СӨЗ МАҒЫНАСЫ ЖӘНЕ АҚПАРАТ


КІРІСПЕ
Сөз белгілі бір тілде сөйлеуші халықтың барлығына бірдей ортақ түсінікті болып табылады. Адам өзі түсінген, таныған заттарына, ұғымдарына атау тағады, оны күнделікті тұрмыста қарым-қатынас жасау, пікір алысу үшін қолданады. Тілдегі әрбір сөз белгілі бір ұғымның, түсініктің атауы болады. Әрбір сөздің білдіретін ұғымы сөз мағынасы делінеді. Бүгінгі қазақ тілі сөз байлығы жағынан дамыған тілдердің қатарына жатады. Қазақ тілінің сөздік құрамы - халқымыздың басынан кешірген бүкіл өмірінің, шаруашылығы мен кәсібінің, материалдық байлығы мен рухани қазынасының айнасы, куәсы іспеттес, замаңдар бойы біртіндеп қалыптасқан, ұзақ дамуының жемісі. Сөз мағынасын тек дамумен, яғни жақсара түсу сипатында ілгері жылжумен түсіндіру жеткіліксіз, сонымен қатар сөз мағынасының күңгірттенуі не мүлде ұмытылуы, ауысуы, кеңеюі т. б. құбылыстар да сөз табиғатының қозғалысын танытады. Сөз тілдің, оның сөздік құрамының заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, шындық өмірдегі қатынастарын атап білдіретін негізгі сөз бірлігі, дербес бөлшегі болып табылады. Лексикалық жүйенің даралық қасиетке ие негізгі бірлігі бола отырып, сөз жеке тұрып та, басқа сөздермен тіркесіп те тарихи қалыптасқан ұғымдарды білдіріп, ұрпақтан - ұрпаққа жеткізіп отырады. Сөздің осы қасиеті оның лексикалық бірлік екендігін көрсетеді. Әр тілдегі сөздердің лексикалық бірлік болу сипаты, олардың құрылымдық ерекшеліктері сол тілдің фонетикалық, семантикалық, грамматикалық белгілері арқылы анықталады
Сөз мағынасы тіл білімінде ғасырлар бойы сан түрлі елдердің тілші ғалымдары тарапынан зерттеу нысаны болып келе жатқандығына қарамастан, күрделілігіне байланысты оның тілдік табиғаты толық ашылған, түпкілікті зерттеліп болған тілдік бірлік деп кесіп айту қиын. Сөз мағынасының әлі де жан - жақты қарастырылып, тереңірек зерттеуді қажет ететін қырлары жоқ емес. Соның бірі біз сөз еткелі отырған сөз мағынасының ақпаратпен байланысты жағы болмақ. Адамзат баласы аяқ басып отырған осы ХХІ ғасырды «ақпарат ғасыры» деп атап та жүр.
Қазіргі кезеңде осы ақпараттың тілдік бірліктердің ішіндегі ең бастысы, негізгісі болып саналатын сөз арқылы қалай берілетіндігін, қалай сақталатындығын зерттеудің маңызы зор. Өзге елдердің кейбір жекелеген тілші ғалымдарының еңбектерінде сөз болғаны болмаса, бұл мәселе жалпы тіл білімінде де өте аз зерттелген. Ал қазақ тіл білімінде сөз арасында айтылған жекелеген ой - пікірлер болмаса, арнайы зерттеу нысаны ретінде аз зерттелуде. Өзге тілдік бірліктердің ақпараттылығы мен сөз тіркесі, сөйлем, мәтін арқылы берілетін ақпарат мәселесі өз алдына жеке қарастыруды немесе бұдан да кең де ауқымды мәселе болғандықтан, оны өзге зерттеулердің үлесіне қалдырған жөн деп білдік.
Мәтіндерді жіктеу кезінде олардың түрін анықтау үшін лексикалық бірліктерге назар аударғанымен, сөз мағыналары арқылы берілетін немесе
сақталатын ақпараттың сипаты, лексикалық мағынаның ақпарат жеткізудегі ерекшеліктері бұл салада арнайы қарастырылмай келді.
Диплом жұмысының өзекті мәселелері: сөз мағынасы тіл білімінде ғасырлар бойы сан түрлі елдердің тілші ғалымдары тарапынан зерттеу нысаны болып келе жатқандығына қарамастан, күрделілігіне байланысты оның тілдік табиғаты толық ашылған, түпкілікті зерттеліп болған тілдік бірлік деп кесіп айту қиын. Сөз мағынасының әлі де жан - жақты қарастырылып, тереңірек зерттеуді қажет ететін қырлары жоқ емес. Соның бірі біз сөз еткелі отырған сөз мағынасының ақпаратпен байланысты жағы болмақ. Сондықтан сөз мағынасының ақпараттылығы, сөз арқылы ақпарат алу немесе ақпарат тарату мәселесі қарастырылып отыр.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: сөз мағынасының ақпаратпен байланысына тоқтала отырып, мынадай міндеттер қойылды:
- сөз мағынасы мен ақпаратқа тоқталу;
- сөз мағынасының дамуы және ақпарат жөнінде мағлұмат беру;
- мағына және ақпарат ұғымдарының арақатынасына;
- сөздің грамматикалық мағынасы және ақпарат жайлы тоқталу.
Жұмыстың ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы: тілдің негізгі бірлігі сөздің ғана емес, сөз тіркесі мен сөйлемнің, мәтіннің, жалпы тілдің ақпаратты сақтау, тарату, ақпарат алмасудағы рөлі мен орнын түрлі аспектіде қарастыруға болады. Сөз мағынасы арқылы ақпараттың берілу, сақталу мөселесін арнайы қарастырған біздің зерттеу жұмысымыздың нәтижелері бойынша төмендегідей қорытынды жасалды.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері: тақырып бойынша әдебиеттерге теориялық талдау жасап, салыстыру, әңгімелесу, бақылау әдістерін қолдана отырып, ой қорыту жасалды.
Диплом жұмысының құрылымы: кіріспе, екі тарау және тараушалар, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 СӨЗ МАҒЫНАСЫ ЖӘНЕ АҚПАРАТ
1. 1 Сөз - ақпарат алу құралы
Сөз ақпарат көзі ғана емес, сондай -ақ ақпарат қабылдаудың да құралы. Ақпарат алу кезіндегі сөздің рөлі айрықша. Біз өзіміз сөйлейтін тілдегі қандай да бір сөзді естісек немесе оқысақ, сол сөз арқылы белгілі бір ақпарат аламыз. Мәселен, жаяу немесе көлікпен келе жатқан адам "тоқта" деген сөз жазылған тақтаны көріп, сөзді оқыған кезде сол сөздің мағынасы арқылы берілген ақпаратты ала отырып, ол әрі жүруге болмайтынын, қауіп барын сезеді немесе тыйым салынғанын біледі. Тоқтау қажеттігін түсініп, шешім қабылдайды. Яғни, сөз арқылы берілген ақпаратты қабылдап, оны қорытып, содан соң барып тоқтамға келеді. Көзде, дайындал, ат, тоқтат, жат, түзел, секір деген әскери бұйрықтар көтеріңкі қатқыл дауыспен пәрмен түсінде айтылғанда, жеке адам ғана емес белгілі бір әскери құрамға кіретін әскери адамдар тобы сол мезетте, табан астында қабылданған ақпаратқа сәйкес әрекетке көшеді немесе әрекетін тоқтатады. Бұдан біз ақпараттың айтылған сөзі арқылы қабылданғанын және сол қабылданған ақпаратқа сәйкес ақпарат қабылдаушылардың белгілі бір шешімге келгенін көреміз. Осы тәрізді жаз, оқы, отыр, тұр, көрсет, ал, бер, кір, шық, бар, тыңда сияқты бұйрық рай тұлғасындағы етістіктердің зілді дауыспен, екпін түсіріле отырып, тиісті интонациямен айтылғанын естіген әр адам бойын тез жиып ала қояды. Бұл сөз мағынасы арқылы берілетін ақпараттың қабылданғанымен қатар, оның айрықша әсер ете алатынын да аңғартады. Өйткені айтылған сөзде тек ақпарат қана емес, сол сөздің мағынасы арқылы берілетін ақпаратқа деген көзқарас, берілетін баға, адамның эмоциясы да бар. Ол дауыс ырғағы, интонация немесе сөзге түсірілетін екпін арқылы көрініс беруі мүмкін. Мұны сөз арқылы берілетін және қабылданатын ақпараттың ерекше қасиеті деуге де болады.
Бұл орайда жоғарыда ағылшын ғалымы И. В. Арнольд айтқандай, “эмоция, эксперессия, бағалау және мағынаның стилистикалық компоненттері” сөз мағынасы арқылы ғана берілетіндігімен бірге ол сөйлеу, пікір алысу кезінде айрықша көрініс беретіндігімен де ерекшеленеді [1, 13б. ] . Бұдан сөйлеу процесі кезіндегі, ауызша айтылған сөз бен жазылған сөзді оқу арқылы алынатын ақпараттың әсері бірдей бола бермейтіндігін аңғаруға болады. Бұл психолингвистикалық тұрғыдан әрі сөйлеу мен ойлау, тіл мен сөйлеу тұрғысынан келе отырып, арнайы зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе. Дегенмен сөздің белгілі бір жағдайларда жеке тұрып та, сөйлем арқылы берілетін ақпараттарды жеткізе алатынын көруге болады.
Сөйлесу барысында, тұтастай бір сөйлем арқылы айтылатын ой, жеткізілетін ақпарат бір сөзбен беріліп жататын жағдайлар да жиі ұшырасады. Бұл тілдегі үнем заңымен, ойды қысқа да нұсқа түрде жеткізу қажеттілігінен туындайтын нәрсе.
Тілдегі кез келген өзге де толық мағыналы сөздер арқылы түрлі ақпарат алуға болады. Мысалы, тау, қала, дала, аспан, тәңір, жүрек, адамгершілік, сақина, қалам, жасыл, қызыл, ала, әдемі, жақсы, жуас, алғыр, қырық, тоқсан, мың деген сөздер арқылы абстрактілі, нақты және заттық немесе сындық ұғымжар жөнінде түрлі ақпараттар ала аламыз. Бұдан біз сөздің лексикалық мағынасының ақпарат көзі екендігіне тағы да көз жеткізе түсеміз. Бұл орайда Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы сынды лексиколог ғалымдардың орынды айтылған мына пікірлерін ескерусіз қалдырмаған абзал: «Лексикалық мағына зат, құбылыс, әрекет жайында бір тілде сөйлейтін қауым таныған, жалпыға түсінікті әр сөздің меншікті мағынасы болып табылады. Ол -сөздің басқа мағыналарының тууына негіз болады, сондықтан сөз мағыналарын саралағанда ең алдымен оның лексикалық мағынасына көңіл аударылады» [2, 47б. ] .
Бұл жерде бір айта кететін мәселе, әр түрлі сөз табына жататын сөздердің ақпараттылығын бірдей бола бермейтіндігі. Жалқы есімдерге қарағанда жалпы есімдердің ақпараттылығы жоғары болатыны сияқты, сөз таптарының ішінде зат есім, сан есім, сын есім, етістік, есімдік сынды сөздердің мағыналары арқылы берілетін, қабылданатын ақпарат шылау, үстеу, одағай, еліктеуіш сөздердің мағыналары арқылы берілетін ақпараттан толымдырақ, нақтырақ болады. Оның себебі осы сөздердің тілдік табиғатымен де байланысты. Айталық, сөз таптарының ішінде жеке тұрғанда да, сөйлем құрамында келгенде де, толық лексикалық мағынаны білідіре алатын сөздер бар. Олардың қатарына жоғарыда аталған зат есім, сан есім, сын есім, етістік, есімдік сияқты сөз табына кіретін сөздер жатады. Керісінше, жеке тұрғанда да, сөйлем ішінде де дербес мағынаны білдірмей, өзге сөздердің мағынасын толықтырып, оларға қосымша мағына үстейтін немесе солардың бір -бірімен өзара байланысуын қамтамасыз ететін көмекші сөздер бар. Мысалы, ыңғайластық жалғаулықтар - мен, бен, пен, және, да, де, та, те, әрі қарсылықты жалғаулықтар - бірақ, алайда, дегенмен, сонда да, әйткенмен, талғаулықты жалғаулықтар - әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки, кейде шарттылық жалғаулықтар - егер, егерде, онда, дейін, шейін, қарай, таман, соң тәрізді септеулік шылаулардың дербес лексикалық мағынасы жоқ. Бұл сөздер сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырады немесе белгілі бір сөздерге грамматикалық мағына үстеу үшін қолданылады.
Сол сияқты одағай мәнінде жұмсалатын а, о, ә дыбыстары мен нәлі ∕∕ бәлі, оһо, пай -пай, тек, тәйт, жә, әуп, бәлем сияқты одағай сөздердің де мағынасы сөйлем құрамында шаылып, олар арқылы берілетін ақпарат та сөйлем ішінде анықталады. Әсіресе, а, о, ә және пәлі ∕∕ бәлі, бәлем сияқты көп мәнді одағайлардың қай мағынада жұмсалып тұрғанын тек сөйлем арқылы білуге болады. Осы қатарға негізінен етістіктермен тіркесіп қолданылатын арс, гүрс, тырс, сырт, борт, жалт, жұлт, даң, дұң, баж, бұж, елп, шолп, ұлп, тық, сақ, кілк, дүңк, желп, шаңқ, шіңк, саңқ, қоңқ, күмп, томп, былқ, солқ, қолқ сияқты еліктеуіш сөздер де енеді.
Мағыналас, синоним сөздер мен омонимдер, көп мағыналы сөздер арқылы ақпараттың берілу ерекшеліктеріне де тоқталуға болар еді. Бірақ олардың мағыналарындағы ақпараттық айырмашылықтар контекспен байланысты қарастырылғанда ғана анықтала алады. Сол себептен де біз оларды жеке -дара бөліп қарастырмадық. Мағыналары бір -біріне жақын, өзара мәндес синоним сөздер арқылы берілетін ақпараттың көлемі де жуық, шамалас болады. Мысалы нәресте, сәби сөздерінің мағыналарын салыстырып көрелік. Түсіндірме сөздікте “нәресте” сөзіне - “жаңа туған жас бала, сәби, бөпе” деген, ал “сәби” сөзіне - “жас нәресте, бүлдіршін, бөбек” деген анықтама беріледі. Сол сияқты “зерек” сөзіне - “алғыр, зейінді, ұғымтал” түрінде, “алғыр” сөзіне - “зейінді, зерек, ұғымтал” түрінде, ал “ұғымтал” сөзіне - “ұққыш, зерек, алғыр” сынды анықтамалар берілген [3, 77б. ] . Бұл сөздердің жалпы филологиялық сөздіктегі мағыналарына берілген түсініктемелерден анық көрініп тұрғанындай, мағыналық айырмашылықты ажырату өте қиын. Оларға берілген түсініктемелерге жүгінер болсақ, мағыналары толық сәйкес келетін тәрізді. Сөздердің мағыналық айырмашылығы көрсетілмеген жерде, олардың ақпараттық айырмашылығын да анықтау қиын. Сол себептен де синоним сөздердің болмашы ғана ақпараттық айырмашылықтарын, олардың қолданысымен, контексте анықталатын, мәтін ішінде көрініс беретін мағынасымен тікелей байланыста қарастырған жөн.
Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің қай мағынасы туралы айтылып тұрғаны бергісіз болған жағдайда, олардың да мағыналары арқылы берілетін ақпараттарды контекс арқылы анықтауға болады. Мысалы, “ара” сөзін жеке алып қарағанда, оны бір жерден оқығанда немесе естігенде әңгіменің ағаш немесе металл кесетін көп тісті құрал ара ма, жоқ әлде ұшатын, қанатты насеком, бал арасы туралы болып тұрғанын түсінбеуіміз мүмкін. Сондақтан, бұл тұста да ақпарат алу мен таратудағы контекстің рөлінің қаншалықты үлкен екенін аңғару қиын емес. Жалпы оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Алайда синонимдермен салыстырғанда, омонимдер мен көп мағыналы сөздердің қай мағынасы туралы сөз болып тұрғаны белгілі болса, онда біз олардың мағыналарындағы тиісті ақпаратты контекссіз де қабылдап, өзгеге жеткізе аламыз.
Сөз арқылы ақпарат алу туралы айтқанда сөздің контекстен тыс тұрғандағы қалпы мен белгілі бір сөйлем құрамында ауызша немесе жазбаша қолданылғандағы қызметі мен мүмкіндіктерінің бірдей болмайтындығын ескеру қажет. Жалпы жеке тұрған сөз бен сөз тіркесі, сөйлем арқылы қабылданатын ақпараттың көлемі мен нақтылық деңгейін салыстыруға болмайды. Өйткені сөз тіркесі кемінде екі сөзден құралса, ол арқылы сол тіркесті құраушы сөздердің мағынасындағы ақпараттар қосылып, бірін -бірі толықтырып, нақтылап тұрады. Ал сөйлемге бірнеше толық мағыналы сөздер байланысты қабылданатын немесе берілетін ақпараттың көлемі мен мазмұны да ұлғая түсері анық. Мысалы, “Биік таудың басынан бұлт кетпейді” деген сөйлемде бірнеше сөз қолданылған. Осы сөйлемді құрауға қатысып тұрған биік, тау, бас, бұлт, кетпеу сөздерін жеке -жеке алсақ, олардың әрқайсының мағынасындағы бар ақпараттарды ғана ала аламыз. Айталық “биік - төмен емес, жоғары”, “тау - айналасындағы жерден едәуір биік, көтеріңкі жер”, “бас - таудың, қырдың, дөң -дөңестің т. б. нәрселердің ең биік жері, жоғары шыңы, төбесі”, “бұлт - судың жылу әсерінен аспанға көтеріліп, буға айналған түрі”, “кетпеу - бір арадан қашықтамау, ұзамау, алыстамау” деген мағыналарды білдіреді. Біздің дербес мағынасы бар осы сөздер арқылы алатын ақпараттарымыз да олардың лексикалық мағынасындағы бар мәліметтер. Ал сөйлем арқылы аяқталған, тиянақталған ой айтылып тұр. Сөйлемнен біріншіден, таудың биік болуына байланысты бұлттардың оған бөгелетіндігі айтылады. Бұл сөйлем арқылы тура мағынасында айтылып тұрған ой. Сондай -ақ екіншіден, бұл сөйлемнен, тілді жақсы білетін адамдар астарлы, образды түрде айтылған тағы бір ойды ұға алады. Ол “тұлғасы, өресі биік адамның басынан қиындық, қоғамның бүкіл ауыртпашылығы кетпейді” деген астарлы ой. Мұнда ой -өресі жоғары, білімді, парасатты адам биік тауға баланып отыр. Бұдан біз, сөздердің тіркесуі, бірнеше сөздің қатысуы, тұтас сөйлем арқылы беріліп тұрған ақпараттың көлемінің, ауқымының да сөздерді жеке алғандағыға қарағанда кең болатынын көре аламыз.
Сөздің жалпылаушы, жинақтап қорытушы қасиеті болатындықтан, біз сол сөз белгілеген зат немесе ұғым жөнінде түсінік, жалпы ақпарат аламыз. Мысалы, жоғарыда мысалға келтірілген дала, аспан, адамгершілік, қалам, жасыл, әдемі, жақсы, жуас, қырық сияқты т. б. сөздердің мағыналары арқылы олар кіретін категорияға, жалпы ұғымдарға қатысты жалпылама мәлімет аламыз. Бұл сөздердің өзін іштей саралап қарай бастасақ, деректі зат есім (дала, аспан, қалам) мен түсті білдіретін (жасыл) және сан есім (қырық) арқылы алатын ақпараттарымыз дерексіз зат есім (адамгершілік) мен сын есімдерге (әдемі, жақсы, жуас) қарағанда нақтылау екендігін аңғаруға болады. Мәселен, қырық деген санның мағынасы арқылы оның қырық бірліктен немесе төрт ондықтан тұратынын білеміз. Яғни, бұл сөздің мағынасы арқылы алатын ақпаратымыз “адамгершілік” деген жалпы ұғымды білдіретін сөзге қарағанда мейлінше нақты. Бұл мысалдар арқылы да тіліміздегі сөздер арқылы алатын ақпараттарымыздың олардың тілдік табиғатымен, белгілейтін ұғымдарының ерекшелігімен байланысты болатындығын көрсетеді. Сондай -ақ олардың жеке тұрғандағы ақпараттылығы мен контекстегі ақпараттық мүмкіндіктерінің әркелкі болатындығын, екінші жағынан сөздердің лексикалық мағынасының контексте басты рөл атқаратындығын аңғарамыз.
Ақпаратты түрлі жолмен алуға немесе таратуға болады. Алайда ғалымдар қай кезеңде де адам тілінің қарым - қатынастың аса маңызды құралы екендігін жан -жақты дәлелдеп келеді. Сол тіл бірлігі болып табылатын сөз мағынасы арқылы ақпарат тарату мәселесіне жеке көңіл аудару, арнайы қарастыру жағы әлі де қолға алынбай келеді.
Сөз арқылы біз ақпарат аламыз және ақпарат таратамыз, яғни қарым -
қатынас барысында сөз арқылы ақпарат алмасамыз. Сөздің бұл қасиеті тіл білімінде әлі жан -жақты арнайы қарастырыла қоймағанымен, отандық тіл білімінде де, шет ел ғалымдары арасында да оған назар аударғандар болды. Мысалы, лингвист А. Р. Лурия “Сөз тек ойлау құралы ғана емес, сондай -ақ қарым -қатынас құралы да болып табылады. Кез келген қарым -қатынас - басқаша айтқанда, ақпарат тарату - сөздің белгілі бір нәрсені көрсетіп қана қоймай, міндетті түрде сол нәрсе туралы мәліметтерді жинақтауын, талдап қорытуын талап етеді” - деп атап көрсете отырып, бұл пікірін дәлелдейтін бірнеше деректер келтіреді [4, 33б. ] .
Ғалымның сөздің ойлау мен қарым -қатынастың құралы екендігін атап көрсете отырып, оны психологиялық, психолингвистикалық және нейролингвистикалық тұрғыдан дәлелдеуі бұл саладағы тың ғылыми нәтижелер қатарына енеді. Сөз табиғатын таза лингвистикалық тұрғыдан ғана емес, оны ми қызметімен, ойлау категориясымен, адам санасымен тығыз байланыста зерттеу ғалымның өзі негізін салған нейролингвистиканың әдісі болып табылады. Ал енді қарым -қатынасты ақпарат тарату дегеніне келсек, қарым -қатынас кезінде ақпарат тек таратылмай оның қабылданатындығы да белгілі. Сол себепті оны ақпарат алмасу деп атасақ, бұл процестің мазмұны мен мәні айқындала түсер деген ойдамыз.
Ғалым көрсетілген еңбегінде сөздің қарым -қатынас құралы екендігі туралы ойын қайта -қайта негіздеп айта отырып, өз пікірін жан - жақты тұжырымдайды. Мысалы жоғарыдағы біз дәйексөз ретінде келтіріп отырған ойын қайталай келіп, ол ойын былайша түйіндейді: “Белгілерді дерексіздендіре әрі зат жөнінде жалпы мәлімет бере отыра, сөз ойлаудың және қарым - қатынастың құралы болып қалыптасады”.
Ғалым бұл тұжырымында сөздің қарым -қатынас, ақпарат алмасу құралы болып қалыптасуы оның ұғым белгілерін абстракциялауымен байланысты екендігін атап айтады. Сөздің белгілерді жалпылау, абстракциялау қасиеті лексикологияда әбден мойындалған деуге болады. Алайда оның қарым -қатынас құралы болып қалыптасуының себебі аталған қасиетіне байланысты екендігі психолингвистикалық тұрғыдан көрсетілуі ғалым тұжырымының назар аударар қыры болып табылады.
Сөздің ақпарат алу мен таратудың, яғни оның ақпарат алмасудың құралы екендігін айтқандардың қатарында Мағжан Жұмабаевты да қосуымызға толық негіз бар. Оған оның мына пайымдауы мысал бола алады:
“Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз, һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз болмаса, адамды біліп болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, жанды суреттер, ұғымдар тұрмас еді. Сөз болмаса, сөзбен адамның бірін -бірі ұғынуы болмаса, жер жүзіндегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz