АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫНЫҢ ТОРҒАЙ АҚЫНДАРЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ


КІРІСПЕ
Қазақ әдебиеті тарихында XYIII ғасырдан бастап көнеден қалыптасқан жыраулық дәстүрмен бірге ақындар поэзиясы кеңінен тарала бастағаны белгілі. Осы кезеңде өмір сүрген Тәтіғара, Шал, Көтеш шығармаларында жыраулық поэзияға қарағанда ақындық сипаттардың басым болуы осыны көрсетсе керек. Халықтың мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын, арманы мен тілегін айта білген ақындар шығармашылығы қазақ сахарасында кеңінен өріс ала бастады. Бірақ бұл ақындар шығармашылығы тек осы кезеңде пайда болды дегенді білдірмесе керек. Бұл мәселе жөнінде көптеген әдебиет зерттеушілеріміз өз пікірлерін білдірген болатын. Әдебиет зертеушілерінің тұжырымдарына қарағанда, «қазақтың ақын дегені - жыраудың кейінгі кезде шыққан атауы», «тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты»[1, 87 б. ] . XYIII ғасырда жаңа қарқынға ие болған ақындар поэзиясы ұлан-ғайыр қазақ даласының түкпір-түкпірінде өзіндік дәстүр ерекшеліктері бар ақындық мектептер қалыптастыра бастады.
Өзекті мәселелері : ХІХ ғасырдың екінші жартысында Торғай өңірінде қалыптасқан Торғай ақындық мектебі болғанын кейбір әдебиет зерттеушілері жазып келеді. Бірақта өз дәуіріне ашық үн қосып, замана шындығын айта білген бұл ақындық мектептің өкілдері ұзақ уақыттар бойына ескерусіз қалып келді. Себебі өзіндік дәстүр ерекшеліктерін қалыптастырған бұл ақындық мектеп өкілдерінің шығармалары кеңестік кезеңде тек жасырын түрде ғана айтылатын. Аталмыш ақындық мектептің ірі өкілдері Сейдахмет Бейсенұлы, Қарпық Шолақұлы, Жұмабай Шалабайұлы, Есенжол Жанұзақұлы сияқты ақындар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдебиет жолындағы ең алғашқы ұстаздары болса, Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмағамбет Оспанұлы, Иманқұлдың Әбдірахманы, Бәлдік Байтоғаев, Уәлі Баспақұлы т. б. ақындар Алашорда қайраткерлерімен мүдделес, мақсаттас жандар болуынан Кеңестік дәуірде бұл ақындар жайлы сөз қозғау мүмкін емес еді. Кеңестік кезең түгелі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да бұл ақындық мектептің өкілдері толық зерттелмей келе жатыр. Осы өңірден шыққан С. Кенжеахметов, С. Оспанов, Н. Бектемісов, Б. Әлмағанбет, А. Қалиев сияқты жергілікті зерттеушілердің бірен-саран еңбектері болмаса бұл тақырыпта қалам тартқандар аз. Аталған ақындық мектептің өкілдері толық зерттелмегендіктен олардың шығармашылығындағы тақырып пен идея мәселесі туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Мұның өзі Торғай ақындарының шығармашылығын арнайы зерттеуді қажет етеді және ондағы тақырып пен идея турасында қарастырып, оны жеке зерттеу нысаны ету - тақырыптың өзектілігін танытады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері . Торғай ақындарының шығармашылығындағы идея және тақырып мәселесін зерттеу жұмыстың басты мақсаты болып табылады және осы жолда мынадай міндеттерді шешу қажет деп білеміз:
Торғай ақындарының шығармашылығындағы негізгі аңсар болған
азаттық идеясының дамуы:
а) Торғай ақындары шығармашылығындағы азаттық идеясының 1916
жылғы ұлт-азаттық қозғалысы барысындағы дамуы;
б) Алаш ұранды әдебиеттің әсері.
Торғай ақындары шығармашылығындағы тақырыптық жүйелердің
бөлінуі:
а) Торғай ақындарының шығармашылығына Шығыс әдебиетінің әсері
және фольклорлық сюжеттер;
б) Торғай ақындары шығармашылығындағы қазақ тарихының
көріністері.
Диплом жұмысының зерттеу объектісі. Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылығы зерттеу нысаны етіп алынып отыр. Олардың шығармашылығындағы тақырып және идеяның алуан түрлілігі тұтас қазақ әдебиетіндегі тақырып, мазмұн және идея жағынан байыта түсті. Бұл орайда, аталған ақындық мектебі өкілдерінің әр жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған, жеке кітап болып шыққан туындылары мен мұражай қорларындағы және жеке тұлғалардың қолынан алынған қолжазбалардағы еңбектері арнайы қарастыру нысанына айналды.
Диплом жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Дипломдық зерттеу жұмысында қазақ және әлемдік әдебиеттану ғылымының теориялық және әдіснамалық негіздеріне сүйендік. Мұнда жинақтау, салыстыру, сұрыптау, жалпылау т. б. әдістер тиісінше қолданылды.
Ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы . Жұмыс өзіндік жаңашылдыққа және құндылыққа ие. Торғай ақындық мектебінің өкілдері жайлы біршама құнды мәліметтер жинап, осы материалдар негізінде олардың шығармашылығындағы тақырып және идея мәселесі туралы өзіндік тұжырымдар жасап, ой қорытуымыз - жұмыстың ғылыми жаңашылдығы болып табылады. Практикалық құндылығы тұрғысында - Торғай ақындық мектебі туралы арнаулы оқу орындарында сабақ беру барысында, сонымен қатар Торғай ақындары шығармашылығын зерттеушілер мен жалпы оқырман қауымға осы жұмыста қамтылған деректерді қолдануға толық мүмкіндік бар.
Қазіргі ғылыми мәселелерді шешу. Қазақ әдебиеттануы ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі - аймақтық әдебиеттің кемшін қалуы. Осы тұрғыдан алғанда, Торғай өңірінде шоғырланған ақындар ортасы, әдеби аяны - «Торғай ақындық мектебі» деген арнайы ұғым негізінде қарастыру ісі қолға алынып келеді. Міне, осы кемшін мәселенің орнын толтыру үшін, біз ақындық мектеп өкілдері шығармаларының тақырыптық және идеялық жағын еліміздегі өзге ақындық мектептермен (аймақтық) салыстыра-салғастыра қарап, өзара үндестік пен сабақтастықты, алаш ұранды әдебиет өкілдері мен азаттық идеяның үйлесімдігін зерттеуді ниет еттік.
1 АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫНЫҢ ТОРҒАЙ АҚЫНДАРЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ
1. 1 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің аңсары - азаттық идея
Қазақ тарихында азаттық идеясын жырға қосқан ақындар аз болмаған. Басы қазақ хандығы құрылар тұста өмір сүрген Асан Қайғы жыраудың шығармашылығынан бастау алған бұл сарын жыраулар поэзиясы арқылы жалғасып келіп ХІХ ғасырдағы Шортанбай, Дулаттардың шығармашылығымен ұштасады. Одан кейінгі кезеңдерде ХХ ғасырда орын алған 1916 жылға ұлт-азаттық көтеріліс қатысушыларының және Алаш қайраткерлерінің мұраларымен өрбіген қазақ әдебиетіндегі азаттық идеясы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қамауға алынған Қайраттардың еркіндікті аңсап жазған өр рухты өлең-жырларымен түйінделеді. Азаттық алып тәуелсіз мемлекет атанған уақытта осы азаттық идеясын жырлаған ақындардың шығармашылығы қарастырыла бастады. Қазақ әдебиетіндегі бұл тақырыптың кеңінен зерделеніп қарастырылған кезең бұл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі туындылар.
Торғай ақындық мектебінің өкілдерінің шығармашылығында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кеңінен қозғалған тақырыптардың бірі. Ақындар өздері куәсі болған бұл оқиғаны сөзбен суреттеп, көптеген өлең-жырлар қалдырғаны мәлім.
1916 жылы 25 маусымда Николай патша Орта Азия, Қазақстан және тағы бірнеше өлкелерден соғыс қара жұмысына адам алу туралы жарлығын шығарды. 19 бен 43 жас аралығындағыларды алу туралы бұл бұйрықтың арты қарулы көтеріліске әкеп соқты. Кеңес дәуірінде тарихы бұрмаланып келген бұл көтерілістің ең басты ошағы Торғай даласы болды. Оспан Шолақұлы мен Әбдіғапар Жанбосынұлы хан сайланып басталған көтеріліс қанша жылдар бойы сардарбек болған Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің атына телініп келді. Бұл жайында Кеңес дәуіріндегі әдебиеттерде «халық бұхарасы қарсылығының өршуі, әсіресе 1916 жылғы ұлт-азаттық, отаршылдыққа және феодализмге қарсы күресте айқын байқалды . . . көтерілістің негізгі қозғаушы күші - ауыл еңбекшілері болды. Оған жергілікті жұмысшылар, батырактар, қолөнершілер де қатысты. Бай феодалдардың жоғарғы тобы патша үкіметі мен орыстың империалистік буржуазиясымен бірлесіп әрекет жасады. Ұлттық буржуазия . . . ұлтшыл «Қазақ» газеті арқылы патшаның еркіне көндіруге шақырды. Көтеріліс Қазақстан территориясын тегіс қамтыды. Жазалаушы отрядтар мен қарулы шайқастар бірнеше айларға созылып, әсіресе, Торғай облысындағы көтеріліс ең ұзаққа созылған, ең ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтерілісшілерге халық батыры Аманкелді Иманов пен большевик Әліби Жангелдин басшылық етті», - деп жазды [2, 21 б. ] . Аталған еңбектен Кеңестік кезеңде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шаруалар көтерілісі етіп көрсетіп, Ресейдегі қазан төңкерісімен ұштастыру көзделгенін байқауға болады. Ал, шын мәнінде бұл күрес халқымыздың азаттығы жолында болған болатын.
Торғай ақындық мектебі өкілдерінің басым көпшілігі бұл тарихи оқиғаның басы қасында болып, өздері көтеріліске қатысып куәгері болған. Сондықтанда олардың шығармаларынан көптеген жайларды аңғаруға болады. Әрине бұл шығармалардың барлығы бірдей сөз маржаны емес. Бірақ өз уақытының ерлік пен ездік хикаяттарын бүкпесіз баян ететін бұл туындылардың әлі де атқаратын қызметі зор.
Көтерілістің бастапқы кезеңіндегі туындылар қатарында ерекше атап өтетін бірнеше шығарма бар. Бұлар өлеңмен жазылған хаттар. Бұл хаттардың иелері Торғай ақындық мектебінің белді өкілдері Жұмабай Шалабайұлы, Құбаша Шалбайұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы және Нұржан Наушабаев.
Алғашқы хат Нұржан мен уақ Жұмабай ақынның жұмбақпен жазылған хаты. Бұл хатты филология ғылымдарының кандидаты С. Оспанов Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында, қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған қолжазбадан алып жарыққа шығарған болатын. Қолжазба араб әрпімен жазылған, 11 беттен тұрады. Қазақстан Ғылым Академиясына 1945 жылы табыс етілген. Тапсырушының аты-жөні белгісіз. 1916 жылы Нұржан ақын Қостанайдағы ақ патшаның “Маусым жарлығынан кейінгі хал-жайды жұмбақ етіп “Торғайдағы туғандарға” хат жазып жіберген екен:
. . . Тобылдың көк жарынан жалын шықты,
Егіз боп Ор бойынан зар үн шықты.
Ақ терек, қу қарағай жанбай қалып
Жас балғын жанып жатыр қалың шірпі . . .
. . . Іздеусіз жүгіменен түйе қалды,
Желі де матауымен бие қалды.
Опат боп өртке кеткен бейшараның
Жұртына өрт салғандар ие болды . . .
Осы жұмбақ-хаттың жауабын Жұмабай ақын тауып
Тобылдың биік көк жары -
Қостанайдың қаласы
Қағынды деген сөз екен.
Жалын шығып жарынан,
Өртеніп жатқан кез екен.
Ор бойында Орынбор
Губернеміз сол екен.
Онда қайғы мол екен.
Қу қарағай - ақ сақал,
Ақ терегі - ақ патша,
Старшын, бұлты - поп екен.
Жанып жатқан жалпақ өрт -
Сорлы қазақ елі екен.
Жанып жатқан жас шырпы -
Елдің балғын ұлы екен . . .
. . . Іздеусіз қалған түйесі -
Қартайған зарлы шал екен.
Матаулы қалған биесі -
Сорлы болған ана екен.
Опат соғып өртенген -
Қыруға арналған жан екен . . . [3] -
деп халықтың басына түскен қиындықты жырға қосады. Келтірілген өлең жолдарынан өртенген елдегі сорлы болған ананың зарын естігендей болып, патшаның зәрлі заңын орындаймыз деп өз халқын қанға бөктіріп, отқа салған - отаршыл ақ патшаның сойылын соғып жүрген болыстар мен билердің, ауылнайлар мен старшындардың арамза бейнелерін көреміз.,
Торғайда қазақ топтанып,
Хан сайлады деген соң,
Патшаға қарсы тұруға,
Бел байлады деген соң.
Қолдан бала бермеуге,
Көнбей жатыр деген соң.
Айтқанына болыстың,
Ермей жатыр деген соң.
Сұрағанын патшаның
Бермей жатыр деген соң . . . -
деген жолдардан Әбдіғапар мен Оспанды хан сайлап, Аманкелді мен Қасымханды сардар қылып азаттықтың ақ жолында басын байлаған ерлердің мақсат-мүддесі көрініп, ерлігінің соңынан еркіндігі тәй-тәй басқан бірлігі тас-түйін елдің бір тілектің аясында бас қосқаны байқалады.
Осы бірлікті айғақтай түсетін тағы бір хат алмасу Құбаша Шалбайұлы мен Әбдірахман Иманқұлұлының арасында болыпты. Көтерілісшілердің іс-әрекеттерінен хабар беретін бұл хаттың өзгелердің атына телініп жүргені бар. «Рауан» баспасынан 1996 жылы шыққан «1916 жыл» деген кітапта аталған өлеңмен жазылған хатты «1916 жылы үйен жарлығын естіп, Майқарау болысындағы Жұмаш деген кісінің Аққұм болысындағы Кәрібоз ақсақалға жазған хаты» деп берілген [4, 70 б. ] . Ел үшін алаңдаған бұл екі ақынның хаттарынан ел ішінің қандай жағдайға да сақадай сай дайын екендігі көрінеді. Халықтың басын қосқан жұрт жанашырларының бір-бірімен байланыс жасап, зор қимылға кірісуге бел байлағандары байқалады. Бұл хаттардың тарихшылар үшін аса құнды материал болары хақ. Тағы бір айта кетерлік жайт жоғарыда айтылған хаттарға назар аударуымыздың тағы да бір маңызды себебі бар. Ол әдеби дәстүр. Бір-біріне өлеңмен хат жазысу біздің өңірде өмір сүрген ақындарда жиі кездесетін құбылыс. Бұған Байжан мен Нұржан Наушабаевтың, Файзолла мен Әлмағанбеттің өлеңмен жазған хаттары айқын дәлел бола алады. Байжан мен Нұраханның, Байжан мен Қоденнің, Күдері мен Хамзаның, Қияқбай мен Мақтағанның хат арқылы айтысуы, Таңат Сейдахмет ақын мен Алтыбас Ақмолданың жазба түрде сөз қағысуы да осы қатардан. Бұл әдеби үрдіс сол кезеңдегі қазақ әдебиетінде тек Торғай ақындық мектебі өкілдері мен Сыр сүлейлерінде ғана кезігеді. Бұл әлі де зерделей түсуді қажет ететін мәселе.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде туған көптеген өлең жырларда азаттық идеясы кеңінен орын алады. Бұл көтерілістің ірі орталығы болған Торғай өңірінен шыққан ақындардың шығармаларынан да көрініс тапқан. Мысалы Нұрхан Ахметбеков өзіне ұстаз тұтқан Бұзаубақ ақын өзінің «Құты қашты патшаның» атты өлеңінде
. . . Патшаның рақымы жоқ қазағыма,
Қор болма отаршылдық мазағына.
Баста ерік, малда билік болмаған соң,
Сүйінбе құр өмірдің ұзағына.
Қарсы аттан, жан садаға мал шалайық,
Үш жүздің баласына жар салайық.
Берсең де өлдің балаңды, бермесең де,
Онан да жауға қарсы ат салайық.
Патшаның қорлығынан құтылайық,
Жүргенше байлауында, бұлқынайық.
Пәледен машайықта қашты деген,
Өлгенше, өлмес жаққа құлшынайық . . .
. . . Баста ерік, жерде иелік, малда билік,
Дариға, болмаған соң жандық-күйдік.
Елдің жас еркелері, саған айтам,
Салайық сендер үшін біз де бүлік.
Күн туды ел басына ауыр қиын,
Басың қос, ер азамат жасап жиын.
Елдегі есерсоқтың тіліне ермей
Бостандық туы астына бәрің жиыл. [4, 68 б. ] -
деп жырлауы қанша ғасыр бодандық бұғауында бұлқынған елдің азаттыққа деген ұмтылысын айқын көрсетіп береді. «Басында ерігі, жерінде иелігі, малында билігі» болмаған ұлттың «егер мемлекеттің мүддесі қажет еткен болса - онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім қарсы болмайды» деген теріс пиғылға негізделген Ресей империясының саясатына қарсы шығуы заңды құбылыс болатын. Он алтыншы жылы шыққан маусым жарлығы шиеленісіп тұрған бұл мәселені одан әрі күрделендіре түсіп, елдің азаттық жолына күреске шығуына түрткі болды.
. . . Патшаның рақымы жоқ қазағыма,
Қор болма отаршылдық мазағына.
Баста ерік, малда билік болмаған соң,
Сүйінбе құр өмірдің ұзағына.
Міне ақынның жырының негізгі түп қазығы, ойларының сарқып құяр сағасы осы шумақта жатыр. Бұл шумақта айтылған ой тек маусым жарлығы шыққан он алтыншы жылы ғана қалыптасты деуге келмейтін арналы ой. Бұл патша үкіметінің ішкі-тысқы саясатына, елге деген зәбіріне қарсы қалыптасқан халықтың азаттықтты аңсаған аңсарлы ойының толғағы жетіп ақын жырымен сыртқа шыққан үні болатын. «Басында ерігі, жерінде иелігі» жоқ ел саяси-әлеуметтік, әкімшілік жағынан тәуелді болса, «малында билігі» жоқ жұрт экономикалық жағынан өзгелерге басыбайлы болады. Бірақ Бұзаубақ сынды ақындардың жыры мен соған ілесіп азаттық күресіне шыққан елдің жайы патша империясына саяси-әлеуметтік, әкімшілік, экономикалық жағынан тәуелдене бастаған қазақ елінің әлі де болса рухани тәуелділікке түспегенін дәлелдеп берді. Бізге бірнеше шумақ өлеңі ғана жеткен Алтыбас Өске ақынның туындысы да осы тұжырымға жетелейді. Енді сол өлеңге назар аударайық:
. . . Құдай, құдай дедікте
Озбырларға құл болдық.
Әділет деген аңсап ек
Лас жауып кір болдық.
Әкім бар деп қуану
Ұшты-күйлі қате екен.
Әкім сырттан болған соң
Көргенің жәбір жапа екен.
Қойды қасқыр баққан соң
Қан болмасқа немене.
Сайланбай әкім болған соң
Зор болмасқа немене . . .
Патша үкіметінің саясатына қарсы деген айыппен қамауға алынып, аз уақыт болса да абақты да жатқан ақын бұл тордың өзіне ғана емес тұтас халыққа арналғанын түсінсе керек. Содан да болар Өске ақын 1916 жылғы көтеріліске қолдау көрсетіп, сарбаздарға батасын беріп, өсиетін айтады. Бұл жоғарыда аталған Құбаша мен Иманқұлдың Әбдірахманының бір-біріне жазған хаттарынан көрініс тапқан:
. . . Боз балалар буланды,
Қайраты тасып нұрланды.
Айнымасқа анттасып
Шалып жатыр құрбанды.
Алпысқа толған Өскенің
Өсиеті тыңдалды . . . [5, 22 б. ]
Маусым жарлығы шыққаннан-ақ үкімет орындарына бағынудан бас тартқан халыққа ел басқарған хандардан мен қол бастаған сардардан бөлек елдің рухын көтеретін тұлғалардың керек екені белгілі. Тарихтағы бұл міндетті жоғарыда аталған Өске секілді ақындар өз мойнына алып, бостандық жолында күрескен халықтың рухани дем берушісіне айнала білді. Себебі олар бұл күнді ұзақ күткен болатын. Осы көтерілістің қатысушысы белгілі халық ақыны Омар Шипин Торғайдағы азаттық көтерілісі жайында көптеген деректер бергені мәлім. Ол осы көтеріліс жайында айта келіп Есенжол ақынның сарбаздарға арнап шығарған бір термесін қағазға түсірген екен. Жырау Бегалин нақышына келтіріп айтып отыратын аталмыш термеде
. . . Өкініш болды өзекте
Түнекте түндей қалғаным.
Енді бүгін естідім,
Бақыттың таңы атқанын,
Қараңғы өмір қарасы,
Келмеске мүлде батқанын.
Азаттық үшін азамат,
Жағалай жортып, шапқанын . . .
. . . Тілегім мен жүрегім,
Сарбаз деген саптамын . . . -
деп келетін жолдардан ақынның азаттықты қаншалықты аңсап күткенін көре аламыз. Бұл жайында Торғай ақындық мектебін зерттеуші Назарбек Бектемісов өзінің «Ахмет ұшқан алтын ұя» еңбегінде: « - Осы термені, - деді, Өмекең, Кенбай деген жерде ауырып жатқанын естіп мен Аманкелдімен бірге Қоғалы жолымен құлаған күні үйіне соққанымда айтып еді. Ұлт-азаттық қозғалысына қуанғаны соншалық, қайта-қайта алып, қарағай домбырасын маған сыйға берді. мен сол домбырамен Есенжолдың жоғарыда айтқан термесін көпшілікке талай рет жеткізгенмін, - деп ауыр күрсініп еді заңғар ақын» - деп жазыпты[6, 26-27 б. ] . Есенжол ақын сарбаздарға осылай дем берсе, оның замандасы Мәтібай Сарбасұлы өзінің Түсіп атты баласына батасын беріп көтерілісшілерге өз қолымен қосады. Осы батадағы
. . . Жолдасты жауға тастама
Не болсада бірге көр
Қарабас қамын ойласаң
Кешірмес атаң қатаңды»[7, 100 б. ] -
деген жолдардан-ақ ақынның жеке бас емес халықтың жайы үшін алаңдағанын көреміз. 1916 жылы қараша айының 27-інде Жалдама өзенінің бойында 13 болыстың өкілдері жиналған құрылтайда Аманкелді батырға бата берген ақын Қараман Досай қажы болса өз сөзін
. . . Азап көрген халқыңа
Бостандықты алып кеп
Бейбіт өмір шалқысын . . . [8] -
деп түйіндеп, ел басына күн туған шақта атқа қонған ерлерге сенім арта сөйлеп, бейбіт күннің орнағанын көксейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz