Ғ. Мүсірепов


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі . Тарихи шындық - өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі. Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақты құбылыстар, болған оқиғалар, өмір сүрген тұлғалар арқау болады. Тарихтың, халық өмірінің шынайы болмысын елестету арқылы өткеннің сипаты танылады. Алайда, әдеби шығармадағы тарихи шындық - көркемдік бейнелеу тәсілі мен өмір шындығы, яғни, көркемдік шындық. Тарихи шығармада өмірде болған оқиғалармен қатар ойдан шығарылған жайлар аз болмайды, тарихи тұлғалармен бірге көркем қиялдан туған кейіпкерлер араласып жүреді. Мәселе шындап келгенде оқиғаның, кейіпкердің өмірде болған не болмағанында емес. Шығарманың барлық мазмұны, оқиғалары, кейіпкерлері көркем ой көрігінен өтіп жинақталып, өзгеше бейнелілік сипат алып шығатындығында. Әрине, тарихи шығармада айтылмақ оқиғаның өзегі негізінен өмірде болған оқиғалардың аясында алынбақ. Сондықтан жазушы маңызды тарихи жайларды, көптеген нақтылы деректерді анық білу қажет. Ол қанша суреттеулерге барса да тарихи шындықты аттап өтіп, бұрмалауға хақысы жоқ. Өткен дәуір қалай суреттелмесін, бәрібір сол кездің өз болмысын білдіруі керек. Шындыққа сай нанымды шығуы тиіс. Бұл үшін тарихи дерек көздеріне сүйену шарт. Сонда ғана бұрынғы қоғам өмірі, халық тұрмысы өз қалпында сенімді бейнеленбек. Қоғамның даму процесі, саяси таптар мен топтар, кейіпкерлердің мінезі, іс-әрекеті өз уақытының қалпына орай алыну керек. Осының бәрі суреткерлікпен жанды түрде көркем бейнеленіп берілсе, тарихи шындықтың әсері, оқырманға берер танымдық мәні арта түседі. Тарихи шындықты әдебиетте көрсету әдістері, тәсілдері бірте-бірте қалыптасып, өрістеп келеді. Орыс әдебиетінде бұл саладағы шоқтығы биік шығармалар - А. С. Пушкиннің «Борис Годунов» атты драмасы, ал көркем проза саласында Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты роман -эпопеясы. Қазақ әдебиетіндегі үздік тарихи туынды - М. Әуезовтің роман-эпопеясы - «Абай жолы», І. Есенберлиннің «Көшпенділерін» де танымдық мәні үлкен әдеби туындылар қатарында атаған жөн. Тарихи жанр қазақ әдебиетінде соңғы кезеңдерде елеулі жетістіктерге жете алды дей аламыз.

Қазақ әдебиетіндегі «Алыптар тобы» санатындағы қаламгерлердің бірі Ғ. Мүсірепов - өзіндік дәстүр қалыптастырған ірі суреткер. Айтулы қаламгердің көркем туындылары бірқатар зерттеу жұмыстарына арқау болды. Олардың ішінде жазушы шығармаларындағы көркемдік шеберлік, тілі мен стилі, идеялық мазмұны сияқты мәселелер молынан қамтылды. «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан» романдарындағы тарихи таным және бұл мәселенің әдеби сында бағалануы аясында қарастырылуы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан аса қажеттігін ескеріп, осы өзекті мәселелерді өз жұмысымызға басты нысана еттік. «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан» романдарының жазылу тәжірибесіне тоқталғанда, жазушының материал жинауы, оны жүйеге түсіруі, сұрыптауы туралы мәселелер басты назарға алынды. Суреткердің аталмыш романдары оның іздену, тәжірибе жинақтау, өсу, кемелдену жолын, әдеби стилі мен шығармашылық шеберлігінің қалыптасуын барынша таныта алады. Белгілі бір мерзімнен кейін туындының шығармашылық көркемдік сыр-сипаты ашыла түсетіні де бар. Бұл жерде жазушының тақырып таңдауы, оны көркем дүниеге айналдырудағы әдіс-тәсілдері, шығармашылық процесі, «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан» романдарының өмірлік деректері және оларды сұрыптап ала білу мәселесі, қаламгерлік тәжірибесі, шығарманың көркемдік-эстетикалық жүйесі, әдеби сында бағалануы басты назарға алынып, зерттеу талаптары тұрғысынан қарастырылды. Зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігі осындай маңызды және өте қажетті, қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар, шығармашылық процесі қызықты болып табылатын мәселелерді қамтуымен сипатталады.

Зерттеу нысаны. Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан» романдары.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері . Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан» романдарында орын алған тарихи таным мәселесінің көрінуін жан-жақты қарастыру, баға беру, салыстырмалы түрде зерттеу жүргізу.

Бұл туындылардағы көркем бейнелердің прототиптері, оқиғалардың дерек көздері, тартыстардың тарихи-әлеуметтік негіздері ашылады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін белгіленетін міндеттер:

  • жазушының шығармашылық жоспарларын, туындылардың алғашқы жобаларын, тұңғыш нұсқаларын роман мәтіндерімен салыстыра зерттеу;
  • романдарды жазу барысында ұстанған идеялық бағыт-бағдарды саралай отырып, оны жүзеге асырудағы қаламгердің көркемдік-тілдік шеберлігін айқындау;
  • әдеби сында, ғылымда берілген бағалар, көзқарас-пікірлердің мәні мен маңызын анықтау, әр жылдарда айтылған сын-пікірлердің өзектілерін саралау, соған сәйкес тұжырымдар мен қорытындылар жасау.

Диплом жұмысының дереккөздері. Ғ. Мүсіреповтің шығармашылығы қазақ әдебиеттануында кең тұрғыда қарастырылғанын айтуымыз керек. Қ. Құттыбаев [1], М. Бекбергенов [2], Ж. Молдағалиев [3], А. Оспанов [4], жазушы прозасын зерттеуді арнайы нысан етсе, Н. Ғабдуллин [5] Ғ. Мүсірепов драматургиясын ғылыми тұрғыдан талдады. Х. Әдібаев [6] көлемді монографиялық еңбек жазса, С. Әшімханова [7] жазушының шығармашылығы жайлы орыс тілінде докторлық диссертация қорғаған. Мұның үстіне, қазақ прозасы, қазақ романдары туралы жазылған М. Қаратаев [8], Т. Нұртазин [9], Р. Нұрғали [10], М. Атымов [11], Б. Майтанов [12], Б. Шалабаев [13], М. Базарбаев [14] еңбектерінде Ғ. Мүсірепов романдарының, прозасының әр түрлі мәселелері әдеби даму арқауында сөз болады. Аталған еңбектерде Ғ. Мүсірепов шығармашылығы әр қырынан - қаламгердің стильдік ерекшеліктері, мінез жасау мен сюжет құрудағы шеберлігі, өмір шындығын шынайы бере білуі, оқиғаларды іріктеуі, тіл байлығы тұрғысынан сөз етіліп, ғылыми талдаулар жасалып, қорытындылар айтылады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан» романдарының жазылу тәжірибесін негізге ала отырып, қаламгердің шынайы тарихи ақиқатты суреткерлікпен іріктеп алып, оны көркем бейне жасауға пайдалана білуі, өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың арақатынастарын құра білу принциптері шеберлік сапасынан бағамдалды.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Жұмыстың нәтижелерін қазақ әдебиеті тарихын орта және жоғары оқу орындарында оқытуда, элективті «Ғабиттану» пәніне қосымша материалдар ретінде тиімді түрде қолдануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

- Ғ. Мүсірепов «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қолында», Ұлпан», «Оянған өлке», «Жат қолында» романдарын жазуға үлкен дайындықпен, мол ізденістермен, тәжірибе жинақтаумен келген;

- Cөз зергерінің аталмыш романдары - тарихи кезең шындығын эпикалық түрде таныта алған маңызды туындылар;

- Әдеби сында орныққан пікірлер, негізінен Ғ. Мүсірепов романдарының тілдік құнарын, композициялық құрылымын, кейіпкерлер жүйесін, тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселесін нысанаға ала отырып, қаламгер шеберлігі туралы маңызды тұжырымдар жасайды, осы ретте қаламгер өз туындыларында орын алған тарихи таным мәселесін орайлы түрде қолдана алған.

Зерттеу әдістері. Жұмыста тарихи-салыстырмалы, типологиялық, проблемалық, сипаттамалық әдістер қолданылды.

Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі төрт тараудан, бірнеше тараушадан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 «ҚАЗАҚ СОЛДАТЫНДАҒЫ» ДӘУІР ШЫНДЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған күрделі шығармалардың бірі - Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы. Бұл роман қазақ кеңес әдебиетінде кеңес халқының неміс-фашист басқыншыларына қарсы қаһармандық күресін көрсетуді мақсат еткен тұңғыш көлемді шығарма болып табылады. Әдебиетімізде Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған, кеңес жауынгерлерінің майдандағы ерлігін, халқымыздың тылдағы жанқиярлық еңбегін суреттеуге бағышталған көркем шығармалар, соғыс жылдарында да , соғыстан кейінгі уақытта да аз жазылған жоқ [2, 54 б. ] .

Солардың ішінде Ғ. Мүсіреповтің 1945 жылы, соғыстың соңғы жылы шыққан «Қазақ батыры» атты повесінің орны ерекше. Бұл повесть өзінің көркемдік сапасы жағынан болса да, әскери шындықты мол қамти, оны жинақтай баяндауы жағынан болса да, Отан соғысының майданында ерлік көрсетіп жүрген жауынгерлердің іс-әрекет, мінез-құлықтарын көркем бейнелеуі жағынан да қазақ прозасына қосылған соны құбылыс еді. Кейіннен романға айналған бұл шығарма оқырман назарын осындай жаңашылдығымен аударған болатын [2, 54 б. ] .

«Қазақ батыры» повесінің кезінде жұртшылық көрсеткен бірсыпыра кемшіліктері «Қазақ солдаты» романында түзетілгені белгілі. Повесть пен романның арасында бірсыпыра сапалық айырмашылықтар ұшырасады. Соларды жинақтап, түйіндеп айтқанда, төмендегілерді көрген болар едік. Мұндай салыстыру жазушының шығармасының соңғы нұсқасының алғашқыдан қаншалық өзгергенін, творчестволық ізденісін түсіну үшін қажет [2, 54 б. ] .

«Қазақ батырының» бойындағы бір олқылық - қаһармандардың іс-әрекетіне жеткілікті дәлелдеме жасалмағандығында, қайсыбір жағдайда суреттеулердің нанымсыздық тудыратындығында еді. Бұл көркем шығарма үшін анау-мынау кемшілік емес. Шығарманың оқушыны сендіруі үшін кейіпкерлердің әрбір әрекеті табиғи, шыншыл баяндалуға тиіс. Көркем шығарма объективтік өмірдің анық суретін түсіргенде ғана танытқыштық, тәрбиешілік мәнге ие болмақ.

Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ батыры» повесінде жасанды ситуацияға құрылған іс-әрекеттер аз кездеспейтін. Солардың бәрі қосылып келгенде, шығарманың шыншылдық қуатын кемітетін еді. Мәселен, кеңес жауынгерлері майдан шебінде мына сияқтанған нанымсыз әрекеттер үстінде көрінеді:

«Біз беске бөлініп, бес күзетшінің аяғының астынан жорғалап өтіп, қалаға кіріп кеткенде, өріп жүрген көп күзетшінің бір де бірі сезген жоқ» [15, 103 б. ] .

«Гүрің-гүрің сөйлеген дыбыс жақындап еді, серейген үш неміс екен. Бас салып үндерін шығармай байлап алдық» [15, 105 б. ] .

« . . . Біз неміс солдатынша киініп алып еркінше араладық.

Неміс солдаттары тамақ ішуге кіріскенде, біз де қарнымыз ашқанын білдік. Ушаковты неміс лейтенанты етіп, өзім жабайы солдаты болып, тамақ алып жатқан кезекке мен де тұра қалдым. Неміс солдаттары сүйекке таласатын иттей, біріне-бірі ар-ұр, баж-бұж сөйлесіп, арсылдасып тұр. Біреуімен ұрсысып қалам ба деп, менде зәре жоқ. Бірақ өзара келісіміміз бойынша «тісім ауырған» болып тұра бердім. Менің кезегім келгенде мен бір қате жасадым-ау деймін, аспазшы маған қарап бірдеме деп қалды . . . Уәде бойынша сап ете түскен «офицер» Ушаков - швейген, шветцер!» - деді. Ол - оттамай, жөнелт! - деген сөз еді . . . Тамақтанып алып штабқа қайттық» [15, 106 б. ] .

«Төбеге қарай жер баспалдақпен үш неміс офицері шығып барады. Алдымда екі миномет атып тұр. Тырмысып тоқтай қалып, ақ шапанды сыпырып тастап, иығым жарқыраған неміс офицері болып, үш офицердің артынан, аяғымды саспай басып, мен көтеріле бердім.

Мен төбеге шыққанда, менің ізіммен төбеден ойға қарай құлай берген қуғыншымды да көрдім. Ақ шапанды қайта кие салып, оның көтерілген ізімен мен де кейін қарай сызып бердім» [15, 110 б. ] .

Бұл суреттемелерде жеңілдік, жадағайлық, жасандылық бар екендігі әркімге де аян болса керек. Жазушы өмір материалынан көркемдік шындық тудырудың заңдылықтарын бұл тұста жете ескере бермеген. Көптеген оқиғалардың ішінен типтік оқиғалар да таңдау қажеттігі кейбір тұста ұмыт қалғандығы сезіледі. Тек қана оқиғаның сырттай қызықтығын қуалау көп жағдайда характердің шыншылдығына нұқсан келтіретіндігі мәлім.

Орыстың атақты жазушысы А. Н. Толстой көркем сөз құдіретінің сырын жинақтау үшін көркемөнер фактінің санын көбейтіп көрсетуге тырыспайды. Көркемөнер сол көп фактілердің ішіндегі ең характерлі дегендерін ғана іздестіруге тырысады деген пікірінде айқын түсіндірген.

Бұл - аса терең тұжырым. Жауынгердің майдандағы сан түрлі ерлігін санамалап көрсете беру оның образын толық ашқандық емес, шеберлікке байланысты кейіпкер бейнесі бір немесе бірнеше әрекетпен-ақ ашыла түседі. Ғ. Мүсірепов повестің бас кейіпкері Қайырғалидың ерлік санын тым көбейтіп жібереді де жоғарыда айтқандай жасандылықтарға барған [2, 55 б. ] .

Міне, осы айтылған олқылықтарды жазушы «Қазақ солдаты» романында болдырмауға талаптанған. Романда повеспен салыстырғанда көптеген көркемдік жетістіктер бар. Бұрынғы кейбір басы артық эпизодтар мүлде алынып тасталған. Оның есесіне характерлерді толықтыруға септігі тиетін суреттемелерді енгізген. Жаңадан қосылған оқиғалардың бірі - Севастополь маңында болған бір соғыстың жайы. Осы соғыста кеңес әскерлері де, жау жағы да бірін-бірі жеңе алмай көп арпалысады. Соғыстың бір толас тұсында Қайрош Сарталиевтың қарауындағы жауынгерлер өзара қызғылықты әңгімелер айтады. Осы тұста олардың мінез-құлқы, арман-мақсаты ашыла түседі [2, 55 б. ] .

«Қазақ солдаты» романында кейіпкерлерді психологиялық мінездеу толыға, тереңдей түскен. Әр қаһарманның өткен-кеткенінен хабардар болып қана қоймаймыз, олардың нақтылы жанды бейнесі әрдайым көз алдымызда тұрады. Мәселен, Володя Толстовтың көңіл күйі мынадай бір оқиға тұсында айқын көрінеді - Новороссийскіні жаудан азат еткенде, Володя Толстов қаланың шет жағындағы өзінің үйін көрмекке барып, тас-талқан болып қираған тас үйінің орнын ғана көреді. Ол өзінің ет жақындарының өлі-тірісін де білмейді. Сағынып көрген үйінің мына түрін көргенде, Володя Толстов қатты мұңға батады. Қаһарманның осы тұстағы көңіл күйі шындыққа жанасымды суреттелген.

Ғ. Мүсірепов романында оқиғаларды екшеп, іріктей түскен. Олардың ішінен характерлердің мінез ерекшелігін танытатын түйін, ситуацияларды таңдай білген, Қайырғалидың да, Вася Гришиннің де, Самед Абдуллаевтың да, Петр Ушаковтың да тұлғаларын танытарлық психологиялық сәттер мол. Кейіпкерлердің іс-әрекетін сырттай суреттеп қоймай, олардың ой-толғанысын, ішкі жан-дүниесін бере білуі де - суреткерлік табыс. Қайырғалидың қалтасына анасының хатын салып жүріп, сағынышпен қайта-қайта оқитындығы да өз орнында қажетті деталь болып табылады. Ол майданда жүргенде бір сәт те өзінің елін, туған шешесін есінен шығармайды. Қаһарманның даралық бейнесі, адамдық келбеті осы сияқты әр қырынан, әр жағдайда көрінуі арқасында толысып шығады [2, 56 б. ] .

Шығарма кейіпкерлерінің басына тән ерекшеліктер белгілі оқиғалар үстінде анықталады. Романда тек қана Қайырғали мен Ақботаның, Шеген мен Қайырғалидың арасындағы қатынастар ғана емес, бұдан басқа да көптеген сюжеттік желілер тартылып отырады. Бір мезгіл Семен Зонинмен Нинаның арасындағы жайлар сөз болады. Сондай-ақ Василий Гришин, Володя Толстов, Мирошник, Самед Абдуллаев сияқты кейіпкерлердің бастарында да түрлі-түрлі қызғылықты жайттар кездесіп отырады. Сонымен «Қазақ солдаты» романының оқиғалық жағы да, характерлерін мінездеу жағы да тарихи шындық тұрғысынан саралана, нақтылана түскен.

«Қазақ солдаты» романының композициялық құрылысы өзгеше шебер сомдалған. Мұнда негізгі мәселе - кеңес заманында туып-өскен адамның өсу, жетілу жолы тарихи шындық жағдайында басты әңгіме болып баяндалады. Майдандағы ерліктері үстінде ол жас адамның мінездік, азаматтық қалыптасуы арта береді. Романда көлденең бұрып әкелетін, негізгі идеядан жырақтататын қосалқы желілі әңгіме жоқтың қасы. Барлық оқиға, сурет бояулары белгілі нысанаға тиіп жатыр. Өмірдің объективтік ағысы да, геройлардың өсу жолы да табиғи үйлесімді өрбиді [2, 57 б. ] .

Ғ. Мүсірепов өзінің повесінде Қайырғалиды көбінше барлаушы ретінде көрсеткені мәлім. Оның көптеген іс-әрекеттері бірін-бірі қайталағандай сезілетіні де осыған байланысты еді. Шығарманың жаңа нұсқасында ондай қайталаулар кездеспейді. Тіпті бұл екі шығарманың аяқталу тұсы да бір-біріне ұқсамайды. Шығарманың алғашқы нұсқасына Қайырғали басқарған бір топ жауынгерлердің Керчь бұғазында адам таңғалғандай ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алғаннан кейінгі істері де айтыла беретін. Ал романның аяқталуы басқаша [2, 58 б. ] .

Ғ. Мүсірепов романының жоғары көркемдік сапаға ие болуына шығарманың алғашқы нұсқасына айтылған сындардың да ықпалы тигені анық. 1946 жылғы бір мақаласымен белгілі сыншы-ғалым Е. Ысмайылов повестің көптеген жетістігі мен кемшілігін алдымен атап көрсетушілердің қатарында болды. Негізінен қайтадан жазылған «Қазақ солдаты» романы жарыққа шыққанға дейін біздің ұлттық әдебиетімізде тарихи таным тұрғысын бұл орайда суреттейтін ірі туынды туған жоқ еді. Майдан өмірін кең қамтып суреттейтін көлемді романдар мен повестер (Ә. Нұрпейісовтің «Курляндия», Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Қ. Исабаевтың «Бетпе-бет» романдары, Ә. Әбішевтің «Саржан», С. Бақбергеновтің «Талғат» повестері, Б. Момышұлының офицерлік жазбалары т. б. ) соғыстан кейінгі, бертінгі жылдарда туған туындылар.

«Қазақ солдаты» романы біздің ұлттық әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл кеңестік әдебиеттің табысынан саналған, қалың оқушыларды қуантқан құнды көркем еңбек болды. Бұл роман автордың кеңес әдебиетінің тарихи тақырып -Ұлы Отан соғысы өмірін суреттейтін үздік шығармаларынан үйренуі нәтижесінде, әдебиетте батыр тұлғаларын жасаудың тамаша үлгілерін, дәстүрін бойға терең сіңіру нәтижесінде туды [2, 58 б. ] .

Романда соғыс өмірі, кеңес жауынгерлерінің ерлігі, олардың туысқандық достығы, бауырмалдығы майдан жолының қилы-қияңы үстінде терең ашылып көрініп отырады. Шығарманың бас кейіпкері Қайрош Сарталиев, оның жауынгер серіктері Толстов, Абдуллаев, Зонин, Ушаков, Гришин, командир Мирошник, саяси жетекші Ревякин, осылар секілді өзге майдан ерлері де - бәрі де кеңес мектебінде оқып, тәлім-тәрбие алған жас азаматтар, туысқан кеңестік ұлттардың өкілдері. Оларда Отанға деген зор махаббат бар. Бәрінің де мақсат-мүддесі, тілегі біреу - елімізге тұтқиылдан опасыздықпен шабуыл жасаған зұлым жауды талқандау, сөйтіп, елімізде бейбіт күннің қайтадан нұр шашып тұруы үшін қасық қандары қалғанша күресу. Бұл зор күресте, ұлы айқаста дем берер, жол көрсетер қуатты күш бар, ол - Коммунистік партия мен Отан. Олардың бәріне тірек болар, қуаттандырар күш бар. Ол - батыр кеңес халқы. Кеңес жауынгерінің ұлы ерлігінің көзі, жеңілмейтіндігінің себебі - міне, осында [2, 59 б. ] .

«Қазақ солдаты» романында кеңес жауынгерінің ерлік тұлғасын айқындайтын осы сипаттар терең көрсетілген. Шығарманың мазмұнын салмақты етіп, көркемдік қасиетін ерекше көтеріп тұрған белгілері де міне, осында.

Қазақ кеңес әдебиетінің жетіліп өскендігінің де, жазушынын көркемдік шеберлігінің айрықша биіктегендігінің де үлкен айғағы болған «Қазақ солдаты» романының көркемдік сипаттарына, образдарының бітіміне талдау жасамас бұрын, ең әуелі осы романды жоғары сапаға көтеріп тұрған негізгі басты белгілеріне тоқталып өтелік. Ең біріншіден, бұл роман - халықтық шығарма. Романда майдан көріністерінің бірден суреттеле жөнелмей, оқиғаның әріден қозғалуында үлкен мән бар еді [2, 59 б. ] .

Әрине, мұның өзі бір күнде бола салған құбылыс емес. Өзінің өсу жолы, даму ерекшеліктері, сатылары бар. «Қазақ солдаты» романында қазақ халқы өмірінің осы жолдары көркемдік шеберлікпен терең сипатталған және осы тарихи құбылыс жаңа заманмен құрдас адамның образы арқылы тарихи шындық тұрғысында бейнеленеді.

Жаңа дағдылар, соны қасиеттер, жақсы тұрмыс, әрине, бірден орнай қалмайды. Бұларды орнықтыру үшін аянбай еңбек етіп, қиыншылықтарды жеңе білу керек. Ал күрес жолы - даңғырап жатқан сара жол емес, көптеген қиындығы, кедергілері бар, бұралаңы көп ауыр жол. Кеңес өкіметінің ұлы төңкерісінің жеңісі нәтижесінде, феодализмнен социализмге бір-ақ секірген қазақ елінің дәл бүгінгі таңдағы зор да ұлы жеңістерге жеткенге дейін даму жолында да осы секілді талай-талай қиындықтар, ауыртпалықтар болды. «Қазақ солдаты» романында Ғабит өмірдің осы ақиқат сырларын шеберлікпен танытқан [2, 60 б. ] .

Романды оқи бастаған шағымызда біздің көз алдымызға сонау бір жылдардағы қазақ аулының тіршілігі, романның бас кейіпкері Қайроштың туып-өскен ортасының күн көріс, характері, дамудың жаңа жолына бағдар алған ауылдың алғашқы жылдарда бастан кешкен қиыншылықтары реалистік тұрғыдан суреттеледі. Қайроштың туған аулында жас баланы алдарқатып әкететіндей жаңалықтар аз еді. Жаңалық кең өріске еркін шырқап кете алмай, ескілік атаулы етектен тартып, ілгері басқан аяққа шырмауықша оралып жатқан кез болатын.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Көнерген сөздер
Ғабит Мүсірепов шығармаларының маңыздылығы
Кемеңгер қаламның құдіреті ( Ғ. Мүсіреповтің туғанына 105 жыл толуына арналған )
Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы ана тақырыбы
Ана туралы әңгімелер циклі
Ана тақырыбының жазылу тарихы
Ғабит Мүсірепов әңгімелерінің лексикалық ерешеліктері
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Ана бейнесі қазақ әдебиетінде көптен бар үлгі
Ғабит Мүсіреповтың өмірбаяны
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz