1916 жылғы Сыр өңірі қазақтарының ұлт - азаттық көтерілісі



Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ АРАСЫНДА ӨТКІЗІЛЕТІН СТУДЕНТТЕРДІҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ КОНКУРСЫ

1916 жылғы Сыр өңірі қазақтарының ұлт - азаттық
көтерілісі

Ғылыми жетекшісі: т.ғ.к.,доцент
М.А.Жолсейтова

Орындаған: ТТА-411 тобының студенті
Керім Қанат

Түркістан 2015

Мазмұны

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...3-5

1 ХХ басынан 1916 жылғы ұлт - азаттық көтеріліске дейінгі уездегі халықтың әлеуметтік - экономикалық жағдайы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 6-12

2 Сыр өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің себептері мен қозғаушы күштері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... . 12-17

3 Көтерілістің барысы, зардаптары және маңызы ... ... ... ... ... .. 17-22

Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ... . 23

Пайданылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 24-25

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан мен Орта Азияда еркіндікті, бостандықты аңсаған халықтардың 1916 жылғы қозғалысына 2016 жылы 100 жыл толады. Бұл жылдың ерекшелігі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі. Бұл бостандық, теңдік оңайлықпен келмегендігін тарих деректерінен көреміз.
Халық санасының оянуының қозғаушы күш болған, әрі тың серпін берген ұлт-азаттық күрестер елімізді сыртқы күштерден сақтап, ұлтымызды тәуелсіздікке жетелеуде басты күшке айналған еді. Қазіргі таңда ұлттық санадағы өзгерістер халқымыздың өткеніндегі қилы-қилы азаттық күрестер мен қозғалыстарды тереңірек білуге деген ұрпақтың құлшынысын да оятты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев былай деген еді: Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады [1].
1916 жылғы қазақ даласын қамтыған ұлт-азаттық қозғалыстың маңызды күрес ошақтарының бірі ретінде Сыр өңіріндегі көтерілісті жеке қарастыру өзекті мәселе болып табылады. Өзінің ауқымдылығы мен тегеуірінділігі жағынан ерекше орын алатын Сыр өңіріндегі көтеріліс Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістердің ішіндегі басты ошақтардың бірі болып табылады. Бұл өңірдегі көтеріліс тек өз атырабында ғана Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тіпті Орта Азияны қамтыған көтеріліс барысына да шешуші ықпал еткен орталық болуымен де ерекшеленеді.
Сыр өңіріндегі көтеріліс Ресейдің орталық губернияларынан қоныс аударған шаруаларды тоқтату, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде окоп қазу және тыл жұмыстарына адам бермеу сияқты қарсылық түрлерінен тұрды. Сондай-ақ сол тарихи кезеңде жер мәселесінің күрделене түсуінің, өңірдегі шаруашылық пен өндіріс салаларындағы жай-күйді терең түсінуге мүмкіндік аламыз. Осының өзі зерттеп отырған тақырыбымыздың ғылыми өзекті мәселеге арналғанын аңғартады. Зерттеліп отырған Сыр өңіріндегі қазақ халқының көтерілісін тың деректерді ғылыми айналымға енгізе отырып ашып көрсету өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Сол себепті де осындай өзекті мәселені арнайы зерттеу нысаны етіп алу бір жағынан уақыт талабы болса, екіншіден ұлттық сананың қажеттілігі де болып табылады.
Тақырыптың деректері мен тарихнамасы. 1916 жылғы Орта Азия мен Қазақстанды шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс туралы арнайы зерттеу еңбектер мен ғылыми мақалалар аз жазылған жоқ.
ХХ ғасыр басында патша өкіметінің қазақ даласындағы отаршыл саясатына және оған қарсы шыққан қазақтардың наразылығына алғаш рет қазақ зиялылары өз бағасын берді. Жалпы алғанда олардың еңбектерінде көрсетілген мәселелер тек Сыр бойын ғана емес, бүкіл қазақ даласын қарастырып, патшалық Ресей жүргізген отаршылдық саясатын ашық талқылап, қазақ халқын ұлттық езгіге салғанына көп көңіл бөледі. Бұл ретте Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, М. Дулатов, М. Шоқай 2 еңбектері.
Т. Рысқұлов пен И. Чеканинскийдің еңбектерінде өлкедегі қазақтардың азаттық күресіне себеп болған саяси факторлар баяндалады 3.
С. Асфендияровтың Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс [4] атты еңбегі көтеріліс тарихын зерттеуге қомақты үлес қосқан еңбек еді. Автор еңбегінде қазақ елінің отарлық жағдай мен патша өкіметінің қоныстандыру саясатының мәнін орынды аша білген. С. Асфендияров еңбегінде көтеріліс барысында орыс жұмысшылары мен шаруаларының ықпалы болмағандығын талдай келе, көтерілісті патша өкіметінің отарлық қанауына қарсы халықтың қозғалысы болғандығы жөнінде түйін жасайды.
1962 жылы Орта Азия мен Қазақстанды қамтыған көтеріліске талдау жасаған Х. Тұрсыновтың еңбегі [5] жарық көрді.
Айта кету керек бұл еңбек Орталық Азияны қамтыған көтерілісті алғаш ғылыми тұрғыда саралаған зерттеу еді. Жұмыста Орта Азия мен Қазақстандағы көтеріліс қарсаңындағы саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдай, бірінші дүниежүзілік соғыстың осы аймаққа әкелген ауыртпалықтары, облыстардағы толқу барысы терең талданады.
Қазақстан азаттық алғаннан кейін отандық тарихнамада ұлт-азаттық мәселесіне көп көңіл бөлініп, жаңаша көзқарастар қалыптаса бастады. Ұлт-азаттық қозғалыстардың барысына жан-жақты талдау жүргізген тарихшылардың алғашқы легінде М.Қ. Қозыбаев болды 6. Ол 1916 жылы қазақтардың съезде қабылдаған шешімдері, көтерілістің ғылыми негізі ретінде тоқталады. Алаштанушы ғалым К. Нұрпейісовтің 7 еңбегінде 1916 жылғы кӛтеріліс тұсындағы зиялылардың ролі мен қызметін тарихи обьективтілікпен бағалап, әділеттілікті қалпына келтіріп, ұлт зиялылары туралы таным-түсінікке ұлттық концепция бағдарына сәйкес жаңа сипат берді.
Танымал тарихшы-ғалым М. Қойгелдиев Жетісуда үстемдік құрған Ресей билігінің тарихын жазған монографиясында отарлық биліктің 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы қызметіне де тоқталады [8].
Аталған ғалымдармен қатар, тарихшы- ғалым Д. Аманжолованың да ұлт зиялыларына арнап жазған еңбегінің зор екенін атап айта кеткен жөн [9]. Белгілі тарихшы-ғалым Ж. Қасымбаев көтерілістің 80 жылдығына арнап жазған проблемалық мақаласында 1916 жылғы 25 маусым жарлығының шығуына байланысты мәселелерге жан-жақты тоқтала отырып, оның заңсыз жарлық екендігін делелдеп ...маусымның 25-індегі ІІ Николайдың жарлығы заңға қайшы шешім болған-деп көрсетеді [10].
Қазақстанда іске асырылып жатқан Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасы аясында 2007 - 2008 жылдары Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы сериясы бойынша Жетісу - Ыстықкөл қасіреті (1916 - 1920 жж.), Орта Азия - Қазақстан: 1916 жыл, Жетісу. 1916 жыл, Байзак Мамбетулы и его современники Қазақ көтерілістері -2015 атты құжаттар мен материалдар жинағы біз қарастырып отырған проблеманың деректік қорын бұрындары белгісіз болып келген тың тарихи мәліметтермен толықтырып танымды тереңдете түседі.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Сыр өңіріндегі қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жергілікті халықтың азаттық жолындағы күресіндегі ұлттық сананың оянуының көрінісі болғанын және отарлық үстемдікті жою жолындағы өзіндік даму ерекшелігімен өріс алғанын көрсету - жұмысымның басты мақсаты болды. Ұлт-азаттық көтерілістің менің туған өлкем Сыр өңіріндегі ерекшеліктерін ашып көрсету. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр
-ХХ ғасырдың басындағы Сыр өңірі халқының жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа тартылуын анықтау;
-Сыр өңірі халқының 1916 жылы көтеріліске шығуының негізгі себептері мен нәтижесін айқындау;
-Сыр өңірі халқының көтерілісінің барысы мен салдарын көрсету;
-Сыр өңірі халқының көтерілісінің тарихи маңызын ашып көрсету.
Тақырыптың жаңалығы. Қазіргі кезде ғылыми айналысқа түсіп, методологиялық сараптан өткен, жалпылама зертеулерде айқындалған ой- тұжырымдарға сүйене отырып, жаңадан жарық көрген деректер негізінде ұлттық-тарихи көзқарас тұрғысынан зерттелінді. ХХ ғасырдың басындағы уездегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу арқылы зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Тақырыптың территориялық қамту аймағы. Сыр өңірі патша өкіметінің жүргізген әкімшілік-территориялық реформалары бойынша Түркістан генерал-губернаторлығына Сырдария облысы ретінде қараған. Облысқа негізінен қазақтар мекендеген Ташкент, Әулие-Ата, Шымкент және Перовск уездері кірген. Ал қазіргі кезде Қазақстан жерімен қарастыратын болсақ, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары құрайды.

1 ХХ басынан 1916 жылғы ұлт - азаттық көтеріліске дейінгі уездегі халықтың әлеуметтік - экономикалық жағдайы

Патша үкіметі Қазақстанды Ресей империясының боданына толықтай айналдырғаннан кейін, енді оны шикізат өткізу аймағы ретінде қызықтыра бастады. Сондықтан орталық аудандардан өнеркәсіп тауарлары шет жақтарға көптеп шығарылды.
Сол себепті патша үкіметі шеткері отар аймақтарда өнеркәсіп салаларының дамуына аса мүдделі болмады.
Жалпы Патшалық Ресей Қазақстанда өнеркәсіптің қандай саласын, тіпті өңдеуші салаларының да дамуына аса ықылас танытпады. Сондықтан Қазақстанның экономикасына капиталистік элемент өте жай енді. Бұл Қазақстанда капиталистік өндіріс тәсілінің толығымен орнауына әкелмеді. Өнеркәсіптің негізгі тараулары бағалы қазба байлықтар болып саналғанмен техникалық базасы нашар еді. Ресей империясының экономикалық бағыттағы бұл саясаты кешегі Кеңес одағы кезінде де дәл сол бағытта өз жалғасын тапты.
1913 жылы Қазақстанның территориясында (Жетісу мен Сырдарияны қоспағанда) Россия империясының барлық кәсіпорынының - 3,76 пайызы болды да, олар империядағы барлық өнімнің 0,96 пайызын шығарды. Кәсіпорындардың басым көпшілігі сыра қайнатып, май айыратын, тері илейтін, мақта тазалайтын, сабын қайнататын және тағы басқалардан тұрды да, алдыңғы қатарлы техникалар қолданылмады. Оларда қол еңбегінің басым болуымен қатар "өнеркәсіптің нашар өркендеуінің басты себептері елдің экономика жағынан жалпы артта қалғандығы және үкіметтің отаршылдық саясаты кері тартты". Империя экономикасының құрамды бір бөлігіне айналды [11, 34].
Уездің негізгі экономикалық орталығы қызметін Әулиеата қаласы атқарды. Мұнда товар айырбасы жүргізілді. Әулиеата қаласында негізінен ауылшаруашылық, фабрикат өнімдері сатылды және несие операциялары жүргізілді. Бұл жағдайлар Әулиеата қаласының әкімшілік орталыққа айналуын арттыра түсті.
Екінші кезектегі экономикалық сауда - айырбас орталығы қызметін Жуалы ауданы үшін - Түлкібас, Мерке ауданы үшін - Шалдауар, Горный ауданы үшін - Дмитриевка, Александровка, Грозный мекендері атқарды.
Ресей империясы Сырдария облысын базар өнімі мен шикізаттарды өндіріп отырудың көзіне айналдырғысы келгеніне қарамастан, Россияның орталық аудандарына ауыл шаруашылық товарларын тасудан азап шеккен,одан қиыншылық көрген өндіріс иелері мен саудагерлер жергілікті жерлерде шикізаттарды өңдеп шығаратын өндіріс орындарын құра бастады. Сондай өңдеуші өнеркәсіп орындары Сырдария обылысының Ташкент, Қазалы, Перовск, Әулиеата, Шымкент қалаларында ХIХ ғасырдың аяғында пайда болды. Олар ұн тартатын, тері илейтін, мақта тазартатын,мақта майын ажырататын, кірпіш жасайтын, сыра, сабын қайнататын тағы басқа да кәсіпорындардан тұрды.
Уезде өнеркәсіп кәсіпшілігі пайда болды. 1881 жылы Әулиеатада И. И. Иванов шарап заводын салды. Бұл заводтың жылына 1300 мың литр спирт шығара алатындай мүмкіндігі болды.
1910 жылдан бастап Әулиеатадан әр жыл сайын Ресейге 10 мың ірі қара, 200 мың бас қой мен ешкі, 14 мың жылқы және 9 мың ірі қараның терісі, 20 мың түйе терісі, 100 мың қой терісі, 60 мың пұт қой жүні, 2000 пұт түйе жүні жіберіліп отырды. Осы келтірілген деректерге қарап - ақ Әулиеата уезінен жыл сайын толып әкетілетін шикізат өнімдерінің шет - шегі жоқ екенін бажайлай беруге болады. Әулиеата уезі революцияға дейін Ресей империясының артта қалған аграрлы, тек шикізат өнімдерін беруге арналған ауданы болып қала берді. Өйткені уездің экономикалық жағынан пайдалы өндіріс орындарын салуға Ресей еш ынталы болмады.
Уездің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, әсіресе халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әсер еткен салық саясаты болды. 1913 жылы салық түрлері жер рентасына ауыстырылды. Бұл салық түрлерін ақшадай төлеуге мәжбүрлеу еді. Енді салықты төлеу де жерді жалға алу да тек ақша арқылы жүзеге асырылды. Ал салықты күзде төлеу пайдасыз болды. Өйткені күзде жаппай ауылшаруашылық өнімдерін жинауға байланысты және малдың көптеп сатылуына орай бұл өнімдер көктем мен қысқа қарағанда өте арзандайтын.
Бұл жағдайды салық жинаушылар, сатып алушылар және нан сатушылар барынша пайдаланды. Олар өздері төлейтін салықты, салық төлеуші халықтың есебінен өндіріп алып отырды. Сонымен қатар олар сол салықтың үстіне өздері қосқан үстеме қосындысымен қайта жинады. Міне осы жағдайларға байланысты уезде шаруалардың егістен тапқан табыстарының 13,5 пайызы салық төлеуге кетіп отырды.
Облыста жаңадан теміржолдар торабының салынуы өңір экономикасына елеулі өзгерістер әкелді. Бірақ одан Әулиеата мен Шымкент уездері қашық орналасты. Бұл біріншіден, жергілікті жерлердегі жұмысшылардың санын көбейтсе, екіншіден осы теміржолдар арқылы Сырдарияға Россияның орталық аудандарынан өнеркәсіп товарларын, әсіресе темір, май, қант, шай және тағы басқа да тауарлар жеткізілді де, Россияға мақта, жемістер, мал, тері тағы басқа да шикізат өнімдері жөнелтілді. Осы туралы жоғарыда біз Әулиеата уезінен әр жыл сайын Россияға қаншалықты шикізат өнімдері жөнелтіліп отырғандығы туралы нақты мәлімет келтіргенбіз.
Ал енді үшіншіден, темір жолдардың салынуы облыстың сауда қатынасының дамуына да жол ашты. Мысалы, 1906 жылдың өзінде Шымкент уезінен Европалық Россияға 240230 пұт, Әулиеатадан - 296864, Перовскіден -142670, Қазалыдан - 134650, Ташкенттен -233923 пұт түрлі товарлар жіберілді. Ал, 1912 жылы темір жолдар арқылы Россияға 18 млн пұт жүк шығарылды [12,19].
Темір жол қатынасының жандануы қазақ пен өзбек байларының өз шаруашылықтарын нарық талабына бейімдей отырып, шаруашылықтарын соған сай қайта құруға әсерін тигізді.
Енді қазақ байларының бір бөлігі бір мезгілде товарлы мал шаруашылығымен де, егіншілік және сауда-саттықпен де айналысып, ауыл шаруашылығының заттарын қайта өңдеуге завод-фабрик кәсіп иелерінің ролін атқара бастаған. Олар өз капиталының бір бөлігін- жерді арендаға беріп, еңбек етуге және ауыл шаруашылық құралдарын пайдалану үшін сатып алуға жұмсады. Сонымен қатар басқа жақтан өнеркәсіп орындарына, казармаларға, станцияларға, темір жол бойларына, қалаларға тағы басқа да жерлерге барды кәсіп іздеушілердің қатары уақыт өткен сайын онан әрі өрістей берді. Сондай жұмысшылардың саны Қазалы уезінде -15249 адамға, Әулиеата уезінде -8878 адамға жетсе, Ташкент уезінен қалаға 5460 адам кеткен, Шымкент уезінен шетке кәсіп істеп қайтатындардың тізіміне -5975адам енген. Ал облыс бойынша олардың саны 1910 жылы 39000, 1911 жылы 41653-ке жетті. Бұл айтылғандарға мақта, метал, ағаш өңдейтін, тамақ өнімдерін өндіретін қолөнер кәсібімен айналысатындарды қосқанда барлығы 43049 жұмысшылар істеді.
Облыста жұмысшы табының қалыптасуындағы оның басты негізгі көздерінің бірі - Россияның орталық губернияларынан жұрдай болып келген орыстың кедейлері болды.
Бұл жоғарыда айтылғандардан басқа 1914 жылы облыстың өнеркәсіп орындарында -3618 жұмысшы істеді. Ұлттық құрамы жағынан алғанда, оның қазағы мен қырғызы -394, орысы -1286, өзбегі -1611, тәжігі -151, дұнғандар -28, басқалары -149 еді [13,12].
Еркектермен қатар әйелдердің және балалардың да еңбектері кеңінен қолданылды. 15-17 жастағылар күніне -25 тиыннан, ал әйелдер еркектерден 40-50% пайыз кем алды.
Шет кәсіпшіліктерінде қызмет ететін жұмысшылардың жағдайлары айтарлықтай мәз болмады. Өйткені олардың жалақысы жылына орта есеппен 173 сомнан, ал күніне есептегенде 40 тиыннан аспады. Мұндай мардымсыз жалақылар ешнәрсе тұрмайтын еді. Оның үстіне облыс жұмысшыларына дәрігерлік көмек көрсетілмеді. Соның салдарынан мыңдаған адамдар мен жас сәбилер жұқпалы тағы да басқа аурулардан қаза тапты. Облыс бойынша небәрі 116 төсектік орын болды. Оны адам басына бөлгенде 5775 адамға бір орыннан, ал әрбір дәрігерге 15952 адамнан келетін еді.
Бұл айтылғандарға қоса жұмысшылардың да тұрғын үйлері айтарлықтай емес еді. Олар қапас, лас, жер кепелерде тұрып өлместің күнін көрді. Облыстың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын байланыстыратын негізгі кәсіпорындары маусымдық уақытта ғана жұмыс істеді.
Өнеркәсіптің тұрғылықты ұлт кадрлары Әулиеата, Шымкент, Перовск, Ташкент, Түркістан мен облыстың территориясынан өтетін темір жол бойларында және тау-кен өнеркәсіп орындарында қалыптасты. Дегенмен ондағы жұмысшылардың ұлттық құрамы біркелкі болған емес. Атап айтқанда, өзбектер - 44,5 пайыз, қазақтар - 10,9 пайыз, тәжіктер - 4,2 пайыз, орыстар - 35,5 пайыз, өзге ұлттар - 4,9 пайыз болды.
Өнеркәсіптің ұлттық кадрлары патша үкіметінің реакциялық отарлық саясатының күшеюі нәтижесінде баяу түрде қалыптасты. Оның қалыптасу процесіне патша өкіметі мүдделі болмады. Соған орай патша өкіметі қолынан келген барлық шаралар арқылы оның жолын бөгеді.
Бұл жөнінде осы тақырыптың басында айтып кеттік. Айта кететін бір жағдай Ресей жұмысшыларының жалақысынан өлкенің орталық өнеркәсіп орындарында істейтіндерге 3-4 есе аз ақы төленді. Ғасырдың басында жұмысшы қозғалысының өсуіне байланысты жұмысшылардың жалақысы біршама арттырылды. Бірақ өсіп бара жатқан қымбатшылық жағдайларында, әсіресе бірінші дүние жүзілік соғыс жылдарында жұмысшылардың нақты жалақысы төмен болып қала берді. Бұл жылдарда өнеркәсіп және азық-түлік тауарларының бағасы үш-төрт есе өсті, ал, бір күндік орташа жалақы төмендеп кетті [14, 592]. Бұл тек өлкеге ғана емес, облысқа да, Әулиеата уезіне де тән жайт еді. Біз көп жағдайда уездің әлеуметтік-экономикалық жағдайын облыстың, қала берді өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен бірге қарастырамыз. Өйткені уездің жеке әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөніндегі деректер, мәліметтер өте аз. Материалдардың көпшілігінде облыс уездері салыстырмалы түрде беріледі. Сондықтан уезге қатысты қандай ма мәліметтерді мардымсыз болса да алып отыруға тырыстық.
ХХ ғасырдың басында ірі байлардың шаруашылығындағы шаруашылықтың товар өнімділігі өсті. Олар өнімді көбірек беретін малдарды асырай бастады. Облыстың Әулиеата, Шымкент, Қазалы уездеріндегі сатылған жылқының 65пайызы, қой мен ешкінің 60 пайызы байлардың үлесіне тиді.
1914 жылдың жазында адам баласының тарихында ауыр із қалдырған, орасан зор апат әкелген бірінші империалистік соғыс басталды. Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей халқына ғана емес, оның отар аймақтарына да ауыр күйзелістер әкелді. Соғыс жағдай түрлі салықтар мен міндеткерліктерді туғызды. Соғыс жылдарында салықтардың мөлшері ұлғайтылды. Шаңырақ алымы 4 сомнан 8 сомға дейін көбейтілді. Әкімшілік алымдарды құрметті адамдар арқылы жүргізді, олар жеке басының баюы мақсатын көздеп, түбіртектер (квитанциялар) бермеді, алымдар алуды бірнеше рет қайталады. Старшындар, шенеуніктер мен байлар арасында парақорлық пен ұрлық-қарлық етек жайды.
Патша өкіметі соғыс мұқтаждары үшін киім-кешекті, малды және азық-түлік өнімдерін реквизициялады, әскери жүктерді (негізінен астықты) темір жол станцияларына тасу үшін көлікті күштеп жұмылдырды. Соғыс уақытында Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. [14, 626, 627].
Ел экономикасы үлкен зор масштабта жүргізілген соғысты көтере алмады. Орыс армияларының майдандағы жеңілісі елдің ішінде де шаруашылықтың нашарлауына әкелді. Уақыт өткен сайын империалистік соғыс елдің барлық қаржыларын өзіне жалмап жатты. Ұлттық табыс 1914-1915 жылдардағы 15,8 миллиардтан, 1916-1917 жылдары -12,2 миллиард сомға дейін қысқарып кетті. Ел табысының жартысынан көбін жұтудың нәтижесінде әскери шығындар керісінше - 4,3миллиардтан 7,1 миллиард сомға дейін өсті. Россия соғыстың алғашқы жылдарынан бастап-ақ өздерінің колонияларынан соғысқа арзан жұмысшы күшін ала бастады, сол арқылы адам молшылығын жасап, әскер бөлімдерін құрған Англия мен Франциядан үлгі алғысы келді. Сондай мақсатты іс жүзіне асыру үшін Мемлекеттік Думада: Бөтен адамдар орыс мемлекетінің барлық азаматтарымен бірдей, ауыр және құрметті де міндеткерліктерді бірдей көтерулері керек - деген сөздер де айтыла бастады.
Жаппай және еңбекке жарамдыларды әскер қатарына алудың нәтижесінде ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте жұмысшы күшінің азаюына, оның тапшылығына, жетімсіздігіне алып келді. Соның салдарынан ауыл шаруашылығының жағдайы қиындай түсті.
Онымен қоса әскери заказдарды орындап, соған көптеген пайда келтіріп отырған - фабрика-завод иелері де, жұмысшы күші тапшылығын қатты сезінді.
Соғыстың зардабы Сырдария облысының шаруашылықтарына да өз әсерін тигізді. Бұқара халық патша өкіметінің тұсында екі жақты қысымды бірдей көрді. Оларды байлар, капиталистер мен помещиктер қанады. Ал, империалистік соғыстың онан әрі жүргізіле беруі қанауды үдете түсті. Соғыстың мүддесі үшін еңбекшілердің малдары, астығы, жүні, терісі мен киіздері еріксіз, әрі күштеп алынып жатты. Егерде Түркістан өлкесінен армияның мұқтажына деп соғыстың үш жылы ішінде 20,899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 299 мың пұт сабын, 70 мың бас жылқы, 12737 бас түйе, 13441 киіз үй, 50 мың пұт майкене, тағы басқа да материалдық байлықтар әкетілсе, соның ішінде облыс еңбекшілерінің де үлесі бар. Біз жоғарыда осы тақырыптың басында 1910 жылдан бастап Әулиеатадан әр жыл сайын Ресейге 10 мың ірі қара, 200 мың бас қой мен ешкі, 14 мың жылқы және 9 мың ірі қараның терісі, 20 мың түйе терісі, 100 мың қой терісі, 60 мың пұт қой жүні, 2000 пұт жүні жіберіліп отырды деп айтқан болатынбыз.
Патша өкіметінің мұндай салық саясаты еңбекші халықтардың жағдайын әбден тұралатты. Ашық талауға ұшыраған қарапайым халықтың өшпенділігі мен наразылығы күшейе түсті. Мысалы, Әулиеата уезінің Аспара болысындағы Қ. Шақин, Иманқұл, Жаманқұл, Т. Дамбильчин, Н. Дәуірбеков, Қ. Қадыров және тағы басқалар ауыл старшинасын ұрып-соғып, мемлекетке алынған мүліктерін қайтарып беруді батыл талап еткен [12, 175].
Оның үстіне уақыт өткен сайын Сырдария облысында еңбекшілердің күшейген наразылықтары салдарынан экономиканың қарқыны баяулай түсті. Астықтарды жинау, мақталарды суғару және тағы басқа да жұмыстар тоқтап қалды.
1915 жылдан елде әскери салықтан бөлек, қолдан суарылмайтын, бос жатқан жерлерге де салық салу тәртібі енгізілді. Осы ауыртпалықтың барлығы еңбекші халықтың мойнына түсті. Байлар мен помещиктер буржуазиямен одақтаса отырып, елде қалыптасқан жағдайды барынша пайдаланып қалуға тырысты. Олар 1916 жылы көпшілік тұтынатын қажетті заттардың бағаларын орта есеппен 2-3 есе өсіріп жіберді. Мысалы: бидайы ұны 1915 жылмен салыстырғанда 1916 жылы пұты -1,70 тиыннан 3,25 тиынға, күріш -4 сомнан 8 сомға, қой еті -6 сомнан 12 сомға, қант -8 сомнан 20 сомға, ал астық бір сомнан 40 сомға дейін қымбаттады.
Соғыс барысында Оңтүстік- батыс майданында шабуыл басталған кезде жоғарғы Бас командованиенің ставкасында ІІ Николайдың қатысуымен отар елдердегі халықтарды соғыс резервіне пайдалану туралы арнайы мәселе қаралды. Атап айтқанда оған Министрлер Кеңесінің төрағасы және Ішкі Істер министрі - Штюрмер, Әскери министр - Шуваев, тағы басқалар қатысты. Мәжілістің қорытындысы бойынша 1916 жылы 25 июньде ІІ Николай патша осы ставкада 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарды майдандағы қорғаныс, тыл жұмыстарына алу туралы жарлық шығарды. Указға қол қойылғаннан кейін, үш күннен соң 28 июньде империяның шығыс жағалауындағы елдерде мобилизацияны бастау туралы бұйрық телеграмма жіберілді. Соғыс губернаторының атына жолдаған жеделхатқа сәйкес, Россия империясының шығыстағы отарының бірі Сырдария облысынан да тыл жұмысына адам алу басталды. Ол бойынша облыстан 60 мың адам алынуға тиісті болған. Оның ішінде Әулиеатадан-13104 адам алу көзделді [12, 180, 181].
Жоғарыда айтылған қазақ жерлерін отарлау саясаты, салық, ұлт саясаты, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, 1916 жылғы 25 июньдегі указ - осының бәрі уездің әлеуметтік - экономикалық жағдайына кері әсер етіп, халықтың тұрмыс деңгейін төмендетіп жіберді. Бұл айтылған жағдайлар көтерілістің басталуына әкелген алғы шарт еді. Бір сөзбен айтқанда, соғыс бүкіл елдегі жалпы ұлттық дағдарысты шиеленістірді. Осы дағдарыстың жарқын көрінісі Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске әкелді.

2 Сыр өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің себептері мен қозғаушы күштері

1916 жылғы көтерілістің себептеріне тоқталғанда ең алдымен оған түрткі болған маусым жарлығы қандай мақсаттан туындады және ол қалай дайындалды деген мәселеден айналып өте алмаймыз.
Патша өкіметінің құзырлы орындарын ұзақ жылдар бойы қол астындағы бұратана халықтардың әскери міндеткерлік атқармауы қатты ойландыра бастады. Жергілікті халық жоғарғы өкіметті қосымша күш ретінде де ерекше қызықтырды. Бір жағынан олардың отарлық өкіметке деген салқындығы да мазалай түсті. Осы уақытқа дейін қазақтарды әскери міндеткерліктен босату саяси мотивтермен түсіндіріліп келгендіктен, әскери министрлікке бұратаналарды әскер қатарына алу ертерек және қауіпті деп есептелді. Сол себепті өкімет қол астындағы халықтардың қолына қару беруден қатты қорықты.
Патшалық қол астындағы отар халықты ұзақ уақыт әскери міндеткерліктен босатуды зиян деп есептеп, олардың бұл жеңілдікті тиісті нәрсе деп қабылдап қалуына да алаңдады. Өйткені жергілікті халықтың көзқарасы отаршыл билікке онсыз да жеккөрінішті пиғылда болатын. Міне осындай көңіл күйді аңғара бастаған құзырлы органдар орыстандыру саясатын батыл жүргіздеуде қазақтардың кедергі болмауын, әрі оны баяулатпау үшін әскери міндеткерлік енгізуді қолға алуды ойлады.
Бұратаналарды әскери міндеткерлікке тарту мәселесі жоғарғы әкімшілікте 1910 жылдан қозғала бастады.
Мұндай мәселе алғаш Әскери министрлікте өткен кеңестерде көтерілді. Бұл кеңестердің нәтижесінде мынандай ортақ қорытындыға келді: Қырғыздардың (қазақтардың) әскери міндеткерлік өтеуді ықтиярсыз қабылдайтынын, өйткені олар өздерін бұл міндеттен мәңгілік босатылғанбыз деп санайтынын және көпшіліктің осындай түсінікті ұстанатынын, осындай жағдайда қазақтарды әскери міндеткерлікке алу олардың өкіметке қарсы бас көтерулері мен толқуын туғызбай қоймайтынын, сондықтан да аталмыш ситуацияларды есепке ала отырып, әскери міндеткерлікке алу қажет және уақтылы деп атап көрсетті.
Жоғарғы билікке жергілікті халықты тыл жұмысына алу қажеттігі жөнінде кадет және қара жүздіктер партиялары мен кейбір чиновниктер де өз ұсыныстарын білдірді. Патшаның бұл ұсыныстарды қабыл алып, әскери күшті бұратаналардан толықтырғысы келгенімен саяси тұрғыдан қауіптенді. Оның үстіне ел арасына өкіметтің әскери міндеткерлікті енгізу мүмкіндігі жөнінде қауесет қалай тарады, солай тиісті орындардан оның қаншалықты шындық екенін сұрап тыныштық бермеген. Тіпті өздерінің бұл міндеткерліктен бас тартып, Қытай асатындықтарын да мәлімдеген [15, 20].
Патша өкіметі соғыстың бастапқы жылдары бұратаналарды шақыруды қоя тұрып, оны әскери салықпен ауыстыруды қолайлы көрді. Алайда, соғыстың алғашқы кезіндегі сәтсіздіктерінен көптеген адам шығыны 1915 жылы Мемлекет Дума және мемлекеттік кеңес мүшелерінің өкіметтің бұратаналарды әскерге тартуды шұғыл қолға алу қажеттігіне назар аудартады.
1915 жылы мамырда өткен мемлекеттік кеңесте әскери министр ұсынған бұрын әскери міндеткерлік атқармаған халықтардың бір бөлігін тарту мәселесі жөніндегі заң жобасын қарайды.
Кеңес заң жобасын негізінен мақұлдағанымен оны заң шығарушы органдар қолдауымен енгізудің қажеттігіне тоқталды. Және ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Файзолла ақын және алаш қайраткерлері
ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыс белестері
18-19 ғғ. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістер
Ресейдің қазақ жерлерін басып көшуі
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Жетісудағы саяси жағдай және 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс
Әбдіғапар Жанбосынұлы және 1916 жылдардағы Торғай қазақтарының көтерілісіне жаңа көзқарастар
Қазақстан жаңа заман тарихы
Патша үкіметіне қарсы Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтерілістер тарихы
Банктік тіуекелдер және оларды бағалау әдістері
Патша өкіметінің езгісіне қарсы күрес
Пәндер