Алаш қайраткерлерінің жер мәселесі төңірегіндегі көзқарастары


Алаш қайраткерлерінің жер мәселесі төңірегіндегі көзқарастары
ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси жағдай патша өкіметінің озбыр саясатының негізінде шиеленіске толы болды. Осы кезде өмір сүрген Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бастаған Алаш зиялылары қазақ халқының бостандығы жолында аянбай күресті. Олар ұлттық мүддені басты орынға қойды. Ұлттың негізгі мүддесі - жер. Жерсіз ұлттық мүдде құндылықтары қалыптаспайтындығы анық. Ата-бабаларымыз жерімізді сақтау үшін қаншама сұрапыл соғыстарды бастан өткерген. Себебі ұлттың барлық өмірі, байлығы, тарихы, дәстүр, ұрпақ болашағы, тәуелсіздік жерді қорғаудан шығып, әр қазақ оны сақтауға міндеттеледі.
Сондықтан да, ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің ең өзекті тақырыбына айналғаны жер мәселесі еді. Отаршылдық заман қазақ халқының басына туған күннен бастап жер мәселесі де өрши түсті. Сол кездегі патша өкіметінің саясаты, яғни қазақ жерлеріне орыс мұжықтарын орналастыруы халқымыздың шұрайлы жерлерінен айырылуына алып келді. Патша өкіметінің «артық» деген сылтаумен қазақтың құнарлы, шұрайлы жерлерін ішкі Ресейден көшіп келгендерге жаппай тартып алып беріп, орыс мұжықтарын қоныстандыруын көріп отырып, бұл жағдайға ұлт мүддесін басты орынға қойған Алаш қайраткерлері көз жұмып қарай алмады. Осылайша, Алаш зиялылары отырықшылыққа үгіттеп, артық жерлерді өзіне алуға ұмтылған патша саясатына қарсы газет беттеріне көптеген мақала жазып, ашық түрде жерге, ел тағдырына араша түсті.
Тарихнамаға сүйенсек, 1905-1907 жылдардан кейін қазақ халқы өзінің шұрайлы жерлерінен бұрынғыдан да қарқынды түрде айырыла бастағандығын байқаймыз. 1893-1905 жылдар аралығында қазақ халқының 4 млн. десятина жері тартылып алынса, 1905-1912 жылдар аралығында 17 млн. десятинадан астам жерден айырылып қалғандығын көреміз. Міне, жерді тартып алу, қазақ халқын отырықшы өмірге көшіру сияқты аса қауіпті саясат қазақ зиялыларынан тез арада бұл озбырлыққа қарсы халықты жұмылдыра алатын әрекетке көшуді талап етті.
Осы орайда, жер мәселесіне байланысты «Қазақ» және «Айқап» басылымдары арасында «отырықшылыққа көшу немесе көшпелі өмір салтымен қалу» турасында екі жақты көзқарас қалыптасқан болатын. М. Сералин, Б. Қаратаев бастаған «Айқап» журналы төңірегіндегі топ қазақ халқының артта қалуының басты себебі көшпелі өмірі салтынан көріп, қазақтарға да қоныс аударушыларға берілген он бес десятинадан жер үлесін беріп, отырықшылыққа көшуді дұрыс деп тапты. Ал, екінші Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бастаған топ болса, қазақ халқын он бес десятина үлеске отырғызу, қазақ халқын біржола жерінен айыруға апаратындығын дәлелдеп, көшпелі өмір салтында қалуды ұсынды. Осы мәселе турасында А. Байтұрсынұлы: «Біз қазаққа қала болма демейміз. Жақсы жеріңе жиылып қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десятинамен қала боламын десеңдер, күн көре алмайсыңдар дейміз» [1, 151-157] - деп, халқына патша өкіметінің саясатын түсіндіруге тырысады. Алаш зиялыларының жер мәселесіне қатысты жариялаған мақалаларынан ұғынатынымыз - қазақтың үш мың жыл бойғы болмысын бір-ақ сәтте өзгерту мүмкін емес. Яғни жұртқа бағыт бағдар беретін адамдар болса, мемлекет көмектессе қазақ егіншілікті, технологияны өзі ақ үйренеді, бұл бір уақыттың ішінде шешілетін іс емес.
Жер мәселесіне байланысты ХХ ғасыр басындағы интеллигенциялардың арасында қалыптасқан екі жақты пікірді талдай келе, М. Қойгелдиев: «Жер мәселесінде олар 15 десятинадан жер алып, жаппай отырықшы тұрмысқа өтуді пәрменді отарлау жағдайында қазақ халқын экономикалық құлдырауға соқтыратын қауіпті шара есебінде бағалады. Отарлық тәуелділік пен ортағасырлық мешеулік құрсауындағы қазақ қоғамы жағдайында соңғы ағымның ұстанған айқындамасы қазақ қоғамының жалпыұлттық мүддесіне сай, сондықтан да оның прогресс жолымен дамуына қызмет ететін бағыт еді» - деп, тұжырым жасап, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы бастаған топтың ұстанған көзқарастарының қазақ халқының ұлттық мүддесіне сай келетіндігін көрсетеді. Расымен де, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы бастаған топтың көшпелі өмір салтын жақтауы - қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлі жүйесі мен жерін сақтап қалу еді.
Жер мәселесі бойынша тарихнамада Ә. Бөкейхан мен А. Байтұрсынұлының еңбектері ерекше орын алады. Бұл еңбектерде авторлар дереккөздерді жете зерттей отырып, маңызды аспектілері бойынша объективті қорытындылар жасаған. Шаруалардың Қазақстанға қоныс аударылуының себептері мен мотивтері көрсетіліп, патшаның қоныс аудару саясатына, оның отарлау мақсаты мен әлеуметтік-экономикалық салдарына баға берілген. Мәселен, Ә. Бөкейхан «Қазақ» газетінде осы мәселеге байланысты мынадай мақала жариялады: «Талас дүния - ғұмыр сифаты, талас, тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді», - деп, жер тақырыбына байланысты екі жақты көзқарасқа өз пікірін былайша көрсетеді: «Біздің ақылымызша дама баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен, көп жылдарда аударылады. Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, орыс 15-тен жер берді деп егінші бола қалмайды. Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып алатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз, қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып жан-жағыңа қара дейтініміз, қазақ 15-тен жер алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды» [3, 205] . Бұл мақаладан бар тіршілігі көшпелі тұрмыспен байланысты қазақ халқын бір сәтте отырықшыландыру әсте мүмкін емес жағдай екендігін аңғарамыз.
«Қазақ» газеті төңірегіндегі зиялылар қауымы қазақ жерін неғұрлым көбірек сақтап қалудың бірден-бір жолы - көшпелі шаруашылықта қалу деп санады. Қазақ халқының тарихына зер салып қарайтын болсақ, ежелден көшпелі халық болғаннан кейін отырықшылыққа бірден көшіп кету де оңай емес болатын. Осы тұрғыда Әлихан Бөкейхан «Шаруашылықтың өзгеруі жайынан» атты топтама мақалада немістің Ф. Лист және К. Бюхер ғалымдар еңбектерін сынға ала отыра, қазақ халқының шаруашылығының табиғи дамуына көңіл бөлді. Онда: «шаруашылықтың бір сатысынан екіншісіне өту үшін ұзақ ғасырлар қажет болғанын, дүние секірмелі түрде емес, эволюциялық жолмен бірте-бірте өзгереді» деген сияқты дәлелді пікірлер келтірілді [2, 244-256] . Өйткені табиғаты ерекше, таптырмас мал жайылымы болып табылатын қазақ даласының құнарлылығын жақсы білген халқымыз көшпелі мал шаруашылығынан бірден бас тартуы мүмкін емес еді.
Осы орайда «Қазақ» газетінің бетінде Ахмет Байтұрсынұлы «Аңдаспаған мәселе турасында» атты мақаласында: «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры - жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсінік жетпей қаталасып, қазақты теріс жолға салғанымыз - 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турасында қазаққа ақыл айтқанымыз, қазаққа һәм басқаларды да қате ұқпастай етіп, анықтап, ашық сөйлескеніміз абзал» - деп, жерінен айырылу - ұлтты құртудың бір тәсілі екендігін көрсетеді [2, 86] .
1917 жылы болған Құрылтай жиналысында жер мәселесіне байланысты негізгі заң жасағанша жер мәселесі алдымен жергілікті жұртқа берілсін, бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазақтарға қайтарылсын, жерді қазаққа үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алынсын, жер заңдарында жер сатуға тыйым салынсын деп «Алаш» партиясы бағдарламасына өз ұсыныстарын енгізді. А. Байтұрсыновтың ХХ ғасыр басында өз алдына қойған мақсаты «Алаш» партиясының басты мақсатына айналғанын көрсетті. Оның мемлекеттік бірлік, ұлттық бостандық жердің мемлекеттілігі, оқу-ағарту ісі, ұлттық мектеп сияқты өзекті мәселелерді бір-бірімен байланыстыра отырып шешуге ұмтылуы, оның қазақ ұлтының ұлттық мақсат-мүддесін көздеуден туған ұсыныстары болды. А. Байтұрсынов осы мәселелерді алға тартып, қазақ ұлтының бостандығына саяси жол арқылы қол жеткізуге ұмтылды.
1917 жылдың 1 сәуірінен 7 мамырға дейінгі аралықта облыстық қазақ съездері Орынборда, Алматыда, Омбыда және Оралда болып өтеді. Съезде қаралған мәселелердің бірі - жер мәселесі. «Жер алу дала уалаяттарында тоқтатылсын, учредительное собраниеде жер мәселес ашылғанша бұл күнге шейін мұжық орнамаған учаскелер, мұжық жамансынып тастап кеткен жерлер, отрубной, оброчной статьялар, мал бағуға деп һәм монастырский учаске деп алған жердің бәрі бұрынғы иелеріне (қазаққа) қайтарылсын . . . Жаңадан алуға жоба жасалған жерге енді мұжық жазу тоқтатылсын» деген және басқа жерге қатысты мәселелердің тиімді шешімдерін ұсынады [3, 27] .
1917 жылғы 20-сәуір күнгі отырысында съезд жер мәселесін талқылап, «жер мәселесін біржола шешу, жер кім егер оны игеруге - мейлі ол егін егу, мал өсіру, бақша салу, т. б. түрлерінде болсын - күш жұмсаған болса, соған берілуге тиіс деп көрсетіп, «қазақ жері оның байырғы иесі қазақтарға берілуге тиіс және қазақ демократиясы мүддесін қорғауға қажет шаралар қарастырылуы керек» деп көрсетті.
Т. Омарбеков: «кезінде «Алаш» қозғалысына қатысқан немесе оған іш тартқан қазақ зиялылары жаңа жағдайда, голощекиндік басшылық тарапынан екі топқа бөлініп кінәланды; алғашқы топ - қазақтың дәстүрлі даму жолын қысқа мерзімде күштеп, жоспарлы түрде күйретуге, қазақты зорлап отырықшыландыруға қарсылар «көшпелі байлар» немесе «көшпелілердің идеологтары» деп, біржақты қараланса, ал екінші топ - қазақты отырықшыландыру нормасын алып, егіншілікке шақырса да, «жер иеленуші» жаңа капиталист бай деген жағымсыз атқа ие болды» [4, 60] - деп, Қазақстан солақай басшыларының өздерінен әлдеқайда биік тұрған ұлт зиялыларынан бас тарту, күнделікті жұмыстарында жіберілген қателіктердің себебін солардың іс-әрекетінен іздеу сияқты большевиктік белсенділерге тән мінез-құлықты ашып көрсеткен еді.
Д. Махат «Қазақ зиялыларының қасіреті атты еңбегінде: «Осы кезде отырықшыландыру ұранын көтеріп шыққандардың қызыл сөзі болмаса, халық оған дайын емес еді. Өкіметтің өзі де олардың отырықшы болып, мәдени деңгейін көтеретін шараларды толық жасай алмады. Олардың қысқы үйі жазы-қысы бірдей тұруға бейімделіп салынбады. Оны уақытша баспана деп қана айтуға болатын еді. Мұндай «баспанада» үнемі тұру денсаулыққа зиянды екенін баспасөз беттерінде айтқандар да болды. «Қыстан шыққан бүрге, жазғы ыстықтың ауасымен буланған жер үйдің дымқыл исі енді тұруды көтермейді. Сондықтан оларға беретін насихат қар кетіп, көк шығысымен, жаман үйін тігіп, таза ауаға шығуға дағдылану керек» -деген ақыл-кеңес беріледі» - [5, 139] деп, патша өкіметі отырықшылыққа көшуді талап еткенмен де, мемлекет тарапынан халыққа жағдай жасалмағандығына тоқталады.
Қазақтың дәстүрлі шаруашылығы туралы профессор С. П. Швецов «Казахское хозяйство в его естесвенно-исторических условиях» деген еңбегінде: «Қазақстанның көпшілік өңірінде сақталып келе жатқан көшпелілік, ол қазақтың, қазақ шаруашылығының отырықшы халықтың деңгейіне жетпегендігінен, мәдениетсіздігінен емес, . . . қазақтың малшы, көшпелі болуы өзін қоршаған табиғат ерекшелігінен, осыны қоршаған табиғат одан талап етеді» - деп атап көрсетті [5, 135] .
Ахмет Байтұрсынов «Қазақ жерін алу турасында шыққан низам бұйрықтарды қазақ білсе, сондай жәбір көрушілер азаяр еді . . . қазақты қыстауынан көшірмей тұрып жаңа жерден орын сайлап беруге міндетті, қазақ көшкенде даярлап, белгілеп берген жерге көшпек. Бұл жолды білмей «мұжық қуып шығарды, пәлен қуып шығарды, отыра алмадық дейді. Мұжық болсын, басқа болсын, низамнан күшті емес» - деп [1, 151-157], тек заңмен жүруді, оған бағынуды нұсқады. Сол себепті де, газет бетінде 9 шілдедегі заңның 22 пунктін түгел жазып, жарияланған заң жобасын келешекте жер бөлу ісінде пайдаланып, түсінбеген сұрақтар болса ақыл-кеңес алуға шақырды. Бұл мақаланың басты мақсаты - қазақ шаруаларының мұжықтың қоластында кетуге жол бермеу. Жерін тартып алып, елін қан жылатып жатқан патша әкімшілігінің зорлығына қарсы шығуға басқа амалы болмаған соң, тым болмаса, заңда көрсетілген жеңілдіктерді халық пайдасына пайдалануға болатын жолдарын көрсету болды. Осы мақсатпен жоғарыда аталған және басқа да істер халық пайдасына орай атқарылып жатты.
Ахмет Байтұрсыновтың айтуы бойынша, жер жеке адамның емес алдымен ұлттың мүддесі, сондықтан да ол мемлекеттің қазынасы, үнемі солай болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазаққа жерінен айрылмауды ескертті, себебі қазақ жерді жеке меншікке алуға әлі дайын емес. Патша өкіметінің отырықшы қылу саясатына сеніп, аз жерді иеленгенімен қазақ негізгі ұлттың байлығы ұлттық мүддесінен қол үзеді. Патша өкіметі халықтың аңғалдығын пайдаланып жақсы шұрайлы жерлерді өзіне алып, халықты құнарсыз жерлерге ығыстырады. Сөйтіп ел жерінен айрылады, құнарлы жерлерінен қол үзген елдің тұрмысынан күй кетеді, елден күй кеткесін кейінгі ұрпаққа ештеңе қалмайды.
Жер мәселесі «Қазақ» газетінің жарыққа шыққан кезінен бастап емес, сонау 1910 жылдары «Айқап» бетінде және алаш қайраткерлерінің еңбектерінде кеңінен көтерілген болатын. «Қазақта» басылған жер мәселесіне байланысты көптеген ойға өзек болған, өткір де батыл материалдардың жазылуы ұлт зиялыларының халқының тағдырын ойлағандығын көрсетеді. «Жер жалдау жайынан», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақ һәм жер мәселесі», «Отырықшы болатын қазақтарға кесіп беретін жердің есебі», «Шаруашылықтың өзгеруі жайынан», «Қайсысы пайдалы», «Ел қамынан бір-екі ауыз сөз», «Жер мұңы», «Жер жалдау» және т. б. мақалалар тақырыптың ауқымдылығымен, қаң жобалардың пайдалы жақтарын ашып көрсетуімен құнды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz