МЕКТЕПТЕ ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ



Титулка үшін
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 3
1 ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ МЕН ОНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..5
Информатиканы оқыту түрлерi мен әдiстерi ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..5
Информатикадан оқушылардың білімін бақылау және бағалау әдістері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..12
2 МЕКТЕПТЕ ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..23
2.1 Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының тиімділігі ... ... ... ... ... ... . ... ... ..23
2.2 Информатиканы оқытуда оқушылардың зерттеушілік іс-әрекеттерін қалыптастыру жолдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..25
ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 29
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..30

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасы 2015 жылғы дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында нәтижеге бағытталған білімге тек мұғалімнің кәсіби біліктілігі арқылы жетуге болатындығы айрықша сөз етілген. Яғни өмірге жаңа тұрпатты педагог керек. Ал бүгінгі жаңа формациядағы педагог ізденімпаз, өзіне-өзі талап қоя білетін, кәсіби-құзырлылық және шеберлік деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген, шығар тауы биік маман болу қажет. Бүгінгі педагог білім мен ақпаратты тасымалдаушы ғана емес, ол Тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесін әлемдік деңгейге бағыттау мақсаты туындап жатқан қазіргі таңда педагогтік мамандыққа қойылатын талаптарға жауап бере алатын, білім мен іс-әрекетін ұйымдастыру іскерлігінің жоғары деңгейіне ие маман болуы тиіс. Сондықтан да 12 жылдық мектеп мұғалімдерінің алдында күрделі міндеттер тұр.
Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру мәселесі республикамызда ғылыми-педагогикалық тұрғыда ізденіспен әлемдік жинақталған тәжірибеге, отандық қол жеткен табыстарды саралай отырып, ұлттық ерекшеліктерді ескере, оқыту мен тәрбелеуді жаңаша ұйымдастыруымен көкейкесті мәселе болып отыр.
Қазіргі орта мектеп орынында оқытудың белгілі бір әдістемелік дәстүрлері қалыптасуына қарамастан, оқытудың жаңаша әдістері мен формаларын іздестіру, оқушылардың ойлау қабілетін дамыту жолдарын, коммуникативтік қабілетін, адамдарды басқара білу қабілетін дамыту жолдарын іздестіру әрекеттері жүріп жатыр. Атап айтқанда, іргелі пәндерді оқыту мәселесіне жаңаша әдістер керек, өйткені, бүгінгі әлемдік өндірістік технология барысында ғылыми жетістіктерді пайдалануда.
Жаңа 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге байланысты Информатика пәнін оқытудың әдістемелік жүйесі қайта қарастырылуда. Соңғы он шақты жыл ішінде информатика негіздері мен есептеу техникасы, программалау курстарын оқу процесіне енгізудің алғашқы қадамдарынан бастап оқытуды ұйымдастырудың әр түрлі мәселелеріне дейін шешілуде, оларға байланысты ғылыми-әдістемелік тұжырымдар жасалуда.
Сондықтан бұл проблеманы шешу мәселесі ұсынылып отырған 12 жылдық мектеп жағдайында информатиканы оқытуды ұйымдастырудың формалары атты дипломдық жұмыстың өзекті мәселесі болып отыр.
Зерттеу нысаны - жалпы білім беретін мектептегі және 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында пәндерді оқыту үрдісінің әдістемесі.
Пәндік зерттеу - Информатика пәнін оқытуды ұйымдастыру формаларын қалыптастыру проблемалары.
Зерттеу мақсаты - информатиканы оқытуды ұйымдастыру әдістері мен формаларының педагогикалық негіздемесін жасап, оларды оқу үдерісінде қолдану жолдарын ұсыну, осы мәселелерді шешу бойынша электрондық әдістемелік нұсқауды жобалау және құру.
Зерттеу міндеттері:
- Жалпы білім беретін орта мектепте информатиканы оқытудың әдістемелік жүйесін қалыптастыру принциптерін зерттеп, анықтау;
- информатиканы қосымша оқытудың мақсаттары мен міндеттерін анықтау;
- информатикадан сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру мазмұны мен құрылымын анықтау;
- 12 жылдық білім беруге көшуде информатика пәні бойынша оқушылардың сыныптан тыс жұмыстарын ұйымдастыру формаларын анықтап, оларды өткізудің әдістемелік жолдарын көрсете отырып, пән мұғалімдері мен мамандық бойынша оқитын жоғарғы курс білімгерлеріне арналған әдістемелік электрондық құралын жобалау және құру.
Курстық жұмыстың құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, суреттер және кестелермен қамтылған екі бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.1 ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ МЕН ОНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
Информатиканы оқыту түрлерi мен әдiстерi

Оқу-тәрбиелеу үдерісінің тиімділігі оны ұйымдастырудың (немесе ұйымдастыру түрлері) алуан түрлерін қолдану өнеріне тәуелді болады. Оқытуды ұйымдастыру түрлері - бұл мұғалім мен оқушының өзара әрекетінің ерекшеліктері, басқару мен өзін-өзі басқарудың ара қатынасы, оқыту орны мен уақыты ерекшеліктері, оқушылардың саны, оқытудың мақсаты, мазмұны, әдісі, құралы мен нәтижелері көзқарасы тұрғысынан оқыту үдерісінің толыққанды жүйелік сипаттамасы [1, 307 б.]. Оқытуды ұйымдастыру түрлерінің жіктемесінің көптеген әдістері бар [1,32,44,52,54].
Атақты чех педагогы Я.А. Коменскийден (1592-1670) бастау алған оқу үдерісін ұйымдастырудың сыныптық-сабақ жүйесi отандық мектептiң бүкiл тарихындағы сабақты ұйымдастырудың құрылымдық негiзi болып табылады. Мектептегi сабақ оқытудың сыныптық-сабақ жүйесiнiң негiзiн құрайды, оның ерекше белгiлерi: жастары және дайындық деңгейлері бірдей оқушылардың оқу топтарының тұрақты құрамы (сынып); әрбір сынып өздерінің жылдық жоспарларына сәйкес жұмыс істейді (оқытуды жоспарлау); оқу үдерісі, бір бөлігі келесі бөлікпен жеке өзара байланысқан түрде іске асырылады (сабақ); әрбір сабақ тек бір ғана пәнге арналады (монизм); сабақтардың үнемі кезектесіп отыруы (сабақ кестесі); оқу сабақтарының кестесiн анықтау; мұғалiмнiң жетекшi рөлi (педагогикалық басқару); оқушылардың танымдық іс-әрекеттерінің түрлері мен формалары қолданылады (іс-әрекеттің вариативтілігі) [32]. Әрбір сабақ үш бірлікті: оқыту, тәрбиелеу, дамыту мақсаттарына жетуге бағытталады. Өткізілетін барлық сабақтардың ішінде аралас сабақтардың үлесі 75-80%-ды құрайды. Практикада аралас сабақтар кеңiнен кеңiнен таралған, оның құрылымында мынадай элементтер (кезеңдер) ерекшеленеді: 1) оқытылған материалды қайталау (білімді өзектендіру); 2) жаңа білімді оқыту, жаңа біліктіліктерді қалыптастыру; 3) бекіту, жүйелеу, қолдану; 4) үйге тапсырма беру.
АКТ-ны қолдану мектептегі сабақтың сипатын елеулі түрде өзгерте алады, ол оқу-тәрбиелеу үдерісін ең жақсы түрде қамтамасыз ету үшін, оқытуды ұйымдастырудың жаңа түрлерін іздестіруді өзекті етеді. Сабақтың инновациялық түрлері, дәстүрден тыс сабақ - дәстүрден тыс құрылымнан тұратын тосын шығарылған оқу сабағы пайда болады [32, 530 б.].
И.П.Подласый әртүрлі жіктемелерді талдау негізінде сабақтың негізгі типтерінің нақтыланған тізімін келтіреді: 1) аралас сабақ; 2) жаңа білімді меңгеру сабағы; 3) жаңа біліктілікті қалыптастыру сабағы; 4) өтілген материалдарды жалпылау және жүйелеу сабағы; 5) бiлiм, біліктілікті бақылау және түзету сабағы; 6) білім мен біліктілікті практикада қолдану сабағы [32, 526 б.].
Қазіргі заманғы сапалы сабақ жауап беретін жалпы талаптардың ішіндегі бастысы - ғылымның жаңа жетістіктерін қолдану. Компьютерлік техниканың үлкен мүмкіндіктері, дүниежүзілік желі Интернеттен алынатын ақпараттың аса зор әр алуандығы, бүгінгі күнгі бар білім беру жүйесімен терең қарама-қайшылықта. Жаңа ақпараттық мүмкіндіктерді дәстүрлі сабақ шеңберіне бейімдеу [42, 136 б.] қажет және осы мағынада оқытуды ұйымдастырудың жаңа түрі ретінде компьютерлік сабақ жайлы айту орынды.
Информатика пәнінің маңызды ерекшелігі - оқушылардың компьютердегі жүйелі жұмыс істеуі болып табылады, сондықтан сабақтарды көлемі мен компьютерді пайдалану сипаты бойынша: демонстрация, зертханалық жұмыс, практика деп жіктеуге болады.
Демонстрация. Мұғалiм демонстрациялық экранды, интерактивті тақтаны қолдана отырып курс мазмұнының әртүрлi оқу элементтерiн (графикалық, фото-, бейнематериалдар) презентация түрінде көрсетедi. Компьютердiң көмегiмен демонстрация жасаудың дидактикалық мүмкiндiктерi мен рөлiнің өсуiн визуализациялаудың техникалық құралдары мен оқу мақсатындағы компьютерлік программалардың (мультимедиялық дәріс-сабақтары, демонстрациялық және ақпараттық-анықтама программалары) әр талдауларымен түсіндіріледі. Демонстрацияның негiзгi дидактикалық қызметi - жаңа ұғымдар мен іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыру.
Зертханалық жұмыс. Барлық оқушылар өз жұмыс орындарында программалық құралдармен жұмыс жасайды, дидактикалық қызметi әртүрлi болуы мүмкiн: жаңа материалды меңгеру (компьютерлік оқыту ортасы, модельдеу программалары, оқу мақсатындағы сараптама жүйелері, ақпараттық-здеу жүйелері), жаңа материалды бекiту (жаттырушы-программалар, үйретуші-программалар), алынған бiлiмдi меңгеруін немесе операциялық дағдыны тексеру (бақылау және тестілеу программалары, компьютерлік оқу ойындары). Зертханалық жұмыс уақытында мұғалiмнiң ролi - оқушылардың жұмысын бақылау (жергiлiктi желi арқылы), сонымен қатар оларға жедел көмек көрсету (кеңес беру) болып табылады. Осындай сабақтар білім, біліктілік пен дағдыны жетілдіру мақсатында, оларды қалыптастыру, жалпылау, жүйелеу және мақсатқа сай қолдануда, сонымен қатар, оқушылардың оқу үлгерімдерін ағымдық бақылауда қолданады.
Практикум (немесе оқу-зерттеу практикасы). Оқушылар мұғалiмнен өздiк жұмысы (бiр-екi немесе одан да көп сабақ көлемiне тапсырмалардың жартысын сабақтан тыс уақытта, үйде орындауға) үшiн жеке тапсырмалар алады. Ереже бойынша, практикумдар практикалық және оқу дағдылары мен біліктіліктерін түпкілікті бекіту үшін, сонымен қатар курстың толық тарауының (тақырыбының) теориялық материалдарын меңгеру дәрежесін тексеру үшiн қолданылады [28]. Осы мақсатта әр түрлі модельдеуші программалар, соның ішінде нысанның қасиеттерін зерттеудің креативті жағдайын құрушы интерактивті конструкторлар, генерациялаушы және есептеуіш программалар, оқу мақсатындағы сараптама жүйелері қолданылады.
Соңғы жылдары жоғарғы сыныптарда дәрістік-семинарлық жүйе элементтерін енгізу басталды. Өткізу түрлеріне қарай ақпараттық дәрістер - материалды мультимедиалық презентациялардың, анимацияланған графикалық нысандардың, суреттердің, кестелердің, сызбалардың және т.б. көмегімен баяндау; визуальді дәрістер - материалды көбінесе техникалық құралдардың: бейне- және дыбыстық бейнебаяндар, қысқа түсініктеме беру арқылы сараптаманы мультимедиялық демонстрациялау; дәріс-кеңес беру - тақырыпты оқытуда айқын сөйлеу практикалық бағыттылығының тиімділігі. Техникалық қолдау ретінде мультимедиалық презентациялардан басқа электрондық оқулықтардың, мультимедиалық энциклопедиялардың үзінділерін, білім беру мақсатындағы интернет-ресурстарын қолдануға болады.
Семинар-сабақ сыныптың барлық ұжымын оқу материалының мазмұнын өңдеудің белсенді дербес іс-әрекетіне қосуға мүмкіндік береді, оқу материалымен алғашқы танысу дәрісте өткізіледі [28]. Жұмыс мұғалімнің жетекшілік етуімен іске асырылады, оқушыларға жауаптары оқулықта жоқ, олардан білім, біліктілік пен дағдыны меңгерудің репродуктивтіктен шығармашылыққа дейінгі белгілі бір деңгейін талап ететін, әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) топтамасы ұсынылады. Оқушылар топтарға бөлінеді, әр топқа кеңесші-үйлестіруші бөлінеді және жеребе тарту нәтижесі бойынша тапсырмалар жиынтығын алады, оны орындауға белгілі бір уақыт (15-25 мин) бөлінеді. Материалды беру түрі алдын ала анықталуы тиіс. Семинардың сұрақтарына жауап беру үшін оқушылар дәрістердің конспектісін, әртүрлі ақпараттық-іздеу жүйелерін, электрондық энциклопедиялар мен анықтамаларды қолдануларына, мұғалімнен кеңес алуларына болады. Сосын әр топ өздерінің хабарламаларын айтып шығады, артынан семинардың барлық қатысушылары талқылауға қатысады.
Өзіндік мақсаты материалды жалпылау және курстың қандай да бір тарауының (бірнеше туыстас тақырыптардың) ең маңызды проблемасы бойынша білімді тереңдетіп оқытуды ұйымдастырудың ұтымды түрі оқу конференциясы болып табылады [44,51]. Бұл семинар сабақтың бір түрі. Ол ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс істеу біліктіліктерімен байланысты, қойылған сұраққа жауап іздеу, өзіндік көзқарас туғызу, ойын ықшамды және ашық баяндау үшін өзінің баяндамасын мультимедиалық сүйемелдеуде мәтінді, графиканы, дыбысты өңдеу технологияларын меңгеруі сияқты үлкен дайындық жұмыстарын талап етеді. Оқу конференцияларының тақырыбы оқу бағдарламасының шеңберінен шығып кетуі мүмкін. Конференцияның білім беру мәні оларға дайындық кезінде оқушылар электрондық білім ресурстарымен өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланады, нақты есепті шешу үшін алған теориялық және технологиялық білімдерін қолдана алады.
Курстың үлкен тақырыбымен (тарауымен) жұмыс жасауды аяқтауда, немесе бұл тараудың материалы бұрын оқытылған жағдайда сынақ сабақ өткізіледі. Ол екі бөлімнен тұруы мүмкін: оқытушы бөлімінде (15 минутқа дейін), оқушылардан өтілген материалдың негізгі сұрақтары бойынша, олардың типтік есептерді шешудегі өзіндік жұмыстарын үйлестіре отырып әрқайсысымен жеке сұрау-әңгімелесу өткізіледі және бақылаушы бөлімінде (30 минутқа дейін) жазба жұмыстарын орындау тапсырылады. Бұл сабақта оқушылардан алған білімдерін жалпылау және жүйелеу талап етіледі [28].
Жеке тұлғаны оқыту, тәрбилеу және дамытуды ұйымдастырудың бір түрі сабақ уақытында және сабақтан тыс уақыттарда қолдануға болатын дидактикалық ойындар [1] болып табылады. Ойынның негізгі түрі - компьютерлік оқыту ойындары. Ол оқушылардың оқу іс-әрекетінің мотивтеріне ынталандыру, оқыту үдерісін белсендендіру мен күшейту және оқушыларды жаңа материалды қабылдауға дайындау үшін үшін жаңа тақырыпты өтудің алдында; жаңа тақырыпты түсіндіріп болғаннан кейін, алынған білімді бекіту үшін; тарауды оқып біткеннен кейін алған білімді жалпылау, жүйелеу және бақылау мақсатында өткізілуі мүмкін. Компьютерлік оқыту ойындары оперативтік, тактикалық және стратегиялық деңгейді көрсететін белгілі бір логикалық құрылымнан тұрады. Жоғарғы мектептке оқытудың практикалық бағытын күшейту, алынған білімді шығармашылықпен қолдану мен бекіту мақсатында іскерлік ойындар қолданылады [1].
Оқушылардың сыныптық-сабақтық іс-әрекеттерін толықтырушы және дамытушы оқу жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне өзіндік үй жұмыстары жатады [32]. Үй тапсырмаларының мынадай түрлерін бөліп көрсетуге болады: жаңа тақырыпты оқыту кезінде жаңа материалды қабылдауға бағытталған тапсырмалар; білім, біліктілік пен дағдыны бекітуге бағытталған тапсырмалар; алған білімді практикада қолдана білуге бағытталған тапсырмалар; шығармашылық сипаттағы тапсырмалар [28].
Жақсы педагогикалық программалық құралдармен жабдықталған компьютер мұғалімге жұмыс стилін жетілдіруге, өзінің мойнына ескішілдікке негізделген қызметтерді ала отырып және мұғалімдерге оқыту, тәрбиелеу мен дамытудың ақиқат адами неғұрлым шығармашылық есептерін қалдыра отырып көмектеседі.
Оқыту әдістері - білім беру мақсатына жетуге бағытталған, мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеттерінің тәсілдері. Педагогика ғылымында оқытудың әртүрлі жіктемелері жасалған [2,6,20,44,52]. Оқыту әдістерін таңдап алу: оқу пәнінің мақсатына, пәннің ерекшелігіне, оқушылардың мүмкіндіктеріне, оқыту құралдарына және т.б. байланысты анықталады. Тұлғаға-бағыттап оқыту жағдайында информатиканы оқыту әдістерін таңдаудың негізгі факторы оқушылардың продуктивтік іс-әрекеттерін ұйымдастыру мәселесі болып табылады. Оқушылардың өз бетінше (самостоятельность) және ойлау белсенділіктерінің көрсеткіштері бойынша оқыту әдісінің екі: репродуктивтік және продуктивтік топтарын бөліп көрсетуге болады.
Оқыту әдістері жеке элементтерден - әр түрлі әдістерде қолданылтын әдістемелік тәсілдерден жинақталады. Мен сияқты жаса! қағидасы (оның негізіне репродуктивтік әдіс жатады) алгоритмдеу негіздері мен программалауды оқытуда, программалық құралдарды функционалдық толықтыруда табысты іске асырылады. Жергілікті желінің мүмкіндіктері, интерактивтік тақтаның болуы іс-әрекет тәсілдерін көшіру идеясын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, бірақ бұл жағдайда білім беру үдерісінің соңғы түпкі ойы Мен сияқты жаса! қағидасынан Өзің жаса! нұсқауына өту екендігін ұмытпау қажет.
Репродуктивтік әдіс - оқушы мұғалімнің үлгісі бойынша жұмыс істейді; Оған әңгіме, түсіндіру, дәріс, демонстрация, оқулықпен, компьютермен жұмыс және т.б. жатады. Бұл әдіс информатика сабағында программалық-жаттықтырушы (пернетақталық жаттықтырушы), оқыту, бақылау программаларымен жұмыс жасағанда, кіріспе жаттығулар программалық құралмен алғаш танысқан кезде, яғни мұғалімнің жетекшілігімен жаттығу орындаған кезде қолданылады.
Мысалы, графикалық редактормен жұмыс істеуді түсіндіріп, демонстарция жасағаннан кейін оқушылар сызық, қисық сызық, шеңбер және т.б. сәйкес шартбелгілердің көмегімен салып көреді.
Мысалы, оқушылар мәтіндік редакторды жүктегеннен кейін және өз файлдарын шақырғаннан кейін меңзерді экранның нүктесіне қойып, пернелерге немесе пернелер комбинациясына баса отырып, экранның қалпын бақылайды да, өздерінше қорытынды жасап, оны дәптерлеріне жазады.
Продуктивтік оқыту әдістерінің тобына: проблемалық мазмұндау, жартылай-іздену (эвристикалық), зерттеушілік, қателер әдісі, жобалар әдісі т.б. жатады. Продуктивтік әдістердің ерекшеліктері іздеу есебі сияқты бар оқу проблемасы болып табылады, оны шешу үшін жаңа білім өнімін (креативтік нәтиже) алуда оқушыларға жаңа білім қажет.
Танымдық есеп түрінде мұғалім қойған проблеманы шешу үшін оқушылар белсенді түрде жұмыс істейді. Немесе мұғалім оқушының алдына проблема қояды және оны шешу жолдарын көрсетеді, оқушылар проблеманы шешу үшін әрекет жасайды.
Мысалы. Оқушыларға электрондық кестемен жұмыс жасағанда мынадай проблема қояйық. Мектеп жәрмеңкесінде өздерінің жасаған заттарын сату керек болсын. Сатқанда Х теңге алынуы керек болсын. Оқушылар осы ақшаны жасаған затын сату барысында қалай өндіріп ала алады?
Ол үшін мыналарды анықтап алу керек:
1) әр тауарға қандай баға қою керек;
2) тауардың қанша түрін қандай бағамен сату керек?
Алдымен оқушылар электрондық кестені толтырып алады: тақырыбын көркемдеп жазады, қажетті бағаналарды мәліметтермен толтырады (тауардың саны мен олардың бағасын енгізеді). Сосын проблеманы шешуге кіріседі. Талап етілген нәтижені алу үшін енгізілген мәліметтерді бірнеше рет өзгертеді, аралық қосынды мен соңғы нәтижені талдайды.
Информатика сабақтарында проблемалық мазмұндауды қолдану көбінесе қоршаған болмысты тануға бағдарланған оқушылардың ақпарат, ақпараттық үдерістер, жүйелер, технологиялар мен модельдер жайлы ғылыми түсініктерінің негізін құраушы білім жүйелерін меңгеруге бағытталған. Бұл әдіс бастауыш мектепте информатиканы оқыту кезеңінде бірін-бірі толықтырушы екі әдістемелік тәсілді: көңiл ортақтығы (эмпатия) (ойлау қабілетін және құбылысты әртүрлі көзқарас тұрғысынан түсінуді дамытады) және мағыналық көріну (нысанның мәнін түсінуге мүмкіндік береді) қолданғанда іске асырылуы мүмкін. Мысалы, компьютер үшін мәтін - символдар тізбегі екені жайлы нақты түсінік қалыптастыру талап етілгенде [19, б. 173].
Жартылай-іздену әдісі оқушылар қиын проблеманы өз беттерімен басынан аяғына дейін емес, тек жартылай ғана шешуді ұсынады. Мұғалім оқушыларды іздеудің жеке кезеңдерін орындауға қатыстырады [27]. Оқушыларды болжам жасауға, танымдық есепті шешу үшін бақылау, эксперимент жасауға, жоспар құруға немесе алгоритм құруға қызықтыру болып табылады.
Эвристикалық сұрақтарды қабылдау оқушылардың танымдық іс-әрекеттерінің тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мынандай жеті кілттік сұрақ қойылады: кім? не? неге? қайда? немен? қалай? қашан? Сұрақтарды жұптап үйлестіре қолдануға да болады. Мысалы, компьютерді кім ойлап тапты? компьютердің көмегімен не істеуге болады? монитор (принтер, тышқан және т.б.) неге керек? компьютердің миы қайда орналасқан сияқты сұрақтар топтарын талқылау нәтижесінде оқушылар компьютердің аппараттық қамтамасыз ету құрылғыларымен танысады.
Формальдау және модельдеу қабілеттерін қалыптастыру мен дамыту үшін, нысан мен оның символдарының арасындағы байланысты құру, құрылған символдарды түсіндіруден тұратын символдық көру әдісін қолдану ұсынылады [3]. Оқушылардың программалық құралдардың интерфейсін саналы түрде меңгерулерін ұйымдастыру үшін бейнелік көру әдісін қолдануға болады, ол нысан мен оның графикалық (немесе ауызша түрде) белгіленуін оқытуды ұсынады, мысалы, монитор экранындағы шартбелгілер [19].
Бастауыш мектептің информатика сабақтарында оқушылардың қиялын және оймен көз алдына елестетуін дамыту орынды, осы мақсатта, белгілі бір ойлау әрекеттерінің нәтижесінде оқушыларға бұрын таныс емес өнімді жасау - ойлап табу әдісін қолдануға болады [52]. Мысалы, шығармашылық тапсырма: қане, балалар, әдеттегіден өзгеше ақпаратты тасушыларды қиялмен жасап, ойланып көрейік [19].
Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамыту қателерге дәті шыдамайтын жағымсыз қатынасты болдырмау - қателер әдісі арқылы мүмкін, ол алгоритмдеу мен программалау негіздеріне оқытуда тиімді қолданылады.
Зерттеушілік әдіс оқушылардың білімді шығармашылықпен меңгеруін қарастырады: мұғалім оқушылармен бірге проблеманы тұжырымдайды және оларға қиындық туған кезде көмектеседі, ал оқушылар проблеманы өз беттерінше шешеді [27]. Мұғалім бұл жағдайда оқушылардың өзіндік іздеу іс-әрекетін ұйымдастырушысы болып табылады. Оқушыларға адамның қызметінің әр түрлі салаларында қолданбалы есептерді шешу үшін қазіргі заманғы АКТ құралдарын қолдану мүмкіндігі берілген кезде, бұл әдіс ерекше мәнге ие болады.
Жобалар әдісі - арнайы ұйымдастырылған мақсатқа бағытталған оқушылардың бірлескен іс-әрекеттері, ол информатиканы оқытудың барлық кезеңдерінде табысты қолданылуы мүмкін [5, 37, 55]. Телекоммуникациялық жобалардың негізінде әр елдің, әр қаланың, әр мектептің оқушыларының ынтымақтастықта бірлескен жобаларын ұйымдастырудың неғұрлым тиімді екендігін практика көрсетіп отыр, олар әрқашанда пәнаралық және мұнда жалпы проблеманы жергілікті шешумен алмасу үшін, бірлескен бақылаулар жүргізу үшін, бірлескен жарияланымдар дайындау үшін, үдерістер мен құбылыстарды модельдеу үшін және т.б. қолданылады [7,10,14,37,43].
Оқу жобасын жасағанда оқушы ақпаратты өз бетімен іздеп-тауып және түсініп қана қоймай, өзі жаңа идеялар туғыза алуы қажет. Бұл оқытудың (дәлірек айтсақ компьютерлік технологияға) іс-әрекеттік әдісінің мысалы болып табылады. Бұл оқытудың жаңа түрі. Жоба белгілі бір тақырыпты оқытатын компьютерлік курс, логикалық ойын, компьютерде модельденген зертханалық құралдың макеті, электрондық поштамен тақырыптық қатынас және т.б. болуы мүмкін. Жобалар әдiсiн қолданғанда нақты тәжiрибе негiзiнде алынған бiрқатар шарттарды ескеру керектiгiн көрсетемiз:
1. Оқушыларға нақты таңдау мүмкiндiктерiн iске асыру үшiн жеткiлiктi үлкен жобалар жиынын көрсетуi керек. Жоспарлау өзiндiк немесе ұжымдық болуы мүмкiн екендiгiн айта кету керек. Соңғысы, басқаларға қарағанда оқушыларды ұжымдық жұмыс әдiсiн меңгертуге машықтандырады.
2. Оқушы жұмысты жоспарлау әдiсiн бiлмегендiктен, ол жобамен жұмыс iстеу ережесiмен қамтамасыз етiлуi керек. Мұндай жағдайда әрбiр оқушының өзiндiк қабiлетiн ескеру маңызды (бiреулерi - мәтiндi оқи отырып, екiншiлерi - түсiндiргендi тыңдай отырып, ал үшiншiлерi - практикалық жұмыс барысында қателескенiн шешiмiн таба отырып материалды жақсы меңгередi).
3. Бала үшiн алған нәтижесiнiң практикалық мәндiлiгi мен айналасындағылардың берген бағасы маңызды. Сондықтан ОЖ орындаушыға iстелген жұмыстарының ойын немесе имитациялық түрде жинақтылығы мен аяқталғандығын болжауы керек. Бiткен жобаның көрсетiлуi және үлкендер мен құрдастарының назарында болуы өте маңызды.
4. Практика көрсеткендей, оқушылардың бiр-бiрiнiң жетiстiктерi мен сәтсiздiктерiн өзара талдау үшiн оларға жағдай жасау керек. Бұл жағдайда өзара оқыту үдерісі жүредi, ол оқушыға да, мұғалімге да пайдалы.
5. Жобалау әдiсi компьютермен (АКТ) жұмыс жасауды меңгеруге бағытталады.
Продуктивтік оқыту оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытудың негізгі қызметтерімен қатар, әлеуметтік белсенділікті таныту түрі ретінде информатика аумағында оқушылардың танымдық белсенділіктерін қалыптастыруға байланысты неғұрлым күрделі мәселені шешеді.
Телекоммуникация, оқытудың аудиовизуальді және компьютерлік құралдары саласындағы ілгерілеу оқытудың тиімділігін арттыру үшін жаңа құралдарына жүгінуге мәжбүр етеді. Педагогикалық технология (грек тілінен аударғанда технология - өнер, шеберлік), оқушылардың өз бетінше дамуын, ұжымшылдығын, оқу-танымдық іс-әрекеттерін өзі-өзі басқаруды іске асыру біліктілігін қамтамасыз етуге қабілетті. Педагогикалық технология, соның ішінде оқыту технологиясы - тәрбиелеу және оқытудың педагогикалық заңдылықтарына, мақсаттарына, мазмұнына, түрі мен әдістеріне сәйкес, оларды кейінгі жаңғырту мен таралымын көбейтуде неғұрлым жоғары тиімділік деңгейіне кепілдік беретін нақты технологияның жобалау мен практикалық қолдану жүйесі [1, 250 б.]. Жаңғырту, таралымын көбейту, оқыту үдерісін сапасының жоғары кепілдік беру қасиеттері педагогикалық технологияны оқыту әдістемесінен ажыратады.

Информатикадан оқушылардың білімін бақылау және бағалау әдістері

Оқыту үдерісінің мiндеттi компоненттерiнiң бiрi оқыту нәтижелерiн тексеру немесе бақылау болып табылады. Оқыту нәтижесiн тексерудiң мәнi оқу пәнi бойынша бiлiм беру стандартына сәйкес оқушылардың бiлiмiн меңгеру деңгейiн анықтау болып табылады. Информатика пәнi бойынша бiлiм беру стандартын енгiзуде оқыту сапасын көтеруге бағытталған оқушылардың бiлiмiн, бiлiктiлiгiн бағалау және тексеру әдiстемесiне бiрқатар өзгерiстер енгiзiлгенін айта кету керек. Осыларды ескере келе, бiлiм беру стандартына сәйкес "бiлiмдiлiктiң қажеттi ең аз деңгейiн мөлшерлеу, атап айтқанда, онсыз тұлғаның дамуы, бiлiм алуды жалғастырудың мүмкiн еместiгi", мұнда оқушылар бiлуi тиiс оқытудың нәтижесiне бiртiндеп жақындайтын төрт деңгей iске асырылады [10]:
бiлiм беру аумағы немесе оқу пәнiнiң жалпы сипаттамасы;
оқушыға оқу материалын ұсыну деңгейiнде курстың мазмұнын сипаттау;
оқушылардың оқу даярлығына қажеттi ең төменгi деңгейiне қойылатын талаптарын сипаттау;
оқушылардың мiндеттi дайындықтары "өлшеуiш" деңгейiн, яғни олардың орындаған тексеру жұмыстары және жекеше тапсырмалар арқылы қажеттi талаптар деңгейiнiң жетiстiктерiн байқап көру.
Информатикадан қарастырылған стандарт жобасының принциптi жаңалығы оқушылардың мiндеттi дайындықтарының деңгейiн бағалау болып табылса, онда дихотомиялық шкалаға негiзделген (сыналды - сыналмады) баға процедурасының негiзiнде критериалдық-бағытталған жүйе қаланады. Осы мезетте стандарттың ең төменгi талаптарынан асып кететiн оқушылардың жетiстiктерiн бағалау, дәстүрлi жүйе аналогын орынды қолдану керек. Осыған сәйкес оқушылардың бiлiмiн, бiлiктiлiгiн тексеру мен бағалау дайындықтың екi: мiндеттi және жоғарғы сатысында жүргiзiлуi тиiс. Ол үшiн бақылаудың: күнделiктi тексеруде тапсырмалардың екi деңгейiн қамту, оқыту үдерісінде және емтиханда бақылаудың осындай түрiн бөлiп алу сияқты әр түрлi технологиялары болуы мүмкiн.
Информатика курсы бойынша бақылаудың дәстүрлі ауызша, жазбаша, программалық және тесттік бақылау түрлері қолданылатыны белгілі.
Ауызша бақылау түрі әрбір сабақта оқушының сабақ тақырыбын қалай меңгергендігін қысқаша бақылау ретінде өткізіледі. Бақылаудың жазбаша түріне бақылау жұмыстары, диктанттар, рефераттар, карточкалар, тәжірибе жұмыстары, сынақ, емтихан жатады. Педагогикалық ғылымда бақылаудың программалық түрі негізгі орын алады. Информатика курсында программалық бақылауға есептер шығару, бақылау және зертханалық жұмыстар, әр түрлі жоба сызбалар жатады. Программалық бақылау мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін құрал болып табылады. Әрбір оқушы бір тақырыпты меңгергеннен кейін басқаларды күтпей, келесі тақырыпты оқи береді, яғни оқыту саралап оқыту сипатына ие болады. Оқушы дұрыс жауап бермеген жағдайда пәннің меңгерілмеген тақырыптарын қайта оқуға мүмкіндік алады. Бірақ көптеген мектептерде материалдық-техникалық базаның жоқтығына байланысты программалық бақылау көп таратылмаған. Сонымен қатар, бүгінгі күнде оқушылардың білімін бақылауда кеңінен қолданылып жүрген әдістердің бірі - тестік бақылау болып табылады. Тестік бақылау - оқушының жетістіктерін неғұрлым әділ бағалауға мүмкіндік беретін, арнайы жасалған ғылыми-ұтымды процедура болып табылады.
Тест - оқушының бiлiмiн, біліктілігі мен дағдысын тексерудiң немесе оқушы бiлiмiнiң белгiлi бiр сапалық қасиетi бар-жоғын тексерудiң ерекше түрi болып табылады. Тест (ағылшынша Test-байқау, зерттеу, сынау) - психология мен педагогикада сыналушының бiлiмiн, iскерлiгiн және дағдысын, сонымен қатар психофизиологикалық және өзiндiк сипаттамаларын стандартталған тапсырмалардың орындалу қорытындысы бойынша өлшеу.
Тест - қысқа жауап беру немесе берiлгендерден дұрыс жауапты таңдауды талап ететiн көп тапсырмалар беруге негiзделген бiлiмдi әдiл және бiрыңғай тексерудi қамтамасыз ететiн оқушы бiлiмi мен iскерлiгiн бақылаудың бiр түрi.
В.П. Беспалько тест тапсырмаларын бiлiмге қойылатын талаптарға сәйкес деңгейлерге бөлiп, төмендегідей тесттің 4-деңгейін:
I-деңгейдегi тесттер оқушылардың танысу деңгейi, оқушы объектiнi басқа ұқсас объектiлерден ажырата алуы, түсiнiктеме көмегiмен бiлiктiлiгiн тексеруге арналған тапсырмалар. Бұларға жататындар ерекшелiгiне байланысты ажыратуға берiлетiн танымдық тапсырмалар. I-деңгейдегi меңгерудiң сапасын тексеру үшiн төмендегiдей тесттер қолданылуы керек: альтернативтi (тануға бағытталған), таңдап алу (айырмашылыққа), салыстырмалы (классификацияға бағытталған);
II-деңгейдегi тестер оқушының оқу объектiсiнiң қасиеттерi және ерекшелiктерi туралы ақпаратты зердеде сақтау немесе түсiну дәрежесiнде қабылдау әрекетiмен сипатталады. Бұған жататындар тапсырмаларда арнайы араласып кеткен құрамды бөлiктерiн орнына қоюға арналған, конструктивтi тестер, есеп жауабын өз бетiнше ойлап шығарылатын есептер жатады;
III-деңгейдегi тестер оқушылардың еңбекке дайындығын бақылауға арналған, яғни оқушылар алған бiлiмiн iс жүзiнде қолданып жаңа ақпарат алуына бағытталған тапсырмалар;
IV-деңгейдегi тестер оқушылардың шығармашылық бiлiктiлiгiн, олардың жаңа ақпаратты қабылдауға ыңғайлы зерттеу мүмкiндiгiн анықтауға арналған тапсырмалар деп атап көрсетеді.
Тест тапсырмаларының мынадай негiзгi классификациясы белгiленген:
тапсырмалардың жабық түрi, оқушы тест тапсырмаларының iшiнен дұрыс жауапты таңдайды;
ашық түрдегi тапсырмалар, орындау кезiнде жауапты өз бетiнше тұжырымдау;
сәйкестiкке тапсырма, екi жиын элементтерi арасында сәйкестiк орнату арқылы орындау;
дұрыс тiзбек құруға тапсырма, сыналушыдан амалдар немесе үрдістердiң орындалу тәртiбiн көрсету талап етiледi.
Тапсырманың түрiн таңдап алу бақылайтын материалдың мазмұнына және тестiлеу мақсатына тәуелдi болады. Бұл бақылаудың төрт түрi негiзгi түрлерi болып табылады. Тест тапсырмаларының әртүрлiлiгiне қарамастан оларға қойылатын жалпы талаптарды бөлiп көрсетуге болады:
оқушы қолданатын ақпарат көзiне дәлме-дәл сәйкес келуi. Тапсырманың тұжырымдамасы жеткiлiктi түрде сыналушы алдындағы мәселенi түсiндiруi, яғни тiл және терминдер, белгiлеу, графикалық бейне және тапсырманың безендiрiлуi және оған жауап сөзсiз бiрмәндi, оқушыға түсiнiктi болуы керек.
таңдалған тестiлеу стратегиясында белгiленген тапсырманың қиындығының әдiл бағасына сәйкес әрбiр тапсырманың өзiнiң реттiк нөмiрi болады;
логикалық түрде айтылған тапсырма тұжырымдар, оқушы жауабына тәуелдi ақиқат немесе жалған болады;
тапсырманың негiзгi мәтiнi жетi-сегiз сөзден аспауы және бiрден кем емес бағыңқы сөйлемнен тұруы қажет;
өңделген тапсырмаға дұрыс жауап эталоны көрсетiледi;
бiр тест тапсырмасын орындауға бiр-екi минут қана уақыт кетуi керек.
Тарихи тұрғыдан тапсырманың жабық түрi бiрiншi болып есептеледi, дайын жауаптың iшiнде бiр дұрыс жауабы болады, ал қалғандары дұрыс емес. Олар 20-жылдың басында қолданыла бастады және тапсырманың жабық формасы деген атқа ие болды. Жабық тапсырманың дұрыс емес жауабы дистрактор деп аталады. Дистрактордың саны тапсырманың түрiмен анықталады, ол бестен аспауы керек. Егер бiлетiн оқушылар оны дұрыс орындаса, ал бiлмейтiндер қате жауапты таңдаса, тестiк тапсырма жақсы жұмыс iстейтiн деп есептеледi. Бiрақ, тапсырма орынды тұжырымдалған болу үшiн бұл шарт әлi жеткiлiктi емес. Тапсырманың жабық түрiнiң жетiстiктерiмен қатар кемшiлiктерi де бар. Оның жетiстiгiне тестiлеудiң көп уақыт алмайтындығы, балл санаудың қарапайымдылығы жатады. Дайындықтары нашар сыналушылардың қиынырақ тест тапсырмаларына жауапты кездейсоқ ойлап табуы оның кемшiлiгiн көрсетедi.
Осындай тапсырманың нұсқауы дұрыс жауапты дөңгелектеп белгiлеу. Тапсырма нұсқасының жауап саны төрт немесе бестен аспауы керек, осындай шектеу қою жауапты кездейсоқ табу ықтималдығының сиректiгi үшiн жеткiлiктi болады.
Тапсырманың бес жауабы бар жабық түрiне мысал келтiрейiк:
Мысалы.
1. Z мәнiн 3-ке азайту үшiн жазу керек:
A) Z-3:=Z;
B) Z+3:=Z;
C) Z:=Z-3;
D) Z-3;
E) Z:=Z+3.
Ашық түрдегi тапсырма. Ашық тапсырмаға жауап бергенде оқушы тапсырмадағы жоқ сөздi және қойылған сызықтың орнын сан немесе формуламен толықтырады. Тапсырма бiрмәндi анық жауапты талап ететiндей және екi жақты түсiнiк беру жiберiлмейтiндей етiп құрылады. Сызықша бақылау материалы үшiн маңызды болып табылатын термин кiлтiнiң орнына қойылады. Бiрiншi жетi-сегiз сөзден аспайтын сұрақты тұжырымдау ұсынылады. Сосын құрастырушы қойылған сұраққа жауап жазады. Содан кейiн тест құрастырушы шамамен сол сұрақтың көлемiне сәйкес мөлшерде жауап жазады. Ары қарай айтылғандардан сөз кiлтi немесе бiр, екi сөз алынып тасталады да олардың орнына сызықша қойылады.
Ашық түрдегi тапсырмалар үшiн бiр сөзден тұратын Толықтыр нұсқауын қолдануға болады. Болжам болмағандықтан ашық тапсырмалар сыналушы үшiн қиынырақ болуы мүмкiн. Шындығында да, өзi дұрыс жауапты құрастырып шыққанша, жауаптардың iшiнен дұрыс жауапты таңдап алу оңайырақ. Педагогтар үшiн ашық тапсырманың бұл қасиетi ерекше қызықтыратындай болып табылады.
Сонымен қатар, ашық түрдегi тапсырмалардың да кемшiлiктерi бар. Оқушы сызықша орнына жауапты жазғанда жауаптың синонимiн жазып кетуi мүмкiн немесе қалып кеткен формуланың элементтерiнiң ретiн өзгертiп алуы мүмкiн. Мұндай жағдайда орындалған тапсырманың қорытындысын дұрыс бағалауда, оқушы жауабына талдау жасайтын, оны эталонды жауаппен салыстыратын, мықты инструментальдi жүйенi қолдану қажет.
Тапсырманың ашық түрiне мынадай мысал келтiрейiк:
Ақпаратты өлшеудiң негiзгi бiрлiгi _________________ .
Тест тапсырмаларының үшiншi түрi сәйкестiктi анықтау нұсқауымен берiлген тапсырмалар болып табылады. Олардың мәнi мынада, бiр жиынның элементтерiн екiншi жиынның элементтерiмен салыстыру. Жиынның бiр элементiне екiншi жиынның тек бiр элементi ғана сәйкес келуi керек. Тапсырманың бұл түрiне мысал келтiрейiк.

Мысалы. Сәйкестiктi анықта.
s:=0; for i:=1 to 5 do s:=s+i; а) 120
p:=1; for i:=1 to 5 do p:=p*i; ә) 15
s:=0; for i:=1 to 5 do s:=s+2*i; б) 15
p:=1; for i:=1 to 5 do p:=p*2*i; в) 30
s:=0; for i:=5 downto 1 do s:=s+i; г) 3840
Сәйкестiк дұрыс қойылған жағдайда тапсырма дұрыс орындалған деп есептеледi. Жабық түрдегi тапсырмалар сияқты бiрiншi жиын элементтерiне ұқсас екiншi жиын элементтерiн таңдап алуда қиындықтар туады. Егер оқушылар ұқсас емес элементтерiн бiрден ажырататын болса, онда тапсырманың тиiмдiлiгi төмендейдi. Әрбiр артық элементтiң шындыққа ұқсастығының өлшемi тәжiрибемен белгiленедi және осы элементтi дұрыс элемент ретiнде таңдаған оқушылардың үлесiмен анықталады.
Тест тапсырмасының төртiншi түрi - дұрыс тiзбек құруға арналған тапсырма, сыналушыдан амалдар немесе үдерістердiң орындалу тәртiбiн көрсету талап етiледi. Нұсқау ретiнде тапсырма тұжырымдамасына кiретiн, дұрыс тiзбектi құрыңыз деген сөздi қолдануға болады. Көрсетiлген амалдар нөмiрленедi, ал жауапта дұрыс тiзбек құрылатын код көрсетiледi.
Мысалы:
BEGIN
PROGRAM A;
READ (A, B);
VAR A, B, D: INTEGER;
D:=SQR(A)+SQR(B);
WRITE ('D=', D);
END.
Психологиялық-педагогикалық және әдiстемелiк әдебиеттерде тестiлеудi және тест түрiндегi тапсырманы оқушының бiлiмiн және iскерлiгiн тексеру құралы ретiнде қолдануға талдау жасалынуы тегiн емес, өйткенi тест тапсырмаларының бiрқатар жағымды, ұтымды жақтары бар.
Тестiлеу оқушының тақырыпты меңгеру деңгейiн айқындауға, сонымен қатар оқыту қорытындысының қойылған мақсатқа сәйкестiгiн көруге мүмкiндiк бередi. Егер оқушылардың көпшiлiгi бiрдей бiр тапсырманы орындамаса, онда мұғалiмге оқытқанда кеткен кемшiлiктерi бар деген белгi бередi.
Тест тапсырмалары оқу қорытындысын тексеруде оқушылардың жеке ерекшелiктерiн және тақырыпты бүтiндей сыныптың және жеке әрбiр оқушының меңгеру ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Информатиканы мектепте оқытудың жалпы мәселелері
Оқытудың интерактивті технологиялары
Информатиканы орта мектепте оқытудың теориялық-әдістемелік негіздері жайлы
Мектепте информатика пәнін оқытудың әдістемелік жүйесінің ерекшеліктері
Қазақстанның білім беру жүйесін 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшірудің негіздемесі
Инфoрмaтикaның нeгізгі ұғымдaры жәнe oны oқыту әдістeрі
Компьютерлік технологиялардың құрал ретінде пайдаланылуы
Информатиканы продуктивті оқыту әдістері
ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ Бастауышты оқытудың әдістемесі мен педагогикасы мамандығы үшін
Информатиканы оқытудың нақты мақсаттарын анықтау
Пәндер