Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті алдыңғы елдердің қатарына кіру стратегиясының жүзеге асырылуы жағдайында ұлттық мәдениетті қайта өркендетуге аса назар аударылып отыр. Мұны Үкімет пен Білім министрлігінің осы сала бойынша қабылданған Заңдары, қаулы-қарарлары, тұжырымдамалары мен мемлекеттік бағдарламалары дәлелдейді.

Ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген ой-тұжырымдары да жас ұрпақты рухани-мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу қажеттігін айғақтайды.

Сондай-ақ, қазіргі өндірістік-технологиялық және ақпараттық-қарым-қатынас салаларының қарқынды дамуы жағдайында адам болмысы жүйесіндегі эстетикалық құрамның маңыздылығы арта түседі. Өйткені эстетикалық мәдениет сұлулық заңдары негізінде адамның эмоционалдық, ой-өрістік, парасаттылық өмірін сипаттай отырып, оның әлеуметтік және жеке құндылықтар жүйесінде көрініс табады. Жеке тұлғаның жалпыадамзаттық идеалдарға ұмтылысының, мәдени-тарихи жетістіктерге қатыстырылуының, эстетикалық қалыптасуының маңызды факторы болып халық өнері, соның ішінде сәндік-қолданбалы өнері табылады. Олай дейтініміз сәндік-қолданбалы өнер эстетикалық және практикалық мәнге ие.

Бүгінгі күн практикасы жеткіншектер арасында адамгершілік-рухани деңгейі төмен, еңбекте шығармашылық белсенділігі жоқ, әлеуметтік ортаға бейімсіз, мінез-құлықтың халықтық эстетикасын сақтай алмайтындар қатарының аз еместігін көрсетіп отыр. Осыған сәйкес жеткіншектерді практикалық, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан маңызды жұмыстарға баулудың, олардың халықтың дәстүрлі шығармашылығы негізінде эстетикалық тәрбиесін жетілдірудің қажеттілігі артады.

Бұл мәселеге көрнекті классик педагогтар Я. А. Коменский, К. Д. Ушинский, Н. К. Крупская, С. Т. Шацкий, А. С. Макаренко және т. б. аса мән беріп, баланың көркемдік білімі мен эстетикалық тәрбиесін жетілдірудегі өнердің орны мен рөлін анықтаған.

Жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыру проблемасы философтардың (Платон, Г. Гегель, И. Кант, Л. Н. Коган, Ю. А. Лукин, А. А. Оганов және т. б. ) ; педагогтардың (М. А. Верб, В. Н. Липский, В. А. Сластенин, Н. Д. Хмель, Г. И. Калиева және т. б. ) ; психологтардың (Л. С. Выготский, Е. В. Найзайкинский, Б. М. Теплов, Д. Б. Эльконин және т. б. ), өнертанушы ғалымдардың (А. В. Бакушинский, И. Я. Богусловская, В. М. Василенко, В. С. Воронов, М. А. Некрасова, П. Г. Богатырев, Б. А. Рыбаков, А. Б. Салтыков, А. С. Канцедикас, М. С. Каган және т. б. ) еңбектерінде қарастырылған.

Сәндік-қолданбалы өнердің тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктері және оларды оқу-тәрбие процесіне ендіру мәселесі ғылыми-педагогикалық еңбектерде жан-жақты зерттелді. М. М. Робу, Т. А. Давидова, Л. В. Ершова, Г. А. Поровская, Н. Б. Смирнова М. С. Подольская, Н. Р. Казанская, В. Ф. Максимович және т. б. ғалымдар сәндік-қолданбалы өнерді жоғары оқу орындарында оқытуды теориялық тұрғыда негіздеп, оқу-тәрбие әрекетінде қолдану мүмкіндіктері мен әдіс-амалдарын ұсынса, Н. А. Горяева, Т. Я. Шпикалова, А. С. Хворостов және т. б. жалпы білім беретін мектептің бейнелеу өнері мен көркем еңбек сабақтарында пайдалану жолдарын көрсетеді.

Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің адам өміріндегі рөліне Орта Азия халықтарының этнографиясын, тарихын зерттеген ғалымдар (И. Г. Андреев, А. А. Бобринский, А. А. Боголюбов, А. Фелькерзам және т. б. ) қазақ ағартушылары Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин аса мән берген.

Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің әсемдігі мен көркемдігі, мазмұны мен маңызы, қазақ шеберлерiнiң эстетикалық талғамы С. М. Дудин, В. Чепелев, Б. Веймарн, В. Мошкова, А. И. Тереножкин, Е. Р. Шнейдер, Т. К. Бәсенов және т. б. ғалымдар еңбектерінде мазмұндалады.

Қазақ сәндік-қолданбалы өнер мәселелері өз алдына зерттеу объектісі тұрғысынан этнографтар (Ә. Тәжімұратов, Х. Арғынбаев, Ә. Марғұлан, С. Қасиманов, Ө. Жәнiбеков, М. С. Мұқанов, Қ. Ақышев, М. Қадырбаев, А. Оразбаев және т. б), өнертанушылар (Қ. Ибраева, Г. Абдрахманова, С. Садырбаева және т. б. ), философтар (Ж. Әлiбеков, Б. Байжiгiтов, К. Ж. Каракузова, К. Нұрланова, Б. Р. Қазыханова және т. б. ), филологтар (М. Өмiрбекова, Р. Шойбеков және т. б. ), технологтар (С. Ж. Асанова, М. А. Нұржасарова және т. б. ), суретшілер (Р. Д. Ходжаева, И. В. Захарова, Г. Тәкішева, А. Құралов, Қ. Саматұлы), қолөнер шеберлері (Д. Шоқпарұлы, Ә. Ш. Әбдуәлиева және т. б) еңбектерінде жан-жақты қарастырылады.

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері мәселелерін зерттеуге педагог ғалымдар да аса ден қойған. Оның тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктері этнопедагогика саласынан орындалған бірқатар іргелі еңбектерде (Қ. Жарықбаев, С. Ұзақбаева, С. Қалиев, Қ. Бөлеев, Ж. Асанов, А. Қалыбекова, Н. Көшеров және т. б. ) қарастырылған. Ұ. Әбдіғапбарованың докторлық зерттеуінде халық педагогикасында балалар мен жастарды сәндік-қолданбалы өнерге үйретудің ғылыми негіздері жасалып, жүйесі негізделген.

Педагог ғалымдар қазақ сәндік-қолданбалы өнері негізінде оқушыларды еңбекке баулу (О. Сатқанов, Қ. Әмірғазин, М. Мырзақанов және т. б. ), олардың шығармашылығы мен қабілетін дамыту (Ж. Балкенов), оларға эстетикалық тәрбие беру (Б. Әлмұхамбетов, А. Қамақов, , С. Жолдасбекова, Л. Котенко Т. Левченко, Ф. Жұмабекова) болашақ көркемөнер, технология мұғалімдерінің кәсіби біліктерін қалыптастыру (Е. Асылханов, Қ. Болатбаев, Б. Ижанов, Қ. Ералин, Ұ. Әбдіғапбарова, А. Манабаева, Р. Х. Канапьянова, Б. Ортаев және т. б. ) мәселелерін зерттеген.

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері арқылы білім алушылардың мәдениетін қалыптастыру мәселесі де ғалымдар зерттеуінен тыс қалмаған. Л. В. Котенко сәндік-қолданбалы іс-әрекеттер негізінде мектеп-интернат оқушыларының эстетикалық мәдениетінің элементтерін қалыптастыруды зерделеген. Д. Үркінбаева халықтың сәндік-қолданбалы өнері арқылы студенттердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыруды (кәсіптік оқыту материалдары негізінде), Г. Қ. Шырынбаева жоғары сынып оқушыларының эстетикалық мәдениетін қалыптастыруды қарастырса, А. Д. Райымқұлова 5-9 сынып оқушыларының технологиялық мәдениетін қалыптастыру проблемасын зерттеп, негіздеген.

Жоғарыда аталған зерттеу жұмыстары бүгінгі оқу орны практикасының сұранысынан шығып отырған ғылыми-педагогикалық маңызы зор еңбектер болып табылады. Дейтұрғанмен қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру проблемасы орта мектеп педагогикасының теориясы мен практикасында өз деңгейінде зерттелмеген.

Демек, жеткіншектерді қазақ сәндік-қолданбалы өнері негізінде тәрбиелеуге қоғамның сұранысы мен оның жүйелі түрде зерттелмегені арасында; оқу-тәрбие процесінде жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру қажеттігі мен оны жүзеге асыруға байланысты оқу-әдістемелік кешеннің жоқтығы арасында; қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің эстетикалық тәрбиедегі мүмкіндіктерінің кеңдігі мен оларды жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында меңгерту жүйесінің жасалмағандығы арасында қарама-қайшылықтың бар екені анық байқалады. Осы қарама-қайшылықтың шешімін іздестіру бізге зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты «Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру» , - деп таңдауымызға негіз болды.

Зерттеудің объектісі - жалпы білім беретін мектеп оқушыларының эстетикалық мәдениеті.

Зерттеудің пәні - қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы 5-9 сынып оқушыларының эстетикалық мәдениетін қалыптастыру процесі.

Зерттеудің мақсаты - қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыруды теориялық тұрғыда негіздеу және оның әдістемесін жасау.

Зерттеудің ғылыми болжамы - егер, қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздері, мүмкіндіктері айқындалып, моделі жасалса және оны жүзеге асырудың әдістемесі жасалып, оқу-тәрбие процесіне жүйелі бірізділікпен ендірілсе, онда жеткіншектердің қазақ сәндік-қолданбалы өнері саласынан білім, іскерлік, дағдысы артады. Ал бұл болса, жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыруда негіз болып табылады.

Зерттеудің міндеттері:

  1. Жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздерін анықтау.
  2. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері түрлерін педагогикалық жіктемеге келтіру және олардың жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктерін анықтау.
  3. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың моделін жасау және оны практикада жүзеге асырудың педагогикалық шарттарын айқындау.
  4. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру әдістемесінің мазмұнын жасау және оны тәжірибелі-эксперимент жүзінде тексеру.

Жетекші идея: Қазақ сәндік-қолданбалы өнерін мектептің оқу-тәрбие процесінде мақсаттылықпен кешенді пайдалану оқушылардың танымдық көзқарасын байытып, көркемдік-эстетикалық тұрғыда дамуын арттырады.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері болып диалектикалық білім және тұлғаны дамытудың таным саласындағы бүгінгі тұжырымдамалары, тұлғаны зерттеу процесіндегі және педагогикалық процесті ұйымдастырудағы жүйелі құрылымдық, тұлғалық іс-әрекеттік қатынастар, ұлттық мәдениет пен сәндік-қолданбалы өнердің білімдегі рөлі туралы қағидалар; оқушы жастардың эстетикалық тәрбиесі тұжырымдамасындағы қағидалар, халық педагогикасы мен халық шығармашылығының тәрбиелік әлеуеті туралы теориялық тұжырымдар саналады.

Зерттеудің көздері болып Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми құжаттары (Заңдары, қаулы-қарарлары), Білім және ғылым министрлігінің ұлттық мәдени мұраны оқу-тәрбие процесіне ендіруге байланысты тұжырымдамалары мен бағдарламалары, оқу құжаттары, ғалымдардың (тарихшылар, этнографтар, философтар, өнертанушылар, психологтар, педагогтар) еңбектері, ұлттық мәдени мұралар, мектеп мұғалімдерінің озық тәжірибелері, сондай-ақ диссертанттың педагогикалық және зерттеушілік тәжірибесі саналады.

Зерттеудің әдістері: зерттеу проблемасы бойынша философиялық, өнертану, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге теориялық талдау жасау; мектептің оқу құжаттарына (оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар), мұғалімдердің озық тәжірибелеріне талдау; бақылау, тест, сауалнама жүргізу, әңгімелесу; педагогикалық эксперимент; мәліметтерді математикалық тұрғыда өңдеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәні.

  1. «Мәдениет», «эстетикалық мәдениет», «жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті», «жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру» ұғымдарының мәні нақтыланып, олардың өзара байланысы негізделді.
  2. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері түрлері педагогикалық жіктемеге келтірілді және оның жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктері анықталды.
  3. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың моделі жасалды және. оның тиімділігін қамтамасыздандыратын педагогикалық шарттар айқындалды.
  4. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың әдістемесі жасалды.

Зерттеудің практикалық мәні: а) «Бейнелеу өнері», «Технология», «Әдебиет», «Қазақстан тарихы» пәндері бағдарламаларының мазмұнына қосымшалар; ә) «Қазақ сәндік-қолданбалы өнері» атты факультатив, б) шеберлік студиясының бағдарламасы және мұғалімдерге арналған «Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің тағылымдық мүмкіндіктері» атты арнайы курс бағдарламасы мен оларды жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында пайдалануға байланысты әдістемелік нұсқаулар жасалды.

Зерттеу нәтижелері жалпы білім беретін мектептерде, лицейлер мен гимназияларда, мектептен тыс оқу-тәрбие мекемелерінде, мұғалімдер білімін жетілдіру жүйесінде пайдаланылуы және жоғары оқу орны студенттерінің өзіндік жұмыстарының негізін құрауы мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  1. «Жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті» - бұл оның эстетикалық іс-әрекетке қажетті эстетикалық қабілеттерінің, көркемдік-эстетикалық білімі мен практикалық іскерлігінің кіріктірілген тұлғалық сапасын білдіреді.
  2. Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің мазмұнын жіктемеге келтіру, талдау және сұрыптау оның жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыруда мүмкіндіктерінің жоғары екендігін дәлелдейді.
  3. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың моделі қазақ сәндік-қолданбалы өнері мазмұнын, аталған қалыптастырудың мотивациялық, ақпараттық, эмоционалдық-бағалаушылық, іс-әрекеттік-нәтижелілік құрамдас бөліктерінің бірлігін, оған сәйкес өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлерін қарастырады. Оны жүзеге асыру ұйымдастырушылық, мазмұндық, дидактикалық шарттармен қамтамасыздандырылады.
  4. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері саласынан жүйеленген білімдер негізінде жасалған «Бейнелеу өнері», «Әдебиет», «Қазақстан тарихы», «Технология» пәндері бағдарламаларына қосымшалар, факультатив, студия, арнайы курс бағдарламалары және оларды жүзеге асыруға байланысты оқу-әдістемелік нұсқаулар мазмұнын жасау және практикаға ендіру, әр түрлі дәстүрлі, инновациялық әдістерді, жеке, топтық, ұжымдық формаларды пайдалану жеткіншектердің эстетикалық мәдениетінің тиімді қалыптасуына ықпал етеді.

Зерттеу кезеңдері. Бірінші кезеңде (2000-2002 жж. ) зерттеу проблемасы бойынша материалдар жиналып, жүйеге келтірілді, ғылыми аппарат айқындалды, мектеп мұғалімдерінің озық тәжірибелері жинақталып, қорытыланды, эксперимент жұмысының бағдарламасы даярланды.

Екінші кезеңде (2003-2007 жж. ) оқу-тәрбие процесіне ендірілетін қазақ сәндік-қолданбалы өнері материалдары сұрыпталды. Факультатив, үйірме жұмысының бағдарламалары, мектептің кейбір оқу бағдарламаларына қосымшалардың мазмұны әзірленді және мұғалімдерге арналған арнайы курс бағдарламасының мазмұны айқындалды Оларды оқу-тәрбие процесінде пайдаланудың әдістемесі жасалды, тәрбие-жұмыстарының іс-шаралары жоспарланды. Тәжірибелі-эксперимент жұмыстары жүргізілді, аралық кесінділер алынды.

Үшінші кезеңде (2008-2010 жж. ) зерттеу нәтижелері жүйеге келтірілді, деректер математикалық өңдеуден өтті, қорытынды, ұсыныстар берілді, пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтірілді.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі оның әдіснамалық-теориялық негіздерімен, ғылыми аппараттың логикалық бірлігімен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, тәжірибелі-эксперимент жұмысының мақсатына, міндеттеріне, мазмұнына барабар кешенді әдістердің пайдаланылуымен қамтамасыз етіледі.

Зерттеу базасы. Тәжірибелі-эксперимент жұмысы Шымкент қаласының №№ 64, 17, 79 мектептерінде өткізілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру. Зерттеудің негізгі нәтижелері халықаралық, республикалық ғылыми- практикалық конференцияларда (Шымкент 2001, 2005, 2006, 2007, 2010; Көкшетау 2007), Оңтүстік Қазақстан «Отырар» университетінің профессор-оқытушыларының ғылыми-теориялық конференцияларында (2005-2010) баяндалды, эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты, сондай-ақ мерзімді басылымдарда, жарық көрген ғылыми мақалаларда, ғылыми жинақтарда, әдістемелік нұсқауларда көрініс тапты.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, объектісі, пәні, міндеттері, болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық-теориялық негіздері, зерттеу көздері, әдістері, негізгі кезеңдері мен базасы, нәтижелердің дәлелділігі мен негізділігі ғылыми жаңалығы мен теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалары баяндалады.

«Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда зерттеу проблемасының теориялық-әдіснамалық негіздері анықталады, қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің ерекшеліктері, атқаратын қызметі мен түрлері жүйеленеді. Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің эстетикалық мәдениетті қалыптастырудағы мүмкіндіктері қарастырылады. Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру процесінің моделі жасалады, оған сипаттама беріледі.

«Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы жеткіншектердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру әдістемесі» атты екінші тарауда тәжірибелі-эксперимент жұмысын ұйымдастыру жан-жақты мазмұндалады. Жеткіншектердің қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың мазмұны, формалары мен әдістері, әдістемесі беріледі; эксперимент жұмысының анықтау, қалыптастыру, бақылау кезеңдеріндегі білім деңгейлерінің кесіндісі, нәтижесі мазмұндалады.

Қорытындыда зерттеудің нәтижелері тұжырымдалады, тұжырымдар мен қорытынды және ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Қазіргі уақытта білім беру саласының маңызды проблемасы болып белсенді өмірлік позициясы бар, жаңа көзқарасқа ие, өзін және қоршаған ортаны қайта құруға, әр түрлі өмірлік және кәсіби міндеттерді жеке шеше алуға қабілетті тұлғаны даярлау табылады. Баланың осындай тұлғалық сапаларының дамуына оның мәдени ортамен өзара әрекеттестікте болуы оң ықпал етеді. Бүгінгі мәдени орта - халықтық және қазіргі мұралардың көркемдік-эстетикалық дамуының біртұтастығын құрайды. Ал бұл болса, көп ғасырлық ұлттық мәдени мұраларды тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыру процесінде тиімді пайдалануды қажет етеді.

Мәдениеттің әр түрлі проблемасының зерттелгенін, көпқырлылығын, жан-жақтылығы мен көкейкестілігін ғылыми әдебиеттерге жасаған талдау дәлелдейді. Мәдениет ұғымына берілген анықтамалар санын А. Моль 1967 жылы 250-ден астам деп көрсеткен. Бүгінгі таңда отандық және шетелдік әдебиеттерде оған берілген анықтамалар саны 1000-нан асады. Солардың ішінде философиялық, ғылыми-педагогикалық, психологиялық, әлеуметтану ғылымдары саласында берілген анықтамалар мәдениет ұғымының әр түрлі қырынан тұжырымдалғанын байқатты.

Олардың негізгілерін шартты түрде былайша бөліп көрсетуге болады: 1) мәдениет белгілі бір тарихи-нақты қоғамды көрсететін адамзаттың атрибуты; 2) іс-әрекет образдарының (әдет-ғұрыптар, дәстүрлер) және олардың жүзеге асу формаларының жиынтығы; 3) адамның мінез-құлықтары мен қоғамның іс-әрекеттерінің нәтижесі; 4) адамның бастапқы өмірінен соңғы күніне дейін жасайтын дүниесі; 5) табиғат заттарынан материалдық дүниені жасайтын адами іс-әрекеттер; 6) адамда адамды қалыптастыру құралы; 7) адамдардың мінез-құлықтарында және іс-әрекеттерінде еркіндіктің пайда болу мүмкіндігінің өлшемі; 8) қарым-қатынас жасау тәсілі.

Көрсетілген топтамалардың барлығы да мәдениет ұғымының адамның іс-әрекетімен өзара байланыстылығын көрсетеді. Осыған орай М. С. Каган мәдениетті адам еңбегінің жемісі тұрғысынан адамзат мәдениеті (жалпы деңгей), әлеуметтік топ мәдениеті (ерекше деңгей), жеке тұлғаның мәдениеті (жалпы мен ерекше деңгейдің бірегей көрінісі) деп, үш топқа бөліп қарастырады.

Біздің зерттеуімізде мәдениет жеке тұлғаның мәдениеті тұрғысынан қарастырылады. Осыған сәйкес мәдениет ұғымына жасаған жан-жақты талдау негізінде, біз мәдениет бір жағынан, адамның шығармашылық іс-әрекетінің нәтижелерін жинақтайды, екінші жағынан, оның рухани-практикалық күштерін жетілдіреді және оны шығармашылық тұлға тұрғысынан қалыптастырады , деп ой түйіндейміз.

Жеке тұлғаның мәдениеті ұғымының мәнін анықтау барысында Н. Д. Хмельдің «адамның мәнді күштерінің дамуының жоғары деңгейі мен оларды материалдық және рухани құндылықтарды жасау мен тұтыну бойынша жүзеге асыру тәсілдері» делінген анықтамасын негізге ала отырып, бұл «адамның қолынан келетін және игеруге тиісті адамзаттың ғасырлар бойы жасаған ең жақсыларына тәрбие арқылы қол жеткізуінің, оларды бойға сіңірудегі адами жетілуінің дәрежесі» деп түсінеміз.

Жеке тұлғаның адами жетілу дәрежесінің қалыптасуы (білімі, іскерлігі, дағдылары) әр түрлі салаларда жүзеге асырылады. Осыған сәйкес оның мәдениеті сөйлеу мәдениеті, құқық мәдениеті, эстетикалық мәдениет және т. б. болып бөлінуі мүмкін.

Әдебиеттер мен сөздіктердегі «эстетика», «мәдениет» ұғымдарына жасаған теориялық талдау «эстетикалық мәдениет» ұғымының соңғы отыз жылда философиялық, әлеуметтану (М. С. Каган, Н. Б. Крылова, В. Н. Липский, У. Ф. Суна және т. б. ) әдебиеттерінде кеңінен қарастырылып отырғандығын көрсетті. Бірақ олардың көзқарастары мен логикалық баяндауы бір жақты емес. Н. Б. Крылова « . . . жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті - бұл эстетикалық білімдер, сенімдер, сезімдер, дағдылар, іс-әрекеттер мен мінез-құлық нормалары» десе, У. Ф. Суна « . . . осындай құндылықтарды жасауға бағытталған оның іс-әрекеттері», ал педагог ғалым Э. А. Верб «оның сұлулықпен толық қатынас жасауына және оны жасауға белсенді қатысуына мүмкіндік беретін оның негізгі, тұғырлы қасиеті» деп пайымдайды. Біз диссертацияда осы анықтамаларды толық құптай отырып, адамның эстетикалық мәдениетінің мәні сұлулыққа қарым-қатынастар белгілері жиынтығының болуын ғана емес, көркемдік-эстетикалық қабылдауға, әсерленуге, шығармашылыққа даярлығы мен қабілеттерінің болуын да білдіретіндігін көрсетеміз.

Өйткені жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті оның өмір мен өнер құбылыстарындағы сұлулықты немесе көріксіздікті, асқақты яки төменді, мұңды немесе қуанышты эмоционалдық тұрғыдан қабылдаудағы, ұғыну мен бағалаудағы, қоршаған ортаны «сұлулық заңымен» қайта өзгертудегі қабілеттері мен іскерліктерін көрсетеді. Соның негізінде біздің пайымдауымызша жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетінің негізгі құрамды бөліктері болып эстетикалық сана, эстетикалық іс-әрекет, эстетикалық тәрбие мен даму деңгейі табылады

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жеткіншек шақтағы оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің маңызы
Сәндік-қолданбалы өнердің жеткіншектердің эстетикалық тәрбиесін жетілдірудегі мүмкіндіктері
Сәндік-қолданбалы өнер арқылы оқушылардың кәсіби шеберлігін қалыптастыру
Жеткіншектердің эстетикалық талғамы
Болашақ педагогты жеткіншектердің көркемдік мәдениетін қалыптастыруға даярлау
Қазақ халқының сәндік - қолданбалы өнері арқылы оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыру
Киімнің негізгі міндеттері
Дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз жасау өнері - киіз басу
Сәндік қолданбалы өнер элементтерінің негізіндегі көркем қол өнер технологиясы
Эстетикалық тәрбиенің мәні мен мағынасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz