Өмір сүру және жеке басына қол сұғылмау құқығы


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 179 бет
Таңдаулыға:
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . … . . . 4
I. Өмір сүру және жеке басына қол сұғылмау құқығы … . . . ……… . . . 6
II. Еркін жүріп-тұру құқығы және көші-қон процестері барысындағы
заңдылық пен адам құқықтарының сақталуы мәселелері ……… . . . 12
III. Адам саудасының алдын алу . . . 14
IV. Ар-ождан және дін бостандығы құқығы . . . 23
V. Бірлесу құқығы . . . 27
VI. Бейбіт жиналыстар мен митингтер бостандығы құқығы . … 47
VII. Мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығы (еркін және әділ сайлау) . . . 52
VIII. Сөз, наным және оларды еркін білдіру құқығы . 62
IX. Еңбек қатынастары саласындағы адамның құқығы . . . 68
X. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы . . . 82
XI. Денсаулықты сақтау, медициналық көмек алу құқығы . . . 87
XII. Оралмандар құқықтары . . . 96
XIII. Бала құқықтары . . . 104
XIV. Аз ұлттар құқықтары: жай-күйі мен перспективалары . . 116
XV. Халықты құқықтық ағарту, жаңа құқықтық сананы қалыптастыру …. . 128
XVІ. Әділ сот ісін жүргізу құқығы . . . 135
XVІІ. Сот шешімдерінің атқарылуы процесіндегі адамның құқықтары …… 165
XVIII. Сотталғандар құқықтары . . . 170
Қорытынды . . . 179
КІРІСПЕ
Бұл Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы базалық ақпараттық-талдау баяндаманы (бұдан әрі - Базалық баяндама) 2006 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы 2008-2011 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындау үшін базалық баяндама әзірлеуге арналған халықаралық дөңгелек үстел қарарына сәйкес құрылған жұмыс тобы дайындап, құрастырған.
Базалық баяндаманың мақсаты Мемлекет басшысын, Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметін Қазақстандағы адамның және азаматтың құқықтарының ахуалы туралы хабардар ету, адамның құқықтық қорғалуының деңгейін, адамның құқығын қорғау саласындағы түйінді проблемаларды және олардың шешу жолдарын айқындау; соның негізінде Адам құқықтары саласындағы 2008-2011 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу болып табылады.
Базалық баяндаманы дайындау кезінде мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары (әрі қарай - ҚР ҮЕҰ), халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстанда аккредиттелген халықаралық ұйымдар ұсынған мәліметтер, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының тапсырысы бойынша Әлеуметтанушылардың халықаралық ассоциациясының (ISA) тұрақты мүшесі болып табылатын Қазақстан әлеуметтанушыларының тәуелсіз ассоциациясы 2006 жылғы қазанда жүргізген «Қазақстандағы адамның құқықтары: қоғамдық пікір» атты әлеуметтанушылық зерттеудің нәтижелері пайдаланылды. Базалық баяндамада сол сияқты жұмыс тобы мүшелерінің түзету жүйелері, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет мекемелерінде, құрылыс нысандары мен басқа да ұйымдарда болуы нәтижесінде алған мәліметтері; Адам құқықтары жөніндегі комиссияның адам құқықтары саласындағы 2000 және 2006 жылдар аралығында мемлекеттік органдармен және ҚР ҮЕҰ-мен, адам құқықтары саласындағы халықаралық ұйымдармен бірлесіп өткізген халықаралық конференциялардың, «дөңгелек үстелдердің», семинарлардың, тренингтердің материалдары; жеке және заңды тұлғалардың Адам құқықтары жөніндегі комиссияға жазған шағымдарын қорытындылап, талдау нәтижелері пайдаланылды.
Базалық баяндаманы дайындау процесінде 2005 жылғы 12 сәуірдегі және 2006 жылғы 17 сәуірдегі Базалық баяндаманы және Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындау мәселелері жөніндегі халықаралық дөңгелек үстелдердің ұсынымдары ескерілді.
Базалық баяндамада адамның және азаматтың азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарының сақталуы мәселелері талданады.
Бірінші бөлімде адамның өмір сүру және жеке басына қол сұғылмау, еркін жүріп-тұру, ар-ождан мен діни сенім бостандығы, бірлесу, бейбіт жиналыстар мен митингтер бостандығы, мемлекет істерін басқаруға қатысу (еркін және әділ сайлау), сөз және наным, денсаулық сақтау мен медициналық көмек алу құқықтарының сақталуы мәселелері егжей-тегжейлі талданады. Азаматтық, әлеуметтік және экономикалық құқықтардың сақталуы тұрғысында жұмыс тобының көші-қон және еңбек қатынастары саласындағы адам құқықтарының сақталуы мен заңдылықтың қамтамасыз етілуінің өзекті мәселелеріне арналған арнайы зерттеулерінің нәтижелері ұсынылған. Сонымен қатар бұл бөлімде бала, оралмандар, аз ұлттар құқықтары сақталуының, халықты құқықтық ағарту және қазақстандықтардың жаңа құқықтық санасын қалыптастырудың өзекті мәселелері көрсетілген.
Базалық баяндаманың екінші бөлімінде алдын ала тергеу мен анықтау барысындағы; қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін іске асыру саласындағы; атқарушылық сот ісін жүргізу кезеңіндегі; түзеу жүйесіндегі адамның және азаматтың құқықтарының сақталуы талданады.
Атап өтетін жәйт, Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы 40-тан астам көпжақты әмбебап халықаралық шарттардың, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның, Нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның, Бала құқықтары туралы конвенцияның, Әйелдерге қатысты кемсітулердің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның, Босқындар мәртебесі туралы конвенцияның және оның Хаттамасының қатысушысы болып табылады.
Жоғарыда аталған ратификацияланған халықаралық шарттар тұрғысында Базалық баяндаманың барлық тарауларында адам құқықтары саласын реттейтін ұлттық заңнаманы оның халықаралық стандарттарға сәйкестілігі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөніндегі қорытындылар мен ұсынымдар келтірілген.
«Қазақстандағы адамның құқықтары: қоғамдық пікір» жобасы шеңберіндегі мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ-тардың адам құқықтарын қорғау саласындағы құқық қорғау қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі әлеуметтанушылық зерттеулерді ахуалдық талдау Базалық баяндаманың барлық тарауларында адам құқықтарының нақты түрлері тұрғысында келтірілген.
Қорытындыда жұмыстың жалпы нәтижелері қорытылып, Қазақстандағы құқық қорғау тетіктерін жетілдіру жөніндегі алдағы перспективалар тұжырымдалады.
Өмір сүру және жеке басына қол сұғылмау құқығы
Өмір сүру құқығы осы саладағы қалыптасатын басқа барлық құқықтар мен бостандықтардың бастапқы негізін қалайды. Ол әлемдік өркениеттің ең жоғарғы құндылығы болып табылады, өйткені адам мерт болған жағдайда басқа құқықтардың барлығының маңызы жойылады. Бұл іргелі құқықты жеке адамның мемлекет, оның өкілдері немесе жеке адамдар тарапынан болатын кез келген заңсыз қол сұғудан азат болу құқығы ретінде қарауға әбден болады.
Өмір сүру құқығының әлеуметтік шарттары бірқатар конституциялық қағидалармен қамтамасыз етіледі: қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай келетін еңбек шарты құқығымен (ҚР Конституциясының 24-бабының 2 тармағы) ; жасы бойынша және ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қамсыздандырылумен (28-бап) ; денсаулығын қорғау және мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау емдеу мекемелерінде медициналық көмек алу құқығымен (29-бап) және басқа да кепілдіктермен.
Істің мәнісінде қалған құқықтардың барлығы қалай болғанда да өмір сүру құқығының айналасына бірігеді. Мысалға, әлеуметтік қорғалу, қолайлы қоршаған орта, лайықты өмір сүру құқықтары қарым-қатынас бен жазаның қатыгез түрлерінен еркін болу құқығы сияқты оның тиімді іске асуын қамтамасыз ететін қосымша құрал болып табылады. Мемлекет бұл құқықтарды мойындауға және қолда бардың бәрін пайдаланып адам өмірі үшін қолайлы жағдай жасауға міндетті. Жеке адамның өмірі мен денсаулығына қарсы жасалған қылмыстың аса ауыр қылмыстық жазаланатын әрекет санатын құрайтыны кездейсоқ емес.
Бұл саладағы бөлек проблема - мемлекеттің ерекше ауыр қылмыс жасаған адамдарға ең ауыр жаза ретінде өлім жазасын қолдану құқығы. Өмір сүру құқығы өлім жазасын шектеуші болып табылады.
1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 15-бабында былай бекітілген:
1. Әркімнің өмір сүруге құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.
«Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар» деген тұжырым Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (бұдан әрі - АСҚХП) 6-бабының 2 тармағына және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің жалпы реттегі №6 Ескертуінің 7 тармағында келтірілген осы баптың түсініктемесіне сәйкес келеді.
Бұл тұжырым Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚР Қылмыстық кодексі) 49-бабында одан сайын нақтыланған, онда «өлім жазасы - адамның өміріне қол сұғатын ерекше ауыр қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс кезінде немесе ұрыс жағдайында мемлекеттік сатқындық, бейбітшілікке және адамзаттың қауіпсіздігіне қарсы қылмыс және ерекше ауыр әскери қылмыстар жасағаны үшін ғана қолданылуы мүмкін» деп бекітілген.
Бұл ретте аталған баптың 2 бөлігіне сәйкес «өлім жазасы әйелдерге, сондай-ақ он сегіз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және сот үкім шығарған сәтте алпыс бес жасқа толған еркектерге тағайындалмайды», бұл АСҚХП 6-бабының 5 тармағына сәйкес келеді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 6-бабының 5 бөлігіне сәйкес өлім жазасы рақымшылық жасау тәртібімен өмір бойы бас бостандығынан айырумен немесе айрықша режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеуге жиырма бес жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылуы мүмкін, бұл АСҚХП 6-бабының 4 тармағына сәйкес келеді.
2003 жылғы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлыққа Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының әркімнің өмір сүру құқығын бекітетін 15-бабының 1-тармағына сәйкес қол қойған, ол Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру туралы құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын жүзеге асыруға бағытталған және өлім жазасын қолдануды шектеуге бағытталған бағдарының заңды жалғасы болып табылады.
Көптеген әлеуметтанушылық сауалдамалар еліміздің халқының көпшілігі өлім жазасын толық жоюды әлі ертерек деп санайтынын көрсетеді. Қоғамның пікірін ескермеуге болмайды, сондықтан ең ауыр жазаны қолдануды одан әрі шектеуге жасалған кезекті қадам ретінде өлім жазасын орындауға мораторий жариялау таңдалды.
Жарлық соттардың өлім жазасы туралы үкімді орындауды тоқтата тұруын көздейді. Өлім жазасына балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыруды енгізу өзін-өзі ақтайды деп ойлаймыз. Бұл ретте өлім жазасының өзі қылмыстық жазалау түрі ретінде жойылмайды, тек соттардың өлімге кесуді орындауын тоқтатады. Мораторийдің мерзімі шектелмейді, тек қажет кезінде күші жойылады.
Өмір бойы қамауға алу институтының пайда болуы соттардың өлім жазасын кесу жағдайларын барынша азайтады, бұл өлім жазасынан толықтай бас тарту үшін нақты алғышарттар жасайды деп ойлауға әбден болады.
Өлім жазасына мораторий енгізілген мерзім ішінде республикада қылмыстың өршуі байқалған жоқ және криминогендік жағдай салыстырмалы түрде тұрақты сақталуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес тіркелген қылмыстардың жалпы саны мен елдегі қылмыс жасау деңгейі 90-шы жылдардың ортасынан бастап төмендеген. 2000 жылы республикада 150790 қылмыс тіркелген болса, 2003 жылы олардың саны 118485 болған. 2004 жылы 143550 қылмыс, 2005 жылы 146347 қылмыс тіркелген.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тиісті мемлекеттік органдар тұрақты мониторинг жүргізіп, оның нәтижелері бойынша алдағы уақытта өлім жазасын толық жоюдың мүмкіндіктері туралы мәселе шешілетін болады.
Қазақстанда құқық қорғау органдарының немесе ұлттық қауіпсіздік органдарының сотсыз немесе өз бетінше жазалауы немесе адамдардың із-түссіз жоғалып кетуі практикасы жоқ.
Дегенмен де АСҚХП ережелерін жүзеге асыру кезінде, соның ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің жалпы реттегі №6 Ескертуінің 5 тармағына сәйкес өмір сүру құқығын түсіндіруге барынша кең ауқыммен келу қажет, бұл құқықты қорғау кең мағынасында әртүрлі салаларда, мысалға балалар өлімін азайту және өмір сүру ұзақтығын арттыру, кедейлік пен ауруларға қарсы күресу және т. б. үшін сындарлы шешімдер қабылдауды талап етеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды деп белгіленген. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.
Аталған конституциялық ұйғарым Қазақстан Республикасы 1998 жылы ратификациялаған «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға» толықтай сәйкес келетінін атап өткен маңызды.
Алайда алдын ала тергеу және анықтау органдарының, түзеу мекемелерінің лауазымды тұлғаларының азаптау элементтерін қолдануы фактілері бар. Мысалға, кәмелетке толмаған У. -ды жазықсыз соққыға жыққаны үшін Атырау қаласы сотының 2004 жылғы 25 маусымдағы үкімі бойынша полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Б. сотталған.
ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР ҰҚК мәліметтері бойынша кейбір әскери бөлімшелерде казармалық бұзақылық, «дедовщина», әскери қызметкерлер құқығының бұзылуы, бопсалау, жекелеген кіші командирлердің, прапорщиктер мен офицерлердің сарбаздардың құқықтарын бұзу фактілері бар.
Мысалға, 2005 жылғы шілдеде Ақтөбе гарнизонының Әскери соты өзінің қызметтестерін соққыға жыққан фактілері бойынша 41433 әскери бөлімшенің (Атырау қаласы) контрактілік қызметтегі әскери қызметшілер сержант О. және кіші сержант К. -ні ҚР ҚК 368-371, 375, 384 баптарында қарастырылған қылмысты жасады деп танып, 5 және 4 жылға бас бостандығынан айыруға соттаған. Алматы гарнизонының Әскери соты әскери қызметшілерді соққыға жығу фактілері бойынша капитан П. және лейтенант М-ді. айыпты деп танып, әскери қызмет бойынша 6 және 9 жылға шектеуге үкім шығарған.
Әскери қызметшілер арасындағы бейжарғылық қатынастардың негізгі себептері жеке тәртіпсіздік, бөлімдер мен құрамалардың жекелеген командирлерінің төмен басқару және тәрбиелік рөлі, бөлімшелердің тәрбиелік және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі лауазымды тұлғаларының өзінің лауазымдық міндеттеріне қанағаттанарлықсыз көзқарасы, әскери полиция мен әскери прокуратура тарапынан тиісті шаралар қабылданбауы болып табылады.
Құқық қорғау органдарының жекелеген қызметкерлері тергеу мен анықтаудың рұқсат етілмейтін әдістерін қолдана отырып, азаматтар құқығын оларды заңсыз ұстау, тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін пайдалану жолымен бұзу фактілеріне жол береді.
Қылмыстық процесс жүргізетін органдар қызметіндегі адам құқықтарының сақталуы ахуалына жасалған талдау көрсеткеніндей, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстық қудалау аясына түскен адамдарға қатысты күш қолданып зорлауды, азаптауды, дәлелдемелеррді бұрмалауды қолдану практикасы әлі жойылған жоқ.
Бұрынғысынша азаматтарды заңсыз ұстау мен тұтқындау және оларды ішкі істер органдарына жеткізу, оларды қызметтік кабинеттер мен басқа да орын-жайларда ұстау фактілері кең тараған. Мысалға, Қазақстан әлеуметтанушыларының ассоциациясы 261 респондент арасында «Сіздің құқықтарыңыз нақты немен бұзылды?» деген сұрақ бойынша жүргізген сауалдама көрсеткеніндей, құқықтары бұзылды деп санаған респонденттердің үштен бір бөлігінен астамы - 35, 2% нақты қалай бұзылды деген сұраққа жауап беруге қиналған. Бұл сұраққа алынған жауаптардан шығатын қорытынды, азаматтар көбінесе олардың құқықтары: полицияның заңсыз ұстауымен, құжаттарды тексеруімен - 8, 0%, жалақының, өтемақының өз уақытында төленбеуімен - 7, 7%, жұмыс алу құқықтарына қысым жасалуымен - 6, 5%, зейнетақыны ең төменгі көрсеткіштермен тағайындаумен - 4, 6%, еңбек заңнамасының бұзылуымен - 3, 8%, сайлауда адамның сайлаушылар тізімінде болмауымен - 3, 1% бұзылды деп есептейді. Әлеуметтанушылық зерттеудің алынған мәліметтері ҚР Бас прокуратурасынан алынған ресми мәліметтермен корреспонденцияланады.
2005 жылы прокурорлар тергеу изоляторларынан 54 заңсыз ұсталған адамдарды айқындап, босатқан. 2006 жылы прокурорлар 62 азаматты ұстауды заңсыз деп мойындаған, соның ішінде 47 азамат - ҚР Ішкі істер министрлігі желісі бойынша.
Мысалға, 2004 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының азаматы К. Мемлекет басшысының жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияға шағым жасаған, онда оны заңсыз тұтқындағаны және айып тақпай ҚР Әділетмині ҚАЖК-нің ЕЦ-166/1 мекемесінде бір айдан артық ұстағаны туралы хабардар еткен. К. -нің Украина аумағында жасалған қылмысқа қатысы жоқтығы туралы оның Астана қаласының ІІД мен прокуратурасына бірнеше қайтара шағымдануы оң нәтиже бере қоймаған.
Тек Мемлекет басшысының жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның араласуынан кейін ғана К. Украина аумағында басқа адам жасаған қылмысқа ешқандай қатысы жоқ ретінде заңсыз тұтқыннан босатылған. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Қазақстанның Бас прокуроры мен Украинаның Бас прокурорына атқарылған жедел жұмыстары үшін алғыс білдірді, олар Комиссияның үндеуіне жедел шара қабылдап, К. -ны заңсыз тұтқындаудан босатуға көмек көрсетті.
Жоғарыда көрсетілген тұлғаға қарсы қылмыстарды жасаудың себептері кейбір лауазымды адамдардың (тергеушілердің, анықтаушының) төмен біліктілігі болып табылады, олар «көрсеткіш қуалап» заңсыз әдістермен қандай да бір күдіктінің айыбының дәлелдері жоқ кезде олардан мойындайтын айғақ алуға әрекеттенеді немесе дәлелдемелеррді бұрмалау жолымен қызметтегі жағдайын жақсы етіп көрсете отырып, өзінің қателіктерін жасыруға тырысады (толығырақ осы баяндаманың XVIII тарауынан қараңыз) .
Жеке адамның қадір-қасиетін қорғау туралы конституциялық норма қылмыстық, азаматтық, әкімшілік жауапкершілік белгілеу арқылы жүзеге асады. ҚР Қылмыстық кодексінде қорлау мен жала жабу үшін және азаптауды қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. ҚР Азаматтық кодексінде жеке адамның қадір-қасиеті материалдық емес игілікке жатады және заңмен қорғалады деп белгіленген. Азаматтық заңнама бойынша қорғау амалдарының ішінде моральдық зиянды өтеу, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот арқылы теріске шығару мүмкіндігі бар.
2005 жылы прокурорлар пошталық-телеграфтық корреспонденцияларға 36 заңсыз тұтқындауды, 5 мүлікті заңсыз тұтқындауды және бір алуды айқындаған.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша интернат-үйлері әкімшілігінің онда тұратындардың жеке басына қол сұғылмау құқықтарын бұзған фактілері бар. Мысалға, Алматы облысының прокуратурасы психикалық ауруы жоқ азаматша З. -ны Панфилов ауданының психоневралогиялық диспансеріне заңсыз орналастыру фактісін анықтаған. Бұл факті бойынша интернат-үйінің дәрігері И. -ге ҚР ҚК 127-бабының 2 бөлігінің «б» тармағы бойынша және аудандық аурухананың психоневрологиялық бөлімшесінің дәрігері Б. -ға ҚР ҚК 325 бабының 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазақстан Республикасының кеден органдарының азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмау, жеке басының және отбасының құпиясы құқығын бұзуы фактілері практикада жиі кездесетінін ерекше атап өткен жөн. Атап айтқанда олар азаматтардың алып шығатын бейнекассеталарды, аудиокассеталарды, дискілер мен фототаспаларды оларда тыйым салынған ақпараттың бар-жоғын тексеру үшін міндетті түрде алдын ала қарауға ұсынуы туралы қолданыстағы кедендік ережеге сілтеме жасайды.
Жұмыс тобының пікірінше кеден органдарының талаптары оларды орындаудың күрделілігінен азаматтардың негізделген жазғыруын тудырады және кеден органдары қызметкерлері тарапынан жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай жасайды.
Қазақстан әлеуметтанушылары ассоциациясы 1500 респондент арасында жүргізген сауалдама жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғау саласындағы ахуалға сұрақ берілгендердің 19% теріс баға бергенін көрсетіп отыр. Сұрақ берілгендердің 65, 3% жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғаудың мемлекеттік тетіктеріне оң баға берген. Сұрақ берілгендердің 15, 7% жауап беруге қиналған. Тұтас алғанда, жеке адамның өміріне қол сұғылмау құқығын қорғау ахуалына жасалған әлеуметтанушылық талдау нәтижелері жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғаудың мемлекеттік тетіктері кейбір жеке лауазымды адамдардың, басқа да адамдардың заңдылық пен адам құқықтарын бұзу фактілерін есепке алмағанда, Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін ескере отырып жетіліп келеді деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
ҰСЫНЫМДАР
1. Қазақстан Республикасында адамның және азаматтардың құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру және адамның құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктерін күшейту мақсатында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан азаматтарының жеке шағымдарын қарау құзырын мойындауға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің Бірінші Факультативтік хаттамасы ратификациялансын.
2. Қазақстанда өлім жазасын толықтай жою үшін 1989 жылғы 15 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші Факультативтік хаттамасы ратификациялансын (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 15 желтоқсандағы 44/128 қарары) .
3. Қазақстан Республикасының Барша адамдарды зорлықпен жоғалып кетуден қорғауға арналған халықаралық конвенцияға қосылуы мәселесі пысықталсын.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz