Батырлар жырындағы көнерген сөздер


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
БАТЫРЛАР ЖЫРЫНДАҒЫ КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР
Орындаған:
4 курс студенті: Жарылқасынова А. Ж.
Ғылыми жетекші:
Ф. ғ. к. доцент Әлкебаева Д.
Пікір жазған:
Ф. ғ. к. доцент Дүйсембекова Л.
Норма бақылаушы:
Ф. ғ. к. аға оқытушы Мамаева М.
Қорғауға жіберілді
“”2005 жыл
Кафедра меңгерушісі
Ф. ғ. д. профессор Смағұлова Г.
АЛМАТЫ 2005
РЕФЕРАТ
Жұмыстың тақырыбы: Батырлар жырындағы көнерген сөздер
Жұмыстың көлемі: 42 бет
Жұмыстың негізгі мақсаты: Ұлттық дүниетаным мен болмысымыздың көрінісі болған көнерген сөздерді батырлар жырынан тауып, олардың этимологиясын аша отырып, мағыналық табиғатының өзгерісіне тоқталу. Туысқан түркі тілдерінде ұшырасуы мен ерекшеліктері туралы сөз ету. Материалдық мәдениет тұрғысынан көрініс беруіне назар аудару.
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, “Батырлар жырындағы архаизмдер” атты бірінші тараудан және “Батырлар жырындағы тарихи сөздер” атты екінші тараудан, қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
Жұмыстың мазмұны: Кіріспе бөлімде: Көнерген сөздер туралы түсінік беріліп, туысқан түркі тілдері мен қазақ тіліндегі зерттелуі жайлы сөз болады. Негізгі бөлімде батырлар жырындағы архаизмдер жеті түрлі лексикалық топқа бөлініп, мағыналық табиғаты ашылады. Туысқан өзбек, қарақалпақ тілдерімен салыстырылып, материалдық негізде түсіндіріледі. Екінші тарауда: Батырлар жырындағы тарихи сөздер туралы баяндалады.
Жұмыстың мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер: көнерген сөздер, батырлар жыры, архаизмдер, тарихи сөздер, этимология, түркі тілдері.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 4
1. Батырлар жырындағы архаизмдер . . . 10
1. 1. Халық өлшемдеріне байланысты
туындаған көнерген сөздер . . . 10
1. 2. Жырлардағы мата-кездеме атаулары . . . 12
1. 3. Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына байланысты
көнерген сөздер . . . 14
1. 4. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты
мағынасы күңгірт сөздер . . . 15
1. 5. Діни-мифологиялық персонаждардың атаулары . . . 17
1. 6. Дәстүрлі сан атауларына байланысты
көнерген сөздер . . . 19
1. 7. Әртүрлі ұғымға байланысты туындаған
көне атаулар . . . 20
2. Батырлар жырындағы тарихи сөздер . . . 31
2. 1. Әскери атақ пен қару-жарақ атауларына
байланысты туындаған тарихи сөздер . . . 32
2. 2. Әкімшілік-ел басқару ісіне, шен атаулары . . . 35
Қорытынды . . . 38
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 40
Қосымша әдебиеттер . . . 42
Кiрiспе
Тiл өмiр шындығына иек артады. Ал өмiрде әрдайым жаңару, жаңғыру болып, ескiнiң орнын жаңа басады. Бұл құбылыс тiлге де, тiлдiң жаны сөзге де тың өзгерiс, соны леп ала келедi. Уақыт тезiнен өтiп, бүгiнгi ұрпаққа жеткен сол сөздердiң бiразы әйтеуiр аз ба, көп пе өзгерiске ұшырап, мазмұны көмескi, мағынасы күңгiрт тартады. Ғасырлар мұрасындай болып, бүгiнге жеткен мұндай сөздер мен байырғы атаулардың қалыпты шоғыры рухани дүниелерiмiз батырлар жыры, айтыс, ертегi-әпсаналардың тiлiнде сақталған. Ондағы көне сөздердiң қыр-сырын талдап, жұртшылықтың жүрегiне жеткiзу дәл бүгiнгi күннiң дiлгер мәселелерiнiң бiрiне айналып отыр.
Тiлiмiздегi көнерген сөздер тарихи категория болғандықтан, өткен дәуiрдiң өмiр шындығын, әдет-ғұрпын, шаруашылығын көрсететiн бiрден-бiр дерек көзi. Көнерген сөздердiң табиғатын өз лұғаты еткендердiң бiрi
Н. Уәлиев осы сөздер жайында: “Көнерген сөздердiң мағынасы дәлме-дәл ашылмай жатса, байырғы жырлардың тiл кестесi танылмай, оқушыға эстетикалық әсерi, әрi мен нәрi әлсiреп жететiнi белгiлi. Рухани қазынаны танып-бiлудiң бiр кiлтi сөзде жатыр”-деген пiкiр келтiредi. [ 1. 79] Осы көне сөздердiң күңгiрт мағыналарын ашу бүгiнгi күнi этимология ғылымының үлесiне тиiп отыр.
Этимология ғылымы сөздiң ең негiзгi, алғашқы мағынасын ашуға тырысады. Этимологиялық зерттеулер тарих, этнография, этнолингвистика, археология, мәдениеттану ғылымдарымен тығыз байланысты. Сол ғылымдардың деректерiне сүйене отырып нақты бiр ғылыми жүйеге негiзделедi.
Академик Ә. Қайдаров: “Этимологияның қандай түрi болмасын оның алдына қойған мақсаты, анықтауға тиiстi деңгейi, тереңдiгi, түбегейлi тұжырымы болуы шарт. Алайда ол жалпы түркология көлемiнде арнайы зерттелiп, тиянақты шешiлген мәселе емес”-деп атап көрсетедi. [2]
Шындығында да этимологияға терең барып, оны арнайы бiр объектi етiп алған лексикалық топ бойынша нақты да, жүйелi зерттеген еңбектер жоқтың қасы. Нақты ғылыми жүйеге негiзделген, зерттелетiн сөздiң мағынасы терең ашылған еңбектер там-тұмдап ұшырасады. Сондықтан бiзге дейiнгi еңбектердi саралап, елеп-екшеп, бүгiнгi күн тұрғысынан нақты ғылыми айналымға негiздей отырып, әрi этимологияның негiзгi принциптерiне сай сөз мағыналарын ашу тiл ғылымының өзектi мәселелерiнiң бiрiне айналып отыр.
Бiтiру жұмысында бүгiнгi күн тұрғысынан негiзгi өзгерiстердiң бiрi саналатын көнерген сөздер “Алпамыс батыр”, “Қобыланды батыр”, “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын” сияқты батырлар жырынан терiлiп, лексикалық мағынасы ашылып, олардың тарихи даму табиғаты қарастырылады.
Ендi осы көнерген сөздер туралы жалпы мағлұматтарға тоқталайық. Сөздердiң көнеру процесi кенет бiрден бола қалатын құбылыс емес, әуелi қолдану жиiлiгi бәсеңдеп, пассив сөзге ауысады да, соңынан жаңа ұрпақтың бiреуiне жеткенмен, кейiнгiлерге емiн-еркiн жете алмай, түсiнiксiз болып ұмытыла бастайды.
Көнеру сипаты мен тiлдегi қолданылу ерекшелiктерiне қарай көнерген сөздер архаизмдер және тарихи сөздер болып екiге бөлiнедi.
Архаизмдер халықтың күн көрiс тiршiлiгiне, салт-сана тұрмысына, әдет-ғұрпына, дүниетанымына қарай әр дәуiрде өзгерiп, басқаша сөздермен ауысып отырған немесе ескiрiп бiржола қалып қойған сөздер.
- Мата-кездеме атауларына байланысты көнерген сөздер: торқа, мақпал, пайы, биқасап, борлат, ләстек, ақсаң.
- Салт-сана, әдет-ғұрыпқа байланысты архаизмдер: ұрын бару, барымта, сауын айту.
- Киiм-кешек, ыдыс-аяқ атаулары: шидем, күпi, кiсе, күләпара.
- Дiни ұғымға қатысты архаизмдер: қиямет-қайым, бiрәдар.
- Үй тұрмысына, мал атауларына байланысты көне сөздер: лашық, жаппа.
- Әртүрлi ұғымға қатысты архаизмдер: аламан, жоралғы, қазына.
- Жалпы түркi тiлдерiне тән ұғымдар: будун, ұлыс, тәңiр, толағай, бек.
Кеңес үкiметi кезiнде Қазан төңкерiсiне дейiн халық тiлiнде кең қолданылып, кейiн көнерген атаулар болып, кейiн қайта жанданған сөздер де баршылық.
Тарихи сөздер дәуiрi өтiп, сол ескi заманның өзiмен қоса жоғалған сөздер. Тарихи сөздердiң көнеруi тарихи атаулардың құрып бiтуiмен, бiржола жоғалуымен байланысты болады. Олар үшке бөлiнедi:
1. Әскери атақ пен қару-жараққа байланысты туған тарихи сөздер: садақ, жақ, жебе, адырна, жасақ.
2. Әкiмшiлiк, ел басқарумен байланысты сөздер: хан, ханша, тақ, тәж.
3. Кеңес тұсында пайда болған тарихи сөздер: нарком, губком, рабфак. [3. 180-183]
Көнерген сөздердi осылай топтау Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлына
тиесiлi. Ал Ә. Болғанбаевтың “Қазақ тiлiнiң лексикологиясы” деген жеке еңбегiнде ғалым ай аттарына байланысты 8-архаизмдiк топты қосады. [4. 86-88]
Ендi жоғарыдағы ғалымдардың еңбектерiне сүйене отырып, батырлар жырындағы көнерген сөздердi белгiлi бiр лексикалық топтарға бөлiп қарастырдық.
Жұмыстың өзектілігі.
Дана халқымыздың ғасырлар бойында жинақтап, саралап, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданған атаулары бүгінгі күнге мағынасы күңгүрт, көмескі боп жеткендіктен олардың ерекше бір лексикалық топты құрайтындығы сөзсіз. Ұлттық дүниетаным мен болмысымызды анық көрсетіп берер бұл сөздердің мағыналық, этимологиялық, тарихи даму ерекшеліктеріне қарасақ олардың баршаға бірдей түсінікті бола бермейтін соны қырларын танып жатамыз. Ғылым үшін де қажетті көптеген фактілердің беті ашылып жатады. Нақты ғылыми жүйеге негізделген, әрі нақты дәлелдермен анықталған сөздерді бүгінгі ұрпақ алдына қайта әкеліп, тарихи танымымызды түгендеу, ұлтымызды бүтіндеу-жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті.
- Батырлар жырындағы мағынасы көне сөздерді сөздіктен, түрлі ғылыми еңбектерден, көне жазбалардан қарастыра отырып, олардың арасындағы ерекшеліктер мен ұқсастықтарды салыстыру.
- Көнерген сөздерді сипаты мен қолданылу ерекшеліктеріне байланысты ірі екі топқа бөлу. Архаизмдерді бір бөлек, тарихи сөздерді бір бөлек қарастыру.
- Жырлардағы архаизмдік ерекшеліктерді бірінші белгілеп, тауып, оларды мағыналық топтарға бөлу.
- Көнерген атаулардың шығу төркінін туыстас түркі тілдерімен, алтай, үнді еуропа семьясына жататын тілдермен салыстыра отырып, сол тілдердің фактілерін пайдалану.
- Мағынасы күңгірт атаулардың этимологиясына тоқтала отырып, олардың ұлттық сипаттағы қырларын ашу.
- Салт дәстүр, өлшем, қару жарақ, киім, жалпы түркі тілдеріне тән атаулардың тек өз тілімізде ғана емес туысқан түркі тілдерінде ұшырасуы мен ерекшеліктеріне тоқталу. Материалдық мәдениет тұрғысынан көрініс беруіне назар аудару.
- Санмен байланысты ұғымдардың мағыналық контексттік ерекшеліктеріне тоқталу.
Жұмыстың дереккөздері.
Батырлар жыры мен түркі, қазақ, орыс тіл біліміндегі тарихи этнографиялық зерттеу материалдары, осы тілдердегі сөздіктер, тақырыпқа қатысты жазылған ғылыми еңбектер мен мақалалар пайдаланылды. Көне сөздердің этимологиясы ашылу мақсатында Ә. Қайдардың, Ә. Наджиптің, А. Махмұтовтың, Р. Сыздықтың, Г. Қарағұлованың, Е. Шипованың еңбектеріне, ал этнолингвистикалық әрі ментальдық ұғымын ашу барысында Ж. Манкеева, С. Кенжеахметұлы, А. Жүнісов, Н. Уәлиев зерттеулері мен мақалалары қарастырылды.
Жұмыстың нысаны.
Батырлар жырындағы көне сөздердің этимологиялық, этнолингвистикалық, этномәдени жақтарына тоқталу.
Жұмыста қолданылған негізгі әдістер.
Тақырыптың ерекшелігі мен зерттеу нысанына байланысты диахрондық синхрондық, сипаттамалы, тарихи салыстырмалы, этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылды.
Көнерген сөздердің зерттелуі.
Көнерген сөздер туысқан түркі тілдерінде біршама жүйеленіп зерттелді. Ә. Н. Наджип “Современный уйгурский язык” деген еңбегінде ұйғыр тілінің лексикалық құрамын тарихи тұрғыдан қарастырғанда онда өте әріден келе жатқан жалпы көне түркі монғол тілдеріне тән қабатты (пласт), көне ұйғыр тілінің қабатын, көне соғди және санскрит сөздерінің қабатын, діни әдебиеттерді аударуға байланысты бергі дәуірде оғыздардың тілінен енген сөздердің қабатын, ислам дінін қабылдау арқылы араб және парсы тілдерінен енген сөздердің қабатын шаруашылық қарым қатынаспен байланысты орыс тілінен енген сөздердің барлығы байқалатынын ескертеді. Мұндай пікірді өзбек тілі жайында жазылған материалдардан да байқауға болады. Ал М. Юнусалиев “Киргизская лексикология” деген еңбегінде кейбір көнерген сөздердің түпкі негізін көрсетіп, этимологиясын түсіндіреді.
Түркімен тілдерінде жазылған материалдар көнерген сөздердің историзм, архаизм болып бөлінетіндігін, олардың бір бірінен негізгі айырмашылығын көрсетіп, архаизмдердің лексикалық, семантикалық топтарына тоқталады.
Халық шаруашылығы мен мәдениетіне байланысты көнерген сөздерді (бұл тілде де архаизмдер мен историзмдердің ара шегі толық ажыратылмаған) бірнеше салаға бөледі.
Көне сөздер тек туысқан түркі тілдерінде ғана емес, қазақ тілінде де біршама жүйелі зерттелді. Қазақ ғалымдарының ішінде көне сөздердің лұғатымен ерекше ден қоя айналысқан ғалымдардың бірі Рәбиға Сыздық еді. Ғалымның 1980 ж. жарық көрген “Сөздер сөйлейді” атты еңбегінде сөздердің қолданылу тарихынан сыр шертіледі. Еңбекте 97 сөздің төркіні талданған. Батырлар жыры мен лиро эпостардағы, XV-XIX ғ. ғ. өмір сүрген қазақтың ақын жырауларының шығармаларындағы, ертеден келе жатқан мақал мәтелдердегі бұл күнде мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлдем түсініксіз болып кеткен сөздердің контекстегі қолданысы, түп төркіні, мән мағынасы ашылған. (5. 200)
Тілімізде ерекше қабат құрап, сөздік құрамының пассивті бөлігі ретінде жеке қаралатын топ - архаизм және тарихи сөздермен айналысқан Айдарбек Махмұтов болатын. Ғалым жалпы түркілік лексикаға тән көптеген мағынасы күңгірт сөздердің төркінін ашып, тарихына тоқталады.
Қазақ тіліндегі көнерген сөздер С. Аманжоловтың “Вопросы диалектолгии и истории казахского языка” (1959), Н. Сауранбаевтың “Некоторые черты древнекипчакского языка”, “К истории казахского литературного языка” (1954), Ш. Сарыбаев пен Ә. Құрышжановтың “Халық жырларының текстологиясы”, Қ. Жұбановтың “Из истории порядка слов в казахском предложении”, Р. Сыздықтың “Абай шығармаларының тілін зерттеу” деген еңбектерінде де біршама қарастырылған. (5. 201)
Қазақ тіліндегі көнерген сөздерді біршама жүйелі қалыпқа түсіре отырып зерттеген А. Махмұтов “Қазақ тіліндегі архаизмдер мен историзмдер” деген еңбегінде көнерген сөздерді мынадай үш топқа бөледі:
а) әдет ғұрыпқа байланысты сөздер;
ә) шаруашылық, тұрмыс күйге байланысты сөздер;
б) әкімшілік пен ел басқару ісіне байлнысты сөздер. [5. 60]
Ғ. Мұсабаев “Современный казахский язык” деген еңбегінде қазақ тілінің көнерген сөздерін лексика морфологиялық ерекшеліктеріне орай алтыға бөледі:
- Қазақтың көнерген байырғы сөздері: жақ, жебе, ат ұстар.
- Ескі түркі тілдеріне тән сөздер: будун, ұлыс, ұлық т. б.
- Араб иран тілдерінен кірген көнерген сөздер: жаназа, зікір, підия.
- Орыс тілінен енген сөздер: совдеп, эсер.
- Бір компоненті байырғы қазақ сөзі де, екінші компоненті кірме сөз болып келетін көнерген сөздер: кедейлер комитеті.
- Калькалық жолмен енген сөздер: өзара салық (обложение) .
Осы ғалымдардың еңбектерін жүйелей отырып, батырлар жырында кездесетін көнерген сөздерді мынандай лексика семантикалық топтарға бөлдік:
- Мата кездеме атауларына байланысты сөздер. : барқыт, патсайы.
- Ұзындық, өлшем атаулары: құлаш, аршын.
- Киім кешек, ыдыс аяқ атаулары: кебенек, мосы.
- Дәстүрлі сан атауларына байланысты сөздер: қырық құлаш, қырық қақпа.
- “Астары бар атаулар” немесе діни мифологиялық персонаждардың атаулары: Ғайып - ерен қырық шілтен, машайық.
- Салт сана, әдет ғұрыпқа байланысты сөздер: қалыңдық ойнау, қызойнақ.
- Әртүрлі ұғымға байланысты сөздер: аламан, айпарадай.
Енді жырларда кездесетін осы лексикалық топтарға тоқталып өтелік.
1. Батырлар жырындағы архаизмдер
1. 1 Халық өлшемдеріне байланысты көнерген сөздер
Халық өлшемдері - ұлт мәдениеті мен этнографиясының қызықты салаларының бірі. Халық өлшемдерінде халқымыздың терең дүниетанымы мен нақты өлшем бірліктеріне сай негіз етілген ғылыми зердесі жатыр. Өлшемдерді қолданылу аясы мен белгілі бір заттың, құбылыстың өлшемдік мәнін беру мақсатына сәйкес: салмақ, көлем, уақыт, ауа-райы, ұзындық өлшемдері деп топтастырылады.
Бәйбіше барды аңырап,
Қоздаған қойдай маңырап,
Қазына аузын ашқалы
Таратты алтын күмістен
Қалғанынша мысқалы, - деген
жолдардағы мысқал сөзі өте аз мөлшерде қалған бай қазынасы туралы айтып отыр. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: “мысқал 25 грамға тең салмақ өлшемі (бір қадақта 96 мысқал бар) ” - деп берілген. (6. 234)
Араб тілінде жазылған алғашқы медициналық сөздіктердің бірі Абу Мансур Ал Кумридің “Китаб ат танвир фи л иси лахат аттиб бийа” деген еңбегінде: “мискал один и три седьмых дирхама” (7. 138) деп түсіндіріледі. Салмағы жағынан өте аз, жеңіл өлшемдік мағынаны білдіретін бұл өлшемдік бірлік күллі шығыс елдерінде, оның ішінде Үндістан мен Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде қолданылған.
Мұсылман елдерінің өлшем бірліктерін зерттеген В. Хинц: “Основу всех мусульманских весов составляют дирхамы, который восходит к греческой драхме, который основывается на римско византийском солиде. Канонический, т. е. согласно шариату, мискал и дирхам относятся как 10:7, в то же время как на практике как 3:2” [8. 11]
Ерте кездің өзінде-ақ мысқалдың дәл мәнін өзгеріссіз ұстау үшін оның баламасы болып табылатын шыны сауыттар жасалған. Бертініректе б. з. б. 780 ж. жасалған осындай шыны сауыттар табылды. Қазіргі зерттеулердің көрсетуі бойынша олар миллиграмның 3/1 дейінгі дәлдікпен істелінген. Сол сауыттардың салмағы бойынша бағаласақ, мысқал 431 г-ға тең. Мысқал негізінен алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылады. Әр жерде әртүрлі мөлшерде өлшенген. Египетте 4, 68 г, Иранда4, 6 г, Иракта4, 46 г, Үндістанда 4, 538 г; XIV ғ. қыпшақтар арасында қолданылған “Азов мысқалы” үшін 4, 41 г алынған. [9. 49]
Бүгінгі сөздік қолданыста да мысқал сөзі түркі тілдерінде көнерген өлшем атауы ретінде қарастырылады.
Жырларда кездесетін тағы бір өлшем атауы батпан
Сол уақытта бір қалмақ
Аты ердің Таймас ед
Қолындағы күрзісі
Отыз батпан алмас ед, - деген жолдардағы батпан сөзін түсіндірме сөздікте: “батпан салмақ өлшемі. (Бір батпанда 250-300 г-ға тең) ” (6. 149) деп түсіндіреді. Қашқари сөздігінде де батпан сөзіне осы мағынамен байланысты bir batman et (бір батпан ет) деген түсінік беріледі. Ресейде батпан туралы алғашқы дерек Афанасий Никитиннің “Үш теңіздің ар жағына саяхат” атты кітабында кездеседі. Жергілікті орыс жазбаларында ол 10 фунтқа тең делінеді. Қазақ губерниясында батпан үшін 4, 5 пұт астық мөлшері алынған. Әр елде батпанның әрқилы мөлшері пайдаланылған. Батпан - батман Орталық және Шығыс Азия манн деген атаумен белгілі болды. Бұл өлшем атауы да тек Азияда ғана емес Еуропа елдерінде де кең етек алған еді.
Жоғарыдағы Хинцтің еңбегінде: “Манн, античная мина, канонический = 2 ратлям по 130 дирхамов”. [8. 25]
Жалбыраған жалынан
Жалғыз қарыс қалыпты
“Ер Тарғын” жырынан алынған бұл үзіндідегі қарыс сөзі Қ. Т. Т. С-де: “Бас бармақ пен ортан қолдың аралығымен өлшенетін ұзындық өлшемі”. (6. 119) деп берілген. Қарыс қарыш қары деген зат есімге - ш ~ - с деген қосымшаның жалғануы арқылы жасалған болуы керек. В. Д. Колесников осы қары түбірін бүгінгі түркі тілдес халықтардың көбісіндегі мыс. қырғыз тіліндегі карылуу “күшті, иықты”, кар ~ гары ~ хара ~ хары ~ хур ~ кару сөздерінің негізі болады деген қорытындыға келеді. Өзбек тілінде қари 140-145 см-ге тең ұзындық өлшемі. Қазақ тілінде кереғар ( < кере + қар) сөзінің құрамында да кездеседі.
Жырларда кездесетін келесі өлшем атауларының бірі құлаш
Алпыс құлаш ала арқан
Қызыл ердің ілулі
Босағада тұр еді “Қобыланды батыр” Қ. Т. Т. С де:
- Иық деңгейінде кере созылған, екі қол ұшының арасы.
- Ұзындықты білдіретін өлшем бірлігі, межесі. (6. 458)
Қазақ тіліндегі ерте кезден келе жатқан өлшемдердің көбісі қолмен байланысты. Құлаш, қарыс, сүйем, сынық сүйем, елі т. б. Құлаш екі қолды жазғандағы ұзындық. Құлаш сөзі көпшілік түркі тілдерінде сақталған. Құлаш - құраш есепсіз ұзын деген мағынаны білдіреді. Құлаш сөзі екі сөзден құралған: қол + аш (ашу етістігі) кулач сөзі қол + а + ч қолды аш, құлаш жаз, - дейді Махмұд Қашқари. Кейін келе бұл сөздің екі сөзден құралғандығы, оның өзінде ашу етістігінің бар екендігі, көмескіленіп құлаш сөзіне аш, жаз, жай, құлаш жаз, құлаш ұр деген тіркестерде тура және ауыспалы мағынада қолданылатын болған тәрізді.
Жырларда жоғарыда мағынасы ашылған көне сөздерден басқа: елі, тұтам, кез сияқты өлшем атаулары кездеседі.
1. 2 Мата-кездеме атауларына байланысты архаизмдер
Дана халқымыздың ментальдық ерекшелігін көрсететін материалдық мәдениетіміздің тағы бір ерекше түрі - маталар. Жырларда маталардың бірнеше түрі кездеседі.
Сонша ердің соңында
Күмбезді найза қолында
Ағын судың сағасы,
Берен тонның жағасы,
Қызыл бастың ағасы,
Көбікті ханның баласы. “Қобыланды батыр” жырынан. Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктері бұл сөздің көп мағыналы екенін дұрыс танытып келеді. Бірақ мағыналарының көпшілігі бұл күнде ұмыт бола бастаған. Мысалы, көп томдық түсіндірме сөздік берен сөзінің бір мәні “қымбат, асыл мата” десе, екі томдық түсіндірме сөздік “гүл салып тоқылған масаты, жібек мата” дейді. Р. Сыздықтың пікірінше Ильминскийдің түсіндірмесі: “бірі ең жақсы барқыт, екіншісі ең мықты болат” дегені дұрыс. Қазақтар мақта матаны көбінесе мата деп, барқытты барқыт, мақпал деп, жібекті шұға, шәйі, атлас, масаты деп атағаны белгілі. Сондықтан өлең - жырларда кездесетін берен сөзінің бір мағынасын “ең жақсы барқыт” деп түсінген жөн. Мысалы, “Қобыландыда”:
Байдың қызы жамылар
Масаты мен беренді.
Бұл сөздің Н. И. Ильминский көрсеткен екінші мағынасынан ауысып, берік металл шығыршықтардан жасалған сауытты да (көбе, сауыт, кіреуке сөздерін), асыл болаттан жасалған семсер немесе қылышты да (кейде тіпті кездік, пышақтарды да) берен деп атағаны көбінесе осы жырларда жиі ұшырасады:
Қынабынан суырып
Қолына алды беренді . “Алпамыс”.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz