Ұлттық сөз өнерінің дамуы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3-4
1. Ұлттық сөз өнерінің дамуы… . . . 5-8
2. Әділет жолы - ақын жолы . . . ……… . . . 9-13
3. Айтыстың дүлділ ақыны - Сүйінбай . . . 14-22
4. Ақын шығармаларының өлеңдік өлшемі-өрімі, бейнелілігі . . . …… . . . 23-43
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 44-45
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 46
Кіріспе
Қазақ ежелден сөзге шешен, бір ауыз сөзе тоқтай білген халық болған. Көшпелі елдің мәдениеті көшкен сайын толығып кемелдене түскен. Қазақ баласы қай жерде жүрсе де, өз ойын, өз көзқарасын, әзілін өлеңмен жеткізгенді дұрыс көрген.
Талай ғасыр тарих қойнауына өзінің көз тартар көркем шежірелерімен енсе, талай тұлғалар өнегелі, өсиетті сөздерімен бүгінгі жас ұрпақтың жадында.
Ерте кезден келе жатқан қазақ халқы әдебиетінің негізгі бір саласы -ақындық өнер. Ақындар үшін сөз таласы, сөз барымтасы, сөз майданы - суырып салмалық өнер болатын. Ол - ақындық өнерді салыстыратын, жауаптала отырып, білім шарқын байқататын. Сондықтан да, суырып салма ақын бұл жайды жақсы ұғынып, әрдайым сөз саптан жүретін болған. Қыныптан қылыш суырғандай жалт еткен өнер иелері заманның қиындығына қарамастан сол кездегі би-шонжарлардан тайсалмай, өз істерінің көлеңке тұстарын бетіне басып отырған.
Ұлы ақын Жамбылдың даңқты ұстазы Сүйінбай Аронұлы - қазақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі өнерпазы, табиғи зор талант иесі, суырып салма өнердің жарық жұлдыздарының бірі. Оның озық поэзиясы біздің көп ұлтты әдебиетіміздің алтын қорына қосылған әлеуметтік мәні үлкен шығармалардың қатарына жатады.
Жыр дүлдүлі Сүйінбай ақын өзінің шығармаларында үнемі қалың еңбекші көптің атынан сөйлеп, қарапайым халықтың үміті мен бақытты келешекке деген сенімін және арман-тілегі мен мұрат-мақсатын бейнелейді. Өз дәуіріндегі қоғам өмірінің ішкі сырларына жете үңіліп, оған тән барлық әлеуметтік қатынастар мен қасиеттерді халықтық көз қарас тұрғысынан бағалап, кесімді ой-пікірлерін шыншылдықпен айтып берді. Бүкіл саналы өмірі мен қажыр-қайрат, күш-қуат, бойындағы алапат арынды, ақындық талантын түгелдей туған халықтың болашағына арнады, тек қана еңбекші елге қызмет ету жолына жұмсады.
Қазақ халқының өткен ғасырдағы өмір шындығы, тарихи қоғамдық даму сипаттары мен ұлттық түр-тұлғасы ақынның шығармашылығында барынша жан-жақты көркем сәулеленген.
Сүйінбайдың поэзиясы әрқашан терең философиясымен, ой сұлулығымен және тіліндегі поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленеді. Оның ақындық, азаматтық даңқы туған жерінің шегінен асып, туысқан қырғыз, қарақалпақ халықтарына да кеңінен мәлім болған. Міне, сондықтан да академик-жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов Сүйінбайды «айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп атаған. Ал, суретші Ә. Қастеев Сүйінбайдың ақындық талантын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында: « Сүйінбай ақын бір ғана Жамбылдың ұстазы емес, ол күллі көркемдіктің, әдеміліктің ұстазы», - деп бағалаған.
Қазақ көркемөнерінің көрнекті өкілдері ұлы ақынның сирек кездесетін ақпа ақындық дарыны мен өнердің өзіндей нәзік жан дүниесін әрі оның дара тұрған дәстүр- өнегесі бар поэзия мектебінің негізін салған асқақ, өр тұлғасын әдебиетте, сурет пен кинода шыншылдықпен бейнелеген.
Сүйінбай Аронұлы - еңбекші халық үшін өмір сүріп, күреске шыққан мұзбалақ ақын, оның от-жалынды поэзиясы ұрпақ үшін маңызы зор мұра.
Ұлттық сөз өнерінің дамуы
Сүйінбай ақын 1815 жылы Жетісу облысы Верный уезі Ұзынағаш болысына қарайтын ауылда, яғни қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақыстақ селосының оңтүстігіндегі Майтөбе жайлауының Бұлақ деген елді мекенінде дүниеге келген[1. 1] . Тағы бір деректерде бұл басқаша, 1822 жылы шілде айында жоғарыдағы елді мекенде дүниеге келген дейді[2. 132] . Сүйінбайдың соңғы кезде табылған өлеңдерінің ішінде оның өмер белестерін танытатын кейбір толғаулары кездеседі. Онда ақынның өлер алдындағы айтқан екі толғауы табылды. Ақын өзіне өлім қаупі төңгенін біліп, өміріне тұжырым жасайды.
Құлқайырдай ағарды сақал, мұртым,
Өтіп кетті қатарлас талай жұртым.
Керуендей бір түні жөнелермін,
Жан келіп кетпейді ме неше дүркін? -[2. 134]
деп басталатын осы өлеңнің үшінші шумағында ақын өзінің 73 жасқа келгенін хабарлайды. Ал осы күнге дейін біз Сүйінбайды 68 жасында (1827-1895) өлді деп келдік.
Жетпістің үшеуіне келгенен соң,
Тарғыл тартып кеттің-ау, қайран күнім.
Бұрынғыдан, Сүйінбай, бәсеңдедің,
Секілді биыл менің мүшел жылым[2. 134] .
Бұл сөздерге қарағанда, Сүйінбай 1827 жылы және 1815 жылы емес, 1822 жылы туылған. Ақынның балалық шағының ең бір қызықты тұсы Майтөбе жайлауының баурайында қозы-лақ бағып, өлең айтумен өткен.
Сүйінбайдың бойындағы зор ақындық талант - атадан балаға мұра болып келе жатқан тектік тарихы бар тамырлы өнер. Себебі, ақынның арғы атасы Күсеп көп қырлы, үлкен дарын иесі атанған. әсіресе, оның атын шығарған ең басты екі түрлі ерекшелігі мынау: біріншісі - ірі жырау, жыршы; екіншісі - шебер қобызшы, күйші.
Күсеп Жиенқұлұлы - ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар феодалдық мемлекетінің шапқыншылығына қарсы аттанған қазақ елінің ерлік күресін алғашқы жырлаған жауынгер-ақындардың бірі. Ол - атақты «Өтеген батыр» жырының бастапқы шығарушы авторы. Оның бұдан басқа да әдеби және музыкалық шығармалары көп болған.
Өз кезінің көзі ашық, хат таныған адамы Күсеп «Мың бір түн», «Шахнаме», «Көрұғлы», «Тотының тоқсан тарауы» секілді жырларды арабша, парсыша кітаптардан оқыған. аталған шығыстық сарындағы жыр-дастандарды ел арасында талмай жырлап таратқан. Ақын шамамен 1701 жылы туылып, 1791 жылы 90 жасында дүниеден өткен[3. 11] .
Жыраудың Жаңбыршы, Жаманақ, Арон деген үш баласы әкелерінің ақындық, күйшілік дәстүрін жалғастырушы болды. Үлкен ұлдары Жаңбыршы мен Жаманақ төңірекке дастаншы, жыршы, қобызшы, күйшілігімен белгілі болса, ақынның кенже ұлы Арон жастайынан-ақ аса қабілетті, өткірлігімен ел аузына ілінген және бертін келе мәмілегер шешендігімен әрі ақындық дарынымен аты шыққан.
Шығыс сюжетінде айтылатын аңыз-әңгімелерде көп жырланатын Һарон Рашидтың әділетті, турашылдығын қатты ұнатқан Күсеп жырау - бұл баласының есімін Арон деп қойған. Әкесі Күсептің «Өтеген батыр» жырын және шығыстың «Шахнаме», «Көрұғлы» ттағы басқа дастандарын Арон жатқа білген. Ол 1750 жылы туылып, 1835 жылы 85 жасында қаза болған[Жамбыл атындағы ауылдың тұрғыны Мұхаметжан Жылқыбаев қарияның қолында сақталған Екей елінің шежіресінен алынды] .
Міне, осындай атадан балаға мирас болып, жалғасып келе жатқан ақындық салты, айқын идеялық жолы бар ортадан Сүйінбай ақын тәлім-тәрбие алып өскен. Ақынның өзінен үлкен Жаманшал, Жұмық деген ағалары, Оспан деген інісі болған. Ағасы Жаманшал көп таныған ірі ақын атанбаса да, ауыл арасында сыншыл, мысқылшыл бір қақпай өлеңдерімен ешкімге дес бермеген. Кейініректе бұл жөнінде Жаманшал Сүйінбайға: «От басында мен жүйрікпін, шаршы топта сен жүйріксің», - деген екен. Екінші ағасы Жұмық бір бет қайсыр мінезді болса, інісі Оспан пысық, шаруаға икемді болып көзге түскен екен. Аталған ағалары мен інісі туралы Сүйінбай мынадай мінездеме айтқан:
Оның атын Оспан қойды,
Бақ-дәулетін қостан қойды.Сенің атыңды Жұмық қойды,
Өл-өлгенше көзіңді жұмып қойды.
Менің атымды Сүйінбай қойды, -
Дүние шіркін бұйырмай қойды. [2. 99]
Сүйінбай өз өлеңдерінде кедей отбасынан шыққандығын тілге тиек ете кеткен. Әкесі Аронның шаруасы тым шағын болып, кейде ішер ас, мінер атқа зар болған екен. Өзінің өмірі туралы айтқан өлеңдерінің бірінде ақын бұл жайды және Екей елінің түгел кедей болғанын толық бейнелейді. Еліне билік құрған бір төреге айтқанында ол:
Сол момынның біреуі,
Екей деген ел едім.
Сүйінбай деген мен едім,
Әкем Арон тұқымы
Салға кедей жан едім.
Көже, қатық, қой сұрап,
Дүйсен деген біреуге
Кеше күндіз кеп едім, -
дейді. Енді бір халық аңызында жоқшылық көрген Сүйінбай ауқатты ағайынынан мал дәметіп, оған жайын айтуға барса, ол малын ұрыға алдырып, зарлап отырады. Сен ақынсың, сөз білесің, алынған малдың соңынан түс, - деп, дауға араласуды талап етеді. Өзін шауып кеткен Жалайыр төресіне барып, ұрылары айдап әкеткен жылқыларын қайтаруды жүктейді. Сөзге жүйрік, албырт ақын бұл дауды қабылдап, жалайыр Солтан төренің еліне жалғыз барып, жалынды сөзін айтады. Оның бұл сапары сәтті аяқталады. Сөзден жеңілген төре Сүйінбайдың дауын қабылдап, ел-жұрттың алдында масқара болмау үшін оны ризалап аттандырады. Халық аңызы бойынша, Сүйінбай осы даудан кейін елге әбден танылып, алдына мал салады. Ал ақынның балалық шағы жоқтық азабында өтеді, шешесінен жастай айырылып, немере ағасының қолында тәрбиеленеді. Жетімдік азабын шегіп, зарығып өседі.
Е, Құдай, тарылттың ғой мені жастан,
Кем етіп, жетістірмей мал мен бастан.
Барайын деген жерге көлік таппай,
Отырмын енді, міне, жылжымастан.
Жұпан Сүйінбайдың алғаш әйелі. Жұпаннан ақынның тұңғыш ұлы Малыбай туады. Жұпан ұзаққа созылған сырқаттан қаза болған, екінші алған әйелі Еңлікпен өмірінің соңына дейін отасады. Ол жөнінде:
Тұмау десем науқасым тұман болды,
Үйімнен кетпейтұғын құдам болды.
Еңлігім, қайрат қыл да, қамыңды істе,
Тұруым бұл науқастан күмән болды, - дейді ақын.
Қазір ақынның өзге шөбере, шөпшіктері Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты мекендерде тұрады. Жыр жүйрігі Сүйінбай Аронұлының шыққан тегі Ұлі жүз Шапырашты, Екей руына жатады. Екей - ақындық, күйшілік өнерімен аты шыққан ру.
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
Қобызы, домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын.
Әзіл түрінде айтылса да осы шумақта үлкен, нақты тарихи шындық барына кезінде академик М. Әуезов назар аударған: «Алматы облысы Жамбыл ауданына бара қалсаң, екі-екіден отыра қалып, қырманда, шабындықтың басында, мал баққан үйде, әлі де ұстасып, айтыса кетуге құмар халық» [4. 9 бет] .
Жаз айларында Екей елі осы күнгі Алматы облысындағы Үлкенсаз, Құлансаз, Ботасаз, Қарақия, Майтөбе жайлауларын мекендеген, қыста Қопа, Төрегелді, Өтеген, Қазыбек таулары мен жазықтарын қыстаған.
Ақындық талантты айрықша қастерлеген қарапайым халық Сүйінбай жөнінде әр түрлә аңыздар, мифологиялық сюжеттер ойлап тапқан. Мысалы, ел арасында тараған бір аңызда Сүйінбайдың қызыл-тарғыл жолбарысы болыпты деп айтылады. ол жолбарыс Сүйінбай топқа түсіп айтысарда, ақынның алдына келіп, айбатты, сесті кейіппен көсіліп жататын болған, оны ақынның өзінен басқа ешкім көре алмаған.
Ақынның болашақ айтыстағы жеңіс салтанатын қызыл-тарғыл жолбарыс күні бұрын білдіріп отырған, - деп баяндайды ел. Бұл аңыздан әрине, халықтың өзі сүйген ақын ұлына өзгеден бөлекше қарап, оны киелі, құдіретті етіп көрсеткісі келгендігін байқау қиын емес.
Азамат ақын Сүйінбай Аронұлы 1898 жыл 83 жасында қайтыс болған[3. 15] деп көрсетілсе, енді бер деректерде 1895 жылы қайтыс болған[2. 134] деп көрсетеді. Ақын өз өлең жолдарында көрсеткендіктен, екінші деректі дұрыс деп ойлаймын.
Ақиық ақын Сүйінбайдың ақындық жолы мен дәстүрін кейінгі буын Жамбыл бастаған талантты шәкірттері жалғастырып әкетті. Ұлы Жамбыл Сүйінбайды рухани жебеуші пірім деп таныған:
Ақындардың ақыны,
Айлын көлдей ақылы,
Жыр тұлпары Сүйінбай.
Арғы атам аруақты ер Қарасай,
Теңселген дүбіріне тау менен сай.
Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқа,
Сұңқардай сыңқылдаған ер Сүйінбай!
Міне, осылайша есімі жыр, дастанға айналып, бүкіл тірлік-тынысы өлеңмен өрілген, шығармашылығында туған елдің тарихын үлкен жүрекпен, зор ақындық сүйіспеншілікпен жырлап, еңбекші бұқараның қорғаны болған Сүйінбай өмірі - шын мәнінде өнегелі де өрнекті өмір.
Әділет жолы - ақын жолы
Сүйінбай Аронұлы өлеңдері ХІХ ғасырдығы қазақ халқының тарихын, салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін, таптық-әлеуметтік күресін, болашаққа деген үмітін бейнелейді. Өткен ғасырдығы қазақ қоғамының ішкі даму процесі мен әлеуметтік ортаның саяси және психологиялық бітімінен көрініс береді. Ақын поэзияының тақырыптық жағы алуан түрлі.
Атап айтқанда, феодалдық қоғамның билеп-төстеушілері сұлтан, төре, ел езген шонжар байлардың, дүмше молдалардың мінез-құлықын, олардың әлеуметтік ортадан алатын орны мен салмағын суреттеуге арналған. Онда олардың әрқайсысының өздеріне тән қалыптасқан амал-айласын, күй-жайын ашады. Тұтас бір тоғышар, даңкеуде, саяз ойлы жандардың сурет-галереясын жасайды. Ақынның ондай өлеңдерінің астарында бірде ащы шындық, өткір сын, үстем тап өкілдеріне арналған кек, өшпенділік жатса, бірде уытты мысқыл, кеке, әжуа-мазақ көрінеді.
Даңқты ақын Сүйінбай өзіндегі зор талант-дарынды түгелдей халық игілігіне арнаған. Үлкен, күрделі қоғамдық ортады өзі ұстанған бағытты бірден ашып айтқан:
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым.
Құтылып жарлы жеткенше,
Зорларды сөзбен торладым.
Еңбекші көптің үстем тап өкілдеріне қарсы күресін қолдап, әділеттіліктің жебеуші жақтаушысы болған Сүйінбай - жер дауы, жесір дауы, ер құны тәрізді маңызды, мәнді, жауапты жиындарда халық атынан сөйлеп, өз шешімін өткізе алған ділмар-дипломат шешен. өзі қатысқан мәміле-мәжілістерде ел билеген сұлтан, төрелерді, атқа мінер болыстарды шенеген. Әрқашан да халық мұраты жайлы ойланып, өзін еңбекші елдің намысын жақтаушы уәкілімін деп санаған.
Сүйінбай Аронұлы - ел қанаған ақсүйек сұлтан, төрелерді әшкерелеп, оларға ерік беріп отырған феодалдық құрылысты сынаған. Ақынның ондай өлеңдеріне «Төресің қанды қанға құйып жүрген», «Зар жылатып момынды», «Болмайсың жайлап айтсам», «Өзге төре өлсе де сөк өлмейді», «Арамнан төре мал жинар» тағы басқалары жатады.
Сүйінбай - басынан өмірі сөз асырып көрмеген, қаһарлы, азуы алты қарыс зорлықшылдығымен аты шыққан аға сұлтан Тезек төреге қамықпай тура қарап, оның терістігін именбей бетіне басқан бірінші адам. Қалың бұқара халықтан қолдау тапқан ақын елдің жоғын жоқтап, кездескен жерде ылғи Тезек ісінің әділетсіздігін, жүргізіп отырған әділет қимылдарының түгелдей алдау мен қорлаудан, ұрлау мен тонаудан тұратындығын ашып айтқан. Ақынның «Зар жылатып момынды» атты өлеңі бастан аяқ Тезек төренің зұлымдығын, тойымы жоқ дүниеқоңыздығын көрсетуге арналған. Онда Сүйінбай Тезекке екінші ел атынан үлкен айып тағады. Төренің зорлық-зомбылығын атап-атап санап береді. Момын шаруа халыққа соншама зәбір, қиянат шектірген Тезек төрені ел маңдайына біткен сор деп бағалайды. Осы өлеңде өзін-өзі «ханмын» деп атаған Тезек төренің бар мінез-құлқын, ісін суреттеу арқылы Тезек сияқты үстем тап өкіліне деген қарапайым бұқараның наразылығын, ашу, ыза, кегін айтқан.
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сыйыпсың,
Ұры, қары, залымның
Жаныңа бәрін жиыпсың.
Жанға жауап бермейтін,
Дүлей-мылқау сияқты,
Қиял-мінез тұйықсың.
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсың.
Қәдірің жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың.
Судан да сусын қанады,
Оппа балшық сықылды,
Жұтқыш ылай былықсың!. . [4. 25]
Мұнымен қоса, ақын - Тезектің бір жақты, сыңыр езу құлаған жағынан тұрмайтын қисықтығын да сынайды. Бұқараға тізе батырып ұрлық-зорлықты өнер көрген үстем тап өкілінің сүреңсіз тірлігі бейнеленеді.
Бұл заманда хан болдың,
Елге жүріп әкімің.
Өзің бір жеке заң болдың,
«Айтқаным менің болсын» деп,
Масаттанып паң болдың.
Өнерің - ұрлық-зорлықпен,
Бұқараға сор болдың. [4. 24 бет]
деген ақын сөзінде ашы өмір шындығы бар. Өйткені, Сүйінбай Тезек
төреге айтқан сыны мен оған берген бағасында үнемі сол кезде болған нақты оқиға деректерін негізге алып отырған.
Сүйінбай сөздерінің өзегінде ХІХ ғасырдағы қоғам тынысы, өмір сәулесі жатқандығын сол тұста жазылған әдебиеттер мен архив документтері растайды.
Тезек жасаған зорлық, зәбірдің, дау-дамайдың шегі жоқ. Ол қанаттас отырған қырғыз ру басы феодалдарының да ішкі істеріне араласып, олардың араларындағы араздық отын өршіте түскен. 1859 жылы Тезек төре қырғыздың Бағыш руына көмектесіп, қарсылас жақтағы Сарыбағыш руын тонап, талауға қатысқан[3. 18 бет] .
Ақын бұдан басқа да көптеген шығармаларында ел билеп, сұлтандық, төрелік құрған хан тұқымдарын ғана әшкерелеп қоймайды, сонымен бірге халыққа тізесі батқан бай, болыстарды, билерді, атқамінер пысықтарды да аяусыз сынайды. Оның «Тілеубердіге», «Сүліктен жаман», «Бойың биік болғанмен», «Момын малын зұлымға алып беріп», «Төрт биге», «Сарыбайға» атты өлеңдері - әлеуметтік мәні терең шығармалар.
«Тілеубердіге» және «Сүліктен жаман» деген өлеңдерінде ақын Тілеуберді болысқа тайға таңба басқандай, өте бейнелі мінездеме береді.
Желбуаз жігіт екен жыртыңдаған,
Бұл заманның болысы күй тыңдаған.
Көп ішінде көлбеңдеп көрінем деп,
Көрінгенге соқтығып, тыртаңдаған.
Елге өктемдік етіп, халық басқаруды ойын көрген болыстың жеңілтектігін, көп қамын ойламай, жағдай, күй таңдаған кедірлігін ақын жақтырмайды. Сырттай пысық, білгіш көрінгісі кеп, қолдан келмес іске ұмтылған әкімнің күлкілі образын жасайды.
Ал «Сүліктен жаман» өлеңінде ақын сауда жасап, бірді оңға балаған Қайназар байдың тойымсыздығын өлтіре шенейді. Арсыздықпен тапқан малының адал еместігін айтады.
Сауда жасап Қайназар,
Осы күні болып тұр.
Төңірегіндегі қазақты,
Сүліктен жаман сорып тұр.
Ақын өлеңдерінің біраз бөлігінде қоғамдық ортада кездесетін кемшіліктер, адам бойындағы адамгершілік талаптарына сай келмейтін мінез - құлықтар мен қисынсыз қылықтар ажуаланған. Автордың «Кененбай ұрығы», «Не күн туды басыңа», «Жұмыққа» т. б. өлеңдері - екі-үш ауыз сөздің айналысында дәл ашатын сатиралық бітімдегі шебер шыққан шығармалар.
Қоғам тынысындағы өзгерістерді жіті бақылап, ондағы сан қилы құбылыстарға баға беріп, сын айтып отыруды ақын өзімнің парызым деп білген. Мәселен, ол «Дәукестерге» деген өлеңінде былай дейді:
Албан, Дулат - ағайын оңбадың ғой,
Бірігіп бір өзенге қонбадың ғой.
Ұялас ит таласып, табысады,
Қырбас, Жайнақ соғұрлым болмадың ғой?
Ақын мұнда Албан, Дулат руларының арасындағы ынтымақтастықтың жоқтығына күйінеді. Дулат батыры Қырбас пенен Қаратал өзенін мекендеген Албан биі Жайнақтың өзара жерге таласып, айқай-шу шығарған келеңсіз қылықтарына өкініш білдіреді. Дау-дамайға бармай-ақ келісім, бітім іздеу қажеттігін айтады.
Сонымен, Сүйінбай өз заманы туралы толғанып, философиялық қорытындылар жасаған терең ойлы ақын.
Автордың «Әділеттік орнаса», «Надандық», «Жақсы мен жаманның айырмасы», «Жақсы болса ағайын», «Өсиет», «Ақын боп жиырмамда», «Нақылдар» тағыда басқа өлеңдерінде халықтық философиялық мәселелер қозғалады. Бұл өлеңдерде, негізінен, ел басқару, халық тағдыры мен адам бойындағы жақсы, жаман дағдылар сараланады және өмірдің бағасы мен өткіншілігі жайлы ой-толғамдар, ақыл-өсиет айтылады.
Мысалы, «Әділеттік орнаса», «Надандық» өлеңдерінде ақын әлеуметтік, қоғамдық құрылысқа өзінің көзқарасын білдірген. Алғашқы өлеңде әділетсіз басқарушысы бар елдің бақытсыз күйіне көз жіберген. халықты кіріптарлыққа тапқылатын да сол әділетсіздік деп санаған:
... жалғасыЖау басынар халықты,
Басқарушы оңбаса.
Малша айдап адамды,
Орынсыз күштеп зорласа,
Ауға түскен балықтай,
Шыға алмассың бұлқынып,
Әділетшіл болмаса.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz