ТҮПКІТЕК ДАУЫСТЫЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ КӨРІНІСТЕРІ


КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Түркі тілін салыстыра зерттеуде, олардың лексикасын, морфологиясын, синтаксисін қарастырумен бірге фонетикасындағы өзгешеліктерді де салыстыру өте маңызды. Тілдер әр түрлі кезеңдердегі тарихи жағдайларға байланысты даму барысында өзгеріске түсіп отырады. Яғни, олардың лексикалық, фонетикалық, морфологиялық қабаттары өзгеріске ұшырайды. Осы орайда, туыс тілдердің фонетикасын салыстыра зерттеуде «салыстырмалы фонетика» ұғымы қолданылады.
Түркі тілінің салыстырмалы фонеткасы күні бүгінге дейін шешілмей келе жатқан мәселелерге толы. Тіл фонетикасын, әсіресе, тарихи-салыстырмалы тұрғыдан қарау, оны басқа түркі тілдері фонетикалық жүйесімен ұштастыру арқылы зерттеу - көптеген мәселелердің бетін ашып, айқындауда маңызы зор. Тілдің өткені мен бүгінгі жай-күйін салыстыруда, қилы-қилы кезеңде белгілі бір халықтың дамуының ізі сақталмай қоймайды.
Салыстырмалы фонетика - тілдің дыбыстық жүйесін туыс тілдердің дыбыстық жүйесімен салыстыра зерттеп, олардың айырмашылықтары мен ұқсастықтарын қарастырады. Мәселен, қыпшақ тілдері тобындағы қазақ тілінің, оғыз тілдері тобындағы түрік тілімен қаншалықты туыстығына, олардың бір-бірінен айырмашылықтарына туыс екі тілдің дыбыстық жүйелерін салыстырмалы фонетиканың аясында салыстыра зерттегенде ғана көз жеткіземіз.
Қазақ тілі туыстық белгілері жағынан да, типологиялық белгілері жағынан қалыптасу, даму тарихы жалпы түркі тілдерінің тарихымен тығыз байланысты. Осы себептен де қазақ тілі білімі отандық түркологияның бір саласы болып есептеледі. Отандық түркологияның табыстарына, жетістіктеріне қазақ тілі білімі де ортақ. Салыстыруда тірек тіл - қазақ тілі болмақ. Қазақ тілінің фонетикасын туыстас түркі тілдермен салыстыра зерттеген еңбектер болғанмен, бұл тақырып әлі де толық, жүйелі түрде қарастырылмаған. Түпкітек дауыстыларын түркі тілдерінде вариантталуын қарастыруда қазақ тілінің фонетикасын туыс тілдерімен салыстыру да маңызды. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды туыс тілдермен жүйелі түрде салыстыру мәселесі зерттеуді талап етеді.
Сондықтан да, қазақ тілінің қарақалпақ, татар, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, түрікмен тілдерінен фонетикалық айырмашылығын салыстыру - зерттеу жұмысының өзектілігі болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Түпкітек дауыстылардың түркі тілінде вариантталуын салыстыра зерттеуде В. В. Радловтың [1] «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты еңбегінің маңызы зор. Ғалым аталған еңбекте түркі тілдерінің дауысты және дауыссыз дыббыстарына салыстырмалы талдау жасайды. Түркі фонетикасының жүйелі талдау жасаған ғалымдардың бірі -Н. А. Баскаков [2] . Алайда Баскаков түркі фонетикалық жүйесін тұтастай қарастырмайды, тек түркі тілдері дыбыстық құрылымының жекелеген мәселелеріне шолу жасап қана өтеді, бұл ретте автор чуваш тілі мәліметтерін жан-жақты пайдаланған. Сонымен бірге түркі тілдерінің вокализмін зерттеуде Е. Д. Поливанов [3] пен В. А. Богородицкийдің [4] еңбектерін айрықша көрсетуге болады, олар әдістемелік және фактілік материалдарды беруі жағынан құнды.
А. М. Щербактың «Сравнительная фонетика тюркских языков» [5] атты зерттеуінде түркі тідерінің фонетикасына салыстырмалы талдаулар жасалынған. Түркі тілдерінің дауысты дыбыстарын салыстыра зерттеуде М. Томановтың «Түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасының» [6] орны ерекше. Ғалым «Түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасы» деген еңбегінде түркі тілдерінің вокализмі мен консонантизмін түпкітек дыбыстармен салыстырып, тұжырымдар жасаған. 1980 жылы басылып шыққан А. Н. Кононовтың «Грамматика языка тюркских рунических памятников (VII-IX вв. ) » [7] деген еңбегі көне түркі әдеби тілдерінің құрылысын ғана емес, сонымен қатар тұтастай алғанда түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеп, тану ісіне елеулі үлес қосты.
Түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін зерттеуде атақты орыс ғалымдары - П. М. Мелиоранский [8], В. В. Катаринский [9], т. б ғалымдар зор үлес қосты. Аталған ғалымдар қазақ тіл білімінің лексикалық, грамматикалық және фонетикалық құрылысын зерттеумен айналысты. В. В. Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» еңбегінде фонетика, этимология (морфология), синтаксис салалары туралы мәліметтер кеңірек берілген.
Жоғарыда аталған ғалымдардың зерттеулерінде түркі тілдерінің фонетикасы біршама салыстыра зерттелді. Алайда әлі де түркі тілдерінің фонетикасы толығымен, жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - салыстырмалы фонетиканың тіл білімінде алар орнын көрсетіп, түпкітек дауыстыларының түркі тілдерінде вариантталуын анықтау. Түпкітек дауыстыларының түркі тілінде вариантталуын айқындау үшін қазақ тілінің қарақалпақ, татар, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, түрікмен тілдерінен фонетикалық айырмашылықтары (дауысты дыбыстар негізінде) салыстырылады. Аталған мақсатқа сәйкес төмендегідей міндеттер анықталды:
- Салыстырмалы фонетиканың тіл білімінде алатын орнын анықтау;
- Салыстырмалы фонетиканың зерттелу деңгейін қарастыру;
- Қарақалпақ және татар тілінің қазақ тілінен фонетикалық айырмашылықтарын айқындау;
- Өзбек және ұйғыр тілінің қазақ тілінің тілінен фонетикалық айырмашылықтарын көрсету;
- Түрікмен және әзірбайжан тілінің қазақ тілінен фонетикалық айырмашылықтарын салыстыру.
Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу жұмысында сипаттамалы әдіс, салыстырмалы-тарихи әдіс, талдау, жүйелеу, салыстыру, т. б. әдістер пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Қажетті теориялық мәліметтер үшін В. В. Радлов, В. Гренбек, Е. Д. Поливанов, П. М. Мелиоранский, А. Н. Кононов, А. М. Щербак, М. Томанов және т. б. шетел, орыс, қазақ ғалымдарының еңбектері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы - салыстырмалы фонетиканың зерттелу деңгейі мен тіл білімінде алатын орны айқындалып, қазақ тілінің қарақалпақ, татар, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, түрікмен тілдерінен фонетикалық айырмашылықтарының арнайы зерттелуі болып табылады. Сонымен қатар мынадай мәселелер қарастырылды:
- Салыстырмалы фонетиканың тіл білімінде алар орны айқындалды;
- Түркі тілдерінің түпкітек дауыстыларының варинатталу деңгейі көрсетілді;
- Қарақалпақ және татар тілінің қазақ тілінен фонетикалық айырмашылықтары талданды;
- Өзбек және ұйғыр тілінің қазақ тілінен фонетикалық айырмашылықтары айқындалды;
- Түрікмен және әзірбайжан тілінің қазақ тілінен фонеикалық айырмашылықтары анықталды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу барысында алынған тұжырымдар мен нәтижелерді салыстырмалы фонетиканы танып білуде, түркі тілдерінің вокализмін зерттеуде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, бес тараушадан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
1 САЛЫСТЫРМАЛЫ ФОНЕТИКАНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНДЕ АЛАТЫН ОРНЫ
1. 1 Салыстырмалы фонетиканың зерттелу тарихы
Түркі халықтары өміріндегі күрделі саяси-әлеуметтік жағдай, жартылай көшпелі өмір салты ғылымның үздіксіз дамуына қолайлы жағдай туғыза алмағандықтан, лингвистика ғылымы да белгілі бір дәрежеде кешеуілдеп қалғаны белгілі. Түркілік тілтаным тарихында дыбыс өзгерістерінің туыс тілдерді ажыратудың басты белгісі ретінде қарастырылуы ХІ ғасыр лингвисі М. Қашғаридың еңбегінен басталуы классикалық араб лингвистикасымен сабақтаса дамыған түркі тіл білімінде салыстырмалы-тарихи фонетиканың негізі бұдан мың жыл бұрын-ақ қалана бастағанын көрсетеді.
М. Қашғари заманынан кейін араға VII-VIII ғасыр салып барып, Батыс Еуропада салыстырмалы-тарихи фонетиканың ғылыми-теориялық негізі салына бастады. Түркі тілдерінің фонетикасын салыстырмалы-тарихи тұрғыда зерттеу Р. О. Якобсонның атымен тығыз байланысты. Ғалым 1927 жылы синхронды-диахронды лингвистика зерттеулерінің басын қосып, тілдің тарихи фонологиясы мен оның жүйесінің тарихын бірге қарастыра бастады.
Түркі тілдерін зерттеудің жаңа кезеңі В. В. Радлов (1837-1918) еңбектерінен басталады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында елеулі оқиғаның бірі түркітану ғылымын жаңа бір белеске әкелген В. В. Радловтың өз замандастары кейіннен «дәуірлік кітап» деп атап кеткен еңбегінің дүниеге келуі болды. Жалпы В. В. Радловтың Қазан қаласында болған кезеңі екі ғылыми зерттеуінің дүниеге келуімен ерекшеленеді. Олар 1882 және 1883 жылдары жарық көрген «Vergjeichende Grammatik der nordlichen Turksprachen. Ersten Theil. Phonetik der nordlichen Turksprachen» (Солтүстік түркі тілдерінің грамматикасы. Бірінші бөлім. Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы) . Бұл еңбек туралы алғаш баспадан шықпай тұрып 1876 жылы атақты лингвист Бодуен де Куртенэ мәлімдеген болатын. Еңбектің қолжазбасы «Grammatische Untersuchungen auf dem Gebiete der nordlichen Turksprachen. T1. Phonetische Untersuchungen. » (Солтүстік түркі тілдерінің грамматикалық зерттеулері. 1 бөлім. Фонетикалық зерттеулер) деген атаумен Санкт-Петербург Ғылым академиясының тарихи филологиялық бөліміне ұсынылған болатын. Н. Кононовтың айтуынша бұл кітапқа: «пікірді академиктер Б. А. Дорн, Ф. Видеман және В. Р. Розен жазып, 1879 жжылдың желтоқсан айында бөлімше мәжіліснде комиссия В. В. Радловқа өз зерттеулерін орыс тілінде жариялауға ұсыныс жасайды» [10, 35] . Әрине, қыруар жинақталған материалдарды орыс тіліне аудару көп уақытты қажет ететіні белгілі, сол себепті де, ғалымның жоғарыда аталған еңбегі қазіргі атаумен екі жылдан соң Германияда, Лейпциг қаласында жарық көрді. Ал 1883 жылы шығарылуды жоспарлаған кітаптың екінші бөлімі, салыстырмалы грамматикалық зерттеулері баспа бетін көрмей қалды. В. Радловтың бұл ғылыми зерттеуі туралы А. Самойлович былай дейді: «Шестое и последнее капитальное предприяятие Радлова, сравнительная грамматика осталось незаконченной главным образом потому, что автор, расширив уже в изданной, фонетической части свое задание включением в поле исследование, вопреки заглавию, всех турецких языков и наречий, был вынужден до конца жизни считаться с тем обстоятельством, что время для выполнения столь обширной работы еще не настало» [10, 12] .
В. В. Радловтың «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» жарық көргеннен кейін М. Рясяненнің айтуынша: « . . . вызвало далеко не одиноковые суждения в кругу специалистов. Очень благожелательные отзывы о книге дали Техмер, Габеленц, Флейшер и многие другие. Критика, парой преувеличенно резкая, раздались со стороны В. Д. Смирнова и В. Банга».
Бірақ қалай болғанда да түркі тілдерінің фонетикасы мәселелерін зерттеу жайында В. В. Радловтың сіңірген еңбегі аса зор. Н. Кононовтың пікірінше: «В. В. Радлов тұңғыш рет түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасын жазып, онда қазақ фонетикасының алуан мәселелерін лингвистиканың сол кездегі кампаративистика бағыты тұрғысынан түсіндірді».
В. В. Радловтың «Фонетикасы» үш жүзге жуық бет материалды қамтитын, екі бөлімнен тұратын, тыңғылықты ғылыми тұжырымдарға негізделген зерттеу жұмысы. Әрбір бөлім аталуына сай көптеген фонетикалық мәселелерді қамтиды. Бірінші бөлімі «Дауысты дыбыстар» деген тақырыппен беріліп, іштей дауысты дыбыстардың үндесу, (В. В. Радлов үндестік заңын дауыстылар гармониясы деп түсініп, дауысты дыбыстарға байланысты қарап, оны бүтін бір сөз көлемінде қарастыырған. Ол түбір буындағы дауысты қандай болса, оған жалғанатын қосымшадағы дауысты да сондай болады деп тұжырымдайды) үйлесу заңдылықтарын, ондағы кездесетін ауытқулар, дифтонг және трифтонгтардың дауыстылар үндестігіне қатыстылығы, дауыстылар үйлесімдігінің көрініс табуына шолу жасалып, дауыстылар үндесуі және сөзжасам анклитика және аппозита, күрделі сөздердегі дауыстылардың үндесуі және тағы басқа көптеген мәселелерді қамтитын жеті үлкен тараудан тұрады. Екінші бөлімі «Дауыссыз дыбыстар» деген тақырыпта ұсынылып, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстардың арақатынасы, дауыссыздардың артикуляция-акустикалық жақтан жіктелуі, олардың қолданылу аясы, сөз басында, сөз ішінде және соңында қос дауыссыздардың көрініс тебуі және үш дауыссыздар тіркесімі, тағы басқа мәселелер баяндалады. В. В. Радлов өзінің «Фонетикасын» бірқатар түркі тілдерінің фонетикасын салыстырмалы сипаттауға арналған. Жеке тарауларда қырғыз (қазақ) тілінің ерекшелігіне қатысты да мәліметтер берген. Бұдан басқа Ж. Аралбаевтың пікірінше: «В. Радлов «Фонетикасын» сөз еткенімізде мына үш мәселе есте болуы қажет: оның біріншісі - екпін мәселес, екінші мәселе - дыбыстардың дистрибуциясы, үшіншісі - түркі тілдерінің үндестік заңы» [11, 26] . Сол сияқты ғалым өз еңбегінде түркі тілдерінің жіктелуін зерттеп қарастырған. Яғни В. В. Радлов та А. Н. Баскаков, Ф. Е. Корш және А. Н. Самойловичтер тәрізді түркі тілдерінің жіктелуін ұсынған ғалым.
Бірақ тіл тарихының маманы Ә. Құрышжанов, А. Н. Баскаковтан басқа ғалымдардың түркі тілдерін классификациялауы жайында былай дейді: «Бұлардағы ортық кемшіліктер түркі тілдерін жіктеуде тек кейбір фонетикалық және фонетика-морфологиялық белгідлерге ғана сүйеніп, негізгі ірі-ірі топтарға бөлу болып табылады. Алайда бұл ірі-ірі топтарды өз ішінде кішігірім топтарға бөліп жатпайды. Бұлардың жіктеулеріндегі негізгі кемшілік - тілдерді топқа бөлгенде, тілдердің дамуы түркі халықтарының даму тарихымен тікелей байланысы екенін ескермейді, басты назарды сол халықтардың географиялық орналасу жағына аударған. Жіктеу кезінде граммаикалық құрылыс пен сөздік құрамының мәселелері тым аз қамтылған»
«В. В. Радлов өз жіктеуінде түркі тілдерін төрт топқа бөліп қарастырған:
1. Шығыс топ: алтай, оба, енисей, шұлым, татар, қарағас, хақас, шор, тува тілдері.
2. Батыс топ: батыс-сібір татарлары, қырғыз, қазақ, башқұрт, татар, қарақалпақ
3. Орта Азиялық топ: ұйғыр, өзбек.
4. Оңтүстік топ: түрккімен, әзірбайжан, түрік, қырым татарлары. Якут тілі жеке қарастырылған» [11, 46 ] .
«Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасында» автор дыбыстарды интрофонетикалық бірлік ретінде қарастырып, жалпы фонетика ғылымының сол дәуірдегі беделді мамандары Сиеверс, Лепсиус, Брюкенің артикуляция-акустикалық терминдерін пайдаланып сипаттайды. Жалпы өз зерттеулерінде В. В. Радлов негізгі мәселе ретінде түркі тілдерінің дауыстылар жүйесіндегі дауысты дыбыстар үндестігін алып, толық аша алған. Әсіресе, түркі сөздері мен сөз түрлендіру жүйесіндегі дауысты дыбыстардың үйлесімділігі ерекше аталып кетеді. Бұл мәселенің көтерілуінің маңызы жайлы Э. Р. Тенишев былай дейді: «Мысль о связи гармонии гласных с аглютинации после В. В. Радлова будет высказываться многими исследователями-тюркологами, да и не только ими, но и монголистами и тунгусо-маньчжуроведами: широкий исторический фон урало-алтайских языков, приводимый В. В. Радловым, дает достаточно пищи для размышлений. В. В. Радлов дает изложения вокалической и консонантной систем более двадцати тюркских языков по доступным ему материалам, большая часть которых добыта им самим».
Ғалымның түркологияға қосқан үлесі өте зор. В. В Радлов алғаш рет түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасының жалпы сипаттамасын көрсетіп, түркі фонетикасының мәселелерін алғаш көтерген. Оның «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты ғылыми еңбегі 1882 жылы Лейпциг қаласында неміс тілінде жарық көреді, аталмыш зерттеу бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан емес. Сондықтан да үркі тілдерінің фонетика мәселесін зерттеу жайында В. В. Радловтың сіңірген еңбегі аса зор. Түркі тілдері фонетикасының сан алуан мәселелері, лингвистиканың сол кездегі компаративистика бағыты бойынша түсіндіреді [11, 8] .
В. Радловтың «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты ғылыми еңбегі көптеген ғалымдардың сілтемелеріне негіз болды, мұнда қазақ фонетикасының келелі мәселелері:
«Дыбыс;
Сөзде дыбыстардың қолдану ерекшелігі;
Дыбыстардың дистрибуция кезеңі;
Ол дыбыстардың әр түрлі өзгеру заңдылықтары;
Сингармонизм құбылысы;
Екпін категориясы сияқты өзекті мәселелер өзге түркі тілдерінің материалдарымен салыстырыла отыра әңгіме болады. Сонымен қатар қазақ тіліне тән кейбір фонетикалық құбылыстарға аса назар аударған» - деп жазады А. Б. Жолшин өзінің «Қазақ тілі дыбыстарының Ахмет Байтұрсыновқа дейін зерттелуі» дейтін мақаласында. шын мәнінде, В. В. Радловтың аталған еңбегін, мейлінше құнды жұмыс екендігіне қарамастан, салыстырмалы-тарихи зерттеулердің қатарына шартты түрде ғана қосуға болады. Өйткені зерттеуде сипаттау бағдары басым, ал тарихи аспект ішінара ғана сөз болады.
Алайда тек түркі тілдерінің фонетикалық мәселелері ғана қамтылса да, өз дәуірінде-ақ шын мәнісінде дәуірлік (epochamachend) атанған В. В. Радловтың еңбегі тек түркітану және орал-алтай тілдеріне ғана қатысты болмай, жалпы лингвистика үшін де маңызы зор зерттеу болғаны мәлім. Кезінде ғалымның «Фонетикасын» жоғары бағалаған А. Н. Кононов: «Кеңес түркітанушы ғалымдары аз қолданғанмен, В. Радлов еңбегіндегі түркі тілдерінің классификациясы, дәйекті материалдары мен ғылыми қорытындылардың өзіндік мәнін жоғалтпағандығын» [12, 106], фонетист ғалым Ж. Аралбаев В. Радловтың «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты еңбегі қазақ фонетикасының едәуір мәселелерін, атап айтқанда, дыбыс құрамы, сөздің ішінде түбір мен қосымшада дауысты және дауыссыз дыбыстардың қолданылуы, сингармонизм құбылыстары, екпін категориясы сияқты өзекті мәселлерді қамтитын, фонетикалық кейбір құбылыстарға аса назар аударған елеулі еңбек екенін атап көрсетеді (қараңыз: Ж. Аралбаев, Қазақ фонетикасы бойынша этюдтар) . В. В. Радлов еңбегінде айтылып кеткен тұжырымдар мен қорытындылар, ғылыми фактілер күні бүгінге дейін қолданылып келе жатыр және көпшілік пікірлері дұрыс деп танылып, кейінгі қазақ фонетикасы мамандарының жүргізілген зерттеу жұмыстары арқылы анағұрлым тереңдетіле түсті. Ғалымның «Солтүстік түркі тілдері фонетикасы» зерттеуі төңірегінде талай дау-дамай, пікірталастар болғанмен, бұл еңбектің дүниеге келгеніне бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, өз саласында салыстырмалы фонетиканы қарастыруда аса құнды.
Түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасын талдағанда, қазақ тілінің зерттелу деңгейіне тоқталып кеткен жөн. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы едәуір мәселелерді зерттеп қарастырғанмен, тарих тұрғысынан салыстырып, дыбыстардың белгілі бір қатар құрап, бір-біріне акустика-артикуляциялық жақтан үйлесімділігі, әр түрлі түркі тілдеріндегі үндестік заңының ұқсастық және ерекшеліктерін салыстыра зерттеу, түркілік ата заңнан тыс қалыптасқан ауытқулар мәселесін зерттеу еңбектері санаулы ғана.
Түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін зерттеуде орыс ғалымдары - Н. И. Ильминский, М. А. Терентьев, П. М. Мелиоранский, В. В. Катаринский, В. В. Радлов, Н. Н. Пантусов, В. В. Григорьев, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, Н. Лаптев, Е. А. Алекторов және М. Н. Бектемиров сияқты ғалымдар зор үлес қосты. Аталған ғалымдар қазақ тіл білімінің лексикалық, грамматикалық және фонетикалық құрылысын зерттеумен айналысты. «Грамматика киргизского языка» (Катаринский В. В, 1897, 196) еңбегінде фонетика, этимология (морфология), синтаксис салалары туралы мәліметтер кеңірек берілген. Осы кезеңде орыс түркологиясында қазақ тілі туралы мәселе бекер қозғалмаған еді. Себебі, біріншіден, қазақ тілі «туыстас түріктес елдермен салыстырғанда сөзге шешендіктерімен ерекше көзге түссе», екіншіден, «Ресей үшін Жайықтан Ертіске дейінгі кеңістікте тұрған оның көршілері - қазақтармен қарым- қатынас жасау бәрінен де маңызды болды».
Кеңес заманындағы түркітану ғылымының аса білімпазы беделді ғалым
С. Малов қазақ тілін ең жас тілдердің қатарына жатқызады. Қазақ тілінің өзге түркі тілдерінің қай-қайсысымен салыстырғанда да, бастау бұлағы - ортақ, даму жолы - бір, сондықтан оның кейін шыққан жас тіл бола алмайтындығын терең ғылыми пайымдаулармен, тарихи деректермен дәлелдеген ғалым М. Томанов болатын. Тіліміздегі сөз басында қатаң дыбыстардың тарихи көне процесс екенін алға ұстай отырып, қазақ тілі жас тіл деген ғылыми пікірге дау айтады.
Профессор М. Томанов С. Маловтың пікіріне қосыла алмайтынын жасырмады: « . . . қазақ тілінде ұяңдар мен қатаңдардың арақатынасы да шамалас, рт, лт, нт тәрізді көне дыбыс тіркестері де екі буынды сөздер құрамында сақталған. Бірақ бұл соңғы ерекшеліктер қазақ тілінің де пәлендей жаңа емес, оның қалыптаса бастауы да сол көне дәуірлерде болғандығының дәлелі бола алады» [13, 32] .
Сондықтан түркітану тарихын білмейінше, қазақ тіл білімінің тарихын жете білу мүмкін емес. Қазақ тілінің құрылымдық-типологиялық сипаттамасы, негізінен оның агглютинатив тілдерге жататынымен байланысты. Агглютинатив тілдерді сипаттау үшін фонетикалық қана емес, сондай-ақ морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктерді көрсететін белгілер жиынтығы ескеріледі. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, дауыстылар мен дауыссыздар санын дәл айқындау, қазақ жазуына негіз болатын принцип таңдау мәселесі көптеген талас тудырып, «Еңбекші қазақ», «Жаңа мектеп», т. б. басылым беттерінде мақалалар жарық көріп, қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде талқыланады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz