БАЛАЛАР ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ БАСПАЛДАҚТАРЫ


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 БАЛАЛАР ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ БАСПАЛДАҚТАРЫ
1. 1 Қазақ балалар драматургиясының туу жолдары . . . 6
1. 2 Балалар драматургиясының зерттелу деңгейі . . . 35
2 ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ДРАМАСЫНЫҢ ШАҒЫН ТҮРЛЕРІ
2. 1 Балалар драматургиясындағы тақырыптар мен образдар жүйесі . . . 41
2. 2 Балаларға арналған күрделі пьесалар . . . 55
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 61
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 64
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзекті мәселелері:
қазақ балалар әдебиетінің зерттелуі жағынан кенжелеп қалған бір саласы - балаларға арналған драмалық туындылар. Жалпы қазақ драматургиясының тууы, дамуы және қалыптасуы дегенде, қазақ балалар драматургиясының өзіндік даму жолын, ерекшелігін сараптау қажеттілігі туады. Қазақ балалар драматургиясының бастау көздерін іздегенде, қазақ ауыз әдебиеті үлгілеріне тірелеміз. Балаларға арналған сұрамақ, қаламақ, айтыс ойындар, мақал-мәтелдер, ертегілер мен аңыз әңгімелердің қазіргі балалар драматургиясының тууы мен қалыптасуына ықпал етті деуге негіз толық. Жаңа үрдіс бір күнде тумайды, ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен және ұрпақтан ұрпаққа берілетін рухани игіліктің негізінде дамиды. Ұлттық әдебиетіміздің рухани уызы - ауыз әдебиеті балалар драматургиясының да бастау көзі екені белгілі.
Балалар драматургиясы қазақ әдебиеттану ғылымында мүлде аз зерттелген, тіпті кенже қалған сала екені анық. Балаларға арналған драмалық шығармалардың зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалуы балалар драматургиясының кенжелеп дамуымен байланысты деуге де болады. Әйтсе де, қазақ балалар әдебиетіне, қазақ балалар драматургиясына арналған бірен-саран зерттеулер мерзімді баспасөз беттерінен орын алды. Балаларға арналған драмалық шығармалар оқулықтар мен хрестоматияға арнайы түрде кіргізілмесе де мектеп, балабақшаларда ертеңгіліктер мен мерекелерде жас жеткіншектерге жол тауып жатты. Әсіресе, балаларға арналған "Ұлан", "Ақ желкен", "Балдырған" сияқты газет-журналдар арқылы шағын пьесалар, мерекелік қойылымдар балаларға жетіп отырды. Қазақ балалар драматургиясын кенжелеп туды десек те, оның тууы мен дамуына бағдар жасай отырып, балаларға арналған драмалық туындылардың қазіргі кезде қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір арнасы болып қалыптасқанына көз жеткіземіз.
Жалпы қазақ балалар драматургиясы әлі де сарапталып, балалардың жас ерекшелігіне, шығарманың жанрлық сипатына, көркемдік тұрғыда жан-жақты қарастыруды қажет етеді.
Диплом жұмысының жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы: қазақ балалар драматургиясының мәселесі бірен-саран жекелеген мақалалар көлемінде болмаса, көп зерттеліне қоймаған тақырып. Сондықтан әлем әдебиеті, әлем әдебиеттану ғылымы тәжірбиесіне сүйене отырып, балалар драматургиясының негізгі заңдылықтары сараланады. Әдебиеттің басқа салалары сияқты қазақ балалар драматургиясындағы дәстүр тарихы, дәстүр тағылымы дәйектеледі. Қазақ балалар драматургиясының туу, қалыптасу жолы, заңдылықтары көрсетілді. Қазақ балалар драматургиясның дамуына үлес қосқандар іріктеліп, олардың стиль ерекшеліктері де біршама талданды.
Жұмыстың нәтижелерін жоғары және орта арнайы оқу орындарының филология факультеттерінде «Балалар әдебиеті» пәнін оқытқанда, жекелеген арнайы курс, арнайы семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады. Орта мектептердегі бастауыш сыныптарды оқытудың әдістемесінде де қолдануға болады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері
: қазақ балалар драматургиясының өзіндік даму жолы бар жеке арна екенін айқындау, балаларға арналған драмалық туындыларды жіктеп, жас ерекшелігіне сәйкес саралап, олардың көркемдік дәрежесін ашып көрсету - жұмыстың мақсаты болып табылады. Осы мақсаттан барып зерттеудің мынадай міндеттері шығады:
- қазақ балалар драматургиясының туу кезеңін анықтау, алғашқы
пьесаларға талдау жасау;
- қазақ балалар драматургиясын кезең-кезеңге жіктеп, кейіпкерлердің жас ерекшелігіне қарай сараптау және әр жастағылар үшін жазылған
туындылардың ерекшеліктерін ашу;
- балалар драматургиясындағы ұлттық реңктің мәнін ашу, ұлттық бояудың көркем туындының көркемдік сипатын негіздеудегі рөлін көрсету;
- драма жанры ерекшеліктеріне сай қаламгерлердің бейне жасаудағы табыстары және олардың стиль ерекшеліктерін айқындау;
- балаларға арналған драмалық шығармаларды тақырыптық, идеялық, бейнелілік тұрғысынан таразылап, дәстүр мен жаңашылдық нысанасы тұрғысынан қарап мәнін ашу;
- балаларға арналған драмалық шығармалардың көркемдік, тілдік, жағына назар аударып, олардың ұқсастығы мен өзгешелігін анықтау.
Зерттеу обьектісінің теориялық - әдіснамалық негіздер: ж
ұмысты жазу барысында қазақ әдебиетінің XX ғасырдағы тарихы және әдебиет теориясы бойынша жазылған М. Әуезовтің, Ә. Қоңыратбаевтың, З. Ахметовтың, С. Қирабаевтың, З. Қабдоловтың, Р. Нұрғалидың іргелі зерттеулері, сондай-ақ драматургия жанрын, балалар әдебиетін зерттеуші ғалымдар Ә. Тәжібаевтың, С. Ордалиевтің, Ш. Ахметовтың, М. Дүйсеновтің, Б. Ыбырайымның, Қ. Ергөбековтың ғылыми жұмыстары әдіснамалық негіз ретінде алынды. Сондай-ақ, орыс ғалымдары В. Г. Белинский, М. Горкий, И. Ф. Волков, еңбектерінің теориялық қисындары да жұмысымызға ғылыми тірек болды.
Зерттеудің дереккөздеріне, негізінен әр жылдарда мерзімді баспасөздерде жарық көрген пьесалар мен Е. Елубаевтың "Өжет"(1984), Б. Ысқақовтың "Кішкене театр"(1959), Ә. Табылдиевтің "Тәрбие өрнектері"(1989), "Тағылым"(1995), С. Жүнісовтың "Қызым, саған айтам"(1978), "Пионер театры"(1980), "Шағын пьесалар"(1962), Ы. Мұсаұлының "Тауан"(2000) т. б. жинақтарға кірген пьесалар негіз болды.
Диплом жұмысының құрылымы : диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
1 БАЛАЛАР ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ДАМУ БАСПАЛДАҚТАРЫ
1. 1 Қазақ балалар драматургиясының туу жолдары
Балалар әлемі - өзіндік ерекшеліктері мол, күрделі де қызықты әлем. Сол әлемге еркін еніп, небір нәзік сыр-сипаттарды сезімталдықпен танып, зерделілікпен зейін салу, зергерлікпен бейнелеу - қаламгерлер қауымы үшін үлкен сын. Одан өту үшін «Балалар жазушысы болып туу керек». Өйткені, балалардың ойлауында, дүниені тануы мен араласуында өзгеше сипат бар. Соны түсіну, әрі балғындар риза болатындай бейнелеу - шеберлік. Тегінде өмір, орта атты үлкен ұяда неше алуан нәрсе болуы мүмкін. Әдебиет соларды қалай көрсетеді, нені көрсетеді, дәуір, замана сырын қалай бейнелейді деген мәселенің әрқашанда күн тәртібінен түспеуі де сол себептен. Көзі жаңа ашылған қайнардың қай арнаға бет алуы - ағысты мөлдір өзенге ұласуы, немесе су аяғы құрдымға кетуі табиғаттың ықпалына байланысты. Оң-солын танып үлгермеген, өмірдің ұзақ жолына түсіп, жан-жағына аң-таң болып қарайлап келе жатқан бала үшін де әдебиеттің рухани-эмоциональдық әсері сол секілді ерекше. Қалыптасқан іргелі дәстүрдің тарихи-тәжірибесінен тамыр алған әдебиеттің, реализм, романтизм әдебиетінің уақыт сырының нақты да тірі куәсіндей образдары балалар үшін шындықтың өзіндей нанымды, әрі ерліктің, патриоттық пен адамгершіліктің жан сүйсінер жайсаң өнегесіндей. Өмірдің өзінен алынған өнеге қашан да өрендерді өрге бастаса керек. Балалар үшін әдебиет тек қана рухани азық - базарлық болып қана қоймай, рухани тәрбиеші де болса, қадірі арта түспек. Осы ыңғайда орыс әдебнетінің, шетелдердің прогресшіл бағыттағы озық, ойлы әдебиетінің де игі ықпалы болғанын атап айту жөн. Мәселен, Аркадий Гайдардың «Мектеп», «Тимур және оның командасы», Николай Носовтың «Көңілді семья», «Витя Малеев мектепте және үйде» секілді шығармаларының әсері төл әдебиетіміздегі мектеп өмірін өзек еткен әңгіме, повестерден аңғарылса, Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары», «Он бес жасар капитан», Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо», Марк Твеннің «Том Сойердің таңғажайып істері», «Гекльбери Финнің басынан кешкендері», Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері» тәрізді кітаптары әдебиетімізде қызықты хикаялар (приключение), фантастика жанрларының тууына өзіндік себін тигізбеді деу қиын. Бұл, арқылы әрине, аталған шығармалардың айна қатесіз екінші бір нұсқасы, солардың сыңарындай туындылар дүниеге келді деуден аулақпыз. Мәселе түйіні - көркемдік дәстүрлердің әр ұлт әдебиетінде тармақтала жалғасын табуында.
Соңғы жылдардағы қазақ балалар әдебиетіндегі жанрлық-көркемдік жаңалықтар дегенде де ең алдымен сол қызықты хикаялар, балалар фантастикасы жанрларының дүниеге келуін айтамыз. Мәселен, жас фантаст Рысбек Баймахановтың «Шайтанқұмда жоғалған бала» атты кітабындағы осы аттас фантастикалық әңгімесінде туған жердегі құмда келе жатқан баланы аяқ астынан құм жұтып қояды. Әрине, құмға ертегідегідей жан бітіп кеткен жоқ. Бірақ сол бала аяқ басқан тұста құмның тұңғиық тартатын қасиеті бар. Мұның бәрін автор балғын оқырманын сескендіру үшін әңгімелемейді, қайта жаратылыстың осындай жұмбақ, құпия сырын ашуға ынталандырып, батылдыққа баулу үшін суреттейді. Мамандығы физик, жас ғалым-фантаст Рысбек Баймаханов ғылым жұмбағын, дәлірек айтсақ, ғылыми гипотезаны өзіндік ой, позиция айту үшін ұтымды пайдалана білген.
Бұл ыңғайда фантастика саласындағы ізденістер Абдулхамид Мархабаевтың «Арал әуендері», Төлеш Сүлейменовтың «Күн сынығы» кітаптарынан да аңғарылады.
Соңғы жылдары балалар әдебиеті саласына қызықты хикаялар жанрының қанат жая бастауы - қуанарлық жай. Қызықты да күтпеген оқиғалар, тосын шешімдер, шиеленіскен түйіндер жас оқырманды әрқашан қызықтырып, олардың тапқырлыққа, батылдыққа, жігерлілікке баулитыны, қиялын қанаттандыратыны белгілі. Шым-шытырық сюжеттік желілер, соған орай ашыла түсетін күрделі характерлер тағдырлары мен табиғаты балалар ойын шынықтыра түсуге қалай да өзіндік себін тигізбек. Тек шиеленіскен сюжеттік желілер жасау өмір, характер күрделілігін танытудан гөрі автордың өз қиялына өзі тым елігіп кетіп, қолдан тудырғаи құйтырқысы болмасын деңіз. Ал, белгілі бір ұнамды ой айтуға бағытталған шұрайлы шығарма баланың «басын қатырмайды», қайта оның көзқарасы қалыптасуына әсер етіп, арман-қиялына, қимыл-әрекетіне түрткі болады. Осы түрғыдан қарағанда Сайлаубай Жұбатыровтың «Алыстағы аралдар» кітабына енген кітап аттас повесі - көңілден шыққап сәтті барлау. Оқушы балалардың алыстағы аралға бет алуы, қиындықтан мойымай, қажырлылық, тапқырлық көрсетуі көңілге біршама жылы әсер қалдырады. Рас, Жюль Верннің «Он бес жасар капитанын» еске салатын ұқсастықтар да бар. Екі шығарманың да орталық кейіпкерлері - балалар, екеуінде де теңіздегі дауыл, балалардың батылдықтары суреттеледі. «Он бес жасар капитанда» шым-шытырық оқиғалардың тууына себепкер әлеуметтік жағдайлар, қоғамдық-саяси қайшылықтар болса, «Алыстағы аралдарда» қызықты оқиғалар балалардың құштарлығына, құмарлығына ғана байланысты өрбиді. Бұл арада біз Сайлаубайды атақты жазушының шығармасын мысалға келтіре отырып, өмір айдынының тереңіне бойламай, бетінде қалқып жүрсін деуден мүлдем аулақпыз. Біздің назар аударып отырғанымыз - әдебиетіміздегі творчестволық-рухани байланыстар. Сайлаубай бүгінгі балалардың қиял-құштарлығын жақсы сезініп, кейіпкерлердің іс-әрекетін жүйелеуде де, оқиғаларды өруде де ысылғандық танытқан. Жюль Верн шығармасындағы теңіз, жалпы табиғат - әлеуметтік теңсіздік, қайшылықтар әлемі ретінде көрінсе, «Алыстағы аралдарда» теңіз, дауыл т. б балалардың батылдығы мен байыптылығын сынайтын, әрі шыңдайтын романтикалык, әсерлі әлем ретінде көрінеді.
«Отты өткел» де - шиыршық атқан оқиғаларға толы, детективтік сипаты бар туынды. Алтыншы кластың оқушысы Көбен деген баланың құм ішінде кездейсоқ алтын алқа тауып алғанын алыстағы қалада жатып естіген студенттер - Жақан мен Марленнің және ғалым атын жамылған алаяқтар - Әлиакпар, Мамай, Төрттағанның қиырдағы құмға келуі - әр түрлі талап пен тілектің соңына түскендіктен. Тарихшы студенттер ғылымда бұрын-соңды жаңалық ашудан дәмелі болса, ғалым атын жамылған алаяқтар Құлан-шөл Элдорадосынан қисапсыз қазына тауып, пайдаға шаш етектен батып калмаққа алып ұшқан.
Құмның шекеден өтіп шөкелеткен ыстығына, танауды тығындаған сұртүнек боранына шыдай алмаған, әрі межелі жерге жақындаған сайын қазынаны өзгеден гөрі көбірек қарпып қалсам деген қарақшылардың шын сиқы бірте-бірте сын сәттерде ашылады. Бұл повесте ең бастысы - табиғаты, тағдыры, түсінігі әр қилы адамдар бар, олардың өзара қарым-қатынасы, қақтығысы, жарық дүние үшін күресі, жапа шексе де тұяқ серіппей жан бергісі келмейтін жандардың жігерлі рухы бар. Томырық Төрттаған, әккі Әлиакпар, обыр, зәндемі Мамай, берекесіз шал Шәкіман, зейінді бала Көбен, ер көңілді жас жігіт Жақан, кайсар Марлен секілді мінез ерекшеліктері, бітімі әрқилы характерлерді Сайлаубай жап-жақсы таныта алған. Жас жазушы уақыт, кеңістік сырын да жақсы сезініп, нақты бейнелей біледі. Шамадан тыс шалқу да, әл-дәрмені жетпей әр тұстан бір қалқу да жоқ дерлік. Кейіпкерлерінің сөздерін, іс-қимылдарын шашау шығармай түйіндей білу де - Сайлаубайдың қаламы айтарлықтай төселіп қалғап талантты жазушы екенін танытады.
Қияндағы құмға қазына іздеп келіп, қиындыққа шыдамай жүзіне ызбар жинап, қырық пышақ болған жандардың күн қақтаған қызыл құмда қан жоса болған сәттері неден туды, тамыры неде деген сұрауға автор өзі ишаралап жауап береді. Тарихтың, жалпы табиғаттың құпия қатерлі жұмбақтарының шешілмеу себебі неде деген сұрауға жауапты да табамыз, Көбеннің шөлден сілесі қатып, діңкесі құрыған сәтте қарақшылар соншама таласқан «шынжыр баулы қымбат дүниені бар күшінің жеткенінше» алысқа құлаштап лақтырғандағы ойы - «Сары айдаһар (құмды айтып отыр), біз сені сөйлете алмадық - сенің қымбат құпияң өзіңде қалды. Қайта сен бірлігі жоқ бізді жұтып қоя жаздадың. Демек, сені мойынсұндыруға біз әлі де дайын емес екенбіз. Сен енді өз мекеніңде ең ержүрек, ең-ең таза ойлы адамдарды күтіп тып-тыныш жата бер» [1] . Бұл - кейіпкерлер қатыскан бірді-екілі оқиғадан соң автордың ырқымен төтеннен төнген түйіні деуден гөрі шөлде өткен біраз күнде қасындағы серіктерімен бірге талай азап-тауқыметті бастан кешкен баланың көзі жеткен, өзі тапқан шындығына көп жақын. Бұған илануға болады.
Жас жазушы кейіпкерлерінің көңіл-күйін, бітімін де, объектіге алған жердің де келбетін, табиғат мінезін жақсы біледі, әрі нақты, тартымды суреттейді. «Сәлден соң шілденің қысқа түні қылаңытып, көкжиектен таң саз бергендей болды. Жұлдыздардың нұры тайып, қара барқыт аспанға бозамық кілегей перде тұтылды.
Өліараға ауған тозыңқы жартыкеш ай туып келеді екен. Мыс бақырдай балқып көтерілген айды көріп, Көбен тіктеліп отырды. Шөлде туған ай суреті әдеміден гөрі біртүрлі қорқынышты еді. Дәл осыны Көбен бұрын да талай байқаған . . . Бірақ та осындай қол созым жерден бақырайып, жалқындап туған, сынық табақтай, сүйкімсіз бір кесек дүниені осынша жақыннан көрмеген сияқты еді . . . Өлі киттердің жондарындай дөңкиген құм шағылдардың арқаларына қаймақшып, қызғылтым суық бояу жағылды. Осы бір көрініс шөл суретін тіпті кұлазытып жіберді» [1] . Шөлдегі айлы түннің көрінісі көзбен көріп, қолға ұстарлықтай айқын көрінбей ме? Талай көрген таныс сурет сырын Сайлаубай әдемі жеткізген. Бір қарағанда теңеулер көп сияқты. Бірақ осының бәрі бірі-біріне мінгесіп, шатасып жатқан жоқ. Немесе, біріне-бірі үйлеспей, қитар көздер секілді атысып-шабыспайды да. Баланың көзқарасына сәйкес нақты, ширақ, бейнелі. Сұсты пейзажға сескене қараған Кебеннің көңіл күйін автор тап басып, дәл таныған. Демек, бұл арада автордың интуициясы мен интеллектісі тұтасып, біріне-бірі қуат берген деп айтуға толық негіз бар. Егер тек қана интуиция тізгін алып кетсе, пейзаж шамадан тыс тәмпіштеліп, кейіпкердің көңіл күйі, келбеті көлегейленіп қалар еді.
Балалар қызыға оқитын осындай шығармада «апырай, осы шын ба, өтірік пе» деген күмән тудыратын немесе себеп-салдары белгісіз сәттер де кездеседі. Біріншіден, қияндағы құмда Көбеннің алтын дүниені тапқандығынан шалғандағы қала студенттерінің, алаяқтардың құлақтануы, екіншіден, зіңгіттей жігіттердің қаладағы санаулы тарихшы-археологтарды білмей, тонын айналдырған алаяқтардың соңынан ілесіп жүре беруі, үшіншіден, мектеп директорының жалған «ғалымдардың» куәліктерін көзімен көрмей-ақ жәрдемдесуі. Міне, осының бәрі шығармадағы оқиғалардың болуы мүмкін бе, жоқ па деген сауал тудырады. Мамай өзі ертіп жүрген қыз Зейнеге мылтық кезеп, зілдене зекиді? Неге? Бұған да жауап табу қиын.
Бірақ қалай дегенмен де туындының қызыға оқылатыны анық. Сайлаубай Жұбатыров - нені жазу керектігін, калай жазу қажеттігін білетін, әрі республикамыздағы балалар әдебиетінің тарихында қызықты хикаялар саласында алғаш қалам тартқан жазушы.
Нұржан Мұраталиевтың «Жасыл көлдің құпия тұрғыны» атты көлемді шығармасы да шытырман оқиғаға құрылған. Жасыл көлден таңғажайып, бұрын беймәлім мақұлық көрген қалалық мектептің жетінші класының оқушысы Еркін өзінің кластастары - Дарын мен Сәтке көрген-білгенін, қатты қорыққанын айтады. Ол мақұлықтың сипаты мынадай: «Судың шетінде тостағандай көзі аларып, аузы үңірейген мақұлық маған тесіле қарап жатыр. Түсі қап-кара. Күжірейген арқасы да судан бір шығып көрініп калды. Және де қолымен судың жағасындағы шөптен ұстай түрғандай көрінді». Оны бұрын-соңды ешкімге көрінбеген беймәлім деп ойлаған балалардың күтпеген жерден пайда болған жұмбақты шешу жолындағы батыл әрекеттері, іскерліктері оқиғалар үстінде көріне береді. Әрқайсысының табиғаты да танылады. Айталық, Сәт қиялшыл болса, Дарын сөзге де, іске де мығым, шымыр, ширақ, ал Еркін сәл жайбасарлау болғанымен байыпты, үшеуі де адал.
Құпия сырын ешкімге білдірмей өздері ашуға бекем бел байлаған балалардың Жасыл көлге барып, қараңғы түннің қалың құшағында ну қамыстың ішінде баспалап, жұмбак мақұлықты іздейтін сәттері, жолбарыс даусын естіп, өздері бетпе-бет ұшырасып көрмеген тағы да әлдеқандай белгісіз аңдарға душар болып жүрексінуі, сонда да алған бетінен қайтпай «операцияны» жалғастыруы балғын оқырмандар қызығарлықтай шиеленістіре, әрі нақты, нанымды суреттелген. Екінші кітабын шығарып отырған жас жазушы сондай ширыққан сәттердегі кейіпкерлерінің көңіл-күйін, қимыл-қозғалысын дәл бейнелейді. Артық кетпей, кем түспей, оқиға ағынынан ауытқымай байыпты суреттеуі, характерлерді даралап, солар арқылы өз философиясын аңғарта білуі Нұржанның мүмкіндігін, ізденгіштігін көрсететіндей.
Аталған шығармадағы Дарын, Сәт пен Еркіннің табандылығы, тәртіптілігі, мұқияттылығы олардың тұрғыластарына өнеге болатыны анық. Құпия жөнінде ешкімге тіс жармай, өз дегенін іске асыруға бет алған балалардың Жасыл көлді картаға түсіруі - кез келген үлкеннің де қолынан келе бермейтін шаруа. Жер бедерін анықтау, көлдің ауданын өлшеу, тура жүруге келмейтін тұстарда компасты пайдалану, жұмбақ түбіне жету үшін теңіз өміріне қатысты анықтамалар мен кітаптарды зейін қоя оқып, зердеге тоқу, өздеріне шабуыл жасаған маскалы белгісіз балалармен шайқасу, оларды жеңіп шығу үшін үнемі дене шынықтырумен айналысу - балалар үшін кәдімгідей сын. Және бұл жайлар қарадүрсін, қарабайыр қиыстырылып отырған жоқ, балалар табиғатына - образ логикасына сай. Шығарма соңында жұмбақ мақұлықтың не екені, белгісіз шабуылшы «шпиондардың» кім екені айқындалғанда, «айтып отырғаны рас па екен» деген күдік сейіліп, Нұржанның оқиғаларды қиыннан қиыстыра білгендігіне, жалаң оқиғаларды қуалап кетпей, кейіпкерлер психологиясындағы тартысты да қалт жібермей қадағалап отыруына сүйсінесіз.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz