Ауыл шаруашылығындағы меншікке қатысты мемлекеттендіруге көшу және оның қайғылы зардаптары


Пән: Ауыл шаруашылығы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 96 бет
Таңдаулыға:   

4-тарау. Ауыл шаруашылығындағы меншікке қатысты

мемлекеттендіруге көшу және оның қайғылы зардаптары

4. 1. Қазақ шаруаларының кооперативтік қозғалысқа қатысуы

Қазақстандағы кооперативтік қозғалыс революцияға дейінгі кезеңде-ақ туындай бастады. Ең көп тараған нысаны кредиттік кооперация еді, алайда оған қатысқан қазақ тұрғындары өте аз болатын. Мысалы, Торғай облысының кредиттік серіктестіктерінде тек 0, 2 пайызы, Оралда - 2, 3 пайызы ғана қазақ болды. Дәл осындай жағдай тұтынушылар кооперативтерінде де болды, олардың жалпы саны Қазақстан территориясында 1917 жылдың 1 қаңтарында 1 384-ке жетті. Алайда, олардың көбісі ұсақ, бір лавкалы болды және саяси күйзеліс пен шаруашылық қиындықтарын көтере алмай кейін банкрот болды.

Солай болса да, азамат соғысының аяғында кооперация қайта көтеріле бастады. 1920 жылдың сәуір айында республика Наркомпрод жанында арнайы кооперативтік басқарма ұйымдастырылды. Тұтынушылар қоғамы губерниялық одақтарға біріктірілді. Оларға тиісті органдардың тапсырмасы мен бақылауы бойынша жекелеген тұтынушылар қоғамдары арасындағы мемлекеттік азық-түлікті және күнделікті қажетті заттарды бөліп беру жоспарын орындау жүктелді. Тұрғындарды жабдықтаумен қатар тұтынушылар кооперациясы азық-түлік пен малшаруашылығы шикізатын дайындаумен айналысты.

Республикадағы тұтынушылар кооперациясы желісінің өсуі жайлы мына деректер айғақ береді: егер 1920 жылдың аяғында Қазақстан территориясында 348 тұтынушылар қоғамы болса, 1922 жылдың 1 қазанында олардың саны 430-ға өсті, ал 1923 жылдың мамырында оалр 522 болды. Алайда барлық кооперативтер желісі ішінде жақсылы-жаманды тіршілікке бейімді 358 ғана тұтынушылар қоғамы болды. Республикадағы тұтынушылар қоғамдарының төменгі кооперативтік желісі көбінде бір лавкалы болды. Көп лавкалы кең дамыған кооперативтер Ақмола мен Семей губодақтарының орыс тұрғындары арасында еді. 1923 жылдың 1 мамырында тұтынушылар қоғамындағы қазақтардың өзіндік салмағы бар болғаны 6-ақ пайыз болды.

Төменгі кооперативтердің саны Қазақстанда кеңес өкіметі орнамай тұрғанға дейінгі кезеңге қарағанда 6 пайыздан астам қысқарды.

Көбінде тұтынушылардың қуаты аз қоғамдары тек БТҚ (бірыңғай тұтынушылар қоғамы) бар елді мекеннің қазақтарына ғана қызмет көрсетті. Мұндай жағдайда тұтынушылар кооперациясы республиканың ауылдық жерлеріндегі тауар айналымына пәлендей тиімді әсерін тигізе алмайтын еді.

Төменгі кооперативтік желі үшін өзінің айналым қаражатын құру аса қиындықпен келді. Негізінде олар көбінде өз губодақтарынан алатын қаржыдан құралды. Ауыл және қазақ БТҚ алғашқы капитал пайлары 2 пайыздан аспады (Ақмола губодағының деректері бойынша) . Кооперацияның жақсы дамымауының басты себебі “әскери коммунизм” саясаты жағдайында олар өздерінің тіршілік етуінің алғышарттарын ала алмауы болып табылады. Тауар-ақша, нарықтық қатынастар мен еркін сауданы, жекеменшік бастамаларды тұмшалау кезінде кооперативтік ұйымдар өзіндік іс-қызметін жоғалтты.

Жаңа экономикалық саясатқа көшу кооперативтік қозғалыстың іс-қызметіне әсерін бірден тигізе алмады, дегенмен мәні “капиталистік қатынасты қалпына келтіру” деп аталатын ЖЭС (НЭП) оның дамуы үшін барабар негізін құрады. 1921 жылдың көктемінде-ақ орталық үкімет кооперативтік қоғамдар үшін игілікті жағдай жасауға бағытталған бірнеше қадам жасады. Ол ең алдымен тұтынушылар қоғамы туралы декрет шығарды, ол оның құқықтық және ұйымдық мәртебесіне бірқатар нақты өзгерістер әкелді. 1921 жылы желтоқсанда КАССР Совнаркомы ауылшаруашылық кооперациясы туралы декерет қабылдады. НЭП-тің алғашқы жылдарында осы кооперацияның кең тараған түрі әмбебап серіктестіктер болды, олар әр қилы қызметтер: кредиттік, сату-жабдықтау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеумен айналысты. Сонда да ауылшаруашылық кредиттік серіктестік көбірек тарады. Осыларға қазақ тұрғындарының қызығушылығы артты. Мысалы, 1923 жылдың аяғында Жетісу облысының барлық кредиттік серіктестіктер мүшелерінің 27, 7 пайызы қазақтардан құралды. Ол кезде Қазақстанда 388 селолық және ауылдық тұтынушылар қоғамы болды, алайда олардың деңгейі тағы да төмен болды.

Қазақ Орталықодақ бөлімшесі алқасы төрағасының баяндамасында кооперациядағы қазақ қоғамының жеке салмағы республикадағы барлық қоғамның 10 пайызынан төменін құрағандығы көрсетілді.

1924 жылы Қазақстанда 54 қазақ кооперативтері болды, олар 19 700 шаруашылық мүшесінен тұрды. Олар отырықшы егіншілік аудандарда болатын. жартылай көшпелі, әсіресе көшпелі ауылдар кооперативтік қозғалыстан шетте қалып қалды. Бұл түсінікті де, өйткені мал шаруашылықтары тауар-ақша, нарықтық қатынастарға аз тартылды. Осыған байланысты қазақ тұрғындарының экономикалық ғұрпы мен тұрмысына септігін тигізетін кооперациялаудың тәсілдері мен нысандарын табу керек болды. Бұл мәселе 1923 жылы қаңтарда Қазақ обком партиясы президиумы отырысында талқыланды.

Оның шешімінде көрсетілгендей, республикадағы қазақ тұрғындарын кооперациялау әр түрлі нысандарда жүргізілуі мүмкін: “Тұрғындары отырықшы, көшпелі тіршілік етпейтін әрі жартылай егіншілікпен айналысатын аудандарда қазақ тұрғындарын толық көлемде жүргізу мүмкін. Ал жартылай отырықшы және жартылай көшпелі қазақ тұрғындары бар аудандарда әр түрлі ауылшаруашылық, малшаруашылығы, сүт және өзге де артельдер мен кооперативтердің ұйымдастыру мүмкін… Ең соңында, бір-бірінен алыс қашықтықта орналасқан ауылдар мен болыстықтардағы тек таза қазақ көшпелі тұрғындары бар аудандарда… факторий ұйымдастыру жолымен тұрғындарды кооперациялауды жүргізуді ескеру керек”.

Фактория дегеніміз көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарының жағдайына бейімделген жабдықтау-сату кооперациясының бір түрі болып табылады. Факториялар көшпелі тұрғындарды тұрмысқа қажетті тауарлармен жабдықтаумен, ауылшаруашылық шикізатын сатып алумен айналысты. Оларды көшпелі ауылдар қолдап, мақұлдады. Мысалы, Семей губаткомы Бесқарағай, Ақкөл, Қызыладыр және басқа болыстықтардағы факториялардың жұмыстарын талқылап: “Факторияны көшпелі тұрғындардың арасына орналастыру қажетті деп саналсын” деп көрсетті. Көптеген факториялардың Ақмола және Орал губернияларындағы қызметі табысты болды.

1923 жылы қазан айында Қазақстан тұтынушылар қоғамының бірінші съезі көшпелі қазақ ауылдарын айта отырып, кооперативтерді “өлкенің шеткері қараусыз қалған жерлеріндегі өз жұмыстарын тереңдетуге” шақырды. Жартылай көшпелі және көшпелі қазақ ауылдарында кооперативтерді ұйымдастыру идеясын республика Кеңестерінің төртінші съезі де (қаңтар 1924ж. ) қолдады. Мемлекеттік бағаға қарағанда, факториялар, керісінше, тауарларды төмен бағамен сатып, мал мен шикізатты біршама үстемемен сатып алды. Сауда-дайындау қызметтерін барынша кеңейте отырып, факториялар сонымен бірге сату-жабдықтау және кредиттік операцияларға көшіп отырды. Алайда қаражаттың тапшылығы, тәжірибелі қызметкерлердің аздығы, қазақ ауылдарының шышыраңқылығы факториялардың қызметін кеңейтуге мүмкіндік бермеді. 1924 жылдың аяғында Қазақстанда бар болғаны 15 фактория қызмет жүргізді. Алайда кейбір факториялар 1924 және 1925 жылдары қазақ тұтынушылар кооперацияларына айналды.

Халық шаруашылығын қалпына келтіру мүмкіндігіне қарай, бағаның “қайшысын” жою және тұрғындардың сатып алу мүмкіндіктерінің өсуіне байланысты факториялардың тауар айналымы да көбейді. 1926 жылы әрбір фактория орташа есеппен ай сайын 10 мың рубльдің тауарын сатты, қазақ тұрғындарының 5 мың адамына қызмет көрсетті, ал барлық факториялардың жылдық айналымы 1 600 мың рубльді құрады.

1926-1927 жылдары ауылшаруашылық және тұтынушылар кооперациялары бойынша 144 фактория ұйымдастырылды. Өз кезегінде жаңа факториялардың қызметі нәтижесінде 1927 жылы 62 546 көшпелі қазақ кооперацияланды. Сол жылы 7 фактория тұтынушылар қоғамы болып қайта ұйымдастырылды. Жалпы алғанда 1927 жылы қазақтардың өзіндік жеке салмағы республиканың кооперацияланған тұрғындарының 7, 17 пайызынан 13, 11 пайызына дейін өсті.

Қазақ тұрғындарын кооперациялаудың нысандары мен әдістері туралы мәселе 1926 жылы қарашада болған ВКП(б) Қазкрайкомының ІІІ пленумында талқыланды. Осы пленум құжаттарына жүргізілген деректерге сәйкес көбінде республикада тұтынушылар кооперациясы дамыған болатын. Алайда тұтынушылар қоғамдарының жалпы санының ішінде тек 315 (31, 9%) қазақтікі, ал жарнашы-қазақтар 55 432 адамнан (немесе барлық мүшелердің 26, 7%) болатын.

Ауылшаруашылық кооперациясы жай қарқынмен дамыса да, бұл салада 143 117 адамның 79 72сы қазақтар (56, 6%) болды. Пленумда ауылды кооперациялау “ең аз кедергілер жолымен”, яғни қала төңірегіндегі жартылай көшпелі тұрғындардың есебінен жүрді деп көрсетілді. Сондықтан да пленум кооперацияның “стихиялық және жыртқыштық ара ағайындық биліктің ішінде” қалып жатқан көшпелі ауылдардың түпкіріне жылжу қажеттілігіне назар аударды.

Отырықшы және жартылай отырықшы аудандардағы алғашқы ауылшаруашылық кооперативтердің нағыз келешектегі түрі делдалдық қызметі бар ауылшаруашылық кредиттік серіктестіктері болып табылады деп танылды: көшпелі аудандар үшін - делдалдық бастамасымен кредиттік қызметі бар мал шаруашылығы кредиттік серіктестігі, мал шаруашылығы өнімдерін өткізу және тұрғындарды тұтыну тауарлары мен өндірістік құралдармен жабдықтау. Бұрынғыдай көшпелі тұрғындар арасында кооперацияны ендірудің негізгі тәсілі жақын арадағы ауылодақтарының құратын факториялар жүйесі болып саналды.

Қазақ тұрғындарын кооперациялау негізінде екі бағыт бойынша дамыды: тұтынушылар және ауылшаруашылық кооперациясы. 1927 жылы Қазақстанда 312, кейбір деректер бойынша 320 қазақ тұтынушылар кооперациясы (88 370 мүшесі бар) болды.

Мемлекеттің сауда-дайындау операцияларындағы белсенділігі тұтынушылар қоғамының айналым қаражатының өсуіне себеп болды. Ол 1925 жылғы 39 млн рубльге қарағанда, 1928 жылы 185 млн рубльді құрады. Тұтынушылар кооперациясының бөлшектік тауар айналымы 1925 жылға қарағанда 1928 жылы 4, 5 есеге өсті.

Тұтынушылар кооперациялары ауыл-селолық желісінің айналым қаражатын мына сомада көрсетуге болады: 1924 жылы - 3 639 000, 1926 жылы - 7 652 000 және 1927 жылы - 9 841 000 рубль. Капиталдың жеке өзіндік салмағы едәуір көтерілді. Қазақ тұтынушылар қоғамдары туралы нақты деректер Өлкелік тұтынушылар одағының құжаттарында бар.

Сонымен, 20-жылдары көшпелі ауылдарды кооперацияға тарту ең маңызды проблема болса да, Қазақстан тұтынушылар қоғамы біршама нығайды. 6 аудандық одақ бойынша өзінің қатарында 62 546 жарнашы-қазақ біріккен 247 кооператив болды. Дегенмен, отырықшы және жартылай көшпелі қазақ аудандарындағы төменгі жүйедегі алдынғы орынды ауылшаруашылық кредиттік серіктестігі алды. Кредиттік кооперация арқылы шаруаларға, ең алдымен кедей-малайлар бөлігіне, жер өңдеу жұмыстарына, бірігіп ауылшаруашылық саймандары мен мал сатып алуға тауар және ақша кредиттері түрінде мемлекеттік көмек көрсетілді. Осы қаражатқа бірлесіп жер өңдеу серіктестіктері (ТОЗы) мен малшаруашылығы серіктестіктері (ТСОЖи, малсеріктестік) құрылды.

Бұл ең маңызды мәселе болды, өйткені қазақ малшаруашылығы кредитке мұқтаж еді, ол жөнінде Орынборда айтылған (1923ж) Қырғыз (Қазақ) ауылшаруашылық кредиттік қоғамының іс-қызметі айғақтайды. Алайда, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ кредит беру көбінде коныс аударған тұрғындарды қамтыды. Бір егін шаруашылығына берілетін орташа кредит бір малшаруашылығына берілетін кредиттен анағұрлым артық болды.

Өткір мәселенің бірі мал шаруашылығына кредит беру еді. Қысқа мерзімді кредиттердің тиімділігі төмен болды. 1923 жылы желтоқсан айында көшпелі тұрғындаға кредит берудің әдіс мен мерзімін қарастырған республиканың партия және кеңес қызметкерлерінің жиналысы өтті. Бірінші кезекте кредит ауылшаруашылық серіктестіктері мен оның мүшелеріне берілу керек деп белгіленді. Бүкілқазақ жер қызметкерлерінің ІІІ съезі (11-16 ақпан 1924ж. ) экономикалық құрылыс ісінде ауылшаруашылық кооперациясының ерекше мәнін және “оны дамытуда мемлекеттің барынша көмек көрсету” қажеттілігін атап көрсетті. Кооперациялардың әртүрлі нысандарына кредит берудегі кемсітушілікті жою мақсатында съезд Қазақстанның әр аудандарындағы экономикалық және ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктерді ескере келіп, республика территориясын солтүстік, орталық және оңтүстік үш аймаққа бөлуді лайық деп тапты.

Көбінде орыстар және кооперацияланған тұрғындар орналасқан солтүстік аймаққа кредиттік қызметі бар бастапқы кооперативтер атынан “делдалдық” желі арқылы ауылшаруашылық кредиттері берілу керек. Жартылай отырықшы тұрғындар орналасқан және ондағы қазақ шаруашылықтарын кооперациялау процесі өзінің алғашқы сатысында болған орталық аймаққа (шамамен 50 о және 48 о солтүстік ендік арасында) өзара көмек комитеттеріне кредиттік қызметті бере отырып, олардың атынан “делдалдық желі” арқылы кредит берілетін болды. Жайылым-көшпелі түрдегі шаруашылықтары басым оңтүстік аймаққа (шамамен 48 о және 44 о солтүстік ендік арасында) кредит беру Қазауылкредит филиалы арқылы қысқы тұрақ орындарында жүргізілді.

Сонымен, ауылшаруашылық кредитін беру аясында өкімет мемлекеттік басшылық принциптері мен кооперацияланатын тұрғындардың ерекшеліктерін үйлестіруге тырысты. Алайда, осы кооперативтік принциптердің өзі де көптеген жартылай көшпелі аудандарда іске асырылмады, өйткені кредит беру қоғамдық өзара көмек шарауалар комитеттеріне жүктелген болатын. Ал олар негізінде қоныстанған деревняларда орналасқан еді. Қазақ тұрғындары арасында іс-әрекет еткен “Қосшы” одақтары да КОВ ОК өкімдері мен директиваларын басшылыққа алатын, алайда Қазақ Орталық өзара көмек комитеті қазақ көшпелі тұрғындары арасындағы өзара көмек қоғамдарын ұйымдастыруға тек 1924 жылдан бастап кірісті және кейінгі екі-үш бойы орнығу сатысында болды. 1925 жылы КОВ ОК-і Қазақ өлкелік өзара көмек комитеті деп аталып қайта құрылды.

Қазақ өзара көмек комитетінің есепті баяндамасында қазақ ауылдарындағы тұрғындар “шаруа комитеттері туралы ешқандай түсініктері жоқ екендігі” айтылды, тіптен сол комитеттің өзі көшпелі тұрғындарды кооперациялау мен оған кредит беру проблемалары жөнінде сөз қозғамады. Ауылшаруашылығы кредитінің бүкіл жүйесі бойынша несие беру 1923/24 жылдары 1 455 000 рубльге, 1926/27 жылдары 11 887 000 рубльге дейін өсті, алайда осы қаржылардың көбі егін шаруашылығына кетіп жатқан болатын. 1924 жылы егінші шаруалар жалпы соманың 73 пайызын, 1925 жылы - 58 пайызын, 1926 жылы - 53 пайызын алды. Мемлекет біртін-бірте кредит беру мәселесін өз қолына ала бастады. 1925 жылы 22 қазанда Қазсовнарком қаулысымен ауыршаруашылық машиналарымен жабдықтау бойынша барлық кредитті Мемлекеттік ауылқоймасы атынан броньдап қойды, сөйтіп ауылшаруашылық кооперациясының өз мүшелерін ауылшаруашылық машиналарымен жабдықтау мүмкіндігінен айырды. Әрі Мемлекеттік ауыл қоймасы оларды жоғары бағамен сатты: зауыттық бағаға “үстеме” 12 пайыз болды. Осы жайлы 1928 жылы 2 ақпанда Қазауылодақ басқармасы төрағасының Қазсовнаркомға жазған хатында: “Қалыптасқан жағдай ауылшаруашылық кооперациясы қызметіне кеселін тигізуі мүмкін, өйткені шаруалар өз тәжірибелерінде оларды ауылшаруашылық машиналарымен жабдықтау ісін Мемлекеттік ауылқоймасының Кеңесі мен Серіктестігі емес, өзінің орындағаны маңызды екендігін біліп келе жатыр. Республика үкіметі 1928 жылы РСФСР Совнаркомына ұсынған анықтамасында өзін-өзі ақтау үшін “кооперативтер басқармалары бай элементтерімен толып кеткендігін” және осыған байланысты мемлекеттің кооперативтер қызметіне араласуды және олардың әлеуметтік “құрамын” реттеуді сылтау етті”.

Солай бола тұрса да, мұқтаждық пен материалдық жетпеушілік ауыл және селолық тұрғындардың бір бөліктерін мемлекеттің бақылауындағы кооперативтерге кіруге мәжбүр етті. 1927 жылы Қазақстанда болған 738 ауылдық және селолық ауылшаруашылық кооперативтерінде 73 138 адам тұрды немесе республика бойынша ауылшаруашылық кооперациясы мүшелерінің жалпы санының 53, 9 пайызы болды. Ауылшаруашылық кооперациясының төменгі жүйесінде басым орынды ауылшаруашылық кредиттік серіктестіктері (284) және ауылшаруашылық артельдері алды, ал шикізатты қайта өңдеу бірлестіктері (12 кәсіби артельдер) шамалы ғана дамыды.

Қазақстанның оңтүстігінде мақта шаруашылығы серіктестіктері құрыла бастады, олардың жалпы саны 1928 жылы 43-ке жетті. Сырдария губерниясында 26 919 мүшесі бар 23 серіктестік, олардың ішінде қазағы 16 100 адам немесе мүшелердің жалпы санының 159 пайызы жұмыс істеді.

Қазақстанның көшпелі аудандарында ауылшаруашылық кооперациясы арнаулы малшаруашылығы серіктестіктері түрінде құрылды, олар мал өнімдерін өткізді және өз мүшелерін қажетті заттар мен өндірістік құрал-саймандармен жабдықтады.

Мал шаруашылығы кооперативтерінің жарғылары ауыл өмірінің көптеген шаруашылық және мәдени жақтарын қамтыды, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың ерекшелігіне бейімделе отырып, тұтынушылар қоғамы мен кредиттік серіктестіктердің қызметін өз қолына алды. Дегенмен, қайта қалпына келтіру кезеңінің соңында да республика экономикасындағы ауыл шаруашылығы кооперациясының өзіндік салмағы көп болмады. Қазақ ауылдарын кооперациялау жөніндегі көп жұмыстарды “Қосшы” одақтары жүргізді. 1927 жылы олардың күш салуымен Сырдария губерниясының көшпелі аудандарында 16, Ақтөбе округында 14 мал шаруашылығы серіктестіктері құрылған болатын. Жалпы Қазақстан бойынша 1927 жылы 320 кооперативтің әр түрлері іс-әрекет етті, оларда 88 370 қазақ шаруашылығы болды.

1928 жылы Орал округында 164 мүшесі бар 13 ауылшаруашылық, 7 жер өңдеу (1129 мүшесі бар) және 22 мал шаруашылығы (331) серіктестіктері болды. Қазақ шаруашылықтарының өзіндік жеке салмағы кооперацияланған шаруашылықтардың жалпы санының 12, 2 пайызын құрады. Алайда, Мәскеуге Орал облысының Жампейті және Орал уездерінде “Қосшы” одағы мүшелерінің бастамасы бойынша 12 мыңнан астам қазақ шаруашылығы кооперацияланды деген анықтама келіп түсті.

Қазақ тұрғындары арасында кредиттік мал шаруашылығы серіктестіктері аса әйгілі болды. 1926 жылы 1 қазанда серіктестіктерде 60 978, ал келесі жылы (1қазанда) 102 379 қазақ болды. Сонымен бірге қазақтар май және сүт шығару серіктестіктеріне тартылды, жылқы серіктестіктері құрыла бастады. Салалық өндірістік кооперацияның басқа нысаны жер өңдеу серіктестіктері болды, олардың қызметі, әсіресе, республиканың оңтүстік облыстарында тиімді болды. Қазауылсельодақтың 1928 жылғы 1 қазандағы деректері бойынша республикада 363 сал шаруашылығы бірлестіктері жұмыс істеді. Олардың ішінде ірі қара малы бойынша 139, жылқы шаруашылығы бойынша - 6, ұсақ мал бойынша - 2, май артельдері бойынша 216 мал шаруашылығы серіктестіктері болды.

Мал шаруашылығы бірлестіктерінің әрі қарай дамуына және соған орай көшпелі және жартылай көшпелі ауылдарды кооперациялауға кеңес өкіметінің қаржы-кредиттік саясаты бөгет келтірді, олар 1928 жылдан бастап, индустрияландыру үшін жинақтау проблемасы шиеленіскен кезде, басты назарды астық саласына және шаруа шаруашылықтары, ауылшаруашылық кооперациясы мен мемлекеттік өндіріс арасындағы жабдықтау-өткізу және өндірістік келісімшарт қатынастарының кең кешенін білдіретін кооперация жүйесіне аудара бастады. Келісімшарт жасай отырып, шаруа алынған кредитті қайтару есебінен алдын ала белгіленген баға бойынша малды, мал шаруашылығы өнімін немесе шартқа кірген егістіктің бір бөлігін өткізуге міндеттенді.

Мал шаруашылығы саласындағы контарктілік жұмыстардың көлемі 1928/29 шаруашылық жылында едәуір өсті. Сонымен бірге мал шаруашылығы кооперациясы астық кооперациясына қарағанда тиімсіз жағдайға қойылды. Мұндай теңсіздік жасауға ВКП(б) ОК-нің “Ауылшаруашылық кооперациясын ұйымдық құру туралы” (маусым 1929ж. ) қаулысы мүмкіндік туғызды. Онда ауылшаруашылық кооперациясының негізгі нысаны арнайы бағыттағы өндірістік серіктестіктер болу керек деп көрсетілді. ВКП(б) ОК-і ауылшаруашылық кооперациясы алдына бірінші кезекте арнайы астық кооперациясын ұйымдастыру міндетін қойды. 1929 жылы маусым айында Қазкрайком партиясы хатшылығы коопнанодақ - “Өндірістік, астық дақылдарын өңдеу және өткізу жөніндегі ауылшаруашылық кооперация одағын” құру туралы шешім қабылдады. Осыдан бастап партия мен кеңес органдары астық проблемасы, тиісінше егістік және астық серіктестіктеріне басты назарын аударып отырды.

1928 жылдың 1 қазанында мал шаруашылығымен шұғылданатын тұрғындардың 15 пайызы ғана кооперацияның әр түрімен қамтылды, бұл қазақ ауылдарының кооперация идеясын қабылдауға, тіпті оның өндірістік нысандарына көшуге еш дайын еместігін айғақтайды.

Мал шаруашылығы және басқа да серіктестіктер 1929 жылы инеоция бойынша құрыла берді, 1929 жылдың екінші жартысында Семей округының қазақ ауылдарында 224 ТОЗ, 9 мал шаруашылығы және 7 май жасау серіктестіктері құрылды, Ақмола округының көшпелі және жартылай көшпелі аудандарында қыркүйек айында қазақтар 22 ТОЗ және 67 мал шаруашылығы серіктестігін құрды. Алайда, жалпы шаруаларға, сондай-ақ әсіресе қазақ шаруаларына қатысты кеңес өкіметі саясатының күрт өзгеруіне байланысты олардың күні санаулы еді.

20-жылдардың аяғында кооперативтік қоғамдардың саны азая бастады, кооператив мүшелері олардың уәкілдерінің өзін-өзі басқару және тікелей қатысы негізінде шешетін мәселелердің ауқымы тарылды. Жоғарыда тұрған ұйымдардың қаржы ресурстарын алуы қалыптасты. Жалпы алғанда, орнығып жатқан командалық-әкімшілік экономика және жаппай басталған ұжымдастыру жағдайында кооперативтік қозғалыстың өзіндік қызметі қысқара бастады. ҚР ҒА академигі М. К. Қозыбаев: “Ерікті кооперативтік демократияның, шаруа кооперативтік қозғалыстың дамуына материалдық мүдделілік принциптері, материалдық-техникалық базаны, мәдени дамуды ескергенде, шаруаларды кооперацияның қарапайымынан жоғары нысанына дамуының өтпелі баспалдақтары арқылы кооперациялаудың жоғарғы нысанына тұрақты әкелу әдісі әрдайым көргенсіздікпен аяққа басылды” деп көрсетті.

Кооперативтер мен кооперативтік меншікті мемлекеттендіру одан әрмен жүргізілді, ал бұл қазақ шаруаларының сол кеңес өкіметі режиміне және жүргізген кез келген әлеуметтік-экономикалық реформаларына деген сенімсіздігі мен күдігін тудырды.

4. 2. Қазақстанның егін шаруашылығы аудандарын ұжымдастыру

1927/28 жылдардағы астық дағдарысынан шығуды Кеңес өкіметі ауыл шаруашылығындағы меншіке қатысты жеделтету мен жаппай мемлекеттендіру жолынан іздеді және ол ең алдымен НЭП-тен бас тарту мен кооперативтік қозғалысты қысқартудан туындаған болатын. Ауылшарушылықта тұрақты өндірістік құрал-жабдықтар мен күш көліктерінің жетіспеушілігінен, колхоздардың жерде орныға алмағандығынан еңбек өнімділігі күрт төмендеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалар (1991 – 2008 жж.)
Зерттеудің сарапталып, сыннан өтуі
Соғыстан кейінгі Қазақстан ауыл шаруашылығы
Ашаршылық
Аграрлық құқық
Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны
Дәстүрлі қазақ шаруашылығын күшпен күйрету науқандары
1930 жылдардағы Қазақстанда күштеп ұжымдастырудың зардаптары
Ұжымдастыру қарсаңындағы қазақ ауылы
Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне арналған дәрістер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz