С.Мәуленов поэзиясындағы теңеулердің танымдық сипаты


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

Тіл және әдебиет институты

Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

Курстық жұмыс

С. Мәуленов поэзиясындағы теңеулердің танымдық сипаты

Мамандығы: 050117 - қазақ тілі мен әдебиеті, сырттай ҚТӘ-16 (жед. )

АВТОР:

(тегі, аты, әкесінің аты) (қолы, мерзімі)

ЖЕТЕКШІ:

(тегі, аты, әкесінің аты) (қолы, мерзімі)

Мазмұны

КІРІСПЕ . . . 3

1 С. МӘУЛЕНОВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ТЕҢЕУЛЕРДІҢ КӨРКЕМДІК ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ

  1. Теңеу жасалымындағы халықтық таным . . . 5

1. 2 Метафоралық, эпитеттік теңеулер қолданысы . . . 16

1. 3 Метонимиялық, синекдохалық теңеулер қолданысы . . . 24

1. 4 Гиперболалық, литоталық теңеулер қолданысы . . . 32

1. 5 Градациялық теңеулер қолданысы . . . 37

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 43

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 44

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тіл - адамзаттың баға жетпес, асыл құндылықтарының бірі. Тілдің ақиқат болмыс пен шындықты бейнелеп, ой-сананы дамытудағы қызметі ерекше. Адам санасындағы сан қырлы сезім мен тіршіліктегі бар құбылысты тек қана тіл арқылы, сөз арқылы жеткіземіз. Ұлтымыздың бойындағы асыл қасиеттер, дініміз бен діліміздегі құндылықтар да - осы тілден көрініс табады. Мәдени ұлттық танымның бар ерекшкліктері де тек ұлт тілі деп танылады. Осы тұста тілдің мәдениетпен тығыз байланысты екені айқындалады. Әлем бейнесінің бүкіл көрінісі мен қоғамдық сана қалыптастырған ұғымдарды бейнелейтін тіл - адамзат танымының феномені. Тіл - тек қарым-қатынас құралы емес, адамзат дүниетанымы мен сананы қалыптастырып, дамытуға қызмет ететін күрделі құрылым. Тіл ұлттық мәдениеттің құрамды бөлігінің бірі болып қана қоймайды, бүкіл мәдениет пен танымның негізі саналады. Мәдениет тіл арқылы жүйеленіп, қалыптасып дамиды. Тілдің қоғамдағы рөлі қарым-қатынас жасау сипатымене шектелмейді, адам ойының, санасының жетілуі мен дамуына да ықпал етеді.

Жеке қаламгер тілін зерттеу, оның стилі мен сөз саптауындағы шеберлігіне тоқталу - бүгінгі күнде жалғасын тауып келе жатқан мәселелердің бірі. Қаламгер тілін лингвистикалық тұрғыдан зерттеу арқылы стилистиканың көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік туса, екіншіден, оның шеберлігін, көркем шығарманың тілдік-эстетикалық қуатын тануға жағдай жасалады.

Курстық жұмысымызда қазақ кеңес әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың бірі, поэзия әлемінде қайталанбас тұлға - Сырбай Мәуленов өлеңдерінің тілін, әсіресе ақын тіліндегі теңеулерді тілдік-танымдық тұрғыдан зерттеу болып отыр.

Суреткер тіліндегі теңеулер әлем оның поэтикалық тіл арқылы көрінетін дүниетанымын көрсетеді. Теңеу - таным көзі. Салыстыру, ұқсату, теңеу арқылы таным үрдісі арта түседі. Теңеу - адамның бейнелі ойлауының, әлемді бейнелеу тануының және қоршаған дүниені көркем қабылдауының нәтижесінде қалыптасады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін ақын Сырбай Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулерді тілдік, функционалды стильдік, ұлттық таным тұрғыдан талдау болды. Осы мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

  • теңеу жасалымындағы халықтық таным ерекшеліктеріне тоқталу;
  • метафоралық, эпитеттік, метонимиялық және синекдохалық теңеулердің

бейнелі-бағалауыштық қызметін таныту;

  • гиперболалық, литоталық, градациялық теңеулер қолданысының өзіндік ерекшеліктерін анықтау.

Зерттеу нысаны. Сырбай Мәуленов поэзиясындағы теңеулерді танымдық тұрғыда зерттеуге ақынның әр жылдары жарық көрген жыр-жинақтары пайдаланылды. Олар: «Тартыс таңбасы», «Қызыл арша», «От пен су», «Сен екеуміз», «Тау гүлдері», «Жалын», «Жаңбырсыз күз» т. б.

Зерттеу әдістері. Ғылыми зерттеу барысында сипаттама әдісі, стилистикалық-семантикалық талдау әдісімен қатар, баяндау әдісі қолданылды.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Тақырыпты зерттеуде әдіснамалық негіз ретінде жалпы тіл біліміндегі ғылыми көзқарастар мен теориялық қағидалар алынды. Атап айтқанда, А. Байтұрсынов, Р. Сыздық, З. Қабдолов, З. Ахметов, Қ. Жұмалиев, Т. Қоңыров, М. Серғалиев, Ә. Қайдар, Б. Шалабай, Н. Уәли, Г. Смағұлова, С. К. Сатенова, Г. Ә. Мұратова, В. В. Виноградов, Л. И. Тимофеев және тағы басқа ғалымдардың құнды ғылыми пікірлері басшылыққа алынды.

Зерттеудің практикалық мәні. Курстық жұмыстың практикалық құндылығы жоғары оқу орындарында «Әдебиет теориясы», «

Әдебиеттануға кіріспе», «Қазіргі қазақ әдебиеті» және элективті пәндерінен дәріс беруде пайдалануға болады.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Дүниетанымдық зерттеулердің нәтижесінде ақын өлеңдеріндегі теңеулердің бейнелілік және көркемдік қасиетімен қоса ұлттық тілдің танымдық ерекшелігі айқындалды.

  • ұлттық бояуы барынша айқын метафоралық, эпитеттік және метонимиялық, синекдохалық теңеулердің бейнелі-бағалауыштық, эмоциялық мән туғызу қасиеттері айқындалды және гиперболалық және литоталық, градациялық теңеулердің қызметі анықталды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • С. Мәуленов поэзиясындағы теңеулер ұлттық, танымдық белгісімен, бейнелілігімен, бағалауыш, экспрессивтік мәнімен құнды;
  • этномаркерлік теңеулер ұлттық мәдени код дәрежесінде бағаланады;
  • С. Мәуленов өлеңдеріндегі метафоралық, эпитеттік теңеулер, метонимиялық және синекдохалық, гиперболалық, литоталық, градациялық теңеулер автордың дүниетанымын, идеясын танытып, дүниенің ассоциативтік бейнесін көрсетеді.

Курстық жұмысының құрылымы кіріспеден, бір тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиттер тізімінен тұрады.

1 С. МӘУЛЕНОВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ТЕҢЕУЛЕРДІҢ КӨРКЕМДІК ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ

  1. Теңеу жасалымындағы халықтық таным

Адамзаттың өзін қоршаған шындықты, әлемдегі заттар мен құбылыстардың қыр-сырын танып білуге деген құштарлығы шексіз. Қоршаған ортаны танып білу адамның когнициялық қабілеті арқылы жүзеге асады. Ұлы Абай жетінші қарасөзінде таным процесі туралы: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреу білсем екен демелік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жылтыр еткен болас, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» [1, 166] - деп, танымның адам өміріндегі қаншалықты қызмет атқаратынын жазады. Ең алдымен, таным барысында адам қоршаған ортаны игереді, ғалам туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі. Таным - өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан-дүниесі - түйсіктері, ақыл-ойы, ырқы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі, (интуиция) - бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады. Әр адам айнала қоршаған заттар мен құбылыстарды өз жасына, өмірден түйген тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан ұғымдарды пайдаланып қабылдайды. Таным процесі ең алдымен адам ойымен байланысты. Адамның танып-білгені адам санасында қорытылып, тілде көрініс табады. Адамның танымдық әрекеті мен тілдік қатысын зерттеуде когнитивтік тіл білімінің маңызы ерекше. Бүгінгі таңда бұл бағытта когнитивті лингвитсика ғылымы өз нәтижесін көрсетіп отыр. Когнитивті лингвистиканың алғашқы идеялары В. фон Гумбольдт, Б. Уорф, Э. Сепир еңбектерінен бастау алып, қазақ тіл білімінде Ж. А. Манкеева, Н. Уәли, Қ. Жаманбаева, Э. Оразалиева т. б. ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылған. Қ. Жаманбаева тілдің таным құралы ретіндегі қызметі жайлы: «Тіл мен таным процестерінің ара қатысын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның ара қатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде (оған тіл де кіреді) құндылықтар қаншалықты роль атқаратынын белгілеп береді» [2. 3] деген тұжырым айтады. Ал Б. Сағындықұлы «Адамзат баласы қашан да өзін қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың мәнін, сыр-сипатын жете білуге тырысқан. Бірте-бірте олардың даму заңдылықтарын ашып, дүниетанымын кеңейткен» [3. 5] - деп, тілдің адам өміріндегі аса маңызды қызметі танып-білу арқылы дүниетанымын кеңейту мәселесін сөз етеді. Когнитивтік тіл білімі когнитивизм ғылымымен тікелей байланысты. Когнитивизм - бұл адамның зердесін, ойлау қабілеті мен ментальды әрекеттері және оның жай-күйін зерттейтін ғылыми бағыт. Адамның білімі мен танымы туралы, дүниені қабылдау және ұғыну механизмі туралы ғылым. Сонымен, қоршаған ортаны танып білу адамның когнициялық қабілеті арқылы жүзеге асады. Адам санасындағы, ми қатпарларындағы ақпараттар когнитивтік құрылымдар арқылы сыртқа шығып, жарық көреді және танымдық жүйеде адамның білім қоры мен тәжірибесі маңызды орынға ие. Таным жеке бір адамға тән, белгілі бір ұлтқа және жалпыадамзатқа тән болады. Ғалым Б. Қалиев: «Сөз мағынасын таным қағидасымен (теориясымен) тікелей байланысты. Адам затты, құбылысты қаншалықты жақсы таныса, сол затты, құбылысты белгілейтін сөздердің мағыналарын соншалықты анық, айқын біледі», - деп сөз мағынасын таныммен байланыстырып қарайды [4. 135] . Дүние қаншама шексіз болса, ақиқат дүниені танып білуде адам танымының да шегі жоқ. Әлемнің, заман құбылысының біз білмеген, әлі де жете алмаған аясы кең. Ақиқат шындықты танып білуде әр ұлттың ғасырлар бойы жинаған білім-қоры, дүниетанымы, парасат-пайымы ескеріледі. Танып білудің ең қарапайым формасы ұқсату, балау, салыстыру, теңеу нәтижесінде жүзеге асады. Бұл процесте түрлі сипаттағы заттар мен құбылыстардың ұқсастығы мен үйлестігі белгілініп салыстырылады. Салыстыру тек бір-біріне ұқсас болып келетін заттар мен құбылыстар арасында ғана емес, бір-біріне мүлдем ұқсас емес заттар мен құбылыстардың нәтижесінде де жүзеге асуы мүмкін. Ал профессор Т. Қоңыров « . . . теңеу - көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі» [5. 3] - деп ой тұжырымдайды. Теңеуде адам қоршаған ортаны субъективті бейнелеп көрсете алады. Теңеу ең алдымен адам санасымен, ассоциялық ойлау нәтижесімен тығыз байланысты.

Ассоциация - дүниенені тануда адам санасындағы алғаш пайда болатын ментальді сигналдар, ілім алудың бір тәсілі. Ассоциация арқылы тану- бұрынғы тәжірибелер мен жаңадан қабылданған түсініктер арасындағы байланыс. Ассоциациялық ойлау нәтижесінде зат пен құбылыстың әртүрлі белгілері анықталады және теңеліп отырған зат пен құбылысқа осы әртүрлі белгілердің біреуі негіз болады. Үлкен анықтамалықта «Сравнение, акт мышления, прием мыслительной деятельности, посредством которого классифицируется, упорядочивается и оцнеивается содержание бытия и познания» [6. 359] - деген тұжырымнан теңеу қызметінің әмбебаптығын байқауымызға болады. Әсіресе, теңеу адамның ойлау қызметімен тығыз байланысты. Теңеуді философия таным құралы ретінде, ал әдебиеттану ғылымы көркемдеу-бейнелеуші құрал есесбінде, ал тіл білімі лингвистикалық категория ретінде қарастырады. Логикалық және тілдік теңеудің органикалық тұтастығы тіл мен ойлаудың диалектикалық бірлігін көрсетеді. Теңеліп отырған зат пен құбылыс адам санасында ойлау нәтижесінде белігілі бір атауға ие болып теңеуге айналады. Ойлау барлық халыққа, адамзатқа тән қасиет. Ойлау нәтижесінде жарық көрген тілдік бірліктер әр ұлттың ерекшелігіне қарай әртүрлі болып қалыптасады. Тілмен бірге пайда болған адамның ойлау қабілеті - субъектінің сөзбен жасалған танымдық әрекеті. Біз білмеген заттар мен құбылыстардың айрықша, ерекше қасиеттері мен белгілері таным процесінің арқасында нақтылана түседі. Сондықтан теңеулерді танымдық мәні зор ұғымдар қатарына жатқызуға болады. Жалпы адам таным үдерісі арқылы қоршаған ортаны қабылдайды және оны тіл арқылы сыртқа шығарады. Қазақ тіл білімінде теңеу туралы ең алғаш теориялық тұжырым жасаған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым Ахмет Байтұрсынұлы [7. 354-355], ал Қ. Жұмалиев те өз еңбегінде тенеуге анықтама беріп, оның жасалу жолдарына тоқталады [8. 102-110] . Академик З. Қабдолов [9. 212] теңеудің көріктеу құралы ретіндегі қызметіне көңіл бөлген. Ал теңеудің стильдік мәні жөнінде құнды пікір айтқан академик З. Ахметов[10. 18] . Ал қазақ теңеулерін топтастырып, олардың кұрылымы мен құрамына талдау жасап, стильдік ерекшелігін ашып, тілдік және поэтикалық табиғатына зерттеу жүргізген профессор Т. Қоңыров теңеуге былай деп анықтама береді: " . . . теңеу дегеніміз - ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы"[5. 7] . Ғалым өз зерттеулерінде теңеудің семантикалық құрылымын аныктаудың маңызы зор екеніне баса назар аударады. Т. Қоңыров та теңеу құрылымын үш мүшелі деп есептейді. Олар: 1) теңеудің сипатталушы мүшесі немесе теңеудің предметі, 2) теңеудің сипаттаушы мүшесі немесе теңеудің образы, 3) предмет пен образға ортақ қасиет немесе теңеудің белгісі [5. 8] .

Академик Қ. Жұмалиев теңеулердің жасалуының үш түрін атап көрсетсе, профессор Т. Қоңыров қазақ тіліндегі теңеулердің жасалуының 10 түрлі тәсілін атап көрсетеді [5. 11] .

Қазақ ССР энциклопедиясында теңеулердің жасалуын; морфологиялық, лексикалық-морфологиялық, лексикалық-синтаксистік және фразеологиялық-синтаксистік деп төрт топқа бөлсе [11. 570], Қ. Т. Маликов "Қ. Бекхожин поэзиясындағы теңеу мен эпитеттің қолданыс ерекшеліктері" деген зерттеу еңбегінде теңеулердің жасалу жолын; синтетикалық, аналитикалық, синтаксистік және аралас тәсіл деп 4 топқа бөліп қарастырады және фразеологиялық-синтаксистік тәсіл бойынша жасалған түрақты теңеулердің жасалу жолын теңеу жасаудың негізгі тәсілдерінен бөліп алудың қажеттілігі жоқ екенін ескертеді [12. 8] .

Суреткер шығармаларына ерекше көрік беріп тұратын теңеу түрлері ақын-жазушылар шығармаларында молынан кездеседі. Әрине, теңеудің сапасы, оның көркемдік қуаты ақын, жыраудың дүние танымына, өмір тәжірибесіне, тіршілік еткен ортасына, айтпақ ойына - авторлық идеясына байланысты болады. Көркем шығарманың өзіндік ерекшелігі - оның бейнелі әсерлілігінде. Ол адам қиялынан туындап, бүкіл таным ассоциациялары мен фантазияларын қозғайтын, дүниені бейнелі көзқараста тануға ықпал ететін, адамның ойлау механизміне күш салатын филологиялық, психологиялық қүбылыс ретінде суреттеледі. Ақиқат дүниені бейнелеп танып білуде теңеулердің қолданылатыны сөзсіз. Теңеу - күнделікті ауызекі сөйлеу барысында және көркем шығармаларда молынан қолданылатын тәсіл. Теңеуді қажет жерінде дәл қолдану, тың жаңа теңеулер жасау - кімнен болса да нағыз шеберлікті талап етеді. Өз орнында тұрған ұтымды теңеуден дүниенің тілдік бейнесін ғана емес, ақиқат дүние туралы хабар да аламыз. Теңеулердің көркем шығарманың эстетикалық қырын айқындаудағы қызметі де ерекше деуге болады. Теңеуді тиімді пайдалана отырып, ақын-жазушылар өз шығармасының көркемдік дәрежесін биікке көтереді, ақиқат болмысты толығырақ танып білуге мүмкіндік береді және теңеуге тілдік тұрғыдан талдау жасау арқылы әр ақынның өзіндік қолтаңбасын, дүниетанымын байқауға болады. "Қазақ халқының тілі - әрі бай, әрі көркем тіл. Сан алуан көрікті де қанатты сөздер, шешендік сөздер мен нақыл сөздер халық тілінде. Көркемдеп бейнелеуші, өрнектеп мәнерлеуші тәсілдер де сонда" [13. 60] - деп академик М. С. Серғалиев айтқандай, С. Мәуленов өлеңдерінде көріктеуіш амал-тәсілдердің қай-қайсысы болса да көптеп кездеседі. Әсіресе Сырбай Мәуленов өлеңдерінде кездесетін теңеулер ақын ойына айтулы ажар, әдемі әсер беріп, таным-түсінікті тереңдетіп тұрғаны байқалады.

Профессор Т. Қоңыров теңеудің танымдық мәні туралы " . . . теңеулік таным жалпы танымдай емес. Бүл дүниеге көркемдік көзбен қарайды. Ол заттар мен қүбылыстарды өрнектеп, әшекейлеп, бояп, әсерлеп, сезімге бөлеп көрсетеді. Бір зат пен екінші бір зат салыстырылғанда, оның шын болмысымен қатар көркемдік тұрғыдан болуға тиісті "қасиеттері" де еске алынады. Яки көркем теңеулерде бір-біріне ұқсатылатын заттар мен құбылыстардың негізгі қасиеттерімен қатар олардың қосымша қасиеттері де салыстырылады. Мінеки осы қосымша белгілер көркемдік танымның құнын арттыра түседі" [5. 57] - дейді. Әр ұлттың тілі мен дініндегі ұлттық ерекшелігі де осы теңеуден көрінеді. Теңеулердің ұлттық таным көрсеткіші бола алатындығы турасында В. В. Виноградов та сөз еткен болатын. Әр ұлттың өз танымына жақын сөздерді қолдануы заңды да. Себебі, тіл иесінің ой-өрісі мен концептуалды әлеміне байланысты әр тіл дүние-ғаламның үзіктерін өзінше жеткізіп, бейнелеп суреттейді және ол өз тіліндегі ғалам бейнесіне сай болады. С. Мәуленов өлеңдерінде ұлттық ерекшелікті өрнектейтін атауларды, ел арасына кеңінен тараған поэтикалық тіркестерді, теңеулерді шебер пайдаланады. Жалпы қай ұлттың тілінде болмасын қолданылып жүрген атаулар мен сөз оралымдарының пайда болуының негізінде әр ұлттың өзіне тән ұлттық ерекшелігі болатыны белгілі. Әр ұлт өз тілінде дүние, әлем туралы түсініктерін түрлі тілдік фактілер арқылы кесіп-пішеді, қоршаған әлемнің тілдік әлемі, негізінен алғанда адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, ондағы құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып білуге болады. Дүниенің ұлттық бейнесінің әр этноста әр түрлі болуы, сол этностың тәжірибесімен, білімімен байланысты, себебі тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен тікелей байланысында емес, адамның өмірінен көрген білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады. Әр ұлттың, әр халықтың өмірлік тәжірибесі әр түрлі болғандықтан, дүниенің тілдік бейнесі де, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың тәжірибесі де әр түрлі болмақ, сондықтан тілдік тұлға ретінде олардың когнитивтік санасындағы дүниенің тілдік бейнесінде айырма болады. Сөздің артында ақиқаттың, шындықтың үзігі тұрады, оның тілдік бейнесі әр халықта әр түрлі болмақ. Дүниенің жалпыға бірдей болуы, ұқсас заттардың болуы олардың санада бейнеленуінің ұқсас болуын қамтамасыз етеді, алайда адамзатқа ортақ нәрсенің негізінде ұлттық ерекшеліктер жасалады. Этносты ұлттық тіл арқылы таныту - тіл білімінің бір саласы этнолингвистиканың үлесіне тиеді. Әр халықтың этномәдени тұрмысын үлт тілінің жетегінде, әлемдік мәдениет ауқымында сөз ету мәселесі тіл ғылымында соңғы жылдары сәтті іске асуда.

Қазақ халқының ұлттық өмірі, оның бүгіні мен өткені, танымы мен діні, флора-фаунасы, мінезі мен психологиясы оның тілінде, әсіресе тұрақты сөз тіркестерінде, ауыз әдебиеті мұраларында, ән-күй өнерінде жэне т. б. халықтың білім жүйесінен, әдеби-жазба, этика-эстетикалық және халықтық педагогика дәстүрлерінде қалыптасқан тілдік құралдар арқылы тануға болады. Жалпы лингвистика ғылымында ұлттық мәдениет пен ұлттық тілді байланыста қарастыру туралы пікірлер кездеседі. Тілдегі бірліктер халықтың тұрмыс-тіршілігінен, дүниетанымынан, әдет-ғұрпы мен мәдениетінен, психологиясынан мол ақпарат береді. Бұл жөнінде А. Вежбицкая: " . . . каждый язык национально специфичен. При этом в языке отражаются не только особенности природных условий и культуры, но и своеобразие национального характера его носителей"[14. 21] деген пікір айтады. Әр халық тілінде сол халықтың тұрмыс-тіршілігінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет ізі көрініс табады. Бүгінде лингвомәдениеттану ұлттық тілді танып білудің негізі болып отыр. Лингвомәдениеттану ғылымы ұлттық тілді танудың негізі екені Г. Смағұлова, А. Алдашева, Р. Авакова еңбектерінде қарастырылған. Тіліміздегі теңеулер халықтың тұрмыс-тіршілігі, оның ойлау және танымдық қабілеті жөнінде бай мәлімет береді. Ендеше, тілімізде қолданылып жүрген теңеулердің де ұлттық болмысымызды бейнелейтініне еш күмән жоқ.

С. Мәуленов өлеңдерінен қазақ ұғымына жақын ұлттық өрнекпен өрілген теңеулерді өте көп кездестіруге болады. Әсіресе төрт түлік малға байланысты, көрініс тапқан теңеулер ақын өлеңдерінде өте көп кездеседі. Мысалы,

Арада жылдар салып Сырға бардым,

Сан тарау көрдім сұлу жылғаларын.

Қыдырып құмдарында құлыншақтай

Жаңғыртып кеттім кезіп ну орманын.

("Арада жылдар салып Сырға бардым", 106-б. ) .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қара жаудың сұқтанған көзін жасқап, Естілуде әлемге сөзім асқақ
Қалижан Бекхожин өмірі мен шығармашылығы
Қалижан Бекхожин шығармаларындағы теңеудің танымдық сипатын лингвистикалық тұрғыдан ашу
Табиғат лирикасының қазақ әдебиетіндегі көріністері
Ұлттық поэзиядағы Ұлы Отан соғысы тақырыбы (Қ.Аманжолов, С.Мәуленов туындылары бойынша)
Қазақ тілінің лексикологиясы
Сұлулық концептісінің тілдегі көрінісі
Жүрсін ерман поэзиясының көркемдік сипаты
Жазушы Әкім Таразидың Тасжарған романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшелігі
СОЛТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ АҚЫН-ЖЫРАУЛАР ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТІЛДІК- КӨРКЕМДІК ҚЫРЛАРЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz