағыттағы талаптар қоюмен қатар қазақ зиялылары халықтың саяси сана-сезіміне әсер етуге ұмтылды. М. Дулатовтың «Оян, қазағындағы», А. Байтұрсыновтың «Масасындағы» ұлттық намысты қайрау, халық санасын ояту идеялары «Қазақтың» беттерінде нақтылана, өткірлене түсті. «Қазақ» газеті ұлт мүддесіне байланысты қай мәселені болмасын батыл көтеріп, ой-пікірлерін өткір айтуға машықтанды. Әсіресе, ана тілінде білім беру мен оқыту әдістері, бағдарлама, әліпби және емле мәселелері туралы ұсыныстары күні бүгін де өзінің мән-маңызын жойған жоқ деуге болады. «Қазақ» газеті ұлт ақыл-ойының қайнар көзі бола білді» [2] .

Заңғар жазушы М. Әуезов А. Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнап жасаған баяндамасында бұл газет туралы төмендегідей пікір айтқан: «Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын.

Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ал басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіріп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын»[3] .

Бұл пікірдің дұрыстығын газеттің 1913 жылғы санында жарияланған А. Байтұрсынұлының «Оқу жайы» атты мақаласы дәлелдей түседі. Мұнда ғалым мәдениетті елдер мен мәдениетсіз елдерді салыстыра келіп: «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның бар байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі бұл заманда не нәрсе болмасын машинаға айналды. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ - бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат . . . Қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Осы заманғы жан таңқаларлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген - ғылым. Дүниенің бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алдырған да ғылым», - [1] деп, өнер мен ғылымның ұлт мәдениеті мен экономикасын өркендетудегі маңызын атап көрсетті. Мұнан әрі ғалым: «Халық түзелуінің үміті - жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қоятын жұмыс», - [1] деп қорытады.

Міне, осындай тарихи-әлеуметтік тартысқа толы жағдайда қазақ даласында 1917 жылғы төңкерістің нәтижесінде жер-жерде кеңес үкіметі орнады. Кеңес үкіметі езілген халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысатындығын бірінші күннен-ақ жариялағанымен, қазақ қоғамының зиялы өкілдері бұл сөздерге сене қоймады. Сондықтан 1917 жылы Орынбор қаласында қазақ даласындағы шиеленіскен мәселелерді шешу үшін «Алаш» партиясы құрылды. Бұл қазан төңкерісі нәтижесінде орнаған большевиктік билікке қарсы тосқауылдың бір түрі еді.

Қазақ қоғамындағы осындай шиеленіскен тарихи жағдай туралы белгілі тарихшы-ғалым М. Қойгелдиев былай пайымдайды: «Алашордашылардың бағдарламасында ұлт қамы, мемлекеттік құрылыс, жер, дін, сот, оқу-білім мәселелері толық қамтылды. Алайда 1919 жылы қазақ жерінде жаппай кеңес үкіметінің орнап, күш алуына байланысты «Алаш» партиясы өз жұмысын тоқтатты. Ал оның кейбір белсенді мүшелері кеңес үкіметі жағына шығып, жұмыс істей бастады. Олар кеңес үкіметінің білімді, оқыған ұлт кадрларына аса зәру екенін жақсы түсіне отырып, сауатты қазақ азаматтарын мемлекет басқару жүйесіне енгізу арқылы халыққа идеялық ықпал жасауды көздеді. Сөйтіп, кеңес үкіметі ескермей отырған ұлттық мүдделерді қорғау үшін оқу-ағарту, мерзімді баспасөз, ғылыми орталықтарды кеңінен пайдалану бағытында ауқымды шараларды қолға алды. Кеңестік билікке ұлттық мүддені жоғары қойып, ол үшін күресе алатын сауатты ұлт кадрлары қажет емес еді, оларға керегі орталықтың түрлі директиваларын бұлжытпай орындап отыратын «басқарушы кадрлар» еді. Осындай кадрлардың «басшылығымен» 1932-33 жылдардағы жалпы ұлттық трагедияға алып барған байлардың мүлкін тәркілеу, көшпелі қазақтарды отырықшыландыру, ұжымдастыру сияқты күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар іске асырылды. Ұлттық кадрларды жүйелі түрде ылғи да саяси қудалауға алып, жазалап отыру, әсіресе, 1937-38 жылдардағы оның ең белсенді және кемел бөлігін репрессиялау саясаты элитаның азып-тозуына алып келді»[4] .

Әйтсе де, қазан төңкерісі нәтижесінде дүниеге келген кеңес мемлекеті бастапқы кезде халықты феодалдық езгіден құтқару, жер және тағы басқа табиғат байлықтарын бөліп беру, халықты жаппай сауаттандыру сияқты ізгі мақсат-мүдделерді де алға тартқаны белгілі. Осыған орай халықты жаппай сауаттандыру, қоғам өмірінде қолданысқа еніп жатқан жаңа ұғымдарды қалың жұртшылыққа түсіндіру сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді шешу қажет болды. Жаппай ілім-білімге ден қойған қалың жұртшылықтың сұранысын өтеу үшін қазақ зиялылары ғылымның әр түрлі салаларына арналған оқу құралдарын, сөздіктерді, әдістемелік және ғылыми-танымдық әдебиеттерді көптеп шығара бастады. Олардың қатарында сол жылдары жарық көрген Қ. Жаленовтің «Есептану», Е. Омарұлының «Пішіндеме», Қ. Сәтбаевтың «Алгебра», А. Байтұрсынұлының «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш», Т. Шонанұлының «Қазақтың жер мәселесі тарихы», Қ. Кемеңгерұлының «Қазақ халқының тарихы», М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы», М. Жұмабаевтың «Педагогика» және тағы басқа көптеген еңбектер болды. Бұл еңбектер өз заманындағы ілім-білімге ұмтылған қалың көпшіліктің игілігіне айналды.

Осы тұста қоғамдағы жаңа қатынастар мен жаңа ұғымдарды халық санасында қалыптастыруда қазақ тілінің бар мүмкіндігін пайдалану мәселесі алдыңғы орынға шықты. Сонымен қатар қазақ тілін ғылыми негізде зерттеу мәселесі де күн тәртібіне қойылып, бұл міндетті әдістемелік тұрғыда шешу туралы талап-тілектер қойыла бастады. Қазақ зиялылары ұлттық тілдің ерекшеліктеріне, оның қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәніне назар аударумен қатар, тілді оқыту туралы құнды ой-пікірлерін «Айқап», «Қазақ», «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Ауыл мектебі» сияқты басылымдарда жариялап отырды. Бұдан қазақ тілінің сол кездерде қоғам өмірінде айтарлықтай орын ала бастағанын көреміз. Сондай-ақ өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ зиялылары ана тіліміздің болашақтағы орнын анықтауға ұмтылды. Сондықтан халқымыздың зиялы қауым өкілдерінің еңбектерінде Ыбырай Алтынсарин негізін салған ағартушылық бағыт жалғасын тапты. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ зиялыларының заман жүктеген абыройлы міндетті үлкен қажырлылықпен, табандылықпен орындап шыққанын айта отырып, белгілі ғалым М. Мырзахметов былай дейді: « . . . бодандық езгісіне түскен Ресей империясындағы барлық түрік халықтарынан шыққан зиялы топ, әсіресе, ең артта қалды деген көшпелі қазақ қауымының дарынды ұлдары таудан атылған вулкандай от бүркіп, саясат пен ғылым саласында айрықша көзге түсті. Саясат арбасын одақ көлемінде ұршықша үйіріп, дөңгелете жөнелген Тұрар Рысқұлов, ғылым мен өнер саласында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, тағы басқалар, ал тіл ғылымы саласында Құдайберген Жұбанов жаңа туған шолпан жұлдыздай жарқырап, туған халқының ой-санасына нұр сәулесін шаша түсті» [5] .

Қоғамның саяси өміріндегі қарама-қайшылық, әсіресе, 30-жылдардың аяғында өрши түсті. Бұл кезде кеңес мемлекетінің басшылары қуғын-сүргін саясатын тереңдету әрекетін жүзеге асырды. Бұл туралы белгілі тарихшы, профессор Н. Абдоллаев былай деп жазады: «Билеуші партияның мемлекеттегі ұйымдастырушылық, саяси-көпшілік бағыты кеңес халықтарының дәстүрлі қарым-қатынасын, этникалық ерекшелігін шектеуші сипат алды. Рухани қазына иелері, яғни ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдерінің көзқарастары мен еңбектерінен мемлекеттік саясатқа қарсы ұмтылыстар ізделіп, зиялылары қуғын-сүргінге ұшырады . . . » [6] . Осы заманда мемлекеттік жүйенің нығая түсуімен қатар бірте-бірте бұрынғы «Алаш» партиясына қатысқандарды, сондай-ақ өлкедегі әлеуметтік-экономикалық қайта құрылыстардың қарқыны мен әдістері туралы мәселеде өзіндік ой-пікірлері бар республиканың басшы қызметкерлерін саяси қудалау мақсатты түрде жүзеге асырыла бастады. 1937-38 жылдары Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Жандосов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Л. Мирзоян, Ж. Сұлтанбеков, Т. Жүргенов және тағы басқалар өтірік жаламен жазаланды. Сонымен қатар қазақтың ғылымы мен мәдениеті де орны толмас шығынға ұшырады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Қ. Жұбанов, Ж. Шанин, Т. Шонанов, Қ. Кемеңгеров және тағы басқалар кінәсіз жазалаудың құрбаны болды.

Сөйтіп, 20-жылдардың соңы мен 30-жылдары терең бой алған мемлекеттік саяси ахуал қоғамдық-саяси өмірдің барлық салаларында бекіді. Олар күшпен ұжымдастыру мен 1937-38 жылдардағы саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасып жатты. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар тоталитарлық жүйенің қатаң идеологиялық қыспағында өтті. Осының бәрі Қазақстанның КСРО құрамындағы болашақ даму жолын айқындап берді» [6] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғылыми революциялардың құрылымы
ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВТЫҢ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Сөз таптарының мәселелері
Құдайберген Жұбанов және қазақ тіл білімінің қолданбалы саласы
Ғалым Құдайберген Жұбановтың тіл біліміндегі орны, әдістемелік еңбектері
Қ.жұбановтың зерттеулеріндегі ұлттық дидактикасының мәні мен маңызы.
Қ. Жұбанов - Яссауйтанушы ғалым
Қ.Жұбанов зерттеулеріндегі тіл мен мәдениет сабақтастығы
А. Жұбановтың шығармашылығы
Қазақ тілі сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz