ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 67 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Абай дәстүрі - ақындық мектепті ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Сол ақындық мектептің өкілдері Торғай ақындары.
Өзекті мәселелері: Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер қазақта қара сөзге дес бермеген Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсеткен Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы - қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың ең бір осал тартып жатқан тұсы боп қалды.
Абайдан кейін қазақ әдебиетінде оның дәстүрі қалыптасты десек, сол дәстүр ұғымының аясында ұлан-ғайыр дүние қылаң береді. Абайтанушы ғалым Ж. Ысмағұлов бір сөзінде Абай дәстүрі деген ұғымның күрделі екенін, оның реалистік дәстүрін ауызға алғанның өзінде том-том зерттеу еңбектерін жазар едік деген болатын. Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы - Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек. Абай дәстүрін жалғастырушылар тек шәкірттерімен шектелмейді. Сонымен қоса Абай шығармаларымен үндес, Торғай ақындық мектебінде Абай дәстүрі көрініс табады.
Диплом жұмысының мақсаты, міндеттерін,зерттеу теориялық және әдіснамалық негіздері: жұмыстың негізгі мақсаты - ақын айналасының абайтану ғылымындағы орнын белгілеу. Аға буын әдебиет өкілдерінің Абайға әсері және ізбасар шәкірттерді тәрбиелеудегі ақынның рөлі, Абай дәстүрін дамытудағы Торғай ақындарының шығармаларындағы қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық сипатын көрсету.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін дипломдық жұмыста төмендегідей міндеттер алға қойылды:
- Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық ұғымына ғылыми тұрғыдан түсінік беру.
- Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы Торғай ақындық мектебінің шығармаларындағы үндестікті ғылыми тұрғыдан саралап, түсінік беру;
- Текті Торғай ақындарының көлемді туындыларына тақырыптық-көркемдік тұрғыдан талдау жасап, Абай дәстүрінің әсер-ықпалын көрсету.
Абайдың өзгеге берген нәрі, яғни зерттелуі жұмыстың негізгі нысаны Абай мен Торғай ақындары арасындағы әдеби байланыс пен шығармашылық құндылықтары сабақтастырыла, ғылыми тұрғыда қарастырылады.
Абай және Торғай ақындары шығармаларының үндестігі әдеби-теориялық тұрғыда зерделенді. Дипломдық жұмыста көтерілген мәселелердің ғылыми негізделуі мен шешімін табуында осы тақырыпқа қатысты тікелей еңбек жазған зерттеушілермен қоса М. Қаратаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Ж. Ысмағұлов, Ә. Дербісалин, Н. Келімбетов, А. Байтұрсынов М. Әуезов, Е. Ысмайылов, С. Оспанов, А. Құнанбаев, А. Қалиев, С.Негимов, Н. Бектемісов тағы басқа отандық ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысына әдістемелік бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.
Ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы: Абайдың әдеби айналасы, ақынмен тікелей қарым-қатынаста болған әдеби орта өкілдері, олармен арадағы рухани байланыс көздері жаңаша пайымдаулар тұрғысынан зерттеу нысанына алынды;
- Абайға әсер еткен әдеби ортаның ықпалы айқындалды. Абай мен аға буын ақындар арасындағы рухани жақындық көздері айқындалды;
- Ақын шәкірттердің әдеби дәстүрді ұстану жолындағы шығармашылық-көркемдік ізденістері Абай мектебінің біртұтас тақырыптық бірлігі аясында қарастырылды. Абай әкелген жаңашылдық олар: айтыс жанрын игерудегі жетістіктері, дәстүрді қолданудағы ерекшеліктері, аударма өнерін дамытудағы шеберліктері, лирика жанрындағы өлеңдер талданып, әдеби талдау жасалды. Абай айналасындағы аударма үлгісінің қарапайым, еркін, нәзиралық түрінен бастап, классикалық деңгейге дейін өскен эволюциялық даму жолдары айқындалды;
- Абай дәстүрін жалғастырушы, рухани байланыс жасаушы Торғай ақындары жайлы мәлімет берілді. Абай шығармаларымен үндес Торғай ақындарының шығармаларына тұңғыш рет ғылыми түсінік берілді. Салыстыра отырып зерттелді.
Зерттеудің нәтижелері абайтану, мұхтартану, шәкәрімтану, торғай ақындық мектебі сияқты іргелі ғылымдарға қатысты зерттеулерге, оқулықтар мен оқу құралдарына ой қоспақ.
Қазіргі ғылыми мәселелерді шешу: Абай мектебі ұғымының теориялық негіздемелері анықталып, түйінді деген мәселелерге назар аударылды. Абайдың дәстүр мен жаңашылдығы туралы көптеген сын мақалаларда сөз етілді. Ол еңбектерде Абай әкелген жаңашылдық, ақын шеберлігі туралы әр түрлі пайымдаулар жазылды. Абай дәстүрін жалғастырушы Торғай ақындарының шығармаларының ерекшелігіне ғылыми талдау жасалды.

1 ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

1.1 Әдебиеттанудағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі

Қазақ әдебиеті тарихында дәстүр және жаңашылдық - өте егіз ұғымдар, олардың ара-жігін дәл басып ажырата білу қиын, өзара шектес құбылыстар. Бірінен-біріне өтетін күй ретінде ғана танимыз. Дәстүр жаңара келіп жаңашылдыққа айналады, жаңашылдық ол өзіне дейінгі түр арқылы түрлене түседі.
Дәстүр дегеніміз бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ұдайы ауысып отыратын тарихи тұрғыдан қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер. Дәстүр - халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің рухани негізі болып табылады. Мұның өзі көркемдік дәстүр жалғастығына тікелей қатысты болып келеді. Өйткені әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеріп,оны жаңа қоғамдық-тарихи жағдайға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс.Сонда ғана қоғам дамуының рухани мүмкіндіктері объективті түрде жүзеге асады,-деп Немат Келімбетов өз теориясын жасаса, [1, 3 б.] Мұқаметжан Қаратаев былай дейді:
Дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблема кең мағынасында - философиялық проблема. Бұл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі. Мұнсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ. Онсыз өмір жоқ. Неге десеңіз ештеңеден ештеңе шықпайтыны, яғни нөлден ештеңе өнбейтіні, екінші сөзбен айтқанда, жоқтан бар болмайтыны белгілі. Оның үстіне дүниеде не бар, соның бәрі дамып, өзгеріп отырады, жаңғырып, жаңарып тұрады. Ол бұрынғы мен бүгінгінің, көне мен жаңаның арасындағы табиғи жалғастық құбылысының заңдылығы, философия тілімен айтқанда, дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблеманың қарастыратын заңдылығы. Халықтың ежелден өмір жолында, тырбанған тіршілігінде, шытырман тағдыр талқысында тірнектеп жиған рухани қазынасы-арман-мұраты, салт-саласы, сенім-сезігі, түсінік-түйсігі қазақтың бай фольклоры мен поэзиясының терең мазмұнын қалады [2. 4 б.].
Әр халықтың тарихи қалыптасқан тұрмыс-салт, әдет-ғұрып бар, мінез-құлқы бар, тілі бар, толып жатқан өнер түрлері бар. Бұлар да белгілі заңдылықпен дамып, өзгеріп жаңғырып отырады. Ол жаңалықтың көктеп түспейтіндігін, оның жоқтан емес, бардан пайда болатындығын танытатын диалектикалық даму процесінің заңдылығы [3,4 б].
Дәстүр - өте бай ұғым. Ол адамзат өміріне, өнеріне, біліміне қатысты салалардың көбіне-ақ тән құбылыс. Қай салада болмасын, жалпы дәстүр атаулыға тән қасиет- ол дайын күйінде тумайды, не өзге біреуден оңай алына салмайды, ол заманалар жемісі, тәжірибелер нәтижесі, уақыт сынынан ұрпақтардың ақыл-ой елегінен мүдірмей өткен, халықтың тіршілік-тұрмысына жауап беру арқылы өміршең сипат алып, әрдайым өсіп, өніп, жалғасып отырған әрі тұрақты, әрі жанды, белсенді құбылыс. Әрине, дәстүр атаулының бәрі бірдей барлық дәуірге ортақ, озық та өрен сипатта бола бермейді деп [4. 14 б.]
Дәстүр, әдет, салт, үрдіс, тіпті дағды, ғұрып деген сөздер кең мағынада адам мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтар. Демек, ұлттық дәстүр тез өзгеріп, немесе жоғалып кете қоймайтын құбылыс. Ұзақ уақыт бойына, тіпті таптық формациялардың ауысуына қарамастан өзгермей қалатын кездері де бар. Мұндай әдет-ғұрыптар адам санасының жаңалануына біраз уақыт кедергі жасауы да мүмкін.Үрдіс, дәстүр, салт адам психикасына, мінезіне байланысты түзіліп қаралатын тұрақты құбылыс [4, 286 б.].
Әр ұлттың психикалық түзілісі ұлттық сезім, ұлттық салт, дәстүр және ұлттық мінез-құлық сияқты бір-біріне сүйенген компоненттерді қамтиды. Және ұлттық сезімдер мен ұлттық мінез-құлық түрлері ішкі формалар ретінде осы ұлт таптарының рухани ерекшеліктері мен қасиеттері ретінде көрінеді, ал ұлттық салт пен дәстүрлер сыртқы факторлар ретінде, қоғамдық пікірлер күші ретінде, осы ұлт өкілдерінің қоғамдық тәртібін бір қалыпқа келтіретін материалданған идеялар ретінде байқалады [5, 288 б.].
Әдебиеттегі дәстүр туралы сөз қозғағанда, онымен бірге айтылатын, егіздің сыңарындай тығыз байланысты тағы бір ұғым бар. Ол - жаңашылдық.
Ендеше әдебиеттегі дәстүр дегеніміз не?
Энциклопедиялық анықтамалыққа жүгінсек, оның мәнісі мынадай екен. Дәстүр дегеніміз - әрбір халықтың арғы-бергі тарихындағы көркемсөз өнерінің ең таңдаулы үлгілерінде жинақталған, халықтың көркемдік талғам-түйсігінде баянды етілген, эстетикалық ой-пікір жүзінде, әдебиеттану ғылымында кеңінен мойындалып жинақталған, сөйтіп, заманнан заманға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын идеялық-көркемдік тәжірибе. Халықтың тұрақты рухани қазынасының, сарқылмайтын мол мұрасының кепілі - осы дәстүр.[6, 243 б.].
Ал, жаңашылдық дегеніміз - сол дәстүрге сүйене отырып, оны жаңа бір нәрмен, тың нақыштармен молықтыра отырып, соның бастауынан тағы бір өрістерге қарай арна тартатын соны үрдіс. Ол арна бірте-бірте аңғарын кеңейтіп, өркенін жайып, тамырын тереңдетіп, өмірге нығырақ, бергірек орныққан кезде, өзі де дәстүрге айналады.
Осындай үздіксіз өсу, бірден-бірге жалғасу үстінде жаңағы жаңалық белгілі бір дәстүрге айналып, ол дәстүр бара-бара тағы да жаңалық тудырып, үздіксіз тізбекті әдеби үдеріске айналып отырады.
Дәстүр де, жаңашылдық та белгілі бір заман, уақыт шеңберінде, әдебиеттің даму тарихында бір өзі тұтас бір кезеңге айналған шығармашылық тұлғаның есімімен байланыста қарастырылады.
Ал, осы тұрғыдан алып қарағанда, Абай шығармашылығы арқылы келген жаңалықтың да, сол арқылы қалыптасқан дәстүрдің де мән-мағынасы мен тамыр тартқан ортасын Абай азаматтық және ақындық санасы қалыптасқан он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан іздеуіміз керек болады [7, 143 б.].
Жалпы дәстүр туралы пікірлердің дені осы сарындас. Бұл пікірлерден шығатын қорытынды - дәстүрдің философиялық ұғым екендігі. Оның тарихи тұрғыдан қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер жиынтығы немесе белгілі бір ұлттық қоғамдық тәртібін бір қалыпқа келтіретін материалданған идеялар жиынтығы екендігі. Оған тән қасиеттер ұлттың айырмашылықты білдіретіндігі, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратындығы, белгілі-бір уақыт аралығындағы тұрақтылығы, жаңалыққа, жаңашылдыққа жол бергендігімен уақыт өте келе оны өзіне (дәстүрге) айналдырып алатындығы. Ал, әдебиет пен көркемөнердегі дәстүрдің, кең мағынадағы дәстүрге ұқсастық жақтары болғанымен, өзіндік ерекшеліктері де бар. Сонымен әдебиеттегі дәстүр дегеніміз не?
Әдебиет пен көркемөнердегі ұлттық дәстүрлер сан ұрпақтың дүниені көркем оймен тану жолындағы тәжірибелерден жасалғаны мәлім. Дәстүр болмысты көркем образға айналдырудың ғасырлар бойы машықталған тәсілдерінен және айналамызды қоршаған қоғамдық орта мен табиғатты, ой таразысына сала отырып бейнелеудің ұрпақтардан ұрпақтарға мирас болып келе жатқан қағидаларынан құралады. Дәстүр тұлғасы, тарих талқысынан өткен, халықтың ой-сезіміне етене болған, халықтық эстетикалық талғамына төтеп бере алатын бейнелеу нақыштары мен күллі ұлттық тіл байлығы арқылы айқын көрінеді.
Ұлттық дәстүрлер көркемдік шеберліктің халықтар жинаған мол қазынасын ғасырдан ғасырға әкеп тапсыратын эстафета іспетті. Бірақ олар ұлттық әдебиеттердің өзара қарым-қатынасының,өзара игі ықпалының нәтижелерін міндетті түрде қамтиды. Сонымен қатар, қоғамдық өзгерістердің және халықтың ұлттық характері дамуының нәтижесінде, ұлттық дәстүрлердің кейбір элементтері күн асқан сайын құри береді. Көне заман творчествосына тән діни мифологиялық образдар мен метафоралар, немесе кейбір ежелгі ақындардың бипаздалған бал көмейлігі мен лұғатты сәуегейлігі- қазір бағзы архаика ғана. Дәстүрлер шебер суреткердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырады. Жаңа дәстүрлер туады [8, 509 б.]
Тіршілік үшін күресте әрбір халық өзіне тәжірибе алып, өмірлік тәсіл, тұрмыстық салт құратыны сықылды, өнерпаздық тәжірибе арқылы творчестволық дәстүр құрады. Өнер дамуы дегеніміз оның осы дәстүрінің дамуы, себебі өнердің негізгі ұрығы - халық даналығы, халықтың рухани күш-қуаты десек, дәстүр өнер атаулы жеміс ағашының, образбен айтқанда орныққан, бекіген тамырлы түбірі. Ал, жаңалық дейтініміз сол дәстүрдің даму нәтижесінде жаңа салған жапырағы мен жемісі. Дәстүрдің дамып, көңілдегідей жақсы жаңалықты жеміс беруі қоғамдық жағдай, талант, мәдениет сықылды көптеген факторларға байланысты. Мұны қазақ әдебиеті тарихынан анық көруге болады. Қазақ халқының жүз жылдар бойы қорланып, шыңдалған бай поэзиялық творчествосының дәстүрі ХІХ ғасырдың жаңалықты жемісі ретінде Абай мен Махамбет есімдерін жарқыратты. Ал бұл екі ақынның мұрасы бұрынғы дәстүрді дамытқан жаңалық бола тұра, енді өзіндік дәстүр құрды.
М.Әуезовтың Дәстүр-болмысты көркем образға айналдырудың ғасырлар бойы машықталған тәсілдерінен және айналамызды қоршаған қоғамдық орта мен табиғатты ой таразысына сала отырып бейнелеуді ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қағидаларынан құрылады деген анықтамасы дәстүрдің заңдылықтарын ашатын тұжырым. Қазақ көркемсөз өнеріне тән дәстүр мен жаңашылдықтың бірнеше қырлары көрсетілген. Соның бірі қазақ әдебиетінің ауыз әдебиеті мен жазба кәсіби әдебиетінен нәр алып, қос арна болып дамып келе жатқандығы. Қазақ фольклорының сұрыпталған шебер тілі, халықтың үміт, арманын бейнелейтін үрдісі кең ауқымды толғамдылығы Абай Құнанбаев бастаған классикалық әдебиетімізге игі әсер тигізген. Сондай-ақ кеңес дәуірінде көркейіп дамыған жазба әдебиет халық ақындарының, соның ішінде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын байытуға зор ықпал еткен - Әуезов қазақ кеңес әдебиетінің жетілуіне, жанрлық жағынан түрленуіне, жаңа сапалар табуына орыс әдебиетінің тәсіл, үлгісі болғанын атап өтеді. Қоғамдық өзгерістердің нәтижесінде әдебиеттегі көне дәстүрлердің кейбіреулері жоғалып, оның орнына өміршең жаңа бағыттар келетіні де жалпы заңдылық. Жаңа дәстүрлер шебер суреткерлердің ізденістері арқылы толысып, түрленіп отырады. Қазақ кеңес поэзиясы мен прозасы әлемдік әдебиеттің тәжірибесін де пайдалынып, жетілген. Ал драмалық шығармалар, әдеби сын дәстүрі негізінен алғанда, кеңес дәуірінің жемісі болып табылады. Жазба әдебиеттің ең күрделі жанры - романшылықтың қалыптасуына да төл дәстүрімізбен қатар жаһан әдебиетінің де әсері тиген. Тың жанрлардың пайда болуы, көне жанрлардың жаңғыруы, ауызша және жазбаша көркем шығармашылықтың бірін-бірі байытуы ортақ заңдылықтай құбылыс. Дәстүр мен жаңашылдық қазақтың көркем әдеби тілінің қалыптасу процесіненде көрінеді. Сонымен: 1.Халықтың ақындық шығармашылығы, оның жанрлары мен түрлері, ақындардың стилі мен қолжазбасы жүздеген жылдарда қалыптасып, дамып отырады; 2. Қазақ әдебиеті өзінің даму процесінде тап дәстүрлерімен қатар шығыстың, орыстың, еуропалық жалпы жаһан әдебиетінің көркемдік жетістіктеріне де сүйенеді, жаңа сипаттар табады; 3. Жазба әдеби тіл де ақындар, жазушылар шығармашылығының ілгерішіл үрдістерін сұрыптап, жетілдіреді. [8, 509 б.].
Әдебиеттегі дәстүр жайындағы сөз бүкіл көркем әдебиеттің тарихы туралы сөз. Дәстүрге соқпай жаңашылдық жайында әңгіме қозғау қиын. Дәстүр дегенде өнердің бастау бұлағының кейінгі толқынға шығармашылық жүйелі әсерін,қалыптасқан жалғасын, үндестігін, өрісін, өміршеңдігін айтамыз. Бірақ бұл жалаң елеңдеу, өзінен бұрынғылардың айтып кеткенін қайталап, сол ізбен жүру емес, жаңа жол салу, барды дамыту, жоқты табу.
Дәстүр мен жаңашылдық - әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыртуды, мұрагерлік пен қайта жасауды, бұрынғы мен соңғының байланысын білдіретін ұғым. Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасып, сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол- жобалар көзқарас түсініктер жатады.
Жаңашылдық - өткен өмірдің, кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінің ішінде мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс-әрекеттер. Ол жалпы өркениеттің дамуына әсер етеді, осы жолда туып, орнығады. Дәстүр мен жаңашылдық - диалектикалық бірлестікте болып, ескі мен жаңаны жалғастырады, тарихпен бірге дамиды, өндірістің базисі ретінде өзгеріске ұшырап отырады. Дәстүр мен жаңашылдық арасындағы заңды байланыс- материалдық және рухани мәдениеттің, өндіріс пен техниканың, философия мен әдебиеттің, өнердің барлығына тән. Жаңашылдық - әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Дәстүр мен жаңашылдық әдебиетте, өнерде ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаңа заманның талап-тілегіне сай келу қағидасын қажет етеді. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым- түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейнелеу құралдары жасалады. Бұл- әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін.
Қазақ әдебиетінің өзіндік даму тарихы бар. Сонау ауыз әдебиетінен нәр алып сусындаған әдебиетіміз уақыт өткен сайын өзіндік жаңалықтарымен, ізденістерімен дараланып тұратын қаламгерлер шығармаларымен толығып отырды. Соның нәтижесінде әр кезеңдегі қазақ қаламгерлері қалыптасқан дәстүрлі арнаны жаңашылдық сипатта жан-жақты дамыта отырып, қазақ әдебиетіне мол жаңалық әкелді. Қазақ әдебиетінің төріне жаңа кейіпкерлер келді, олардың мінез-құлқы күрделенді, әр түрлі жанрда жазылған жаңа мазмұнды шығармалар қатары кеңейді. Кейіпкер бейнесін сомдауда, өмір шындығын көркем өрнектеуде соны көркем бейнелеу құралдары жасалды. Яғни әдебиеттегі дәстүрлі арна жаңа сипат алды. Әдебиеттегі жаңашылдық - әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым-түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейнелеу құралдары жасалады. Бұл - әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін. Көркем творчество үнемі қозғалыс, даму үстіндегі күрделі әрі жанды процесс. Бұл процесте әр шынайы жаңашылдық өзінің сонылық қасиетін берік сақтай отырып, кейінгі дамуға да үлкен ықпалын тигізеді. Бұл ретте белгілі творчестволық озық жетістіктердің жаңашылдық өмірі мен дәстүрлік қызметі қатар басталады деуге болады. Нағыз дәстүрлік сипат алған көркемдік құбылыс әдеби дамуда бүтіндей жаңа серпіліс, жаңа белес дайындайды [9, 35 б].
Әдебиет пен көркем өнердегі ұлттық дәстүрлер ұрпақтың дүниені көркем оймен тану жолындағы озат тәжірибелерінен жасалғаны мәлім. Дәстүр -- болмысты көркем образға айналдырудың ғасырлар бойы машықталған тәсілдерінен және айналамызды қоршаған қоғамдық орта мен табиғатты ой таразысына сала отырып бейнелеудің ұрпақтардан ұрпақтарға мирас боп келе жатқан қағидаларынан құралады. Дәстүр тұлғасы -- тарих талқысынан өткен, халықтың ой-сезіміне етене болған, халықтың эстетикалық талғамына төтеп бере алатын бейнелеу нақыштары мен күллі ұлттық тіл байлығы арқылы айқын көрінеді.
Көркем өнердегі, оның ішінде әдебиеттегі, тіпті біздің сөз етіп отырған поэзиясындағы ақындық дәстүр жөнінде... Халық поэзиясындағы дәстүр дегеніміз өте кең ұғымды қамтиды. Тұтас алғанда ол осы поэзиядағы тұрақты көркемдік арсеналы деген сөз. Ал, бұл ұғымға халық поэзиясының "әу" деп басталатын беташарынан бастап, соңғы тынысына дейінгі барша көркемдік құралдар (теңеулер, метафоралар, троптар т.б.), әдіс-тәсілдер, қалыптасқан түрлер, пішіндер, көркем ұғымдар мен түсініктер т.б. кіреді. Бұлардың бәрі де халықтың тіршілігіне, тұрмысына, дүние танымына, көркемдік ойының өзіндік қалыптасуы мен даму дәрежесіне, өзге халықтар әдебиетімен, мәдениетімен байланысына және өзгешелігіне т.б. сәйкес, сабақтасып өріс алады. Сөйтіп, поэзияның ұлттық ерекшелігін де, халықтық сипатын танытатын, құрайтын осы белгілер. Олар ұзақ уақыт өмір сүру арқылы өзіне тән барша өзгешеліктерді қалыптастырады, тұрақтандыра түседі, соның нәтижесінде белгілі дәстүр дәрежесіне көтеріледі [4, 15 б.]
Әдебиеттік дәстүр, яғни әдебиеттегі ұлттық дәстүр, сөз жоқ, әрбір халықтың, ұлттың өмірді көркемдік, образдық жолмен тануынан шығып қалыптасқан. Оның арғы төркіні белгілі бір халықтың белгілі географиялық ортада, белгілі климаттық жағдайда, адамдардың белгілі әлеуметтік қатынастары нәтижесінде түзілген әдет, салт, дәстүрлерде екенін жоғарыда айттық. Екеуінің арасында сабақтастық бар. Ол сабақтастықтың бірі себеп те, екіншісі салдар.
Әдебиеттегі дәстүр деп көбіне-көп қазір қызмет атқарып жүрген, белгілі бір әдебиеттің ұнамды айырым белгісі болып табылатын, оның қазіргі сипатын танытатын, бірақ әріден келе жатқан ерекшеліктерін айтамыз.
Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық бір-бірін үнемі толықтырып отырады.
Поэззияның фольклорлық түрінен бастап, негізін Абай қалаған жазба поэзияға, онан соң бүгінгі дәуірдің поэзиясына дейінгі ұзақ шығармашылық жол дәстүр мен жаңашылдыққа бай. Көне заманнан бері бар сөздік өнерін поэзия түрінде сақтап келген халықтың қалыптасқан ұлттық дәстүрі мол. Сол ұлттық дәстүрлердің арқасында ғана бүгінгі ұлттар әдебиетінің қатарында қазақ әдебиеті, әсіресе қазақ поэзиясы өзіндік түр, сипатпен көрініп отыр. Оның ұлттық дәстүрі жалпы әдебиеттің сырын, бояуын танытады, байытады, жаңа өмір құбылыстарын реалистік жолмен суреттеу арқылы оның мазмұнын тереңдетеді, реализмнің жаңа белестеріне қарай сілтейді [5, 298 б.].
Әдебиет пен көркем өнердегі ұлттық дәстүрлер ұрпақтың дүниені көркем оймен тану жолындағы озат тәжірибелерінен жасалғаны мәлім. Дәстүр -- болмысты көркем образға айналдырудың ғасырлар бойы машықталған тәсілдерінен және айналамызды қоршаған қоғамдық орта мен табиғатты ой таразысына сала отырып бейнелеудің ұрпақтардан ұрпақтарға мирас боп келе жатқан қағидаларынан құралады. Дәстүр тұлғасы -- тарих талқысынан өткен, халықтың ой-сезіміне етене болған, халықтың эстетикалық талғамына төтеп бере алатын бейнелеу нақыштары мен күллі ұлттық тіл байлығы арқылы айқын көрінеді.
Дәстүрлер шебер суреткерлердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырады. Жаңа дәстүрлер туады.
Бұл арқылы мынадай қорытынды шығаруға болады:
1. Халықтың поэтикалық творчествосының ертедегі сатыларынан бастап, жанрлары мен формаларының жүйелері кең дамыған, ақындары мен жазушыларының өзіндік стилі, өзіндік творчестволық сипаты бар осы заманғы профессионал әдебиетке жеткен социалистік реализм жолындағы қазақ әдебиетінің озық дәстүрлері жүздеген жылдар бойына қалыптасты.
2. Қазақтың ұлттық әдебиетінің өзіндік ерекшелік, халықтық реализм іспетті айрықша қасиеттерінің сұрыпталып, сомдану процесі қазақ және орыс әдебиетінің, Шығыс пен Батыс халықтары әдебиеттерінің өзара творчестволық көмегі бірін-бірі игі қасиеттермен молықтыруы жағдайында өсіп келеді. Осы сапа-қасиеттердің өрби өсуіне қазақ әдебиетінде терең тамырлы ішкі процестер жүріп жатыр: озық дәстүрлер мешеу тенденцияларға қарсы, болмысты аңдау және оны игерудегі өресіздік пен тарихи томаға-тұйықтыққа қарсы күресте шынығып, марқаюда.
3. Қазақтың ұлттық әдебиеті әдебиеттің өзегі болып танылатын қазақтың әдеби тілін қалыптастыруда және дамытуда тарихи роль атқарады һәм әлі де атқарып келеді. Халық өркенді жыр өнерімен атсалысса, ақындар, жазушылар адамдар арасындағы қарым-қатынастың құралы болып табылатын тілдегі небір прогрессив жаңалық атаулының бәрін іріктейді, сұрыптайды, жетілдіреді, дәйектендіреді.
Қазақ социалистік ұлтының озық әдебиеті орыс тіліне, Шығыс пен Батыс халықтарының тілдеріне аударылуы арқасында әлемнің барлық елдерінде сансыз достары мен оқушыларын тапты [8, 224 б.].
Философиялық тұрғыдан алғанда, дәстүр мен жаңашылдық құбылыстарының сабақтаса байланысынсыз өмір, тірлік болмақ емес. Ал: Көркемдік ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі дегеніміз, - дейді академик Рымғали Нұрғали: бір кезең, бір дәуір емес, ұзақ ғасырлар тудырған, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып отыратын рухани игілік. Қашанда әдеби дәстүр мен әдеби даму - әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалектикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары. Жаңашылдық ізденістерінің арнасы ең алдымен жүйелі дәстүрді игеруде жатыр, табанды қаламгер үйрену, үлгі алу, тәжірибе жинақтау кезеңдерінен өтіп алып барып, соныға тартады [10, 6 б.].
Дәстүр мен жаңашылдық - даму заңдылығы. Сонау Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі дастандардан бастап, хандық дәуірдегі Бұқар жырау, Асан қайғы, Ақтамберді, Доспанбеттермен ұласып, олардан кейінгі жазба ағартушылық әдебиетінің негізін қалаушылар Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтардан да әрі асып, олардан кейінгі талай ақындарға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан жол бары анық. Алмас қылыш шарқайраққа қайралмай өтпейтіні тәрізді, ұлы ақындар туындыларынан нәр алмаған қалам иесінің де шығармасы да өткір болмасы хақ. Оқу, үйрену, жалғау-жыраулық, ақындық дәстүр. Кейінгі буын алдыңғы буынды жалғастырмаса, жалғастыра отырып өзінше талғап, өзінше ізденіп, жаңалыққа ұмтылмаса, бастау-бұлағы, көзі бітелген өзендей үзіліп қалмай ма?! Ақынды алға жетелеп, мақсатқа жеткізер дәстүр жалғастығы.
Дәстүр жалғастығы ұғымына әдеби орта сөзі де сыйып кететіні хақ. Әдеби орта дегенде ақынның туып-өскен ортасы, аймағы деген мәселені ең бірінші орынға қоюымыз керек. Ақындыққа көтерілу жолында өз ауылының, өлкесінің әдебиет өкілдерінен құнар жинаса, толысып, кемеліне келген шақта да алдымен өз айналасына рухани нәрін септі. Сол себепті де Абайдың әдеби ортасы туралы сөздің бісмилләсі оның айналасынан басталуы заңды. Абай Құнанбайұлы Ертіс бойындағы Семей шаһары мен Шыңғыстау аралығында ғұмыр кешті. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шаққа дейін өлең-сөздің, ақындықтың әліппесін Абай өз әулетінен, маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендерден үйренді. Демек,қазақ әдебиетіндегі кеңінен қанат жайған Абай дәстүрінің бұлақ көзі алдымен осы ақын айналасына шоғырланған ақындардан бастау алады. Ал, Абайдың әдебиеттегі дәстүрі қазақ даласында кеңінен сипат алды.
Қазақ поэзиясына Абай Құнанбайұлы енгізген жаңашылдық үлкен дәстүр болып қалыптасты. Абай қазақ поэзиясын әсіре шешендікпен, әсіре бояудан құтқарып, терең ойлылықты арттырды. Ол ақын орнын, оның қоғамдық, әлеуметтік мәнін танып, көркем сөзді жоғары сатыға көтерді, ауыз әдебиетінің дәстүрінде келе жатқан поэзияны түрлендіріп, жаңа арнаға салады. Мысалы, Көлеңке басын ұзартып өлеңінде, Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа айтқан ой дегенде тынымсыз, мазасыз ойды, жабырқау көңілдің суретін адасқан күшікке балайды [6, 244 б.].
Қазақ өлеңіне айтатындай тамаша реформа жасаған ақын - Абай. Б.Кенжебаевтың анықтауы бойынша, Абай 17 өлеңнің шумағын, ұйқасын жаңаша, өзінше қиыстырды. Бірақ ол өзінің осы реформасы арқылы қазақ өлеңінің силлабикалық сипатын өзгертті ме? Жоқ, өзгерткен жоқ. Қазақ өлеңінің шумағын, ұйқасын ғана емес, буынын да түрлендіре тұра, осының бәрін оның табиғи топырағынан өсіріп шығарды. Абайдың шын мәніндегі жаңа пішін етіп қалыптастырған өлең өлшемдерінің бір алуаны түптеп келгенде өзге емес, өз әдебиетімізде- қазақ фольклорында- қазақтың байырғы мақалдары мен мәтелдерінде жұмбақтары мен шешендік сөздерінде, жырлары мен толғауларында жатыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін, бірнеше мысал келтіріп өтейік:
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң...
(Абай)

Апан-апан,
Ескі шапан ...
(Фольклор)

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп...
(Абай)

Жақсыдан үйрен,
Жаманнан жирен...
(Фольклор)

Көзімнің қарасы,
Көңлімнің санасы...
(Абай)

Жақсыдан шарапат,
Жаманнан кесапат...
(Фольклор)

Қамықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?
(Абай)

Досы көппен сыйлас,
Досы жоқпен сырлас.
(Фольклор)
Бұл мысалдар, біріншіден, Абайға дейінгі қазақ өлеңінің өлшемі екі-ақ түрлі (жеті буынды жыр мен он бір буынды қара өлең ғана) деген тұжырымның ұшқарылығын танытса, екіншіден, Абай жаңашылдығының ең елеулі сипаты өзіне дейінгі игі дәстүрлерді заңды жалғастыра келіп, жаңа өріске алып шығуында екенін аңғартады. Абай өзінің мазмұн жағынан да, пішін жағынан да жаңа поэзиясының түп тамырын алдымен туған топырағына терең бойлата сіңіріп жіберген де, бейнелеп айтсақ, жаңа үнмен жамыраған жасыл жапырақтарын содан соң барып жайқалтқан. Абай жаңашылдығының табиғилығы мен ғұмырлылығы осында жатыр. Қазақ өлеңіне бұрын-соңды буын өлшемі жөнінен қосылған жаңалықтарға осы тұрғыдан қараған орынды [11, 262 б.].
Жалпы дәстүр, оның ішінде поэзиядағы дәстүр де дамиды, өзгереді, өседі, жаңарады. Бірақ, бұл үшін көбінесе халықтың тіршілігінде, өмірінде, санасында, көркемдік дүниетанымында жаңа бетбұрыс, үрдіс даму болуы қажет. Соның өзінде байырғы, төл дәстүр аз уақттың ішінде өзгере салмайды, ұзақ процестің, қоғамдық дамудың, сондай-ақ, өмірді, табиғатты, адамдарды жаңаша тану, бейнелеудің нәтижесінде кем-кемдеп өзгереді, жаңарады. Яғни, байырғы дәстүрдің іштей түлеуі, біртіндеп жаңа сипатқа көшуі тәрізді өзгерістерді бастан кешіреді. Белгілі бір дәстүрдің белгілі бір тарихи кезеңде өзгеруі мен жаңаруы жалпы ұлттық поэзияның ұлттық сипатынан айрылуы немесе кенет өзгеше сипатқа ие болуы деп есептелмейді. Дәстүрдің бірі де, бәрі де ұлттық сипаттың ішіндегі құбылыстар. Олардың барлық жиынтығы ғана ұлттық поэзияның өзіндік дара қасиетін белгілейді. Сондықтан дәстүрдің өзгеруі мен жаңаруы жалпы ұлттық поэзияның арнасында, аясында болып жататын, оның жалпы тіршілік-тынысын, өсу қадамын танытатын, аз-аздап жаңа белгілерді бойына жинау тәрізді өзгерісін аңғартатын ішкі қалыпты жайлар. Өйткені жалпы халыққа тән, оның поэзиясына тән түбегейлі ұлттық сипаттар тұтастай алғанда сол халықпен, оның поэзиясымен бірге жасайды [12, 58 б.]. Міне осы талаптарға сай туындап, жалпы қазақ әдебиетіне келген ұлан ғайыр әлем, ерекше бір құбылыс Абай поэзиясы, Абай әлемі, Абай дәстүрі болғаны айқын.
Қазақ әдебиеті жарыса аққан арналы қос бұлақтан: ауыз әдебиеті мен жазба профессионал әдебиеттен өмірлік нәр алып келді. Осынау қос бұлақ қосыла ағып, қазақ әдебиетінде әлі де жұптаса өркенін жайып келеді. Олардың даму, дәйектелу сапарының ең бір өзгеше сипаты бір-бірімен қанаттаса қимылдап, бірін-бірі молықтырып, байытып отыруында. Бұл кездейсоқ құбылыс деуге бола ма? Жоқ, ол заңды құбылыс. Қазақ фольклорының ең асыл дәстүрлері -- кең арналы эпикалық толғанысқа, халықтың қаһарман тұлғасын бейнелеуге ұмтылу, поэтикалық шебер тіл -- осының бәр-бәрі арғы атасы ұлы ақын Абай Құнанбаев бастаған классикалық қазақ әдебиетіне игі әсерін тигізбей қоймады.
Қазақ әдебиетіндегі ұлы дәстүр - Абай дәстүрі. Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, күрделі екендігі баршаға мәлім. Абай мұрасы тақырып-мазмұн жағынан алғанда да, ақындық өнер, шеберлік тұрғысынан келгенде де ұлан-ғайыр. Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетіп отыр. Себебі Абай дәстүрі деген тақырып өте кең ауқымды әрі өзекті, ғылыми айналымға түскен сала. Абай дәстүрінің Шәкәрім шығармашылығындағы жалғастығын зерттеген ғалым Б.Әбдіғазиевтің пікірін негізге алсақ: Абай дәстүрі - қазақ әдебиетінің даму тарихында заңды жалғасын тауып, жан-жақты байып келе жатқан асыл арна, - дейді [13, 16 б.]. Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, алғаш пікір білдірген қалам қайраткерлері - Алаштың ардақты азаматтары. ХХ ғасырдың басында-ақ Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынов Абайға қазақтың бас ақыны деп, ал Мағжан Жұмабаев хакім ақын деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров ақындар пайғамбары деп лайықты бағаларын берген болатын. Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай дәстүрі көп зерттелді. Әлі де зерттеліп жатыр. Ежелден күрмеуі қиын, алып тынысты, кең ауқымды сала болғандықтан, зерттеуін жалғастыра береді деген ойдамыз. Абай дәстүрі туралы М. Әуезов, С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, Ы. Дүйсенбаев, А. Нұрқатов, Қ. Мұхамедханұлы, Ы. Мұстамбаев, Ә. Жиреншин, З. Ахметов, М. Базарбаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, М. Мырзахметұлы, Ж. Ысмағұлов, Б. Әбдіғазиев т.б. ғалымдар әр қырынан зерттеп, ақын салған сара жолдың кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына, әдеби үрдістің жалғасуына тигізген игі ықпалын көрсетті. Абай дәстүрінің кейінгі поэзияға әсері жөнінде арнайы монография жазып зерттеген ғалым А.Нұрқатов өзінің Абайдың ақындық дәстүрі атты еңбегінде: Шын мәнісінде халықтық бағыттағы, таланты сау, ниеті таза, мақсаты айқын қаламгерлердің қай-қайсысы да дәуір талабын батыл сезіну мен сол жайында толғануды, алға және алысқа көз тігуді Абайдан үйренді. Сөйтіп олар Абай дәстүрін дамыта отырып, оның поэзиялық халықтығын, өзекті принциптерін дәуір талабына сай өрбіте, тереңдете түсті, қазақ әдебиетін онан әрі өсірді, оны жаңа тақырыптармен байытып молықтырды, сол заманда өмір ағысы алға тартқан күрделі мәселелерді қозғай да, шеше де білді,-дейді [14, 8 б.].
Абай дәстүрінің сан салалы, өте күрделі екенін айта келіп, белгілі ғалым Ж.Ысмағұлов кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне Абайдың тигізген ықпалы жайында сөз қозғау мүмкін болмағанын ескертеді. Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрінің алдыңғы шептен орын ала алмағанының бірнеше себебін түсіндіреді. Бұл тақырыпты арнайы қолға алып, артына көлемді еңбек қалдырған ғалым Айқын Нұрқатов екенін айтады. Абай дәстүрін жалғастырған Алаш ұранды қаламгерлер жайлы А.Нұрқатовтың жаза алмағанына Ж.Ысмағұлов өкініш білдіріп: Бірақ, амал не, марқұм сол кездегі қатаң тәртіп жағдайында, Абай мұрасының ең етене мирасқорлары - Алаш әдебиетінің өкілдері, яғни ХХ ғасыр басындағы ең шұрайлы кезең туралы да, оның жаңағы аталған ұлы тұлғалары туралы да ауыз аша алған жоқ,-дейді [7, 33 б.].
Сол кездегі билеп тұрған саясат кесірінен Айқын Нұрқатовтың бұл тақырыпты жаза алмағанын айтып, Ж.Ысмағұлов: Бұл тақырып қазіргі Тәуелсіздік тұсында, біздің Әуезов институтында ғана там-тұмдап қолға алынып отыр,-деп зерттеудің қолға алына бастағаны жайын баяндайды.
Бұл тақырып Абайдың кейінгі дәуірде қазақ әдебиетінде жаңаша сипат алып қалыптасқан биік қоғамдық-эстетикалық идеялар, мақсат- мұраттар ұлы ақынға ілесе шыққан Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлердің шығармаларында әрқайсысының өмірдегі, өнердегі ұстаған бағыты, ізденістеріне орай өзгеше жарқын көрініс тапты. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне халықтың рухани өміріне шексіз мол жаңалық әкелген осы ақындардың әрқайсысы Абайдың ағартушылық, демократиялық озат ой-пікірлерін, өнерпаздық дәстүрлерін өзінше жалғастырды [15, 7 б.].
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде Абайдың дәстүрін тікелей жалғастырған ақындарды академик З.Ахметов атап көрсетеді: Абайдың ұлы ізашар ақын деп қарағанда оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп, қазақ поэзиясының бір туар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М.Әуезовті де , кейінгі атақты ақындардың да қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз [16, 71 б.].
ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ ақын-жазушыларының бүкіл шығармашылығы Абай атты ұлы арнадан бастау алады. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы әдебиетті сөз еткенде, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды ұлы тұлғалар поэзиядағы Абай салған дәстүрдің сан қырын ашып, жаңашылдықпен жалғастырғанын атап өту ләзім. Онсыз сол кездегі поэзияның даму барысын, көтерілген биігін аша алмаймыз,-деген ғалым Ө.Әбдиманұлының пікірі ойымызды растайды [17, 91].
ХХ ғасыр басындағы қазақтың бірқатар көрнекті ақындары Абайдан үйренді, Абайды өздеріне ұстаз санады. Абай үлгісімен өлең жазды, халқының мұңын жырлады. Сол ақындардың ішінде қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығуға талпынған өршіл рухты С.Торайғыров Абайды оқуға шақырады.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жат тоқып ал көңілге [18, 97].
С.Торайғыров асыл сөзді іздесең, адамдықты көздесең Абайды оқы, ерінбе деген өсиет айтады. Ақынның айтқан өсиеті бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін маңызы зор. Себебі Абай мұрасында асыл сөз бен терең ойдың, адамдық қасиеттің бар қазынасы жатыр.
Абай ұсынған жаңалық атаулыға тәнті жас буын әдебиет өкілдері ақын маңына үйірілді.

0.2. Абай шығармашылығындағы жаңашылдық

Абай - жаңашыл ақын. Ендеше, ол өзінің бүкіл ақындық өнерінің өн бойында әдебиеттегі игі дәстүрді одан әрі дамытып, мазмұн мен пішіннің бірлігін мықтап ұстанды және іс жүзінде осының асқан үлгілерін өз қолымен сомдап соғып көрсетті. Бұл жолда Абай бәрінен бұрын қазақтың әдеби тілінің шынайылығын жан сала қорғады, өлең сөзінің әр түрлі жамау-құраудан, баяғы ескі бише бос мақалдап, құр босқа жан жалдап, тіл безеуден құтқарды, поэзияда тек қана іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірудің жолдарын нұсқады, суреткерлік шеберлік құпияларын ашып көрсетті, сөйтіп, пішіні келіскен әдеби шығарманың мазмұны тағы да халық тағдыры болуын қалады. Мазмұн мен пішіннің мұншалық әсем үндестігін қадағалаған Абай, әрине, мазмұнның пішіннен басымдығын (примат) жете аңғарды: Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін...-деді. Бұл да көркем творчествоның психологиясын аса талантты, нәзік әрі терең сезінуден туған тілек еді. Ал оның құлақтан кіріп бойды алған жақсы ән мен тәтті күй тарапындағы эстетикалық талғамдары мен толғамдары - өз алдына жеке зерттеуді керек ететін күрделі мәселе [11,66 б ]
Абай - ұлы философ. Европа мен Азияның өзге дамыған елдерінің ғұламаларындай оның философия ғылымымен тікелей жеке айналысуға мүмкіндігі болмады. Мыңмен жалғыз алысты. Қоғамдық ой пікірдің, әдебиет пен мәдениеттің, өнердің барлық саласында бірдей еңбектенді. Ол философияны жеке ғылым етіп талдамаса да өлеңдері мен барлық шығармаларында келтіріп, ой толғап отырды.
Абай орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовты ұстаз тұтты. Олардан үйренді, өлеңдерін аударды. Ұлыны ұлы аударғанда ғана аударманың төрт аяғы тең түсетінін танытты. Абай ақындық шеберлік жөнінде ұстаздарымен тең түспесе кем түскен жоқ. Ал, философиялық ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Поэзия - жүректің сөзі
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮРМЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуы
ГҮЛНАР САЛЫҚБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СІЗ СЕМАНТИКАЛЫҚ КОНЦЕПТІ
Қазіргі қазақ поэзиясының зерттелуі
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуы және жанрлық жаңалық алып келген қаламгерлерге шолу
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІ ПОЭЗИЯСЫ МЕН ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
Ф.ОҢҒАРСЫНОВА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
Қ.-М. Жүсіп және ұлттық поэзияның зерттелу мәселелері
Балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу
Пәндер