Қазақ баспасөзін дамытудағы қазақ зиялыларының рөлі


МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1. Қазақ баспасөзін дамытудағы
қазақ зиялыларының рөлі . . . 3-27
2. Газет, журнал басылымдарындағы көтерілген
негізгі мәселелер . . . 28-47
Қорытынды . . . 48-49
Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 50
1. Қазақ баспасөзін дамытудағы қазақ зиялыларының рөлі
Қазақ мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар, халықтың саяси-әлеуметтік, әдеби - мәдени және эстетикалық ой-пікірін оятуға септігін тигізген қазақ баспасөзінің тұңғышы - « Түркістан уалаятының газеті».
«Түркістан уалаятының газеті» - қазақ топырағында туып, қазақ сахарасына алғаш тараған газет еді. Патша өкіметі өз бұйрық-жарлықтарын қазақ тілінде жергілікті халық өкілдеріне жеткізу үшін қазақша газет шығаруды қажет етті. Сондай-ақ сол кездегі қазақ оқырмандарының ұлттық талаптарының бірі -ана тілінде газет шығару мәселесі болатын. Сөйтіп, 1870 жылы 28-ші сәуірде Орта Азиядағы тұңғыш отаршыл орыс газеті «Туркестанские ведомости» жарық көрді. Сол газеттің қосымшасы қазақ және өзбек тілдерінде шығарыла бастады.
Газеттің редакторы - Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов, ұлты - башқұрт, білімді, орыс тілін жетік меңгерген, Шоқан Уәлихановтың көп танысының бірі, ол бұрын Омбы кадет корпусында оқып, Көкшетау дуанының хатшысы болған кісі. Шаһмардан Ибрагимов газет ісіне басшылық жасаумен бірге, қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинақтап, басылымның биресми бөлімінде ондаған ғылыми мақалаларын жариялайды. Газетке редактор кейінірек Х. Чанышев, ал газеттің бас редакторы Н. П. Остроумов кейін Н. Г. Малицкий болды.
Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші Х. Бекхожин «Түркістан уалаятының газетінің» нендей мақсатпен шыққандығын дәл айқындап берді: «Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап оның әлеуметтік шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді.
Алайда патша үкіметінің екі жүзді мақсатына қарамастан, Қазақстанда мәдениеттің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті . . . » [3, 26 б. ] .
«Түркістан уалаятының газеті» Түркістан генерел-губернаторлығына қарайтын Жетісу, Сырдария облыстарына ғана емес, Ташкенттен шалғай жатқан Ақмола, Омбы, Семей, Көкшетау, Қызылжар, Қарқаралы уездеріне де тараған. Бұл газеттің таралымы туралы нақты деректер жоқ. Мұның өзі әр жылғы шығу реттілігінің өзгеріп отыруына байланысты. Өзі айына төрт рет шығарылатын газеттің екеуі өзбек, екеуі қазақ тілінде басылған. 1870 жылы барлығы 8 нөмір шығарылса, соның бесеуі өзбек, үшеуі қазақ тілінде басылған. 1875-1877 жылдары шығу тәртібі қалыпқа келіп, тіпті жоспарланған қазақша 24 нөмірдің орнына 33 нөмір жарық көрген. Сондықтан газеттің әр уақытта таралым саны әр түрлі болған. Мәселен 1877 жылғы бір нөмірінде газеттің өзбекшесін 440, ал қазақшасын 240 адам жаздырып алатындығы туралы ақпарат берілген болатын.
Газетте көбіне орысша нұсқадан А. С. Пушкиннің, Л. Н. Толстойдың, И. А. Крыловтың аудармалары жарияланып отырған. Қазақ тілінде мақалаларды, көбіне редактор Шаһмардан Ибрагимов, сондай-ақ әдеби қызметкерлер Заманбек Шайхәлібеков, Жүсіп Қазыбеков, Хасан Жанышевтар жазған. Бір көңіл аударарлық нәрсе - материалдар даярлау көбіне көрсетілмейді. Ал сол қазақша нұсқалықты даярлау көбіне осы төрттіктің мойынына жүктелсе керек.
Газеттегі саясат тақырыбы - негізінен Ресей патшалығындағы мәселелерді қамтып отырды. Патша өкіметінің жарлық, бұйрықтары жергілікті тілге аударылып басылып отырды. Сондай-ақ шет ел туралы мақала, хабарлар да Ресей өкіметінің сыртқы саясаты тұрғысына жазылып отырды. Сондай-ақ шет ел туралы мақала, хабарлар да Ресей өкіметінің сыртқы саясаты тұрғысынан жызылып отырды. Әсірсе Орта Азия шет елдіктерінің қызығушылығы туып, орыс әскерлері түбегейлі бағындырғаннан кейін де Ресей өзінің геосаяси ықпалдылығын арттыру ниетінде болды. Сол үшін де көршілес Қытай, Ауғанстан мемлекеттерімен қарым-қатынас, орыс-түрік соғысындағы жағдай туралы хабарлар жарияланып тұрды. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтары қазақ жеріне үстемдік орнатып, кейіннен Ресей 1867-1868, 1873 жылдары ол хандықтарда дипломатиялық әдіспен, әскери күшпен жаңа әкімшілік -саяси басқару құрылымын түзді.
Газетте жарық көрген материалдарда ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі саяси ахуал, сол кезде өмір сүрген нақты шенді адамдар есімдері көрсетіліп тұрған. Мұның өзі ертеде жарияланған хабар-ошардың жылдар өте келе публицистикалық деректілігінің құнды бола түсетіндігінің айғағы.
Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірбаяндық деректері, қызмет жолы, ағартушылық қызметі, оның зираты хақында мағлұмат беретін тұңғыш портреттік очерктің алғашқы нұсқалары да осы газет бетінде басылды. Шоқанның есімін мәңгі есте қалдыруға орыс губернаторларының өзі белсене ат салысқаны көп жайтты аңғартса керек. Ал газетте екі мәрте Шоқан жайлы жазылуын көзі тірісінде дос болған редактор Ш. Ибрагимовтің өнегелі ісі ретінде бағалауға болады.
«Түркістан уалаятының газетіндегі» жарияланымдар бірнеше тұрақты айдарлармен беріліп отырды. Соның ішінде бірсыпыра хабарлар орыс газеттерінен аударылып басылды. Мәселен «Мәлімнама», «Әр түрлі хабарлар», «Тіліграф», «Ығламнама», «Орыс газетінде жазыпты», «Газеттерде жазыпты» деген айдарлармен орыс баспасөзінің кейбір жаңалықтары жүйелі түрде аударма түрінде көшіріліп, беріліп тұрған. «Ыстанбол хабары», «Газеттен алған сөз», «Ығлам» айдарлары да сондай сипатта болды.
«Түркістан уалаятының газетінің» басты өзгешелігі - негізінен ақпараттардан тұратын газет. Сондықтан алғашқы қазақ газетінде ақпараттық публицистиканың түрлі пішіндері қалыптасты. Очерк, сұхбат, шағын мақалалардың өзі өте сирек кездеседі. Негізінен Түркістан губерниясының жаңалықтары, губернаторлардың іссапармен қайда барғаны жөнінде әр түрлі айдарлармен қысқа есептер, тақырыпсыз, авторсыз, редакциялық заметкалар жиі беріліп тұрған. Орыс газеттерінен шолу ретінде қысқаша жаңалықтар топтастырылып беріліп, жүйелі түрде аударылып отырған.
Қазақ тілінде шыққан алғашқы газетте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы, олардың шығармалары туралы да мағлұматтар жолығады.
Мәселен, газеттің 1875 жылғы бір нөмірінде Мәделіқожа ақынның өлеңі басылыпты. Өлең тексінің басында: «Шымкент оязына қараған Мәділқожа деген ақынның Сырдария облысының уайыннай губернаторы У. Калауешевтің Хиуаға барғаны тақырыпты шығарған өлеңі» - деп жазылыпты.
Басылымның 1875 жылғы нөмірлерінде ұзақ бір жарияланымдардағы көлемі жағынан, мазмұндық тұрғыдан жолсапар очеркіне ұқсас. Айта кетерлік бір жайт -мұнда үтір, нүкте, жалпы тыныс белгісі атаулы мүлдем жоқ. Сондықтан сөйлемдер арасын ажырату өте қиын. Шығарманың жолжазба екендігін - «Біздің газетті алып тұрған бір адам өзінің жолаушы жүргенде басынан өткенін газетке басып шығармақ болып біздерге жазып жіберіпті», - деген бастауынан аңғаруға болады. Міне, осындай үзінділерден ертедегі қазақ халқының мал баққан, мал өсірген қалпы, көшпелі тұрмысы, оңтүстіктен солтүстікке, Арқадан Қаратауға жол салып мал саудалағандығы, ауа райына көп мән бергендігі, барымташылық пен мал үшін жанжалдасу, әңгімеге зор мән беретін қазақ табиғаты мен ел тұрмысы, қоңырқай тіршілігі түп-түгел көрініс береді. Мұнан шығатын қорытынды жалғыз-ақ - ол «Түркістан уалаятының газеті» бетіндегі әлгі жолжазбаны - публицистиканың жолсапар очеркі жанрының алғашқы көріністерінің бірі ретінде атауға болады.
Газет бетінде жарық көрген шағын заметканың өзі - ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласында орнаған саяси -әлеуметтік құрылымды, отаршылдық саясаттың қазақ халқын қыспаққа алғандығынан хабардар етеді.
Қазақ тіліндегі алғашқы газеттегі басты ерекшелік - сол кезде болған оқиғалар, өмірде орын алған фактілер қысқа түрде хабарланып отырды. Ағымдағы оқиғалардың жедел жеткізілетін хроникалық сипаты басым болды. Мұның өзі хроникалық түрдегі ақпараттық заметканың - публицистиканың ең көне жанры ретінде қалыптасқандығын айғақтайды. Газеттегі «Мәлімнама» айдарымен 1-бетте көбінесе Түркістан негерал-губернаторының қызметі, істеген ісі, шығарған бұйрығы, жүрген сапары, тағы басқа барлық жұмысы жүйелі түрде хабарланып тұрған. Газеттің 1- беті тұтасымен ресми бет болғандығын да айта кеткен жөн. Әсіресе «Түркістан генерал-губернаторының бұйрықтары» деген айдардың тұрақты берілуінің өзі-газеттің басты мақсат-мүддесін көрсетіп тұр. Газеттегі хабарлар негізінен сол кездегі нақты деректерге құрылады.
Газет бетінде биресми метериалдар мен діни тақырыптарға да назар аударылып тұрған. Сондай-ақ газет қазақ әдебиетін насихаттауға да назар аударды. Бұл туралы профессор Х. Бекхожин: «Біз сөз етіп отырған газетте қазақтың сол кездегі, яғни жетпісінші жылдардағы Орынбай, Ораз, Досанбай, Майлықожа, Мәділқожа сияқты көрнекті ақындарының шығармалары мен айтыстарының, қазақ ауыз әдебиеті мұраларының аз да болса басылып шығуы Алтынсарин Ыбырай мен Құнанбаев Абай негізін сала бастаған жаңа жазба әдебиетіміздің қалыптасуына себебін тигізді дей аламыз», - деп жазды [ 3, 33 б. ] . Шын мәнінде Мәделіқожа жырларының, Досанбай ақын өлеңінің, Салық Бабажановтың қазақ мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын жинап бастыруы, Қарақалпақтың әйгілі ақыны Әжінияз бен қазақ қызы Кәмештің айтысы т. б. әдеби нұсқалардың жариялануы алғашқы қазақ газетінің әдебиет насихатшысы болғандығына айқын дәлел бола алады.
Сонымен қатар газетте қазақ арасындағы ел басқару жайы, жаңадан ашылған мектеп медресе, салына бастаған темір жол құрылысы, почта байланысы т. б. жиі сөз болады. Газет бетінен ағартушылық идеяны насихаттайтын материалдарға орын берілген. Бала оқыту мен тәрбиелеу мәселелері де көтерілген, оқытудың ескі әдістері сынға алынған.
Газеттің 1876 жылы басылған № 3 санында жарық көрген «Оқу, жазу адамға көп пайдалы» деген мақаласынан:
« . . . Балаға өз тілінше оқытып үйретпек керек, онан соң оны жаздырыпүйретпек керек. Бала өз тілінше оқу, жазудың жөн-жобасын білген соң, осы жөнмен бүтін жұрттың жазуын, оқуын өз іждаһатымен, я біреудің оқытуымен білейін десе, жолға түскен адамға адаспақ жоқ дегендей жолын көрген соң иждаһат қылса, біліп кете береді. Балаға әліпбиді танытып болған соң, оны жаттай жаздырып білдіру де керек.
Ресей жұртында әр қайда неше медреселер түзетіліп, қанша заманнан бері оқытудың тәртіптерін түзетіп келіп, әлі осы уақытта орыстар өз тілінше оқу, жазуды сондай жылдам біледі. Бұл орысша оқудың оңайлығынан емес, оқытудың мәнісін білгендіктен деп есеп қыламыз.
Мұсылман халқы болсын, орыс болсын, жақұт болсын, бәрі де бірі артық, бірі кем емес, әркім оқыса, білсе, өз әліне қарай жұрт арасында орын алып, абыройлы болады».
Басылым бетінде «Ғылым хабары» айдары бойынша ғаламда болып жатқан ғылым мен техника жетістіктері қызғылықты хабарланып, жазылып тұрды. Газетте басылған шығармалардың тілі туралы қалыптасқан ғылыми дәйектемелер бар. Мәселен ғалым Б. Әбілқасымов « . . . газет тіліне лингвистикалық талдау жасағанда, газет редакциясының, шама келгенше, газетті таза қазақ тілінде шығаруға тырысқанын көреміз. Газеттің соңғы жылдардағы нөмірлерінде, әсіресе 1882 жылдан бастап, оның тіліне бірен-саран татар элементі кіре бастағаны байқалады. Негізінен алғанда, «Түркістан уалаяты газетінің» тілінің сол кездегі қазақтың ауызекі сөйлеу тіліне жақын екенін көреміз» [4, 11б. ] - десе, профессор С. Исаев: «Ташкентте 1870-1882 жылдар арасында «Түркістан уалаятының газеті», Омбыда 1888 - 1902 жылдар арасында «Дала уалаятының газеті», 1895 жылдан бастап Троицкіде «Торғай газеті» шығып тұрды. Бұл газеттер ресми орган болуына қарамастан қазақ әдеби тілін дамытуда, әсіресе оның жазба нормаларын қалыптастыруда өз кезі үшін үлкен роль атқарды» -деген қорытындыға келді [5, 191 б. ] .
«Түркістан уалаяты газетінің» бетінде публицистиканың жанрлары тұңғыш рет қалыптаса бастады. Бұл жөнінде профессор Х. Бекхожиннің мына тұжырымы бекіте түседі: «Тұңғыш рет қазақ тілінде шыққан газеттің бетінде орыс баспасөзінің әсерімен түрлі әдеби жанрлар пайда бола бастады . . .
«Бір қудың екі байды алдап кеткендігі туралы» деген әңгімеде байлардың қомағайлығы әшкереленеді. Әңгіме «көзі тоймаған бір айлакерге жолығар» деген қанатты сөзбен аяқталады. Бұл фельетон жанрына ұқсас әңгіме», -деп жазыпты [3, 34б] . Басылымда заметка, есеп, фельетон, мақала, корреспонденция, хат, шолу, жолсапар очеркі, портреттік очерк, ғылыми-танымдық очерк сияқты жанрлар алғаш осы газет бетінде көрініс тапқандығын көруге болады.
Шын мәніндегі қазақтың жазба публицистикасы «Түркістан уалаятының газетінде» алғаш қалыптаса бастады. Сондықтан да жалпы баспасөз тарихында «Түркістан уалаяты газетінің» маңызды орын алады.
Ұлттық баспасөзіміздің төлбасы «Түркістан уалаяты газетінің» соңын ала Орта Азия халықтарының тілдерінде газет-журналдар шыға бастады. Патша үкіметінің отаршылдық ниетіне қарамастан, бұл газеттер қазақ халқы мен Орта Азия халықтарын орыс халқының мәдениетіне тарту ісінде, сондай-ақ қазақ халқының рухани өміріндегі аса маңызды оқиға болды
Халқымыздың әдеби мұраларының ішінде « Дала уалаяты газетінің » орны ерекше. «Дала уалаятының газеті» 1888 жылдан 1890 жылға дейін Омбыда шығып тұрған «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде орыс және қазақ тілдерінде шыға бастаған.
Газеттің орыс тіліндегі сандары «Особое прибавление к Акмолинским облостным ведомостям» деген атпен шыққан. 1894 жылы «Особое прибавление» орнына екі тілде шығатын газет ұйымдастырылып, оның орыс тіліндегісі «Киргизская степная газета» деп аталса, қазақ тіліндегі серігі сол «Дала уалаятының газеті» деген атпен шыға берді. Жалпы бұл газет 1888 жылдан 1902 жылдар арасында аптасына бір рет шығып тұрды. Газеттің ақырғы саны 1902 жылы наурыз айында шығып, содан кейін «Сельскохозяйственный листокке» айналды. Газетте әр жылдары редактор болғандар: И. Козлов, К. Михайлов, Г. Абаза, А. Попов, Д. Лавров.
Қазақ тіліндегі номерлерін шығару ісін басқарушылар Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамет (Дінше) Сұлтанғазиндер басқарды. Газетке қатысқан қаламгерлер қатарына Р. Дүйсенбаев, Қ. Жапанов, Б. Чалымбеков, О. Әлжанов, Ж. Айманов, Д. Иманқұлов, А. Құрманбаев, А. Қылышбаев, А. Нөркербеков есімдерін атауға болады.
«Дала уалаятының газеті» - қазақ публицистикасының қалыптасуына үлкен әсер еткен басылым болды әрі ірі қазақ публицистерінің мінбері болды. Газет өзінің бағдарламасы бойынша патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарын, заң-закондарын, әкімшілік басқару істерін жариялайтын ресми тілі ретінде шықты. Сол кездегі басқа газеттер сияқты «Дала уалаяты газетінің» екі бөлімі болды: ресми бөлім, ресми емес бөлім. Соңғы бөлімде көбінесе көпшілікке пайдалы, ғылым-білімге қатынасы бар мақалалар басылып тұрды. Бұл үкімет тарапынан шыққан ресми газет болса да көп уақыт Сібірге айдалып келген, бостандықты көксеген адамдардың ықпалында болып, олар оны халық газеті етуге тырысты. Осы ретте газетке дұрыс бағыт берген Г. Н. Потаниннің, Н. М. Ядринцевтің, Л. К. Чермактің рөлі аса зор. Сол сияқты прогресшіл интернационалист адамдардың қатысуымен газет әр уақыт шаруашылық, мәдениет, әдебиет жайынан, Орталық Ресейде не болып жатқаны туралы аса құнды бай материалдар жариялап отырды.
«Дала уалаятының газеті жергілікті басқа газеттен гөрі қазақ бұқарасының тұрмысын, оның шаруашылық жағдайларын, мәдени тіршілігін толығырақ жарыққа шығарған газет. Бұрынғы Сібір әкімшілігінде болған Семей, Ақмола, Тобыл, Жетісу қазақтары білім жаңалығын алғаш осы газеттен оқып, танысып, сол арқылы көзін ашып, көкірегін сана сәулесімен толтырды. Газет қазақ бұқарасын орыс халқының бай әдебиетімен, мәдениетімен таныстырып, оның кең сарайының есігін ашты. Оның бетінде А. С. Пушкин, Л. Н. Толстой, М. Ю. Лермонтов, Д. Н. Мамин-Сибиряк, Г. И. Успенский шығармашылығының, И. А. Крыловтың мысалдарының қазақ тіліндегі алғашқы аудармалары басылып тұрған. Сондай-ақ газетте қазақ елінің тұрмысын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдары өздерінің мақала-хабарларын жиі бастырып тұрған. Г. Потанин, А. Алекторов, А. Ивановский, А. Добромыслов, В. Обручев т. б. қазақ елінің тарихына, этнографиясына жанасты материалдармен қатар қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап бастыруда көптеген пайдалы жұмыстар істеді.
Газет негізінде, жергілікті отаршылық-әкімшілік орындарының ресми ұйымы бола тұрса да, халықты отырықшылыққа, өнер-білімге, мәдениетке шақыруда едәуір роль атқарды, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады. Оның бетінде қазақ тілінде бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ресми іс қағаздары стильдері қалыптасты, ғылыми стильдің негізі қаланды, аударма тәжірибесінің алғашқы қадамы жасалынды, араб графикасына негізделген қазақ жазбасында бірінші рет тыныс белгілері қолданылды.
«Дала уалаяты газетінің» тілі мен стилі негізінде бұрынғы мұсылманша оқыған қазақ зиялылары мен тілмаштарының тілі деуге болады. Өйткені газет редакциясына келіп түскен мақала, хабарлар көбінше ескі мұсылманша оқыған зиялылардан, болыс, билер сияқты үкімет адамдарынан түскен.
Газет қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени әдеби түсінігінің молая беруіне едәуір әсер етті. Саяси-экономикалық мәселелермен қатар оқу-ағарту ісінің жәй-күйі, өнер-білімнің пайдасы, орыс мәдениетінің жетістіктері, қазақ әдебиетінің хал-қадыры, қазақ зиялылары, тарихи адамдары (Әбілқайыр, Шоқан, Ыбырай) мен қазақтың жазба, ауызша әдебиеті, жеке ақындары (Бұқар, Орынбай, Үлкенбай, ноғайбай) жайында бір қыдыру тарихи құнды мақалалар, хабарлар жариялады.
Қазақтың жаңа жазба әдебиеті ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап дүниеге келгені белгілі. Ал оның ең алғашқы қадамына сол кезде шығып тұрған мерзімді баспасөздер себепкер, соның ішінде «Дала уалаяты газетінің» орны бөлек. Өйткені мұнда жазба профессионал әдебиеттің үлгілері бірқыдыру жарияланды. «Дала уалаятының газетіндегі» жазба әдебиет те жанрлық жағынан екі арнадан көрінеді: қазақтың жазба поэзиясы мен прозасы. Газетте жарияланған прозалық шығармаларға келсек, олар қазақ жазба әдебиетіндегі прозалық жанрдың алғашқы үлгілері болып табылады.
«Кейбір зерттеушілер қазақ әдебиетіндегі проза жанрын сөз еткенде революциядан бұрынғы проза Ы. Алтынсариннің дидактикалық әңгімелері, А. Құнанбаевтың қара сөздері, С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», С. Көбеевтің «Қалың мал» сияқты шығармаларын ғана атап, революциядан бұрынғы қазақ әдебиетінде прозалық шығармалар өте аз деген пікір айтады. Шындығында, осы революциядан бұрын шыққан қазақтың газет-журналдарының бетінде басылған, бастапқы үлгі ретінде жарық көрген прозалық шығармалар өте көп» [ 4, 114 бет], деген Ү. Субханбердина. Оған дәле «Дала уалаятының газетінде» кездесетін шағын проза үлгілері. Тіпті, газетте адамгершілік пен ізгілікке баулитын сюжеті шығыс халқынан келген шығармаларды қоспағанда, қазақ өмірін суреттейтін көркем әңгіменің өзі бірсыпыра. Олардың ішінде жанрлық жағынан әңгімеден гөрі көркем очеркке жақын туындылар да аз емес.
Газетте басылған тақырыбы әр алуан көркем әңгімелерде қоғамдағы келеңсіз іс-әрекеттер әсіресе, ел басқарған болыстар бейнесі, әйел теңсіздігі шынайы да өткір суреттелген. Ел басқарған би, болыстардың жатып ішер жалқаулығы мен парақорлығы сыналып, болыс болу жолындағы жағымсыз әр түрлі қылықтары сықақ етілген әңгімелер газетте мол ұшырасады. Олар: «Ақбеттеу елінен», «Партияның аяғы», «Жемқор болыс», «Билік хикаясы», О. Әлжановтың «Танабай һәм Бабыр» т. б. Газет бетінде ескі әдет-ғұрып заңдарының құрбаны болған қазақ қыздарының тағдыры туралы көптеген әдеби публицистикалық мақалалардан тыс, көркем әңгімелер де жарияланды. Жәмиланың өмірінің суреттеген Н. Пантусовтың «Қазақтың рәсім мінездері турасынан», «Адас» деген бүркеншек атпен берілген «Бәти» әңгімесін атап кетуге болды. Қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамал» деп әйел атымен аталса, ал «Бәти» - әйел есімімен аталған әңгіменің тұңғышы.
Жалпы алғанда, көркем әңгімелерді жариялау арқылы «Дала уалаятының газеті» қазақ жазба әдебиетіндегі шағын проза жанрының қалыптасуына өз үлесін қоса алды. Тіпті, өзіндік ерекшеліктеріне қарай газетте басылған туындыларды алғаш басқан көркем проза жанрының тұсау кесері деп те бағалауға болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz