Тәжірибелік-бағдарлы кәсіптік білім берудің оқыту әдістерімен байланысы
құрылымы мен мазмұны жағдайында тәжірибелік-бағдарлы оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану негіздерін де анықтау қажеттілігі пайда болып отыр.
Зерттеу жұмысының идеясына сай техникалық және кәсіптік білім берудегі оқыту процесін қайта құруды, онда білім алушыларға қолдау көрсетуді, мамандық бойынша қызмет ету мен дамуды ғылыми және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді; тәжірибелік-бағдарлы оқытуда ғылыми педагогикалық жағдайларды анықтау; педагогика ғылымы жетістіктеріне сәйкес тиімді ұйымдастыру жолдарын анықтау сияқты бағыттар бойынша жүргізілген жұмыстар Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кәсіптік білім беру рөлін арттыруды қамтамасыз етеді.
Білім берудің әртүрлі жүйелерінде тәжірибелік-бағдарлы оқытуды ұйымдастыру мәселесіне отандық, алыс-жақын шетелдік ғалымдар ерекше назар аударып отырған. Қазақстан Республикасында кәсіптік білім беруде А.П.Сейтешевтің, Л.А.Умановтың, Б.А.Әбдікәрімов, Ж.А.Қараев, А.К.Құсайынов, Б.К.Момынбаев, Д.М.Жусубалиева, Г.К.Нұрғалиева, Е.Ы.Бидайбеков, Г.Т.Хайруллин, М.Н.Сарыбеков, И.А.Нәбидің және т.б., сол сияқты ресейлік ғалымдар Ю.К. Бабанскийдің, Н.В. Кузьминнің, В.А. Сластениннің, В.И. Андреевтің, В.М. Монаховтың және т.б. өз еңбектерінде тәжірибелік-бағдарлы білім беру мәселелеріне қатысты көптеген ойлар айтылды.
Сонымен бірге, тәжірибелік-бағдарлы білім беру бойынша кәсіптік білім беру саласында жүйелі және жоспарлы зерттеулер Ресей Федерациясында, Украина, Беларусь, Эстония, Өзбекстанда жүзеге асырылуда. Сол сияқты АҚШ, Германия, Жапония, Франция, Норвегия, Швеция және т.б.елдерде кәсіптік білім берудің тәжірибелік бағытын жүзеге асыруға қатысты біршама тәжірибе жинақталған.
Бірақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде оқытудың тиімді формалары мен әдістерін, технологияларды қолдануды жетілдіруге әлі де болса жеткілікті назар аударылды деп айтуға болмайды. Себебі, тәжірибелік-бағдарлы оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану мәселелері әліде болса ғылыми тұрғдан да, әдістемелік тұрғыдан да жүйелі зерттеуді қажет етеді.
Осыған байланысты, біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі проблемасы - кәсіптік білім беру колледждерінде тәжірибелік-бағдарлы оқыту жағдайында белсенді оқыту әдістерін тиімді қолдану мүмкіндіктерін зерттеу болып табылады.
Сонымен, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде өндірістік сала талаптарына сай қызмет көрсете алатын мамандарды дайындау зерттеуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Олардың қатарына жататындар:
- кәсіптік білім беру мазмұны жұмыс берушілер талабына сәйкес ұйымдастыруды қажет етеді;
- қазіргі талаптарға сай білім беруді ұйымдастыруда тәжірибелік-бағдарлы оқытуды енгізудің өндірістік процестің өзіндік ерекшеліктерімен үйлестіре жүргізу жолдары анықлмаған.
Бұл мәселелерді шешу жолдарын анықтау мақсатында тұжырымдалған дипломдық жұмыстың тақырыбы: Тәжірибелік-бағдарлық жағдайлардағы кәсіптік білім беруде белсенді оқыту әдістерін қолдану
Зерттеу жұмысы болжамдамасы: егер тәжірибелік-бағдарлы оқыту идеяларына сай белсенді оқыту әдістерін кәсіптік білім беруде жүйелі қолданылып отырса, онда білім беруді заманауи талаптарға сай жүзеге асыра отырып, жұмыс берушілердің талаптарына қоғамдық талаптармен үйлестіре қанағаттандыратын мамандарды дайындаудың тиімділігі мен сапасы артады, сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі ықпалдылығын арттыру мүмкіндігін береді.
Сәйкес зерттеу жұмысының мақсаты: Кәсіптік білім беру колледждерінде тәжірибелік-бағдарлы оқыту жағдайында белсенді оқыту әдістерін қолдану мүмкіндіктерін анықтау.
Зерттеу міндеттері:
- тәжірибелік-бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың шетелдік және отандық тәжірибелерін талдау;
- техникалық және кәсіптік білім беруде тәжірибелік-бағдарлы оқытудың құрылымы мен мазмұнын негіздеу;
- тәжірибелік-бағдарлы оқытуды жүзеге асыруда белсенді оқыту әдістерін қолданудың педагогикалық шарттарын анықтау;
-техникалық және кәсіптік білім берудің тәжірибелік-бағдарлық жүйесінде белсенді оқыту әдістерін қолдануға қатысты әдістемелік нұсқаулар дайындау.
Зерттеу пәні: кәсіптік колледждердегі оқыту процесі;
Зерттеу объектісі: белсенді оқыту әдістерін қолдану жүйесі;
Зерттеу әдістері: педагогикалық бақылау, талдау, тәжірибелік-педагогикалық жұмыс.
Зерттеудің ғылыми маңыздылығы кәсіптік білім беру жүйесінде тәжірибелік-бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік аспектілерін, онда белсенді оқыту әдістерін қолдану мүмкіндігін беретін мазмұнды меңгеру тәсілдерін анықтау, оларды мамандық талаптарына сай қолданылатын тәжірибелік-бағдарлы әдістерін саралау болып табылады;
Зерттеудің практикалық құндылығы: тәжірибелік-бағдарлы оқыту идеясына сай анықталған білімдерді меңгеру тиімділігін арттыратын белсенді оқыту әдістері бойынша әдістемелік нұсқаулар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттары, әдістемелік қызметтер, кәсіпорындар және т.б. кәсіби білім беру жүйесі қызметтерінде қолдану мүмкіндігі бар.
Зерттеу базасы: Кәсіптік білім беру колледждері
1Кәсіптік білім жүйесінде тәжірибелік-бағдарлы оқытуды жүзеге асырудың теориялық мәселелері
1.1Тәжірибелік-бағдарлы кәсіптік білім беруді ұйымдастыру ерекшеліктері
Кәсіптік білім беруді қазіргі заман талаптарына сай модернизациялау барысында өндірістің өзбетінше, творчестволық, бастамашылдық кәсіпкерлік, пайда түсіруге қабілетті, жаңа идеялар ұсынып, өңдей білуге, экономикалық жағынан пайдалы жобаларды жүзеге асыра алатын және дәстүрлі емес шешімдерді таба білетін мамандарға деген қажеттілікті ескере отырып жүргізу қажет.
Қоғамдағы өзгерістерге сай өндірістегі аталып отырған қажеттілікті қанағаттандырудың және болашақ мамандарды әлеуметтік-экономикалық түрлендірулерге қатыстырудың әдіснамалық аспектісі білім алушылардың кәсіби қалыптасуын ұйымдастыру болып табылады. Бұл міндеттерді шешу кәсіптік білім беруді тәжірибелік-бағдарлы оқыту негізінде жүзеге асырыла алады.
Мемлекеттік тұрғыдан алғанда да бұл бағыттағы оқытуды ұйымдастыру кәсіптік білім беру жүйесінің қолданбалы, тәжірибелік сипатын күшейту, оның экономиканың, ғылымның, қоғамдық өмірдің талаптарына үйлесімділігін де қамтамасыз ете алады.
Бірақ дәл осындай қажеттілігі болып тұрса да, заманауи кәсіптік білім берудегі тәжірибелік-бағдарлы оқытудың мүмкіндіктерін анықтау бойынша әлі де болса теориялық және әдістемелік зерттеулер қажеттілігі бар екенін көруге болады. Бұл мәселе педагогикалық жағынан да жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Сондықтан кәсіптік білім беру мекемелерінде тәжірибелік-бағдарлы білім беру ортасын құру, оның болашақ маман тұлғасы қалыптасуына, тұлға ретінде өзін жетілдіруіне әсерін анықтау маңызды педагогикалық проблемалар қатарына жатады.
Оқытуды тәжірибелік-бағдарлық тұрғыдан ұйымдастырудың мәнін айқындайтын болсақ, бір бірінен айырмашылығы бар үш түрлі тұрғыдан қарастыруға болады. Бұл айырмашылықтар білім беру құраушыларын қамту дәрежесімен, тәжірибелік-бағдарлы оқыту жүйесінде қалыптасатын білім алушылар мен оқытушылардың атқаратын қызметтерімен анықталады.
Тар мағыналық тұрғыдағы тәжірибелік-бағдарлық оқыту білім алушыларды оқу, өндірістік және практикалық жұмыстарда кәсіби ортаға тереңдете ендірумен сипатталады. Бұл бағыт Ю. Ветров, Н. Клушин зертеулерінде баса қарастырылған.[3]
Сол сияқты Т. Дмитриенко, П. Образцов еңбектерінде тәжірибелік-бағдарлы оқытудың екінші тұрғысы бейімдік және бейімдік емес пәндерді оқыту кәсіби бағытталған контекстік оқып үйрену мүмкіндіктеріне сай кәсіптік бағдарлы оқыту технологияларын, әдістемелерін болашақ мамандық бойынша кәсіптік іс-әрекетін модельдей отырып қолдануды зерттеумен байланысты қарастырылды. .[4]
Ал Ф.Г.Ялалов іс-әрекеттік-құзіреттілік парадигмасын тұжырымдай отырып, тәжірибелік-бағдарлы оқытудың кең түрдегі тұрғысына сәйкес тәжірибелік-бағдарлық білім беру білім, білік, дағдыларды меңгертумен қатар, кәсіби және әлеуметтік маңызды біліктерге қол жеткізу мақсатында практикалық іс-әрекет тәжірибесін игеруге бағытталуы қажет деп түсіндірді. Бұл білім алушылардың практикалық іске тікелей қатысуын ұйымдастырумен қатар, педагог белсенділігімен салыстыруға болатындай олардың белсенділігін арттырады. Теориялық материалды менңгеруді мотивациялау практикалық тапсырмаларды орындау қажеттілігінен туындайды. Тәжірибелік-бағдарлық тұрғының бұл түрі іс-әрекеттік-құзіреттілік тұрғы болып табылады. [5]
Демек, тәжірибелік-бағдарлық білім беруді ұйымдастыру үшін іс-әрекеттік-құзіреттілік тұрғыдан жаңаша ұйымдастыру қажеттілігі бар.
Дәстүрлі білім берудегі білім, білік, дағдыларға бағытталудан, тәжірибелік бағдарлы білім беруде білім, білік, дағдылардан басқа-практикалық іс-әрекет тәжірибесін меңгеруге бағытталған.
Дәстүрлі білім беруде жүзеге асырылады: білім - білік-дағды тізбегі болатын болса, тәжірибелік-бағдарлы білім беруде білім - білік - дағды - іс-әрекет тәжірибесі деп толықтыру жүргізуге болады екен.
Қазіргі кезде жұмыс берушілер кәсіптік қалыптасуына байланысты тікелей кәсіптік іс-әрекеттке қатысты практикалық міндеттерді шеше білу қабілеттілігі де қалыптасуын талап етеді. Яғни білім алушылардың болашақ мамандықтарына қатысты кәсіби іс-әрекетке қабілеттілігін дамытатын практикалық тапсырмаларды орындай білмеуіне қатысты, кәсіби біліктілігі төмен мамандар ретінде қабылдайды. Олардың бәсеке қабілеттілігі төмендігі байқалады.
Бұл байқалған кемшіліктерді жеңу үшін кәсіптік білім беру принциптерін, әдістерін және кәсіптік білім беру мазмұнын қалыптастыру мазмұнын қайта қарауды қажет етеді.
Тәжірибелік-бағдарлық оқыту принциптері ретінде диалогизмді және тәжірибелік-бағдарлылықты бөліп көрсетуге болады. Бұл принциптердің жүзеге асырылуы болашақ мамандарда диалогтық қарым-қатынас дағдыларын, әріптестері пікірі мен көзқарастарына толеранттылықпен қарауды, жалпы жағдайлардан проблеманы көре білуді, оны шешудің тиімді жолдарын көре білуді, нәтижелерді болжамдай және талдай білуді қалыптастырады. Және бұлар маманның кәсіби біліктілігі критерийлері қатарына жатады.
Бұл принциптерді жүзеге асыру негізіне салынатын қағидалар мыналар:
-бірте-бірте күрделене түсетін нақты кәсіби міндеттерді шешу;
-мамандардың кәсіби іс-әрекетін жеке, кіші топтар және үлкен ұжымда атқарту;
-ғылым мен практиканың түрлі саласына қатысты білімдер мен әдістерді интеграциялау.
Біз сол сияқты тәжірибелік-бағдарлық оқытуда ескерілуі тиіс принциптер қатарында келесі принциптерді де жүзеге асыру тиімді деп есептейміз:
- тәжірибелік-бағдарлық мақсат қоя білу принципі;
-жекелеген білім траекториясын таңдау принципі;
-оқыту продуктивтілігі принципі;
-білім алушының білімдік продукциясының біріншілігі принципі;
-оқытудың ситуативтілігі принципі;
-білімдік рефлексия принципі.
Ал бұл принциптерді жүзеге асыруда келесі шарттар орындалуы тиіс:
-оқу процесін мотивациялық қамтамасыз ету;
-оқытуды практикамен байланыстыру;
-оқытудағы білім алушылардың саналылығы мен белсенділігі.
Тәжірибелік-бағдарлық оқытуда білім алушылардың ішкі мотивациясы дамиды, себебі, талқыланған проблеманы шешу тәсілін таңдап алу мүмкіндігі болады, олар өзінің біліктілігін сезінеді, өзінің дербестігін басынан кешіре алады.
Тәжірибелік-бағдарлық оқыту кәсіптік колледждерде алғашқы күннен басталып, ары қарай білім алушы тұлғасының кәсіби құзіреттілігін кезеңдеп қалыптастырумен жалғастырылуы қажет. Енді осы кезеңдер мәнін аша кетейік.
1-кезеңді мағыналық кезең деп атайды. Бұл кезеңде білім беру кеңістігіне бейімделу жүреді. Білім алушыларда мәдени сұраныстар және қажеттіліктер, өзінің болашақ мамандығының мәні мен әлеуметтік құндылығын түсіну, оған қатысты тұрақты қызығушылықты қалыптастыру жүзеге асады.
2-кезеңді - құндылықтық кезең деп атуға болады.
Мұнда білім алушылардың кәсіби қызығушылықтары бекіп, қалыптасып, тереңдетіле түседі. Кәсіби және тұлғалық даму міндеттерін анықтауда өзбетіншелік байқалады.
Лабораториялық-практикалық жұмыстар оқу материалының негізгі теориялық қағидаларын бекітіп қана қоймай, болжамдауға, жоспарлауға үйрену жүретін жекелеген іс-әрекетіне бағытталады, диалог барысында оқу тапсырмасын орындаудағы өзінің таңдап алған шешімі бойынша позициясын, пікірін ашып көрсетеді, өз іс-әрекетін өзбетінше орындай алады. Лаборатория-практикалық жұмыстар орындауда АКҚ қолдану негізінде ұйымдастырылуы керек.
3-кезең - практикалық. Бұл кезеңде кәсіптік модульдерді меңгеру мен оқу практикасын өту барысында кәсіптік іс-әрекетпен танысу жүреді, өзінің кәсібилігін және белсенділік позициясын топтастыра бағалауға дайындық жүзеге асырылады.
Бұл кезеңде кіші топтарға бірлесіп диалог негізінде жобалар жасауға қатыса алады. Мұнда диалог проблеманы және оны шешу жолдарын анықтау құралы болып табылады. Сол сияқты пәндік саланы оқып үйренуден оны жүзеге асыруға дейінгі проблеманы бөліп көрсетуге дейінгі зерттеу іс-әрекетінің толық циклы жүзеге асырылады.
Оқу практикасының нәтижесі мамандар жетекшілігімен жасалған, өзекті проблемалар қатарынан бөлініп алынған, көлемі бойынша шағын міндеттерді шешу бойынша бағдарламалық өнім болуы мүмкін. Практикалық жұмыстардан басқа болашақ мамандар өндірістің нақты проблемаларымен, олардың қойылуымен, шешілуімен, құжаттау мен презентациялау ерекшеліктерімен танысады.
4-кезең - қорытындылау кезеңі.
Мұнда өзінің меншікті іс-әрекетін ұйымдастыру, кәсіптік міндеттерді атқаруға қатысты типтік әдістер мен оларды орындау тәсілдерін, тиімділігі мен сапасын бағалауға дайындығы қалыптасады.
Бұл кезеңге қатыстылар:
-кәсіптік іс-әрекет бойынша өндірістік практика, кәсіптік модуль бойынша емтихан тапсыру;
-диплом алдындағы практика және дипломдық жоба қорғау .
Бұл кезеңнің міндеттері нақты өндіріс базасында кәсіптік іс-әрекеттің практикалық тәжірибесін қалыптастыру, кәсіптік іс-әрекет түрі бойынша кәсіби және жалпы құзіреттіліктерді меңгеру, өндіріс жағдайында өз бетінше іс-әрекет жасау мүмкіндіктерін тексеру міндеттері атқарылады. [6]
Осылайша, тәжірибелік-бағдарлық пен диалог арқасында қажетті кәсіби білік, дағдылар минимумын, ұйымдастыру тәжірибесін, теориялық білімдер, кәсіби жұмылушылығы мен біліктілігін меңгеру құзыреттілігіне ие бола алады. Бұлардың барлығы білім алушылардың бәсеке қабілеттілігін көтереді.
Техникалық және кәсіптік білім беру колледжіндегі тәжірибелік - бағдарлық білім беру бірқатар критеийлер мен оның мазмұнын анықтайтын бағыттарға сүйене отырып жүргізуге болады. (Келесі кестені қараңыз.)
Кесте1-тәжірибелік-бағдарлық білім беру критерийлері мен бағыттары
Критерийлер
Тәжірибелік-бағдарлық білім беру бағыттары
1. Оқу процесінде, оның ішінде білім беру мазмұнын анықтаудағы негізгі тұрғы
Іс-әрекеттік-біліктік
2.Оқыту процесіндегі негізгі тұлғалық қасиеттер
Практикалық біліктер мен дағдылар
3.Оқу сабақтарының негізгі формалары мен әдістемелік тәсілдері
Практикумдар, тренингтер, шеберлік-сыныптары, жобалау технология-лары, оқу-шығармашылық форма-лары
4.Оқу процесін қамтамасыз ететін педагогтар
Тәжірибелі мамандар, творчестволық қызметкерлер т.с.с.
5Оқу процесінде дамитын негізгі ойлау операциялары
Творчестволық іс-әрекет синтезі
6.Меңгерілетін білімдердің негізгі сипаты
Творчестволық технология
7.Аралық аттестациялаудың негізгі формалары
Дифференцияланған сынақ
8.Қорытынды аттестациялау формалары
Презентациялау
Көріп отырғанымыздай, тәжірибелік-бағдарлық оқыту білім беру жүйесін еңбек нарығы қажеттіліктерімен байланыстыра отырып, жұмыс берушілер мен білім алушылардың сұраныстарын қанағаттандыра алады.
1.2Тәжірибелік-бағдарлы кәсіптік білім берудің оқыту әдістерімен байланысы
Қазіргі кезде білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру міндетін жүзеге асыру тиісті көңіл бөлуді қажет етеді.
Кәсіптік білім беру барысында инновациялық оқыту әдістерін қолдана отырып, тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін жалпы оқыту әдістеріне қатысты зерттеулер тарихын талдаудың маңызы зор.
Ұлы ғалым-педагогтар (Әл-Фараби, Я.А.Коменский, И.Г. Песталоцци, Ж.Ж.Руссо, И.Герберт, А.Дистервег, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин т.б) оқыту әдістерін қолдану арқылы білім алушылардың ақыл-ой қабілеттері мен дербестігін дамытуға баса назар аударғаны тегін емес. [7]
Жалпы оқыту әдістерінің өзіне тән тарихы бар және оның қалыптасуына үлес қосқандар қатарында 20-жылдары ресейлік Б.Е.Райков, К.И.Ягодовский, М.М.Пистрак оқытудың түсіндірме, тәжірибелік еңбек, эвристикалық, зерттеу, лабораториялық әдістерін ұсынды. 30-жылдары Ресейлік М.М.Пистрак, П.Н.Щимбириев, И.Т.Огородников оқытудың жаңа әдістерін: әңгіме, әңгімелесу, көрсету, демонстрация, лекция, кітаппен жұмыс, лабораториялық жұмыс әдістерін ұсынды. 50-жылдары Д.О.Лордкипанидзе әдістерді топтастыра отырып, сөздік, кітаппен жұмыс, оқыту-практикалық деп оларды үшке бөліп көрсетті. 60-жылдары Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин білім көзін негізге ала отырып, оқыту әдістерінің сөздік, көрнекілік, практикалық әдістері ерекшеліктерін қайта тұжырымдап берді. Дидакт ғалымдар И.А.Данилов пен Б.П.Есипов әдістер классификациясын (жіктеп-топтау) жасағанда оқыту үдерісінде іске асырылатын дидактикалық міндеттерді негіз етіп алды да, сәйкес: жаңа білімді меңгеру, білікті, дағдыны қалыптастыру, білімді қолдану, бекіту, шығармашылық іс-әрекетін дамыту әдістері деп топтастырды. Ары қарай оқыту әдістерін дидактикалық тұрғыдан зерттеуге С.Т.Шацкий, Н.А.Менчинская, В.В.Краевский, М.И.Паламарчук, С.Г.Шаповаленко, А.Н.Леонтьев, Г.И.Щукина, И.Д.Зверев, М.Н.Скаткин, Ю.К.Бабанский, Б.Т.Лихачев, И.Ф.Харламов, Р.Г.Лемберг, Н.А.Сорокин т.б.сияқты ғалымдар көп үлес қосты. [8]
Ал Қазақстанда оқыту үдерісінің нәтижелі және сапалы болуын қамтамасыз етуді оқыту әдістерін тиімді шығармашылықпен қолдануға байланыстылығын зерттеген Р.Г.Лемберг, Т.С.Сабыров, Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев және тағы басқалардың еңбектерін атауға болады. [9]
Қазіргі кәсіби мектепте берілетін білімнің тұжырымдамасы, мемлекеттік стандарты, жаңа типтік оқу жоспары мен бағдарламалары жасалып, кәсіби білім берудегі оқыту әдістерін жаңаша қолдана отырып, инновацияландыру мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр. Кәсіби білімнің мазмұны өзгерумен бірге жүйедегі әрбір пән бойынша білім мазмұнын оқытудың әдістемесі де түбегейлі өзгеріп отыр. Осыған байланысты жаңаша талаптарға сай жекелеген пәндерді оқып үйренуді ұйымдастыру барысында қолданылатын әр алуан әдістерді де жетілдіре отыру қажеттілігі байқалады.
Қазіргі кәсіптік білім беру колледждерінде білім алушыларда мамандыққа дайындауда өзінің негізгі міндеттерін анықтай отырып, қажетті білімдер, біліктер мен дағдылардың жиынтығымен салыстырғанда, алған білімдерді өзбетінше өмір сүру жағдайында жаңа ситуацияларда алынған білімдерді қолдана білуге баса назар аударады, сол сияқты стандартты емес ойлауға, талдауға және өз көзқарастарын негіздеуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл міндеттерді шешу үшін білім берудің тиімді формаларын, жаңа педагогикалық технологиялар, белсенді оқыту әдістерін қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды қажет етеді.
Осылардың ішінде, біз өз зерттеуімізде тәжірибелік-бағдарлы оқытуды жүзеге асыру барысында белсенді оқыту әдістерін жаңаша қолдану мәселелерін қарастыруды мақсат етіп отырмыз.
Себебі, педагогтың негізгі іс-әрекеті білім алушыларды дамыту, тәрбиелеу және оқыту міндеттері оқыту әдістері мен тәсілдері көмегімен жүзеге асырылады.
Әдіс ұғымы грек тіліндегі methodos - зерттеу жолы деген ұғымынан шығады. Педагог-ғалым Ю.А.Конаржевский оқыту әдісін оқу сабақтарының маңызды компоненті, сабақ мақсаттарына қол жеткізудің басты кілті, оқу процесінің барлық жақтарымен тығыз байланысты, ең қозғалмалы және динамикалық компоненті болып табылады деп атап көрсеткен. [10]
Оқыту әдістері - білім алушылардың білім, білік, дағдыларды меңгеруіне, танымдық мақсатқа қол жеткізуге көмектесетін педагогтың жұмыс құралы болып табылады.
Оқыту әдістері - оқу-тәрбиелік міндеттерді шешу үшін қажетті білімдер, біліктер және дағдыларды қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушының іс-әрекетінің негізгі түрлері.
Оқыту әдістері - мақсаттарға қол жеткізу жолдары, тәсілдері жиынтығы.
Сол сияқты И.Д.Зверев оқыту әдісіне келесі анықтаманы берді: Оқыту әдістері - білім беру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған мұғалім мен оқушылардың өзара байланысты іс-әрекетінің реттелген тәсілдері. Бұл іс-әрекет таным көздерін және таным процесін мұғалімнің басқару тәсілдерін қолдануда байқалады. [11]
Оқыту әдістері бұл - тарихи категория. Өндірістің дамуы және өзгеру сипаты оқыту мақсатының өзгеруіне әкеледі. Мақсаттың өзгеруімен оқыту әдістері де өзгеріп отырады.
Сол сияқты педагогикалық оқулықтарда да оқыту әдістері туралы бірқатар анықтамалар тұжырымдалған.
Ж.Б.Қоянбаевтың Педагогика оқулығында: Әдіс - білім беру, тәрбиелеу және дамыту барысында белгіленген мақсатқа жетуді қамтамасыз етуге, ғылымда зерттеуді жүзеге асыруға көмектесетін тәсіл, алға қойған міндеттерді шешу үшін ұйымдастырылған адамдардың, ұжымдардың іс-әрекетінің бір жолы - деп қарастырады [12].
С.Б.Бабаев Жалпы педагогика оқулығында : Оқу әдісі - білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушылардың бірлікті іс-әрекеттік қимыл-тәсілдері - деп анықтайды [ 13].
С.Қазыбаевтің пікірінше: Оқыту әдісі - студенттердің дүниетанымын қалыптастыру, қабілетін дамыту, оларға білім, білік, дағдыны меңгерту жолындағы мұғалім мен студенттердің өзара бірліктегі атқаратын жұмыстарының тәсілі - деп анықталады [14].
Бұл анықтамалардың бәріне ортақ нәрсе, біздің пайымдауымызша - белгілі бір мақсатты көздеген мұғалім мен білім алушылар арасындағы өзара қарым-қатынас жолы және іс-әрекет - деп тұжырымдау әдіс ұғымының кәсіптік білім беруде бүгінгі талаптарға сай қолданылуының басты ерекшелігін көрсетеді.
Берілген анықтамаларға сүйене отырып, оқыту әдістері - оқытудың мақсат-міндеттеріне сай, оның мазмұнын білім алушыларға меңгертуде мұғаліммен бірге қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы деп жалпы тұжырым жасауға болады.
Демек, оқыту әдісі - білім алушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен білім алушыларыдың бірлесіп жасайтын қызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары ретінде қарастырылады.
Оқыту әдістері - оқытушы мен білім алушылардың жұмыс істеу әдісі ретінде білім, іскерлік, дағдыны қалыптастырып, біілім алушылардың дүние танымдылығы мен қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Біз білім беру жүйесін жетілдіруде маңызы зор белсенді оқыту әдістеріне тоқталамыз. Оқыту әдістерінің көптүрлілігі, оларды топтастыру педагогика саласында талас тудыратын күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Демек, әдістер жүйесі мәнін анықтау маңызды мәселелер қатарына жатады деп айтуға болады.
Әдістер жүйесі - нақты әдістердің нәтижелілігімен анықталатын компоненттерімен ішкі байланыста болып табылатын жиынтық деп қарастыруға болады. Бұл жиынтықта таным әдістерін басқару жүйесін, білім алушылардың дайын білімдерді алудан танымдық міндеттерді өзбетінше шешуге дейін оқу материалымен жұмыс істеуде қолданылатын жүйені құрайды.
Әдістер мәні оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру тәсілімен, олардың белсенділігімен, танымдық күштері мен қабілеттіліктерін дамытумен анықталады.
Оқыту әдістерін қолдануға қатысты қазақ халқының ағартушысы Ы.Алтынсаринның пікірінің бүгінгі күн үшін де мәні ерекше. Ол: Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кінәламай, оларға дұрыс түсіндіре алмағаны үшін өзін-өзі кіналауы керек. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлеп, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан, әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру керек. Бұл әдісті қолданғанда мұғалім студенттерге білім берумен қатар, олардың таным белсенділігін арттыруға қатысты әрекет жасайды. Мұғалімнің оқу материалын ауызша баяндауы көп жағдайда түрлі көрнекі және техникалық құралдарды пайдаланумен ұштастырылады [15].
Оқыту әдістерін жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Оқыту әдістерінің тиімділігін арттырып, оқытудың жаңа формалары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша мән беріледі.
Алайда, оқыту әдісін қайта құру - күрделі процестің бірі. Кейбір әдістерді қолдануда біржақты асыра сілтеушілікке жол бермеу керек. Тіпті әр тақырыптың өзі де оқытудың ерекше тәсілдері мен жолдарын талап етеді. Сондықтан, оқытуда әртүрлі әдістерді қолдану қажет.
Оқыту әдістерін қолдану үшін педагогтың оларды таңдап алуы да белгілі шарттардың орындалуын қажет етеді.
1)Оқыту әдістерін оның мақсат-міндеттеріне, жас және таным әрекетінің ерекшеліктеріне сай колдану.
2)Қолда бар нақтылы көрнекі және техника құралдарын, кабинет жабдықтарын ескеру.
3) Географиялық орналасуын ескеру.
4)Мұғалімнің іс-тәжірибесінің шығармашылық сипатына, тікелей байланысты шараларды іске асыру.
Кәсіби білім беру жүйесінде білім алушылардың танымдық-оқу және өндірістік-оқу қызметін ұйымдастыру және оларды жүзеге асыру тобына мұғалімнің басшылығымен репродуктивтік немесе өнімділік бағыттарда өз бетімен жүзеге асырылатын, индуктивтік және дедуктивтік тұрғыдан іске асырылатын ауызша, көрнекілік және практикалық (тәжірибелік) әдістер көптеп қолданылады.
Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, оқыту әдістері - оқытудың мақсат-міндеттеріне сай оның мазмұнын білім алушыларға меңгертуде мұғалім мен білім алушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы деп қарастыруға болады. Оқытушы оқыту әдістерінің көмегімен білім беріп, білім алушылардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін олардың таным әрекетіне басшылық етумен байланыстырады, ойөрісінің дамуы, оқутаным үдерісін ұйымдастырудың түрлі әдістәсілдерінің дамуы берілген білім мазмұнын меңгеруді жеңілдетіп отыр. Яғни, білім алушылардың өзіндік дамуы өріс алған уақытта біліктілік пен дағдыны қалыптастыруына, толықтыруына мүмкіндік ашатын оқыту әдістерін ұйымдастыру қазіргі күннің өзекті мәселесі.
Оқыту әдістері - күрделі, көпжақты, көпсапалы құбылыс. Оқыту әдістері арқылы объективтік заңдылықтар, мақсаттар, мазмұн, принциптер, оқыту формалары бейнеленеді.
Оқыту әдістерін қолдану барысында М.М.Левинаның бөліп көрсеткен белсенді оқыту әдістеріне тән қасиеттерді ескеріп отыру қажеттілігі бар:
-әдіс - іс-әрекеттің өзі емес, оны жүзеге асыру тәсілі, бұл мұғалім тарапынан схемаланған және жобаланатын іс-әрекет тәсілі, демек, міндетті түрде саналы;
-әдіс міндетті түрде сабақ мақсаттарына сәйкес болуы керек;
-әдіс міндетті түрде дұрыс қолданылуы қажет;
-әрбір әдістің өзінің пәндік мазмұны болуы керек;
-әдіс барлық уақытта әрекет етуші тұлғаға тән.
Жалпылай алғанда, әдістерді үлкен үш топқа бөледі. Олар:
-Енжар әдістер;
-Интерактивті әдістер;
-Белсенді әдістер. [16].
Енжар әдістер - мұғалім сабақта негізгі әрекет етуші және басқарушы, ал оқушылар жай тыңдаушылар ретінде мұғалімге толық бағынатын, мұғалім мен оқушылардың өзара әсерлесу формасы. Мұғалімдер мен оқушылардың байланысы енжар сабақтарда сұраулар, өзіндік, бақылау жұмыстары, тесттер т.с.с. Қазіргі педагогикалық көзқарастар тұрғысынан енжар оқыту әдістері оқу материалын меңгеру тиімділігін қамтамасыз етуде ең тиімсізі болып табылады. Бірақ жақсы жақтары да бар. Олар: мұғалімнің сабаққа дайындалуын жеңілдетеді, аз уақыт ішінде оқу материалыныа қатысты көп ақпарат беру мүмкіндігі бар.
Қазіргі өткізіліп жүрген дәрістер әдістердің ең енжар түрі болып табылады.
Интерактивті оқыту әдістері - өзара әсерлесуді, әңгімелесу, диалог режимінде болуды білдіреді. Интерактивті оқыту әдістері оқушылардың мұғаліммен ғана емес, бір-бірімен де кеңінен өзара әсерлесуін және мұндағы оқушылардың белсенділігі басымдылығын білдіреді.
Белсенді оқыту әдістері - оқушылар мен мұғалімдердің бір-бірімен өзара әсерлесуін, сонымен бірге оқушылардың енжар тыңдаушылар ғана емес, сабақтың белсенді қатысушылары болып табылатын формасы. Интерактивті оқыту әдістерін белсенді оқыту әдістерінің ең жаңа формасы деп те қарастыруға болады.
Белсенді оқыту әдістері білім алушылар іс-әрекеті продуктивті, творчестволық, ізденістік сипатта болуын негіздейтін оқыту әдістері. Белсенді оқыту әдістеріне жататындар: дидактикалық ойындар, нақты ситуацияларды талдау, проблемалық есептерді шешу, алгоритм бойынша оқыту, мимен шабуыл, ұғымдармен амалдар жасау және т.б.
Демек, бүгінгі күнгі заман талабына сай тәжірибелік-бағдарлы оқытуда да әртүрлі негіздерде жіктелген оқыту әдістерін қолдану мүмкіндіктерін зерттеу қажеттілігі бар. Оның ішінде бізді белсенді оқыту әдістерін қолдану ерекшеліктері қызықтырады.
1.3 Тәжірибелік-бағдарлы кәсіби білім берудегі белсенді оқыту әдістері
Белсенді оқыту әдістері білім алушылардың оқу материалдарын меңгеруде белсенді ойша және практикалық іс-әрекет етуге жол ашады.
Белсенді оқыту әдістері қызметтері төмендегідей сипатталады:
- оқушылардың ойлауын белсендіру;
-оқушыларды проблеманы өз еркімен шығармашылықпен шешуге ынталандыру;
-материалды түпкілікті меңгеру есебінен оқытудың тиімділігін арттырады.
Белсенді оқыту әдістері имитациялық және имитациялық емес болып бөліенді.
Имитациялық емес белсенді оқыту әдістері оқушылардың танымдық іс-әрекетін интенсивтендіруге (қарқынды күшейтуге) бағытталған. Ал оның кемшілігі, шартты жағдайда нақты жағдайдың имитациясының болмауы. Белсенді оқыту әдістеріне нақты тақырып бойынша өткізілетін арнайы семинарлар жатады. Бұл жерде оқушылар сөйлейтін тақырыбын алады да, соған байланысты тақырыпты өз бетімен қарастырады және соның негізінде баяндама дайындайды. Семинардың кемшілігі оған тек баяндаманы оқитын оқушы ғана дайындалады, ал топтағы қалған оқушылар үнсіз қалып, қатыспауы мүмкін.
Имитациялық белсенді оқыту әдістері (іс-әрекетті имитациялау) ойындық және ойындық емес болып бөлінеді[17].
Ойындық емес белсенді оқыту әдістеріне нақты жағдайлар әдістері, имитациялық жаттығулар, оқушылардың шешім табуы, компьютердегі жеке тренингтер жатады. Бұл жердегі басты талап - үзіліссіз және рөлдік ойнаусыз өткізу. Мысалы, нақты жағдайлар әдісінде оқушыларға жағдай сипатталады да, соған байланысты бақылау сұрақтары қойылады, содан кейін проблема бойынша дискуссия ұйымдастырылып, қорытындыланады.
Ойындық (имитациялық) белсенді оқыту әдістеріне іскерлік ойындар, оқу ойыны, рөлдік ойнау әдісі, компъютерлік жеке ойын тренингі жатады.
Соңғы он жылдықта педагогика ғылымындағы белгілі әдістерді қайта өңдеу немесе заманауи әдістерді білім беру бағдарламасына енгізу өте маңызды мәселе болып отыр. Қазіргі кезде оқытудың білім беру, дамыту, тәрбиелеу қызметтерінің өзара байланысын тудыратын заманауи әдістер енгізілуде. Қолданылып жүрген заманауи әдістер оқушыларға табыс әкеліп жатқаны белгілі. Ойын әрекетінің психологиялық механизмі өзін-өзі көрсету, өзін-өзі айқындау, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі жүзеге асыру сияқты жеке қажеттілігіне, өзіндік мен тұжырымдамасының іргетасына сүйенеді.
Инсценизация әдісі түрлі формада, мысалы, алдын ала диалог, нақты тақырыпқа арналған дискуссия, театрланған көрініс формасы.
Генерациялау идея әдісі ми шабуылы арқылы (мозговая атака) қатысушылар қиын мәселеге көңіл аударып, өздерінің идеяларын айтып, оның шешілу жолын қарастырады.
Ойын әрекеті төмендегідей қызмет атқарады:
- көңіл көтеру, қызығушылығын ояту;
- қарым-қатынастық, қатынас жасау диалектикасын меңгеру;
- өзін көрсету, өз мүмкіндігін жүзеге асыру, адамның тәжірибе жасау алаңы ретінде;
- ойын терапиясы қызметін атқарады, әр түрлі қиындықтар жеңуге үйретеді;
-диагностикалық қалыпты тәртіппен ауытқушылықты, ойын үстінде өзін-өзі тануға көмектеседі;
- коррекциялық, реттеушілік қызмет атқарады. Жеке тұлғаның өмірлік орнын, позициясын өзгертуіне, жеке тұлға құрылымының өзгеруіне көмектеседі;
- ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде барлық адамдар үшін бірдей, жалпы әлуметтік- мәдени құндылықтарды игеруге мүмкіншілік береді;
-әлеуметтенуге, қоғамдық қарым-қатынас жүйесіне қосылуға, адамзаттың бірлесіп өмір сүру нормасын игеруіне ықпал етеді.
Жаңа технологияның өріс алуына орай оқыту үдерісінде интерактивті әдістер, интерактивті оқыту ұғымдарымен жиі кездесеміз. Интерактив сөзі interakt ағылшын тілінің inter - бұл өзара, akt - әрекет жасау деген сөздерінен енген. Осыдан интерактивті әдістер тіркесін оқушылардың өзара әрекет етуіне жағдай жасайтын әдістер, ал интерактивті оқытуды өзара әрекеттесуге негізделіп құрылған оқыту деп түсінуге болады. Интерактивті әдістердің мәні - оқытушының басшылығымен оқушылардың бір - бірімен өзара белсенді байланыста бола отырып, оқу-танымдық нәтижеге жету[18].
Интерактивті оқыту әдістері тіл үйренушілердің өмір тәжірибесімен, біліміне сүйенуге бағытталған. Оқытушының рөлі көбінесе оқу үдерісін ұйымдастырушы, топ басшысы, оқушылардың ынта-ықыласын белсенді ету қалпында көрінеді. М.В.Кларин: Интерактивті және дәстүрлі оқыту әдістерін салыстырғанда, басқарушының (оқытушының) әрекеті өзгереді: оның белсенділігі - оқушылардың белсенділігіне ауысады, оның міндеті - оқушылардың иннициативасына жағдай жасау. Дайын білім бермей, өздігінен ізденуге шақыратын, басқарушының тәжірибесі сияқты, оқушылардың тәжірибесі де қажет, осындай жағдайда оқушылар енжар оқушылар емес, белсенді қатысушылар ретінде болады, - деп ой қорытады[19].
Оқыту үдерісінде оқытушы белсенділігінің орнына оқушы белсенділігі артуы тиіс, ал оқытушының мақсаты - оқушылардың қабілеттерінің шыңдалуына жағдай жасау болып табылады. Егер оқушылар ойын ортасында, біріншіден, іс-әрекет үстінде болатын болса, екіншіден, танымды үдеріске қатысушының бірі болған жағдайда оқыту интерактивті болып саналады.
Қазақстандық педагог ғалымдар интерактивті әдістердің тиімділігін төмендегідей тұжырымдайды:
-ойындар оқушыларды инновациялық іс - әрекетке жетелейді, өзін - өзі тануына түрткі жасайды;
- жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады;
-өзін-өзі басқара білу, өз бетімен алдағы мақсатқа жетуіне көмектеседі;
- алғырлық, тапқырлық, шапшандық қасиеттерін дамытады;
- білімін тереңдетеді, толықтырады;
- сөздік қоры жетіледі, әсіресе ауызекі сөйлеу тілін жетілдіреді. [20]
Қазіргі кезде қарым-қатынас үдерісіне негізделген оқыту - интерактивті оқытуға үлкен көңіл бөлінуде. Оқыту процесі тиімді болу үшін қарым-қатынастың үш жағы да қатысуы керек: 1) ақпараттық ( ақпараттың берілуі және сақталуы); 2) интерактивті (біріккен іс-әрекетте өзара әсердің ұйымдастырылуы); 3) перцептивті (адамның басқа адамды қабылдауы және түсінуі). [20].
Интерактивті оқыту үдерісінде оқу диалогының сөздік емес және сөздік тәсілдері бар.
Сөздік емес оқыту тәсілдері төмендегідей жағдайлармен анықталады:
- визуальды;
- акустикалық және т. б.
Интерактивті оқытудың сөздік тәсілдеріне мыналар жатады:
- ашық сұрақтарды қою іскерлігі (бірікккен дұрыс жаупқа алдын ала бағытталған жауаптар емес, мәселе бойынша әр түрлі көзқарастарды айту);
- оқытушының өз тұғырын өзара әрекеттесуде анықтаушы ретінде емес, сонымен қатар оқушыларға сабақ барысында дұрыс және бұрыс көзқарастарды ешқандай қорқынышсыз айтуларына мүмкіндік беретін бейтарап ретінде анықтауы;
-сабақтан қалай және неге жүзеге асатынын түсінуге көмек беретін сабақты өзіндік талдауға дайындық, қай жерде өзара әрекеттесу тоқырап қалды, бұл қандай жағдаймен байланысты болды, келешекте қалай шешуге болады;
- сабақтың өту жағдайын, оның нәтижелілігін қадағалауға мүмкіндік беретін ескертулерді тіркеу [21].
Сонымен қатар, интерактивті оқыту әдістеріне:
- ақпараттық технологиялар әдісі;
- қашықтан оқыту әдісі;
- тренингтер жатады.
Ақпараттық технологиялар әдісі ақпаратпен жұмыс істей білуді қалыптастыру және қатынас қабілетін дамыту, жеке басты ақпараттық қоғамға дайындау[22].
Білім беруді ақпараттандыру табиғи құбылыстарды кешенді меңгеруге үлкен мүмкіндік тудырады және жаратылыстану, техника және өнер арасында байланыс тудырады.
Жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әр түрлі сабақ материалдарын компъютерде үлгілеуге болады. Компъютердің үлгілеу бағдарламаларын қолдану оқу материалын меңгеруде көрнекілік пен оқу үдерісінің материалды-техникалық қамтамасыз етілуінің жетіспеушіліктерін өтеуге мүмкіндік береді[20].
Жоба әдісі әрдайым бір жағынан, әр түрлі тәсілдерді қолданып, екінші жағынан ғылымның, техниканың, технологияның, шығармашылық білімдердің әр түрлі облыстарындағы білім мен икемділіктің бірігуін, қосылуын қарастыратын қандай да бір мәселеніің шешімін жобалайды немесе болжайды.
Жоба әдісін американ философ және педагогы Д. Дьюи мен оның оқушысы В.Х. Кильпатриктің жетілдірген философиядағы, білім берудің гуманистік бағыттағы идеяларымен байланыстырады. Д. Дьюи оқытуды белсенді түрде, оқушылардың іс-әрекетінің мақсаттылығы арқылы, оның осы білімге деген қызығушылығын ескеріп құруды ұсынды. [23]
Бұл жерде нақты өмірден алынған, баланың әлі де алатын білімдері мен алған білімдерін жинақтауға қажет шешім үшін оқушыға таныс маңызды нәрсе бар. Қайда, қандай мақсатпен деген сұрақ туады. Оқытушы жаңа ақпарат көздерін есіне түсіруі мүмкін және оқушының ойын өз бетінше ізденуі үшін керек бағытта бағыттап жіберуі мүмкін. Нәтижесінде оқушылар мәселені жан-жақты өз бетінше бірігіп отырып шешуі мүмкін. Осылайша бүкіл мәселе жобасы іс-әрекеттің нұсқасын жасайды .
Қазіргі кезде белсенді әдістердің бірі ретінде -түсіндіре оза оқыту әдісін жетілдіре қолдану оң нәтиже беруде. Оның негізгі компоненттерінің бірі сабақта оқушылар еңбегін ұйымдастырудың маңызды кезеңі болып табылатын комментариялық басқару.
Белсенді оқыту әдістерінің келесі бір түрі жетілдірген шағын жаңалықтар әдісі -эвристикалық әңгімелесуге негізделген. Бұл жерде кезекті микропроблема сынып немесе аудитория алдында сұрақ түрінде беріледі және оқушыларға жауап беру тапсырылады. [24]
Диалогты оқыту әдісі тұлға тәуелсіздігіне, еркіндігіне, таңдау құқығына көп мән берілетін жағдайларда жүзеге асырылатын әдіс. Диалог - білім беруді ізгілендірудің, оның оқушылар тұлғасына бағыттылығының қажетті компоненті. Оқу диалогы - оқылатын материалда бар оқу проблемаларын шешу және тұлғалық мәнді іздеу мақсатымен субъект аралық қарым - қатынас ситуацияларын құру деп тұжырымдалады. Диалог құру басқа адамды өз проблемасына қатыстыру. Диалог барысында оқушылар оны әртүрлі деңгейде жүргізу қабілетін және біліктерін меңгереді. Ең алдымен өз Менімен диалог, яғни өз өзімен, өз санасымен қарым - қатынас.
Келесі деңгей болып диалогты сапалы жақтан әртүрлі құндылықты - интеллектуалды тұрғылардың өзара әсерлесу үрдісі ретінде түсінетін тұлғааралық (Мен және басқа адам) деңгей табылады.
Диалогтың үшінші деңгейі - мультидиалог, яғни 5 - 7 адамнан тұратын кіші топтарда мәселелерді талқылау кезінде пайда болатын көпшілікті, бір мезетті диалог.
Диалог оқушылар менің айтқым келгені, менің ойымша, мен толықтырып кетсем, менің көзқарасым бойынша деген пікірлер тұжырымдауынан басталады. Диалог мақсаты - оқушылар оларға өздерін тұлғалық және тұлғааралық деңгейлерде көрсетуге бөгет ететін шарттылықтар (сабақ, оқытушы, баға) туралы ұмытатын табиғи өмірлік әрекетке жақын ситуацияны қалыптастыратын тұлғааралық диалогтік өзара әрекеттесуді құру. Білімдерді алу әдісі ретінде диалогты Сократ қолданған. Сократтық әдіс негізінде күнделікті түсініктерден мәселені философиялық тұрғыдан қарастыру деңгейіне көшу жатады. К.Роджерс пікірі бойынша оқытушы диалогтың екі негізгі қызметін жүзеге асыруы керек: оқушыларды қарым - қатынасқа үйрету және қарым-қатынаста балаға көмектесу. Диалог оқытушының ішкі дүниесінің рухани - құндылықты негіздеріне; балаға деген
сенімге; өзін іздеуге итермелеуге; белсенді өсу және өзіндік дамуға сүйенеді.
Тренинг теориялық (дәрістік) дайындық пен іскерлік ойындардағы практикалық оқытуды байланыстыратын буын. Осыған орай тренинг теория мен практика арасын байланыстыру, біліктер мен қабілеттіліктерді дамыту қызметін атқарады. Тренинг ағылшынның тraining - тәрбиелеу, білм беру, дайындау деген сөзінен шыққан. Тренинг маманға қажет жаттығу, арнайы біліктерді жаттықтыру дегенді білдіреді. Тренинг ең алғаш психологияда жасалып қолданыла бастады және әлі күнге дейін оқушылардың табысты нәтижелерге жетуі жолында үлкен сұранысқа ие [25].
Тренингтік оқыту әдістерінің міндеті:
- білім алушыларды мамандығының үлгісімен таныстыру;
- кәсіби ойлау, өздігінен талдау біліктілігі мен дағдысының, өзінің кәсіби қызметі мен кәсіби өзін дамытуды жобалау тәсілдері мен техникасын меңгеру;
-экономикалық өзін-өзі анықтау дағдысын қалыптастыру, кәсіби маңызды сапалар мен кәәсіби біліктіліктерді жоғарылату (жеке және кәсіптік профильді, пайымдау мазмұны мен деңгейін айқындау);
-кәсіби мәнді тапсырмалар мен оларды қолдануды шешудің құрылымдық-техникалық схемаларын қайта құрау бойынша өз біліктері мен дағдыларын қалыптастыру технологиясын айқындау;
- кәсіби өзін-өзі дамыту мотивациясын ынталандыру. [26]
Бұның нәтижесі оқу барысындағы барлық жеке педагогикалық ықпалдың тұтастығын жүзеге асыратын кәсіби құрылым болмақ.
Қозғалған мәселені қорытындылайтын болсақ, қазіргі оқыту процесінде белсенді оқыту әдістерін кеңінен қолданылуы бүгінгі күн талаптарына сай тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болады. Белсенді оқыту әдістері оқу орнындағы танымдық оқу іс-әрекеті тәжірибесінде, сондай-ақ білім материалын игеруде, оны бекітуде білім, білік, дағдыны жетілдіруде, жеке тұлғаны кәсіптік тұрғыдан дамытуға бағытталған.
Сонымен бұл бөлімде белсенді оқыту әдістеріне анықтама беріліп, олардың өзіндік жіктелуі қарастырылды. Мұндай белсенді оқыту әдістеріне жататындар:
- танымдық (дидактикалық) ойындар әдісі;
- инсценизация әдісі
- генерациялау идея әдісі
- интерактивті оқыту;
- қашықтан оқыту әдісі;
- тренингтік оқыту әдісі;
- проблемалық оқыту әдісі;
- модерация әдісі;
- жоба әдісі;
- шағын жаңалықтар әдісі;
- диалогты оқыту әдісі.
Жіктеліп отырған белсенді оқыту әдістерін кәсіптік білім беру жүйесінде тәжірибелік-бағдарлық оқытуды жүзеге асыруда қолдану білім алушыларды кәсіптік дайындауда инновацияландыру бағытында, тәжірибелік жағынан дамытуда ерекше маңызды іс болып табылады.
2Кәсіптік білім беруді тәжірибелік-бағдарлық тұрғыдан ұйымдастыруда белсенді оқыту әдістерін қолдану
2.1Колледждерде белсенді оқыту әдістерін қолдану жағдайлары
Соңғы уақытта оқыту үдерісін тәжірибелік-бағдарлық тұрғыдан оқыта отырып ұйымдастыруда белсенді оқыту әдістеріне, яғни, оларды кеңінен қолдануға ерекше назар аударылып отыр. Мұндай бағыттағы жұмыстар негізінде білім алушының дербес қабілеті, белсенділігін қалыптастыру, оқыту материалын өзінше оқып-үйрену арқылы танымдық белсенділігін арттыру мәселесі алдыңғы орынға шығады.
Белсенді оқыту әдістерінің қолданылуында оқытушы сабақтың өткізілу деңгейін бағалайды, білім алушылардың өзі ізденіп, ғылыми негіздерін өз бетінше игеріп, ғылыми зерттеуді көздейді. Ал оқытушының негізгі міндетіне білім алушылардың іс-әрекетін басқару жатады.
Кейінгі кезде оқу-тәрбие процесінде оқытудың белсенді әдістерін қолданудың мынадай ерекшеліктерін атап көрсетуге болады:
- ізгілендіру технологиясында педагогика ғылымының алдыңғы қатарлы ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде бала-субъект, бала-объект тұрғысынан енгізіле бастайды да, ал ғылыми білімдер оның тұрмысының әлеуметтік жағдайы мен іс-әрекетінің әлеуметтік нәтижесінің бірлігінде қарастырылады;
- ақпараттық бағдарламалап оқыту - оқытудың мазмұнын пәнаралық байланыс тұрғысынан ұйымдастыру;
- қоғам мен табиғат заңдылықтарын кіріктіру негізінде меңгеру;
- адамның іс-әрекеті тұрғысынан техника жаңалықтарын енгізу;
- иллюстарциялы түсіндірмелі оқытуда адам-қоғам-табиғат үйлесімдік бағыттағы дүниетанымында жүйелі саналы мәдениеттілігі қалыптасады;
- саралап деңгейлеп оқыту технологиясында оқытудың мазмұны мен әдістері шығармашылық ізденіс іс-әрекет жасау негізінде адамның иновациялық қабілеттерінің қалыптасуына бағытталады;
- оқушы білмейтін шығармашылық ізденіс енгізгенде өмірге келген жаңа қабілеттерді дамыту жүзеге асырылады;
- дербес оқыту технологиясы оқу-тәрбие үдерісінде ғылымның негіздерін игеру үшін ізгіліктік адамгершілік қасиеттерді ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz